• Еркін ой мінбері
  • 22 Мамыр, 2018

Ұлт руханиятының беломыртқасы ұлт тілі – терең тамырлы, сан сипатты

Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор

– Мемлекетіміздің басты байлығы – адам капиталының негізгі ұлттық тірегі саналатын саласы руханият. Жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың осыдан бір ғасыр бұрын айтқан: «Қазақ күнелту жағының мәдениетінен мешеу қалса да, ақыл, қиял, сезім жағына, білім тілімен айтқанда, рух мәдениетіне кенде емес... Ол не десеңіз – әдебиет, ән-күй. Күн көру тәсілін сырттан жұқтырып, үйрене беруге болады. Рух мәдениетін бөтеннен қарызға ала беруге болмайды. Алса да, халықтың көкейіне көпке дейін қонбайды. Ендеше, өзімізде бар дәулетті жарыққа шығарып, іске жаратуға талпыну керек» деген сөздері Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған мәселелермен сабақтас келетін болар? – Қазақ халқы рухани кемелдігі жағынан өзгеше. Үздік, бай, көркем фоль­клорлық мұраларды көркемдік көреген­дікпен жаратумен қатар, соларды тұрмыс-тіршілігінде, дүние тану жолында, адамшылықтың дұрыс жолында, ұлттық салт-дәстүрлерінде шеберлікпен қолданды. Мемлекетті көздің ағы мен қарасындай сақтауда, жер қазынасын, ел тағдырын қорғауда («Елді сөкпе, кенді төкпе», «Қара жерге халық ие, Қара халыққа иман ие», «Халық қартаймайды, қара жер қартаймайды», «Милыға көнген дене азбас, милыға ерген ел азбас») нешеме алуан даналық дәрістерін толқындата туындатты. Негізінде, ұлт руханиятының беломырт­қасы ұлт тілі – терең тамырлы, сан сипатты тарихи-мәдени құбылыс. Абайдың «Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз» деуінде осы бір күрделі жәйтті меңзеген. Сөз өмірбаяны көнеден бастау алса, белгілі бір негізі мен себебі болса, халықтық сананың даму тарихына сәйкес жаңарып-жаңғырып, толығып, күрделеніп отырады. Асылы, қазақ тілінің сөздік қорында мыңжылдықтардың сыры мен құпиясын сақтаған сөз-ұғымдар, сөз-образдар, сөз - символдар бар. Қашан да ұлттың көркемдік санасын, дүниетанымын, ой-қиялын, ұлы тілегін мәлімдейтін даналық тағылымдарына бөленген мағыналы, киелі тілі бар. Мәңгілік Елдің мың қырлы Мәңгілік қазақ тілінің тарихын куәлендіретін, атап айтқанда, Аттила, Естеми, Күлтегін, Шыңғысхан, Әмір-Темір заманын толғаған тарихи әдебиеттерде «Қаған», «Баһадүр», «Хан», «Түмен», «Ноян», «Жасақ», «Торсық», «Мерген», «Көбеген» (Ұлы ханның ұлдары), «Тархан», «Мәңгі», «Жарлық», «Құрт», «Арба» «Мұхит», «Теңіз» дейтін сөздер бар. Алаш көсемдері шоғырланған Абай атындағы ҚазПИ-де 1930 жылдарда «Халық тілі», «Жазбалар мен ескерткіштер», «Мұрағаттану мен деректану» дейтін пәндер оқытылған. Бұл өнегелік бастаманың басты себебі – ұлт руханияты, тілі, мәдениеті, тарихы ежелгі замандардан басталатындығын терең танығандықтан. Этнограф Жағда Бабалықұлы «Тіл қорын жинайық» деген байыптамасында былай деген: «Қытай біздің жыл санауымыздан 2 ғасыр бұрын жинай бастаған. Содан бері Қытай халқының бір ұлылығы бар – әрбір патшасы, мейлі наданы, мейлі ғалымы бар, өз дәуірінде бір-бір тіл қорын жинатып, сөздік жасатып кетеді. Маузыдың уақытында 1956 жыл мен 1964 жылдың арасында он жыл 264 мың адамға ақша беріп, айлық беріп жинатыпты» (Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясы. Алматы, 2010. Т.9. 294-бет). Мінеки, патриотизм деген осы. Грек тілінде 5 млн, ағылшын тілінде 490 мың сөз бар. Ал, жүз томдық «Бабалар сөзі» әлі ғылыми айналымға түсіп, рухани кәдемізге асып, тарихи, мәдени, этнографиялық, әдеби, тілдік, әлеуметтік, философиялық тұрғыдан таразыланған жоқ.

Мәңгілік Елдің мұраты – ұлттық  тарих пен руханият

Задында, Мәңгілік Елдің мұраты – ұлттық тарих пен руханиятты, халықтың даналық, ізгілік қағидаттарын, дәстүр қуатын ұлттың интеллектуалдық әлеуетін көркейтуге қызмет еткізу! Мәңгілік Елдің іргетасын қалаған, әлем­дік қоғамдастықта өзіндік дауысы бар Қазақстанның үшінші жаңғыруына қадам басқанда, стратегиялық дамудың, ізгі мақсаттардың қайнар көздері мен күретамырын нақты, дәл, дөп айқындау, тереңнен тану ең бір абзал, өнегелі іс болса керек-ті. Ел Президенті Нұрсұлтан На­зар­баевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында парасатты пайымдаулар, көсем пікірлер тайға таңба басқандай келісті таңбаланған. Бұлар – өркендеуіміздің шарайнасы, кемел келе­шегіміздің құбыланамасы. Рухани жаңғырудың, жан жарығымен кемелденудің, «сәулелі кісі» атанудың кілті – «ұлттық кодыңды сақтай білу», «ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттың салт-дәстүрлерін алда­ғы өркендеудің берік діңі ету» дейді Елбасы. Негізінде, ұлттық сана дегені­міздің өзі – мемлекеттік сана. Ұлтт­ық-мем­лекеттік сана бар жерде тіл, дәстүр­лер, ұлы эпос­тар, тарих, ізгілік қағидат­та­ры қорғалады, жоғары деңгейге көтері­леді. Сөйтіп, өрке­ниетті елдердің сана­тын­­да көрінуге жойқын серпін берері сөзсіз.  Жоғары ұлттық сана ақылды, арлы, ғылым-білімге ынтық, сұлу мінезді майталман маман болуға құлшындырады. Елшілдікті, мемлекетшілдікті, ізгілікті құнттап, адал қызмет жасауды мұрат етеді. Абай: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» десе, бәсекелік қабілетті де, адамшылыққа, биік санаға ие болуды да қозғап отыр. Бұл тұста Ел Президентінің: «Адам баласы шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі» деген хикмет сөзін келтіруге болады. Құран Кәрімде «Адамды құт иесі қылдық» делінген. Демек, адам баласы ақыл-қайраттың, буырқанған жігердің, өнердің, білімнің, сезімнің, берекелі харекеттің, биік сананың иесі. Рухани жаңғырудың өлшемі осылар. Ел көсегесінің көгеруіне де өлшеусіз қасиеттер қосатын, бәсеке-жарыста алға ар­шындап бастыратын, оздыратын осылар. Сонымен қатар, ел аузында «Халықтың ақылы – мұхит, Дананың ақылы – дария» деген даналық сөз бар. Ендеше, Елбасы тарихи тәжірибелерге, ұлттық-рухани құндылықтарға, «тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиет­тер­ге», тілге, әдебиетке, музыкаға, ұлттық рухқа, ұлттық болмысқа жүгіне отырып, жаңаша, тамаша, жарқын сипат­тармен толықтыруды ерекше ескертеді. Әрбір адамның интеллектуалдық мәде­ниетін, ұлттық санасын кемелден­діруді көздегенде уа­қытты үнемді, ұтымды қолдану, яғни, ең­бекті ғылыми тұрғыдан ұйымдастыру, қағазбастылықтан арылу, кәсіби біліктілігі жоғары таланттыны қолдап-қорғау, даңғыл жол ашу, әділетсіздік, опасыздық істерді терістеу, үйренген білімді ісіңде, сөзіңде, қимыл-әрекеттеріңде қолдану, «тіршілікке қа­жет­ті жарық сәулені сырттан алмай, өзің оған шырақшы болу, оған өз жаның­ның сәулесін түсіріп, жана білу» (Саллютий) және Елбасы көрсеткендей, білім орда­лары­ның аудиториясында толық­қан­ды сапалы білім беріп, келе­шектің тұлға­сын тәрбиелеп өсіру, гуманитарлық кафед­ра­лардың мәртебесі мен дәрежесін көтеру – басты парыз. Рухани жаңғыру, Абайша айтқанда, «ел бағу», «мал бағу», «ғылым бағу», «дін бағу», «бала­ларды бағу» тарапында, Қазақстандағы Сот билігі жүйесінде, әсіресе, байырғы Билер институтының ізгі дәстүрлерін: құқықтық, ішкі һәм сыртқы саяси-әлеуметтік, мәдени-тарихи, рухани-дүниетанымдық сипаттарын кеңінен қолдану, билік философиясының мазмұнын жан-жақты байыту, дамыту, қолданысқа енгізу қажет. Ұлттық дүниетанымымызда «Пайғамбардың үстінде Құдай тұр» деген мақал бар. Билер институтының басты қаруы – әділдік, ар мен жан тазалығы. Ұлт қайраткері Жүсіпбек Аймауытұлы «Мемлекет құрлысы» дейтін көсемсөзінде («Сарыарқа» газеті, 1917 жыл, 25 маусым, №3): «Би арын жастанған, законды қолданған әділ, тура би болу керек. ...Ешкімнен қорықпаған би әділ болмақ. Ондай әділ биде туысқан жоқ. Бидің алдында айыпкер қандай бай, күшті болса да дірілдеп тұрмақ» деп, би тұлғасын анық көрсеткен. Олар ұлт, ел, тарих алдындағы ұлы қызметін, билік мұратын, ұлы ілімдерін, мемлекеттік ұлы рәміздерін, даналық ғибраттарын, жеті қазынасын, «Жеті Жарғының» баптарын, дәстүрлерін ынтызарлықпен түсінген.

Мақсаткерлік, бәсекеге қабілеттілік, ұлттық бірегейлікті сақтау (тіл, мәдениет, әдеп, ұлттық рух), эволюциялық даму – рухани  жаңарудың айтулы көрсеткіштері

– Ұлттың рухани коды күрделі құбылыс. Демек, рухани жаңғыруды бір ғана фактормен байланыстыра алмаймыз. Ұлттың рухани кодының он маңызды индикаторларына тоқталып өтсеңіз? – Елбасы қазақ әліпбиінің тарихын VІ-VІІ ғасырлардағы «Орхон-Енисей жазуларынан» бастап, ой сабақ­тайды да, «латыншаға көшудің терең логикасын» бағамдаумен қатар, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын және Ұлттық аудар­ма бюросын құру мәселесін қозғайды. Әлем­нің таңдаулы, үздік, заманауи 100 оқулы­ғы­ның қазақ тілінде сөйлеуі дегені­міз олардың оқулық жазудағы шебер­лігі, әдіс-тәсілдері, әдеби-мәде­ни, тарихи-фи­ло­софиялық айғақ-дәйектемелері сөз­сіз қажет әрі төлтума оқулықтар туын­датуға мұрындық болуға тиісті. Ұлттың, ұрпақтың патриоттық рухын жаңғыртуда «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты бағдарламалардың мәні зор. «Туған жер» дегеніміздің өзі, тұтастай айтқанда, Ұлы Дала елі, республикамыздың аумағы. Өлкетану жұмыстарын жандандыру, туған жерді түлету айрықша бір кешенді шаруа. Ел қондыру, егін шаруашылығын дамыту, ел қо­ныстанған соң, инфрақұрылымдар жүйесін жасақтау, төрт түлік мал өсіру, байырғы елді мекендердің атауларын қал­пына келтіру, су-нуға, аң-құсқа, ор­ман-тоғайға, тау-тасқа бақылау жасау, ен байлыққа ие болу. Тағы бір айта кететін нәрсе – сөздік қорымыздағы алуан сырлы ұғым-түсініктер, халықтық символдар, сөз-образдар қайтып оралуға тиісті. Өлкетану жұмыстарын сәтімен жүргі­зер болсақ, онда облыс орталық­тарын­дағы университеттердің оқу бағдар­лама­ларына «Өлкетану» пәнін енгізіп, сол өлкенің тарихын, табиғатын, география­сын, археологиясын, экологиясын, демо­графиясын, руханиятын, ономастикасын түбегейлі зерттеп, қопара жазу керек. Сондай-ақ, бұған «100 жаңа есім» жоба­сының өңірлік нұсқасы да енеді. Тоқетері, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала­сында сырлы-сымбатты тіліміздің, ұлттық санамыздың, ата тарихымыздың, ата жұртымыздың, ата дәстүріміздің, төлтума мәдениетіміздің жасампаз қуаты мен құдіреті шынайылықпен сипатталған. Осыны жүзеге асыруда рухани жаңғыру күретамырларын тап басып таба білейік. Мақсаткерлік, бәсекеге қабілеттілік, ұлттық бірегейлікті сақтау (тіл, мәдениет, әдеп, ұлттық рух), эволюциялық даму – рухани жаңарудың айтулы көрсеткіштері. – ХVІІІ ғасырдан бастап ұлттың мінез-құлқы мен табиғатын оның жайлап отырған аумағымен, атамекенімен, әсіресе, қоршаған орта, өсімдіктер және жануарлар дүниесімен байланыстыратын көзқарастар жүйесі қалыптаса бастады. Осы ұғымдар жүйесінде Л.Н.Гумилевтің теориясы айрықша назар аударарлықтай. Осы тұрғыда ой өрбітсеңіз? – Қазақ халқы – Ұлы Даланың перзенттері. Тілі де, жаны да, рухы да, ұғым-түсініктері де, сана-сезімі де, өнері де, шаруа-кәсібі де (мысалы, «Дала малды асырайды, мал адамды асырайды» дегендей) Ұлы Дала көріністерімен, жаратылыстың сұлулығымен ұлы үйлесім тапқан. Мінез-құлқымыз да, көңіл-пейіліміз де, ой-қиялымыз да Ұлы Далаға лайық. – Ұлттың әлеуметтік ұстыны – оның билік рухының негізі. Ұлттық код өзара ықпалдаса келе байсалды ұстанымды қалыптастырады. Мұндайда басты қару – ұлттың ішкі бірлігі, ұлттың намыс қуаты. Осы биіктен көріну үшін қоғамда нендей жұмыстар атқарылуы тиіс деп санайсыз? – Қоғамды ізгілендіру, сәулелендіру – іс басындағылардың абыройлы қызметі. Олар көпті белгілі бір ұлы мақсатқа жұмылдырып, елшілдікті, мемлекетшілдік, ар-намысты жоғары ұстауы, әлеуметтік әділеттілікті, турашылдықты, дұрыстықты, халық пікірін темірқазық етуі қажет. Айталық, замана тұлғалары Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов я болмаса мемлекет қайраткері Жұмабай Шаяхметов пен Еркін Әуелбековтер ұшан-теңіз мүмкіндіктерін жеке басы мен бала-шағасы үшін пайдаланбаған. Олар тазалықты ту еткен қайраткерлер. Әділдік бар жерде, ел қыран құстай түлейді. Ала-құла қызмет жасалса, ел ішінде іріткі туады. Бүгінде сын айту, тәжірибе бөлісу дегендер атымен жоқ. Ал, кісі салу, жағымпаздық, дүниеқоңыздық өршіп тұр. Қоғамда рухани-ұлттық құндылықтар мейлінше жоғары деңгейде көрініс беруі үшін кез келген ұжымда білікті, мәдениетті, іскер тұлғалар қатарын жасақтау абзал. Сонда «кеселді қулар», «пәлелі сөздер» (Абай) келмеске кетеді.

Төртінші өнеркәсіптік төңкерістің игіліктерінің – «Барлық заттардың өз интернеті», яғни, ғаламторда  дүкені болады

– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында халықты «Ақылды ұлтқа» айналуға үндейді. Президент «Ақылды ұлт», «Ақылды қалалар», «Ақылды технологиялар» деген сөздерді бостан-бос айтпағаны белгілі. Күн өткен сайын өзгеріп отырған заман талабына сәйкес әрекет жасай алмасақ, бәсекеге қабілетсіз болып қалатынымыз айдан-анық. Осы бағыттағы беталысымыз қалай? – Жолдаудағы жіктемелердің мәні мен мағынасы мемлекетті көркейтудің әдемі тәсілдері деуге болады. Мұндай жік­теу әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» дейтін трак­татында «парасатты қала», «алып-сатар қала», «мансапқор қала» дейтін ұғымдар бар. Давостағы дүниежүзілік экономикалық форумның негіздеушісі және оның 1971-ші жылдан бергі президенті, оқымысты-экономист Клаус Шваб «Төртінші өнер­кәсіптік революция» атты еңбегінде заманауи технологиялық өзгерістерге болжам жасайды. Ғаламзат пен адамзат дүниесін дүр сілкіндірген сүйекті еңбектің мазмұнын ағылшын тілінің майталманы, журналист, ақын Ернат Қашқыновтың тәржімасы бойынша баяндасам деймін. Сонымен жер-жаһанды не күтіп тұр... 1. Даму қарқыны. Бұрынғы 3 төңкеріске қарағанда, бұл жолғы өнеркәсіптік рево­люция алдыңғы тәжірибелермен еш сабақ­таспайды әрі сан салалы, көп қырлы, өзара терең байланысқа түскен әлемді тудырады. Бұл тұрғыда жаңару жүйесі барлық озық және тиімді технологияларды бір арнаға тоғыстырып, тұтас кеңістік құрады. 2. Кеңдік және тереңдік. Цифрлық ре­волюцияға негізделеді және экономика, бизнес, әлеуметтік ортада қалыптасқан парадигмаларды бұзады. Жаңа революция «не» және «қалай» істейтінімізді ғана емес, сонымен қатар, өзіміздің «кім» екендігімізді таңқаларлық күйге түсіреді. 3. Ықпал-әсердің жүйелі сипаты. Барлық елдер, компаниялар, салалар мен жалпы қоғамдағы бүкіл жүйелердің сыртқы және ішкі өзгерістері тұтас қайта құрылады. Яғни, Төртінші өнеркәсіптік революция – технологиялар мен адамзат қоғамының бір-біріне тіптен етене жақындауы. Адам өміріндегі алғашқы бетбұрыс 10 мың жыл бұрын жануарларды қолға үйретуден басталған. Азық-түлік өндіру ісі жолға қойылып, халық саны өсіп, үлкен елдімекендер пайда болады. Осылайша қалалар құрылады. Алғашқы өнеркәсіптік революция 1760 жылдан 1840 жылға дейін жүрді. Оған теміржолдардың салынуы, бу қозғалтқышының ойлап табылуы серпін берген. Екінші өнеркәсіптік революция XIX ғасырдың аяғында туып, XX ғасырдың басына дейін созылады. Бұл кезде электр жарығы қолданысқа енді. Үшінші өнеркәсіптік революция 1960-шы жылдардан бастау алады. Әдетте оны компьютерлік немесе цифрлық төңкеріс деп атайды. Өткен ғасырдың 60-жылдары электрондық есептеуіш машиналар, дербес компьютерлер, 1970-80 жылдары интернет желісі адамзат игілігіне айналды. Айрықша бір жәйт – әлем халқының 17 пайызы екінші өнеркәсіптік революцияны әлі көрмеген. Шамамен алғанда, 1 миллиард 300 миллион адам электр жарығынсыз отыр. Жер шарындағы адамдардың жар­тысына жуығы, яғни, 4 миллиардтай адам үшінші өнеркәсіптік революцияны басынан өткермеген. Себебі, олар тұратын дамушы елдерде интернет желісі атымен жоқ. Тағы бір еске салатын мысал, бірінші өнер­кәсіптік революцияның символына ай­налған ұршықты Еуропадан тыс жерлерде таратуға шамамен 120 жыл қажет болыпты. Ал, өміріміздің құрамдас, ажырағысыз бө­лігіне айналып кеткен интернеттің тарала бастағанына 10 жылдан енді ғана асты. Ал, қазір біз Төртінші өнеркәсіптік революцияның табалдырығында тұрмыз. Оған тән басты ерекшеліктер мыналар: барлық жерде қолжетімді мобильді интернет, адамзаттың өмір сүруін барынша қолайлы қылатын өнеркәсіптік құралдар мен құрылғылар, жасанды интеллект және білім үйретуші машиналар. Дүниежүзілік экономикалық форум жүргізген зерттеулерге негізделген басты технологиялық мегатрендтер 3-ке бөлінеді: Олар: физикалық, цифрлық, биологиялық блоктар. Енді, әр бөлікке қысқаша сипаттама берейік: адамсыз басқарылатын көлік құралдары. Жүк, әуе, теңіз және су асты көліктері қолданысқа енетін күн алыс емес. Дрондардың өзі бір төбе. Олар қоршаған ортаны анық сезініп, ұшу жолында кездесетін бөгеттерді айналып өтіп, электр желілерінің ақаулығын өз бетінше тексеріп, соғыс алаңына дәрі-дәрмек жеткізіп, ауылшаруашылық жұмыстарында кеңінен пайдаланылатын болады. 3D-баспа әзірге көлік, аэроғарыш және медициналық салаларда ғана қолданылып жүр. Қазір мамандар адамның жасанды мүшелерін жасайтын 4D технологиясын жасап жатыр. Жаңа импланттар температура мен ылғалдылыққа байланысты түрін өзгерте алатын болады. Озық роботтық техника. Бұған дейін түрлі қызмет са­ларында қолданыста жүрген роботтар ав­тономды құралдар арқылы жұмыс істеп келсе, енді олар «бұлтты» технологиялардың арқасында алыстан басқарылатын болады. Тіпті, роботтардың келесі буыны адаммен тығыз қарым-қатынаста байланысқа түсуі мүмкін. Жаңа материалдар /бұрын-соңды болмаған, жаңадан жасалған заттар/. Озық нанотехнологиялар. Мәселен, графеннің беріктігі болаттан 200 (екі жүз) есе мықты, ал, қалыңдығы адамның бір тал шашынан миллион есе жіңішке. Оның үстіне, салмағы мен көлемі жағынан тиімді графен жылу мен энергияны тиімді өткізетін ерекше қасиетке ие. Әзірге ол өте қымбат – микрометрінің бағасы бір мың АҚШ долларынан асып түседі. Бір рет қолдануға жарамды пластмассалардың бірнеше мәрте кәдеге асыруға болатын жаңа түрлері жасалу үстінде. Төртінші өнеркәсіптік төңкерістің игіліктерінің – «Барлық заттардың өз интернеті», яғни, ғаламторда дүкені болады. Физикалық дүниенің заттарын виртуалды әлеммен байланыстырушы құралдар мен құрылғылар жоғары қарқынмен дамып келеді. Олар үйлерге, киім-кешекке, аксессуарларға, қалаларға, көліктерге, энергия желілеріне орнатылуда. Алдағы уақытта олардың саны триллионға (!) жетуі мүмкін. Электронды ақша – Биткоин (Bitcoin) қолданысқа ену алдында. Әзірге оған күмәнмен қарайтындардың қарасы мол. Бірақ бұл уақытша құбылыс. Биткоиндер болашақта электронды тиын-тебенді алмастырмай, сондай-ақ, туу және қайтыс болғандығы туралы, меншік құқығын растайтын, неке туралы куәліктерді, білім туралы диплом, сақтандыру шарттарын, медициналық қызметтерді, сайлауда берілген дауысты тіркейтін виртуалды мекеменің де орнын ауыстырады. Синтетикалық (жинақтаушы) биология ДНК жазбалары арқылы ағзаны реттеуге мүмкіндік бермек. Бұл бүгінде дауасыз деп сана­лып отырған рак және жүрек ауруларын емдеуге жол ашады. Биологиялық инженерия генетикалық жағынан өзгертілген өсімдіктер мен жануар­ларды, керек десеңіз, ересек адам­дардың жасушаларын жасауды қамтамасыз етуге қауқарлы болмақ. Бір айта кетерлігі, қазір ғылымның қар­қынды дамуына техникалық немесе технологиялық емес, заңдық, нормативтік және этникалық шектеулер кедергі келтіріп отыр. Аталған кітапта ең қызықты мәлімет­тердің бірі – Орасан бетбұрыстар кезеңі туралы тарау. Дүниежүзілік экономикалық форум 2015 жылдың қыркүйегінде арнайы есеп жариялап, онда 2025 жылға дейін іске асатын 21 технологиялық үлкен жоба жайлы айтылады және оған кейін тағы екеуі қосылады. – Олар өмірімізге не алып келеді? – Адам денесіне жалғанған алғашқы ұялы телефон пайда болады. Ол тұрған орынды анықтайды, байланыс қызметін атқарады, мінез-құлықты бақылайды, сауықтыру шараларын жасайды. Адамдардың 80 пайызы барлық дерек, мәліметтерін интернет желісінде сақтайды. Оқуға арналған көзілдіріктердің 10 пайызы интернетке қосылады. Жер бетіндегі адамдардың 10 пайызы интернет арқылы киім киеді. Халықтың 90 пайызында тұрақты Интернет желісі болады. Адамдардың 90 пайызы мәліметтерін цифрлық кеңістікте тегін әрі шектеусіз көлемде сақтайтын мүмкіндікке ие болады. Интернет желісіне тұрақты қосулы тұратын 1 триллион құрылғы болады. АҚШ-та алғашқы робот-фармацевт пайда болады. 3D-баспаның көмегімен алғашқы көлік жасалады. Үйдегі интернеттің 50 пайыздан астамы бұрынғыша байланыс немесе көңіл көтеруден басқа тұрмыстық мұқтаждықтарға қолданылады. Ортақ тұтынуға негізделген экономика қалыптасады. Жеке көліктермен жол жүруге қарағанда, бірнеше адам бірігіп пайдаланатын көліктермен сапар шегу жағдайлары көбейеді. Халық саны 50 мың адамнан асатын, бағдаршамы жоқ алғашқы қала пайда болады. Дүниежүзілік жалпы ішкі өнімнің 10 пайызы «барлық мәліметтердің электронды базасы» – «блоктар тізбегі» технологиясы бойынша (blockchain технологиялары) сақталады. Жасанды интеллектісі бар автомат (робот) директорлардың корпоративтік кеңесінің құрамына алғаш рет мүше болып сайланады. Қалтада жүретін суперкомпьютер іспетті смартфондарды адамдардың 90 пайызы тұтынады. Халық санағын цифрлы, сақтаулы, сенімді мәліметтердің негізінде жүргізетін алғашқы Үкімет пайда болады. Жүргізушісіз жүретін көліктер АҚШ-тағы көліктердің жалпы санының 10 пайызын құрайтын болады. Мекемелердегі түрлі тексерістердің 30 пайызын жасанды интеллектіге ие роботтар жүргізеді. Үкімет салықты алғаш рет «блоктар тізбегінің» көмегімен жинайды. 3D-баспа технологиясының көмегімен алғаш рет бауыр салынады. Халық тұтынатын тауарлардың 5 пайызы 3D-баспа технологияларымен жасалады. Гені (тегі) сырттай, жасанды өзгерістерге ұшыраған алғашқы адам өмірге келеді. Толық жасанды жады (ес) салынған алғашқы адам туылады. Сондықтан да, Қазақ Елінің мәңгілік рухани құндылықтарын (тіл, дәстүр, мәдениет, ұлттық сана, қолөнер, атакәсіп) сақтап байыту, дербестігімізді қорғау, әлем қауымдастығында тарихи орнымызды – мемлекеттігімізді айқындау, ұлттық кодымызды, дүниетанымымызды мұ­қият жетілдіру, өркениет жетістіктерін сараб­далдықпен пайдалану дұрыс деп есептеймін. – Бүгінде елімізде рухани жаңғыру бағыты бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Жалпы, білім, ғылым, әдебиет, мәдениет арқылы рухани жаңғыруымызда қандай бастамалар бар. Елі мен жерінің тарихын, тілін, салт-дәстүрін білетін озық ойлы студент жастарымызды қоғамымыздың идеалына айналдыру жолында қандай жұмыстар атқарылуда? – «Қазақстанның киелі жерлерінің гео­графиясының» картасы жасалуы, «Қазақ­стандағы 100 жаңа есім» «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениеті» жобаларының орындалуы, елдімекендерде байырғы жер-су атауларының қайтарылуы, тарих қаһармандарының есімдерінің берілуі, экономика мен мәдениеттің жаңаша өрлеуі бағытында аудандардың қалпына келтірілуі, ел мен жерді қорғаған баһадүрлерге, атап айтқанда, Жәнібек Тархан мен Кейкі батырға кесене орнатылуы – ұлт тарихы мен мәдениетіне деген құрмет. Мемлекет келешегі, ел тағдыры – бас­тамашыл, алғыр, жалынды студент-жастар қолында. Сондықтан, ел серкелері, ғылым мен білімнің ұйымдастырушылары оларға дұрыс жол көрсетсе, қанаттандырса, қолдаса дейтін тілегім бар. Дарынды жастарға күйе жағу, олардан ат-тоныңды ала қашу – тамырыңды балтамен шабу деген сөз. ­­­– Жолдаудың жетінші міндетінде Президент: – «Адами капитал – жаңғыру­дың негізі» деп «Білім берудің жаңа сапасы» туралы «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде озық жүйемізді құруды жеделдету қажет» деп атап көрсетті. Осы бағыттағы басымдық ретінде нені айтар едіңіз? – Бұл турасында атам қазақ «Ақылды адамның бағы жанбай, елдің бағы жанбайды» деп айтқан. Қоғам ішіндегі қайшылықтарды ақылмен, сабырмен жеңіп, қайсарлық, көшбасшылық танытқан, көпті түзу жолға салатын тұлға шығармайынша, тәрбиелемейінше, естілерді дәрежелі лауазымға көтермейінше, қоғамның гүлденуі мүмкін емес. Мектеп, колледж, ЖОО-ларда тәрбиенің тетігі – ұстаз қолында және оның шеберлігінде. Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің: «Халық мектептері үшін ең керектісі – оқытушы: тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият жүргізілетін инспектор бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды» деген пікірі ХХІ ғасырда да көкейкесті. Сондай-ақ, білім беру жүйесіндегі ұйымдастыру ұстаздық жолдан ұшан-теңіз тәжірибелері болмаса, бұл істе мар­дымды шаруа тындырмайды, тізгінді дымбілместерге ұстатып, дүмбілез қағаз­бастылықтан, жөнсіз нұсқаулардан бас көтертпейді, бұ да бір тұқыртудың, қыспақта ұстаудың бір тәсілі. Үрей, қорқыныш, мағынасыз мәжілісқұмарлық, көкжелкеден аңду, үздіксіз тексеріс болған жерде, сапалы білім беру, толыққанды ғылыми ізденістер жасау, үлгілі, мінсіз оқулықтар жазу – қияли құбылыс. ...Университет дегеніміз – таңдаулы оқымыс­тылар қауымдастығы. Мұнда ғылым мектебі мен дәстүрлері болу шарт. Ол – реформалардың қазаны, үгіт-насихат, саяси партия агентствосы емес. Университетте ойлау мен пайымды зерттеуге және білім беруде еркіндік болу заңды. Бұлай болмаған жағдайда университеттің аты бар да, заты жоқ деп жазады АҚШ санаткері Роберта М.Хетчинса. Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен – Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

1243 рет

көрсетілді

113

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз