• Заманхат
  • 28 Қаңтар, 2019

ЕЛ ТАРИХЫНДАҒЫ ПАССИОНАРЛЫҚ ҚҰЛШЫНЫСТАР ЖӘНЕ БҮГІНГІ ҰЛТТЫҚ БОЛМЫС

Амангелді Айталы, философия ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры

2018 жылдың мамыр айында Шымкентте «Орбұлақ шайқасы: Ұлы жеңістің ақиқаты және маңызы» атты халықаралық конференция өткен болатын. Орбұлақ шайқасын қазақ халқының тарихы аясында саралау біраз ойларға жетелейді. Екі мың жылдан бері қалыптасқан тарихи уақиғалардың ақиқатын саралаудың үш өлшемі барлығын батыс ғалымдары бекіткен. Біріншіден, тарихи уақиғаның болғаны ешқандай күдік туғызбауы, болған уақиға екендігінің даусыз болуы; екіншіден, уақиғаның әртүрлі мәтіндерде, тарихи деректерде мойындалуы және ел жадында сақталуы; үшіншіден, уақиғаның тарихи деректер негізінде ғылыми айналымға түсуі, ғылыми еңбектерде, әдеби шығармаларда көрініс алып, тарихи ой сананың арқауы болуы. Орбұлақ жеңісі осы тарих ғылымның талаптарынан, қазақ қоғамының тарихи танымынан шығатын қасиетті оқиға. Орбұлақ жеңісі өзекті ойларды ортаға тастап, азаматтық тұрғыдан бүгінгі ұлттық болмысымызды да саралауға жетелейді.

Батырлар ұрпақтарының бүгінгі келбеті қандай?

Осы тұста Л.Н. Гумилевтың теориясы ойға оралады. Ұлттың пайда болуы (этногенез), Л.Н. Гумилевтің айтуынша, тарихи және ландшафтылық факторлардың үйлесімді дамуының жемісі. Этнос әлеуметтік кеңістіксіз өмір сүре алмайтыны сияқты, атмо-сфера, гидросфера, биосферасыз да өмір сүре алмайды. Этностардың бір-бірінен айырмашылығы олардың қоршаған табиғи-территориялық ортаға бейімделуіне байланысты. Әр ландшафт өз этносын өмірге әкелді. Біз ұлы Дала еліміз. Ал, өз ландшафтысынан айрылған этнос (жер аударылғанда, көпұлтты қалаға көшкенде, тағы басқа жағдайларда) басқа бір этносқа, жаңа қауымдастыққа айнала бастайды. Этностың қалып-тасуын, дамуын және бірте-бірте сөніп ыдырауын Л.Гумилев бес кезеңге бөледі. Бірінші кезең – этностың материалдық және рухани күш жинау кезеңі. Оны автор императив атайды. Бұл күш жинау қазақ хандығының құрылуы, қазақ деген этностың дүниеге келген кезі деп есептеуге болады. Екінші кезең – пассеизм, ұлттың тарихи сахнаға шығуы. Оны құрайтын аталастар өздерінің ата - бабаларының жалғасы ретінде сезініп, ұлттық мұраға үлесін қосады. Тағы да бір табыс, тағы бір жеңіс, тағы да бір ғимарат, тағы да бір әдеби, ғылыми туынды, тағы да бір шыңдалған семсер деп, ұлттық құндылықтар осылай тырнақтап жиналады. Бұл кезеңді Л.Гумилев «қуатты құлшыныс» (пассионарность) деп атайды. Орбұлақ шайқасы пассионарлық, ішкі энергия тасып, ақыл-қабілет жетілген тұстағы ұлттың өз тағдырын өзі шеше алатын тұстағы амалы. Кемеңгер хандар ұлы жеңістерімен, ерлікке, өрлікке толы істерімен қазақтың мәртебесін көтерді. Үшінші кезең – актуализм (гүлдену, сұйылу) деп анықталады. Бұл тұста өткенін ұмыта бастайды, ұлттың болашағын ойламайды, оны білгісі де келмейді. Олар өздері үшін ғана өмір сүріп, қара бастары үшін ғана ерлік жасайды. Бірте-бірте тоғышарлық психология күш алып, бұрынғы ұлттық мұра шашылып-төгіліп, ысырап жасалады. Оны орынсыз жұмсау алдамшы молшылық, гүлдену сияқты жалған ойлар тудырады. Төртінші кезеңге – футуризмге - этностың бұрынғы тарихын тек өткен заман деп бағалау, бүгінгі ұлттық мүддені тиімсіз деп қабылдау, тек болашаққа, арманға ғана сену тән. Бесінші кезең – ыдырау, күйзеліс кезеңі - ұлттың дағдарысқа ұшырап, жойылуымен тынады. Бұл кезеңдер ұлттың қалыптасуы-ның, дамуының өзара байланысты үйлесімді сатылары, ол шамамен 1200-1500 жылға созылады. Даму барысында ұлт табиғаты күрделі өзгеріске ұшырайды, бүлдіргіш құбылыстармен қатар жасампаз процестер де жаңа этникалық қауымдастық қалыптасуға алғышарттар жасайды. Ұлт басқа тілге, дәстүрге, дінге ауыса бастайды. Тәуелсіздік жолында ұлттық мінез, өрлік, ерлік қымбат капитал. 105 жыл өмір сүрген қытайдың жоғары мәртебелі отбасының мұрагері У.Тунань (1884-1989) ерекше қабілетті адам болған, бойындағы туа біткен аурудан өзінің ішкі энергия күшімен сауыққан. Оның керемет қабілеттері туралы әңгімелер көп. 1937 жылы университетте жұмыс жасап жүрген кезінде оқу орнының сейфінен бір жылға жұмсалатын қаржысы ұрланып кетіпті. Іздеушілер ол қаржының тауда тығылған банданың қолында екенін баяндайды. Бірақ оған тәуекел етіп ешкім бара алмайды. Жасы ұлғайған У.Тунань осы іске батыл кіріседі. Бандиттердің талай тосқауылдарынан өтіп, өзінің ерекше қасиеттерінің арқасында қарақшылардың бас мәжіліс залына өтеді. Банданың жетекшісі әйел екен. У.Тунань оған Жапониямен өз тәуелсіздігі үшін соғысып жатқан Қытайға білімді азаматтар қажет, ал ұрланған қаржы жастардың білім алуына жұмсалмаса, ел зиян шегеді деген. Атаман әйел «мен ең алдымен қытай әйелімін, сосын барып қарақшымын» деген екен. Сондықтан ақша ұрлағандарды іздетеді, оларды тапқаннан кейін өлім жазасына бұйырып, қаржыны университетке қайтарады. Қайту сапарында қымбатты жүкті жеткізу үшін У-дың қасына қарулы күзетшілерді де қоса береді. Осылай елге қауіп төнгізген суыққол ел мүддесін ойластыратын мінез танытады. Империя үстемдігіне қарсы табанды күрескен ұлттық сана-сезімі мықты тұлғалар қазақта аз емес. «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!»- деп ақырғы деміне дейін қазаққа қызмет еткен Әлихан Бөкейханов пен Алаш арыстары. Қенестік таптық идеология ұлттық тұтастықты жікке бөліп, қарама-қарсы екі мінез, екі мәдениет, екі саяси бағытқа икемдеді. Әр жеке тұлға ұлт өкілі ретінде ұлттық идея жетегінде кетсе, социалистік мүддеден алыстайды, бірыңғай ұлттық мүддеге бейімде-леді деп, интернационалдық мүдделерге мойынсынуды, ұлттық мінез, қасиеттерді ығыстырып, ұлтсыздықты дәріптеді. Социализм ұлт болмысын ұлтсыздыққа бейімдеп, ақ сүт берген анасының омырауын тістейтін нигилистерді де өмірге әкелді. Шындығында, интернационалдық идеялар астарында жалпы адамзаттық құндылықтар емес, орыс билеу-шілерінің мүдделері жатты. Ұлттық мінез астарында ұлттық эгоизм емес, шын мәнінде ұлттық істер, ұлттылығын сақтау мүдделері жатады. Әлихан Бөкейханов сондықтан ұлтшылдық пен ұлттық идеяларды айырып отырған. Ұлттық астамшылық, менменділік сау организмге жабысқан ауыр дерт. Неміс ауыруы фашизмге, орыс ауыруы шовинизмге ұласып, ұлттың өзін абыройсыздыққа ұшыратады.

Пессимистік пікірлер

Бүгін қазақ халқының бойындағы мінез, қасиеттер туралы екі түрлі ойлар айтылады. Оның бірі пессимистік пікірлер. Пассионарлық шабыт, өскелең биік рухтың бірте-бірте бәсеңдейтініне тарихта мысалдар көп. Рухтандырушы, ұлтқа дем беруші Салқам Жәңгір, кешегі Әлихан Бөкейханов сияқты пассионарлық тұлғалар бізде де көрінбейді. Ресейге бодан болған тұста тәуелсіздікке деген ынта-жігер, ұмтылыс аз болмады. Орыстан кіріптарлықтан құтылуды аңсап бұрқ етіп шыққан талай көтерілістер болды. Ол ұмтылыстар жеңіліске ұшырап отырды, қазақ талай қасірет шекті, иі сынды, талай тауы шағылған замандар өтті. Тәубе, тәуелсіздікке қол жеткіздік, шүкір дейміз. Дегенмен әлі отарланған ұлттың кебінінен шыға алмадық. Қазақ елінің көбінің тамағы тоқ, көйлегі көк болар, бірақ, рухани құлдырау жалғасуда, ұлттың рухы әлсіреп барады. Жанын салып аянбай ынтамен күрескен батырлардың ұрпағы жібі бостау, көнгіш момынға, жуастарға айналып барады. Ал, жуастармен қатар сөзін айта алмайтын, әншейінде күнкілдейтін, Президент Н.Назарбаевпен кездескенде Ә.Ке-кілбаев айтқандай «жібектей есіліп қоя беретін ынжықтар» көбейді. Құлдыраудың тағы бір көрінісі – ұлттың бет-бейнесінен айырылғандар, бір-екі ауыз қазақша білсе қазақпын дейтін азғындар. Олармен қатар бүгін мен әлем азаматымын, сонымен мақтанам дейтін, бөтеннің құндылықтарын өз ұлттық құндылықтарынан жоғары қоятын космополиттер тобы пайда болды. Космополиттердің түптің түбінде бетін бері қаратуға болар, егер, космополит екенін түсінсе, ал, өзін де, өзгені де жете танымайтын мәңгүрттердің жөні бөлек. Бүгін мәңгүрттену балалар бақшасында тәрбие алып жатқан, үш тілдің қайсысы ана тілі екенін айыра алмайтын сәбилерден бастау алып жатқан жоқ па деген қауіптен туады. Мәңгүрттену басқа ұлтқа өтуге, жойылуға апа-рады. Осылай пессимистер қазақ халқының бойынан ұлттық мінез дағдарысының алты көрінісін атайды: батырдан жуас, жуастан ынжық, ынжықтан азғын, азғыннан сатқын, сатқын-космополит, космополиттен мәңгүрттер, ұлтын ауыстырғандар туады. Қ.Жұбанов университетінде Астанаға арналған конференцияда Башқұртстаннан ғалымдар қатысты. Олар ұлттық құндылықтарымыздан айырыла бастадық, әсіресе, тілдік орта орыстанды, Уфа қаласының халқының 11% -ы ғана башқұрттар деп қынжылды. Басқа тілге ауыса бастаған халық басқа дінге де ауысуы қиын емес. Бүгін Татарстанда он православ священниктерінің біреуі шоқынған, ұлты жағынан татарлар, олар өз төңірегіне татар жастарын тартуға тырысады. Башқұрт пен татарлар бізге қызығып қарайды. Қызығатыны, біздің тағдырымыз оларға қарағанда сәтті болды, тәуелсіздік алдық, ал, олар бір кезде бізден білім жағынан жоғары болғанымен, бүгін ассимиляцияға ұшырауда. Қазақтар өздерінің тілін, мәдениетін терең меңгеріп, рухы тәуелсіз болған сайын, біз сіздерге қарап бой түзейміз, дейді олар. Ал, сіздер тіліңізді, дініңізді, мәдениетіңізді сақтай алмасаңыз, тәуелсіздік алған қазақтар да орыстануда, сондықтан, дербестікті армандамаңдар деп бізді басып тастады деп, бізге орынды тілектерін жеткізді. Біздің жауапкершілігіміз бауырлас түркітектес халықтардың алдында да жоғары.

Реалистік пікірлер

Дегенмен, ұлттық азғындаудың әртүрлі көріністерін мойындай отыра, бүгін ұлттық рух, патриотизм қазақ халқының бойында бар, бірақ реңі, түрі, ерекшеліктері әртүрлі деген реалистік ой-пікір басым. Оның жолы әрмен, дегенмен ел шетіне жау келсе, Орбұлақ шайқасындай айқасқа ел көтеріле ме, бас қосып біріге ме? Енді, ұлттық болмысымызды реалистік тұрғыдан саралап көрсек. Бүгін Қазақ елі әртүрлі әлеуметтік топтарға: өте бай, бай, орта, ортадан төмен, кедей, өте кедей болып жіктелген. Миллиардтаған ақшасы бар топтың ойы бөлек. АҚШ Президенті Томас Джефферсон (1743-1826) айтқандай, «Коммерсанттың отаны жоқ ». Ал, елдің басым көпшілігі дау-рықпай отбасын бағып, бала- шағасын асырап, үкіметке қол жаймай жүрген қазақтар, олар патриоттар. Тілді, жерді қорғайтындар осылар. Ал, аса байлар үшін қазақ елінің табиғи байлығы, бюджеттен алатын қаржысы ғана құндылық. Мүмкін біреулер айтар, ақшалылар, шет елдерде, Лондонда тұратындар елге қауіп төнсе, елді қорғауға дайын болады деп. Сөз жоқ, бірен-сараны елді қорғар, сондай-ақ, бірлі-екілі сатқындар қалың елдің ішінен қай заманда да болған. Бірақ, байығандар, Қазақстанда жылжымайтын меншігі барлар кім жеңсе де Отан емес, байлығым аман қалса деп ойлайды. Қарапайым азаматтар да кімді қорғаймын деп ойланар: анау байығандардың меншігін қорғаймын ба, әлде жемқорлыққа белшесінен батқан анау билікті қорғаймын ба, өмірімді солар үшін қиямын ба дер. Әрине, елді кімдер басқарса да, кімдер байыса да, кімдер кедейленсе де, ел, жер тағдыры, ел тәуелсіздігі, жалпы-ұлттық мүдде, ел болашағы бәрінен де қымбат. Қарапайым қазақтың көбі, сөз жоқ, елді қорғайды. Дегенмен, бүгін де заман өте күрделі. Әсіресе, елдің бірлігі, тұтастығы ойландырады. Елдік сана, бауырмалдық сезім елді, бір-бірімізді қолдауға, қорғауға жетелейді. Сол ұлттық сана Ақтөбенің Шалқар аймағынан Тілеу батырды Сайрам қазақтарын қолдауға әкелді, Жалаңтөс баһадүр Салқам Жәңгірмен бір одақта болды. Ал, қазір ондай елдік сезім кемшін. 2011 жылы Жаңаөзенде қан төгілді. «Анау адайлар не бүлініп жатыр» деп сырттай ғана сын айтамыз. 2016 жылы Ақтөбеде террористік акция болды. Екі жақтан шығын болды. Астана, Алматы, басқа қалаларға барсақ, сәлемдесу «Иә, Ақтөбең қалай, тынышсыздар ма?» деуден басталады. Кейде, «Ақтөбе менің ғана Ақтөбем емес, Қазақ елінің бір үлкен аймағы, Жаңаөзен де қазақтың бір қасиетті жері» деп айтуға тура келеді. Неге тәуелсіздік алып, ел болып, қазақ қазақтың қанын төгіп жатыр, бұл қазаққа не болды? XXI ғасырда біздің тұтас ел болып сақталып қалуымыз үлкен проблема. Ал, Жаңаөзендегі, Ақтөбедегі оқиғалар бір топ бұзақылардың ғана әрекеті емес, оның астарында әлеуметтік, саяси, мәдени қайшылықтар жатыр. Ал, оларды мойындауға, талдауға, саралауға бара алмай отырмыз.

Рухани жаңару мәселелері

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында отарлауда болған халықпыз ғой, еліміздің еңсесін көтерейік, барымызды бағалайық дедік. Ол дұрыс та, оппозицияны қолдамадық. Келісім, тұрақтылық деп, сыннан аулақ болып, біржақты ымырашылдыққа жол бердік. Мәселе бір-біріміздің жағамыздан алу емес, ақты-ақ, қараны қара деп айта білу еді. Өкініштісі, кеңестік саяси монополиядан шыға алмадық. Орыс жазушысы Михаил Салтыков-Щедрин (1826-1889) «многие склонны путать понятия «Отечество» и «Ваше превосходительство»» деп айтқан екен. Отан мәңгілік құндылық, ал, ел билеушілер уақытша тұлғалар. Сондықтан, отаншыл сана тәрбиелеу мақсаты жеке тұлғаларды дәріптеуге айналуы тиіс емес. Президент Жолдаулары болсын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы болсын, талдап саралаудан гөрі сол болашақ болып қалғандай, алып-ұшып, «Алға, комсомол!» деп желпініп кетеміз. Лепірме сөз әсіресе мемлекет қызметкерлеріне тән. Лениннің ұмытыла бастаған бір сөзі бар: коммунистерді ұятқа қалдыратын, оларға сенімсіздік туғызатын коммунистердің өзі деген. Сондай-ақ, бюрократия да мемлекеттің беделін түсіруде. Сондықтан, батыс философтары мемлекеттің басқару аппаратындағыларға сенімсіздік туғызу әр азаматтың борышы дейді. Мәселе, халықтың биік намысында, бақылауында, парасыз мәселені шешуге мемлекет қызметшісін мәжбүрлеуде болып отыр. Қазақтар тәуелсіздікпен тек материалдық молшылықты ғана армандаған жоқ, ең алдымен шынайы әділдікті, еркіндікті аңсады. Істелген шаруалар да аз емес, істелмеген өте көп. Рухани бетбұрыс, жаңару саяси ахуалға байланысты. Сөз еркіндігі, ашық пікір-талассыз қоғамның рухани бет-бейнесі жаңармайды. Саяси моноцентризм, бір партияның үстемдегі адамдардың ізгілікке ұмтылысын шектейді. Әсіресе, ұлт мәселесін жаңаша ойлайтындардың азаматтық белсенділігіне мән берілмейді, осыдан қайшылықтар туады. Сондықтан, рухани жаңару негізінен жоғары биліктің қозғауымен, ұйымдастыруымен жүріп жатыр. Ел халқының санасында жаңа серпіліс бар деу асығыстық болар. Қазақ өркениетінің іргетасы – қазақ тілі. Бүгін ұлттық тіліміз әлемнің ағылшын, орыс тілдері сияқты құдіретті тілдермен бәсекелестікке түсті, онан аман қалуы екіталай. Ағылшын, француз, неміс, испан, басқа да тілдер ғасырлар бойы араласып жатқан Еуропаның көптілдік моделін кеше ғана тәуелсіздік алған, тілі тұғырына қонбаған Қазақстанға енгізілген эксперимент қазақ рухын әлсіретеді. Ағылшын тілін меңгеру де ақылға сыйымдылыққа негізделуі керек. Бүгінгі бізде, біріншіден, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дегендей әділ қазылығын айтатын пассионарлық тұлғалар көрінбейді. Бүгін бізге Салқам Жәңгір заманындағыдай өр тұлғалар жетіспейді. Дегенмен, үмітсіз болмайық, отаншыл тұлғалар енді қалыптасып келеді. Екіншіден, бүгін елді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғайтын батырларымызбен қатар заманға бейімді білімді, намысты шенеуніктер, министрлер емес, бәсекеге қабілетті ұлттық намысы жоғары ғалымдар, мамандар қажет. Неміс философы Ф.Ницшенің айтқаны бар: «Бәрінен де мықты байлап тастайтын көзге көрінбейтін жіптер». Ол көрінбейтін жіптер – ұрпақтардың байланысы, сабақтастығы. Орбұлақ шайқасы өткен бабалар мен бүгінгі ұрпақты байланыстыратын, ұлттық санамызды өрбітетін маңызды оқиға.

687 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз