- Заманхат
- 20 Желтоқсан, 2017
АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ САХНАДАҒЫ БЕЙНЕСІ
Тәуелсіздік ұлттың өткен тарихын түгендеуге мүмкіндік туғызды. Қазіргі таңда ұлт тарихы бірнеше ғасырға тереңдеді. Тарих қойнауына кірген ХХ ғасыр шындығы шаң басқан мұрағат деректерімен күн санап толығуда. Мемлекеттік «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» бағдарламалары аясында көптеген шаралар атқарылды. Елбасы Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жаңа бастамаларға жол ашты, алдағы міндеттерді айқындауға мұрындық болды. Рухани жаңғыру дегеніміз –өткенімізге үңілу, барымызды бағалау. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары – қазақ тарихынан үлкен орын алатын қасіретті кезең. «Халық жауы», «Жапон шпионы» деген айыппен ұлт қайраткерлері жаппай қудалауға түсті. Жеке басқа табынудың салдарынан қазақ халқы нәубатты жылдарды басынан өткерді. Олай болса, бүгінгі егемендігіміз жолында саналы ғұмырын сарп еткен, өр бастарын ер өлімге тіккен алаш арыстарының қай-қайсысы да құрметке лайық. Олардың мұрасын насихаттау, болашаққа аманаттау – біздің буынның парызы. Қазіргі таңда қаламгерлер ұлт тарихының көркем шежіресін жасауда жетістікке жетті. Халық тарихынан үлкен орын алатын тарихи оқиғалардың барлығы дерлік көркем шығармаларға арқау болуда. Ел өмірінен үлкен орын алатын айтулы тақырыптың бірі – алаш қайраткерлерінің өмір жолы. Сталиндік репрессияның құрбаны болған алаш арыстары туралы шағын жанрдан бастап, кең құлашты эпикалық туындылар жазылды. Боздақтардың қилы тағдыры туралы бірнеше драмалық шығармалар жазылып, көптеген деректі фильмдер түсірілді. Алаш арыстарының қасіреттерін арқау еткен драмалық шығармалар қатарында Р.Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай», «Нарком Жүргенов», Е.Төлеубайдың «Міржақып», «Әли-Хан», «Жүсіпбек Аймауытов», «Мағжан», «Мәриям – Ілияс», «Ташенов», «Ыбырай», Д.Исабекұлының «Әлдиле өмір, әлдиле», Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша», Ж.Бөдешұлының «Шерата және шынбала» (Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» шығармасы бойынша жазылған), Д.Нұрмұхамедовтың «Сен ертең атыласың!», И.Оразбаевтың «Киелі күнә», Ө.Ахметтің «Азаппен өткен өмір-ай!», Л.Фефелова мен Қ.Сейдахметтің «Ақ келін», А.Тасымбековтің шығармасының негізінде жазылған Б.Атабаевтың «Кебенек киген арулар», М.Ибраевтың «Шәкәрім» («Қастандық»), Ә.Рахимовтың «Шәкәрім», М.Қожахметованың «Азат алаш – даңқты алаш», М.Омарованың «Ақтастағы Ахико», т.б атауға негіз бар. Аталған шығармалардың бірсыпырасына жекелеген қайраткерлердің өмір жолы арқау болса, енді бірпарасы дәуір шындығына негізделді. Сталиндік репрессияның қазақ ұлтына алып келген зардаптары жекелеген қайраткерлердің қилы тағдырларымен шынайы бейнеленді. Аталған туындылардың ішінде Д.Нұрмұхамедовтың «Сен ертең атыласың!», И.Оразбаевтың «Киелі күнә», Ө.Ахметтің «Азаппен өткен өмір-ай!», Л.Фефелова мен Қ.Сейдахметтің «Ақ келін» пьесаларына Ахмет Байтұрсынұлы мен оның жары Бадрисафаның өмір белестері арқау болған. Ахмет бейнесі драмалық туындылармен бірге, деректі фильмдерде де біршама сомдалды. Бұл қатарда төмендегі деректі фильмдерді атауға болады:«Алашорда» (Сценарий авторы: Болат Мүрсәлім, 2009)[1], «Алаш алыптары» (Жоба жетекшісі: Нұржан Мұхамеджанов, 2012)[2], «Великие тайны великих людей» (Сценарий авторлары: Светлана Велитченко, Георгий Ковалев, 2013)[3],«Тұңғыштар» жобасы аясында түсірілген «Ұлттың ұлы ұстазы» (2014) [4], «Өмір жолы» (Авторы: Ербол Мәндібек, Сәкен Нөгербек, 2015)[5]. Бұл фильмдердің ортақ кейіпкері бір болғанмен, олар бірін-бірі қайталамайды, керісінше бірін-бірі толықтыруға қызмет етеді. Мұның өзі ұлт тарихынан үлкен орын алатын қайраткерлердің өмірі мен қоғамдық қызметі бірнеше туындыларға жүк болатындығын аңғартады. Деректі фильмдерге ортақ ұқсастық – Ахмет Байтұрсынұлы өміріне қатысты мұрағат құжаттарының сөйлеуі және алаштанушы ғалымдардың сұхбат беруі. Бұл фильмдерден авторлар қауымы қалам және қоғам қайраткерінің өмірі мен қоғамдық қызметіне қатысты негізгі деген тарихи деректерді аз уақытқа сыйғызуды көздегені байқалады. Көріп отырғанымыздай, бұлардың барлығы дерлік деректі фильмдер. Бұдан шығатын қорытынды – алаш қайраткерлерінің тағдырлы жолын бейнелейтін көркем фильмдерді түсірудің күні бүгінге дейін кешеуілдеп жатуы. Бұл – кинотану саласындағы алдағы уақытта шешімін күтіп тұрған өзекті мәселелердің бірі. 2017 жылдың ақпанында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласына іс-сапарында Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің жұмысымен таныса келіп, А.Байтұрсынов және «Алаш» қозғалысы жөнінде деректі фильм түсіру мәселесін жедел түрде қолға алу қажеттігіне көңіл аударды. «Өмір жолы» жобасы аясындағы деректі фильмдерде Алаш ардақтыларының қилы тағдырын экранға шығаруда олардың образын кәсіби актерлардың ойнауы көрермендердің қызығушылығын оятуға болатындығы баса айтылды. Осылайша, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының сахнадағы көркем бейнесі деректі фильмдермен, драмалық шығармалармен жыл сайын әр қырынан толығып келеді. Ахмет Байтұрсынұлының өміріне арналған драмалық шығарманың бірі – И.Оразбаевтың «Киелі Күнә» трагедиясы [6]. Трагедияға А.Байтұрсынұлы өмірінің Ташкент түрмесіндегі соңғы сәттері негіз болған. Кейіпкерлер саны да шектеулі. Оқиғаға Ахмет, Мұхтар және Дауыс (тергеуші) ғана қатысады. Автордың Ахмет пен Мұхтарды белгілі мақсатпен бір камерада кездестіріп, олардың өзара диалогына көп көңіл бөлуге тырысқаны байқалып тұр. Тарихи деректерге сүйенетін болсақ, Ахмет пен Мұхтар Ташкент түрмесінде бірге отырмаған. Ахметтің Семей, Бутырка, Соловки,Қызылорда, Алматы түрмелерінде отырғаны белгілі. Ал, Мұхтар САГУ-де аспирантурада оқып жүргенде ұсталып, Алматы түрмесіне жөнелтілген болатын. Шығармада көзге түсетін мәселенің бірі – Ахметтің ақындығы. Басына қандай қиын іс түскен күндерде де оның өлеңді жанына серік еткенін драматург жадында ұстап отырған. Оны беташар ретінде берілген мына өлең жолдарынан байқауға негіз бар: Я, Құдайым! Аққа жақ! Өзіңе аян – мен нахақ. Аққа деген жолымның Абыройын ашпай, жап. Аят пенен хадисте, Адал ниет, ақ іске. Жаңылмасам, жоқ еді, Жаза тартсын деген бап. Өлең жолдарынан қамыққан, тығырыққа тірелген жанның күйзелісі мен мұндалайды. Өздері үміт артқан кеңес үкіметінің жазықсыз жала жабуынан жапа шегіп жатқан жәбірленушінің бір Алладан медет сұрауы орынды. Алайда, күнәсіз жанның жан азабы кешегі өзіміз өмір сүрген қоғамның бет пердесін аша түседі. Шымылдық түрменің азап камерасымен ашылып, басты кейіпкердің бірі – Дауыстың сөзімен басталады: «Тұр! (Ахмет үнсіз, ағаш табуреткада отыра береді). Тұр деймін саған! (Ахмет сол күйі – үнсіз). Тұр дедім ғой саған, сатқын! Тұр орныңнан! (Ахмет табуреткада отыра алмай, әлсіреп, тас еденге сылқ түседі) Тұр! Содан соң әбден әлсіреген Ахмет: ... Менің жүрелегенім – тұрғаным... Жасы келген адаммын ғой... Балам, Мұсылман емеспісің? Әлде, жәһилденіп біткенбісің?! Дауыс: Көрсетейін мен саған – жәһилдіктің қандай болатынын!» деп азаптау басталады. Жекірген Дауыстың үні жасы келген Ахметті әбден қажытса керек». Үзіндіден көріп отырғанымыздай, трагедияға түрмедегі сұрақ-жауап процесі негіз болған. Тергеуші де бөтен емес. Ол да өз арамыздан шыққан белсенділер. Кейіпкерлердің диалогына автор көптеген мәселелерді сыйғызуға тырысқаны байқалады. Біріншіден, Ахметтің жасы ұлғайған шағында жауапқа тартылуы. Оны қинау мен азаптаудан қалжыраған кейіпкердің орнынан тік тұра алмауы, «Менің жүрелегенім – тұрғаным» деген өз сөзі растайды. Ал, тергеуші – «шаш ал десе, бас алатын» жандайшаптардың бірі. Оның мақсаты – қалжыраған тұтқынды өз қалауына көндіру, жасамағанын жасадым деп мойындату. Ахметтің «...Тұрсам есіме анаң түседі» дегеніне қарағанда, тергеуші де сол елдің тумасы екені аңғарылады. Алайда, ол танымаған сыңай танытып, анасын білетін адамға жанашырлық жасамайды. Оның: «Тұр! Анамды білуің – жомарттан нәмәрт туғызған мәрт – Заманды білуің емес! Тұр – жаныңның барында! Сенің Уақытың – өткен!» деген сөзінен екі нәрсені ұғуға негіз бар. Оның біріншісі, жақсыдан туған жамандардың билікке араласа бастауы болса, екіншісі, Дауыстың Ахметтің қалған өмірін «Сенің Уақытың – өткен!» – деп кесіп айтуы. Алайда, оның ит қорлығынан гөрі, Ахметтің ақ өлімді артық көретіні жасырын емес. Тұр! Тұр! деп қақсаған тергеушінің алдында бойын жазып тұру күш болған ол: «... Уа, Аруақ!... Ал, тұрдым. Бұл әрине, ұшып тұру емес, құлшынып...»,– деп бір сәт бойын тіктеп жазғанмен, сол сәтте азаптаудан басы-көзі гүптей болып ісіп кеткендіктен, қалжырап құлап түседі. Жас баланың алдында қорланған кейіпкердің бар күш-жігері бір сәт бой жазуына жеткенмен, одан әріге шамасы келмейді. Осы көрініс түрмедегі азапты күндерге жан бітіріп, Ахмет сынды ардақтымыздың басынан өткен соңғы күндердің шындығын көз алдымызға елестетеді. Автор осы бір қасіретке толы күндерді белгілі мақсатпен таңдап алған. Бірсыпыра шығармаларға олардың шуақты күндері негіз болғанмен, бұл трагедияға өмірінің соңғы, ең ауыр күндерінің оқиғалары арқау болған. Өлімші етіп азаптаған кезде де ақыл-есінен айырылмаған кейіпкердің аяғын басып тұра алмай, құлап жатса да «... өліп қалғаным артық еді – бүйтіп ылығып – мұндай ит қорлыққа душар болғанымша...» деп тіл қатуы растайды. Сұраққа жауап бермесе, азаптауға жүгінетін түрме қызметкерлерінің қанішерлігі шектен шыққан. Автор осындай бассыздықты көрсетуде кеңес заңының қаталдығын, қанішерлердің құйтұрқылығын оның қызметкерлерінің әрекетімен бейнелеген. Тергеушінің әкесіндей адамды азаптауы – болашақ ұрпақтың қандай болып өсіп келе жатқанына мысал бола алады. Жазықсыз жандарды асқан, атқан кеңестік жүйенің болашағы қандай екенін оқырман Дауыстың сөздері, іс-әрекеттерінен ұғады. Дауыстың бітпейтін сұрақтары Ахметті қажытқаны өз алдына, Ахмет жанының күйзелісін, оның тірі аруаққа айналуын суреттеуде автор психологизмді терең игергенін байқатады. Драматург тән жарасы жазылатынын, жан жарасын жазуға құдіретті күш керектігін жадында ұстап отырған. Ондай күш Ахметке өлең жолдарымен құйылып келіп жатады. Сондықтан да, ол өмірден өткенше поэзияны өзіне серік еткені, түрмедегі азапты күндерді өлең жолдарымен қағаз бетіне түсіргені ақиқат. Оны кейіпкердің мына өлең жолдары растайды: .... Бүйте берсе ... .... Бүйте берсе ... Түптің түбі – Ақыры. Шалады өзін құрбандыққа ақыны! Бүлік кіріп – Бүтін елден ес кетіп – Халықтың да азаяды ақылы! Ахметтің өлеңінен шошыған Дауыстың сасқалақтап өзіне күмәнмен қарауы, Кеңес үкіметінің тапсырмасын орындап жатқанымен ақталуы бір қарағанда түсініксіз. Алайда, автор ақын өлеңінің құдіретімен тергеушіні ықтыра түседі. Оның жаттанды сауалдарын құдіретті өлең де тоқтата алмауы өкінішті. «Кеңес үкіметіне дейін не істедің... немен айналыстың, сотталып па едің? Онда ВКП (б) қатарына неге өтіп, одан неге шығып қалдың? Алашорда үкіметін неге құрдыңдар? Партия қатарынан неге шықтың? Қазіргі ойың қалай? Кеңес үкіметіне қалай қарайсың бүгінде?» деген сықылды сан сауалдардың сау адамның өзін қажытатыны белгілі. Алайда, оларға рет-ретімен жауап бер, толық жауап бер деп қинайтын тергеушінің өз ойлағаны басқа. Ол – сауалдарды үстемелеу арқылы Ахметті ойынан шатастыру, өз дегенін айтқызу. Әкесі Байтұрсын Шошақұлы мен інісі Ақтастың ақ патшаның отаршылдығына қарсы тұрғаны үшін жазықты болып, Сібірдің Камчаткасына каторгыға айдалғаны мәлім. Тергеуші көптеген сұрақтардың арасында осындай деректерді де Ахметтің өз аузымен айтқызады. Драматург қайраткердің өміріне қатысты тарихи деректерді белгілі мақсатта пайдаланғаны анық. Ахметтің бала күнінен көріп келе жатқаны – әлсізге тізесін батырған күштілердің өктемдігі. Өмірдегі әділетсіздіктерді көріп, ерте есейген Ахметтің қазақ халқының жарқын болашағы жолындағы жанкешті еңбегін теріс бағалаған Кеңес үкіметі де өзіне жау болып шықты. Әкелері ақ патшаның отаршылдығымен күрессе, Ахметтің түбіне жеткен кеңестік дәуірде белең алған жеке басқа табыну еді. Қазақ халқының тілі, діні, жері, мәдениеті жолындағы күрескердің өмірінде бес рет сотталып, екі рет жер аударылғаны өмірдеректерінен белгілі. Автор осы шындықтарды кейіпкердің өз аузына салып, сұрақ-жауап сәтінде айтқызуды жөн деп санаған. Екінші көрініс былай басталады: «... Түрменің екі кісілік камерасы... Ахмет – есін жиған... Мұхтар – ессіз-түссіз... Камера ішін әрлі-берлі кезіп, шаршап Ахмет жүреді. ... Ей, Алла... Уа Аруақ! Қолдасаң-шы бұдан әріге шамам жоқ... шыдай алар емеспін... әл-дәрменім құрып барады... Уһ! дегенде Ахметтің ауру сыңайы байқалады... Одан соң бәйіт оқи бастайды. Сұлық жатқан Мұхтар ыңырсып, қимылдай бастайды... Ахмет оның бетіне үңіліп есін жинады ма? Жоқ па? соны сұрайды. Мұхтардың басын сүйеген күйі, өзімен-өзі болып кетеді. Е... балам-ай... Бұл – әлі «Биссимилласы» ғой ... «Аллаһуакбары» артынан болады... Шыда ... Шыда... Шыдап бақ! Шыдамасқа – әддің қайсы?!», – дей жүріп, ішкі шерін өлең жолдарымен төгіп алады. .... Аспан – шала, Бұлт – шала. Жер де – Көктей солмасын?! Халық – шала, Ұлт – шала, Қоғам шала болғасын, – деп күйзеледі. Бірі пайғамбар жасындағы, екіншісі қыршын жастағы қос мұңлықтың қасіреті бір. Ахмет осы тығырықтан шығуды ойлап бас қатыруда. Оның жолын тапты да. Ол – өз басын өр өлімге тігу, жас Мұхтарды халқының болашағы үшін қалай да аман алып қалу. Ахмет тар қапасқа түскендерді бір-ақ жол күтіп тұрғанын түсінді. Сондықтан, өз шешімін: «Қателік жібердім, өткен ізімді айыптаймын» деп үкімет басшыларына ашық хат жаз деп Мұхтарға айтады. Жазасың! Жаз! Жазу керек! Солай ақылға сал! Бұл – күнә емес. Халыққа – қызмет! Алда-жалда күнә бола қалса да – Киелі Күнә!». Иә, алаш қайраткерлерінің жастардың арасынан бір азаматты кейінгі ұрпақ үшін аман алып қалуы қажет еді. Ол – болашағынан көп үміт күттірген жас Мұхтар болатын. Автор өмірде болған шындық оқиғаны шығармашылық қиялмен өрбітіп, екі буын өкілін бір камерада табыстырады да, ауызба-ауыз әңгімелестіреді. Ондағы мақсат – күллі алаш ардақтыларының асыл арманын Ахметтің аузымен аманаттау. Авторлық ұстаным Ахмет пен Мұхтардың камерадағы диалогынан да байқалады. Крестке таңылған тұтқындарды камераға сүйреп әкеліп тастаған жандайшаптар олардың өр рухтарын сындыра алмады. Қинау мен азаптаудан бір сәтке босаған олар естерін жиғанда, өзара әңгіме дүкен құрады. Осындай әңгіменің бірі – Ахметтің Мұхтарға айтқан ақыл-кеңесі. Екеуара диалогқа драматург көп мәселені сыйғызған. Ахметтің соңғы аманаты мынадай еді: «Ендігі Дүниенің тұтқасы – тек білімде ғана! Мұхтар онсыз күнің қараң. Сен «Крестіңді» маған жүкте, Мұхтар! Өзің – Қаш – Тіріл – Көкке ұш – құтқар халқыңды. Дүниеауи Тозақ пен Рухани азабынан – Қазағыңа бас-көз бол (Төбеден – Крест түсіп келе жатады)». Күллі алаш арыстары арман-мүдделерін бір Мұхтарға аманаттаса, ол боздақтардың аманатына қиянат жасамай, халқына адал қызмет етті. Қазағын әлемге танытты. Оның «Абай жолы» эпопеясы төлқұжатымызға айналды. Жазушы қаламынан туған көркем дүниелер әлемдік классиканың қатарынан орын алды. Ахмет айтқан «Киелі Күнә» халыққа жасаған адал қызметінен байқалды. Трагедияның соңы Мұхтардың Дауысқа берген мына жауабымен аяқталған: «...бұрынғы берген жауаптарымды қайталаймын. Қазақ ұлтшылдарының ұйымына ешқашан кірген емеспін, жоспар жазатындай ұлтшыл әрекетте жоқпын. Қазіргі кезеңде қазақ кедейлері тұрмысына социалды төңкеріс, советтік басқару тәсілі ең ыңғайлысы дер едім, алдағы уақыттағы педагогтік, ғылыми жұмыстарымды маркстік көзқарасты толық қуаттауға жұмсаймын...». Шығармаға Ахмет Байтұрсынұлы мен Мұхтар Әуезовтің тар қапастағы түрменің тозақ отына шыжғырылған сәттері арқау болған. Қазақта «Аманатқа қиянат жасауға болмайды» деген тәмсіл бар. Олай болса, Мұхтар да алаш арыстарының халыққа қызмет ет деген аманатына адалдық танытты. Ол өзі айтқандай, бүкіл педагогтік, ғылыми жұмыстарын халқының болашағына жұмсады. Саналы ғұмырында қазағының жарқын болашағын, азаттығын арман етсе, сол арман-мақсаттар бүгінде шындыққа айналып, Қазақ елі бодандық қамытынан, отаршылдық зардаптарынан босап, егемен ел болды. Автордың мақсаты – Киелі Күнәнің сырын ашу болса, ол мақсаты орындалды. Оқырман ХХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы тарихи оқиғаны қайта оқуда алаш арыстарының қилы тағдырларына, қасіретті күндеріне куә болды. Бұл – жекелеген ұлт қайраткерлерінің емес, қазақ халқының қара әріппен жазылған трагедиясы еді. Бұл қатар драматург Ө.Ахметтің «Азаппен өткен өмір-ай!» атты екі бөлімді драмалық элегиясымен толықты. Пьесаны Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол – жастар» қанатының талапты әуесқой әртістері сахналады. Автор Ахмет Байтұрсынұлы мен жары Александраның (Бәдрисафа) өмірінен сыр шертеді. Пьесаның аты айтып тұрғандай, мұнда қазағы үшін азапты өмір кешкен ерлі-зайыптылардың өмірден өткенше қуғын-сүргіннен бір сәт көз ашпағанына куә боламыз. Автор Ахмет өмірінен үлкен орын алатын орыс қызы Александраның жарқын бейнесін сахнаға алып келді. Осылайша Ахмет бейнесі және бір қырынан толықты. Мұндағы оқиғаға оншақты адам қатысқан. Пьесаның шымылдығы ұйықтап жатқан Перизаттың төмендегі түсімен басталады: «Ұйқылы-ояу жатқан жасөспірім қыздың көз алдында елестер пайда болады. Аппақ ақ көйлек киіп, басына ақ орамал салған жүзі ақ қағаздай періште тақылеттес сұлу өңді әйел. Қара киімді, басындағы телпегінің маңдайында қып-қызыл бесжұлдыз жарқыраған біреу оны өкшелеп аңдып жүргендей. Періште әйел одан қорқады, қорғанады, қашады, жасырынады. Жанын қоярға жер таппай қиналған әйел ақырында есіктен бе, терезеден бе, бір мезгіл зып беріп ғайыпқа ұшып кеткендей болады, оның ізін аңдыған қара киімді артынан қалмай ол да бірге кетеді. Жасөспірім қыз бастырылығып, шошып оянады». Жас қыздың «ақ апа», «ақ апа» деп шырылдағанынан-ақ оқырман оның түсіне енген жанның торғайлықтар «Ақ келін» атап кеткен Бәдрисафа екенін ұғынады. Таң ата өң мен түстің арасында берілген аянның астарына үңілетін болсақ, Ақ апаны аңдып жүрген жансыздың – кеңес үкіметінің жандайшабы екені мәлім. Қапиза қызы Перизатты бала санап, ауырып жатқан адамның сандырағына жорып, оны алдаусыратқан болады. Бірақ, Ақ апаны бір рет көргенде-ақ ұнатып қалған Перизаттың көз алдына Бәдрисафа елестеп тұрғаны анық. Қапиза баласынан сыр жасырып, Бәдрисафа жасырынып жатқан көл жағасына түйіншекке түйілген тамағын ала жөнеледі. Алайда, анасының жасырын жүрісінен секем алған сезімтал қыз аңдып басып, шешесінің ізіне түседі. Иә, ойы алдамапты. Апасы шынымен де көл жағасында Ақ апаға қызының көрген түсін айтып, Атсыздан сақ болу керектігін пысықтап отырғанына куә болады. Әр көрініске жекелеген оқиғалар негіз болған. Негізгі оқиға Бәдрисафаның елден жырақта көл жағалап, балық аулап жүргенімен басталғанмен, лирикалық шегініс жасау арқылы екі жастың танысқан кездерінен хабардар боламыз. Ахмет пен Александраның Қарқарада танысқанын тарихи деректер де растайды. Олар танысқанда, Александраның әке-шешесі тірі болған. Авторлық ұстаным әке-шешеден жетім қалған орыс қызын Ахметтің күтушісі еткенінен байқалады. Кейіпкер бейнесін толықтыра түсетін көркемдік тәсілдің бірі – кейіпкер сөзі. Оны Ахметтің: «Таңдаған жолымның қара басыма, иә, қауіпті екені рас, бірақ теріс жол емес. Менің ойым... Қазыбектей бабалардың кейінгі біздерге аманатқа қалдырған өсиеті, яғни, басымыз ноқтасыз, еркін ел болсақ деген арманы, басқа түк те емес», – деген сөзінен көруге негіз бар. Сонымен бірге, көркем шығармада диалог та үлкен міндет атқарады. Жекелеген кейіпкерлердің ұстанымдарын, мінез-құлықтарын, табиғи болмысын өз сөздерінен де аңғаруға болады. Оны Ахмет пен Атсыздың мына диалогы растайды: «Ахмет: Жаның ашыса, жақында жер мәселесі нұсқауын жариялап, қазақтарға тиесілі жер жан басына шаққанда 15 десятинадан аспасын деп көрсетті ғой ақ патсаң. Бұл – малды құрту, малмен бірге жанды құрту емей немене? Оқымадың ба? Атсыз: Міне, міне! Жай жатқан жыланның құйрығын басқан жерің. Бүкіл әлемді аузына қаратқан ақ патсаға қарсы шығу... Мықтымсынған Кенесары мен Махамбеттің кесілген бастары қайда қалды, айтшы, оқығансың ғой?». Ахмет пен Атсыз – бір-біріне қарама-қарсы кейіпкерлер. Олардың өмір жайлы түсініктері де, ұстанымдары да кереғар. Ахметтің арманы – қазақ халқын ақ патшаның отарынан құтқару, білім нәрімен сусындату. Ал, Атсыз – қарынның қамын ойлаудан аспаған, аярлықпен, сатқындықпен жан баққан көрсоқыр жан. Сол бір дүрбелең уақыттарда Атсызға ұқсаған жағымсыз, сатқын жандардың қазақтың әр ауылында болғаны рас. Драматург осы бейне арқылы бір дәуірдің шындығын көрсетуге тырысқан. Одан біз автордың Атсызды типтік дәрежеге көтергенін, ол – жүздердің, мыңдардың жиынтық бейнесі екенін ұғынамыз. Келесі көріністен Атсыздың Александрада ойы болғанына қанығамыз. «Атсыз: Ай, Александра, Александра, Қоянды жәрмеңкесінде әркімнің кірін жуып, күлін шығарып жүруші ең сүмірейіп. Сені осында, тамағы тоқ жылы жерге орналастырған кім, ұмыттың ба? Александра: Өмірде не болмайды. Өтті, кетті... Атсыз: Орыс нәсілі деп сол көрсеткен жақсылығымның өтеуіне көңіліңді маған бір бұрсайшы деп өтіндім, бетімнен қақтың. Рас, басында көп күлдібадамның бірі шығарсың деуші едім. Кейін байқасам... сұлуланып, жайнап... Қысқасы, қазір саған көңілім қатты ауып жүр. Александра: Түсінбедім. Атсыз: Не түсінбейтіні бар, маған қатын бол. Қадірлеп, үйімнің төрінде ұстаймын». Атсыздың осы ұсынысын қабылдамағаны үшін Александраның өмір бойы қашқын болып көл жағалап жүрісі мынау. Төріме шығарам дегеніне көнбегені үшін өмірін тозаққа айналдырғанын автор оның істерімен нанымды бейнелеген. Өмір бойы Атсыздан бой тасалап, қашып жүрген ол бұрынғыдай өжет емес. Себебі, бұл кезде Бәдрисафа – «халық жауының» жары ретінде кеңес үкіметі алдында саяси айыпкер еді. Драматург Атсызды Александра төңірегінде тағы бір сынақтан өткізген. Атсыз – үкімет адамы ретінде сұлу қызды өзіне бағындырғысы келетін қара күш иесі болса, Ахмет – үлкен сезім иесі. Оны Ахмет пен Александраның мына диалогы растайды: «Ахмет: Ер жігіттің әйел алдындағы ең басты міндеті – оны бақытты ету, ал, менің тағдырым қалт-құлт еткен желқайықтың үстінде. Қасыма алған адамым, қайық аударылса, су түбіне өзіммен бірге кетеді ғой, обалына қаламын ғой деп қорқамын. Александра: Жүрегімнің қалауындағыдай лайықты адам тапсам, оған масыл болмай, керісінше, сыр ашар жан серігі, шаруасының бір жағында жүретін таянышы болсам деп армандайтынмын». Махаббат атты ұлы сезімді ұлықтаған орыс қызы Ахметті құлай сүйгенін өмір бойы дәлелдеп өтті. Көл жағасында ғашығының бір кезде өзіне арнап жазған «Екі жирен» әнін сызылта әндетіп жүруі, өмірінің соңғы сәттерінің өзінде Ахметтің өлеңдерін қағазға жазып беріп, Перизат сынды жас талапкерге жаттатуы – осының бір мысалы. Автор Ахметтің ақындығын жадында берік ұстанған. Оны ақын өлеңдерінің, аудармаларының, әндерінің тиімді қолданылғандығынан көреміз. Ал, шығарма оқиғаларының Ахметтің өмірдеректерінен алынғаны байқалады. Мәселен, алғаш тұтқындалған кезде төмендегідей айыптар тағылғаны тарихи құжаттардан мәлім. Оны полицайдың төмендегі сөздерінен көруге негіз бар: «1-полицай: Байтұрсынов мектеп оқушыларына ұлтшылдық пиғылда теріс тәрбие берумен айналысады. Былтыр генерал-губернатор Қарқаралыға келгенде, орыс балаларының санын арттыру туралы берген тікелей нұсқауына қарамастан, олардың қатарын қасақана көбейтпей отыр. Орыс-жапон соғысы кезінде патриоттық іс-әрекет көрсетудің орнына осындағы Бөкейханов, Ақбаев дегендермен бірігіп, қазақтарға айрықша жеңілдіктер сұрап, патша атына қарсылық петиция ұйымдастырды...». Осындай жалалармен Семей түрмесінде жатқанда күтушісі болған орыс қызы оған тамақ тасып, киім-кешегін жуып беріп отырды. Басына қиын іс түскенде, қаршадай қыздың жасаған қамқорлығы олардың арасындағы махаббатты шыңдай түскені рас. Әрине, Александраға да көмектескен қайырымды жандар болды. Солардың бірі – Садық ақсақал. Ахмет түрмеден шыққан соң, Садық ақсақалдың олардың отбасын құрауға ақ батасын бергені төмендегіше суреттелген: «Ахмет: Қош көрдік. Ықылас-қошаметтеріңіз үшін рақмет... Сіз рухы күшті, Құдайына қараған мейірімді жан екенсіз. Александра арқылы түрмедегі маған да тамақ, киім жеткіздіртіп тұрдыңыз, қамқор болдыңыз. Садық: Алғысыңды Аллаға, сосын, мына, Александра қызыма айт, інім. Әйел затында тап мұндай табанды, өжет, еңбекқор жанды мен бұрын көрмеппін. Ахмет: Жұрт мақтаған жігітті, қыз жақтайды деуші еді. Жұрт мақтаған қызға жігіт қалай қараса екен, аға? Әйел: Көп қарап тұрмайды, үйленеді (Бәрі күледі). Садық: Бір тілегім бар. Мұсылмандықты қабылдарда қалыңдықтың Александра деген аты өзгереді. Менің өлген қызымның атын алсын. Бәдрисафа болсын. Қызым өлген жоқ, есімі жақсы адамға ауысты деп көңіліме демеу етіп жүрейін. Қалай, бола ма? Ахмет: Болсын аға, тілегіңіз... Әлде, сіз... Александра: Жо-жоқ, қарсы емеспін. Қарсы емеспін. Тек қандай мағынасы бар бұл есімнің, аға, білуге бола ма? Садық: Бұл есім, қарақтарым, арабшадан аударғанда Бәдрун – толық ай, Сафа – кіршіксіз таза деген ұғымдарды білдіреді. Ахмет: Өзі де тап сондай... менің қалыңдығым». Үзіндіден көргеніміздей, Александраға Бәдрисафа есімі некесін қидырған соң берілуі шындыққа жақын. Соңғы көріністегі Бәдрисафа мен Перизаттың диалогы олардың өмір жолдарын, қилы тағдырын толықтыруға қызмет етеді. «Халық жауының» жары, бас кейіпкер Бәдрисафаның денсаулығынан айрылып, қуғында жүрсе де, Ахметпен өткен қызыққа толы шақтарын қамығып еске алуы оның сүйгеніне деген адалдығын танытады. Жас қыздың: «Ақ апа, түрме деген есік-терезесі тышқанның ініндей үңірейген, жарығы, ауасы жоқ қараңғы көр сияқты болады дейді ғой үлкендер», – деген сауалына берген жауабы Ақ апаның бейнесін тағы бір қырынан толықтырған. «Бәдрисафа: «Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» демей ме сол үлкендер. Алғаш Ахметпен бірге ұстап, абақтыға қоса қамағанда бірден ауырып қалдым. Сонда, төрем түрме бастықтарына: «Менің әйелім – Бәдрисафа қазір қатты ауруға шалдыққан. Мені сонда ауыстырсаңыздар, денсаулығына қарасамын» деп, хат жазып, ақыры дегеніне жеткен еді. Иә, сүйтіп біз жаңа өзің суреттеген жаман түрменің ішінде де жұбымызды жазбай бірге отырғанбыз. Ойлап қарасам, төрем екеуіміздің ол да бір бақытты сәттеріміз екен шынында». Автор Бәдрисафаның сүйгеніне деген шексіз құштарлығын оның өмір жолына сыйғызуға тырысқан. Оның дәлелі – Ақ апаның соңғы демі тоқтағанша адал жарына деген махаббатын өшірмеуі. «Бәдрисафаның: Жоқ. Мен түрмені жеңген адаммын. Ауырмаймын. Тек төремді сағынып кеттім. «Төре демалып жатыр», «Төре жазу жазып отыр», «Төре біледі» деп өзім сүйсініп айтатын сөздерімді сағындым... Төремді соңғы рет 1937 жылдың 8 тамызы күні ұстап әкеткен еді, ал мені үш күннен соң, 11 тамыз күні тұтқындады. Содан бері мен төремді көргем жоқ... Мен осы жерді, өзеннің мына биік жарын бекерден бекер таңдады деймісің. Осы биіктен анау алдымдағы кең көсілген Торғай даласына қараймын. Бұл дала менің төремнің табан іздерімен өрнектелген. Егер ол жүрген жолдың бір ұшынан аяқ бассаң, жарты дүниені шарлап өтесің. Ақтөбе, Қарқаралы, Семей, Томбы, Орынбор, Ташкен, Қызылорда, Алматы боп жалғаса береді, жалғаса береді...», – деген сөздері өмірден өткенше Ахметті ұлықтап өткенін байқатады. Ахметпен бірге түрмеде жатып, денсаулығынан айрылғанының өзі – ол үшін үлкен бақыт. Себебі, ол кезде сүйгені қасында болатын. Енді, сол түрмедегі күндердің өзін сағына еске алатыны содан. Шығарма Перизатқа әңгіме айтып отырған Ақ апаның сүтті ысытып келгенше жағдайы мүшкіл күйге түскенімен аяқталған. «Перизат: Ақ апа... Сүт ысыды, мінеки, алыңыз! Ақ апа, ақ апа, сіз... сіз ауырып қалдыңыз. Ақ апа... (Жылайды.... )». Автор екі буын өкілдерін негізгі оқиғаға қатыстыру арқылы Ахметтің болашағы жарқын болатындығына меңзеген. Оны мектепте оқып жүрген Перизаттың Крыловтың мысалын кім аударғанын білмесе де жатқа білетіндігі, Бәдрисафаның әңгімелерін көңіліне тоқуы, жекелеген өлеңдері мен «Екі жиреннің» жазылу тарихын естіп, оларды жаттап алуы, Атсыздың өтірік әңгімесін бетіне басуы тәрізді детальдарға сыйғызған. Иә, халқымыздың болашағы жастардың қолында болса, көзі қарақты, саналы балалардың өсіп келе жатуы – Алаш арыстарының еңбегі зая кетпегені, арман-мақсаттарының өлмегені. Авторлық ұстаным Ахмет пен Бәдрисафа өмірінің ғұмырлы болатындығына саяды. Ақ апаның соңғы әңгімелерінің Ахмет туралы болғандығы, сол естеліктерді көзі қарақты қыздың тыңдап қалуы – Ахмет пен Бәдрисафаның азапқа толы күндерін кейінгі ұрпаққа жеткізетін жандардың болғандығы. Қорыта айтқанда, шығармаға Ахмет пен Александраның Қарқаралыда танысуы, Ахмет түрмеге түскенде, Александраның оған тамақ тасуы, Семей түрмесіне қамалғанда, артынан іздеп баруы, абақтыдан шыққаннан кейін, екеуінің үйленуі, Александраның мұсылман дінін қабылдауы, есімін Бәдрисафа деп өзгертуі негіз болған. 1990 жылдары өлкетанушы Зұлқайнар Алдамжар көпшіліктің назарын аударып, 2009 жылғы қарашада «Бадрисафа» экспедициясын ұйымдастырды. Осыдан кейін, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде Назира Жарымбетованың, өлкелік «Костанайские новости» газетінде Людмила Фефелованың мақалалары жарық көрді. Экспедиция мүшелері Бәдрисафа туралы деректерді Алматы, Орынбор, Томск қалаларынан жинады. Оларды Бәдрисафаның тағылымды да қасіретке толы өмірі қызықтырғаны соншалық, Людмила Фефелова мен Қабылахат Сейдахметпен бірігіп, экспедиция материалдары негізінде «Ақ келін» пьесасын жазды. Спектакльдың тұсаукесері 2012 жылдың мамырында өтті. Қостанай орыс драмалық театры Александр Лиопаның режиссерлығымен «Ақ келін» спектаклін сахналады. Осы туынды арқылы Ахмет Байтұрсынұлы мен оның жары Бәдрисафаның (Александраның) бейнесі тағы бір қырынан толықты. Қойылымға «Нұр Отан» партиясының мүшелері қаржылай көмек берді. «Нұр Отан» ХДП Қостанай облыстық бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары, педагогика ғылымының докторы Римма Бектұрғанованың «Ахмет Байтұрсынұлының махаббаты» атты мақаласында Ахмет пен Бәдрисафа арасындағы кіршіксіз махаббат туралы сөз болады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы тарихшылар мен өлкетанушыларға өз өлкелерінің тарихын зерттеуді міндеттегені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, жерлестерінің «Алаш» қозғалысы көсемі Ахмет Байтұрсынұлы өмірінің белгісіз беттеріне назар аударуы – құптарлық іс. Бәдрисафа Байтұрсынова – ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы ел өміріндегі барлық ауыртпалықтарды өз басынан өткерген жан. Ол «Алаш» қозғалысына мүше болмағанмен, көрнекті ғалым, саясаттанушы Ахмет Байтұрсынұлының жары ретінде саясаттың бел ортасында жүрді, халықтың қасіретін көзімен көрді. Күні бүгінге дейін жерлестері арасында Ахмет пен Бәдрисафаның арасындағы кіршіксіз үлкен махаббат аңыз болып ауыздан-ауызға тарап келеді. Ал, бұған дейін Бәдрисафа туралы мардымды мәлімет болмағаны рас. Александра Ивановнаның әкесінің көзін көрген белгілі журналист Байтұрсын Ильясовтың айтуы бойынша, ол – Аманқарағай орман шаруашылығында бақылаушы болып жұмыс істеген. Ахмет Әуликөлдегі жаңа мектепке мұғалім болып келгенде, Александраның әке-шешесінің үйіне тоқтаған. Алғашында жастардың махаббатын қолдаушылар болмағанмен, уақыт өте келе, олардың арасындағы үлкен сүйіспеншілікке бәрі бас иген. Ахмет Байтұрсынұлы мен орыс қызы Александраның некесін ұлы ойшыл Зайнул-ишан Расулев (1833-1917) қиғаны туралы дерек бар. Зайнул-ишанның арқасында Троицк – ХХ ғасырдың басында мұсылман дінінің орталығы болған. Неке қиылған соң, Бәдрисафа Мұхамедсадық-қызы деген жаңа есім беріп, Александраны мұсылман дініндегі татар қызы деп жазады. Ахмет Байтұрсынұлының туысқаны Ильяс Байтұрсынның «Алтын Бесiк» кітабында Бәдрисафа некесін қиған соң, мұсылман діні туралы сауатын ашу үшін екі-үш ай мешітте қалғаны туралы айтылады. Кейінгі өмірінде ол мұсылман дінінен әсте аттаған емес. Осы табандылығына қарап, қазақтар оны «Ақ келін» атап кетеді. Көрікті, ақылды, төзімді, кеңпейіл жанның өмірінде тағдыр тауқыметі арқалатқан қасіретті жылдар аз болмады. Жоғарыдағы пьесада осы шындықтардың бірсыпырасы сол қалпында сахналанды. Авторлар бұған дейін көп айтыла бермейтін Бәдрисафаның көркем бейнесін жасауда көп ізденді. Ахметті сүйген орыс қызының мұсылман дінін қабылдауы, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа беріктігі Ахметке деген махаббатынан туындап еді. Қостанай мен Торғайдың ақсақалдары оны кеңпейілдігі, жан дүниесінің тазалығы үшін сыйлап құрметтеген. Сүйген жарының күреске толы өмірі жас қызды үлкен қайраткер етіп шыңдады. Ол Ахмет Архангельскінің Соловецкі аралына түрмеге түскенде, Сібір мен Томскіге жер аударылғанда, қызы Шолпанды алып, артынан бірнеше рет іздеп барып, түрме камерасында қасында болды. Құлай сүйген жарының репрессия құрбаны болып атылуы оған оңай тиген жоқ. Қалған өмірінде «Халық жауының» жары ретінде қуғыннан қашып, жиі қоныс аударуға тура келді. Туыстары оны бірінен-біріне өткізіп, ізкесушілерден жасырып отырды. Алайда, Ахмет басынан өткен қиыншылықтар мен азапты жылдар Бәдрисафаның да жанын жаралап, жүрегіне сызат түсірді. Н.Әмірова өз естелігінде Ұлы Отан соғысы жылдарында Александра Ивановнаны көргенін, ол өз жасына қарағанда әлдеқайда қартайып кеткенін, бір кездегі сұлулықтан ештеңе қалмағанын, денсаулығынан айырылғанын айтады. Қостанайлық өлкетанушылар содан кейін, оны көрген жан болмағанына қарап, Қостанай ауданы, Александровка селосындағы мүгедектерге арналған ауруханада емделіп жатып, сол жерде қайтыс болған деген болжамдар жасайды. Есімхан Тұрлыбеков ақсақалдың айтуынша, 1947 жылдары Меңдіқара ауданының Қасқат ауылында Александра деген орыс әйелін Ахмет Байтұрсынұлын жақсы білетін Қасым Тоғызақовтың ертіп жүргені айтылады. Тобыл өзенінің бойындағы Меңдіқара ауданы, Қасқат ауылында Бәдрисафа Байтұрсынова жерленген жерге естелік белгі қойылды. Ал, М.Омарованың «Ақтастағы Ахико» атты тарихи драмасының бас кейіпкері – жапондық Ахико Тецуро. 1945 жылы Кеңес Одағы мен Жапония арасындағы соғыс кезінде тұтқынға түскен 15 жасар жапондық бозбаланың КАРЛАГ түрмесінде жазасын өтеуі, Алаш арыстарының әкелері Сейфолла, Садуақас және Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаевтармен бірге болуы сол бір сұрапыл жылдардың қасіретінен хабар береді. Оған таңылған «Жапон тыңшысы» деген айып кезінде Алаш қайраткерлерін жазалаудағы негізгі айыптардың бірі болғаны тарихтан белгілі. 10 жылдан соң, 25 жастағы жігіттің тар қапастан шыққанда, 25 кг. тартуы түрме азабының біз ойлағаннан әлдеқайда сорақы болғанын айғақтайды. Олай болса, ол көрген қорлықты – жазықсыз жазаланған қараткерлердің бәрі де басынан өткергені жасырын емес. Камерада таң атқанша Ахметтің әңгімесін тыңдайтын Ахиконың алаш арыстарының аманатын жеткізуі – ақынның түрмеде қанмен жазылған өлең дәптерін анасы Гүлбаршынға табыстауымен бейнеленген. Автор сол үшін де оны түрмеде алаш арыстарымен кездестіріп тұрғаны аян. Шығарманың бас кейіпкері өмірде бар адам болғанмен, автор қажет жерінде шығармашылық еркіндікті пайдалана білген. «Карлагта 50 мыңнан астам жапон отырды. Еңбек етті, өмір үшін күресті. Солардың бірі мен едім. Карлагқа түскенде жасым 15-те болатын. Ажал – машина. Жаңа туған сәбиден бастап, еңкейген мүгедек кемпір-шалға дейін жұтады», – деген кейіпкер сөзі – сол тұстағы өмір шындығын көрсететін көркем штрих. Жалындаған жастық шағының 10 жылын Карлагта өткізген Ахико Тэцуро бейнесі типтік дәрежеге көтерілген. Себебі, оның тағдыры жүздеген, мыңдаған боздақтардың қасіретінен сыр шертеді. Ахико тәрізді жазықсыз жапа шеккен жандардың аман қалып, өсіп-өнуіне қазақ ұлтының игі-ықпалы мол болды. Өлім аузындағы Ахиконы бауырына басып, ел қатарына қосатын Ақтамақ – қазақ аналарының жиынтық бейнесі. Автордың осы кейіпкер арқылы қазақ халқының ұлттық болмысын жеткізуге тырысқаны байқалады. Қазақ жеріне күштеп қоныстандырылған диаспора өкілдерінің қазақ жеріне де, еліне де мәңгі қарыздар екені тарихтан мәлім. Жапондық Ахиконың атамекенін жерсінбей, «Ақтасыма жететін жер жоқ екен» деп, Қазақстанды мекендеп қалғаны білгілі. Автор бұл туындыда нақты детальдармен қазақ деген дархан халықтың ұлттық болмысын аша түскен. Қорыта айтқанда, жоғарыда сөз болған деректі фильмдер мен драмалық туындыларда Ахмет Байтұрсынұлы мен оның жары Бәдрисафаның көркем бейнесі жан-жақты сомдалды. Авторлар бірін-бірі қайталамауға тырысып, өз туындыларын жаңа деректермен толықтыруға ден қойды. Осылайша қаламгерлер халқына адал қызмет еткен Алаш қайраткерінің сахнадағы көркем образын жасауға өз үлестерін қосып келеді. Алдағы уақытта да бұл қатар жаңа туындылармен толығатыны дау туғызбайды. Өткен тарихымызды ұлықтауда, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде мұндай тарихи дүниелердің атқарар қызметі мол.
Пайдаланылған әдебиеттер: 1. «Алашорда» деректі фильм 50 минуттық Шәкен Айманов атындағы кинофильм, 2009 жыл // https://www.youtube.com/watch?v=ls9JPN8Uxmc. 2. «Алаш алыптары» Ахмет Байтұрсынов. 32 минуттық Қазақстан ұлттық арнасы, 2013 жыл // https://www.youtube.com/watch?v=3ebSwC10ixk. 3. «Тайны и судьбы великих казахов», 52 минуттық Білім және мәдениет арнасы, 2016 жыл // https://www.youtube.com/watch?v=EKJJ4u8mH7Y. 4. «Тұңғыштар», Ахмет Байтұрсынов 20 минуттық Мәдениет және білім арнасы, 2014 жыл // https://www.youtube.com/watch?v=C4Cwth6yzN0. 5. «Өмір жолы». Ахмет Байтұрсынов 30 минуттық. Хабар агенттігі, 2015 жыл // https://www.youtube.com/watch?v=b0Sen_y76yM. 6. Оразбаев И. Киелі күнә. Он үш томдық таңдамалы. Т.9. – Алматы, 2006. – 429 б. 7. Өтен А. Азаппен өткен өмір-ай. Қолжазба автордың жеке мұрағатынан алынды. Бектурганова Р. Любовь Ахмета Байтурсынова // http://www.kazpravda.kz/news/kultura/lubov-ahmeta-baitursinova/. Фефелова Л. Любовь и смерть Ак келiн. Ахмет и Александра Байтурсыновы (история) // Источник – Костанайские новости. 3 июня 2010. – Постоянный адрес статьи - http://www.centrasia.ru/newsA.php?st= 1278310020.1797 рет
көрсетілді0
пікір