• Заманхат
  • 30 Сәуір, 2024

ӘЗІРЕТ СҰЛТАН ӘЛЕМІ

Қанат АЛТЫНБЕК, Ұлттық кітапхананың «Көрмелер және мәдени бағдарламалар» бөлімінің қызметкері

 

Шариғат шамын жаққанша,
Тариқат сырын айтқанша,
Ақиқат жолын тапқанша,
Көптің көзін ашқанша,
Күн шығып, қайта батқанша
Мағрифатқа ден қойған –
Шайхы Ахмет Ясауи

Сайын даланың сан тарабын сәйгүлікке мініп, алмастан семсер асынып қорғаған айбалталы түріктер ежелден моноатеистік бағыттағы сенімді ұстанды. Ислам өркениетінің қадамы келмей тұрып-ақ, Орталық Азия түркілері обал мен сауаптың, адал мен арамның парқын жетік білді. Өздері ғұмыр кешіп жүрген кеңістіктің түп иесі, бір Жаратушысы бар екенін анық білді. Соған сенді. 
Өздерінің сенімдерінен алшақ емес, араб жазирасынан келген Ислам дінін қабылдады. Түркілік наным-сенім мен Исламның көптеген атрибуты ұқсас болды. Көп қарсылық тудырмай, қожа-молдалардың дін уағыздауына мүмкіндік берді. Яғни, Ислам дінінің Орталық Азия даласында кеңінен етек жаюына кедергілер көп кездесе қойған жоқ. Олар қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-санасына нұқсан келтірмей, Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың хадис шарифы мен Құран Кәрімнің аяттарында келтірілген мұсылман адамның өмірдегі мақсат-мұраттарын түсіндірді. 
«Ислам діні араб жерінде дүниеге келгенімен Шығыста өркендеді», – деген тәмсіл тарихи тұрғыдан дұрыс пікір. Қырық жасында Жебірейіл (а.с.) арқылы алғашқы уахиды Хира үңгірінен алып, Пайғамбарлық міндетін бастаған Мұхаммед (с.а.у.) өзінің шәкірттеріне, яғни сахабаларына кез келген өңірде дінді уағыздау барысында сол елдің тарихын, сан ғасырлық дәстүрін жоюға әсте рұқсат еткен жоқ. Керісінше, сол елдің салт-дәстүріне құрметпен қарап, Исламның мөлдір кәусар бұлағымен сусындатты. 
751 жылғы Атлах шайқасынан кейін Ислам діні батыл түрде уағыздалып, кейіннен Қараханидтер дәуірінде мемлекеттік дін ретінде қабылданды. Содан бастап Орталық Азия даласына келген қожа-молдалар жергілікті халықтармен біте қайнасып, бұл күнде бір ұлтқа айналып кетті. 
Түркілер арасында сопылық әдебиеттің сара жолын қалыптастыра білген, мәшһүр ақын, кемеңгер ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің өмір сүрген кезеңі қайшылықтар мен тосқауылдары көп заман болды. Көшпелі һәм жартылай көшпелі оғыз тайпалары мен қыпшақтар отырықшылыққа ауысып, сауда, қолөнер сынды кәсіптермен шұғылдана бастаған кезеңмен тұспа-тұс келеді. Шағын қыстақ болған Ясы ХІ ғасырда Орталық Азия елдерімен тығыз сауда және мәдени байланыстарын арттырып, ірі мәдени орталыққа айналды. 
Ислам дінін мемлекеттік дін ретінде жариялаған Қарахан мемлекетінің құлауына қарақытайлардың Орталық Азияға баса-көктеп кіруі әсер етпей қоймады. Дегенмен, бұл кезеңде Селжүк мемлекетінің құрамындағы Хорезм шаһары өркендей бастады, Хорезм мәдениеті де әлемдік сахнаға шықты. 
ХІ ғасырда өзге діндерден оқ бойы озық тұрған Ислам діні енді өзге діндермен деңгейлес кейіпке түсті. Бірақ ол ұзаққа созыла қойған жоқ. Алда жаңа серпін, жаңа дәуір есік қағып тұрды. 
Қожа Ахмет Ясауи ислам дінінің орталық Азияда қайтадан жаңарып, кең етек жаюына бастамашы тұтқа болды. 

Қожа Ахмет Ясауи

Ең әуелі Ясауи бабамыздың өмір дерегіне тоқталмас бұрын, шығармашылығына шолу жасайық. Бүкіл әлемдік мәдениеттерді, өркениеттерді қорғайтын ЮНЕСКО ұйымының «Әлем жады» бағдарламасы бар. Аталған бағдарламаға кез келген көне кітап енгізіле бермейді. Бағдарламаның жұмыс тобындағы халықаралық деңгейдегі ғалымдар, академиктер белгілі бір қолжазбаны ұзақ жыл зерттегеннен кейін «Әлем жады» бағдарламасына кіргізеді. 
Халықаралық бағдарлама аясына кітапханамыздағы бес бірдей қолжазба енген болатын. Солардың ішінде Қожа Ахмет Ясауи бабамызға қатысты үш кітап бар. Олар: «Насабнама», «Хикмет», «Рисала. Миратул Қулуб».

Насабнама

Қожа Ахмет Ясауи «Насабнамасының» қолжазбасы Ұлттық кітапхана қорында тұрғанын жоғарыда айттық. Ендеше, сол қолжазба төңірегінде зерттеу жүргізген ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, төмендегідей мағлұматтарды келтіруді жөн санадық. Сарғыш қытай қағазына жазылған, араб таңбасымен ескі шағатай тіліне көшірілген (бүгінгі таңбаға түсірген – арабтанушы М. Шафиғи). Қағаздың ені 17 см, ұзындығы 95 сантиметр. Қағазы уақыт табынан сарғайып көнерген. Маңдай алдындағы төрт мөрдің екеуі оқылмайды, ал жан-жағында әралуан кісі аттары жазылған мөрлер бар. Ең соңында (келесі бетте) жапырақ іспеттес үлкен бір мөр бар, бұл Қожа Ахметтің өз мөрі. Шежіренің соңында хижрамен 1099 жыл, яғни жаңаша 1687/1688 жылдар болып шығады. Ең ақырында «Назар Сали Нурни Фидтарих сана ал-факир ал-хакир Намрат молла Тәңірберді Иармухаммад хажи» деген мәлімет бар. Бұл, біздің ойымызша, кейінгі көшірген кісінің аты-жөні болса керек. Бір атап айтарлық жаңалық: шежіренің орта тұсында «Мен Хасан Хожа Бабның оғлы Ибраһим ата» деген сөз бар. Олай болса, бұл шежіренің иесі Әзірет Сұлтанның өз әкесі Ибраһим атаның дәл өзі болып шығады. Сондай-ақ, мұнда Қожа Ахмет Ясауиге келгеннен кейін әрі қарай таратылмай, мұның орнына Исмағилдың балалары жалғастырылады. Бұған карағанда, Әзірет Сұлтан сол тұста үйлене қоймады ма екен деген ой туғанын ғалымдар алға тартады. 
Келесі бетінде орналасқан үлкен, жалғыз жапырақ іспеттес мөрдің дәл ортасында «Сұлтан Ахмет Иасауи» деген жазу бар, соны айнала Ахметтен басталатын он шәкіртінің есімі тізіліп жазылған. Бұл мөр қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың қағаздарының ішінен табылған мөрмен бірдей болып келеді. Аталған он шәкіртінің нақты сегізінің аты ғана оқылған. Ал қалған екеуі оқылмаған. Жазулардың оқылуы мынадай: «Шайх Ахмад Хасан, Шайх Ахмад Харб, Шайх Ахмад Кабир, Шайх Ахмад Жами, Шайх Ахмад Рауанда, Шайх Ахмат Ғаббас, Шайх Ахмад Исхақ, Шайх Ахмад Архам». Жаңадан табылған бұл шежіреге зер сала қарасақ, ақынның ұлы атасы Әзірет Fали, одан Мұхаммед Қанафия болып жалғаса келіп, оның жетінші атасы әйгілі Исхак Баб екенін көреміз. Сонда оған Мұхаммед Қанафия он төртінші, ал Әзірет Fали он бесінші ата болып шығады. Дәл осы шежіренің кейбір мән-жайы «Ана тілі» газетінің 1992 жылғы наурыздың 26 күнгі №12 санында «Әзірет Сұлтан жәдігері» деген атпен басылған болатын. 
Заман талабы бойынша «Насабнама» оқырманға түсінікті етіп, қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдеріне аударылды. Оны аударғандар: филология ғылымдарының кандидаты Мұхамедрахым Жармұхамедұлы, белгілі зерттеуші-ғалым Мақсұт Шафиғи және кітапханамыздың сол кездегі «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» бөлімінің меңгерушісі Жолдыбике Нүсіпқызы болатын. Кітапхана қорында Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың төрт толық «Хикметі» сақталған. Ең ескі нұсқасы XV ғасырдың орта кезінде араб емлесімен көшірілген. «Даналық кітабы» Қазан (1887 және 1901ж.), Ыстанбұл (1901 ж.), Ташкент (1902 және 1911 ж.) баспаларынан бірнеше рет жеке кітап болып басылып шыққан болатын. Ытанбұлда басылған Ясауидың «Хикметі» егемендіктің алғашқы жылдары көркем аудармамен қазақ тіліне аударылып, оқырман назарына ұсынылды. Оның көркем аудармасын жасаған ақын Сәрсенбі Дәуітов болатын. 
Жалпы айтқанда, «Хикметтің» түпнұсқасы сақталмаған. Бізге жеткені XV-XVI ғасырлардағы көшірме қолжазбалар. 

 «Хикметтер»

Ахмет Ясауи өлеңдер жинағының ең толық нұсқасы Қазан басылымы болып саналады. Мұнда 149 хикмет берілген. Соның 109 хикметі Ясауидің өзінікі екені даусыз. Қалғандары шәкірттері тарапынан жазылып, жинаққа еніп кеткен жыр жолдары болса керек. Ол туралы тақырып барысында айтамыз. Көптеген түркі халықтары «Хикметті» аудармасыз-ақ қиналмай оқи алады. Дін исламнан хабары бар жанға «Хикмет» тілі өте жеңіл. Оны беріліп оқып, тереңірек үңілген адам Ахмет жырларының қыпшақ тілдеріне өте жақын екенін байқар еді. Шығарманың тілдік лексикасы, әсіресе лексика-географиялық ерекшеліктері, этносипаттары «Хикмет» тілінің қыпшақ диалектісіне жақындығын айтуымызға белгілі бір дәрежеде мүмкіндік береді. Кітаптан Орта Азиялық қалалардың мәуелі бақтарындағы алуан жемістер мен райхан гүлдерінен гөрі сайын даладағы қызғалдақ пен қымыздың иісі аңқиды. Отырықшы тайпалардың кәсіби тілінен гөрі, көшпелі жұрттың тұрмысына тән сөздер молырақ ұшырайды. Мәселен, «Құлын», «Гүл», «Қызыл», «Қаршыға», «Сұңқар», «Лашын», «аға-іні», «мал-мүлік», «шейід», «бөрік», «сақалшаш», «ата-баба», тағы басқа көптеген сөздер тек мағыналық жағынан ғана емес, сонымен қатар олардың қазіргі қазақ тілінде дәл осы күйде айтылып, жазылатынын ескерсек, шындыққа бір табан жақындай түсеміз. Белгілі ғалым М.Орынбековтың зерттеулерінде А. Ясауи жөнінде және оның сопылық ілімі жайлы өте құнды пікірлер айтылады. Оның пікірінше, Қожа Ахмет Ясауи жазған «Диуани Хикмет», яғни «Даналық жайындағы кітабының» қазақ елінің философиясы үшін зор маңызы болды. Оның ішінде автор бала кезінен бастап өз тіршілігінде тартқан азабын, шеккен қайғысын тармақты өлеңдермен қарапайым түсінікті тілде жазып шыққан. Бұқара халыққа зорлық үстемдік жасаған хандарды, бектерді, қазыларды сынай отырып, бұл дүниенің өткіншілігін анықтайды. 
Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың «Хикметтері» әр жылдары түрлі баспалардан, бірнеше зерттеуші ғалымның алғысөзі һәм құрастыруымен жарияланып келеді. Соның ең алғашқысы Ұлттық кітапхана қорындағы қолжазба негізінде аударылып, түсініктемелерімен жарық көрген. Кітапты шығарушылар Мұхамедрахым Жармұхамедұлы, Сәрсенбі Дәуітұлы, Мақсұт Шафиғи сынды зерттеушілер, көлемі 16,5 баспатабақ, таралымы 25000 данамен 1993 жылы «Мұраттас» орталығынан жарық көрді. Аталған хикметтер сол жылы Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінен табылған қолжазба негізінде берілген. «Хикмет Хазірет Сұлтан Қожа Ахмет Иасауи» деп аталатын қолжазбаның (қор. № 3999, инв. 459624-47) сол кездегі иесі Ибраһим Оразымбет баласы деп жазылса, тапсырылған уақытын 1947 жыл делінсе, ал қолжазбаны тапсырушы кісінің аты-жөні көрсетілмеген. Көшірменің ең соңғы 412-бетіндегі белгіге қарағанда, бұл екі жинақтан тұратын қолжазбаның біріншісі болса керек. Қара сиямен көркем көшіріліп, уақыт табынан көмескіленіп сарғайған бұл нұсқаның көп жерлері өше бастағаны байқалады. 
Келесі көшірілген жылы ескі жыл санау бойынша 1250 жыл, ал, жаңа санақпен 1834 жыл деп анық жазылған. Аталған қолжазбаның өзіндік ерекшеліктері кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланып, артынша Ұлттық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Түрік, Иран, Араб елдерінің Алматыдағы елшіліктерінен өкілдер шақырылып, арнайы таныстыру рәсімі өткен. Олар табылған қолжазбаға ерекше ықылас білдіріп, жеке кітап етіп басып шығаруға қатысатындықтарын білдіреді. Осы құнды мұраның қазақ тіліне аударылып, баспадан жарық көріп басылуына да Ұлттық кітапхана мұрындық болған [1, 5-6 б]. Сондықтан «Диуани хикметтің» жұртқа беймәлім болып келген бұл нұсқасын аса бір ыстық сезіммен көздің қарашығындай сақтап келген Ұлттық кітапхана басшылығы мен сирек кітаптар және қолжазба бөлімінің қызметкерлеріне кітапты баспаға әзірлеушілер арнайы алғысын білдірген болатын. 
Орта ғасырлық және одан да ертеректе өмір сүрген тарихи тұлғаларға бұл күнде жекелеген ұлттар кішігірім талас тудырып жататыны жасырын емес. Ол кезде барша халықтар түркілер деп аталды. Қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік сынды ұлттар әлі жеке ұлт болып, тарих сахнасына көтеріле қоймаған еді. Яғни ол мәселе төңірегінде талас-тартыстың жиілеуі дұрыс емес. Ол өз алдына жеке тақырып. Ясауиға оралайық. 
Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хикметтерінде Орталық Азия халықтарының, яғни көшпелілердің тұрмыс-салтына қатысты үлгілер де көптеп кездеседі. Сондықтан да бабаны әр ұлт өзіне тартуының түп төркіні осында жатыр. Ол туралы аты әлемге мәшһүр шығыстанушы-ғалым Евгений Эдуардович Бертельс: «Оның жырлары күні бүгінге дейін қазақ даласынан Кіші Азияға кеңінен тараған фольклорлық лириканың түрлерімен сырттай ұқсас болып отырады. Бұл ерекшелікті сопылық әдебиетте алғаш рет Ясауи бастап тұрақтандырды. Осыдан кейін өзге елдердің дәруіштік поэзиясында да бұл үрдіс жалғасын тапты, сөйтіп жазба поэзия мен фольклордың байланысы бұдан былай жаңа сипат алды» деп, Қожа Ахмет Ясауидің әдебиетке жаңа леп, жаңа серпіліс алып келгенін жазады [2, 264-265 б]. 
Қожа Ахмет Ясауидың ғұмырбаяны жөнінде мәліметтер көп емес. Дегенмен, ойшылмен замандас ғұламалармен салыстырғанда, өмірдеректік мағлұматтар баршылық. Мысалы,  Ұлттық кітапханадағы «Насабнама» қолжазбасында оның шыққан тегі, ата-бабасы туралы нақты фактілерді кездестіреміз.
Бабаның хикметтерін зерттеген шығыстанушы Мұхамедрахым Жармұхамедұлы оның өмірі туралы мәліметтерді бірнеше салаға бөліп көрсетеді. Оның өмірінің кейбір тұстары шынымен де өз хикметтерінде кездеседі. Кей хикметтерінде өзінің өмірі арқылы көптеген өмір соқпақтары туралы уағыз-насихаттар айтады. Ғалым оның өмірдерегі туралы мәліметтердің аздап кездесетіні туралы бірнеше себепті атап өтеді. Сонғы жетпіс жылдан астам уақыт ішінде ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы зерттелмей келді, ал өзі бірыңғай діншіл, мистик ақын, оның шығармалары зиянды деп теріс қорытынды жасалды, сөйтіп Қожа Ахмет Ясауидың адамгершілік, имандылыққа үндейтін асыл жырлары жасырын ұсталып, оларды мүмкіндігінше ұмыттыру мақсаты көзделді. Алайда айды алақанмен жасыру мүмкін болмайтыны іспетті, асыл қазына кеш те болса, аз да болса өз халқымен қауышты. 
Бабамыздың көп жерде кездесе бермейтін, қара сөзбен жазылған философиялық «Рисала. Миратул Қулуб» (Ақыл айнасы) кітабы да қорымыздың төрінен орын алған. Бұл кітабында бабамыз шариғат, тариқат, мағрифат, хақиқат сынды салаларда ой қозғайды. 

«Рисала. Миратул Қулуб» 

«Рисала. Миратул Қулуб» («Ақыл айнасы») – XVI-XVII ғасырларға тиесілі қолжазба кітап. Аталған еңбек Ахмет Ясауидің қара сөзбен жазған бірден-бір философиялық еңбегі болып табылады. «Диуани Хикмет» көне түрік (оғыз-қыпшақ) тілінде жазылған поэзиялық шығарма болса, ал, «Рисала. Миратул Қулуб» – ислам қағидаларын баяндайтын прозалық туынды. Оның жазылу мәнері мен қағазының көнелігіне қарап, оны «Диуани хикметтен» де бұрынырақ туған шығарма деуге болады. Осынысымен бұл шығарма аса кұнды жазба мұралар қатарына жатады. Көлемі шағын, 88 беттен тұрады.
Ұлы ақынның өзі де, шығармалары да туған халқына қайта оралды, бірақ көптеген мұра-жәдігерліктер қолдан құртылып, келмеске кетті. Осының салдарынан кейбір өзгелерге бұрыннан мәлім, айдай анық деректерден қол үзіп, жаңсақ жайттарға жол беріп отырмыз. Мәселен, Ясауитануға үлкен үлес қоскан белгілі зерттеуші М. Е. Массон өзінің 1930 жылғы Ташкентте басылып шыққан «Ходжа Ахмед Ясеви» атты арнайы еңбегінде Қожа Ахмет Ясауидың қазіргі Түркістан қаласы орналасқан мекендегі Иасыда көзге түсіп, түрік шайқы Арыстан бабтың тәрбиесін алғанын, әкесі Ибраһимнің түркі нәсілінен шыққанын айтады. Алайда ол Қожа Ахметтің әйгілі Фатима мен Ысқақ Бабтан тарайтын шежіресі бар екенін де жазады, сөйте тұра мұны жалған шежіре деп көрсетеді. Ал енді академик В. А. Гордлевский оған қарағанда шындыққа бір табан жақындай түскен. Ол Қожа Ахмет Ясауиге арналған еңбегінде оның арғы аталарының имам Әбу Ханифаға барып тірелетінін (Әбу Ханифа – Хазірет Fалидың баласы. - М. Жармұхамедұлы) жаза отырып, Ахмет Ясауидің ұрпағымыз дейтін қожалар Заравшан өлкесіндегі Иабу, Тоқшы дейтін қыстақтарда тұрады дегенді алға тартады [3, 19 б]. Аталған тұжырымды түрік елінің профессорлары М. Ф. Көпрүлу мен К. Ераслан да өз еңбектерінде қолдайды. Бұл жөнінде бірнеше зерттеу жұмысында жариялаған болатын. 
Ясауидің ислам дініне қосқан үлесі аз болған жоқ. Алғаш Ташкентте, одан кейін Хорезмде, Әмударияның оң жақ беткейінде, Хорасанда, Әзербайжан, Анадолы жерлерінде екі ғасыр бойы сопының аты таралды. Бірінші орында Арыстан бабтың шәкірті Мансұр ата (сопылық ортада оны «Халиф» Қ.А. Ясауи деп атаған); ал екіншісі – Саийд Ата Хорезми (1218 жылы дүниеден өткен); ал үшіншісі – атақты Сүлеймен ата Бақырғани (1186 жылы дүниеден өткен), оның екінші аты «Хәкім Ата». Осы сопылардың қозғаған тақырыптары, өмір жолдары бір мағынада және олар әрдайым «Ясауиді тірілтіп, жаңартып тұрғандай болды», – деп зерттеуші Фуат Көпрүлу өз бағасын берді. Тағы бір атақты сопылардың бірі Мұхаммед Нақышбанди, оның «Миғрат әл-кулюб» (шамамен 1220 жылы дүниеден өткен) деген еңбегі ғылыми айналымда белгілі.
Ендігі бір қажетті мәселе: ұлы ақын қай жылы, кай мекенде туды деген пікірдің төңірегінде өрістейді. Бұл орайда түрік ғалымы, профессор М. Ф. Көпірілінің елеулі үлес қосқанын бөліп атаған жөн. Аталған ғалымның есімін жоғарыда да келтірген болатынбыз. Ол кісі өзінің 1918 жылы жарық көрген «Түрк эдебиетинда ильк мутассавыфлар» атты зерттеу еңбегінде Қожа Ахмет Ясауи өмірі мен шығармашылығы туралы алғаш рет өте құнды, тың деректер қалдырды. Ол кісі осы зерттеуінде тарихи құнды «Жәваһир ул-әбрар мин әмважил-биһар» деген кітапқа сүйене отырып, ақынның Түркістан өлкесіндегі Ақсу, Қарасу бойындағы Сайрам қалашығында туғанын айтады, Қайтыс болған жылын шамамен 1166 – 1167 жыл (хижрамен 562 жыл) деп көрсетеді. Автор мұнда көпшілікке мәлім деректерді алмай, жоғарыдағы кітапқа арқа сүйейді. Бұл дерек бойынша, Сайрам – байырғы ислам орталығы. Оның халқы негізінен үш нәсілден тарайды: шаһтар әулеті, әмірлер мен Әзіреті Әлиге барып тірелетін қожалар әулеті. Ахметтің әкесі Сайрамдағы атақты ғұлама, ол ұстазы Мұса шайықтың қызы Айшаға үйленіп, одан бір қыз (Гәуһар-Шаһназ), Ахмет атты бір ұл көреді. Сондай-ақ әйгілі Арыстан Баб Қожа Ахметтің әкесі Ибраһим атаның бауыры, екеуі де Ілиястан тарағандығы туралы мәліметтер кездеседі.

М. Ф. Көпірілі

Ал енді Қожа Ахметтің неше жас­та қайтыс болғанына келгенде, М.Ф. Көпірілі 120 жас деген жорамал айтады. Мұны да халық аныздарына сәйкес келетін дерек дей аламыз. 120, 125 жыл жасады дегенді осы М.Ф.Көпіріліден тыс, академик В.A.Гордлевский де, қазақтың белгілі жазушысы Жүсіпбек Аймауытов та толық қуаттайды. Өзге зерттеушілердің көбі оның 63 жастан кейін жер астына түскен күнін өлгенге санайды. Алайда мұның бәрі нақты мәліметтерге сүйенбей айтылғаны дау­сыз. Бұлтартпайтын дәлел ақынның «Диуани хикметінде» келтірілген, бірақ мұны ешкім аңғара қоймаған болса керек. Мәселен, жаңа санақ бойынша 1897 жылы Ыстанбұлда басылған «Диуани хикметте»:
Иер устида улмас бурун тирик улдим,
Алтмиш учда суннат деди ештиб билдим.
Иер астида жаним била қуллик қилдим,
Ештиб, укиб иерга кирди Кул Кожа Ахмад.
Иаранлардан фаиз уа фатух алалмадим,
Иуз игирма бешка кирдим билалмадим.
Хак тағала тағатларин килалмадим,
Ештиб, укиб иерга кирди Кул Кожа Ахмад.
Бұл хикметтегі өлең жолдары түпнұсқа тілдегі оқылуы болса, енді өлең жолдарының қазақша баламасын келтірсек.
Рахыммен пәрмен қылды Хақ тағалам,
Зейін сап жерге кірдік Қожа Ахмет.
Сүндетін алпыс үште сақтап адал,
Зейін сап жерге кірді Құл Кожа Ахмет.
Тірі өлген жер үстінде дұғалықпын,
Сүндетті алпыс үште сұрап ұқтым.
Кұлдық қып жер астында құрағыттым,
Зейін сап жерге кірді Құл Қожа Ахмет.
Еш көмек жүз жиырма беске дейін
Ел-жұрттан ала алмадым не істемейін.
Ертеңнен егілмедім кешке дейін,
Зейін сап жерге кірді Құл Қожа Ахмет [4, 72 б]. 
Қожа Ахмет Ясауи бабамыз 63 жасында Пайғамбарға деген махаббатын сақтай отырып, қылуетке түскенін хикметінде жазған. Және 125 жасқа дейін өмір сүргендігін де өзінің 22-ші хикметінде жазып кеткендігін жоғарыда баяндадық.
1157 жылы Қожа Ахмет 63 жасқа толып, «Пайғамбар жасына жеттім, бұдан әрі өмір сүруім күпірлік» деген оймен осы күнгі өзінің кесенесінен оңтүстік шығыс бағытқа қарай жүз елу метрдей ұзындықта қылует, яғни жер асты үйін салдырады. Өзі де оған атсалысады. Өзінің хақ жолына бағыштаған қалған ғұмырында тек жаратушыға сәжде етіп өтуін мақсат етеді. Сөйтіп қылуетте мешіт салады. Ол мешіттің биіктігі бір жарым метрге жуықтаса, кеңдігі 2х2. Жер асты қылуетте жарық мәселесі де шешілген. Қабырғаларға текшелер ойып, шам қоятын орындар болған. 
Қожа Ахметтің өмірінде аңыз аз емес. Сол аңыздардың бірінде Сайрамнан басталған жер асты жолының бір сілемі Қожа Ахметтің қылуетіне дейін жеткен дейді. Ол ымырт кезінде жайлауы жайнаған, жусаны аңқыған сайын далаға шығып, кең тыныстайды екен. 
Мақаланың кіріспесінде айтқанымыздай, Қожа Ахметтің өмірбаяны туралы мәліметтер оның хикметтерінде сайрап жатыр. Хикметтер арасында өзінің 4 мың 400 хикметі бар екенін де айтып кетеді:
Құл Қожа Ахмет, әрбір сөзің дертке дәрмен,
Тәліптерге (шәкірттерге) баян етсем қалмас арман. 
Төрт мың төрт жүз хикмет айт хақ пәрменімен,
Пәрмен болса, өлгенше жырласам мен.
Оның хикметтерін зерттеуші Э. Наджип өзіндік зерттеулері негізінде жазылып, 1989 жылы Мәскеу қаласында жарық көрген «Исследования по истории тюркских языков ХІ–ХІV вв.» атты зерттеу монографиясының 55-ші бетінде біршама мәлімет келтіреді. Қожа Ахмет Ясауи «Хикметтерінің» ғасырлар бойы толықтырылып, өзгеріске ұшырап келгендігін айта келе: «Қазіргі таңда ақын хикметтерінің қайсысы оның өз қаламынан туған, ал қайсысының өңі өзгертілген немесе шәкірттері тарапынан жазылғандығын айту қиын. Ясауи мен шәкірттерінің өлеңдерінің тілі қарапайым, формасы жағынан ол халық ауыз әдебиеті үлгілеріне жақын. Араб-парсы тілдерінің элементтері онда аз, бірақ «Құтадғу білікпен» салыстырғанда араб-парсы сөздері басым түсіп жатады, аруз өлең өлшемімен жазылған жыр жолдары да жоқ емес». Біз бұл мәселе төңірегіндегі зерттеулерді мақала барысында келтірдік.
Ғалым пікіріне зер салар болсақ, Қожа Ахмет Ясауидың кейбір хикметтерін оның шәкірттері ұстазының атынан шығарғандығын байқаймыз. Дегенмен, барша хикметі Ясауи сарынында жазылғандығы айдан анық. 
Біз Қожа Ахмет Ясауиді сопылық ілімнің негізін салушы деп білеміз. Ендеше, Ясауи іліміндегі сопылықты зерттеуші Клара Тәжікованың тұжырымын келтіре кетсек. Ол: «Суфизмдегі негізгі доктрина құдайды мистикалық сүю болып табылады. Сопылар мистикалық сүю арқылы экстатикалық ұмтылыстарымен, жан жүйесінің азап шегуімен және кездесуге құлшынумен, құдаймен табысуға тырысады. Ясауи ілімінде бұл доктрина оның «таным» теориясының бөлінбес бөлігі бола отырып, ерекше орын алады», – деп оның хикметтеріндегі сопылықтың сарынын айқын жазады.
Ясауи дүниетанымында этикалық ойлар біршама көп. Ясауидың этикалық көзқарастары құдай және оны тану ілімімен тығыз байланысты. Мораль сопылардың құдайды тану жолындағы негізгі талаптарынан туындайды. Ол адам бойында кездесетін даңққұмарлық, күншілдік, екіжүзділік, надандық, кекшілдік, алдау сияқты жаман әдеттердің болатынын өкінішпен айтады. Ясауи іліміндегі адамгершілік ойлары дін арқылы түсіндіріледі. Жақсылық пен жамандық, әділеттілік пен әділетсіздік, адамның жақсы және жаман іс-әрекеттері сияқты моральдық сипаттары оның құдайға сенуіне байланысты болды. «Кімде-кім жамандық жасаса, ол күнәдан арыла алмайды, кімде-кім жақсылық жасаса ол құдайдың сүйіктісі болады», – деп жазады.
Ахмет Ясауидің пайымдауынша, ол өзін-өзі тазартуға, кемшілігін жоюға, игілікті іс істеуге шақырған адамның адасуы, әділетсіздік және жамандық жасауы мүмкін емес екенін айтады. Оның саяси және әлеуметтік көзқарастарының негізінде де этикалық бастау жатыр. Түйіндеп айтар болсақ, А.Ясауидың «Диуани Хикметінде» айтылған ойлармен үндес, сабақтас болған Ахмет Иүгнекидің негізгі шығармасы «Ақиқат сыйында», Сүлеймен Бақырғанидың «Ақыр заман», «Бақырған» атты өлең жинақтарында болмыс туралы түсінік тұтасымен діни-мистикалық мазмұнда қалыптасқандықтан, бұл дүниенің алдамшы екендігіне Ясы ғұламаларының ешқайсысы күмән келтірмейді.
Данышпанның жаратылыстану деңгейлері исламның космогониялық ұғымдарымен бірге астасып жатыр. Өмірдің мағынасы – Аллаға жалбарынып, құлшылық ету, күнәдан тазару. Жаратқанға деген сенім ішке жиналған қасиетті нұрды хикмет жолымен мәңгі сақтау мұрат болатын. 
Ғашық болсаң уа, талапкер, ғибдат жасап, беліңді бүк,
Күндіз-түні ұйықтамай, жас орнына қайғыңды төк...
Шын талапкерді сұрасаңыз, іші-тысы гауһар-дүр, 
Хаққа аян сырлары жегендері таза нұр. 
 Жоғарыдағы өлең жолдарынан сан ғасырлардан кейінгі Абай мен Шәкәрімнің философиялық дүниетанымдарында көрініс беретін «нұрлы ақыл», «жан қуаты» деген ұғымдардың шығу төркінін ұғамыз. Лев Толстойдың «зұлымдыққа қарсыласпа» деген қағидасының негізінде дүниеге келтірген діни-философиялық ілімі осы Ясылық машайықтардан бастау алған болар.
Мысалы: «Бағзы біреу тепсе, разы болып мойынұсынған» («Диуани хикмет»), «Біреу зәбір-жапа жасаса, қарымына рахат көрсет» («Ақиқат сыйы»), «Жамандық жасаған кісіге сен жақсылық жаса» («Ақиқат сыйы»), «Кімде кім сөксе, аяғымен тепсе, қарымына қолын өбеді. Ондай сабаздар қуаныш, рахатқа жолығады» («Диуани хикмет»). 
Қожа Ахмет Ясауи бабамыз түркілер арасында саф Исламның дендеп тарауына ерекше еңбек етті. Араб сахарасында басталған діннің Түріктің кең алапты жазирасында түркілік сенім, ақиданың шеңберіне ілімімен сыйғыза білді. Сонымен қатар, өзінен кейін көптеген шәкірт тәрбиелеп қалдырды. Оның шәкірттері кейіннен қазақ әдебиетінің бастауы болды. Яғни жіпке тізілген тәспі іспетті, әрісі Мұхаммед (с.а.у.) пайғамдардан басталып, сахабалар, табиндер, бабтар, әулиелерге жалғасқан дәстүрлі ислам өркениетін Түркілер арасына дәстүрлі түрде сіңіре білген Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың руханият үшін орны ерекше. Ясауидың рухани әулиелігін сезіне білген, қылышымен жарты әлемді бас идірген Әмір Темір араға бірер ғасыр салып, әлем таңдай қағып, тамсанатын зәулім кесене салып берді. Ол кесене жалпы Ислам әлемінде, соның ішінде түркілер үшін қасиетті де қастерлі ордалардың бірі. Кейіннен аталған кесенеге қазақтың алып хандары мәңгілік тұрақтады.
Хикметтері мен ұлағатты өсиеттері арқылы нешеме ғасырлардан бері ұрпақ санасына еніп кеткен Ясауи мұрасын профессор Досай Кенжетай сынды ясауитанушы ғалымдар жүйелі түрде зерттеп келеді. Оның мұрасы бұл күнде халықтық дәстүрмен біте қайнасып кеткен. Яғни халқымыз барда Ясауи бар.
Ясауи хикметтерінен нәр алып, өміріміздің сәуелелі тұстарын көбейте берейік. 


Пайдаланған әдебиеттер тізімі: 
1.Иасауи Ахмет. Хикмет Хазірет Сұлтан Қожа Ахмет Исауи / Жинақты дайындағандар: М. Жармұхамедұлы, М. Шафиғи, Ж. Кәриева. – Алматы: «Жалын», 2002. – 272 бет.
2.Бертельс E.Литература народов Средней Азии // «Новый мир», июль, 1939. – 264-265 стр.
3.Гордлевский В.А. Ходжа Ахмед Ясеви. Избранные сочинения. ІІІ Т. – Москва. – 1962. – 367 стр. 
4.Иассауи Қ.-А. Диуани хикмет. Даналық кітабы. – Алматы: Халықаралық Абай клубы, 2009. – 312 б.

531 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз