• Заманхат
  • 30 Сәуір, 2024

Жалған ақпаратқа кімдер сенеді?

 Назым ДҮТБАЙ,

«Aqiqat»
 

Қазір ақпарат тасқыны толас бермейтін кезең. Кез келген ақпарат екі сағаттан соң ескіреді. Ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы, әлеуметтік желілердің көбеюі қолында смартфоны бар әрбір адамды ақпарат таратушы деңгейіне көтеріп жіберді. Дәстүрлі ақпарат құралдары мен жаңа медиа арасында бәсеке басталды. Дәстүрлі медиа оның ішінде қағаз газеттің ақпарат таратудағы функциясы әлсіреп, талдамалы-сараптамалық функциясына басымдық беріле бастады. 
Веб-сайттар ақпаратты жылдам таратумен қатар, оқырман санын арттыру жолында журналистік этикаға қайшы келетін тәсілдерді де қолдана бастады. Жылдам әрі тың жаңалық тарату жолындағы бәсекенің күшеюі, әлеуметтік желі арқылы кез келген адамның оңды-солды ақпарат таратуы анықталмаған, екіұшты, бұрмаланған, жалған ақпараттың көбеюіне жол ашты. Газет-журнал мен теле-радио таратқан ақпаратқа имандай сеніп келген халық әлеуметтік желі арқылы таралатын ақпараттың жалған болатынынан бейхабар еді. 
Шала мәлімет, әсіресе, пандемия кезінде өршіді. «Covid 19» вирусына қарсы екпенің кері әсері туралы тараған өтірік ақпарат осы кезеңде антиваксерлердің қатарын көбейтті. Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекованың айтуынша, жалған ақпарат қоғамға психологиялық және әлеуметтік тұрғыда әсер етеді: 

«Әлеуметтік әсері жағынан бұл түрлі идеологиялық бейберекеттікке, толқуға әкеп соғуы мүмкін. Бұл, әрине, таралған жалған ақпараттың түріне, мақсатына байланысты. Мәселен, саяси бағытта белгілі бір саяси тұлғаға қатысты оң я теріс пікір қалыптастыруға бағытталған болуы мүмкін. Енді біреуі маркетинг саласында белгілі бір тауарды жарнамалау үшін таратылады. Мұның барлығы адамдарға манипуляция жасайды, себебі о бастағы мақсаты – халықты иландыру, сендіру.
Жалған ақпаратқа кімдер сенетіні жайлы арнайы зерттеу жүргізілмеді. Дегенмен, ең алдымен білім деңгейі төмен адамдар тез сенеді деген болжам жасауға болады. Себебі олар көбіне сыни тұрғыда ойлай алмайды. 
Әлеуметтік желі – өте үлкен құрал. Түрлі саяси қозғалыстар, түрлі-түсті революциялар кезінде оның пәрмені артады. Мәселен, Қаңтар оқиғасы кезінде де, бүгінгі су тасқынында да оны анық байқадық. Кез келген жағдайда қоғамға әсер етудің, қоғамды бақылаудың және белгілі бір бағытқа бұрудың шешуші құралы болып тұр. Сонымен қатар, жалған ақпараттың көбеюіне де әсері жоқ емес. Қазір жасанды интеллектіні пайдаланып, президенттен бастап, банк жетекшілеріне дейін сөйлеткен жалған ақпар таралып жатыр. Ондайға бірден иланып кетпей, сын көзбен қарап, түрлі браузерлерге сұрау салып көру керек. Сонда ақпараттың о бастағы дереккөзі тиісті органның, мекеменің сайтынан шығуға тиіс. 
Жалған ақпаратты азайтудың бірден-бір жолы – оларды тарататын адамдарды жылдам анықтау, жауапқа тарту. Сосын белгілі бір мекемеге қатысты жалған ақпарат шықса, сол мекеме бірден оны терістеп, анық мәлімет таратса, халық та шынайы жаңалықты тек ресми орындардан алуға дағдылана бастайды». 
Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексiндегі274-бапқа сәйкес, қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат таратқан тұлға кінәсі дәлелденсе, бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру тәсілімен жазаланады. 
Қоғамда төтенше жағдай жарияланған уақыттарда, басқа да шетін жағдайларда прокуратура өкілдері жалған ақпарат таратқандарға жаза бар екенін үнемі ескертіп, мәлімет таратып отырады. Қазір елді алаңдатып отырған су тасқынына байланысты Мемлекет басшысының өзі үндеу жариялап, «Бұқаралық ақпарат құралдарына, белсенді азаматтарға және блогерлерге айтарым, жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды таратпау қажет. Қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды. Азаматтарды тек қана ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамын», – деді. 
Жалған ақпарат деп жалпылама айтқанымызбен, оның түрі көп. Оларға ғылым о баста ат қойып, айдар тағып қойған.
Жалған ақпаратқа қатысты қалыптасқан атауларды тізбектеп беруді филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің қауымдастырылған профессоры, қазір Джордж Вашингтон (АҚШ) университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп жүрген ғалым Қарлыға Нақысбекқызынан сұрадық. 

Қарлыға Нақысбекқызы:

Ақпараттық сауат немесе медиасауат ұғымы – ақпаратты рефлексиялық анықтауды, ақпараттың қалай жасалатынын және бағаланатынын түсінуді және жаңа ақпараттық білімдерін этикалық тұрғыдан дұрыс қолдана білуді қамтитын қабілеттер жиынтығы.
Фактче́кинг (ағыл.fact checking) – күмәнді ақпараттағы немесе мәліметтердегі фактілерді тексеру.
Дипфейк (ағыл. deep learning + fake, Deepfake) – жасанды интеллект көмегімен суретті, бейнені немесе дауысты синтездеуге арналған әдіс. Мысалы, 2020 жылы британдық Channel 4 телеарнасы Елизавета ІІ атынан жалған рождестволық құттықтау берген. 
Медиагигиена ұғымы – бұл ақпарат мұхитында ақпаратты дұрыс пайдалануды және психикалық тұрақтылықты сақтауға көмектесетін дағды. 
Медиагигиенаны сақтау дегеніміз – ақпарат тұтынуда әркім өзі үшін және жақындары үшін жауапкершілікті сезіну. 
«Думскроллинг» термині COVID-19 пандемия кезінде пайда болды және Оксфорд сөздігі оны 2020 жылдың сөзі деп жариялады. Думскроллинг немесе думсерфинг (doomscrolling немесе doomsurfing) – бұл интернеттегі жағымсыз көп ақпаратты мәжбүрлі іздеу және оқу. Қарапайым сөзбен айтқанда, бұл жағымсыз жаңалықтарды шексіз көру, яғни думскроллинг жасау. Мысалы, COVID-19 пандемиясы кезінде халық оған қатысты көптеген қайғылы оқиғаларды, аурудың түрлері мен сипаттары және оның асқынуы туралы жағымсыз ақпаратты қарауға немесе тексеруге мәжбүр болды.
«Инфодемия» термині – ақпараттық кеңістікте зиянды ақпараттың көп болуын білдіреді. Мысалы, қастандық теориясы, қауесет, өсек және т.б. COVID-19 кезінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жалған ақпарат адамдардың физикалық және психикалық денсаулығына зиян келтіретінін атап өткен. 
Постправда (ағыл. post-truth) немесе «шындықтан кейін» термині – бұл қазіргі қоғамда медианың көмегімен қоғамдық сананы манипуляциялау мақсатында шындықтан өзгеше виртуалды шындықты жасау үшін әдейі құрастырылған ақпараттық ағым. Постправда терминін Оксфорд сөздігі 2016 жылдың сөзі ретінде анықтаған.
Пропаганда немесе үгіт-насихат ұғымы адамға, топқа, ұйымға, мекемеге, ұлтқа және т.б. көмектесу немесе зиян келтіру мақсатында қасақана кең таралатын ақпарат, идеялар немесе қауесет. 
Қорыта айтқанда, әлеуметтік желі дәуірі қоғамда жалған ақпараттың таралуына ерекше ықпал етті. Сонымен қатар, көптеген жаңа терминологияның пайда болуы және оның медиа контексіне енуі қалыпты жағдайға айналды. 
Сондықтан бүгінгі таңда отандық ғылымда әлемдік ғылыми кеңістіктегідей әлеуметтік желінің адамға және қоғамға ықпалын жан жақты зерттеу маңызды».
Бір-екі жылдың мұғдарында халықтың оңды-солды тараған ақпаратқа ілеспей, әр жаңалыққа сын көзбен қарауды үйрене бастағаны аңғарылады. Жалған ақпарат таратып қойған БАҚ өкілдері де ағаттығы үшін аудиториядан кешірім сұрауға дағдылана бастады. Оны Factcheck.kz журналисі, медиа-тренер Жансерік Тілеухан айтып берді. 


      Ең бірінші көмекші – күмән 
«Factcheck әлемде осыдан 100 жыл бұрын пайда болса, 1980-90 жылдары жұмысы күшейіп, 2000 жылдардың басында қайта жанданды. Қоғамның даму үрдісіне қарай жұмысы бірде бәсеңдеп, бірде күшейіп тұрған Factcheck 2016 жылдары соңғы кульминациясына жетті деуге болады. Сол жылы Америкада президент сайлауы болып, жалған ақпарат легі көбейіп, фактчек тағы да алға шығып, жаңа жанр ретінде қалыптасты.
Біздің міндетіміз жалған ақпарат таратқан БАҚ-тың ағаттығын бетіне басу емес, жалпы ақпараттың анықтығын тексеру. Байқағанымыз, елде үлкен оқиға болған кезде жалған ақпарат көп тарайды. Кез келген БАҚ немесе өзін медиа деп санайтын ұйым жалған ақпарат таратып қойған жағдайда аудиториясынан кешірім сұрауы керек. Бұл Қазақстанда өте сирек кездеседі. Фактчек алғаш ашылған жылдары жалған ақпарат таратқан медиа ол ақпаратты өшіре салып, «сүттен ақ, судан таза» болып отыра беретін. Қазір ілгерілеу бар. Кейбір БАҚ өздері таратқан жалған ақпаратты бірден өшірмей, аудиториядан кешірім сұрап, қайта жаңартып жазып жатады.
Жүрген жерімізде таралған жалған ақпаратты өшіру қате екенін айтып жүреміз. Біз де кейде қате үкім шығарып қоямыз, оқиғаға қатысты ол үкімді өзгеретін жайлар болады. Оның мән-жайын түсіндіріп жазамыз.
Көбі жалған ақпарат пен фейкті шатастырады. Жалған ақпарат көбіне статистикалық мәліметтерге қатысты болады. Белгілі бір жаңалықтың арасында айтылған статистика қате болса, оны сөз арасында байқамай қаламыз. Ал фейк көбіне аудиторияның эмоциясына әсер етеді және жаңадан құрастырылады. Фейктің зомби-фейк деген түрі болады. Ол өлмейтін ақпарат түрі. Мәселен, осы жолы әлеуметтік желі арқылы тараған ақпараттың жалған екенін журналистер айтып, дәлелдеп берсе де, ол біраз уақыт саябырсып, араға уақыт салып, басқа қырынан қайта тарала бастайды. Бір рет, екі рет төтеп бергенімізбен, үшіншісінде иланып қалуымыз мүмкін. 
Жалған ақпарат пен фейкке иланбаудың жолы – сыни ойлай білу. Кез келген ақпаратқа күмәнмен қарауға дағдыланған жөн. Мейлі оны уатсаптан туғаныңыз, досыңыз, танысыңыз, көршіңіз жіберсе де күмәнмен қарау керек. Сіздің бір адамға деген шексіз сеніміңіз сізді жалған ақпараттың жетегінде кетуге итермелемеуі керек. Мұндайда ең бірінші көмекші – күмән. Күманданған ақпаратты таратпауды үйрену. 
Медиасауат мектептерде оқытыла бастады деп қазір қуанып жүргеніміз рас. Алайда, медиасауат дегенді дұрыс түсінетіндер аз. Пән енгенмен, оны оқытатын маман жоқ. Ол үшін мұғалімдерді үнемі тренингтен өткізу керек. Ал қазір әр мектепте әртүрлі пән мұғалімі сабақ беріп жүр. Мәселен, өзім туып-өскен Текелі қаласында бұл пәнді бір мектептке тарих пәнінің, енді бір мектепте география пәнінің мұғалімі өтеді екен. Мұндайда ол пәннің оқушыларға әсері туралы айту қиын». 
Сең қозғалды. Оқулық бар. Ал оны кім, қашан, қалай дайындады? Бұл туралы MediaNet Халықаралық журналис­тика орталығындағы Медиасауат бағдарлама­сының жетекшісі Алёна Кошкинадан сұрадық. 


«Оқу-әдістемелік кешенді Америка Құрама Штаттары халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Internews жобасы аясында «MediaNet» халықаралық журналистика орталығы» қоғамдық қоры әзірледі. Қазақ тіліндегі оқулықтың сілтемесі: https://medianet.ngo/kk-kz/archives/5132 Мұғалімдерге арналған қазақ тіліндегі әдістемелік нұсқаулық: https://medianet.ngo/kk-kz/archives/5104

Біліктілікті арттыру курстарын енгізу қажет

– Медиа және ақпараттық сауат тақырыбында оқулық дайындауға не түрткі болды? Оқу құралын кім дайындады, оған қанша уақыт кетті?
– Медиа және ақпараттық сауат – кез келген адамның ең маңызды құзыреттерінің бірі. Сыни тұрғыдан ойлау, ақпаратты талдау, деректерді тексеру, желіде өзін қорғау қабілеті жас пен кәрі үшін маңызды. Жас ұрпақ бұл дағдыларды неғұрлым тез меңгере бастаса, соғұрлым олар ақпараттық кеңістікте өзін қауіпсіз сезінеді.
Біздің ұйымның алға қойған мақсаттарының бірі Қазақстан мен Орталық Азиядағы жалған ақпаратқа қарсы тұру, сондықтан оқу-әдістемелік кешен (ОӘК), яғни мектептердің 9-11-сыныптарына арналған оқулық пен мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқаулық құрастыру осы мақсатқа жету жолындағы үлкен қадамдардың бірі болып табылады. 
Орталық Азия мен Еуропаның жетекші медиа-сарапшыларының ОӘК жобасын дайындауына бір жыл уақыт кетті. Мақсатты аудитория бойынша алдын ала тестілеу кезеңі, алынған нәтижелерден кейін бейімделу, Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Оқулық» орталығында тексеруге қажетті құжаттарды дайындау тағы бір жыл уақыт алды. Нәтижесінде 2021 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінен ресми рұқсат алдық.
– Оқулық авторларының осы саладағы тәжірибесі қандай? 
– Журналистика, фактчекинг және медиасауат салаларында көптеген оқу-әдістемелік құралдар, брошюралар жазу тәжірибеміз болды. Мысалы, біздің «Практикалық журналистика» және «Практикалық журналистика 2.0» оқулығы жоғары оқу орындарында ұдайы қолданылуда. «Фактіні тексеру журналистік зерттеудегі тренд» оқулығына да журналистер жиі жүгінеді. ОӘК-нен кейін де осы бағытта, яғни тренерлер үшін медиасауат және университет студенттері үшін өшпенділік тілімен күресу бойынша бірнеше оқу құралын шығардық. Оған қоса, біз бұл тақырыптарды онлайн және офлайн курс­тар мен семинарлар арқылы, сондай-ақ QLEVER Asia білім беру платформасында онлайн оқыту курстары түрінде ұдайы оқытамыз. 
– Мектеп оқушыларына арналған оқу құралы қазір мектептерде оқытыла ма?
– Біздің оқу кешені – қазіргі уақытта Министрлік бекіткен Қазақстандағы жалғыз оқу кешені. Басқалары әлі жарияланбаған немесе бекітілген жоқ. Ол бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты пәндер немесе таңдау пәндері бар жеке және орта мектептерде оқытылады. Біз Алматы, Астана, Қарағанды, Қостанай қалаларындағы оқу процесінде материалдарымызды пайдаланған мектептерден бірнеше рет жақсы пікір естідік.
– Медиасауатты арттырудың, дезинформациямен күреске қосатын үлесі қандай? Зерттеулер бар ма?
– 2022 жылдың соңында мектеп оқушылары арасында зерттеу жүргіздік. 
Деректерді жинауда негізгі әдіс 9-сынып оқушылары арасында онлайн сауалнама жүргізу болды. Сауалнамаға барлығы 6800-ден астам оқушы қатысты. Деректерді өңдеу және «тазалау» нәтижелері бойынша талдауға 5922 сауалнама іріктелді.
Толығырақ мына сілтемеден көруге болады: 
https://factcheck.kz/nauka/media-i-informacionnaya-gramotnost-shkolnikov-kazahstana-rezultaty-issledovaniya/ 
– Мектептерде медиа және ақпараттық сауат курсы қалай өтетінінен хабардарсыз ба? 
– Зерттеу аясында біз мектептерде БАҚ және БАҚ-ты тұтынуға қатысты тақырыптар бойынша элективті курстар мен сабақтардың жүйелі өткізілетінін анықтадық. Бірнеше жекеменшік мектеп те медиасауат курсын өткізеді.
– Бұл пәннен/курстан беретін оқытушы/мұғалімдер қандай дайындықтан өткені дұрыс?
– Біз Алматы мен облыстардағы мектептердің мұғалімдеріне бірнеше рет онлайн және офлайн форматта тренингтер өткіздік, әрине, ол аз. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық немесе онлайн курстар негізіндегі өзіндік жұмыстың өз орны бар, бірақ ең дұрысы медиасау­ат бойынша курсты немесе элективті сабақтарды өткізетін мұғалімдер үшін міндетті біліктілікті арттыру курстарын енгізу қажет.

1978 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз