• Заманхат
  • 30 Сәуір, 2024

МЕРЗІМДІ БАСЫЛЫМДАР АХУАЛЫ: ҰСЫНЫСТАР МЕН ШЕШІМДЕР

11-12 сәуірде Алматы қаласында Өңірлік мерзімді басылымдары 2-республикалық форумы өтті. «Мерзімді басылымдар – халық сауаттылығының қайнар көзі» тақырыбындағы форумда «Басылымдарда сапалы контентті қалыптастыру», «Мерзімді басылымдарды танымал ету және тарату: аймақтық қырлары», «Салалық журналистика», «Мерзімді басылымдарды жетілдіру: жаңа тәсілдер», «Басылымдардың балалар контентін қалыптастырудың идеологиялық шарттары мен тетіктері» атты 5 панельдік отырыс өтті.
«Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары Қамбар Ахметов жүргізген бірінші отырыста Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейрлан Раханов кіріспе сөз сөйлеп, «Жас алаш» газетінің бас редакторы Алмас Нүсіп, «Мысль» журналының бас редакторы Асыл Сағымбаев, филология ғылымының докторы, «Сөзтүзер. Қате қолданыстар сөздігінің» құрастырушысы Орынай Жұбаева, «DAT» газетінің бас редакторы Құтмағамбет Қонысбаев, «Курсив» газетінің шеф-редакторы Татьяна Николаева, «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Юрий ой-пікірлерін ортаға салды. 
Мейірлан Раханов мемлекет тарапынан БАҚ-қа әр уақытта қолдау болады, яғни олардың жұмысына қолайлы жағдай жасалатынын айтты. «Интернет ресурстар арқылы ақпарат таратудың ұтқыр тәсілдері пайда болуына байланысты мерзімді баспасөздің басында проблема пайда болғаны рас. Келешекте газет-журнал ақпарат алаңында орнын сақтап қалу үшін сараптамаға, зерделі зерттеулерге сүйенуі қажет», – деді.
 «Жас алаш» газетінің бас редакторы Алмас Нүсіп: «Интернет пайда болған соң БАҚ құралдарын аймақтық, республикалық деп жіктейтін көзқарас жойылды. Қазір кез келген ақпарат интернетте сайрап тұр. Яғни өңірдегі журналистер мен республикадағы тілшілердің жұмысы теңесті деген сөз. Тілшілер қоғамдағы оқиғаларға субъективті баға беруден, жеке басқа тиісуден біртіндеп арылып келе жатыр. Газеттің басындағы қиыншылық сөз еркіндігінің дамуымен шешіледі деп ойлаймын. Дамыған елдерде газет-журнал көп оқылады деп жатады, алайда оқырман санын халық санына шаққанда оларда да баспасөздің аз оқылатынына көз жеткіземіз. 
Сараптамалық мақаланың стилі туралы ештеңе айтқым келмейді. Себебі, стиль дегеніміз адам. Мақаланың көңіл-күйі, ырқы болады. Газетте өзім мән беретін нәрсе – ұстамдылық, бейтараптылық. Халықтың деңгейін әрі сапасын көтеру - биліктің, мемлекеттің басты ұстанымдарының бірі болуы тиіс. Суға кеткен аймақтардың осы деңгейге қалайша түскенін зерттеу керек. «Жас Алаш» өндіретін негізгі контент – саясат. «Лениншіл жас» кезінен-ақ еркін газет болғаны белгілі, партияның тепкісі мен таяғын көріп жүрді. «Наурыз» деген сөзді қолдануға болмайтын кезеңдерде «Нау­рыз» деп ерекше нөмір шығарды. «Жас Алаш» газеті еркіндіктен айырылса, оның газет болмағаны. Ендігі бір контенті – әдебиет, өнер, спорт. Газетті жарнамалаудың бір құралы – YouTube видеохостингі. Осы жақында аудиториясы көп YouTube арна сатып алдық. Негізгі оқырманымыз – жасы үлкен кісілер. Оқырмандардан келетін хаттар – мықты мотивация. Қазір министрлік тарапынан тендерді қойып, грант бөлсек деген ұсыныс айтылып жатыр. Меніңше, бұл нағыз қолдайтын, құптайтын нәрсе. Грант мәселесі жолға қойылған кезде, газеттің таралымы да бірден арта бастайды деп үміттенемін».
Ал «Қазақ газеттері» ЖШС-не қарасты «Мысль» журналының Бас редакторы Асыл Сағымбаев «Баспасөздегі сараптама: сыни ойлау» тақырыбында баяндама жасады. Оның айтуынша, сыни тұрғыдан ойлау – мәселені жан-жақты талдап, дәлелді қорытынды жасай білу. Бұл сараптамалық мақала дайындау барысында журналистің бойында болуы керек ептілік пен дағдының тұтас жүйесі. Ақпарат әлеміндегі сараптамалық мақала қоғамдық пікірге әсер ету құралына айналды. Ал қоғамды қызықтыратын тақырып жайлы қозғалған мәселе, айтылған ой, ұсыныс елдегі немесе қаладағы күнделікті өмірге шынында әсер етеді. Журналистердің жеке батылдығы да маңызды.
Мерзімді басылымдағы заманға сай дизайн мен фотографтың маңызы жайында «Курсив» газетінің шеф-редакторы Татьяна Николаева сөз қозғай отырып: «Баспасөз – күнделікті ақпарат ағынынан тыс мазмұнды мақалаларға толы, осы ерекшелікті айқын көрсету үшін газет дизайнының маңызы зор, әсересе бірінші беттің дизайны күнделікті жаңалықтан бөлек басқа да тақырыптар талқыланатынынан хабар беруі керек», – деді.  
«Дат» газетінің Бас редакторы Құтмағамбет Қонысбаев «Журналистік зерттеу тәсілдері» тақырыбында сөз сөйлеп, қоғамдағы түйткілді мәселелердің жай-жапсарын халыққа дәл жеткізуде журналистік зерттеудің маңызды екеніне тоқталды. 
Журналистердердің тіл қолданасындағы стильдік, грамматикалық мәселелер хақында филология ғылымының докторы, «Сөзтүзер. Қате қолданыстар сөздігінің» құрастырушысы Орынай Жұбанова баяндама жасап, қазіргі БАҚ тіліндегі бірқатар қателіктерді атап өтті.   
«Форум тақырыбы «Мерзімді басылымдар – халық сауаттылығының қайнар көзі» деп өте жақсы қойылған екен. Журналистердің жазуына, сөйлегеніне қарап ел бойын, ойын түзейді. «Текущий год» деген орыс сөзін «ағымдағы жыл», «үстіміздегі жыл» деп айтып та, жазып та жүрміз. Қазақтың ұғымында мұндай сөздер жоқ. «Биылғы жыл», «бүгінгі күн» деген сөздердің қажеті жоқ, себебі екі сөз бір мағынаны беріп тұр. «В основном», «в общем», «в свою очередь» деген орыс тіліндегі сөздерді алып қаралық, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері оны «жалпы алғанда», «негізінде», «өз кезегінде» деп жазып жүр. «Деп санаймын», «деп есептеймін», «дегім келеді», «болып табылады» дегендер де орыс тілінің құрылымымен жасалған сөздер. Қазақ «Кешірім өтінемін», «кешірім сұраймын» демейді, бір ауыз сөзбен «кешіріңіз» деген.
Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің айтқаны бар: «Ленин атындағы да, Киров атындағы да қазақ жоқ. Сондықтан бұл құрылым дұрыс емес. Қазақтың Ленин атындағы, қазақтың Киров атындағы университеті болуы тиіс» деген. «Министрлікпен бекітілген ереже бойынша» емес «министрлік бекіткен» деген орынды. ... Журналистер «жүреді ме?», «барады ма?, «келеді ме?» немесе «керекпіз» деп сөйлейді, дұрысы «бара ма?», «келе ме?» – дей келе ғалым, қазақ тілінің қалыптасқан заңдылықтарын сақтауға шақырды.  
Форумның келесі баяндамашысы «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Юрий Беккер суретке түсіру өнерінің ерекшеліктерін сөз етіп, фототілші мен журналист үндестікте жұмыс істегенде ғана оқырманға пайдалы, түсінікті әрі толыққанды дүние шығатынын, фотожурналистиканың мүмкіндігінде шек жоқ екенін айтты. 
«Мерзімді басылымдарды танымал ету және тарату: аймақтық аспект» тақырыбындағы екінші отырысқа «Халық үні» медиа-холдингінің директоры Ринат Кертаев модераторлық етті. Форумға Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса мен Ермұрат Бәпи, Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес, Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Раханов қатысты. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп өңірлік басылымдар арасында кадр тапшылығы барын айта келе, журналистің әмбебаптылығы алға шыққанына, өзі қаламгер, оператор, монтажер бола алатын журналистер көбейгеніне, ол бәсекені одан сайын күшейткеніне тоқталды. 
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса мемлекеттің ақпараттық саясатын, идеологиясын жүзеге асырудағы газеттің рөліне тоқтала келе «Газет – идеология қаруы. «Дат», «Қазақ үні» сынды газеттер «Қазпоштаға» сенбегендіктен жеке таратушылармен жұмыс істейді. Елімізде 11 000 кітапхана бар, 11 000 кітапхана бір газеттен жазылғанда, бір газет 11 000 тиражға ие болар еді. ...Газет дегеніміз бизнес, кәсіпкерлік емес, ол – саясат, идеология, әсіресе, қазақ газеті. Себебі, қазақ газетінің таралымы қазақ тіліне байланған. Ал қазақ тілінің жағдайын өздеріңіз жақсы білесіздер», – деді. 
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи: «Тарату қызметінің салғырттығынан ел газет оқу мәдениетінен айырылып қалды. Біз гаджетке келдік. Ал Еуропа, Батыс біртіндеп газетке қайта мойын бұрып келе жатыр. Кезінде жабылған үлкен басылымдар қайта ашылып жатыр. Ағартушылық, саяси-танымдық контентті дамытамыз десек, газетті шектеуге болмайды. 2015-2017 жылдардан бастап қалалардың көркін келтіреміз деп, газет-журнал сататын дүңгіршектерді ысырып тастады. Алматыда 264 киоскі жабылды. Сол жылы «Дат» газеті 14 000 тираждан айырылды», – дей келе елімізде газет-журналды тарату мәселесіне аса мән беру керегін қадап айтты.  
2020 жылдан мемлекеттік басқарудан жеке басқаруға өткен, қарамағында 11 газет шоғырланған «Сыр медиа» басшысы Марат Аралбаев «Сыр медиа» ЖШС маман даярлайтын арнайы академия ашып, жастарға ұйымдағы аға буынды ментор етіп, менеджмент, smm мен т.б. мамандықты оқытады. Ендігі бір мәселе – басылымдарды тарату. Қазіргі таңда газеттер Қазақстандағы 400 дүңгіршек және «Қазпочта» АҚ-ның 2645 қалалық және аудандық пошта бөлімшесі арқылы таратылады. Олар арнайы көліктер сатып алып, 250 адамды жұмыспен қамтып, облыстың барлық аудандарына газет тарату қызметін жандандырған. Тағы бір мәселе, мерзімді басылымдар мемлекет қаражатына ғана қарап отырмай, бизнес құрылымдармен, жеке кәсіпкерлермен байланыс орнатып, PR материалдарын тапсырыс ретінде алу саясатын күшейту керек. 
 Жас журналистерді арендалық үймен қамтамасыз етуіміз керек; газетке жазылу мәселесінде ірі компаниялар арасында ықпалдастықты күшейту және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін нығайту һәм жандандыру қажет; республикалық деңгейдегі журналистерге жасалып жатқан жоғары жалақы т.б жағдайлардың өңір тілшілеріне де жасалуын назарда ұстау керек», – деп бірқатар нақты ұсыныс айтты. 
Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшының орынбасары Айдар Есенбектің айтуынша, тіркелген 1620 БАҚ-тың 1273-і мерзімді басылым екен. «Біз «Алматы жастары» жеңілдетілген несие беру негізінде тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асырып келеміз. Оның ішіне 9 категория кіреді. Сол категорияның біріне БАҚ саласының қызметкерлері енген. Соның арқасында соңғы 3 жылда 171 жас журналист баспаналы болды. Бағдарламаның пайыздық мөлшері – 5%, ал бастапқы жарнасы – 10%» деп мәлімет берді. «Дала мен қала» ЖШС директоры Нұрлан Жұмахан дәстүрлі БАҚ-тың әлеуметтік желімен интеграциялануы мәселелеріне тоқталса, «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ жетекшісі  Нәзия Жоямергенқызы журналистика менеджменті және қазіргі заманғы медиажүйе туралы баяндап берді. Ал «Alatay Aqparat» ЖШС бас директоры Ержан Қалымбайұлы өңірлік БАҚ-тарда контент сапасын арттыру тақырыбы жайлы айта келе, ақпаратты визуализациялап беру, сурет, инфографика, карикатураны ұтымды пайдалану жайын қозғады.
«Заң-медиа» ЖШС директоры Досымбек Өтеғалиев  «Салалық журналистика» деп аталған үшінші панельдік отырысқа модераторлық жасады. «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» ЖШС директоры Талғат Қалиев этножурналистика ерекшеліктері жайлы, осы институттағы этносаралық ахуалды мониторингілеу орталығының басшысы Гүлдана Оқасова Бұқаралық коммуникация құралдарында этносаралық қатынас тақырыбының қозғалуы туралы, Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов діни журналистиканың ерекшеліктері туралы, «Бас редакторлар клубы» ҚБ жауапты хатшысы Бибігүл Құламан журналистік этика және стандарттар мәселесі жөнінде, «ГИС Әскери медиа» ЖШС директорының орынбасары Тимур Кубеков әскери журналистиканың ерекшеліктері жайында сөз қозғады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес жүргізген «Мерзімді басылымдарды жетілдіру: жаңа тәсілдер» отырысында «Мерзімді басылымдарда YouTube арнасын қалай дамытуға болады. Ерекшеліктері мен менеджмент» тақырыбында «Сұрауы бар» YouTube жобасының жетекшісі Ербол Сейілхан, «Басылымдарды онлайн форматқа өткізу» – «Курсив» сайтының бас редакторы Мира Халина, «Мерзімді баспасөз мамандарын даярлау: тұлғалық даму» – медиа-тренер Махаббат Есен, «Әлеуметтік медиа. Жасанды интеллект – коммуникатор» тақырыптарында медиа-тренер Ақерке Берлібай сөз сөйледі.
Форумның «Басылымдардың балалар контентін қалыптастырудың идеологиялық шарттары мен тетіктері» деп аталған қорытынды отырысын «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары – Алматы қаласы басылымдарының жетекшісі Думан Анаш жүргізіп, Балалар басылымдарының дамуы және оның балалар мен жасөспірімдердің медиа құзыреттіліктеріне әсері турасында Педагогика ғылымдарының кандидаты, SDU оқытушысы Бақытгүл Салықова, Мектептегі балаларға арналған мерзімді басылымдар жайында Оқу-ағарту министрлігінің «Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының» директоры Алия Сайдембаева, Отандық комикстер, даму бағыты туралы «Еркетай» журнал-комиксының бас редакторы Оразхан Жақып, Қызықты контентті қалай жасауға болатыны жайында «Ұлан» газетінің тілшісі Нұрлыхан Жұмахан, «Бүгінгі балаларға қандай ертегілер қызық?» тақырыбында «Алан&kids» журналының бас редакторы Асель Тыныбаева, Балаларға арналған ғылыми-танымдық бағыттағы контент туралы «Әл-Жәбрдің атасы» журналының шығарушы редакторы Оралай Алейдарова ой қозғап, бірқатар ұсыныстар айтты. 
Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Раханов екі күнге созылған форум аясында басылым өкілдері көтерген мәселелер мен ұсыныстар бойынша хаттама толтырылып, оның жүзеге асырылуын министрлік бақылауға алатынын хабарлады. Форум соңында өңірлік мерзімді басылым қызметкерлері «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен және министрдің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Назым САЙМАСАЙҚЫЗЫ

1947 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз