• Заманхат
  • 30 Сәуір, 2024

ҰМЫТЫЛМАС БЕЙНЕЛЕР

Ілияс Жансүгіров өмірі мен шығар­машылығы жайлы жазылған еңбектерде күмәнді, дүдәмәл, беймәлім тұстардың кездесетіні шындық. Ілиястың осындай тұстарын аршып, айқындап көрсету негізгі міндеттердің бірі болмақ. Біздің айтарымыз, Мәскеу қаласында 1934 жылы КСРО жазушыларының бірінші съезінде түскен үш адамның суреті жайлы болмақ. 
 

Лидия Сейфуллинаның өмірінің әр кезеңдегі суреттері

Максим Горький мен Ілияс Жансүгіров ортаға алып отырған әйел адамды бір топ Лидия Сеифуллина десе, екінші топ Фатима Ғабитова деген пікірде.
Фатима Ғабитованың 1934 жылы Мәскеу қаласына КСРО Жазушыларының бірінші съезі болғанда Ілияспен бірге барғандығы бәрімізге белгілі. Ілияс ол кезде Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы қызметінде болған (Әрине, бұл сьезде Лидия Сейфуллина да бар еді. –Ш.К.).Фатима Ғабитова «Горький мен Ілияс» атты естелігінде осы сапар жайлы былай деп жазады: «1934 жылы СССР Жазу­шыларының І съезі болғанда, Москваға Ілекеңмен бірге барған едім. Съезд біткеннен кейін тамыздың жиырмаларында Москва жазушыларға банкет берді. Банкетке М.Горький келді. Тұңғыш көруім. Науқас кезі, тым жүдеу екен. Горькийдің столына гүлдер жауып кетті. Мен мұны пролетариаттың ұлы жазушысына деген жалпыхалықтық құрмет белгісі деп ұқтым. 

Ілияс пен Фатима

Тамыздың аяғында одақтас республикалар жазушыларын М.Горький дачасына шақырды. Ілекеңмен бірге Горький дачасына мен де бардым. Дача қалың қарағайдың ішінде екен. Алдымен бірінші қабаттағы қабылдау бөлмесіне кірдік. 
Қабылдау бөлмесінде Горький көбінесе бұрын өзі онша танымайтын жазушыларға көбірек назар аударып, не жазды, қандай жоспары бар екенін сұрастырып отырды. Бұдан оның ұстаздық орны айқын сезіліп тұрды. ...Астан соң аулаға шығып, бақ ішінде серуендедік. Жапырақтар сарғая бастаған, нағыз алтын күз, әдемі орыс орманы. Серуен кезінде мен Ленинград жазушыларының ішінде болдым. Біз серуеннен бұрынырық оралып, ауладағы жеңіл орындықта отырғанбыз. Бір кезде тұсымыздан серуеннен қайтқан Горький мен Ілияс шыға келді. Әңгімелесіп келеді. Соңдарында екі-үш адам бар. Осы көріністі оператолар киноға түсіріп алды. Горький мен Ілияс келген бойда біздің қасымыздағы орындыққа отырды». 
Бірінші айтарымыз, Фатиманың Горькиймен кездескені, уақыттың күз кезі болғандығы, табиғаттың аясында серуендеп, олардың орындықта отырып әңгімелескендігі, жандарында Ілиястың болғандығы суреттегі жанның Фатима екендігін айғақтап тұр. 
Екінші айтарымыз, Ілияс Фатиманы 1919 жылы алғаш көреді, көрген жерде ғашық болады, қосылғанға дейін ғашықтығын өлеңдері арқылы білдіріп отырады.
Қара бір көзің жаудырап,
Қара бір шашың саудырап,
Ақ жібектей көйлегің
Ақ етіңде саудырап.
Іздеп сені келіп ем,
Ай сағынып, жыл жылап...
Махаббатқа, сағынышқа толы жолдар. Ілиястың Фатимаға арнаған жырларынан оның әдеби туынды ретіндегі жоғарғы көркемдік сапасы, адами сезімнің азаматтық қуат деңгейінде берілуі, ұлттық рухани саф тілі, сұлулық пен ізгілікке талпындыратын әсері байқалады. 
Ақынның жарына деген сүйіспеншілігін «Ол бекер болды» деген прозамен жазылған өлеңінен байқауға болады: «Ол бекер болды. Мен алыста аңсап жүргенде, көрсем деуші едім. Көрсем, сөйлессем, көңілім тыншып, тынышталармын деуші едім. Ол бекер болды. Лаулап жанған өрт, асау жүрек, тамыр-тамырдағы тасып кеткен жүректің қаны өн бойыма сыймайды. Ішкі жалын сыртқа шықса, тасып төгілсе, жеңілденіп сергір ме екенмін деп ойлаймын. Ол бекер болды. Енді менде қайрат жоқ. Мен жеңілген, мен әлсіз адам, менен махаббат күшті. Махаббаттың күшті екеніне менің көзім жетті. Бұл әрине, ақылыма сыймаған қылық. Ақыл мұны теріс деп, билік айтады. Бірақ ақылдың насихатын мен орындау үшін, ақылда қайрат, менде ерік болу керек қой. Ол ерік, ол қайрат қайда? Неге маған болыспайды. Не ақылдың қаруы болып, неге қайрат қылмайды. Неге махаббатты жеңбейді. Неге мені арашалап алмайды. Білмеймін, ерік жоқ. Енді мен махаббат қолындамын. Маған оның өмірінде болу қалды. Өйткені мен махаббатқа қарсы қайрат қылуыма мүмкін емес... Өйткені мен оны қатты сүйемін ғой!». 
1932 жылы Ілияс пен Фатима отау құрады. Фатима Ілиясты тек жар ретінде ғана емес, сенімді дос-жолдас, абзал аға, рухани серік ретінде қабылдайды. «Өз заманының ажары, зиялы қауымның құрметіне, сүйіспеншілігіне бөленген, алғыр ойлы, ақылды әйел-ананың таланты да, талғамы да биік Фатима Ғабитованың Ілияс Жансүгіровтей жанның жүрегінен ерекше орын алуы таңғаларлық нәрсе емес», – дейді Егеубек Далбағаев ағамыз. Мұрат Әуезов (Мұхтар Әуезовтың ұлы) анасы жайлы былай дейді: «Анам өмір жолында көп айдауға ұшыраған, бірақ ешкімге намысын таптатпаған, ірі азаматтық дүниетанымы болған жан. Қазақ халқының асыл буыны – Алаш азаматтарының бел ортасында жүріп, соларға сай бола білген және тар жол, тайғақ кешу заманда оларды рухтандырып отырған». 
Суретте Ілияс ортадағы әйел адамды ерекше бір құштарлықпен қаусыра құшақтап отыр. Ілияс отырысынан оның жанындағы әйел адамға деген ыстық ықыласы, қамқорлығы, сыйластығы сезіліп тұр. Он үш жыл бойы ғашық болып, енді ғана қосылып, ыстық-суығы басылмаған 40 жастағы атпал азаматтың өзге әйел емес, Фатиманы ортаға ала отыруы оның адами бейнесін білдіреді. 
Үшінші айтарымыз, Фатима мен Лидияның шаш өсіру ерекшеліктері.Суреттерге назар сал­саңыздар, Лидияның шаш қою стилі өмірінің барлық кезеңінде (жас кезі, орта жасы, өмірінің соңғы жылдары) өзгермеген. Шашты маңдайдан қақ жарып артына жинауы, отты көзқарасы, дене бітімі, Ілиясқа жанаса отыруы суреттегі жанның Фатима екендігіне шәк келтірмейді. Енді Сейфуллина Лидия жайлы да бір-екі ауыз сөз айталық. 
Сейфуллина Лидия Николаевна – орыс кеңес жазушысы және педагог, қоғам қайраткері. 1889 жылы 3 сәуірде Оренбург губерниясының Варламов ауылында дүниеге келген. Лидия бес жаста болғанда анасы қайтыс болады. Сол кезде әкесі Николай Сейфуллин Варламов храмында дін қызметкері болып қызмет етті. Ол ақылды, адал, өте жұмсақ және мейірімді адам болды. Әйелінің өлімінен кейін ол өзін қыз бала тәрбиесіне арнады. Ол қызының табиғатқа, орыс классикасына деген сүйіспеншілігін дамытады. Лидия Николаевна алдымен шіркеу-приход мектебінде, содан кейін епархиалдық училищеде және гимназияда оқыды. Оның балалық шағы Оңтүстік Оралмен тығыз байланысты. Ең белсенді есейген жылдары Челябинскіде өтті.Болашақ жазушы еңбекке ерте араласты. Ол ауылдық және қалалық мектептерде мұғалім болып, жұмысшыларды оқытты, сонымен бір уақытта газеттерде қызмет атқарып, спектакльдерге қатысты, тіпті кәсіби актриса ретінде бірнеше маусым бойы Ресейде гастрольмен жүрді. Сейфуллина революцияны Орскіде қарсы алды. Партияға кірген жоқ, бірақ революция жағында болды. Қазан төңкерісінен кейін Лидия Сейфуллина кеңес мекемелерінде мәдени-ағартушылық қызметпен айналысты. 1939 жылы оның күйеуі, жазушы Валериан Правдухин қуғын-сүргінге ұшырап, атылады. Бұл трагедия Лидия Николаевнаның жанына қатты батады, шығармашылығы кері кетеді. Кенеттен оны Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттайды. Л. Сейфуллина 1954 жылы 25 сәуірде өмірден озды. Мәскеудегі Введенский зиратында жерленген. Лидия Сейфуллина – шығар­машылықтың биік шыңына шыққан жазушы. Замандастарының барлығы да Лидияның шығармашалық еңбекқорлығын өте жоғары бағалады. Тасқа басылған сөздің ақ-қарасын айқындау қиынға соғады. Естіген, көрген материалдардың байыбына бармай жатып, баспасөзде жариялап, пиар жасауды әдетке айналдырғандар да баршылық. Дерексіз сөйлеу тарихқа жасалған үлкен қиянат.
Ақиқатқа абай болайық ағайын. «Майдың су бетіне қалқып шығатыны сияқты, уақыты болғанда шындық та өтірікті тас-талқан етіп жарыққа шығады» демей ме, әйгілі жазушы Сервантес. 

Шара КЫЯХМЕТОВА,
 филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор

 

521 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз