• Тарих толқынында
  • 05 Қазан, 2012

«Өскен өркен» романындағы әйелдер бейнесі

Гүлзия Пірәлиева, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы

Мұхтар Әуезовтің өмірі мен өнерінің өзегіне айналған Абай шығармашылығын өмір бойы зерттеді, одан рухани сусындады. Әрі ерекше дарынды, кемел ойлы ақынның өзі өмір сүрген дәуірге дейін қазақтың ақыл-ойы мен мәдениеті жете қоймаған тың асуларды, әсіресе, ұлттық көркемдік ойлау жүйесіндегі жаңа жанрлар мен ойлы образдар, соны стильдік тәсілдер, бұрын-соңды көтерілмеген тақырыптар мен идеялар, сол талапқа сай тегеурінді теңеулер, т.б сынды сөз өнерінің кеңістігін кеңейтіп, тынысын ашты. Даланың дидактикалық поэзиясына тән толғау жанрының өнерлік өрісін кеңейтіп, өресі мен құндылық қасиетін арттырды.Ең бастысы, қай қоғамның да мәдениеті мен рухани өскенін танытатын адамзат атаулының жан мен тән тәуелсіздігін танытатын ер мен әйел затының теңдік мәселесін тұңғыш рет дәріптеп, далалықтарға даналықтың дәнін себуге тырысты.Бүткіл дүние біткеннің бақыты мен бейбітшілігін бүтіндеуге, ел тұтастығын еншілер тіршілік тұтқасын ұстар әйел-ана қадірін түсініп, оның өз құқығына ие табиғи тұлғасын туған топырағымызда тұңғыш рет тілге тиек етіп, тура сөйлегенде Абай еді. Ұлы Абайдың алып келген жаңалықтарын санамалай келіп, Мұхтар Әуезов өзінің атақты «Абай Құнанбаев творчествосын зерттеудің маңызды мәселелері» деген зерттеуінде зейін қояр зерделі сөздер мен теориялық тұжырымдар жасайды: «...Семьяға, ата-анаға, жас ұрпақты тәрбиелеуге, әсіресе, әйелге жаңа көзқарас қа­зақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет соншама айқындықпен, соншама мораль­дық тереңдікпен айтылады. Шығыс әйелдерінің халық поэмалары мен тұрмыс-салт жырларында суретте­ле­тін қайғылы, бақытсыз халі Абай твор­чествосында жаңа мағынаға ие болады.Өз поэзиясында Абай әйелдің жан-жүйесін көрсетеді, ал, бұл жөнінде бұрынғы поэмалар мен жырларда аз айтатын да, әйелдің қасі­ретті тағдырының сырт жағына баса кө­ңіл бөлінетін. Абай сүйген адамын өзі қала­ған әйелдің махаббаты қаншалықты жан тебірентерлік, кіршіксіз таза, терең болатынын,оның қиыншылықпен қолы жеткен, бақыты үшін күресте қажырлы, берік екенін көрсетеді.Абай қазақ әйелін, ананы семьяның тірегі ретінде жырлайды, оның жанқиярлығын, даналығын, шын көңілмен берілген достыққа беріктігін, оның адал, тамаша жанының тұтастығын мадақтайды. Қалыңмалға, көп қатын алушылыққа, әйелді күңдікте ұстаушылыққа жан-тәнімен қарсы шыға отырып, ақын өлеңдерінде әйелдің қоғамда тең праволы болуы үшін күреседі»,– деген сөзінде феодалдық ескілікті ақынның қатты сынға алғанын айта отырып, осыны өзі де жалғастырады (М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 31-т. 2008.-402 б.106 б.). Өзінің рухани ұстазы әрі өмірлік зерттеу нысанасына айналған Абай шығармашылығындағы шоқтығы биік әйел тақырыбын Мұхтар Әуезов атақты «Абай жолы» роман-эпопеясында ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ еліндегі жағдаймен байланыстырып бейнелесе, одан ой мен нәр алған, өзінің де шығармашылығын да сол сөлді де құнарлы тамырдан таратып, соңғы жазған романы «Өскен өркенде» әйел-ана тақырыбын қазақ әдебиетіне алғаш рет Абай алып келген арнадан кеңейтіп, негізгі қоғамның құрушысы – әйел азаматтарды бейнелеу Мұхтар сынды ғұлама ғалым, әлемдік даналықты меңгерген мұхит тектес дарын иесіне де оңай соқпағаны белгілі.Ол турасында қаламгер «Қазіргі роман және оның геройы» (М.Әуезов.Шығармалар. 12 томдық. 12-т.-Алматы.»Жазушы» баспасы.-1969.-532 б.) деген мақаласында: «Аяулы Абайыммен қош айтысқаныма міне екі жыл:содан бері бүгінгі шындықтан шығарма жазсам деген ойдан бір күн ажырап көрген емеспін. Тарихи тақырыптан бүгінгі шындыққа бір-ақ секіру, шұғыл ауысу қаншалық қиын екенін, көп нәрсені қайта қарау қажет болатынын айтып жату артық. Алғашқы бетте анық қызыләскерлер, қым-қиғаш ойлар,бұрын кездеспеген қиындықтар қор­шауында қалғаным бар. Бір мәселені шешсем, екінші мәселе, бір қиындықтан өтсем, екінші қиындық көлденең тартыла береді», – деп ағынан жарылды /514 б/. Әрине, заманмен бірге өнерге деген талап та, жалпы қоғам мен адамзат санасында да өзгерістер болуы табиғи заңдылық. Олай болса, адамның өзі емес, санасындағы өзгерістер қалай жү­ріп жатыр деген сауал қызықтыруы тиіс, қаламгерді. Өз заманы алдындағы жауап­кершілігін терең сезінген жазушы «Заман шарты» деген мақаласының «Біз жаңалық табу жолындамыз»деген тараушасында: «...Бүгінде оқушының ең алдымен тосып отырған адамы-ой еңсесі биік адам, интеллект иесі адам....», « ...Міне, әдебиеттік шығарманың ең қасиетті міндеті – дәл осындай адамның жүрегін, жа­нын, жалынды ойын кең де терең күйде ашып бере білуде», – деп, «өз заманы үшін ұлы жауап­тылық сезіміне берілген» бүгінгі күннің кейіп­керін өмірге әкелуге тырысады /496- 497 б.б/. Әлемдегі ең аяулы да мәңгілік тақырып­тардың бірі – махаббат мәселесі айналасындағы машақаттарға ,қайғы-қасіретке толы тағдырлар толғанысы Мұхтар Әуезовтің Абайдан алған азаматтық ұстанымы бойынша әйелге жаңа көзқарас тұрғысынан жалғасып, жаңа заманның жас қызы – Айсұлудың жан тебірентерлік тағдыры мен қоғамдағы тең праволы қазақ әйелінің – Әсия Әлімованың қайраткерлік, күрескерлік, даналық қасиеттері дәріптеледі.Қазақ әдебиетіндегі тұңғыш қайраткер қыздың бейнесі болып бейнеленген Әсияның тынымсыз ой толғаныста жүретін зиялылық болмыс-бітімі психологиялық талдау өнері арқылы өрнектеліп, өзіндік ерекшелікке ие болған. Роман аз уақытта жазылды дегенімен, суреткердің санасында ұзақ жылдар бойы сәулеленіп, образдарын да ойша, жанында жүрген замандастарының жан дүниесінде болып жатқан өзгерістер арқылы зерделей жүріп жазғанын ұғынсақ керек. Отбасы мен Отанымыздың тіршілігі мен берекесін енгізіп, ұлт пен ұрпағымыздың тағдыры мен келешегіне екі бастан жауапты жандар – әйелдер мәселесі Әуезовтей әулиені әуелден ойландыратын-ды. «Адамдықтың негізі – әйел» деп түсінген Әуезов бүкіл адамзат атаулыға: «Адам болып қалғың келсе, тағлымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе!» деп ұран тастауы да тегін болмаса керек. Қазақ қоғамы әйел баласының ұлтымыз бен ұрпағымыздың саны мен сапасына жауаптылығын сезінген сәттен бастап өркениет өлкесіне қадам басатынын үнемі ескертіп отырды,ол. Жаңа заманның ой еңсесі биік, үлкен интеллект иесін бейнелеуді ойлағанда да ол ең бірінші, өзгерген өмірмен бірге білімі де, санасы да, талабы мен тұрмысы да өзгерген, ақыл-парасаты өскен Әсия Әлімова секілді қоғам қайраткерін, Айсұлудай сұлу да білімге құштар жасты жазуға құлшынды. Өзгерген өмірмен бірге ой-өрісі де өсіп, ел мен оның ертеңіне, жанындағы жандар тағ­дырына деген жауапкершілігін сезінетін бүгінгі күннің кейіпкері «Өскен өркендегі» Әсия Әлімова шын мәніндегі Әуезов мақсаттаған межеден шыққан. Ел билеген басшылармен де, кез келген кәсіптің білгір иесі – мамандармен де терезесі тең кісіше барлық тақырып төңірегінде ой бөлісе білетін Әсия шынында да интеллект иесі. Оның араласпайтын шаруасы жоқ және солардың жолында кездесетін барлық кедер­гілерге, сол саладан хабары бар мамандай өзі «жөн» деп білген мәселесін жанқиярлықпен шешіп, әділеттілікті алға тартады. Әсияның шын мәніндегі қайраткерлікке жетуіне Айсұлу тағдырына қатысты «тар жол, тайғақ кешуі», жесір әйел Нұрбибі мен жетім қыз Айсұлудың қасіреттері мен арманда кеткен балғын жас Арман ажалының себебін іздеу сәтіндегі қақ­тығыстар себеп болады. Шығарманың сю­жеттік желісін түзген Айсұлу тағдыры көр­кем әдебиетке Н.П.Карпов сынды партия талабына сай, өз ісіне адал, коммунизмнің нағыз құру­шысы мен заман артқан жауапкершілікті жете сезінетін, өз ұлтының тағдырына қа­тыс­ты кез келген әділетсіздікке төзбейтін Әсия сияқты қайраткер қыздың бейнесін сыйлайды. Алматының Алатау бөктеріндегі демалыс орындарының біріне келген «Өскен өркен» романының негізгі үш кейіпкері – болашақ Баскент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.П.Карпов, тәжірибелі дәрігер, ғалым Жандос Асанов, оқыған, жауапты қызметкер Әсия Әлімованың өзара таныстығы оқиғаның одан әрі өрбуіне өріс ашады. Әуезов Әсиядай бүгінгі заманның зиялы кейіпкерін бейнелемей тұра, олардың жаңа қадамына қарсы тұратын ескі көзқарастағы әйелдерге тән мінездерді міней кетеді. Әлі де ауыл аралық әңгімелерден арыға бармай, сырт тұрпаттары өзгергенімен, санасы мен сауаты ашылмаған ауыл басшыларының сылқым әйелдерінің сиқын жазушы өзіне тән өткір тілімен түйреп кетеді.Оқып көрсек: «...Шашы, жүзі, киген киімі мәдениетті адамдар тәрізденіп жүреді.Фасонды платье-пальтолар мәдениетті кес­кін көрсеткендей болады. Бірақ, не керек, ол портнойлар берген мәдениет...», – деп адамның мәдениеттілігі сыртқы кейіпте емес, ішкі тәлім-тәрбиеде екендігін ескертіп, ондай орта ойлы жандардан қандай да қасіретті күтуге болатынын болжайды: « ...Бұлардың, әсіресе, бір жаманы, қазақтың жаңа өсіп келе жатқан әйелдерін, жас қауымын танымайды. Түсініп аңдамайды да және оларды аямайды.Көбінің өздері қыз бен ұл туып өсірген боп отырса да, өзге жастарға ана есепті бола тұра, өсек-аяңнан олардың ешқайсысын аямайды, қорғамай қинайды» /17 б/. Әсия мен дәрігер Жандос арасындағы диалог болашақта болатын келеңсіздіктерден, Айсұлу тағдырына қатысты қанды оқиғаның орын алуына себепкер болар осындай өсек-аяңдардан хабар беретіндей. Осындай қазақы орта психологиясына қанық Әсияның осы мінді түзейтін сын сөздері де шығармада шынайы күрескерліктің алғашқы белестерін танытатындай. Әйелдер арасындағы әңгімелерден жоғары тұратын Әсия тұлғасы қасындағы замандастары – бүгінгі өскен ел­дің кең өрісті ақыл-ой иелері – Карпов пен Жандостар арасындағы кілең жоғары интел­лектілікті танытатын тарихи, мәдени мәліметтерге құрылған мәні мен маңызы зор сұхбаттарда ашылып, даралық қасиеттерге ие болады. 150 мыңдай халқы бар Баскент қаласына обком секретары болып сайланған Карповтың Әсиямен қоштасарында: – «Сіздермен осында танысып, сөйлесіп жүру, маған таныс емес әр жайларды білу аса қадірлі болды. Қазақ совет жұртшылығының сіздей боп өскен салмақты, білгір, мәдениетті жас әйелімен танысу маған өте бағалы...», – деуі де тегін емес /32 б/. Өйткені, өткен ғасырдың екінші жартысында Әсиядай білімді, жоғары қызметтегі қазақ қыздары сирек болатын. Және Әсия тек білімді ғана емес, бүкіл дүние­жүзілік руханияттан хабары бар, жан-жақты мәдениетті, әділетсіздік пен қиянатқа жаны қас, мемлекеттің барлық мүддесіне өзін жауапты санайтын нағыз ұлтжанды жас. Қаламгер жаңа заманның білімді қызын осылай көреді және солай бейнелейді. Әсия бейнесі осылай, өмірдің әрбір қиын өткелдері сайын ысылып, тәжірибесі де тұлғалық қасиеті де биіктей түседі. Романның өн бойында жазушы жинаған өмірлік фактілер мен тарихи мәліметтер көркем мәтінге айналып,семиотиканың сәнін құрайды.Романның негізгі мотиві де көбінде осы Ай­сұлудың тағдырындағы түрлі түйткілдерді таратып талдауға арналған. Баяғыда Алматыға оқуға түсуге барғанда жолы болмай әкесінің жолдасы Жандостың өтінішімен Айсұлуды шығарып салған жас маман дәрігер Ілияс «Қызыл Жұлдыз» колхозында дәрігерлік институттың ұжымымен мақташыларға қызмет көрсетіп жүргенде кездейсоқ қолы шығып келген Айсұлумен ұшырасады. Алматыда алғаш көргендегі көңіл сезімдері мұнда одан әрі жалғасқандай болғанмен, оқиға барысында өрбімей белгісіз күйде қалып қояды. Ілиястың Айсұлуға деген сезімі қыздың періштедей таза сұлулығына қызығып, тамсанудан аспайды.Ал, дәрігер жігітті естен тандырып, тәнті еткен Айсұлудың тәнін, шыққан қолының жалаңаштанған иығын әлемдегі ең сұлу әйелдерді бейнелеген атақты суретшілердің таңғажайып туындыларындағы әдемілікпен салыстырылады.Суреткер кейіпкердің көркем бейнесін тек сыртқы сұлулықпен емес, ішкі бір табиғи тазалығымен, адами қасиетімен ажарлап, оның өз қатарларынан ақыл-ойдан да озық екендігін кәсіби шеберлікпен нанымды бейнелейді. Қыздың сондағы сұлулығына сүйсінген екінші жанның бірі – Сағит болатын. Дәрігерлік көмек қажет болып келген жігіт періштедей перизатты бір көргеннен ғашық болып, Ай­сұлу­дың тағдырын түбірінен өзгертіп, өмірін өкінішке ұшыратады. Шығарма сюжетін шытырман желіске бұрып жіберетін Сағит образымен ойда-жоқта шиеленісіп кеткен қайғылы оқиғалар тізбегі оқырманын бей-жәй қалдыра алмайды. Мәтіннің әрбір жекелеген эпизодтарында мифологиялық сипаттағы көріністер елес береді. Бұл оқиғалар өзара күрделі қарым-қатынасқа түсіп, мәтіннің барлық элементтерінің байланысын өршітеді.Жолжазбадағы өмірлік фактілер мен ресми деректер жеке адамның жан-дүние, сезімдерін тереңдей талдап, психологиялық тұрғыдан бейнелеу идеясына ұласып жатады. Жазушы үшін өмір шындығы ұғымы – аллюзиялар, реминисценциялар, интермәтіндер деп түсінсек, кейін олар көркемдік тұтастыққа ұласып, бүтін бір мәтінді құрары хақ. Суреткердің міндеті осынау мол мағлұматтарды шығармашылықпен меңгеру арқылы кейіпкердің тағдырына қатысты тарихи шындықты шеберлікпен бей­нелеп, өзінің жеке көркемдік әлемін таныту болмақ. Сөйтіп, автор жаңа заманмен келген қоғамдағы сыртқы құбылыстарды кейіпкердің санасындағы өзгерістер арқылы өрнектей отырып, өмірдің өнерге айналған өміршеңдігін дәріптейді. Романдағы қала мен ауылдағы жаңа тұрмыс, өндіріс орындарындағы жұмысшылар өмірі, колхоз-совхоздардағы мақта шаруашылығы, ондағы жастар өмірі мен өзектесіп жатқан көнеден келе жатқан Бабаата мешіті жайлы аңыздар, оны Алматыдан келген археолог әйел Агееваның қаздыруы секілді фактілер – совет кезіндегі бейбіт өмір­­дің, әйелдер теңдігінің жарқын мысалы ретінде баяндалады. Осы жерде Карповқа облыстық кәсіпшілер одағының бастығы Алмасбектің « Алуаның ажалы» атты әңгімені айтып беруі, бұл интертекст ретінде романда сәтті пайдаланылуы шығарманың маңызын арттырады. Қазақ даласындағы келеңсіз жайлардың бірі, 70-тегі шал Қанай мен 19-дағы жас Алуа сұлудың тағдыры туралы тарихи оқиғамен тарата отырып, ой тарқатуы да жазушының жақсы пайдаланған интерпретациясы. Алуаның бүгінгі таңдағы тағдыры есепті Ай­сұлу бастан кешкен келеңсіз оқиғаның баяндалуы шығарманың ерекше эстетикалық табиғатын танытады. Адамзат өміріндегі махаббат сияқты мәңгілік құндылықтарға қарсы амбиваленттілік (махаббат-жеккөру, қуаныш-қайғы, т.б.) сезімдер қайшылығын тудыратын оқиғалар желісі адамдар қарым-қатынасының күрделілігінен хабар береді.Сөйтіп, ескі сананың бейнелері жаңа мазмұн динамикасының салдарынан адамның тылсым дүниесіне, яғни, архетипке айналып, аңыз ретінде жаңа өмірден алыстатылады . Кеңестік мәдениеттің кеңістігінде орын берілмейтін мұндай келеңсіз көріністерді кінәлау мен сынау бұл шығарманың да негізгі нысаны. Сондай-ақ, сырт оқиғаны қызықтап, кейіпкердің іш­кі әлеміне ену мен олардың жан-дүниесі мен ой санасындағы сезімдік, психикалық құбылыстарды қалтарыста қалдыруды қол­дамайтын қаламгер әрдайым өзіне қояр көр­кемдік талап бойынша осынау ауыр қасі­рет айналасындағы адамдардың тағдырын баяндауда психологиялық талдаудың үздік үлгісін көрсетеді. Кейіпкердің жүрегін, жанын, жалынды ойын кең де терең күйде ашып бере білуді – жазушының басты міндеті деп санайтын Мұхтар Әуезов үлкен іс-әрекеттерге бастайтын санадағы сан-алуан сезімдік құбылыстарды нанымды беруге о бастан шебер. Өзінің алғашқы шығармаларынан бастап-ақ шытырман оқиға қумай, адамның ішкі әлеміндегі қайшылықты, сезімдер қақтығысын, көңілдегі кірбіңдер мен іс-әрекеттердің себеп-салдар сырын ұғуға, соны ашуға ұмтылуы «Өскен өркенде де» өріс алып, өзіндік стильдік қалып танытатыны табиғи заңдылық. Асығыс жазылса да адам жанының дүлей дауылдарын, әр түрлі психологиялық сәттердегі сезім құбылыстарын қазбалай,бүкіл болмысымен бейнелеуі әрине екінің біріне бұйыра бермес шеберлік. Жазушы Әсияның интеллектісін оның ішкі жан дүниесіндегі сұлулықты сипаттау арқылы ашады: «Тегінде әйелдің сұлулығын, көркем әсемдігін, нәзік әсерлі жарастығын әйел бағалап тамашалағанда көп кітаптарда жазылмайтын өте шетін де нәзік бір аңдаулар болады». Әсиядай көп оқыған және әлемдік көркемөнер туындыларынан жан-жақты хабардар жанның нәзік жас Айсұлудың сұлулығы мен күрделі тағдырын жазылмаған романның, бұрын суреттеліп көрмеген ғажайып бейнеге теңеуі оның тұлғасын одан әрмен биіктете түскендей. Алайда, Айсұлудың жалғыз бауыры Арманның өліміне қатысты әділетсіздік жөнінде ізденген Әсия барған мекеме басшылары мен советтік партия мен үкіметтің сенім артып отырған заң орындары басшыларының заңсыз әрекетін әшкерелеп, обкомның хатшысына хабарлауды жөн көреді. Осы орайда, өткен облыстық партия комитетінің кеңейтілген мәжілісінде әйелдер ісі бойынша іс сапарға келген Әсия Әлімова облыстағы әйел-аналарға жасалып отырған жағдайдың мәз еместігін, әсіресе, 7 кластан ары оқытатын мектеп болмағандықтан қыздардың тұрмысқа жастай шығу, алып қашу, тұрмыста ерлері тарапынан түрлі қиянат-қорлық көру, сыртынан сатылуы, қалың мал жәйі т.б., әйелдер босанатын үйлердің кемдігі, оларға дәрігерлік көмектің тапшылығы сияқты көптеген кедергі-кемшіліктерді ортаға салып, жанашырлық сөзін айтады. Және осы мәжілісте өзі көріп, куә болған Айсұлу тағдырына қатысты мәселені де көтеріп, орын алған әділетсіздікке жол бермейді. Бұл Әсияның қоғам қайраткері ретіндегі үлкен жеңісі-тін. Кеңейтілген облыстық партия комитетінің мәжілісінде көтерілген өндірістік, аудандық ауыл шаруашылығы, әр сала басшыларының есептерін, ұсыныстары мен талқылауларын кеңінен толғап, жазуы арқылы суреткер жа­ңа совет заманының бет-бейнесін, ондағы шаруашылық жайын, партия алдындағы жауап­кершілігін тереңдей талдап, көрсетеді. Жаны­на жақын эпикалық баяндау арқылы бүтін бір дәуірлік оқиғаны жазушы көркем жинақтау тәсілімен береді. «Өскен өркен» романындағы кейіпкерлер, әсіресе, әйел образдары – Әсия мен Айсұлу нағыз өз заманының адамдары (М.Әуезов. Шығармалар.12томдық 12 том.Алматы.Жазушы.1969.532 бет-517 б). Автор мақсат тұтқан – «жалпақ дүниенің жан лебін жүрегімен ұғатын адам» да осы – Әсия мен Карпов. Және облыстық партия комитетінің мәжі­лісінде Алмасбек баяндаған Арман қазасына байланысты істің әділ шешілуі де Әсия секілді қазақтың білімді, қайсар қызы­ның күрескерлік қабілетін танытатын тұс. Әсияның әділ ұсыныстары қабылданып, СМУ бастығы Бейсен, потребсоюз бастығы Әбілмәжін, судья Бекбаев, прокурор Саматов партиядан шығарылып, Көлбаев секретарьға қатал сөгіс беріледі де Сағит 15 жыл бас бос­­тан­­дығынан айырылады. Сондай-ақ, ро­ман соңындағы Нил Петрович Карповтың Қазақстан көлемінде болған мал шаруасының түйінді мәселелеріне орай шұғыл әрі жауапты жиналыста – мал өлтірмеу үшін ең алдымен шопандарға үй, жылы, жайлы, барлық жағдайы бар баспана беру, малдарға қора салдыру жө­нін­дегі ұсыныстар айтуының артында әрине ұлтжанды қаламгердің ұстанған қағидасы екендігі байқалып-ақ тұр. Сол суық үйде босана алмай, жаңа туған шаранасын жылыта алмай жан ұшырған әйел-ананың тұрмысына куә болған Карпов мұны да мемлекет алдына маңызды мәселе ретінде көтереді. Абай поэзиясында алғаш рет жеке тақырып деңгейіне жетіп, әйелге деген жаңа көзқарастың енді Мұхтар Әуезовтің «Өскен өркенінде» жаңа мағынаға ие болуы, сөз жоқ, үлкен көркемдік құбылыс. М. Әуезовтің әуелден көтерген әйел мәсе­лесі осылай соңғы шығармасына дейін желі үзілмей мәңгілік тақырып болып, « ұлт пен ұрпақты ұлықтайтын болсақ, ең бірінші әйел ананы ардақтап, соның жағдайын жасауымыз керектігін» мәңгі көкейімізге құйып кетті. Жазушының өмірінің соңында жазған «Өскен өркен» романында өз дәуіріндегі замандастар бейнесін бар қайшылықтарымен бейнелей отырып, өз кезеңінің көркем шежіресін жасады. «Мәдениеттің шырқау шыңы ең алдымен, әйелге деген қарым-қатынастан көрінеді» (М.Горький) дегендей, Мұхтар Әуезов те өзі сомдаған көптеген әйел-кейіпкерлерінің қатарына жаңа заманның адамы – Әсия мен Айсұлу бейнелерін қосып, әдебиетімізді бар қазақ қауымы үлгі тұтар әйел тағдырымен толықтырды.

1726 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз