• Ұлттану
  • 12 Желтоқсан, 2012

ӘРІПТЕСТІҢ АБЫРОЙЫ

Ұлттық журналистикамыз қай кезде де мақтан етерлік тұлғаларға кенде болмаған. Зерттеушілер пікірлеріне жүгінсек, еңбегімен ел назарында жүрген журналист-тұлғалардың өзгелерден бір артықшылығы олардың кәсіби шеберлігінде екен. Ал, шебер жазатын қаламгер қай кезде де елдің көз алдында, оның қоғам өмірінің әр саласын қамтып жазған үлкенді-кішілі дүниелері өткір сөз, өзекті өртер жалынды ой-пікірлерімен-ақ оқырман қауымды өзіне қарай баурап тұрады.  Оның өмірдегі жарқын бір мысалы белгілі публицист, қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадамның шығармашылығы дер едік. Сейдахмет Рысқожаұлы – табиғатынан-ақ ізденгіш, озық ойлы, өз таным-ұстанымына берік қаламгер. Қаламгерлігімен қоса, қайраткерлігі бірге көрініп тұратын әріптесіміз өзінің ұлт журналистикасындағы шоқтықты бір белесін 1991 жылдары республикалық “Арай-Заря” журналы бас редакторының орынбасары болып қызмет істеген кезінде-ақ танытып үлгерген болатын. Арада бір жыл өткен соң, ол Қазақстан республикасы Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары министрінің орынбасары қызметіне жоғарылатылды. Министрлік аппаратындағы жоғары лауазымды қызметін жемісті атқара жүріп, ол өзінің маңайына жас және талантты адамдарды жинастырып, Аналитикалық (саралау-сараптамалық) талдау бақармасын өмірге әкелді. Бұл еліміздегі осы бағыттағы алғашқы аналитикалық қызмет жүйесі еді. Осындағы талдау-сараптамалық материалдар мен саяси тұжырымдар кезінде елдің жоғары саяси құрылымдарына жіберіліп, үлкен қызығушылық туғызған болатын. Жақында Журналистер академиясының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан респуб­ликасының еңбек сіңірген қайраткері, қаламгер әріптесіміз, елдің белгілі публицисі, “Мысль” журна­лының бас редакторы Сейдахмет Құттықадам тағы да абыройға бөленіп, Қазақстан Журналистер академиясы президентінің “Отандық журналистикамызға қосқан елеулі үлесі үшін” “Алтын Самұрық” атаулы сыйлығымен марапатталды. Аталмыш сыйлықты беру кезінде әріптесіміздің қаламынан туған өткір материалдардың үнемі оқырмандар қызығушылығына бөленіп келе жатқандығы мен оның еліміздің жаңа кезеңдегі шежіресін сипаттауға арналған соңғы жылдардағы “Служение нации”, “Казахская драма” атты еңбектері публицистік шеберліктің жарқын үлгісі болып табылатындығы атап көрсетілді. “Алтын Самұрық” – ел журналистикасындағы ең танымал сыйлықтардың бірі. Бұл сыйлықпен бұрын Марат Барманқұлов, Иосиф Будневич, Қуаныш Сұлтанов, Ғаділбек Шалахметов, Герольд Бельгер, Алтынбек Сәрсенбаев, Әнуар Әлімжанов, Хасан Оралтай (Германия), Арманжан Байтасов, Дүкеш Бәйімбетов сынды танымал қаламгерлер марапатталған болатын. Біз осындай биік абыройға бөленіп, кәсіби шеберлігі үшін журналистік ұйымның жоғары марапатына ие болған әріптесімізді шын жүректен құттықтай отырып, оның шығармашылығына табыс, қызметіне жеміс, өзіне зор денсаулық, отбасына амандық тілейміз. Шабысыңыздан талмай, шығармашылық бәсекесінде үнемі алдан көріне беріңіз, әріптес! “Ақиқат” журналының ұжымы.

320 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз