• Ел мұраты
  • 12 Қазан, 2011

ЕЛДІК ПЕН ЕРЛІКТІҢ ИЕСІ

БАҚТИЯР СМАНОВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, Еларалық Ш.Айтматов академиясының академигі Арқа төріндегі «тотыдайын таранған, сұңқардайын сыланған» жас әрі бас шаһар – ару қаланың тіл жетпес әсем көркі қиялыңа қанат бітіріп, көңіліңді көкке өрлете түсетіні, жүрегіңе өз еліңе деген мақтаныш сезімін ұялататыны анық. Бас қаланың дәл кіндігіне орналасқан алтын түсті зәулім «Бәйтеректен» жан-жағыңа байыппен көз тастасаң, 10-15 жыл әлетінде әлем назарын өзіне аударған Астананың келбетіне тамсанбай тұра алмайсың, әсерленбей қарай алмайсың. Шығыстың сәулет өнерінің классикалық үлгісімен салынған Ақордамыздың көгілдір күмбезі, оның шырқау биік мұнарасына тігілген көк туымыз ерекше нұрланады. Онан бері әлемдік озық жетістіктермен өрнектелген мемлекеттік мекемелердің ғимараттары да өзіндік сән-салтанатымен көз тартады. Астананың құрылысында да, жасампаз жобаларында да адам ойланарлықтай, таңдай қағарлықтай кереметтер бар деп айтуға болады. Айталық, «Тәуелсіздік сарайы», «Пирамида», «Хан шатыры», «Астана триумфы» сияқты ғимараттар адамзаттың қол жеткізген тамаша жетістіктерін көз алдыңа әкелсе, өзге де көшелер мен үйлерде Қазақстанның қарышты қадамына лайық, болашаққа Азияның барысындай ұмтылыс, әлемдік адами да, діни бірлікке жарасымды бой ұру секілді рухани талпыныс бар. «Бәйтерек» пен «Мебиус лентасы» еуразиялық бірлігімізді, қос құрлықтың бауырластығының белгісі ретінде бүкіл әлемдік кеңістік пен жер жаһандық ақыл-ойды ұштастырып тұрғандай. Президенттік Мәдениет орталығы, Тұңғыш Президенттің мұражайы, «Салтанат сарайы», М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті бас ғимаратының үлгісімен салынған көп мұнаралы 44 қабатты кешен, «Нұр Астана» мешіті – міне, осының қай-қайсысы да Астанаға сән беріп, көріктендіріп тұрғаны сөзсіз. Гүлзар бақтарға оранған әсем Астана монументалды ескерткіштерге де бай қала. Мәселен, «Қазақ елі» монументінің өзі ерекше құбылыс. Есілдің жағасына орнатылған Хан Кене ескерткіші Нева жағалауындағы орыстың ұлы реформатор патшасы Бірінші Петрге арналған «Мыс салт аттыны» көзге елестеткендей. «Тәуелсіздік монументі», қазақ халқының аты аңызға айналған даңқты батыры Бауыржан Момышұлы ескерткіші де қаланың сәніне сән қосып тұр. Астанамыз – еліміздің жүрегі, Осы еді ғой халқымыздың тілегі. Күн дидарлы бет-бейнесі қаланың, Қиялдасаң түсімізге кіреді. Ғимараттар алтынменен апталған, Зәулім үйлер күміспенен қапталған, Ағыл-тегіл сияпат пен сыйлықтай, Алла өзі беріп жатқан аспаннан. Он жыл бұрын қазағыма боп арман, Алғаш рет іргетасы қаланған. Бас аяғы он-ақ жылдың ішінде, Астанамыз озып кетті заманнан Он ғасырда салынатын Астана, Он-ақ жылда аспан тіреп тұр әні, – деп жас ақын (А. Елубаева) жырлағандай, жалпы, бас қаламыздың бүгінгі жасампаздығын айтуға тіл жете бермейді. Осы арада көрнекті ақын, мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықовтың мына бір сөзі еріксіз еске түседі: «Вашингтон дегенде, Америка Құрама Штаттарының бірінші Президенті Джордж Вашингтон, Санкт-Петербург дегенде, орыс халқының ұлы патшасы Бірінші Петр елес беретіндей, Астана дегенде, Н. Ә. Назарбаевты заңды түрде еске аламыз, бұл сезім – нағыз таза сүйіспеншіліктен туған риясыз сезім. Елорда – Елбасының таңғажайып ерлігі десек, ол – тарихи шындық». Тауып айтылған сөз. Қожа Ахмет Йассауи мен оның ұстазы Арыстанбабқа кесене салғызған Әмір-Темір, көне қала Самарқанға Регистанды орнатқан Жалаңтөс баһадүр, сүйікті жары Мумтаз Махалға арнап, дүниеде теңдесі жоқ таңғажайып мавзолей – Тәж-Махалды тұрғызған Ұлы моғол империясының билеушісі Шахжаһан сынды бірді-екілі әміршілердің тарихи ғимараттар тұрғызғаны болмаса, Нұрекең сияқты әлемде бүтін бір қаланы бір өзі басы-қасында жүріп салғызған, тіпті, жобасын, нобайын өз қолымен сызып беріп, әр ғимараттың, әр орамның, әр көшенің сән-салтанатына, үйлесіміне көңіл бөлген патша кемде-кем. «Кеңес Одағы тарап, бұрынғы бір-біріне сүйенген одақтас республикалар әрі-сәрі болып жатқанда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы жан-жақтан қысып тұрған қаржылық қиындыққа қарамай, Еуразияның дәл жүрегінен сәулетті қала салғызды. Бұл – ерлік, нағыз ерлік іс еді», – деген болатын Ресейдің бұрынғы Президенті, қазіргі Үкімет басшысы В.Путин. АҚШ-тың Ата Заңының негізін салушылардың бірі, американдық ұлы ойшыл-ғалым Бенджамин Франклиннің «кішкентай қайықтар жағаға қарай жақын жүруі керек» деген тұспалды сөзі бар. Сол айтпақшы, біз енді ғана дамудың даңғыл жолын тапқан кішкентай қайық секілдіміз. Сақтық – қорқақтық емес. Ақымақ қана ештеңеден қорықпайды, алды-артын ойламайды. Ал біздің Елбасымыз – көзсіз батырлықты емес, ақылды ерлікті ұстанатын көшбасшы. Өткен бір сапарында Астанаға алғаш келіп, ертегідей абаттанған шаһарды аралаған, қала құрылысы туралы Нұрсұлтан Әбішұлының жоба-жоспарларымен танысқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун да осындай бір жақсы ой айтты. 2010 жылғы желтоқсанда Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық ұйымының Астанада өткен Саммитіне жиналған әлемдегі 56 мемлекеттің үкімет делегациялары, оның ішінде, АҚШ-тың Мемлекеттік Хатшысы Хиллари Клинтон да Астананы ең жаңа, ең сәулетті қала деп тамсана мадақтаумен бірге, мынадай қаржы дағдарысы заманында қиындықтан қаймықпай, шаһар салған Мемлекет басшысының батылдығына, табандылығына қайран қалысты. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы қиыншылыққа толы өтпелі мерзім кезеңінде Арқаның төсінде жаңа қала салуға сеніммен қадам жасауы шынында да Елбасының ерен ерлігі демеске әддің жоқ. Тәуелсіздігімізді жариялағанымызбен, ел экономикасы әлсіреп, әлтек-тәлтек күй кешіп отырған кезде астанамызды Алматыдан Ақмолаға көшіреміз деген Елбасының шешімін әркім әр саққа жүгіртіп, ел іші гу-гу болып жатты. Біраз жұрт бұған, тіпті, күдік-күмәнмен, сенімсіздікпен қарады. Алайда, жасампаз елдің жарқын болашағын ойлаған зиялы қауым, басым көпшілік Президенттің ұсынысын мақұлдады. Үкімет пен Парламент те бір шешімге келді. Арнаулы қаулы қабылданды. Міне, бұл Нұрсұлтан Әбішұлының көреген кемеңгерлігінің айқын көрінісі еді. Оң шешім шығарылды. Ал енді шындап іске кірісетін кез келді. Осындайда Елбасы шетелдік инвестицияға иек артты. Ол кісінің іскерлігі, саңлақ саясаткерлігі арқасында Астанада жаңа ғимараттар салуға тілек білдірген инвесторлар да табыла кетті. Жаңа шаһардың жолы осылайша ашылған. Бұдан біраз жыл бұрын теледидардан Елбасы туралы жақсы бір хабар көрсетілді. Онда болашақ бас қаланың кіндігіндегі алып ғимарат «Бәйтеректің» нобайын Нұрсұлтан Әбішұлының өзі ақ қағазға қарындашпен сызып отырғанын көріп, аса риза болғаным бар. Бүгінде «Астананың бас сәулетшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі» деген сөз айтылып, жазылып жүрсе, мен бұған толық қосыламын. Өйткені, қаланың бас жоспары Елбасының жеке ой-қиялынан, шығармашылық өзіндік ізденісінен туғанына бүгінде бәріміз де көз жеткізіп отырғанымыз жасырын емес. Жанқиярлық еңбек пен маңдай тердің, нар тәуекелдің арқасында 1998 жылы Астананың тұсаукесер тойы өтіп, оның жарқын болашағы айқын көрініс берген-ді. Шындығында да, қысқа ғана кезеңде заманымызға лайықты сәулетті шаһар салдырып, 250 жылдан астам уақыт бойы Ресейдің боданында болған Қазақ елінің тәуелсіз мемлекеттігін құрып, оны айдай әлемге танытуы – тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен ерлігі мен данышпандығының арқасы екенін бүгінде әркім-ақ, тіпті, айдай әлем мойындайды. Анығында туа біткен табиғи дарынның, алымдылығы мен шалымдылығының арқасында мемлекетті биіктен-биікке бастап келе жатқан, елін сүйген, елі сүйген Елбасымыздың біз үшін жөні бөлек. Сонау сақ дәуірінде де, қағанат, хандық заманында да, әз Жәнібек пен Керейдің, Абылайдың тұсында да еш ұрпақ мұндай бақытты, мұндай дәулетті көрген жоқ. Бүгінде Қазақстан төрткүл дүние мойындаған, өркениетті елдермен терезесі тең, керегесі кең іргелі мемлекет дәрежесіне көтерілсе, бұл, құдайшылығын айту керек, тікелей Елбасымыздың ересен іскерлігінің, көреген басшылығының арқасы. Қазақстандықтардың жаңа Астана мен еліміздің жетістіктерін Н.Назарбаевтың есімімен байланыстыруы тегіннен-тегін емес. Өйткені, бұл – әлем серкелері даусыз мойындаған ақиқат шындық. Осы арада Финляндияның бұрынғы Президенті Урхо Калева Кекконеннің тағдыры еске түседі. Фин халқының тарихында есімі алтын әріппен жазылған ол қатарынан 4 рет президенттіке сайланып, мемлекетті 30 жылға жуық басқарыпты. Сол У.Кекконен басқарған жылдары Финляндия экономикасы артта қалған «болашағы бұлдыр» елден технологиялық әлеуеті жағынан әлемдегі ең озық мемлекетке айналды. Қазір осы мемлекет халқының өмір сүру коэффициенті бойынша дүние жүзіндегі ең алдыңғы орында тұрғаны белгілі. Оған халықтың риза болғаны сондай, президенттік өкілдік мерзімін ешбір сайлаусыз, өз қалауларымен, тек арнайы заңның күшімен тағы 5 жылға ұзартқаны тарихтан мәлім. Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) ең алғашқы құрылтай саммиті фин халқының осы ұлттық қаһарманының бастамасымен 1975 жылы Хельсинкиде өткені аян. Бұдан туатын ой, біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Фин халқының атасы атанған Урхо Кекконеннің өмірі мен қызметінде, туған халқының алдындағы перзенттік борышын өтеудегі жанкештілігінде бірін-бірі толықтырып тұратын ұқсастықтар бар ма дерсіз. Қараңызшы, тіпті, Қазақстан Президенті араға 35 жыл салып, Хельсинки рухын тірілтіп, Астанада ЕҚЫҰ –ның жетінші саммитін тамаша табыспен өткізуі, мұнда Астана декларациясының қабылдануы осы ұлылар ұқсастығы мен үндестігінің жарқын көрінісіндей. Нұрсұлтан Назарбаев – халық бірауыздан сайлаған, әлем сыйлаған, саяси-экономикалық табысымызды алға сүйреп келе жатқан өршіл рухты Ұлт көшбасшысы ғана емес, қай өлшеммен, қай биіктен қарасаңыз да еңсесі мен ерендігі ешқашан аласармайтын, ұлықтығы төмендемейтін тарихи ұлы тұлға. Оның көбімізде кездесе бермейтін, талайларды тамсандыратын ерекше бір қыры – арманы мен аңсары ешбір аласарып көрмегендігі. Бір биікті бағындырса, екінші бір биікке ұмтылу, ұмтылып қана қоймай, көздеген мақсатына жету үшін талмайтын, еш шаршап-шалдығуды білмейтін қажымас қайраткерлігі тәнті етеді. Өткен күндерге көз жүгіртсек, ТМД кеңістігінде болған өтпелі кезеңді біздің Қазақстан да басынан кешірді. Бұл кезең 1991 мен 2000-шы жылдар аралығын қамтыған еді. Елбасының сара басшылығы мен оны халықтың қуаттап, қолдауы арқасында күл-талқаны шығып қираған ұлан-байтақ елде еңселі мемлекет құра білдік. Мұны бір деп қойыңыз. Екінші, сонау жылдары, ел өз тәуелсіздігін жариялаған кезде, қазақ даласы ешбір халықаралық құжатпен рәсімделмей, көршілеріміздің көзтүрткісіне айналып, ашық-шашық жатқан еді. Солтүстіктен «екі басты самұрық», шығыстан «айыр тілді айдаһар» қос өкпеден қысып тұрса, іргеміздегі ағайындардың да ішінен «біздің де алашағымыз бар» деп, көздерін алартқандары болғаны шындық. Міне, осындай қиындықтан жол тауып, қисынын шешіп, қазақ шекарасын ресми құжаттармен мәңгілікке шегендеп бекіткен тұңғыш Президентіміз болды. Үшінші, ел тәуелсіздігін алғанда, Қазақстанның өз валютасы болмады. Ұлттық теңгеміздің атын да, затын да ойлап тауып, сыртқа сыр білдірмей, алдын-ала ақшаны шет елде бастырып, оның бірнеше жыл ішінде әлем қаржы нарығынан өз орнын табуына алғышарт жасаған да – Елбасының тікелей өзі. Төртінші, Президент Әкімшілігі Кеңсесінің жетекшісі Махмұт Қасымбеков жазғандай, бүгінгі уақыт сынына төтеп беріп келе жатқан Ата Заң – Конституциямыздың авторы да Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев. Бесінші, әлем әлдеқашан мойындаған «Қазақстан – 2030» стратегиялық даму жоспары да Президенттің тікелей басшылығымен, тың идеясымен дүниеге келді. Алтыншы, жүрегінің түгі бар қаһарман-қайраткер ғана жүзеге асыра алатын міндет – астананы ауыстырып, елорданы Сарыарқаның төріне қондыруы да Елбасының ерен ерлігінің жемісі әрі нәтижесі. Жетінші, кешегі Кеңес Одағы республикалары арасынан ғана емес, бүкіл мұсылман мемлекеттері арасынан суырылып алға шығып, туған халқының даңқын асырып, айбынын асқақтатып, ЕҚЫҰ-ға төраға болып, төрге шықты. Төрге шығып қана қойған жоқ, қашан да бізге ұстаз болумен келген еуроцентристік көзқарасы басым құрлықтың аузын айға білеген басшыларын кешегі бөрілі байрақты Көктүріктің бүгінгі ұрпағы – қазақ жеріне келтірді, еңсесі биік Ақордаға енгізіп, құрметпен сәлем бергізді. Бұл еліміздің даңқын асырғаны өз алдына, әр қазақтың жүрегіне қазақ болып туғаны үшін мақтаныш сезімін ұялатты. Мұны ып-рас деген орынды шығар. Сондай-ақ, жаһандық қаржы дағдарысының қатал сынына төтеп берген Қазақстанның басында да Елбасының өзі тұрды. Ол ол ма, қазіргі уақытта еліміз өз экономикасындағы үдемелі индустриялдық-инновациялық дамуды белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Сол сияқты, 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени дамудың стратегиялық бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаның авторы да, бастамашысы да – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі. Өткен жыл төрткүл дүние төрінде Қазақстанның бағы жанған, жасампаздықтың жеңісі жарқыраған ерекше жыл болды. Кербез Еуропаның 56 мемлекетінің басын қосатын ЕҚЫҰ-ға төраға болуы, осынау жауапты міндетті абыроймен атқара алғаны – оның толайым табысы. Қалай дегенмен де, аталған ұйымның жетінші Саммитінің қорытындысы ретінде Астана декларациясының қабылдануы ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жұмыла жұмыс істеуге деген ынтасына қоса, Елбасы бастаған Қазақстан командасының кәсіби біліктігін де айқындап бергені даусыз. Ең бастысы, осындай жоғарғы деңгейдегі саммитті өткізген соң, Қазақстан халықаралық деңгейдегі кез-келген саяси маңызды шараларды атқаруға лайық мемлекет екендігін танытты. Мұның өзі де – тарихи Ұлы Жеңіс! Саяси сарапшылардың пікіріне қарағанда, «Еуразиядағы қауіпсіздік кеңістігі» ұғымын ЕҚЫҰ аясына енгізуі де – Қазақстанның ірі жеңісі! Еуропалық елдер бұдан былай байырғы көршісі, әрі бәсекелесі – Азиядағы қауіпсіздікке де алаңдап, ендігі жерде Шығыстағы әріптестерінің пікірімен, арман-мүддесімен санасуға, олардың ұстанымын ескеруге бейілді болды. «Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, шын мәнінде осы саммиттің өткізілуі мен Астана декларациясының қабылдануында Елбасының кәнігі саясаткер, әлемнің кәдімгі үлкен жүректі азаматы ретіндегі жеке абырой-беделі көп ықпал еткенін жергілікті де, шетелдік те саяси сарапшылар бір ауыздан мойындап келеді. Мысалы, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо бұған дейін ұйымға төрағалық еткен мемлекеттердің бір-біріне егіз қозыдай ұқсас тұстарының көп болғанына тоқтала келе: «Президент Н.Назарбаевтың бастауымен Қазақстанның 2010 жылға төраға боламыз деген ниеті мен сайлануы ұйымға жаңа леп берді. Одан кейін Астанада саммит өткізу туралы шешім де ұйымға деген және оның көтерген мәселелеріне деген қызығушылықты күрт арттырып жіберді. Басқалар Қазақстаннан үлгі алса қане», – деп Елбасының көшбасшылық қасиетін орынды атап өтсе, ЕҚЫҰ-ның келешекте жаңаша өркен жаятынына үлкен сенім білдірген ұйымның Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы Петрос Эфтимиу: «Саммит көздеген мақсатына жетті деп әркім де айта алады деп ойлаймын. Әркімнің негізгі проблемаларға байланысты өзіндік пікірі болды, бірақ саммит барысында әріптестер ортақ пікірге келе алды. Осы тұрғыдан қарағанда саммит өз жемісін берді деп есептеуге болады. Саммит жұмысын ұтымды, табысты ұйымдастыра білген Президент Н.Назарбаев бастаған Қазақ төрағалығына шексіз ризашылығымды білдіремін. Өйткені, ЕҚЫҰ-ның өмір сүру, сүрмеу болашағы осы саммиттің қорытындысына байланысты болып тұрған еді», – деп орынды да орнықты пікір білдірді. «Жақсы сөз жан жадыратады» дейді атам қазақтың мақал сөзі. Төрағаның бұлай ағынан жарылуының өзіндік себебі бар. Өйткені, Стамбұл мәжілісінен кейін он бір жылдан астам уақыт бас қоспаған ұйым мүшелері бұл жолы да қорытынды құжаттарға қол қоймаса, онда «осы ұйымның өзі қажет пе?» деген сезікті сұрақтың туындауы заңды құбылыс еді. Абырой болғанда, Астана Саммиті әлем тарихында Астана декларациясының қабылдануымен ғана емес, ЕҚЫҰ-ның екінші тынысын ашқан жиын ретінде тарихқа алтын әріптермен жазылды. Төраға болу өз алдына теңдессіз оқиға болса, Астана Саммитінің асқақ абыроймен өтуі тарихи Ұлы Жеңіс болатыны сондықтан. Бұл да Ұлт көшбасшысының сындарлы саясатының биік шыңы болды десек, артық айтқандық емес. Айтпақшы, әрқашан алысты көздейтін Елбасының Астанадан Келісім сарайын салғызып, онда 3 жыл сайын әлемдік діни конфессиялар өкілдерінің басқосуын өткізіп, жер бетіндегі әр алуан діндердің басшыларына бас қостырып, қол алыстырып, дінаралық, ұлтаралық және мемлекетаралық татулықты нығайту мәселелерін талқылап отыруы – дана саясатының бір қыры. Діндер тату болса, елдердің де арасында алауыздық болмайды, яғни, бүгінгі таңда дін – бейбітшіліктің тірегі. Діндераралық келісімді нығайту арқылы Елбасы Қазақстанның беделін көтеріп қана қоймай, төл дініміз – Исламның да абыройын асыруға үлес қосып отырғаны анық. Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының ІІІ съезін ашарда сөйлеген сөзінде Президент Н.Ә. Назарбаев: «Халықтарды бір-бірінен бөлетін теңіздер емес, надандық пен тілдердің бөлектігі де емес, араздық қана. Достық жоқ жерде араздыққа мүмкіндік мол болмақ. Сондықтан, ізгілік, рақым, имандылық секілді мәңгілік ұғымдарды санаға дарыту арқылы адамдарды тазарту қажет. Адам түзелмей, заман түзелмек емес. Бүлінген заманды түзеу – адамның өз міндеті. Ал адамды діни сенім арқылы түзеуге болады», – деді рухани сенім мәселесінің маңыздылығы жөнінде. Бүгінде төрткүл дүниедегі соғыс та, лаңкестік әрекеттер де Исламның атымен бүркемеленіп, оған жан-жақтан айқыш-ұйқыш күйе жағып, мұсылман қауымының, Мұхаммедтің қасиетті дінін жексұрын етіп көрсеткісі келетін дұшпандар тым көбейіп кеткені мәлім. Осындайда Астанада Елбасының тікелей бастамасымен әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съездерін өткізудің түп-төркіні, шынында да, тереңде жатқанын аңғарып, Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігіне тағы да қайран қаламыз. Сөз реті келгенде, өзіміз куәсі болған Елбасы қабылдауын айта кеткенді орынды санап отырмыз. Ол 1994 жылдың 24 қарашасында болған еді. Бұл жылы жүзді кездесуді Президенттің сол кездегі бірінші көмекшісі, бүгінгі ел Парламенті Сенатының депутаты, саясаткер-ғалым Ахан Құсайынұлы Бижанов ұйымдастырған болатын. Біз ол тұста Үкімет жанындағы Дін істері жөніндегі Кеңестің жауапты хатшысы қызметін атқаратынбыз. Бүкіл ислам жамағатының әйгілі діндар ғалымы, Құрани Кәрімді тұңғыш қазақ тіліне тәржімалап, Мәдина-Мунаууаррада бастырған қадірменді ақсақалымыз Халифа Алтаймен бірге бізді (осы жолдар авторын) Президент Н.Ә.Назарбаев өз резиденциясында бір сағаттан астам уақыт бойы арнайы қабылдап, емен-жарқын әңгімелесті. Сол шынайы да шырайлы кездесуде Елбасы дін, діни тәрбие, ұлттық құндылықтар, рухани келісім, жер бетіндегі бейбітшілік пен татулық жолында барлық дәстүрлі діндер мен конфессиялардың күш-жігерін біріктіру қажеттілігін, өзара діни сыйласымдылық, төзімділік, ынтымақтастық ұстанымдарын қалыптастыруды, әлемдік діндердің келісім орталығын құру, өз еліміздің барлық деңгейдегі оқу орындарына «Дінтану» пәнін енгізу жайына кеңінен тоқталды. Әсіресе, бағзы замандардан бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан әртүрлі іргелі діндер, мәдениеттер, өркениеттер арасындағы диалогты жүзеге асыру керек екендігі мен олардың өзара үнқатысуын біздің мемлекетімізде ұйымдастырудың маңыздылығы, осы бағыттағы болашақ жоспарлар – қадап айтылды. Бұдан он жеті жыл бұрынғы әңгіме өзегі болған құнды ойлардың қазіргі таңда рет-ретімен іске асып жатқанын көргенімізде, мерейленгендей күй кешеміз. Сол әсерлі қабылдауда сексеннің сеңгіріне шыққан қария ел басшысының аса биік өрелі азаматтығына, ерекше кішіпейілділігі мен асқан қарапайымдылығына, айрықша пайым-парасаттылығына дән риза болып, ақ батасын берген-ді. Мұны ғұлама ғалым «Ел мен Елбасы» (2003 ж. 101 бет) кітабында риясыз көңілмен іске асып, алғысқа толы жылы лебіздер білдіріп, игі тілектерін айтыпты. Биылғы жылы Қазақ елі әлемнің 57 елінің басын қосатын Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етеді. Оған қоса, Ұйым жиынына бес мемлекет және бес халықаралық ұйым байқаушы ретінде қатысады. Жер шарының үштен бір бөлігін құрайтын бұл іргелі ұйымның тізгінін ұстау – Елбасының жеке тұлғасының, сонымен бірге, ұлы Отанымыз – Қазақстанның да иісі мұсылман дүниесіндегі абырой-беделінің аса жоғары екенін білдірсе керек. Осы төрағалық қарсаңында елімізде тұңғыш рет бірегей мемлекеттік құрылым – Дін істері жөніндегі агенттіктің ашылуы үлкен саяси-әлеуметтік мәні бар оқиға болды. Біздің еліміз бүгінде ИҚҰ-ның көп тарапты қызметіне белсене қатысып, оның әлемдік қауымдастықтағы рөлін арттыруға, өркениетті дүниедегі ерекшеліктерін нығайтуға өзінің салмақты үлесін қосып келеді. Сондықтан, Ұйымға төрағалық ету – біздің елімізге, Елбасымызға көрсетіліп отырған ерекше сенім, үлкен жауапкершілікті міндет екендігімен қатар, күллі Ислам дүниесі мен әлем елдері арасындағы достастықтың, ынтымақтастықтың, татулықтың, рухани келісім мен төзімділіктің, түптеп келгенде, жер жаһандық бейбітшіліктің, ғаламдық тыныштықтың кепілі болмақ. Осындайда Британ халқының көрнекті геосаясаткері Хельфорд Маккиндер айтқан мына бір аталы сөз ойға аралады. Ол былай дейді: «Орталық Азияны кім билесе.., сол – бүкіл әлемді билейді.» Өте терең мағыналы ой. Шын мәнінде бүгінде Орталық Азияда біздің Елбасымызға тең келер саясаткер де, патша да көзге көрініп тұрмағанын ойлап, тәубе дегендей шүкіршілік халге түсеміз. Ықылым замандардан бері Ұлы дала төсінде сан қилы тағдырды басынан кешкен, тарихтың талай теперішінен аман өтіп, «мың өліп, мың тірілген» қасиетті қазақ жерінде бүгінде әлем таныған тәуелсіз Қазақ елі көк туын аспандата желбіретіп отыр. Расында, Тәуелсіз Қазақстанның халықаралық аренаға шығып, өз жетістіктерімен және табыстарымен әлемді аузына қаратуының өзі – тарихи тамаша жеңіс. Бұл жолда Елбасы еңбегінің зор екенін жоғарыда айтып өттік. Бірақ, ел болу дегеніміз тек мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық гүлденуі ғана емес, елдік сананы қалыптастыру, ұлттың сапалық құрамын арттыру, рух тазалығын тәрбиелеу екенін ұмытпағанымыз жөн. Бұл – кез келген ұлттың биік мұраты. Мұны тағы да қайталап айтудың реті келіп тұр. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, кез-келген мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік гүлденуі мен қауіпсіздігі халықтың білімі мен интеллектуалдық құндылықтарымен тығыз байланысты. Осы тұрғыдан келгенде, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен білім берудің барлық жоғары талаптарына сай келетін «Назарбаев интеллектуалды мектептері» мен «Назарбаев университетінің» ашылуы еліміз үшін үлкен абырой болды. Білім жаңа әлемнің өркендеуі мен дамуындағы негізгі индикатор ретінде бағаланып отырғаны мәлім. Елбасының Отанымыздың ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық гүлденуін қамтамасыз ету үшін білім жүйесін дамытуға бірінші кезекте басымдық беруінде осындай сыр бар. Мұның өзі – біздің еліміздегі білім беру мен интеллектуалды тәрбие беру сапасының халықаралық стандарттарға сай келуі қажет деген сөз. Ал, осы білімді беретін, оны интеллектуалды тұлғаны тәрбиелеу бойынша оқытатын бірден-бір мекеме – жоғары оқу орны болса, ол кез-келген бәсекеге қабілетті ұрпақты кемел адами тұрғыдан қалыптастыруға әзір болуы керек. Қазіргі білім беру мен ғылым жүйесі үшін қойылатын негізгі талап осындай. Астанадан ашылып отырған Назарбаев Университетінің алға қойып отырған негізгі мақсаты, міне, осы – қазақстандық жастардың алыс-жақын шетелдерге бармай-ақ, өз Отанында жүріп, әлемдік стандарттарға сай білім алуына мүмкіндік жасау. Елбасының тапсырмасы бойынша дүниеге келген жоғары оқу орны болашақта білім берудегі ұлттық жүйенің және әлемдік ғылым-білім тәжірибесінің барлық озық жетістіктерін бір басына жинақтаған Қазақ елінің ұлттық брендіне айналады деген үкілі үміт бар. Университеттің ашылу салтанатында Президент әлемде теңдесі жоқ, еліміздің болашақ зияткерлік элитасын қалыптастыру мақсатында құрылған халықаралық дәрежедегі тұңғыш білім беретін оқу орны болатынын айта келе, «бұл – жастарға, елдің болашағына тартқан тарту» деген болатын. Қалай дегенде де, аталған жаңа университетті ашу туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындағаны сөзсіз. Мұны Елбасы 2010 жылдың 7 желтоқсанындағы Назарбаев Университетінде оқыған дәрісінде тайға таңба басқандай анықтап берді де. Ол өз сөзінде елдің қазақстандық ғылым мен білім беру жүйесі үшін жаңа уақыттың келгенін, енді соның талабына жауап беретін бағыттарды айқындау керектігін түсіндіре келіп, мынадай бес стратегиялық міндетті атап көрсетті. Бірінші, даму қарқынын үдете түскен бүгінгі Қазақстанға халықаралық деңгейдегі мамандарды өз бетінше даярлауға қабілетті, өз ғылым мен білім индустриясы қажет; екінші, қазақстандық білім беру жүйесі үшін ХХІ ғасырдағы жоғарғы оқу орнының үлгі-эталоны қажет. Жаңа университет – осы қазақстандық жоғарғы оқу орнының әлемдік білім беру кеңістігіне енуінің жаңа баспалдағы болады; үшінші, Қазақстанға ғалымдар ғана емес, сондай-ақ, келешектегі инновациялық салалардағы жаңа технологияны жасау үшін ғылыми орталықтар құру қажет; төртінші, қазіргі әлемде білім беру қызметі – экономиканың жылдам дамитын сегменті. Қазақстан әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, өңірдегі, ТМД және жалпы алғанда, Еуразиядағы білім беру мен ғылыми жаңалықтардың экспорттық орталығына айналуы қажет; бесінші, жаңа университет Астананы Еуразиядағы ірі ғылыми білім беру ордасына айналдырады. Бұл оқу орнының құрылуы – Астананың өркендеп өсуіне, бүкіл мемлекет пен қоғамның дамуына жүйелі ықпал етуге шақыратын аса маңызды ұлттық жоба. Елбасы айтқанындай, біз көптеген ұстанымдардың жаңа сапаға көшетін заманында өмір сүріп жатырмыз. Мысалы, еліміздің тәуелсіздігін сақтап қалып, оны одан әрі дамыту, егемен еліміздің жаңа Елордасы –Астананың жаңа келбеті, оның қазіргі сән-салтанаты; «Интеллектуалды ұлт –2020» стратегиясы мен мектепке дейінгі білім беру мекемелерін толықтай қамтуға бағытталған «Балапан» бағдарламасы, дарынды балалар үшін жаратылыстану-математикалық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын 20 интеллектуалдық мектепті ашуға бағытталған жоба мен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге аса бастауы – жаңа сапалық көрсеткіштерге апарар сара жол іспетті. Бұл, шындығында да, нағыз ұлттық идея! Жаңадан бой көтерген Назарбаев университетінің құрылымы да, негізінен, осы идеяға иек артады, яғни, мұнда заманауи ғылыми ұстанымдардың келешегі зор бірнеше саласы жаңа сапаға көшетін болады. Атап айтқанда, жаңа университет, ең алдымен, жоғарғы энергия физикасы, энергиямен жабдықтау технологиясы мен жаңартушы энергия-ресурстары саласындағы энергетикалық зерттеулер орталығына айналады. Қазақстан үшін жел, күн, жылу мен геотералды, сондай-ақ, биоэнергетика саласындағы әзірлемелер болашағының маңызы орасан. Ол жаңа жылу элементтерін, жарықтың энергия жабдықтау көздері мен өткізгіш құралдар жасау мүмкіндігіне жол ашады. Сонан соң, жаңа университетте өмір туралы орталық құрылып, оның аясында қазіргі кездегі трансплантология саласындағы ең өзекті мәселелерге арналған ғылыми зерттеулер жүргізіледі. Айталық, бұл орталықта жасанды жүрек және әртүрлі күрделі ауруларды жаңа операциялық емдеуге қатысты тың технологияларды ендіру көзделіп отыр. Мұнда адам генін зерттеуге, тірі адам организмі жасушаларының өндірісіне, гендік дәрі-дәрмек жасауға айрықша мән беріледі. «Болашақ госпиталын» жаңа медициналық технологияны ендіру алаңына, былайша айтқанда, қазақстандық денсаулық жүйесі дамуының локомотивіне – отарбасына айналдыру мақсат етілген. Сонымен бірге, жаңа университет жанынан Халықаралық тәртіптік-инструменталдық орталық құрылған. Бұл орталық еліміздегі инновациялық дамудың негізгі базасы болып табылады. Ол әрі «Интеллектуалды ұлт – 2020» бағдарламасына сәйкес ғылыми мамандарды даярлауды ұйымдастырудың жаңа негізін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Міне, Астанадағы Назарбаев Университетінің еліміздегі басқа жоғарғы оқу орындарынан басты айырмашылығы осында жатыр десек, бұл да елдің үдемелі индустриалдық-инновациялық дамуы және Қазақстанның білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі Елбасының өз идеясы, өз байламы деп білуіміз керек. Жалпы, жаңарған әлемдегі жаңа Қазақстан тәуелсіздіктің 20 жылдығына орнықты, қуатты және ширақ мемлекет ретінде қадам басып отыр деп нық сеніммен айта аламыз. Мемлекет басшысының өзі атап көрсеткендей, еліміздің ұлттық тарихи жолы негізінен үш жүйеқұрушы міндетті қамтиды. Атап айтатын болсақ, бұлар – қуатты мемлекет, біртұтас толеранттық қоғам және инновациялық экономика. Осы орайда Назарбаев Университетінде оқыған дәрісіндегі ел Президентінің мынадай ой-пікірі біз үшін, әрбір қазақстандық азамат үшін аса маңызды деп ойлаймыз: «Мынаны есте сақтаңдар: әркімге өмір бір рет қана әрі соңғы рет беріледі. Ал, сіздерге үлкен мүмкіндік беріліп отыр, бұл кезеңді дұрыс пайдаланып, өздеріңді көрсете біліңдер. Өздеріңді біздің еліміздің интеллектуалдық элитасы ретінде көрсетіңдер, сосын Қазақстанның ғылымын алға жетелеңдер. Бүгінгі басты миссияларың – алға жүктеген міндеттерді шешу үшін лайықты оқып, білім алу». Ұлт кемеңгері Нұрсұлтан Әбішұлының осы пікірі ортақ Отанымыздың барлық жастарын сапалы білім алуға, сол білім арқылы бірігуге шақырған үндеуі секілді десек, шындықтан алыс кетпеген болар едік. Тағы бір айта кететін жайт – Елбасының тікелей нұсқауымен жер жүзіне тарыдай шашылған қандастарымыздың біразы өздерінің тарихи Отанына оралып, туған-туысқандарымен қауышып, атажұртта өмір кешуде. Бұл да сол баяғы Н.Ә.Назарбаевтың табандылығының, уәдеге беріктігінің, жанашырлық сезім мен бауырмалдық қамқорлығының белгісі іспетті. Қандастарының атамекенінде басын қосқан әлемде тек Израиль, Германия, Қазақстан секілді үш-ақ мемлекет. Мұны мамыр айында өткен Дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайында бас қосқан отандастарымыз тарапынан айтылған жылы лебіздер, жақсы пікірлер дәлелдейді. Алдағы уақытта да Қазақстанның алдында әлемге үлгі боларлықтай атқаруға тиісті тамаша істер күтіп тұр. Жеңіс қашан да бірлік пен ынтымақтың арқасында келеді. Ел бірлігін сақтау, ұлтаралық татулықты ұлықтау әр қазақстандықтың қасиетті парызы болуға тиіс. Бүгінде Қазақ елінің тарихи миссиясы – тәуелсіз Отанымызды ғаламдық аренадағы саяси және әлеуметтік-экономикалық күрделі құбылыстар ортасынан сүрінбей алып шығып, жаһан таныған қуатты елге, Батыс пен Шығысты жалғайтын алтын көпірге айналдыру болып табылады. Мұндай тарихи міндетті бүкіл төрткүл дүние таныған еліміздің сенімді Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастап, атқарып шығатынына өз басым ешқандай күмән келтірмеймін. Елорда мен Елбасы туралы толғанғанда, менің ойыма шығыс халқының мына бір аңыз-әңгімесі еріксіз оралады... Ертеде бір патша нөкерлерімен жол жүріп бара жатып, бір ақсақал қария ағаш егіп жатқанын көреді. Патша шалға жақындап: – Ақсақал, неге сонша қиналып жатырсыз? Бұл ағаш өсіп-жетіліп, жемісін бергенше, сіздің оған өміріңіз жетпейді ғой,– деп уәж айтыпты. Шал: – Тақсыр, мен өмірімнің жетпейтінін білемін. Бірақ, мен аталарымның еккен ағаштарының жемісін жеген едім. Ертеңгі ұрпақ та менің еккен ағаштарымның жемісін жесін, – депті. Патша қарияның сөзіне дән риза болып, оған бір дорба алтын береді. Сонда шал: – Көрдіңіз бе, тақсыр, менің еккен ағаштарым қазірден жемісін бере бастады, – депті. Патша бұл сөзге де риза болып, тағы да алтын беріпті. – Ұлы мәртебелім, байқадыңыз ба, басқа ағаштар жылына бір рет жеміс берсе, менің еккен ағашым жылына екі рет жеміс беретін болды, – деген екен қария. Әрине, бұл әңгімеде ғибраты терең мағына жатқаны белгілі. Осы қария сияқты біздің Елбасымыз да қазақ жеріне зәулім де заңғар, салтанатты да сәулетті шаһар салдырып, қаланың ішіне де, айналасына да жеміс ағаштары мен саялы ағаштар еккізіп жатса, мұның қызығын бүгінгі және ертеңгі, тіпті, онан кейінгі ұрпақ көретіні, жемісін солар жейтіні айдан анық.. «Атадан мал қалғанша – тал қалсын» деген халқымыздың өнегелі сөзі жайдан-жай айтылмаған. Елбасымыздың тікелей бастамасымен өмірге келген «Жасыл ел» бағдарламасы да қазақ жерін көріктендіруге бағытталып отырғаны белгілі. Осы бағдарлама аясында соңғы он шақты жыл көлемінде елімізде мыңдаған гектар жасыл алқаптар пайда болды. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – 20 миллион ағаш» бастамасы да – Елбасының туған жерді түлетуге, экологиямызды сауықтыруға деген ізгі ниетінің көрінісі. Медиен далаларымыз, ауыл мен қалаларымыз жасыл желекке оранса, шынымен-ақ болашағы жарқын, жасыл да, жасампаз елге айналарымыз күмәнсіз. Астананың көшелері де, айналасы да бүгінде жайқалған ағаштан көркейе, көріктене түсуде. Әсіресе, қала сыртындағы шыршалы, қарағайлы алқаптар көздің жауын алады. Жеміс ағаштары да көбейіп келеді. Жоғарыдағы аңызда айтылғандай, мұның бәрін ешкім өзімен алып кетпейді, әсем қала да, жаңа отырғызылған жасыл желекті орман алқаптары да ұрпақтан-ұрпаққа қалады. Кейде «Көктем гүлдің бағын ашады, Көсем елдің бағын ашады» деген халық даналығы біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арнап айтылғандай ой қалдырады. Елорда және Елбасы. Бүгінде осы екі ұғымды бір-бірінен бөліп қарау еш мүмкін емес. Өйткені, Елорданы Елбасы салғызды, ал, Елорда Елбасы мен бүкіл қазақ елінің абыройын асқақтатты. Халқымыз айтқандай: «Мына шексіз ғаламда өз далаң мен өз Отаның болғаны қандай бақыт!» Н.Ә.Назарбаев ұлтының үлы арманын жүзеге асыра білді. Аз ғана жылда аспан астын жайнатып, Астана-шаһар тұрғызды. Іргеміз тыныш, түндеріміз бейбіт, күндеріміз нұрлы... Астана қаласының қақ төріндегі алтын шары күн нұрымен шағылыса жарқырап, айналаны арайға бөлеген алып «Бәйтеректің» ұшар басынан абаттанған шырайлы шаһарға құмарлана, сүйсіне қарап тұрғанда, кез-келген адам осындай ордалы ойларға кететіні кәміл. SUMMARY Іn artіcle grandіose work of the Head of the state іn creatіon and development of Astana іs consіdered. Іn gіven artіcle іt іs told about N.A.Nazarbaeve, as about the wіse polіtіcіan, about a role of the Presіdent іn the world, about posіtіve changes іn destіny of the country under іts sensіtіve management.

905 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз