- Ұлттану
- 20 Желтоқсан, 2017
Әлихан Бөкейханов – ұлттық тарихтың зерттеушісі, этнограф
Ж.Қаламов, тарих пәні мұғалімі
XX ғасырдың бас кезінде ортағасырлық ұйқыда жатқан алаш қауымы арасынан ат төбеліндей азаматтар суырылып шығып, болашағы бұлдыр көшпелі қазаққа бағдаршам болған, қазақ халқының өз мемлекеттігін құру жолындағы қозғалысты басқарған ұлттық интеллигенция. Ол топтың басында ұлт зиялысы, қоғамдық қайраткер, оқытушы, публицист, этнограф Әлихан Бөкейханов болғаны белгілі. «Алаш» партиясының төрағасы ретінде Әлихан Бөкейханов ел басқаруды жоғары лауазымды кабинеттерде отырып емес, Қазақ елінің ғылымын дамытудан бастады. Сонымен бірге, Ә.Бөкейханов ұлттық тарихтың зерттеушісі мен этнографтардың алғашқыларының бірі ретінде танылғаны жөнінде айтылуы қажет. Ресей географиялық қоғамының ұйымдастыруымен өткен экспедициялардың құрамында Ә. Бөкейханов – 1896-1901 жылдар аралығындағы Қазақстан жерін Сібірге дейін аралаған. Жас кезінен бастап қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен ол Санкт-Петербордан Орта Азияға шығатын экспедициялардың көбіне қатысып, ғылыми кеңесші, кейін мүше ретінде болған. Атап айтсақ, жер жөніндегі министрліктің Ф.А. Щербина, С.П.Швецов бастаған экспедициясы Сібірден Орта Азияға дейін жасалған ғылыми экспедициялар құрамында болып, ғылыми сараптамалық істер атқарған. Қазақ жерін зерттеуде үлес қосқан бұл экспедициялардың сараптамасында жаңа ғана бастаған Ә.Бөкейхановтың ғылыми дәрежесі өте жоғары бағаланған. Бұл жөнінде 1928 жылы жазылған С.П.Швецовтың «А.Н.Бокейхан» атты зерттеуінде аталған. Ә.Бөкейханов – қазақтың мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қойған тұнғыш ғалым. Ә. Бөкейханов бір мақаласында «Қазақтың өсірген әр қойының үстіндегі жүнінен тоқылған тоқыма қазақтың үстіне киім болып ілінуі керек» деген екен. Келесі бір мақаласында Орталық Қазақстан жерінің егін салуға қолайлығы туралы айтады. Ақмола, Қостанай жерінің құнарлығы, егін салуға тиімді екені, қандай егіннің қай түрі қай жерде өсетіні, тіпті оларды суаратын суға дейін жазылған мағлұматтар бар. Қазақстанның Батыс аймақтарында оның ішінде, Каспийде қандай құнарлы жерлер бар екенін, мұнай қай кезде шығатынын да Ә.Бөкейханов жазады. Ә. Бөкейханов және С.П.Швецов 1903 жылы Сібір темір жолы бойында тұрған қазақтардың мал өсіру ерекшеліктерін зерттеп, нәтижесінде Ә. Бөкейханов жергілікті қазақтардың мал шаруашылығы жайында бірінші монографияны жазған. Бұл еңбек «Материалы по экономическому обследованию районов Сибирской железно-дороги» деген атпен 1904 жылы Том қаласында басылған. Ә.Бөкейханов сонымен бірге тарихшы да болған. Белгілі тарихи зерттеулерінің ішінде: «Киргизи» монографиясы, «Исторические судьбы киргизского края и культурные его успехи» еңбегі. Осы зерттеулерде қазақ даласының тас және қола дәуірінде, орта ғасырлар, қазақтың мәдени-саяси жетістіктері алғаш рет сараланған. Бұл еңбектерінде Ә. Бөкейханов қазақ халқының отаршылдық езгіге, қоныстандыру дегенге қарсылығын, қазақтың ұлт-азаттық мүддесін анықтап көрсеткен. Ә. Бөкейханов басқа да тарихи еңбектерінде қазақ халқының отарлау саясатына қарсы әйгілі тұлғаларға, көсемдерге назар аударады, оның ішінде «Из бумаг султана большой киргизской орды Суюка Абылайханова», «Из переписки писем киргизских ханов, султанов», «Из переписки ханов средней орды Букея и его потомков». Бұл аталған еңбектерде қазақтың соңғы ханы Кенесарыға деген ерекше ықыласын көруге болады. Әсіресе, «Материалы к истории султана Кенесары Касымова» атты зерттеуі – аталған көрініске «ұлт-азаттық қозғалыс» деп алғаш рет баға берген тұнғыш рет кездескен ғылыми еңбек, оның орны ерекше. Аталған еңбекте Кенесары мен Наурызбайдың өткен өмірі және соңғы күндері, көтерілістің әлсіреуі себептері, тарихи маңызы көрсетілген. Ә.Бөкейханов сонымен бірге 1916 жылы болған көтеріліске сипаттама жасағаны туралы, қазақ халқы үшін маңызды екенін айтқанын айқын көруге болады. Ә.Бөкейханов қазақ халқының шежіресін, қазақтың рулық тайпалық, жалпы этнография саласындағы тұңғыш зерттеулердің бірі. Бұған дәлел – әйгілі еңбектері: «О киргизских поминках», «Аңқау елге – арамза молла», «Би һам билік» атты зерттеуінде заң мен билік мәселелері қарастырылған. Ә.Бөкейханов өз зерттеулері жұмысы барысында атақты А. Затаевич, Г.Н.Потанин, В.Радлов, И.А.Ефрон және неміс П.А.Брокгаус сынды ғалымдармен араласып, тұрақты автор болған. Сондықтан, Геродоттан таратып, орыс, ұйғыр, қытай деректерін меңгерген еңбектері Ә.Бөкейхановтың жалпы қазақ халқы тарихының тұнғыш зерттеушісі екенін де дәлелдейді. Әсіресе, «Қазақ өлкесінің тарихи тағдыры және мәдени өркені» атты еңбектің орны ерекше, мұнда қазақ жерінің мынжылдық тарихы, мекендеген рулар мен тайпалардың, асыл ерлердің қалдырған рухани мұралары мен заттық ескерткіштері зерттелген. Тағы да бір біз үшін жаңалықтардың бірі «қазақ» сөзінің шығу тарихы, қазақтарды «қырғыз» деп атаған орыстардың қатесі туралы айтқан да Ә.Бөкейханов.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: Аруна, 2010 – 768 бет. 2. Ә. Бөкейхан. Таңдамалы шығармалар жинағы. 2 кітап. - Алматы: Өлке, 2003 – 224 бет. 3. Базарбаев М. Замана тудырған әдебиет: Таңдамалы ғылыми зерттеулерi.- Алматы: Ғылым, 1997.- 504бет.
2091 рет
көрсетілді0
пікір