• Еркін ой мінбері
  • 08 Қазан, 2012

ҚАЗАҚ АТАУЫНЫҢ МӘНІ

Құдияр БІЛӘЛ, журналист

Біз кімбіз? Дұрыс. Қазақпыз. Енді, осы сауалды жеке адамға қарата қойып көрелік. Сонымен, сіз кімсіз? Тағы да дұрыс. Иә. Қазақсыз. Міне, осы сауалға қайтарылған дұрыс жауап бізді бүгінгі күнге жеткізді. Алла қаласа, ертеңгі күнге де алып барады. Рас, бір қарағанда біз қойған сауалдың да, оған қайтарылған жауаптың да пәлендей мәні жоқ тәрізді. Шынымен солай ма? Байыптап көрелік. Кеңестік дәуір тұсында бұл сауал ешкімге тікелей қойылмайтын. Қойылған күннің өзінде оған «советпін» деген жауап қайтарылатын. Бәлкім, сәл басқашалау. Алайда ұғымы сол советке келіп-ақ тұратын. Неге? Қорқыныштан ба? Жоқ. Себебі «қазақ» сөзі мәнінен КСРО атауының қуат күші басым болатын. Бұл – әлеуеттік басымдық емес. Бар гәп КСРО атауының ғарыштық үйлесіммен үндесе алғандығында. Ол үндесу – халықтың арман-тілегі арқылы жүзеге асты. Сан миллиондаған адам бір ғана ойлау жүйесін қалыптастырды. Тұтастық – жер мен көкті қамтыды. Солай бола тұра, сол алапат қуаттың өзі «қазақ» атауын жойып жібере алмады. Неге? Себебі, «қазақ» атауы – мәңгілік ұғым. Бір сөзбен айтқанда, Алла қалауы. Ал, КСРО қалыптастырған «тұтас әлем» – адамдық ой-сана. КСРО идеология­сын құдайсыз, дінсіз демей-ақ, «Алла әмірі­нен тыс әлем» деген жөн сияқты. Оның баянсыз болуы да сондықтан. Ал, қазақ... Сәл шегініс жасап, әңгімемізді әріден басталық. Бұрындары бұл сауал «қай бала­сың?» деген ыңғайда қойылатын. Неге? Себебі, сауал қойып, жөн сұраушыға алдында тұрған адамның қазақ екендігі мәлім болатын. Сондықтан, әлгі сауалға «қазақпын» деп жауап қайтару әбес. Демек, ру сұрасқанның айыбы жоқ. Егер, қазақ болсаң. Қазақ болмасаң... Онда жойыласың. Әулетіңнің соңғы тұяғы өзіңмен бірге тәмәмдалатындығын да жоққа шығаруға болмайды. Бәлкім, тағы бір-екі ата. Одан әрі үміт жоқ. Үміт жоқ болатыны, ұлтты тұтастырып тұрған алтын арқау – бейнелеп айтқанда, ғарыштық ұлы үйлесімнің бір уығы. Ал, сіз сол «уықтан» ажырағаннан кейін әлгі тұтас әлемге мүлде маңайлай да алмайсыз. Біздің, қазақтың өзі «уық» болғанда, ол әлемнің қандай екендігін бағамдай беріңіз. Ол – мәңгілік әлем. Дұрысы – ахиретке дейінгі әлем. Ол әлем, ақын айтқандай, «Күн сөнгенше сөнбейді». Әрине, ол әлем ішінде біз де бармыз. Сіз де барсыз. Егер... Иә. Қазақ болсаңыз. Ал, біз ол әлемге қалай ендік? Дұрыс. Қазақ болған соң. Тағы сауал. Сонда, біз қалай қазақ болдық? Жауап айқын. Саналы түрде. Қазақ атауының қайдан, қашан шыққандығы туралы әңгіме бөлек. Біздің тақырып – Қазақ атауының мәні. Қазақтың тарих сахнасына шыққан кезін әзірге Керей мен Жәнібек хандардан, яғни, 1456 жылдан бастай тұралық. Бұл – түбегейлі байлам емес. Гәп – ұйысуда. Қазақ атануда. Жоқ. Олай емес. Гәп – қазақ атауының мәнінде. Әлгі бір ертекте айтылатын өлгенді тірілтетін су бар ғой... Бар гәп сол «суда». Ол «судың» аты – қазақ. Егер, біз басқа атты иеленгенде, бүгінгі күнге жетпес едік. Демек, «қазақ» атауы дәл сол күні ойға оралған жоқ. Ол – әу бастан бар болатын. «Тірі» болатын. Тірі болатыны, ол – мәңгілік. Ол – біздің жердегі кіндігіміз. Бастауы... Иә. Адам ата. Біз – Адам атаның баласымыз. Қазақпыз. Қазақтықтан ажыраған күні... Одан Құдай сақтасын. Жаратылыстық ұлы үйлесім бізді тек қазақ деп қана таниды. 1456 жылы біз жадымыздан шыққан қазақ атауын қайта иемдендік. Гәп – қазақ атын табуда емес, сол атауға көнуде. «Көну» – ұлылық қасиет. Байыптап көрелік. Қазақ, яғни, сіз бен біз бәріне көнеміз. Шыдамдымыз. Оңайшылықпен шамырқана да қоймаймыз. Біз көнбейтін бір-ақ жайт бар. Ол – тегімізге тіл тигізу. Қай ата, қай ру да өзін ешкімнен кем санамайды. Кем санағанды былай қойғанда, біреу басынса – қолында өледі. Ал, сол өзінің шыққан тегін әспеттеген адам «Бәріміз бір-ақ ру болайық» дегенге көне ме? Көнбейді. Өлсе өлер, бірақ, көнбейді. Міне, осы өмірі басы қосылмайтындай көрінген рулық, тайпалық топты бір шаңырақ астына жинаған қандай күш? Бәріміз арғын, не адай, болмаса шапырашты... болайық» дегенге келіспеген біздің арғы бабаларымыз біреу біліп, біреу білмейтін, тіпті қашан, қайдан шыққандығы да беймәлім «қазақ» деген атауға неліктен емешектері үзіле қалды. Жауап айқын. Қайталап айтайық. Ол – бастапқы тек. Ол – рух. Ол – тұтастық. Жер мен Көктің тұтастығы. Біздің бабаларымыз «қазақ» атауынан соны сезінді. Сезінгеннен кейін әлгінде ғана жиырылып тұрған «бөгде ата» баласына қайта қарады. Ол сонда кімді көрді? Дұрыс. Өзін көрді. Қазақты көрді. Қазақ бір-бірін тек қазақ болғанда ғана көре алады. Қазақ болмаған адам... Иә. Руды көреді. Ал, ондай адамның кейінгі тағдыры қандай болатындығын жоғарыда айттық, білем. Жарайды. Әңгімеміз қисынсыз көрінбес үшін қазақтың әлі күнге дейін неге ру сұрасатындығына да тоқтала кетейік. Қазақ – мәңгілік ұғым. Ал, ру – қазақтың ұйтқысы. Русыз қазақ тұтаспайды. Рудан айрылсақ, қазақтан да айрыламыз. Қарсы пікір болатынын білемін. Трайбализм... Далбаса. Трай­бализмді қазақтың жаулары ойлап тапқан. Қайталап айтайық. Ру – қазақты бөлшектемейді, қайта тұтастырады. Қа­лай? «Қазақ құда-жекжат арқылы тұтасады» деген де әңгіме бар. Бос сөз. Қазақ тек ру арқылы ғана тұтасады. Бәрімізге белгілі, қазақ – белгілі бір жүйе бойынша қоныстанған. Кімнің қай жерден екендігін білгеннен кейін, оның қай рудан екендігін де шамалауға болады. Ұғынықтылық үшін айтайық. Жалпы, қазаққа айбар болған бір тұлғамыздың атын ұрандатып шағын бір ауыл тұрғындарын рухтандыра аламыз ба? Жоқ. Рухтандырмақ түгілі күлкіге қаласың. Ал, енді сол рудың емес, сол ру қосылатын тайпаның аруақты адамының атын ұрандатсақ, әлгі ауыл өре түрегеле ме? Жоқ. Қайта қитығып қалуы мүмкін. Тұтасу үшін әуелі әлгі ауылдың айбар тұтатын аталарының аты аталуы тиіс. Олар сонда ғана өре түрегеледі. Осылайша әр ауылды көтеруге болады. Шағын ауылдар топтасқаннан кейін «ауыл аталары» ұран болудан қалады да, тайпалық тұлға аты ауызға іліне бастайды. Мұндай тұтасу кезін­де «ауыл аталарын» ұрандату ұят саналады. Бұл – қазақ болудың басы. Ал, тайпалар тоғысы кезінде біз жоғарыда айтқан қазаққа айбар болған тұлғалар есімі ұранға айналады. Қазақ осылайша тұтасып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғаннан кейін жеке батырларды өз руы атымен атауды айып санамайды. Себебі, оны өзінен бөлмейді. Өйткені, ол – өзі, өзінің бір жапырақ бөлшегі. Ежелгі дәуір батырларының есімі бүгінгі күні де өздері шыққан ру атымен қабаттаса аталып жатады. Солардың қай рудан екендігіне қазір қайтадан мән беріле бастаған тәрізді. Ол ру аты біз қазақ болған кезде байқалмайды. Қайта көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатады. Біз 1986 жылы, одан кейін 90-шы жылдардың басында қайта қазақ болған едік. Алаштың Ахмет Байтұрсынұлы бастаған атпал азаматтары есімін қайта жаңғыртқанда қазақ болдық. Қазір де қазақпыз. Солай ма? Солай. Қазіргі қазақтың ұйтқысы – мемлекет. Мемлекет пен қазақ атауын бөліп қарауға болмайды. Рулық ұйтқы өз міндетін орындады. Ол бізді қазақ жасады. Егер, рулық ұран ұлттық мүддеден басым түссе, онда ол бөлшектеуге алып келеді. Рас, ру қазақтан, яғни, мемлекеттен тыс қалмайды. Біз оған мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарай алуымыз керек. Сонда ешқандай оқшаулық та сезілмейді. Алайда, біз бүгін мемлекеттің жетістігін қазақтың жетістігі деп бағамдай аламыз ба? Қазақ өзінің, яғни, мемлекеттің тілеуін тілеп отыр ма? «Иә» деу оңай. Бірақ... Иә. Қазақ пен мемлекет әлі бір ұғымға айналған жоқ. Оның себебі... Бәрін қазбаламай-ақ қоялық. Объективті себептерді де қоя тұралық. Әңгіме өзіміз туралы. Сондықтан, қазаққа қатысты жайттарды ғана қаузайық. Оның ішінде айтпағанымызды әуелі баспасөзге қатысты мәселелермен байланыстыра өрбітіп көрелік. Бір ғана сауал. Ұлттық мүддені, мем­лекеттік мүддені, бір сөзбен айтқанда, қазақтың мүддесін көтеріп жүрген қазақ басылымдарының таралымы неліктен аз? Оның себебі... Рас, қаржы тапшылығын көлденең тартқан кезіміз болды. Бірақ, ол негізгі себеп емес. Қазір қаржылылар, қалталылар ауылда да аз емес. Қорасынан мыңдап қой өргізіп отырғандар да баршылық. Бірақ, газет-журналға жазылмайды. Неге? Маған өткенде біреу өзінің «Егемен Қазақстан» газетін оқымайтындығын мақтанышпен айтты. Бар гәп – осы санасыздықта. Шынтуайтына келсек, оны да кінәлау қиын. Қиын емес, обал. Себебі, ол сана – әлсіреген, сан­сы­раған дімкәс сана. Қоғамдағы тосын өзгерістер біз қаншама жыл ардақ тұтқан құндылықтардың бәрін тәркі етті. Бір сөзбен айтқанда, біз бос кеңістікті ғана қармап қалдық. Сондықтан, ауру, дімкәс сананың ем тілейтіндігі заңдылық. Ал, ол «ем» сырттан келді. Біз іздемей-ақ, сұрамай-ақ қаптап келе бастады. Оған өзіміздің дәлдүріштер қосылды. Не керек, күлдібадам желікпе басылымдар барлық аймақты басып қалды. Бар гәп – сол саржағал басылымдардың әлі күнге дейін сұранысқа ие болуында. Бұл біздің бүгінгі деңгейіміз. Оның сондай болып қалып қоюының екінші бір себебі, жекеменшік факторына деген түсініктің таяздығына байланысты. Өйткені, әр қоралы қой иесі өзін мемлекеттен оқшаумын деп сезінеді. Ол отбасының өзіндік жеке қызықтары, өзіндік жеке идеологиясы бар. Ол идеологияны қалыптастырған әлгі басылымдар. Әрине, оны «Егемен Қазақстан» қызықтырмайды. Себебі, ол «Егемен Қазақстан» деген сөздің мәніне бойлай алмайды. Бойласа... Иә. Талып қалар еді. Тағы бір мәселе бар. Ол – дін. Біз бірінші қазақпыз. Одан кейін барып мұсылманбыз. Әлһамдулла! Бірақ, кейбіреулердің әуелі қазақ емес, мұсылман болғысы келеді. Ол – дұрыс емес. «Мен сендерді бір-бірлеріңді тануларың үшін ұлттарға бөлдім» деген аят бар. Демек, өз ұлтыңды тәркі еткен күннен бастап мұсылмандықтан да шеттей бастайсың. Мың жерден аққа оранып, тақуа болуға ұмсынсаң да... Тақуалық киім үлгісіне ешкімнің де таласы жоқ. Бірақ, сол тақуалық киім үлгісінің де, оның ішіндегі адамның да қазақ болғаны қымбат. Сонымен қатар, жастарымыздың мына жайтты де ескергендері жөн. Біздің, жалпы біздің ғана емес, жер бетіндегі барлық адамзат баласының бір ғана арман-тілегі бар. Ол – өз ісінің теңдессіз білгір маманы болу. Нарықтың сіз бен бізге қойып отырған талабы да сол. «Өз кәсібіңнің білгір маманы бол» дегенді... Иә. Бәрі де айтуда. Нарықтың осы бір жазылмаған қағидасына кешегі күнге дейін бой алдырмай келген тек қазақтар еді. Біз де жеңілдік. Өкінішке қарай, біз оны жеңіліс емес, жеңіс деп бағалап жүрміз. Дегенмен таразылап көрейік. Кәсіби мамандыққа баулитын оқу орындары бұрын да болатын. Рас, сол мамандықтарды игергендер бұрын да жаман тұрмайтын, олар қазір де ешкімнен сорлы емес. Бірақ, солай екенін біле тұра, қазақ балалары ол мамандық түрлерін таңдай бермейтін. Неге? Себебі біз біліктілікті емес, білімді іздедік. Кейбіреулерге біз кәсіби білімді игере алмағандықтан да өзгелерден қалып қойғандай көрінуіміз кәдік. Маған сол «қалып қойғанымыз» ұнайды. Неге? Себебі, адам өз кәсібін неғұрлым жетік меңгерген сайын, ол соған тәуелді бола түседі. Өйткені, оның алған білімі өз кәсібінің қыр-сырын меңгеруге ғана негізделген. Ал, оны білім деу... Меніңше, қате түсінік. Сондықтан да, ол бірте-бірте өз кәсібінің құлына айнала бастағандығын сезіне алмайды. Өз кәсібінің құлына айналған адам туған жер, Отан деген киелі ұғымдардан алшақтай бастайды. Ол өз кәсібінің өрістеуіне мүмкіндік ашылған адам, қай елге болсын қоныс аударуға пейілді болады. Ұлттық мүдде мен мемлекеттік мүдденің тоғыспай жатуының да ең басты себебі осы. Енді, осы жайттарды таразылауға тиіс зиялыларымыз туралы бір ауыз пікір білдіре кетелік. Айт­па­ғымызды әріден, пайғамбарлардан бас­та­лық. Сонымен, пайғамбарлар өздері өмір сүрген дәуір қажеттілігіне байланысты туған. Жарайды. Оларды Алла жіберді-ақ дейікші. Сонда, Алла оларды неге жіберді? Дұрыс. Әлгі ел азған соң. Бірақ, сол елдің тұтқасын ұстап тұрған адамдар «О, пайғамбареке, келгеніңіз жақсы болды. Сіз болмасаңыз біз құрып, бітер едік» деп пайғамбарларды құшақ жая қарсы алды ма? Жоқ. Қайта... Иә. Өлтіріп тастады. Себебі, адамға өздері құрған құрылым әманда дұрыс көрінеді. Оны өзге біреудің, тіпті ол пайғамбар болса да бұзғанын қаламайды. Соның салдарынан қаншама дамыған елдер жер бетінен жойылып кетті. Неге? Себебі, олар адамзат дамуының дұрыс жолын таңдаған жоқ. Пайғамбарлардың өмірге келу қажеттілігі де содан барып туындайды. Бірақ, адамдар дегендерінен қасарысып, ешқашан қайтпайды. Неге? Егер, шынтуайтына келсек, пайғамбарларға ерік бермеген сол дәуірдің зиялылары. Сондықтан, әуелі зиялылардың кімдер екендігін байыптап алған жөн. Кешегі кеңестік жүйе зиялылық туралы түсінікті де былықтырып жіберді. Сондықтан да, олар әуелгіде жоғары білімі барлардың бәрін зиялылар санатына қосты. Одан түк шықпаған соң, зиялылық міндетті билік өз қолына алды. Содан келді де, қолында пәпкі, басында шәпкісі барлардың бәрі зиялы болып шыға келді. Ең сорақысы – соның салдарынан зиялылықтың жалаң формасы қалыптасты. Оқымаса да кітап жинайтындар, түк түсінбесе де театрға баратындар, өздерін зорлап отырып орталықтың жаңалығын көретіндер қалыптасты. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл қоғам зиялылық формасына енді. Зиялылық туралы ұғым өткен ғасырда, тіпті одан арғы ғасырда жойылған. Рас, кейбіреулер бойынан зиялылық жұрнағын ептеп сезінуге болады. Алайда жалаң форма дегенің қазір айналайын болып қалды. Айналайын болатыны, ол байғұстар топас еді ғой. Қазіргілер... О, қазіргілер... Қазіргілердікі форма емес, кеп. Жұрттың бәрі соған құмар. Зиялылыққа емес. Кепке. Сол кепті киюге. Алайда, ол адамдықтың кебі ме, жоқ, әлде шайтандықтың кебі ме, ол жағы белгісіз. Белгілісі – бұл зиялылықтың екінші деңгейі. Үшіншісі агрессивті, зиялылық. Бұл – зиялылықтың жоғары деңгейі. Ондай зиялылық... Дұрыс. Ондай зиялы болмайды. Ендеше, «зиялы» деген атауды да қолданыстан алып тастау керек. Өйткені ке­зінде Пайғамбарларды жер жастандырған, осы, үшінші деңгейдегі зиялылар. Ал, ұлтшылдар... Олар біздің тегіміз. Тек... Ол – адамдық болмыс, ол – тазалық, ол – кісілік. Тек – әмәнда өз нәсіліне тартады. Ал зиялылық... Оны айттық. Сонымен бізде зиялылар бар ма, жоқ па? Бар. Біздегілердің бәрі зиялы. Мәселе онда емес, гәп – кімнің қай деңгейде екендігінде. Жалпы зиялы болу – бүгінгі құрылымның негізгі генераторы болуға ұмсыну деген сөз. Ал, ол шығыршық өзіндік қуатына еніп, айналысқа түскен кезде оған қарсы тұруға ешкімнің пәрмені жетпейді. Сонда жердің шығыршығын айналдырып отырғандар бізбен санасатын болады. Қорыта айтқанда, ұлттан асқақ тұрған арман, мүдде және соған жасалған қызмет – адамдықтан тыс. Ол – зиялы емес. Ол – қазақ та емес. Ұлт пен мемлекеттің тұтаспай жатқандығы да сондықтан. ҚАЗАҚЫ БОЛМЫС Қазақы болмыс. Бұл қай болмыс? Шынтуайтына келсек, гәп – болмыста емес. Болмыс − ол біздің ұлтқа тән жаратылыстық қалпымыз. Бастапқы негізіміз. Қазақы кейпіміз. Алайда, сол болмыс өзіндік бастапқы мәнін тұтастай сақтап қала алған жоқ. Ол заңды да. Заңды нәрсеге талас жоқ.Уақыт өлшемі, қоғамдық, әлеуметтік, саяси өзгерістер адам болмысына да әсер ететіндігі күмәнсіз. Жарайды, біз бұларды бір сөзбен «заңды өзгерістер» санатына жатқызайық. Сонда, болмыс өзгерісіне байланысты туындайтын кінәрәт неде? Кінәрәт қолдан жасалған өзгерісте. Дұ­рысы – сол қолдан жасалған «өзгеріске» мойынсұнуда. Соған көндігуде. Сол «өзгерісті» өзіндік «Мен» деп қабылдауда. Ол «Мен» – бүгінгі қазақы болмыс. Енді, сауалды төтесінен қояйық. Қазақы болмыс – қазақтың болмысы ма? Бұл жерде «жоқ» деу де, «иә» деу де кесімді байлам емес. Кесімді байлам болмайтыны, біз, негізінен, ұлтқа тән жаратылыстық қалпымызды қазақы мінезге телиміз. Байыбына барсақ, бұл – тұтас бір ұғымды мәннің бөлшектенуінің басы. Бұл бөлшектену бір күнде қалыптасқан жоқ. Алайда, сол бөлшектену барысында бастапқы таза қазақы болмысқа (әу баста «қазақ» пен «қазақы» бір мәнге ие болатын) қазаққа телінетін келеңсіздіктердің бәрі кірігіп кетті де, «қазақы бала-бала емес» дегенге саятын жаңа ұғымды қалыптастырды. Бұл «жаңа ұғымды» біз жоғарыда айтқан «заңды өзгерістер» «кемелдендірді». Сол «кемел­ден­діру» нәтижесі бүгінгі сіз бен біз, яғни, бү­гінгі қазақ. Бір қызығы, осы «кемелдендіру» нәтижесінде «қазақ» пен «қазақы» ұғымдары қайта тұтасты. Содан барды да, тұтастай бір ұлт бастапқы жаратылыстық болмысынан ажырап, Абай атамыз мансұқтайтын «қазаққа» айналып шыға келді. Шындығында бұл «қазақ», ол Қазақ емес. Сондықтан, гәп қазақ болуда емес, қай қазақ болуда. Біздің кемшілігіміз, Ахмет Байтұрсынұлы кезінде басталған «қазақ болмау» процесін дұрыс түсінбеуімізде. Оның себебі, «қазақ болмау» процесінің өзі екі бағытта жүрді. Біріншісі – бастапқы текке ұмтылу; екіншісі – өзге ұлт құрамына ену. Жүре келе әлгі «заңды өзгерістер» нәтижесінде бірінші бағыт мүлде ұмыт қалды да, екінші бағыт тіптен белең алып кетті. Ал, оларға қайтадан «қазақ» бол деу... Бұл енді қорлық. Сонда олар қайтадан қазақ болмай ма? «Болады» деу үшін әуелі сол «болады» сөзіне мән берген жөн. Өкінішке қарай, қазіргі «боладының» анықтамасы – тек қана тіл. Сонда қалай, қазақ тілін білгеннің бәрі қазақ па? Егер, әлгі басқа ұлтқа сіңген «қазақ» қазақ тілін өзге шет тілінің бірін меңгергені тәрізді үйреніп шықса қазақ бола ма? Болмайды. Бірақ, тіл үйренуі қазақ болуға ұмсынудың басы екендігін жоққа шығармағанымыз ләзім. Алайда әу бастағы қазақы болмысымызбен қайта қауышу үшін бұл аз. Аз болатыны, оларды былай қойғанда, ана тіліне жатық біздің өзіміздің қазақ болып жарытып жатқанымыз шамалы. Егер, шынайы қазақ болсақ, Абай атамыз бізден түңілмес еді. Байыбына барсақ, Абай атамыз санамалап берген кінәраттардың бәрінен арылмай тұрып, тіпті, онымызды өзімізге мін санамай, сол кінәраттардан арылу үшін өзге ұлыс құрамына кіруге бел байлағандарды «қайтадан біз сияқты бол» деу әбестік емес пе? Әбестік емес. Бұл әсіре ұлтшылдық емес, шындық. Себебі, өзге ұлт құрамына саналы түрде енген бөгде ұлт өкілі, қанша жерден әулие болғанымен түбінде жойылады. Өйткені, ол жат топырақта тамыр жая алмайды. Қазақ тек қазақтың жерінде ғана өседі, өнеді, өркендейді. Біз әу бастағы болмысымыз өзгеріске түскенімен, өзімізді сақтап қалуымыздың басты себебі – сол топырақтан, жерден кіндігіміздің ажырамағандығынан. Ұғынықтылық үшін мына бір жәйттарды байыптап көрелік. Мән берсек, қазақ жерінде өсіп - өнген өзге ұлт өкілінің өз ұлысына қайта сіңуі қиын. Тап осындай гәп біздің қандастарымызға да тән. Оны шет елден келіп жатқан оралмандардың рең-басынан да аңғару қиын емес. Кімнің қай жақтан келгендігін өздерінен сұрамай - ақ топшылауға болады. Алайда, біздің қандастарымыздың бойында бір артықшылық бар.Ол – ұлттық мінездің сақталып қалуы. Өйткені, олар әу бастағы қазақ жерінен, өздерінің ата қонысынан тамырын үзген емес. Дегенмен, ол жерлерде де жаттану процесі жүріп жатқандығын жоққа шығаруға болмайды. Жер жаттанған соң... Иә. Адам да жат. Ал, біздер, біздер ғана емес, біздің өз қатарымыздан шеттей бастағандар, байырғы болмысын, ұлттық рухын қайта табуға пейілді ме? Пейілді. Оны біз жоғарыда айтқан екі бағыттың, екіншіден бірінші – өз тегіне ұмтылу бағытының алға шығуынан да аңғаруға болады. Біз ол бағытты – «қазақ болмау» процесі дедік. Себебі, оның қай қазақ екендігін жоғарыда айттық білем. Бұлайша бұлталақтатпай-ақ «нағыз қазақ», болмаса, «бастапқы қазақ» деуге де болар еді, бірақ, тағы да бөлшектенуден сақтағандықтан «қазақ» атауына шамалы философиялық мән бергенді жөн көрдік. Себебі, бар кілтипан бір тұтас ұлттық ұғымға кезінде жете мән бермей бөлшектеуден бастау алған болатын. Ол – біз сөз басында айтқан «қазақ» пен «қазақы» ұғымдарының мәні. Енді, сол негізгі айтпағымызға қайта ойысайық. Қазақы қасиет – қазақтың қасиеті. Бұл – ұлттық өлшем. Мінез де сол сияқты. Осы тұтас ұғым – біздің рухымыз. Біз сол өршіл рухтан қалай ажырадық? Себебі, қазақ екіге жарылды. Екіге жарылған өзі емес, рухы. Бірі – «қазақта» қалды да, екіншісі – «қазақыға» ауды. «Қазақы» – формалық мәнге ие болмағандықтан, ол өзін сақтап қала алмады. Ал, жалаң формаға ғана ие «қазақ» бар қасиетін жоғалтты. Осы жаңа формаға ғана ие «қазаққа» біз жоғарыда айтқан «заңды өзгерістер» жаңа мінезді, құлдық психологияны қалыптастырды. Соны өзім деп білген «қазақ» өзінің жара­тылыстық болмысын, яғни, әу бастағы қазақы мінезді ажуалай бастады. Оның бүгінгі көрінісін қала қазағының дала қазағын ажуалауынан да аңғаруға болады. Жүре келе қазақы мінезге телінген келеңсіздіктер жаңа мінезге ие «қазаққа» да тән болғандықтан, олар қайтадан тұтасып кетті. Біз – солмыз. Қазақпыз. Ұялмай айттық . Қайтеміз енді. Басқа қазақ жоқ. Қазақ – ар еді. Нар еді. Ірі еді. Сірі еді. ...еді, ...еді ... еді. Бірақ біз сияқты емес еді. Оған кім сенеді. Сіз сенесіз бе? Сенсеңіз... Иә. Қазақсыз. Біздің іздегеніміз де сол. Ондай қазақ... Иә. «Жоқ» дегенді де айтушылар баршылық. Оны айтатындар біз жоғарыда айтқан қазаққа жаңа мінезді қалыптастырушылар. Кезінде «Қазақтар өз алдына дербес ел бола алмайды» деген пікірді қалыптастыруға жанталасқандар да солар болатын. Ол арандатушылықтарынан дәнеңе шықпаған соң, олар «Билікті орыс тілділер ұстап тұр» деп те байбалам салудан тайынған жоқ. Өкінішке қарай, мұндай пікірді қолдаушылар да аз емес. Олар санасына мемлекет тізгінін өз ұлтымыздың төл перзенті ұстауға қабілетті болғанда, өзге «майда-шүйде» шаруаларды атқаруға қазақ ұлтының өкілі неліктен қабілетсіз болуы керек деген ой әзірге кірер емес. Бұл да жалған мінезден әлі де толықтай арыла алмай жат­қан­дығымыздың әсері. Алайда үміт басым. Ол үмітті қалыптастырған мемлекетіміздің бүгінгі даму деңгейі. Мемлекетіміздің жетістігі – біздің жетістігіміз. Қазақтың жетістігі. Иә. Сол қазақтың. Ол қазақ аз емес. 9 миллион. Әзірге. МЕМЛЕКЕТТІК МҮДДЕ ЖӘНЕ ДІН Діннің ауқымы кең. Ол – саясат. Ол – дәстүр. Ол – ұлттық болмыс. Ол... Жә, осымен шектелейік. Әрі қарай да жіліктей беруге болар еді, бірақ, мақсатымыз ол емес. Дегенмен дінді тілге тиек еткеннен-ақ оның тек сенім-наныммен шектелмейтіндігі мәлім болды. Солай бола тұра, діннің мәні мен қоғамға тигізер әсеріне көзжұмбай-лық­пен қарап, оған тек сенім-наным құралы ретінде тар шеңберде қарау, оның қуаты мен мүмкіндігін бағаламау – бүгінгі күні қалыпты жайтқа айналды. Дінді мемлекет саясатынан тысқары қалдырған кеңестік идеология ұстанымы әлі күнге өзгере қойған жоқ. Шынтуайтына келгенде, кеңестік дәуір мен қазіргі кезеңді мүлде салыстыруға болмайды. Гәп – тәуелсіз мемлекеттің оқшау саясат ұстану қажеттілігінде ғана емес. Өзгерісте. Түбегейлі, саналық өзгерісте. Сондықтан, дінді жекелеген адамдар ғана емес, мемлекеттің қабылдағандығын жоққа шығаруға тырысу, әбестік. Әбестіктен бұрын, тұтастығына нұқсан. Бұл тұрғыда бізге кешегі КСРО үлгі бола алмайды. Себебі, оларда дін болған жоқ. Ал, жоқ нәрсенің мемлекет саясатынан тысқары қалатыны – заңдылық. Демек... Иә. Мемлекеттің дінге деген көзқарасын түбегейлі өзгертетін уақыт жетті. Ең бастысы – Қазақстан өзінің ислам діні қағидаттарын ұстанатын мемлекет екендігін әйгілеуі тиіс. Сонымен қатар, өзіміздегілерге де, өзгелерге де Қазақстанды тек мұсылман адамның ғана басқаруға құқылы екендігін сезіндіру қажет. Рас, бұл жерде демократия қағидаларының көлденең тартыла-тындығын жоққа шығаруға болмайды. Демократия... Демократияның атасы – АҚШ. Алайда бір мұсылманды АҚШ президенті орынтағына қонжия қалады деп ойлау... Иә. Күлкілі. Байыбына барсақ, діннің мемлекеттен оқшауланатын жері де осы ара. Ондай демократияның... Иә. Бізге қажеті жоқ. Дін мемлекет саясатының құрамдас бір бөлігіне айналу үшін, ол жалаң қасаңдықтан арылып, ұлттық мүддемен үндесуі қажет. Бір сөзбен айтқанда, жанды организмге айналуы тиіс. Жансыз нәрсе жандыны жетегіне ертпек түгілі, ол оған үлгі де бола алмайды. Ұғынықтылық үшін «жанды» мен «жансыз» мәнін байыптай кетелік. Дінде жан бар. Оның формалық көрінісі – адам. Адамның діни ғибадаттарды орындауы – оның «тірі» екендігін айғақтайды. Мемлекет те сол тәрізді. Мемлекеттік тұрғыда атқарылып жатқан мың сан шара – мемлекет өміршеңдігінің айғағы. Ол шаралардың қай-қайсысында да нәтиже бар. Демек, тірі. Ал, дінге бұл қағида жүрмейді. Себебі... Дұрыс. Мемлекет діннен тысқары. Тысқары болатыны, жоғарыда айтқанымыздай, біреуі жоқ. Жоқ нәрсені бар деп саясат жүргізу, «жанды», «тірі» деген ұғымды былай қойғанда, жай ғана ауа қармау болып шығады. Мемлекеттік тұрғыда өткізіліп жатқан іс-шаралардың бізден тыс, бөгде жерде өтіп жатқандай әсер қалдыруының бір себебі сол. Рас, Құрбан айт – мемлекеттік маңызы бар мерекелердің бірі. Бірақ, бұл тұрғыда да мемлекет пен ұлт үндесе қойған жоқ. Себебі... Оны жоғарыда айттық. Бұл – мемлекет тұтастығына нұқсан. Мемлекеттік тұрғыда жүргізіліп жатқан діни іс-шаралардың мемлекет пен ұлтты тұтастырудың орнына кері әсер беруінің басты себебі – мемлекеттің дінді саяси құрал ретінде толық мәнінде қабылдамауында. Бұл жерде қазіргі «қабыл­даудың» атеист адамның иман болып тағайын­далғанындай әсер қалдыратындығына мән берген жөн. Сондықтан, іс нәтижелі болуы үшін мемлекеттің діни саясатын жүргізетін адамның, жалпы мемлекеттік діни идео­логияның қай дінге басымдық беретіндігін, дұрысы – қай дінді мойындайтындығын жалпы жұртшылықтың біле жүргені теріс болмас еді. Бұл тұрғыда әзірге тек Елбасымыз ғана үлгі көрсетуде. Шынтуайтына келсек, ұлттың дінге деген көзқарасын мемлекетпен байланыстырып тұрған тек Президенттің ислам дініне деген ұстанымы. Осы үрдіс өзгелерге де өнеге болса, мемлекеттің діни бағытта жүргізіп отырған саясаты анағұрлым нәтижелі болар еді. Жалпы, билік тізгінін ұстағандардың қай дінді мойындайтындығын айғақтайтын уақыт жетті. Түптеп келгенде ол – мемлекеттің діни ұстанымының көрінісі. Ал, оны байыптамай тұрып, дінді бақылауда ұстаймын деу, бекершілік. Дұрысы – күл болмаса бүл болсын дегенге саяды. Оған жол бермейміз десек, дінге шындап бет бұрған жөн. Жарайды. Мынандай жағдайға да ой жіберіп көрелік. Сонымен, дін тек сенім-наным құралы. Дінді ұстай ма, ұстамай ма, мойындай ма, мойындамай ма, ол – әр адамның өзіндік құқы. Шынтуайтына келгенде, бұл – жеке адамның емес, қазіргі мемлекеттің ұстанымы. Мақұл. Әзірге біз оны жеке адамның ұстанымы деп қарастырып-ақ көрелік. Сонымен біз, егер конституциялық құқығымызды пайдалансақ – дінсізбіз. Дұрысы – еріктіміз. Бірақ, адам табиғаты ұдайы ерікті болып қалуға дәрменсіз. Оның қалай да бір дінге мойынсұнатындығы күмәнсіз. Оған әзірге тосқауыл болып тұрған кешегі кеңестік идеологияның санаға сіңген жаңғырықты әсері ғана. Күн өткен сайын ол «қуат» әлсірей түседі. Оның үстіне оған дем беруші идеологияның да күні өткен. Оны уағыздаушы коммунистер, шайтан болып кетпесе, ертең өмірден өтеді. Сонымен, Аллаһу акбар. Айтпақшы, мемлекет те ол идеологияны терістей қойған жоқ. Жарайды. Еш дінді мойындамайтындар тағы да бірнеше жыл өмір сүрді делік. Әрине, мемлекеттің қолдауымен. Сонда қалай, осылай кете бере ме? Жоқ. Ол мүмкін емес. Оған адамзаттың даму тарихы куә. Адам адам болғалы діннен тысқары өмір сүрмеген. Гәп – қай дінді ұстануда емес. Басы ашық жайт – адам баласы бір дінге мойынсұнбайынша өмір сүре алмайды. Демек... Дұрыс. Ата-баба дініне ойысқан жөн. Осы жерде кілтипан бар. Біз ата-бабаларымызды қай жерден бас­тап қайырғанымыз жөн. Ғұндарға барамыз ба, жоқ әлде сақтардан қайтамыз ба? Болмаса... Қайсысын атасақ та олардың ислам дінін ұстанбағандығы кәдік. Дегенмен, олардың біздің арғы тегіміз екендігі күмәнсіз. Неге екенін қайдам, кейінгі кезде кейбіреулерді олардың қай дінді ұстанғандығы қатты мазалай бастағандығы аңғарылады. Ол мазаланушылар әлгі ата-бабаларымыз аруағына бағыштап, Құран оқудың қисынсыздығын көлденең тартып, дұрысы солар ұстанған дінді қайта қабылдаған жөн-ау деген ой ұштығын ортаға салып келеді. Біз ол ойға жете мән бермегендей кейіп аңғартып отырмыз. Болмаса, олар, дұрысы – тәңіршілдер қазір әжептеуір белең алып қалды. Дені – зиялылар. Иә. Кешегі коммунистер. Ол ойдан шіли секем алмай отырғандығымыз да сондықтан. Оларға әу бастан аты бар да заты жоқ, тек мына бос қалған кеңістік орнын толтыруға жарайтын идеология болса жетіп жатыр. Жарайды. Олардың да айтқанына бас шұлғып көрелік. Тағы да кілтипан. Сонда қалай, мың жылдан бері ислам дінін ұстанған ата-бабаларымызды ұмыт қалдырамыз ба? Әлде, оларды тікесінен тік отырғызып қайта жерлеп шығамыз ба? Мақұл. Олар солай қала берсін. Мына тәңіршілдерді қалай жерлейміз? Қай дәстүрді ұстанамыз? Көмеміз бе, жоқ әлде өртейміз бе? Сауал көп. Бұл – қыжыртпа әңгіме. Құдайшылығына келсек, тәңіршілдер ойын қуаттай қояйын деп отырған қазақ жоқ. Бірақ, ол ойдың да тұтастығымызға нұқсан келтіретіндігін жоққа шығаруға болмайды. Ақыры айтқан соң тәңіршілдерге қарата айтылатын жауапты да нақтылай кетелік. Тәңір – байырғы және қазаққа тән атау. Біз сол өзімізге тән атауды ислам діні арқылы, жарайды, арабтар арқылы-ақ дейікші, санаға сіңген Аллаға телідік. Тап осы сияқты парсылар да өздеріне тән Құдай атауын ислам діні арқылы санаға сіңген Аллаға теліді. Арабтар да солай. Оған көнбегендер өз діндерін, яғни, өз Құдайларын сақтап қалды. Тәңіризмнің көп құдайшылыққа бастайтын ішкі құрылымын тарқатып айтпай-ақ, негізгі аргумент (дәлел, тұжырым) ретінде көлденең тартылатын осы жағдаятқа-ақ мән беріп көрелікші. Қазақтың тәңірі қай тәңір? Оны Алладан басқа тәңір деп білсек, сонда біздің жаратушы иені әу бастан жалғыз деп білгеніміз жалған болып шықпай ма? Ал, Тәңір мен Алланы қазір мойындап жүргеніміздей, бір ғана жаратушы деп танысақ, біздің Алланы арабтардан бұрын білгендігіміз мансұқтала ма? Байыбына барсақ, бар-жоғы белгісіз өзге күмәнді діндерді былай қойғанда, Алланы ислам діні келместен бұрын таныған христиандар мен иаһудилерге де ислам дінін мойындау қажеттілігі Құран кәрімде міндеттелген. Бұрынғының кейінгімен толықтырылуы және оның мойындалуы – Құран кәрімде нұрға нұр қосылғандай әспеттеледі. Сондықтан, қазаққа қосылған нұрды артық көрудің қажеті жоқ. Тағы да кілтипан. Шынтуайтына келгенде, бұл – кілтипан емес. Алайда бұл сауал да талайды мазалап жүргендіктен тарқата кетелік. Мақұл. Тәңір – қазақтыкі. Құдай – парсыныкі. Алла – арабтыкі. Алайда ақиқат – жалғыз. Ол – бір ғана Жаратушы иенің бар екендігі. Демек, жалғыздың аты да жалғыз. Ол... Оу, сонда Алланың 99 аты қайда қалады? Ол 99-ды атасақ, Алланың жалғыз екендігіне шүбә келтіргендей болмаймыз ба? Бір нәрсе айқын. Біз өз істеген жақсылықтарымызбен де, жамандықтарымызбен де Аллаға қылаудай әсер ете алмаймыз. Алла оған мұқтаж емес. Оның үстіне «Қалай атасаңдар да ең көркем есім Аллаға тән» деген аят бар. Демек, Аллалық ұғымды бір ғана атау айшықтай алмайды. Бұл жерде Алланың өзіне тән сипаттары мен қасиеттеріне де мән берген жөн. Алланың бар болуы, бар болуының басы, не соңы болмау, көру, есту сияқты өзіне тән сегіз сипаты ислам дінінде айқындалған. Ал, қасиеттері Алланың 99 көркем есімдерімен айшықталады. Жарайды. Бұл айтқандарымызды ислам дінін дәріптеуге жатқызалық. Бірақ, дінсіз жүре берудің де соңы құрдым екендігін жоғарыда айттық. Тәңіризмді де тәркі еттік. Ендеше... Әлде қаптап жүрген секталарға кіре салған жөн бе? Сонда... Иә. Әлемдік және дәстүрлі діндердің келесі съезін өткізуге сырттан адам шақырып әуре болмаймыз. Жә, бұл да қыжыртпа сөз. Алайда, шындыққа айналуы әп-сәтте. Сондықтан, бұл жағдаятты да таразылай кеткен жөн тәрізді. Секта – мойындалған дін емес. Ағым. Ондай ағымдар әлемдік діндерде де, дәстүрлі діндерде де баршылық. Ислам дінінде де аз емес. Гәп – сол ағымдарды ұстанып жүрген адамдарда емес, соны өмірге әкелген идеологтарда. Ол идеологтардың өзі белгілі бір мүдделі топқа қызмет етеді. Ал, мүдделі топ – мемлекетке. Әрине, ол біздің мемлекет емес. Бұл – мәселенің саяси жағы. Ал салдары... Дұрыс. Бөлшектену. Діни бөлшектенудің залалды зардабы болатындығын күнделікті көріп жүрміз. Алайда, Таяу Шығыс, Ирактағы жағдай секталық ағымдар күш алған кездегі туындар зардаптың қолына су құюға да жарамайды. Оның залалы... Құдай бетін аулақ қылсын. Дегенмен, ол пәлекеттің де нышандық белгілері бізде көрініс таба бастағандығын жоққа шығаруға болмайды. Әртүрлі дінді ұстанған бір отбасындағы қайтыс болған адамды қандай діни ғұрыппен жерлеу қажет деген мәселенің күн тәртібіне қойыла бастауы да үйреншікті жайтқа айнала бастады. Діни ұстанымына үйлеспегендіктен жақынының жаназасына бармау, не болмаса сүйек шыққан үйден көңіл айтып келген адамдарға нәр татқызбау – дағдылы үрдіске айналуда. Демек, дін біз ойлағандай тек сенім-наным құралы ғана емес. Ол мемлекет ұдайы бақылауында ұстайтын маңызды мәселе. Сондықтан, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасын әлеуетті құзырлы органға айналдыру қажет. Ондай қадам мемлекеттің де діни ұстанымын айқындайды. Сонда ғана өзге мемлекеттер қазақты мұсылман деп таниды. Жалпы, Күнді қолмен көлегейлеуге болмайтынын ұғатын уақыт жетті.

904 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз