• Мақала
  • 30 Сәуір, 2024

БҮГІНГІ ҚОҒАМНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК БОЛМЫСЫ ҚАНДАЙ?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында (2020 жыл): «Бізге әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасы керек» деген ой айтты. Мемлекет басшысының осы Жолдауында айтылған тапсырмасының негізінде елімізде «Әлеуметтік кодекс» қабылданып, мемлекет пен азаматтар арасындағы қарым-қатынастың мүлде жаңа үлгісін қалыптастыратыны атап өтілді. Мұның барлығы халық үшін өте қажетті бастамалар екені сөзсіз. Өйткені, біз өмір сүріп жатқан қоғамның әр саласында өзгерістер орын алуда. Мұндай жағдайда болып жатқан нақты үдерістер мен олардың даму заңдылықтарын түбегейлі зерделеп, талдау, белгілі бір тұжырымдар жасау, көзқарастар қалыптастыру маңызды болып отыр. Осы орайда «Бүгінгі қоғамның әлеуметтік болмысы қандай?» деген тақырыпты арқау ете отырып, «Ақиқат» журналының редакциясына бірқатар әлеуметтанушыларды шақырып, ой-пікірлерін білген едік. Басқосуымызға Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетіне қарасты Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, әлеуметтанушы, Phd Суат БЕЙЛУР; философ, публицист Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ; әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, әлеуметтанушы Динара НҰРАНҚЫЗЫ, Философия, саясаттану және дінтану институты саяси зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері, PhD Мейрамгүл ИСАЕВА, Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қоғамдық-гумитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Мақпал ДАБЫЛТАЕВА, журналист Дина ИМАМБАЙ қатысты. «Ақиқаттың» ой алаңын журналдың бас редакторы Дәуіржан Төлебаев жүргізіп отырды. 
 

 

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ: Ата заңымыз бойынша, мемлекетіміздің бір сипаты – әлеуметтік мемлекет. «Әлеуметтік мемлекет» деген ұғымның өзі көп дүниені білдіреді. Оның ең басты тұжырымы – мемлекет азаматтар алдындағы міндеттерін орындауы болып саналады. Өткен отыз жылда әлеуметтік салада бірқатар кемшіліктер жіберілгені жасырын емес. Соңғы бірнеше жыл ішінде әлеуметтік салаларға бағытталған, халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-қуатын арттыратын заңдар мен бағдарламалар қабылданып жатқаны Ата заңымызда айтылған «әлеуметтік мемлекет» тұжырымдамасының толығымен іске қосылып, жұмыс істей бастағанын білдіреді. Әбдірашит Бәкірұлы, алдымен өзіңіз философ ретінде қоғамдық болмыстың тарихына зер сала отырып, әңгімені осы төңіректен өрбітсеңіз. Яғни, бүгінгі әлеуметтік жағдайдың, әлеуметтік психологияның тамыры қайда жатыр, себеп-салдары неде деген мәселеге ден қойсақ, қандай тұжырым жасар едіңіз? 
Әбдірашит Бәкірұлы: Иә, өзіңіз сөз басында атап өткендей Қазақстан шын мәнінде әлеуметтік және зайырлы мемлекет. Ата заңда ежелгі қазақтың жерінде құрылған мемлекет екендігі көрсетілген. Менің ойымша, қазіргі Қазақстан әлеуметтік құрылымы жағынан өте күрделі елдер қатарына жатады. Өйткені әлеуметтік жағдайдың шиеленісуіне 70 жылға созылған кеңестік саясат көп ықпал етті. Сонау ұжымдастыру кезі, халықтың ашаршылыққа тап келген тұсы, одан кейін соғысқа дейінгі репрессия кезеңдері, қазақ халқының ер-азаматтарының елу пайызы қайтпай қалған соғыс уақыты – осының бәрі әлеуметтік мәселеге әсер еткен үлкен апаттардың бірі деп айтар едім. Тың игеру жылдарында елге жан-жақтан әртүрлі дін, діл, тіл, менталитет өкілдерінің топтасуы арқылы Қазақстан ұлттар лабораториясына айналды. Бұл әлеуметтік жағдайды ширықтырған ауқымды оқиғалардың бірі еді. Сондықтан кеңес үкіметі әлеуметтік мәселелердің шиеленісін мейлінше азайту үшін қазақ халқын жетпіс жыл бойы ауылдық резервацияда ұстауға мәжбүр болды. Яғни, мал шаруашылығымен айналысу қазақтарға жүктелді. Ауылдар мен колхоз-совхоздарды аталған шаруашылықпен нығайту мақсатында көптеген жастар ауылда қалды. Ал өндірістік индустрия дамыған қалаларда 70-80 пайызға жуық өзге ұлт өкілдері тұрды. Соның салдарынан Қазақстандағы урбанизациялау үрдісіне тосқауыл қойылды. Әйтсе де, осындай күрделі кезеңде де қазақ халқы өзінің ұлттық ділін, дәстүрін, болмысын, біртектілігін сақтап қала алды. Мысалы, ауылдан шыққан талантты жастар қалаға барып оқып, қазақ мәдениетін, әдебиетін, ғылымын дамытты. Кеңестік резервацияға қарамастан ауыл қазақтарының рухани-мәдени қажеттілігі билік тарапынан өтелді. Өйткені сол уақыттарда жазушылардың кітаптары жүз мыңдаған тиражбен басылып, бүкіл республикаға тарады. Осылайша халық менталитеттің, тілдің, мәдениеттің біртектілігін сақтай білді. 
Тәуелсіздік кезеңінде алып им­перияның ыдырауы үлкен дағдарысқа алып келді де, нағыз әлеуметтік шиеленістер осы кезде белең алды. Бұрынғы бұғып жатқан проблемалар ендігіде ашық алаңға шықты. Себебі бас­ты қателік қазақтың мәдениеті мен ділін, потенциалы мен қуатын генерациялап тұрған ауылды қирату еді. Ал мемлекетте орын алған хаостық жағдайдағы миграция ауыл қазақтарын қалаға қарай айдады. Алайда қалалар бұл жағдайға мүлдем дайын емес еді, өйткені өндіріс ошақтарының бәрі қирап қалған. Міне, бұл – осы өліарада, яғни 1991 жылдардан басталып, нақтырақ айтсам, колхоздарды қирату кезінен бастау алып, әлі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан орасан зор әлеуметтік проблема. 
Елдегі билікте және қоғамдық-әлеуметтік ортада орнаған бейберекеттік ұлттық болмысқа кері әсер етіп, үлкен нұқсан тигізді. Ұрпақтар арасындағы тәрбие сабақтастығы жойыла бастады. Тұтас бір ұрпақ күнкөріс қамымен қараусыз қалды. Сол кезең ұрпақтары ұлттық болмыстан біршама ажырап, квази-мәдениетке ие болды. Яғни олар әртүрлі мәдениеттердің белгілі бөлігін ғана өзіне сіңірген, нақты ұлттық болмысы қалыптаспаған ұрпақ өкілдері еді. 
Сол уақытқа дейін өз міндетін жақсы атқарған ұлттық тәрбие жұмысы тоқтады. Бұл кемшілік қазақ халқының ұлттық болмысына үлкен соққы болды да әлеуметтік жағдайдан көрініс тапты. Әке мен бала, ана мен қыз бірін-бірі түсінбейтіндей жағдайға жетті. Бұрын бұл мәселе тілдік немесе менталитеттік тұрғыда анық біліне бастаса, бертін келе ділдік және діндік түсінбеушіліктер қосылды. Осы кезеңде әртүрлі әлеуметтік құбылыстар пайда болды. 
Әлеуметтік құбылыстар дегеніміз не? Ол – бізге таңсық белгілі бір әлеуметтік топтардың құрылуы. Бізге таныс болған сол кездегі «рэкет» қоғамға ықпал жасаған әлеуметтік топтың бірі еді. Олармен бірге пайда болған кришнаидтерді де әлеуметтік топ деп атауға болады. Осылайша бізге жат әлеуметтік құбылыстар белең ала бастады. Десе де қазақ халқының табиғатына, танымына сіңісе алмағандықтан, кришнаидтық топтар жойылып, келмеске кетті. Осындай өліара кезеңдегі ахуал елдің әлеуметтік жағдайына кесірін тигізді. Әйтпесе, біздің халықтың табиғатында зорлық-зомбылық деген нәрсе жоқ. Ұрпағын «жаман болады», «ұят болады», «обал болады» деп тәрбиелеген мейірімді халық арасынан осындай әлеуметтік құбылыстар шықты. Дегенмен қосалқы факторлар да жоқ емес. Менің пайымдауымша, қазіргі кездегі қоғамның әлеуметтік сипаты осындай. 
Дәуіржан Төлебаев: «Әлеуметтік мемлекет» ұғымына тоқталып өтсеңіздер. 
Динара Нұранқызы: Әлеуметттану ғылымында Маслоудың «қажеттіліктер пирамидасы» деген пирамидасы бар екені белгілі. Бұл пирамида бойынша, ең алдымен, бәріміз бірінші орында жеке қауіпсіздігімізді қамтамасыз етеміз. Одан кейін қарнымызды тойдыруға тырысамыз. Бұлар – адамзаттың физикалық қажеттіліктері. Осылар өтелген соң ғана біз рухани баюға ұмтыламыз. Сол сияқты әлеуметтік мемлекетті де Тәуелсіздік алған соң бірден құру мүмкін емес еді. Зайырлы мемлекет ретінде Қазақстанның алдында саясатты немесе экономиканы дамыту деген екі мәселе тұрды. Мұндайда әлеуметтік жағдайды оңалту кейінге шегерілді. Өйткені елдің күн тәртібінде дағдарыстан шығу, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту сияқты мәселелер алдыңғы шепте еді. Сондықтан жұмыссыздықты жою үшін экономикаға баса назар аударылды. Экономикалық проблемалар шешімін тапты-ау дегенде, саясат алға шықты. Сол себепті біз әлеуметтік мемлекет ретінде толық қалыптастық деп айта алмаймыз, өйткені мемлекеттің әлеуметтік жағдайы бертін келе қолға алына бас­тады. Әлеуметтік мемлекет дегеніміз не? Ол халықтың рухани бай болуы, денсаулығын сақтауы, білім мен тұрмыс-тіршілікке көңіл бөлуі. Демек, мемлекет білім беру саласын, денсаулық сақтауды және қоғамның осал топтарын дамытуға кірісуі қажет. Яғни, көп балалы аналарға, жетімдерге, мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсету, зорлық-зомбылықтың алдын алу керек. Міне, бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі – әлеуметтік саясат. 
Мейрамгүл Исаева: Жалпы, Ата Заңымыздың 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп Қазақстанның сипаттамалары нақты жазылған ғой. Әлеуметтік мемлекет ұғымы сол мемлекеттегі азаматтардың құқықтарының қорғалуын, сақталуын және оның жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін мемлекет деген ұғымды білдіретін болса, елімізде әртүрлі әлеуметтік бағдарламалар қабылданып, іске асырылып жатыр. Жалпы орта білімнің тегін берілуі, тегін медициналық көмек, әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін қамқорлық түрлері, халықтың баспаналы болуына арналған бағдарламалар болуы – осының барлығы да әлеуметтік мемлекет аясында орындалып жатқан бағдарламалар. Сондықтан еліміз Орталық Азияның өзге мемлекеттерімен салыстырғанда әлеуметтік бағдарламалар бойынша біршама алда келе жатқанын айтуымыз керек. Оған біздің еліміздің мүмкіндігі, табиғи ресурстардың молдығы, сырттан келетін инвестициялар – әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырудың қайнар көзі деп ойлаймын. 
 Конституциялық құқықтың өзінде түрлі құқықтар болады. Атап айтқанда, азаматтардың саяси құқығы, мәдени құқығы, экономикалық құқығы деген ұғымдар бар. Яғни, әлеуметтік мемлекет қоғамның стратификациясының түрлі өкілдерін қолдауға бағытталған әлеуметтік саясатты жүргізеді. 
 Дәуіржан Төлебаев: Біздің бүгінгі басқосуымызға түркиялық мейман Суат Бейлур мырза қатысып отыр. Қазіргі уақытта Еуразия ғылыми-зерттеу инс­титутына жетекшілік етуде. Суат Бейлур мырза, сіз бүгінгі таңда Қазақстанда қызмет атқарып жатырсыз. Жалпы, осы уақыт аралығында Түркия мен Қазақстан қоғамын, әлеуметтік бет-бейнесін салыстарғанда қандай айырмашылықтарды байқайсыз? 
Суат Бейлур: Төрт жылдан бері Қазақстан елінде тұрып жатқан түрік әлеуметтанушысы ретінде екі өзекті мәселені атап өткім келеді. Бірінші – Қазақстан мен Түркия мемлекеттеріндегі қоғамның әлеуметтік жағдайы, екінші – тіл мәселесі. Екі мемлекеттің тарихи жағдайларының басым бөлігі ортақ болғанмен, жеке мемлекет ретінде, әрине, өзгешеліктер өте көп. Әуел бастан және патшалық Ресей мен кеңес одағы тұсында да Қазақстан көпмәдениеттілікке негізделген қоғам болды. Ақпарат құралдары арқылы көпмәдениеттілік түрліше насихатталып жатқаны байқалады. Ал біздің аймақта ондай мәдениет түрлері заманымыздың алғашқы жылдарынан бар. Мәселен, тарихи төрт дін: хриастиандық, яһудилік, буддизм және тағы басқалары. 
Соңғы отыз жылда Қазақстан басқа мемлекеттерге қарағанда көп­мәдениет­тілікті жақсы қалыптас­­тырып келеді. Көбінесе мемлекетте 130-дан астам ұлт бар деп айтылады, алайда олар этностар мен әртүрлі мәдени бірлестіктер. Міне, осыған ерекше назар аудару қажет. Қазақстанның көп ұлтты саясаты өте жақсы дамыған, бірақ осы тұста тіл мәселесіне жіті мән беру керек. Қазақ және орыс тілдерінің арақатынасында негізгі тіл ретінде, әрине, қазақ тілін алға шығаруға ұмтылыс бар, алайда бұл қатарға қазіргі таңда ағылшын тілі қосылды. Бұл үш тілдің арасында басымдық қайсысына берілетіні шешілмей тұрып, үштілділік саясатын жалғастыру қаншалықты дұрыс деген мәселе туындайды. Өйткені, зерттеумен немесе халықаралық байланыстармен айналысатын адам ағылшын тілін өздігінен үйреніп алады және ғылым тілі ретінде дамытады. Ал орта мектептерде балаға ана тілін меңгерместен бұрын, ағылшын тілін үйретуге тырысу – қате әрекет. Яғни, ана тілінде толық білім алып, өз ойын ашық жеткізе алмай тұрып, өзге тілді оқыту – дұрыс нәтижеге жеткізбейді. Егер бала ана тілінің құнарын бойына толық сіңірмейінше, тілді жетік меңгермейінше, тіпті шетелде бірнеше жыл қатарынан өмір сүретін болса да басқа тілді толық меңгере алмайды. Себебі ана тілінің функцияларын тұтас білмейді, сондықтан басқа тілдерді үйрену механизмі дұрыс қалыптаспайды. Әрине, ағылшын немесе басқа тілдерде сөйлеуі мүмкін, десе де робот сияқты тілдесетін болады. Өз тілінің қасиетін жете түсінбегендіктен өзге тілдің де ерекшелігін ұғынбай, ойын ашық жеткізе алмайды. 
Осы тұста отбасы мәселесі де бар. Отбасы негіздері Қазақстанда әлі толық жетілдірілмеген. Әбдірашит мырза айтқандай, барлық маңыздылық экономикаға берілді де, қоғамның әлеуметтік-гуманитарлық жағы кейін қалып қойды. Отбасы мүшелерінің арақатынасы мәселесіне байланысты олқылықтар бар. Мәселен, ата-анасыз өсіп келе жатқан жетім балалар саны өте көп. Бұл, әрине, әлеуметтік тұрғыдан өте қауіпті. Мемлекет түрлі қоғамдық ұйымдар арқылы жетімдерді қамқорлыққа алуы мүмкін, алайда ол ата-ана беретін тәрбие мен мейірімнің, жақсылықтың орнын толтыра алмайды. Мемлекет әке-шешесіз өскен балаларға жатақхана жайын реттеу, қаржылай көмек көрсету, білім беру, оқуға жіберу арқылы жақсы жағдай жасайды. Алайда отбасы арқылы берілетін мейірім мен жылуды жеткізе алмайды. Отбасының махаббатынсыз, мейірімінсіз өскен бала болашақта жақсы мұғалім, дәрігер немесе инженер болуы мүмкін, алайда рухсыз болады. Рухсыздық пен мейірімсіздік қоғам үшін қауіпті. 
Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанда өкіл әке, өкіл шеше сынды ұғымдар бар. Қазақстанда бұл мәселе тарихи жағынан өте жақсы қалыптасқан. Мәселен, қазір мемлекет әрбір жетім баланы қолдау үшін белгілі бір деңгейде ақша бөледі. Мұндай қаражатты ата-анасыз қалған балалардың туысқандарына беру арқылы баланың отбасымен бірге өсуін қамтамасыз етуге болады. Осылайша қазақ халқының отбасы мектебінде қалыптасқан мұндай мәселелерді қайта жаңғыртуға болады. 
 Түркияда заманауи және жекеменшік мектептерде 5 сыныпқа дейін тек түрік тілін оқытады. Өзге шет тілдерін содан кейін ғана үйренеді. Жетім балаларды асырап алушыларға мемлекеттік қолдау көрсетілген. 
Дина Тазабекқызы: Динара Нұранқызы, әлеуметтанушы ретінде сізге мына бір сауалды қойсам, дәл қазір елімізде қандай әлеуметтік таптар бар, олардың қоғамда болып жатқан құбылыстарға көзқарасы жөнінде пікіріңіз қандай? 
Динара Нұранқызы: Қазіргі кезде жоғары тап пен төменгі таптағы адамдардың арасындағы алшақтық өте үлкен. Алысқа бармай-ақ, Алматы қаласын алатын болсақ, жоғары тап өкілдері шетелден қымбат киім алып киеді, қымбат мейрамхандан тамақтанады. Сондай-ақ, әрең күн көріп отырған, күнделікті ішіп-жемін әрең айырып отырған адамдар тобы да бар. Бұл осы таптар арасындағы алшақтық өте жоғары екендігін көрсетеді. Мұндай отбасында тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдер арасында девиантты мінез-құлық белең алатыны рас. Қиналып тапқан ақшасына құмар ойын ойнайтындар кездеседі. Осыған байланысты, жастар арасында ажырасу көрсеткіші көбейді. Нашақорлыққа салыну, құмар ойындар, ұсақ қылмыстың көбеюі әлеуметтік жағдайдың төмендігінен туындайды. Тіпті жеке бас құжаттары дұрыс болмай, мемлекет тарапынан үй ала алмай отырған отбасылар бар. 
Дәуіржан Төлебаев: Қоғамда әлеуметтік түйткілдер, өзекті мәселелер аз емес. Мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жас отбасылар арасындағы ажырасу фактілерінің көбеюуі, суицид, т.б. Мұндай келеңсіз дүниелерді әлеуметтік тұрғыдан қалай бағалауға болады? 
Динара Нұранқызы: Қазір көптеген отбасыға ортақ бір жайт бар, ол баланы әлеуметтік желілердің тәрбиелеп жатқаны. Әкенің табысы отбасын асырауға жетпейді, сол себепті анасы да жұмыс істеуге мәжбүр. Соның салдарынан ата-ананың баласына көңіл бөлуге уақыты жоқ, қолы тимейді. Мектептен келген соң кешке шейін бала немен айналысады: әрине, гаджет қарайды. Ол интернеттегі ақпарат баланың жасына лайықты ма? Қандай нәрсені үйретіп жатыр? Нені көріп, нені тыңдап отыр? Білмейміз. Әлеуметтік желі баланың көзқарасының қалыптасуына да, басқа жағына да көп ықпал етіп жатыр. Бұл жақсы нышан емес. Мәселен, қазір кейбір шет елдер балалардың әлеуметтік желілерге, мысалы, «Тик-Токке» кіруін шектеп жатыр, бұл дұрыс деп есептеймін. 
Мақпал Дабылтаева: Бұл мәселелерді жеке-жеке талқылайтын болсақ, мәселенің сан қыры, сан сұрағы мен жауа­бы бар. Барлығы қоғамдағы үдерістердің салдарынан орын алып жатыр.Әрбір мәселе – жеке әлеуметтік құбылыс. Бұл құбылыстар қоғамдағы, қоғамның негізгі өзегі – отбасындағы қандай да бір үдерістердің дисфункциясы салдарынан туындайды. Ол дисфункцияларға бірнеше фактор әсер етеді. Сонымен қатар, бұл дисфункциялардың қоғамдық деңгейге ұласуы процесінде әлеуметтік институттар қызметінің атқаратын рөлі маңызды. Адамзаттың даму тарихында бұл мәселелердің әлеуметтік құбылыс ретінде пайда болып, орын алу факторлары әртүрлі болды. Сол себепті біздің өмір сүріп жатқан кеңістікте бұл мәселелердің өзіндік себеп-салдары бар. Менің ойымша, бұл мәселелердің орын алуына бастапқы қажеттіліктердің өтелмеуі жиі себеп болады, қосымша экономикалық, психологиялық, әлеуметтік сауатсыздықтан туындаған жайттар да тікелей әсер етеді.
Дәуіржан Төлебаев: Мақпал Мәмедәліқызы, сіздің ойыңызша, әлеуметтік мемлекетті құру жолында қандай қағидалар басты рөл атқарады? 
Мақпал Дабылтаева: Елімізде барлық құқықтық-нормативтік, саяси-экономикалық құжаттар негізінде әлеуметтік мемлекетті құруға бағытталған саясат жүргізілуде. Әлеуметтік мемлекетті құру жолында әділдік, әділеттілік және сенім мәселесі бірінші орында болады. Әділдік, әділеттілік және сенім ол отбасынан басталып, барлық әлеуметтік институттардың құрылымдық жүйесінде, өзінің деңгейінде жүзеге асырылатын болса, әлеуметтік мемлекеттің сапасы артады. Ол үшін бірінші кезекте отбасы институтында азаматтарымыздың (индивидтердің) бойында құндылық бағдарларын қалыптастыру барысында ұлттық ерекшелікке негізделген құндылықтар жүйесін берік қалыптастыру қажет деп ойлаймын. 
Қоғам, ол – тірі организм. Қандай да бір қоғамдық жүйе дүниеге келеді, өмір сүреді, шарықтайды және құлдырайды. Біз өзіміздің еліміздің тарихи, саяси, экономикалық дамуы барысында бірнеше саладағы қарым-қатынасты басымыздан өткізіп жатырмыз. Сондықтан да бүгінгі қоғамның мәдени, экономикалық, саяси салада өзінің қалыптасқан болмысы бар деп айтуға болады. Ал енді ортақ болмыс­ты әр уақытта қоғам немесе мемлекет азаматтарының сана және сауаттылық деңгейі қалыптастырады. Бұл орайда, бүгінгі қоғамның әлеуметтік болмысы заманауи тенденцияларға еліктейтін, жаһандық үрдістерді басты назарда ұстайтын, нарық типіндегі адамдардан құралады. 
 Дәуіржан Төлебаев: Әлеуметтік ортаның тұлғаға әсері туралы не айтар едіңіздер? 
Мақпал Дабылтаева: Әлеуметтік орта – тұлғаның әлеуметтенуіне әсер ететін, индивидтің тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер ететін ресурс орталығы. Әлеуметтік орта арқылы индивидтің дүниетанымы қалыптасады, өзгереді, қайтадан жаңа бағдарларға ауысуы мүмкін. Сондықтан да әлеуметтік орта қоғамдағы азаматтардың саяси, экономикалық, мәдени, діни, психологиялық қарым-қатынасын қалыптастыратын хаб (hub) деп айтар едім. 
Әбдірашит Бәкірұлы: Адамды ең әуелі қоғамдық жануар деп атаған Аристотель болатын. Аристотель әлемнің бірінші ұстазы ғой. Адам тек қана әлеуметтік ортада адам болып қалыптасады. Және де барлық іс-әрекетін, мүмкіндігін сол әлеуметтік орта арқылы ашады. Сондықтан біз еш уақытта әлеуметтік орта мен адамды бөліп-жарып қарай алмаймыз. Ендеше біз адам туралы айтқан кезде, әлеуметтік ортаның саулығы қандай, оның ахуалы қандай, соған қатты мән беруіміз керек. Бұл ұлттық отбасылық тәрбиеден басталады. Сіздің балаңыз қандай ортада өсіп-өніп келе жатыр, достары кім, қызығушылығы қандай деген сияқты мәселелерді қадағалап, соған қарай бағыт-бағдар беріледі. Одан кейін әлеуметтік орта адамды әрі қарай жетелеп отырады. Ол сенің таңдаған мамандығыңа, қызмет орныңа, барлығына байланысты. Сондықтан да әлеуметтік ортаны дамыта отырып, адамның өзі де дамиды деп айтамыз. 
Мейрамгүл Исаева: Түріктерде мынадай сөз бар: «Сіздің туған мекеніңіз және өскен ортаңыз – ол сіздің тағдырыңыз». Адам – тұлға. Адам – индивид. Әлеуметтануда индивид деген ұғым бар. Адам индивид ретінде дүниеге келеді, кейіннен тұлға болып қалыптасады. Тұлғаның қалыптасуына ең бірінші сол әлеуметтік орта әсер етеді. 
Әлеуметтанушылар арасында ХІХ ғасырдың ортасына дейін индивидтің тұлға болып қалыптасуына әсер ететін ең басты фактор генетикалық фактор деп айтылып келсе, кейіннен «Адамның тұлға болып қалыптасуында генетикалық фактор емес, әлеуметтік фактор маңызды» деген тұжырым жасалды. Демек, адам қаншалықты дарынды, генетикалық тұрғыдан қабілетті болса да, оның өмір сүріп отырған қоғамы, ортасы, ондағы болып жатқан экономикалық, саяси, мәдени жағдайлар индивидтің тұлға болып қалыптасуына әсер етеді. Яғни, болмысының, өзін жан-жақты дамытуға қолайлы шарттарды гендік фактор емес, сол орта қалыптастырады. 
Адам қоғамның бір мүшесі болғандықтан қоғамда болып жатқан кез келген өзгеріс, мейлі ол саяси-экономикалық болсын, әлеуметтік-мәдени болсын, оның тұлғалық қалыптасуына, дүниетанымына жанама түрде болса да бәрібір әсер етеді. Мысалы, Түркияда республикашылар, тұраншылар, одан бөлек исламшылар тобы бар. Менің ойымша, Қазақстанда республикашылар емес, мемлекетшілдік идеологияны қолдайтын, ұстанатын әлеуметтік топтың өкілдерін көбейтуіміз керек. Үнді жазушысы Рабиндрант Тагордың бір кітабында басты кейіпкері тура осындай жағдайды басынан кешеді. Елдегі жүріп жатқан әртүрлі идеологияның ішінен өз-өзін іздей бастайды, талдау жасайды. Бір идеология дінге тартса, бір идеология ағылшындардың шашбауын көтереді. Ең соңында мемлекетшіл боламын деп шешеді. 
Идеологияның көптігі де жақсы, бір шетінен. Плюрализм деуге болады. Бірақ, сол идеологиялардың барлығы да мемлекетке қызмет етуі керек деп есептеймін. Қазақстанда нақты бір идеология әлі толық қалыптасқан жоқ. Идеологияларды қалыптастыратын негізгі көз – ол саяси партиялар екені белгілі. Бірақ, бізде саяси партиялар әлі толық дамымағандықтан, олар өзінің идеологиясын толық жарнамалай алмайды, сендіре алмайды, сәйкесінше өздерінің қолдаушыларынан да толық демеу таба алмайды. 
Ал дамыған елдерде әр партияның өз қолдаушысы бар, сол партияның негізгі идеологиясын жатқа білетіндер бар. Ал Қазақстанда тек мемлекеттің дәріптеп отырған идеологиясы басымырақ және ең дұрыс идеология осы – мемлекетшілдік идеология. 
Дина Тазабекқызы: Суат Бейлур мырза, Түркияда жетім балалар үйі бар ма? 
Суат Бейлур: Иә, жетімдер үйі бар. Мемлекет жетімдер үйінің санын азайтуға және әлеуметтік көмек көрсетуге барынша жағдай жасаған. Мемлекет тарапынан балалардың рухани бай болуы үшін қолдау көрсету жақсы қарастырылып жатыр. Яғни, бұған дейінгі кезеңдерде жетім балалардың мемлекетке кері әсер еткен оқиғалары ескерілген. Жетімдер үйінің жағдайы жақсы, олар үшін барлық әлеуметтік жағдай жасалған. Балаларды асырап алушылар мен олармен тілдесушілерге де жайлы орта қалыптасқан. 
Дәуіржан Төлебаев: Біз өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамды қаншалықты тани алдық? Бүгінгі қоғамның әлеуметтік болмысы қандай? 
Мейрамгүл Исаева: Тәуелсіздік алғанға дейін кеңестер одағында бюрократия және пролетариат деген екі тап болатын болса, ал бүгінгідей капиталистік қоғамда үш тапқа бөлінді. Ол: жоғарғы тап, ортаңғы тап, төменгі тап. Азаматтар әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты бейсаналы түрде үш тапқа бөлініп өмір сүруде. Бізде отыз жыл бойы осы таптық құрылым қалыптаса бастады. Яғни, адамдардың еркінен тыс осындай жіктеулер пайда болды. Әлеуметтану ғылымының тілімен айтқанда, қоғамның стратификациясы пайда болды. Ең алғашқы кезде оның шекарасы, мөлшері соншалықты білінбесе де, ширек ғасырдан көп уақыт өтті, жоғары таптың өз өкілдері, орта таптың өз өкілдері, төменгі таптың өз өкілдері бар. Бұл – капиталистік қоғамның ерекшелігі. Кәсіби, демографиялық, географиялық, мәдени және этникалық көрсеткіштерге қарай әлеуметтік топтар, соның ішінде, әсіресе, мәдени құндылықтық көрсеткіштер бойынша, діни наным-сенімдерге байланысты топтар пайда болды. 
Кеңес заманында бір идеология ғана үстемдік құрып келсе, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Конституциядағы өзгерістерге сәйкес, қоғамда плюрализмге жол ашылды. Адамдар өзінің қалаған идеясына, қалаған пікіріне, діни-танымдық көзқарасқа илануға құқылы болды. Соның нәтижесінде көптеген рухани-саяси идеологиялар пайда болды. Бұл идеологияны ұстанушылардың өздері белгілі бір әлеуметтік топ өкілдерін құрайды. Яғни, қоғамның құрамы түрлі әлеуметтік топтармен толықтырылды десек те болады. Жалпы, бұл қаншалықты оң, қаншалықты теріс дегенге келсек, бұл бәрібір де болуы керек үдеріс еді. Мысалы, дәл осындай трансформациялық құбылысты басқа демократиялық мемлекеттер осыдан жүз жыл бұрын өтіп қойған. Ата заңдағы өзгерістермен байланысты, түрлі нормативтік құжаттардың қабылдануымен және олардың қоғамда тәжірибе тұрғысында жүзеге асуымен әлеуметтік өмірде өзгерістер көрініс тапты. Азаматтар бірте-бірте қоғамдағы өзгерістерге өздерін бейімдей бастады. Тиісінше, қоғамның жаңа бір болмысы өмірге келді. Жалпы, көп этносты, көп наным-сенімі бар қоғамда ортақ болмысты қалыптастыру өте қиын екенін айтқанымыз жөн. 
Әбдірашит Бәкірұлы: Бұған дейін айтылған пікірлерді толықтырайын. Адамда ойлау логикасы қалай қалыптасады? Философиялық тұрғыдан ойлау логикасы қалыптасқан және тіл байлығы соған сәйкес келген бала болашақта кез келген тілді жақсы меңгереді. Суат мырза бұл мәселе жөнінде жақсы пікір айтты. Бірақ біздегі үштілділік саясаты тіл білу үшін ғана қажет болған жоқ. Бұл Қазақстанның әлемдік геосаяси жағдайына байланыс­ты қалыптасқан саясат еді. Ағылшын тілі болашақта қазақ тілінің ғылыми және бизнес тілі ретінде қалыптасуына үлкен көмегін тигізеді деген үміт бар. Мысалы, қазақ тілінің орныққан терминологиясы қазіргі деңгейімен тоқтап қалмауға тиіс. Әлемдегі ағылшын, латын тілінде қалыптасқан терминдердің барлығын өзіміздің тілдік фонетикамызға бейімдеп сіңіруіміз керек. Бұл – тілдің динамикалық тұрғыдан жетіліп, дамып отыруының көрінісі. Қазіргі таңда аталған салада үлкен бетбұрыс бар. 
Қоғамның қазақ тіліне деген көзқарасы өзгеріп келеді. Өйткені 30 жыл бойы қазақша сөйлей алмаған билік өз тілінде сөйлей бастады. Бұл жағдай халықтың намысына тиіп, наразы көңіл-күйде болса да ешқандай әрекет жасалмады. Себебі авторитарлық биліктің сипаты осындай болды. Яғни, халықтың еркіндігі ескеріле бермейді. Ал қазір өте терең мағынадағы демократиялыққа қарай апаратын реформалар жүйесі басталды. Әрине, бүгін-ертең демократия орнай салмайды. Бірақ осы жолда мемлекет атқаратын функциялар өте маңызды. Мемлекет, ең алдымен, демократиялық тұрғыда халықтың белсенділігін қамтамасыз ететіндей әлеуметтік-саяси идеологиялық жағдай қалыптастыруға тиіс. Міне, бүгінде осы үш бағытта үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай, халықтың һәм мемлекеттің дамуы – билеушінің пайым-парасаттылығы, ізгілігі, іскерлігі және тәрбиелілігі мен қабілеттілігіне тікелей байланысты. Егер билеуші парасатты болса, онда халық шынайы бақытқа жетеді. Ал парасаттылықтан ада болса, билеуші халқын бақыттың алдамшы көрінісіне ғана жетелейді. Яғни, мұндай басшының соңынан ерген халық өзін бақытты сезінуі мүмкін, ал шын мәнінде олар бақытты емес. Сондықтан біздің елдің даму тенденциясы унитарлы-демократиялық және экономикалық қуатты мемлекет құру стратегиясына ие болды. Өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамды осы тұрғыдан тануымыз қажет. Ол үшін мемлекет өзінің азаматтарына Отанға деген сүйіспеншілікті сездіруі керек. Айта кетерлігі, қазақ халқының тарихында Түркия елі секілді мемлекет құру тәжірибесі болған жоқ. 1035 жылы біздің ағайындар бір жағы Каспийдің оң бөлігін, екінші жағы сол бөлігін, қазіргі Византия жақты жаулауға аттанды. 1055 жылы Ирандағы қаланы бағындырып, ары қарай Конс­тантинопольге жетті. Міне, сол уақытта олар мемлекет құрып, бүкіл Ислам әлеміне ықпалын жүргізіп, діннің және мемлекеттің функциясын қорғап қалды. Сондықтан діни және идеологиялық тұрғыдан Түркияда мемлекет құру тәжірибесі арта түсті. Түркияның кез келген азаматы мемлекеттіліктің қуатын сезе алады. Ал ол қуат жеке субъектінің, индивидтің бойындағы қасиет ретінде көрініс табады. Солтүстіктегі және Оңтүстіктегі көршілеріміз адамның бойында империялық сананың қалыптасуына негіз болды. Мұндай санаға ие ел азаматтары қай жерде жүрсе де өздерін жоғары ұстайды. Өйткені олар мемлекеттіліктің қуатын сезеді. Өкінішке қарай, біз мұндай сана деңгейіне жете алмадық. Өйткені 30 жыл бойы Қазақстанда 130 ұлт өкілінің бірі ғана болып келдік. 
Дина Тазабекқызы: Әбдірашит Бәкірұлы, 1990 жылдары тәуелсіздік алғаннан кейін бізде ұлттың рухы көтеріліп, мемлекетшілдік сананың жаңғыруы сияқты белгілер болды ғой. 
Әбдірашит Бәкірұлы: Ондай ұмтылыстар болғанмен, билік көп ұлтты мемлекет саясатын қолданды. Қазақ халқы егемендігін алғанмен, елдің егесі біз деп айта алмады, тарихи сәтті дұрыс қолдана алмады. Сол себепті егесіз мемлекетте тілдің де дамуы әлсіреді, мәдениеттің де дамуы әлсіреді, 30 жылда ұлттық сананы көтеретін әдеби шығарма, кинотуындылар дүниеге келмеді. Сол себепті бізге өзге ұлттар тарапынан сепаративтік пікірлер айтылып қалатыны жасырын емес. Қазір енді елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері, этностар қазақ мәдениеті, өнері, әдебиеті, салт-дәстүрі, діні жайлы жақсы пікір айта бастады. Мұның барлығы да біздің унитарлы мемлекетке бет бұрып келе жатқанымызды білдіреді. Бүкіл әлемдегі мемлекеттер унитарлы мемлекет болып дамып келеді. Франция, Түркия, Қытай, басқа мемлекеттерді алып қарайық, бұның бәрі унитарлы мемлекет. «Бір ұлт – бір мемлекет» деген принципке қайшы келетін жағдайларды ысырып тастауымыз керек. «Арабқұл» деген ұғым пайда болды, бұл «бір ұлт – бір мемлекет» деген принципіне тікелей қайшы келетін діни идеологияның асқынған түрі. Оған қоғам болып қарсы тұру қажет, біз тіліміздің, дініміздің, салт-дәстүріміздің тазалығын ұстануымыз қажет. Ең бастысы, қазақи рухты сақтау. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш мүфтиі Ратбек қажы тәуелсіздіктің басында айтып кеткен: қазақтың діндарлығы оның салт-дәстүрінде. Мыңдаған жылдар бойы келе жатқан салт-дәстүріміз түркі әлемін біріктіріп отыр. Қазақстан рухани орталыққа айналатын мүмкіндігі бар. 
Дәуіржан Төлебаев: Әлеуметтану ғылымы қазақ тілінде неге толыққанды дами алмай жатыр? 
Әбдірашит Бәкірұлы: Елімізде әлеуметтануға қатысты концептуалды бір бағыт жоқ. Бұл сала дағдарыста сияқты. Қазір біз қоғам әртекті болып бара жатыр деп айтып отырмыз. Біртектілікке қарай ұмтылғымыз келеді, бірақ оған жетудің әдіс-құралдарын білмейміз. Дәл осы кезде социология барлығының алдында жүруі керек. Ол қоғамда мына мәселе шиеленісейін деп тұр, мына мәселені қазір тоқтатпасақ болмайды деген сияқты ұсыныстар беріп, мемлекеттің саясаты мен идеологиясына және экономикалық дамуына тікелей араласуы керек. Дамыған мемлекеттерде бұл мәселелер үнемі зерттеліп отырады. Сондықтан да бізде іргелі социология ғылымы жоқ деп айтар едім. 
Социология өткен ғасырдың елуінші жылдары «жалған ғылым» деп кеңес өкіметінде терістелді, оны бәріміз білеміз. Университет бағдарламасынан алынып тасталды. Бірақ кеңес өкіметі кезіндегі оқушылардың 70-80%-ы шығармашылыққа жақын болатын. Өлең жазатын, әңгіме жазатын, армандайтын. Соның арқасында олар саналы буын болып қалыптасты. 
Қазір мысалы Өзбекстанда «Мектепті телефоннан ажыратамыз» деген науқан басталды. Олар дер кезінде бастап отыр. Бұл телефоннан ажырату үрдісі бізге де қажет, бірақ бұл өте күрделі болмақ. Өйткені біз балаларды тым әріге жіберіп қойдық. 
Дина Тазабекқызы: Бізде Қазақстан социологтар қауымдастығы деген ұйым болды, кезінде мемлекеттік хатшы болған Марат Тәжин басқарды. Бірақ қазір социологтар қауымдастығының не істеп, не атқарып жатқандығынан бейхабармыз. Жалпы бұл сала дағдарыста екенін әлеуметтанушылардың өзі де айтып жүр. Жаңа өз сөзінде түркиялық қонағымыз социологтар қауымдастығы жақсы жұмыс істейтінін айтып өтті. Бұрын бізде де ірі іс-шаралар өткізілетін, қазір бәрі тым-тырыс. Негізінде, аталған қауымдастықтың қызметін қайтадан жандандыру қажет екені сөзсіз. 
Әбдірашит Бәкірұлы: Социо­логиялық зерттеулерге жыл сайын миллиардтаған қаражат бөлінеді. Сонда мемлекеттік тапсырыс кімдерге беріліп жатыр? Осы уақытқа дейін қалыптасып келген тәртіп бойынша Азаматтық Альянс қаражатты бөлу орталығына айналып, неше түрлі қоғамдық ұйымдарға тапсырыс беріп келді. Бірақ олардың зерттеу тәсілдері бүкіл қоғамды, қоғамның барлық спектрін қамти алмайды. Әсіресе қалың қазақ тілді әлеуметтік ортаны ескермейді. Сауалнамаға қатысушыларды жас, жыныс ерекшелігіне қарай бөліп, механикалық қорытынды жасай салады. Шаңыраққа, Думанға барып сауалнама жүргізбей, «Арбатқа» барып жасай салуы мүмкін. Елімізде социологиялық проблемаларды іргелі зерттеу орталықтары болуы керек. Әлеуметтік өткір проблемалардың жыл сайынғы тізімін жасап, ол қоғамның барлық спектрін қамтитын болуы керек. Біз социологиялық зерттеулер арқылы ғана мынау қоғамның теориялық картинасын құра аламыз. Түрлі қайғылы оқиғалардың алдын ала аламыз. Олардың жұмысы – алдын алу. Талдау жасау – философтардың жұмысы. Олар сол зерттеулер арқылы жасалған модельдерге талдау жасай отырып, мына қоғамның даму тенденциясын алдын ала болжайды. Философтардың ұсынысы – қоғамдағы идеологияны қалыптастыру, болашақ саяси бағыттардың жолын анықтаудың бірден-бір жолы болуы керек. 
Қазіргі кезеңде Қазақстан қоғамы өзінің экономикалық, әлеуметтік, идеологиялық, саяси дамуын ғылыми негізге қарай бұруға тиіс. Бірақ біз соны қолданбай отырмыз, өйткені сыбайлас жемқорлық кедергі жасайды. Мемлекеттің ақшасын дұрыс пайдаланбай, ысырапқа жол беріп жатырмыз.
Динара Нұранқызы: 1991 жылдарға дейін гуманитарлық ғылымдар оқытылмады. Кеңес өкіметі кезінде тек қана комунисттік партияның идеологиясы үстем болды. Өйткені адамдар өзі өмір сүріп отырған қоғамды танып-білетін болса, өзін-өзі танып-білетін болса, идеологияға қайшы келер еді. Қоғамға ақылды адам қажет емес. Тек қана комунисттік партияның идеологиясын ұстанатын адамдар қажет болды. Кеңес одағы тарағаннан кейін ғана әлеуметтану ғылымы жеке ғылым ретінде оқытылып, маман даярлана бастады. Әлеуметтану, мәдениеттану, дінтану, психология сияқты гуманитарлық ғылымдар философиядан бөлініп шыққаны белгілі. Іргелі әлеуметтанудың негізгі заңдылықтарына сүйене отырып, біз қолданбалы әлеуметтануды дамытып келеміз. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде арнайы әлеуметтанулық зерттеулер және әлеуметтік инжиниринг деген орталық бар. Бұл негізінен қазіргі қоғамда болып жатқан маңызды мәселелерді зерттеумен айналысады. Мәселен, жуырда дін мәселесіне байланысты зерттеу жүргізілді. Студенттердің дінге деген көзқарасы қандай? Хиджаб киюге қалай қарайды? Мешітке қаншалықты жиі барады? Осындай сауалнама арқылы студенттердің көзқарасын, немен айналысып жүргенін, қандай мәселелері бар екенін біліп, талдау жасаймыз. Ал республика көлемінде зерттеулермен айналысатын түрлі орталықтар бар.
Дәуіржан Төлебаев: Ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда бүгінгі әлеуметтанушылар қандай үлес қоса алады? 
Мейрамгүл Исаева: Ұлттық бірегейлік туралы сөз қозғау үшін оған алғышарттар қалыптасуы қажет. Кейбір этнографтардың пайымдауынша, титулды ұлт 80 пайызды құраған кезде ұлттық бірегейлік туралы айтуға болады. Қазақ қоғамы қазір қазақтілді және орыстілді болып екі үлкен топқа бөлінеді. Қазақстан халқының түбегейлі бірегейлігін айтпас бұрын, біз өзіміздің қазақтардың бірегейлігін қалыптастыруымыз керек. Содан кейін барып Қазақстан деңгейіндегі ұлттық бірегейлік туралы сөз қозғауға болады. Қазақтардың ішкі проблемасын шешпей тұрып, бірегейлікке қол жеткізу өте қиын. Қазақтарды екі топқа бөлетін мәселе – бұл тіл мәселесі болып отыр. 
Кезінде Түркияда араб, парсы тілдерінде сөйлеу сәнге айналған заман болды. Ататүрік билік басына келген соң: «Түрікпін деген қандай бақыт!» деген ұранды жариялап, түріктердің рухы көтеріліп, ұлттық бірегейлігін қалыптастыруға қадамдар жасалды. Яғни, ұлттық бірегейлік ұлттық тіл арқылы қалыптасатынын жақсы түсінді. Титулды ұлттың рухани сілкінісінің нәтижесінде өзге этностарды мойындата алады. 
Біздің еліміз қазір трансформация кезеңінде. Түрлі пікірлердің, түрлі идеологиялардың жаңадан туындап жатқан кезі десек те болады. Әрбір азамат осындай дүниелерге атсалыса алады және тарихта қалуға мүмкіндігі бар. «Электронды Үкімет» жобасының қолданысқа енгізілуі де мемлекеттегі кемшін тұстарды түзеуге берілген мүмкіндік. 
Мақпал Дабылтаева: Ұлттық бірегейлік тек әлеуметтанушылар емес, барлық әлеуметтік-гуманитарлық ғылым саласында еңбек етіп жүрген азаматтарды ойландыратын мәселе деп ойлаймын. Әлеуметтанушылар, менің пікірімше, қандай да бір әлеуметтік құбылыстың мәнін ашып, сандық және сапалық зерттеу жұмыстары арқылы деректер қорын жинап, кешенді зерттеу жұмыстарына үлес қоса алады деп ойлаймын.
Дәуіржан Төлебаев: Азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігі қай деңгейде деп есептейсіздер? Оны көтеру үшін қандай жұмыстар атқарылуға тиіс.  
Мейрамгүл Исаева: Мен Түркияда 11 жыл өмір сүрдім. Дәл осындай трансформациялық кезеңнен олар да өтті. Билік мемлекеттік құрылымда жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысын күрт көбейтіп, сол арқылы адамдардың мемлекеттік құрылымда жұмыс істеуге деген ынтасын арттырды. Сөйтіп, әрбір азамат мемлекеттік құрылымда жұмыс істеуге талпынып, жоғары жалақысы бар қызметінен айырылып қалмау үшін адал қызмет етті. Әлеуметтік жауапкершілік туралы айтатын болсақ, өкінішке қарай, халқымыздың көпшілігі саяси-әлеуметтік, мәдени-экономикалық тұрғыдан болсын, елде болып жатқан өзгерістерге, жаңалықтарға қызығушылық таныта бермейді. Елді басқару ісі қалай жүріп жатыр, қандай заңдар қабылданып, қандай концепциялар шығып жатыр, – осының көпшілігінен хабарсыз деуге болады. Өйтетін себебі, күнделікті тұрмыс-тіршіліктің мәселелері басқа нәрселерге көңіл аударта бермейді. Сананы тұрмыс билеп алғаны анық. Қоғамдық сана қалыптасу үшін қоғамдық мәдениет қалыптасуы ләзім. Құқықтық мәдениет, құқықтық сана әлі де дұрыс қалыптаспаған. Біздің азаматтар қарапайым ұғымдарды, атап айтқанда, зайырлық, демократиялық деген ұғымдарды біле бермейді. 
Осыдан бірнеше жыл бұрын билік «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген тұжырымдаманы жариялады ғой. Бұл тұжырымдамаға үкіметтік емес ұйымдар ғана аздап қатынасып жатқаны болмаса, жалпы халық әлі тым-тырыс. Бұл «саясатқа араласпау керек» деген кешегі кеңестік кезеңнен қалған психологияның әсері болар деп ойлаймын. 
Мақпал Дабылтаева: Менің ойымша, қоғамдағы қажеттілік қандай, сол жағдайға байланысты азаматтардың азаматтық жауапкершілігі де қалыптасады. Бірақ, әрине, азаматтық жауапкершілік ол азаматтардың құндылық бағдарларына байланысты болады. Қазіргі қоғам азаматтары нарық типіндегі адамдарға жатады, мұны мәдениеттанушы ғалымдар зерттеп, анықтамасын берді. Рухани-мәдени өмір шет қалмайды, бірақ өзінің белгілі формацияға негізделген формасы болады деп санаймын. Басты себеп, сананы нарық билейтін заман деп тұжырымдауға болады. 
Дәуіржан Төлебаев: Әлеуметтану ғылымының алдында тұрған қандай іргелі мәселелерді атап өтер едіңіз? Бүгінгі замандағы әлеуметтану ғылымы қандай мәселелерді зерттеу үстінде? 
Әбдірашит Бәкірұлы: Мен осы уақытқа дейінгі тұтас қоғамның картинасын жасайтын бір теориялық концепцияны, болмаса бір кітапты көрген жоқпын. Бұрын өзім де осы тақырыпқа «Біз қандай мемлекет құрдық» деген мақала жазғанмын, ол «Ақиқат» журналында жарияланған. Яғни, біз ең алдымен әлеуметтік дербес институт ретінде қандай мемлекет құрғанымызды толығымен анықтап алуымыз керек. Одан кейін әлеуметтік даму заңдылықтары соған байланысты реттеледі. Бірақ біз әлі күнге дейін жалпы ғылыми-көпшілік ортада мемлекетіміздің жаңағы сипатын дұрыс анықтай алмай жатырмыз. Бұл қандай бағыт? Капиталистік бағытта дамып бара жатқан елміз бе, болмаса әлеуметтік, мысалы, Швеция, Норвегия елдері сияқты бағыттамыз ба? Олар енді капиталист деп атағанмен де, әлеуметтік мемлекет құрды ғой. Социализм деген әуел баста әлеуметтік мемлекет деген терминнен шыққан болатын. Бізде ол белгісіз. Белгілі бір әлеуметтік стратификация бойынша әлеуметтік топтар тек қана өз мүддесіне қарай тартады. Сондықтан әлеуметтік даму бағытында біртұтастық жоқ. Әркім өзінің жағдайын алға шығарғысы келеді. 
Біздің жастардың арасында да әлеуметік бөлініс осы бағытта орын алып отыр. Біреулер мектепке балаларын джиппен алып келеді, біреулер жыртық аяқ киіммен келеді. Мұндай әлеуметтік теңсіздік балалардың арасында психологиялық күрделі қайшылық туғызып, олардың арасындағы қақтығыстарды, шиеленістерді өршітіп жіберуі мүмкін. Қазіргі жас балалардың арасында бір-бірін аямай ұрып-соғу сияқты құбылыстардың пайда бола бастауы осы әлеуметтік теңсіздіктің белгісі. Сондықтан мектепте әлеуметтік тұрғыдағы артықшылықты білдірмеуге тырысу қажет. Ықпалды тұлғалардың баласына басқалармен терезесі тең дәрежедегі қарым-қатынас орнамаса, әділетсіздіктер орын алады. Бұл көптеген талантты балаларды оқудан айнытуға әкеп соғады. Өйткені олардың психологиясы шыдамайды. Бұл айналып келгенде адам тағдырына қатысты нәрсе болғандықтан, біздің мұғалімдердің өзін осы мәселеде оқыту керек, үйрету керек. Бала психологиясына олай әсер етуге болмайды.
Дина Тазабекқызы: Қазір қазақстандық қоғамда, мысалы, діни көзқарасына, тілдік ерекшелігіне байланысты субмәдениет көріністері кездеседі. Оған қоса жастардың да түрлі субмәдениеттері бар. Осындай субмәдениет көріністері ұлттық біртектілікке қалай әсер етеді? 
Әбдірашит Бәкірұлы: Ол жастардың әуел бастан қандай тәрбие алғанына байланысты. Қазір Алматыда тамыры ауылдан келген қазақы отбасылар көбейді. Қазір Алматы қазақтанды. Ал солардың балалаларының көпшілігі орысша да үйренді, ағылшынша да үйренді, бірақ олар ауылдан келген тамырын жоғалтқан жоқ. Өзара қарым-қатынаста да қарапайым. Бұрыннан Алматыда тұратын, біршама орыстанып қалған ата-аналардан туған ұрпақ, біріншіден, қазақ тілін білмейді, олар тек орыс және ағылшын тілдерін біледі. Оған қоса олар өздерінің бойына қазақ мәдениетіне астамшылдықпен қарайтын әдетті сіңіріп алған. Бірақ, болашақта қоғамды алға апаратын, жетектеп алып кететін олар емес, олардың барлығының ойы шетелдегі бай өмірге жету. Қазақстанды тек пайда көру көзі деп қарайды. Қазақстанның ауыр жүгін арқалайтындар – қазақы тегінен ажырамаған ауылдық балалар. Мысалы, менің бір немерем университетте ағылшын тобында оқиды, Германияға барып магистратура бітіремін деп мақсат қойып отыр. Одан кейін Қазақстанға келіп, білімімді әрі қарай жалғастырамын дейді. Қазақ мектебін бітірген, ағылшын, орыс тілдерін біледі. Міне, бұл балаңа өзің қалай тәрбие бергеніңе байланысты. Динара қарындасым дұрыс айтып отыр, қазақы тамырдан ажыратпай тәрбиелесек, түбінде солар озады.

Әзірлеген
Дина Тазабекқызы

 

531 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз