• Еркін ой мінбері
  • 08 Қазан, 2012

«Тарихы жоқ ұлт – құл»

Мекемтас Мырзахметұлы, «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарихшы:

– «Қазақстандық ұлт» доктринасына қар­сы аштық жариялағандардың бірісіз. Осы доктрина жөнінде басқа басылым беттерінен пікіріңізді білдік. Дегенмен, арнайы «Ақиқат» үшін тағы бір ақиқатын айтып өтсеңіз. – Біздің үкімет басында, айналасында шала қазақтар тұрады, ада қазақтар тұрады, бірен-сараң таза қазақтар тұрады. Бұл доктрина ада қазақтар мен шала қазақтар үшін тиімді болар еді. Олар өздері үшін қазақ тілін екінші орынға қойып, орыс тілін мемлекеттік тіл етуге жан салды. Мемлекет болып дербестігімізді алғаннан-ақ, солай болған. Ұлт азаматы Мұхтар Шахановтың жанкештігімен қазақ тілі мемлекеттік тіл болып қалды. Қазақ тілін екінші сатыға қоюды алға тартқан орыстар емес, сол шала қазақ пен ада қазақтар. Басында орыстар тарапынан қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуына қарсылық болғанымен, кейін олар түсінді. Негізгі қарсылық шала қазақтан туды. Себебі, мемлекеттік тіл «қазақ» болса олар жұмыс істей алмай қалады. Олар бала-шағасын асырай алмайды. Сондықтан, әртүрлі айла ойластырды. Айла-амалдардың бірі – осы доктрина. Мұның мақсаты – бәріміздің құқығымызды бірдей ету. Ешкім менің тілімде сөйле демейді, сөйлесе заң бар. Сөйтіп, қол-аяғыңды байлайды. Мұны білгеннен кейін біз жан салып қарсылық білдірдік. Алдымызға не доктринаны қабылдап, барлық құқымыздан айрыламыз, не ұлттық санамызды қалдырамыз деген таңдау қойдық. Қарсылық қатты болды, үкімет санасты. Осылайша доктрина қабылданбады. Бірақ, мен бұған сенбеймін. Бұл енді басқа бір формада, «жіңішкелеп» тағы келуі мүмкін. Оған біз қолдан келгенше қашан да қарсы тұрамыз. Доктринаның астары үлкен. Мұның астарын американдықтардан алған. Американдықтар өздерін «мы американцы» деп жариялады. Әрине, олар американцы болмай қайтеді? Олардың жеріне французы, немісі, голланды бәрі барды. Түрлі ұлттан құралғандықтан ортақ бір халық құрмақ болды. Содан американдық атанған. Сөйтіп, өз алдына бір ұлт болып Еуропадан бөлініп шыққан болатын. – Аталмыш доктринаны қабылдауды қолдап отырғандардың мақсаты амери­кандық ұлттың саясатына еліктеу. Сіз басы­лымдарға берген сұхбаттарыңызда «біздің бағыт алар бағдарымыз – Америка емес» дегенсіз. Сонда, сіздіңше, жас еліміз кімге қарап бой түзеуі тиіс? – Америкамен бірдей бағыт ұстану, содан бағдар алу көпұлтты мемлекетпіз деген стереотиптен шығады. Қазақстан көпұлтты деген кеңестік идеологияны әлі де санадан шығара алмай жүргендер көп. Ол журналистердің де, саясаткерлердің де ішінде бар. Бізді жаулап алғанша, қазақ жерінде ешқандай кірме ұлт болған жоқ. Жеріміздегі өзге ұлттың бәрі кейін келді. Сондықтан, жері жоқ ұлттың бәрі диаспора болады. Орысың да, өзбегің де, ұйғырың да – диаспора. Ал, енді, Американың даму бағыты бір басқа. Біз қазақ халқы тарихи бағдар ұстануымыз қажет. Америкалық үлгіні ала алмаймыз. Еуропалықтар американы жаулағанда жергілікті үндістердің дымын қалдырмай қырды. Оларға зорлық-зомбылықтың адам түршігерлік түрлерін жасады. Азаптаудың классикалық түрлерінің бәрі осы еуропалықтардан келген. Сөйтіп, көп ұлттан құралған елді құрды. Ұлттық негізі жоқ мемлекет құрған елге қарап бой түзеу дұрыс па?! Олар біреудің жерін баса-көктеп иемденген. Ал, біз, қазақ халқы адамзат пайда болғаннан бері, осы арқада ел болдық. Біздің жерімізде өзімізден басқа халық болған жоқ. Еліктеп, бағыт алғымыз келіп жатса Америка, Еуропаға тек технология, экономика жағынан еліктеуге болады. Батысқа, Америкаға бұдан басқа жағынан еліктей беретін адамдар – деңгейі жоқ адамдар. Америкалықтар мінез-құлық жағынан бітті, іріп-шіріді. Ол қасіреттен енді шыға алмайды. Олардың санасына берілген код – ақша, сосын, индивидуализм, яғни, өзің үшін күрес. Бізде олай емес, біз ағайын, туыс, жекжат болып бір-бірімізге жәрдемдесеміз. Біздің табиғатымыз, мәдениетіміз мүлдем бөлек. Бізге олардың менталитеті мүлдем келмейді. Осы жағын саясатпен айналысатындар, не жоғарыда отырғандар айыра білуі керек. Өздері білмесе сұрауы керек. Білгір адам, өсетін адам сұрап отырып өседі. Біздің жолымыз ұлт мүддесімен, ұлт тұрғысымен қатар жүруі тиіс. Батысқа еліктеп, жалаңаштану, порнографияға кету, я болмаса ашық - шашық жүру, бұл қазақ табиғатында мүмкін емес еді, бірақ, қазір мүмкін болып отыр. Бұл жетіскендіктің белгісі емес, жетіспеушіліктің белгісі. Біздің халық – мықты халық, тарихы теңдессіз халық. Кім Еуропада «Құтты білік» сынды кітап жазды? Біреуі де жазған жоқ. Кім алтын адамдарды жасады? Кеңестік дәуірде қазақтың тарихы, жазуы жоқ деді. Бәрі табылып жатыр.. – Патшалы Ресейдің қол астына өтуіміз прогрессивті құбылыс па? Мұндай процесті тездеткен қандай саясат? – Баяғыда атақты профессорымыз Жұбан Құдайбергенов «Біздің Ресейге қосылуымыз мейлінше кертартпа» деп бірінші айтты. Оның себебі, қазақ халқы қаймағынан, зиялыларынан айрылды, салты мен дәстүрі өзгерді. Халықтың санасын орыстың дінімен улады. Қазақ мәңгүрттене бастады. Соның біреуі мен. Патша өкіметі тұтас бір халық жасаймын деп қазақты тілінен жұрдай қылды. Оқуды латын тілінде бастап, кейін орысшаға өзгертіп жіберді. Бірақ, оның сырын бәріміз білгіміз келді, тек бәрі құпия ұсталып, жабық болатын. Хаттарын да оқи алмадық. Не төте, не қазақша хат тани алмадық. Сондықтан, біз, рухани құлдарға айнала бастадық. Біз атеист, материалист болдық. Мен дәстүрімізді жеккөріп өскен адаммын. Әуезовтің «Ақын аға» атты кітабы шыққанда, оны әдебиеттің полицейлері сынайды. «Әуезов өз ұлтын өңшең сәнді киінген етіп көрсетеді, идиализация жасайды. Бұл ұлтшылдықтың белгісі», – деп қаралайды. Міне, осындай әдебиеттің полицейлері көп болатын. Ұлтшыл деп мақала жазатын. Сөйтіп жүріп алаштың азаматтарының бәрін қынадай қырды, жалғыз Әуезов қалды. Голощекин Сталинге: «Қазақтардың ұлтшылдарының әсері күшті. Оны ажырату мүмкін емес. Сол үшін екі нәрсе: біріншіден, бір-біріне қарсы қойып, итше талату керек, екіншіден, келе жатқан ұрпақ сол ұлтшылдарға еріп кетуі мүмкін, сол үшін жазу тілін екі рет ауыстыру қажет», – деп хат жазған. Ақыры, Ресей дегеніне жетіп, қазақ зиялыларын екі жікке бөлді. Бірінші топта Байтұрсыновтар болса, екіншісінде Сәкендер болуы керек. Одан қалды, орыс неге жазу тілін өзгертпейді?! Бізді мәңгүрттендіру үшін, рухани құлға айналдыру үшін ең өтімді дүние осы. Мен аспирантурада оқып жүргенімде осыған байланысты «Әріптер неге өзгерген?» деген мақала жаздым. Сөйтіп, жетекшім Қажым Жұмалиевке оқып беріп едім, сұрланып кетті де: «Мен барған жерге бар­ғың келіп жүр ме, ей! Мынауыңды тық, кейін кө­рерсің», – деп мені дереу тоқтатты. Бірақ, кейін мен оны газет беттерінде басып шығардым. Ол өзі 25 жылға сотталып, кейін ақталып келген еді. Куропаткин деген генерал-губернатор қазақ­тарды тезірек шоқындырамыз не жер жастандырамыз деген саясат ұстанды. 1911ж санақта Ресейге қараған қазақтар 57 пайызды құраса, кейін бұл көрсеткіш 21пайызға төмендеді. «Халық санағы» деген жазбамда қазақтың саны 2\3пайызға қалай кемігені жайында жазған болатынмын. Ал, енді осыны біле тұра Ресейдің қол астында болуымыз прогресс деп қалай айтпақпыз? Тарихтағы прогрессивті құбылысқа мысал келтірер болсақ, Үнді елін айтуға болады. Ағылшындар барды да Үндіні жаулап алды. Көрмегенін көрсетті. Ермекке атты. Оларды адам деместен қызық үшін 10-20-сын қатар қойып бір оқпен қырды. Сондай зорлық жасап жүріп, ақырында ұлттық санасы жоқ, төмен елдің санасын оятып жіберді. Олар М.Ганди бастап ұлт азаттығы үшін көтерілді. Міне, бұл прогресс. Себебі, ұлттық сананы оятты. Ал, бізде керісінше, ұлттық рух пен сананы құлдыратты, өшірді. Өйткені, совет өкіметінің алға қойған мақсаты да сол болатын. – Ресейдің қазіргі саясатында кеңестік дәуірдің сарқыншағы жоқ па, осы? – Ресейдің қазіргі саясатына мен сенбеймін. Себебі, Маркс пен Энгельстің «Традиционная политика русских» деген мақаласы бар, сонда айтады: «Ресей өзі қойған саясатты мәңгілік жүзеге асырады. Одан айнымайды», – деп. Бұл мақаланы табу қиынға соқты. Сөйтсек, оны басқа мақалаға қосып жіберген. Маркс пен Энгельс мұнда отарлаудың кертартпа саясатын әшкерелеген. Ресей біздің бүкіл ел билеу жүйемізді өзгерт­ті. Біз бүгін Еуропаның, Ресейдің заңы­мен жүреміз. Қарапайым мысал, біреумен ұрысып қалсақ болды сотқа береміз. Ал, біздің хандық тұсында прокурор сынды аппарат, полиция дегендер атымен болмаған. Бірақ, адамдар осыларсыз-ақ дұрыс өмір сүрді. Бүкіл дауды билер шешіп отырған. Билерді хан сайламаған, халық өзі мойындайды. Міне, солар бір елді ұйытып ұстап тұрды. Ал, патша өкіметі орнағаннан бастап қазақ даласына орыстың заңы енді. Сөйтіп, ата-салтымыз ұмыт қалды. Ал, ұлттық рух пен ұлттық дәстүрін жоғалтқан халықтың хайуаннан еш айырмасы жоқ. Біздің ел әлі күнге дейін Ресейге бағынышты. Қазір де жалтақтайды. – Біреу біліп, біреу білмейтін патшалық Ресей кезіндегі датқалар деген кімдер? Олардың қоғамдағы рөлі қандай болды? – Патша үкіметі жаулап алғаннан кейін, бірден өз саясатын жүзеге асырған жоқ. Асау атты үйрету үшін алдымен жүгендеу керек, ертоқым салу қажет, кейін жетектеп үйретеді. Міне, мен мұны «ұзын арқау, кең тұсау» саясаты деймін. Патша өкіметі алғаш келгенде кіші жүзді сұлтан правительдері торлады. Басшыны тек төрелерден қойды. Орта жүзде аға сұлтан дегенді шығарды. Алғаш кезде аға сұлтандықты төрелерге берді. Кейіннен қара қазақты әкеліп билеткен. Құнанбай сол уақытта аға сұлтан болды. Кіші жүз Орынборға, Орта жүз Омбыға, қалғанының бәрі Қоқан хандығына қарады. Талдықорғаннан Қызылордаға дейінгі жерлердің бәрі қоқандықтарға тиесілі болды. Патша өкіметі басшыны тек орысқа бейімдерден сайлады. Қоқан хандығында ғана ел билеу тізгінін ру мықтысынан қойды. Оларды датқалар деп атайды. Датқалар жайында көбі расында біле бермейді. Қазақта салмағы мықты төрт датқа болған. Соның ішінде тарихта алар орны бар сиқым руынан Батырбек пен шымыр руынан Байзақ датқаны ерекше атаймыз. Датқаның құқығы генерал - губернатордан да жоғары. Олар адам өлтірсе де сотталмаған, ал, генерал-губернаторлар сотталатын. Сібірге айдалады. Қазақ, қырғыз, қарақалпақтарды осындай датқалар биледі. Датқалар оңтүстікке таныс болғанымен, солтүстікке, батысқа, орталыққа белгілі емес. Черняев Петербургте экспедиция құрғаны белгілі. Кейін Алматыға келіп, адамдарын әкеліп, елімізді жаулауға шықты. Ішінде Шоқан да бар. Сол кездерде Батырбек датқа Шоқанмен Черняевтің алдында бір, бөлек шақырып алып тағы бір сөйлеседі. Датқа оған: «Сен өзі кіммен доссың? Тілі бөлек, діні басқа, жат, ертең бізді құртады», – деген. Осыдан кейін көп ұзамай Шоқанның экспедициядан кетіп қалғаны тарихтан белгілі. Ал, Шоқанның өлімі жұмбақ. Себебі, отыз жастағы адам ең соңғы туберкулезбен ауырғанымен, оның сақалы, шашы түспейді. Бұл жайлы мен біраз академиктерден сұрастырдым. Өзі отызда болса, қымыз ішіп, таза ауада отырса, оның шашы түсе ме деп едім, түспейді деді барлығы. Бірде «Немецкая волнадан» осыған байланысты бір хабарды құлағым шалды. Кубаның президенті Кастро бар ғой, соның соңына адам салған. Оны аңдуға немістің он тоғыз жасар шпион қызын қояды. Сөйтіп, әлгі шпион қыз Кастроның аяқ киіміне ақ ұнтақ сеуіп кеткен екен. Оның не екенін білмейді. Содан, Кастроның ағасы жаңағы бәтеңкені маймылдың аяғына кигізеді. Ештеңе болмайды. Бір жыл өткен соң маймылдың жүні түсіп барып өліпті. Шоқанның өлімі де сондай қастықтан келді. Орта Азияда үш хандық орнаған. Үшеуі де алдын ойламайтын, ең мешел ел болды. Қазақ жерін алу мақсатында солтүстігімізден орыстар шабуыл жасап жатқанда, тұтқиылдан келіп қырғыздар бір шапты, оңтүстігімізден қоқандықтар соғыс ашты. Патша өкіметінің саясаты «жабайыларды жабайылардың қолымен қыру» болды. Ақыры өз дегеніне жетті. Көршілес жатқан сол хандықтар ақылы болса бізбен бірігіп, күш жұмылдыруы керек еді. Қалмақ пен қазақ арасындағы соғыс Қытай мен Ресейдің ойластырған саясаты болатын. Олар қалмақтарды әдейі бізге айдап салды. Оларды бастан-аяқ қару-жарақпен қамтамасыз етті. Ал бізге қару-жарақ бермек түгіл сатпады. Бір жаман тарихшы қазақтың хандары ақымақ дейді. Бір миллион қойды сатса болды ғой, қару алады дейді. Ол өз тарихын өзі білмей отыр, Қожабергеннің «Елім айын» оқымаған. – Черняевтің датқалар арасында жүргізген «ойыны» жайлы не айтасыз? – Датқалар арасында жік орнату мақсатында Черняев түрлі айла ойластырды. Датқаларды өзіне бағынышты ету үшін ол бәріне майордың шенін береді, тек Батырбек датқа шенді қабыл алмай қояды. Батырбек датқаның басқалардан өзгешелігі ішіндегісін айта бермейді. Өзі дінге де мықты, шаруашылыққа да баппен қарайтын. Елі егіншілікпен де айналысқан. Сол үшін арықтар қазды. Сонымен қоса, әскер өтетін жерде елі тұрмайтын. Көп датқалардың өзі арамыздағы ең мықтысы деп Батырбек датқаны айтады екен. Шын мәнінде, ол өте айлакер адам болған. Мұн­дай айлакер адам патшаның саясатына кедергі келтіретіндіктен, Черняев оны өлтіруді көздейді. Бірақ, ол осы атақты төрт датқаны да Қоқан хандығының қолымен қыруды ойлады. Черняев төрт датқаны шақырып, қоқандықтарды оларға айдап салады. Бірақ, онда Байзақ датқа ғана барып, сонда қаза болады. Қалған датқалар бармай қалған. Себебі, Байзақ датқаның елі сол жерде болатын. Черняев Байзақ датқаның өліміне Батырбек датқа кінәлі деген жала жабады. Ол Қоқандыққа Байзақ датқаны айдап салған Батырбек датқа деп сөз таратады. Сөйтіп, барлық халықты сендірді. Содан соң-ақ, жергілікті сиқымдар мен шымырлардың арасына сын қағылды. Бірақ, датқалар «бір-бірімізді өкпеге қисақ та, өлімге қимаймыз», – дейді. Черняев датқалар арасын бөліп-жару мақсатында, Батырбек датқаға арнайы атын жаздырып қылыш жасап сыйға берген. Бірақ, ол алмайды. – Сіздің кеңестік партияға мүше бол­ға­ныңызды білеміз. Сонда, сіздің санаңызда кеңестік идеология сіңіп кетпеді ме? Қалайша отарлау саясатының ырқынан шықтыңыз? Не себеп болды? – Кеңестік партияға мен 10-сыныптан бастап өткенмін. Содан, 25 жасқа дейін партия мүшесі болдым. Сол уақыт бойы Ресей саясатының астарын біле бермеппін. Райкомда насихатшы болып істегенімде ғана ұлт мәселесін түсіне бас­тадым. Сонда ең біріншіден, неге ұлттар тең құқылы емес деген ой келді. Өйткені, үкі­метіміз ұлттар теңқұқылы деп жар салатын. Бірақ, аудан хатшысы, облыс, аймақ, аудандық комитет хатшыларының екіншісі міндетті түрде орыс болуы керек. Теңдік қайда қалды? Теңсіздік жоқ екенін білгенде ішіме көп ойды түйдім, бірақ, айта алмадым, Себебі, партиядан шығарса өмір сүруден қаласың. Соны «Қазақ қалай орыстандырылды» кітабымда барынша айтып бердім. Яғни, бұл саясат та орыстандырудың тиімді жолдарының бірі болатын. Орыстандыру саясаты неден бастау алды? Қалай, қай кезеңнен бастап жүзеге асты? Орыстандыру саясаты алдымен, империядағы көп тілді бұратана халықтарды түгелдей шоқындырып, орыстармен кіріктіріп (слияние) жіберу арқылы жүргізілді. 1876 жылы орыстың саяси элитасы қазақты шоқындыру туралы заң шығарды. Кеңес өкіметі отарындағы халықтарды тілі мен дінінен ажырату арқылы тұтас орыс елін жасаймыз деді. Осы мақсатпен 1869 жылы Мәскеуде арнайы түрде миссионерлік қоғам ұйымдастырылған. Ол саяси идеология мәселелерімен айналысты. Отарлаудың тиімді тәсілдерінің бірі – сырттан бұратана халық әкеліп қоныстандыру саясаты. Бұл саясатты жүзеге асыру мақсатында 1868 жылы «Переселенческий комитет» құрылған. Орыстандыру саясаты сонымен қоса, осы істі қарау мақсатында арнайы түрде құрылған «Обрусительная палатаға» тапсырылды. Осы процесті жүзеге асыруда «водворение», яғни, орыс шаруаларын бұратана халықпен араластыра қоныстандыру арқылы реформа жүргізген. Осылайша, шоқындыру, орыстандыру мәселелері осы саясаттың тармағына айналды. Орыстандыруды жүзеге асырудың тағы бір жолы – аралас мектептер салу болды. Ресейдің өзге ұлт балаларына мектептерді ашудағы басты мақсаты олардың санасын ояту емес, керісінше, өздерінің күнделікті саяси-әлеуметтік мұқтажына қызмет ететін төменгі дәрежелі қызметкерлер даярлау еді. Одан қалды, біздің әліпбиімізді үш рет өзгертті. Ондағы көздегендері – бүкіл халықтың келер ұрпағын ата-баба салтынан, ұғым-нанымынан, дәстүр жалғастығынан қол үзіп, қалай илесең солай қарай жығылатын рухани құлдарға айналдыру болатын. Ал, құнды мұрасынан, дәстүрінен айрылған адамның ұлттық санасы жоғалады. Бартольд айтады: «Қазақтардың тарихы құрыды, мұжықтар құртты», – деген. Тарихы жоқ ұлт – құл. ХV ғасырға дейінгі Ресей тарихында дым жоқ. Ал, біздің ел тарихи мұраға бай. Кеше ғана Ақтөбеден табылған төрт мың жыл бұрынғы адамның сүйегі тарихымыздың тамыры тереңде екенін тағы бір дәлелдеп берді. Дәстүрі мен тарихы жоқ халықтан Алтын адам секілді жәдігер қалар ма еді? Тіпті, Иван Грозный Жайықтың бойындағы Сарайшықты көріп таңқалған деседі. Бұл дүниежүзі бойынша Бағдаттан кейінгі екінші қала болатын. Оның түгін қалдырмай қиратты. Ресейдегі Кремльдің жобасы тура осы Сарайшықтың үлгісінен жасалған. Өздері бізді тарихы жоқ «жабайылар» дей тұра көп нәрсені бізден алған. – Биыл қазақ даласына қасірет әкел­ген аласапыран ашаршылық нәубетіне 80 жыл. Аштықтың қаһарын сәби болсаңыз да сезі­ніп көрген адамсыз. 1930-1932 жылғы ашаршылық кезеңінің орнауы жөнінде тарих тағы нені көмескіледі? Мұндай жасанды аштық орнатудағы Ресейдің көздеген саясаты қандай? – Мен негізі 1928 жылы дүниеге келгенмін. Шешем соғысқа бармасын деп 1930 жылы туылды деген куәлік жасатқан. Ашаршылық кезеңде мен 4-5 жастағы баламын. Сол нәубет кезеңі болатын. Мен анаммен бірге базарға бардым. Келе жатқанымда алдымда іші әбден кеуіп, қарны қампиған бір үлкен кісі домаланып жатыр. Маңайында қаншама адам өліп қалған. Бірақ, ешкім біреуге қарайласатындай шамада емес. Сондағы, сол бейне көз алдымда әлі күнге дейін сақтаулы. Аштықтың осындай қасіретін бала болсақ та сезіндік, көрдік. Балалық шағымыздан естелік болып қызықтан гөрі қайғылы сәттер көп қалды. Бірде анам, мен және қарындасым үшеумізге қасқыр тап болды. Анам қанша үркітсе де қасқыр бізге тура ұмтылды. Содан анам қызын қасқырға тастап, мені ала қашып, жан сауғалады. Қазақтың бұл да бір көрегендігі ғой. Ұл бала ұрпақ жалғастырушы деп ұлға мән берген. Бірде анам ауырып қалды. Мен баламын ғой. Оның көзін ала бере ойынға кетіп қалғам. Сонда, үйге келгенімде анам «қасқырға сені тастау керек еді» деді. Сол кездегі анамның сөзі жаныма қатты батты. Түсінген бойда бірден есейіп кеткендей болдым. Отбасымда он жеті бала болғанбыз. Менен басқасының бәрі қайтыс болды. Олар тірі болғанда осы күні бір совхоз болып отырар едік. Ресей славяндарды, украиндарды, түрік елдерінің ішінен бізді жек көрді. Украиндарға және бізге аштық нәубетін жасады. Ашаршылыққа дейін қазақтар 6 млн. 200 мың болған едік. Соның үш миллионға жуығы қырылды. Соғыстан кейінгі санақ бойынша 1 млн. 900 мың қазақ қалды. Әуезов бір күні жиналыстан келіп, қатты ызаланып күйіп-пісіп ішіндегісін кімге шығарарын білмей, отырып жанындағы бір кісіге «Сталин нас не любит, но никому не говори» деп сыбырлапты. Сол Сталин ұлт зиялыларын, қаймақтарымызды тегіс қырды емес пе?! 1937 жы­лы тәжіктерден бір адам, өзбектерден же­теуін, ал, бізден 25 мың адам атты. Оларды ұлтшыл болғандары үшін айыптады. Ұлтшыл деген ұлтын сүйген адам. Кейін бұл сөзді ұлтжанды деген ұғыммен алмастырды. Ұлтжанды деген сөз бола ма екен? Дегенмен, ұлтын сүйетін адам ұлтжанды емес, ұлшыл болуы керек. Қазіргі кезде көп сөзді дұрыс қолданбайды. Мәселен, паш деген сөз. Паш етті дегенді жария етті мағынасында қолданады. Ол дұрыс емес. Жаяу Мұсаның әніндегі паш етемін сөзі әшкерелеймін деген мағынада. Абыз сөзі де солай. Абыз деген – көбінің қолы жете бермейтін өте жоғарғы лауазым. Сұхбаттасқан Мөлдір МОЛДАХМЕТ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 4-курс студенті

582 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз