• Тарих толқынында
  • 12 Қазан, 2011

МЕРЕЙІ ҮСТЕМ

«Ақиқат» өзінің 90 жылдық мерейтойына салтанатпен салихалы күйде келіп отыр деп айтуға толық негіз бар. Тақырыптары ауқымды әрі өзекті заман үнімен қанаттасып, қабырғаласып, өрнектесіп, кірігіп кеткені көрініп тұр. Кейбір басылымдар жалаң ұранға, уақыттың алдын орауға ұмтылып жатса, бұл басылым өзінің әу бастағы іргетасын шайқалтпай, орайлы сәттердің ұрымтал тұсын дөп басып, оқырман қауымның көңілінен шығуға талаптануда десек, артық айтқандық емес. Мен журналға 1991 жылдың қазан айында Жанболат Аупбаевтың орнына жауапты хатшы боп келдім. Бір айдан кейін орынбасарлықты да маған қосып берді. Бас редактор Камал Смайылов. Журналда белді-белді журналистер қызмет істеді. Негізінен саясат жағына көбірек көңіл бөлінді. Журналды сақтап қалу ісінде Кәмекеңнің беделі мен абыройы биіктен көрінгені көпшілікке аян. «Ақиқат» деген атты ұсынған да Кәмекең. Сол бір аласапырандау кезде басылым өз оқырмандарынан қол үзген емес. Таралымы да біршама – 12-15 мыңдай болды. Телефон арқылы болсын, хат арқылы болсын оқырман қауым редакциямен хабарласып өздерінің ойын, ұсыныс-пікірлерін жолдап, қолдап-қолпаштап отырды. Бірен-сараны партиялық басылым «Қазақстан Коммунисін» ең болмаса келесі жылға дейін өзгертпеу керек еді, дегендей лебіз білдірді. Талдықорған облысынан бір оқырман өлеңмен хат жазды: ...Партияға қырық жылдай мүше едім, Алатаудай айбарлы едім, күш едім. Енді, міне, партия жоқ, билет жоқ, Апырай, ә, қандай күйге түсемін. «Ақиқатқа» сыңар көзбен қараймын, «Ақиқатты» балапан деп санаймын. Бетін ашсам заман исі шығатын, – Құладың ба, «Коммунисім» арайлым... Бұл өлең ұзақ еді, менің ойымда сақталғаны осы екі шумақ. Енді бір оқырман: Журналды «Ақиқат» емес, «Хақиқат» деп атау керек еді, құранда «Хақиқат» қой, қызыл империя омақасты, енді кімнен қорқамыз», деп хат жолдапты. Енді бір оқырман: «Ақиқатты дөп басып, айта алмай, «Ақиқат» атауына кір келтіріп алмасаңдар жарар еді, редакцияға Нұри Мұфтақты шақырыңдар» деп хат жазыпты. Осындай хаттарды жинақтап Кәмекеңе көрсеттім де «Ықшамдап журналдың екі-үш бетіне жариялайық», деп ұсыныс айтып ем, бас редактор мырс етіп, езу тартты да «қажеті жоқ» дегендей ишарат білдірді. Кәмекең редакцияға Талас Омарбеков, Ғарифолла Есім, Тұрсын Жұртбай, Нұрақым Райханды шақырды. Оларға жарты айлық және қаламақы төледі. Журналдың тақырып ауқымы кеңейді, әсіресе, Талас Омарбеков өзінің қарымды қаламгер әрі терең тарихшы екенін көрсетті. Оның журналистік шеберлігі де бізді тәнті қылды. «Ақиқат» бақытты да, нәсіпті журнал. Олай дейтінім, бұл басылымға айдарынан жел ескен қаламгерлер, аса зерделі қоғам қайраткерлері, есімдерін күллі Қазақстан жатқа білетін азаматтар басшылық етті. Атап айтсақ, Камал Смайылов, Сарбас Ақтаев, Жұмабек Кенжалин, Ахат Жақсыбаев, Нұрмұхан Оразбек, Темірхан Медетбек – осындай әйгілі бір-біреуі бір-бір тарих бас редакторларға он бес жылдай орынбасар боп қоян-қолтық жұмыс істедім. Олар атақ-абыроймен де журналдың өрісін кеңейтті. Олар – осы Мәжитовты ауыстырайыншы деген ниет көрсетпеді. Ал Сарбас Ақтаев Жоғарғы органдарға барып, айлықты, қаламақыны көбейтіп, бас редактордың орынбасары деген штат алып, оған мені .... жауапты хатшылыққа Мұрат Күлімбетовты тағайындады. Мен қызметтес болған алты бас редактордың ішіндегі ең демократияшылы да осы Сарбас аға деп есептеймін. Жай басып, жалпақ ету, не нәрсені де безбендеп көзбен өлшей білу, қызметкерге жөн-жосықсыз шаптықпау, өзін биікпін деп санамау, ашуды ақылға жеңдіре білу, ең бастысы, қарауындағы қызметкерді бөле-жармау, олардың дайындаған материалдарына пысқырынып қарамау – осы бір азаматтың бойына біткен асыл қасиетінің бірі екені айқын көрініп тұратын. Еліміздегі бас саяси-қоғамдық журнал «Ақиқат» екеніне ешкім де шүбә келтірмейді. «Бұл саясатты ғана насихаттайтын журнал емес, қоғамымыздағы болып жатқан сан құбылыстарды – оңын – оң, терісін – теріс деп жазатын басылым», деген Нұрмұхан Оразбектің пікірі аса құнды пікір еді. Өйткені, алғашқы «Қызыл Қазақстаннан» бері бұл басылым талай «тар жол, тайғақ кешуден» өтті. Бірақ маңдайы тасқа тиіп, табанына шөңге кірмеді, халықтың жоғын жоқтап, мұң-мұқтажына үн қосты бір, екінші, бас редакторлық орынтақта елім, жерім дейтін асқан азаматтар отырды. Журнал өзінің біраз бетін экономикаға арнап, бедел үстіне бедел жинағаны мәлім. Кәмекеңнен басталған бұл үрдіс әлі жалғасын тауып келеді. Мен бұл журналдың тұрақты оқырманы әрі жанашырымын. Оның өміршеңдігіне қуанып, сәл белі босаса күйініп қалатындардың бірімін. Сондықтан басылымның бүгінгі серпілісіне, сергектігіне іштей риза кейіптемін. Қазір журналдың көлемі ұлғайды, тек сол көлемге сай материалдар шықса, яғни жарияланса нұр үстіне нұр. Журналға Сарбас ағаның үн қосатыны, сонымен қатар Серікқали Хасан, Қыдырәлі Қойтайдың материалдары мені оқырман ретінде қуантады. Өйткені, редакцияда басылымның бағытын, стилін, тынысын, қай беттің қай рухта сөйлейтінін сезінетін қызметкерлер болуы заңдылық. Бұл күнде тақырыптан жұтаңшылық жоқ. Бірақ тақырып аясын біліп жазу журналистік шеберлікті қажет ететіні белгілі. Материалға айдар қоюда ізденісті талап етеді. Меніңше, діни секторлардың жұмысын шынайы көрсететін тұрақты бөлім болу қажет. Бұл – журналдың әр санында көрініп отырса, сонан соң білім мен ғылымды да бөле жармай тұрақты түрде жазу «Қеңес мінбері» айдарын ашып, редакциялық кеңес мүшелерін сөйлетіп отырса артық болмас еді... Ұлттық ой-сананы қозғайтын, мемлекеттік тіл мәртебесін барынша ұлықтайтын іргелі материалдар; қазақша білетін орыс жастарын редакцияға тарту сияқты жұмыстар жүргізілсе. Талантты ақын, марқұм Қабижан Сағиевтің «Ақиқатқа» деген арнау өлеңінен екі-үш шумақ келтіре кетейін: ... «Ақиқатым» бал ашайын мен саған, Тап сені мен өмір бойы аңсағам. Жебе болып, жамандарға атылшы, Елімізде ондайлар көп самсаған. «Ақиқатым» дауылдарға қарсы тұр, Бұқпантайлар жатып атар бар шүкір. Барды бар деп, жоқты жоқ деп сіресіп, Зәрелерін «мықтылардың» алшы бір. «Ақиқат» боп шыққаныңа қуандым, Айыр тілін айырардай жыланның. Жасай берші, «Ақиқатым» жүз жаса, Аясында Қазақ атты Ұранның... Марат Мәжитов.

659 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз