• Заманхат
  • 01 Сәуір, 2024

Ойласатын мәселе аз емес

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,

Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор

Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық.                                  
                                                   (Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Ұлттық   құрылтайда сөйлеген сөзінен, 15 наурыз, 2024 жыл)

 

Қазақ тілі мен ұлттық ғылымның ең бір өзекті мәселесі ғылым тілі. Қазіргі ғылым мен технология ғасырында қазақ тілінің ғылыми қарым-қатынастың, ғылыми білімді сақтау мен жеткізудің құралы болуы – оның өмір сүруінің, сұранысқа ие болуының басты шарты. Қазақ тілінің сапалы білім алуға, түрлі ғылымды игеруге әлеуеті де, мүмкіндігі де толық жетеді. Білім беру мен ғылым саласында қолданылып та жатыр. Алайда тілдің ғылым саласындағы қолданысын кеңейту,  оны заман талабына сай ғылым тілі ретінде дамыту мен жетілдіру жолында әлі де атқарылатын іс көп. Осы тұрғыдан келгенде дәстүрді де ескеріп, жаңашылдықтан да бас тартпауымыз қажет. 
 Дәстүр туралы айтқанда бізге ең алдымен қазақтың ғылым тілінің даму тарихын жан-жақты зерделеп, сол дәстүріміздің өзін анықтап, жалпы қай дәстүр жөнінде сөз қозғап отырғанымызды нақтылап алуға тура келеді. Бұл мәселеде сонау көне түркі дәуірі мен әл-Фараби өмір сүрген уақытты, одан бергі М.Қашқари, Ж.Баласағұн, А.Ясауи, А.Иүгүнеки, Ұлықбек және өзге де көрнекті тұлға­лардың қаламынан туындаған орта ғасыр ескерткіштерін, оларды зерттеген ғалымдар еңбектерін де ескерген орынды. Ал біз өз мақаламызда ғылым тілінің соңғы бір ғасыр көлеміндегі даму дәстүрі мен қазіргі кезеңі туралы сөз етпекпіз.
Шоқан, Ыбырай, Абайдан кейін ғылыми-шығармашылықпен айналысқан зиялылар – алаш қайраткерлері. Қазіргі ғылым тілі­нің негізін қалаған да солар. Сондықтан ХХ ғасыр­дың 10-30-жылдар аралығын ғылым тілі дамуының алаш кезеңі деп атаған орынды. Алаш білімпаздары түрлі пәндер бойынша қазақ тіліндегі алғашқы төл оқулықтарды жазды. Сондай-ақ кейбір пән оқулықтарын, оқу құралдарын, көпшілікке арналған ғылыми-танымдық әдебиеттерді орыс тілінен қазақшаға аударды. Олардың аудармалары қазаққа барынша түсінікті, қазақша жазылғандай жатық, қазақ танымына сәйкестендіріп еркін аударылғандығымен ерекшеленеді. Онымен қоса алаш оқығандары аударма сөздіктер мен терминологиялық сөздіктер де жасады. Осы еңбектері арқылы ұлт оқығандары қазақтың ұлттық ғылым тілінің – ғылыми, ғылыми-оқулық, ғылыми-анықтамалық, ғылыми-көпшілік шағын стильдерінің қалыптасуына негіз қалап берді. Оқулықтар мен ғылыми-танымдық, ғылыми еңбектерді жазу барысында алаш білімпаздары түрлі ғылым салаларының терминдерін жасады. Алаш кезеңіндегі ғылым тіліне, терминологияға тән сипат ретінде мыналарды атауға болады: 1. Сала терминдері негізінен (90%-дан астамы) қазақ тілінде жасалды; 2. Шет тілінен енген терминдер қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне бейімделіп алынды; 3. Оқулықтар мен ғылыми еңбектердің тілі жатық, баршаға түсінікті болды. Орыс тілінен аударылған еңбектердің тілі қазіргідей аударма ықпалына қатты ұшырамады. 
Алаш зиялыларынан кейінгі 30-жылдар мен 90-жылдар арасында қазақ тілінің ғылым тілі, техника тілі ретінде дамуына жол ашылмады. Жоғары оқу орындарының көпшілігінде қазақ бөлімдері болмағандықтан, қазақтілді маман даярланбады. Соның салдарынан ғылыми кадр даярлаудың да негізі қаланбады. Энергетика, техника, медицина, қаржы, экономика, ішкі істер, қорғаныс, арнаулы қызмет, байланыс, радиотехника, кибернетика, генетика сияқты ондаған салаларда қазақ тілінде кәсіби білім алған мамандар, инженерлер болмады. Сол себепті бұл салаларда ұлт тіліндегі терминдер қоры жасалып, қазақ тіліндегі терминжүйесі қалыптаспады. Советтік жүйенің білім беру мен ғылыми кадрларды даярлаудағы мұндай саясаты қазақ тілінің бұл салаларда кеңінен қолданылып, ғылым тілі ретінде өркендеуіне еш мүмкіндік бермеді. Қазақтілді ғалым мен маман жоқ салаларда қазақ тілінде жазылған оқулық пен ұлт тілі негізінде қалыптасқан терминологияның болуы да мүмкін емес еді. 
Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ мектептерінің саны артып, ЖОО-ларда қазақ бөлімдері ашылып, ғылымның түрлі салалары бойынша қазақтілді мамандар даярлау ісі біртіндеп қолға алына бастады. Қазақ тілін білетін аздаған алдыңғы буын ғалымдар мен 90-жылдардан кейін ғылымға келген жас ғалымдар, сала мамандары еңбектерін қазақша жазып, термин жасауға араласа бастағандықтан кейбір салаларда бұрынғымен салыстырғанда біршама ілгерілеушілік байқалады. Қазақтілді ғалымдар мен мамандардың авторлығымен ғылыми мақалалар, оқулықтар, монографиялар жазылып, терминологиялық сөздіктер шығарылып жатыр. Алайда олардың үлесі әлі де өте төмен екенін айтпасқа болмайды. Соған сәйкес қазақ тілінің жаратылыс­тану, техника ғылымдары салаларындағы қолданысы айтарлықтай кеңіп, біз күткен нәтижеге жете қойған жоқ. Ендеше қазіргі қазақ тілінің ғылымның барлық салаларындағы қолданысын нақты зерделеп, алдағы уақытта оның өрісін кеңейтудің жоспарын белгілеп, соған сәйкес жүйелі жұмыс жүргізілуі қажет. 
Осы үш кезеңдегі ғылым тілін дамытудағы дәстүр ерекшелігін ғылым тілінің өзегі, жон арқасы саналатын терминологияны қалыптастыруда ұстанған бағыт-бағдар мен басшылыққа алынған ғылыми қағидаттар негізінде барынша ықшам кесте түрінде былай көрсетуге болады. 
М.Әуезов 1918 жылы «Абай» журналының №7-санында жарияланған «Ғылым тілі (научный термин)» деген мақаласын: «Ғылым тілі – бұл уақытқа шейін қазақ оқығанының бір қалыпқа қойып, бір негізге құра алмай келе жатқан мәселесінің бірі» деп бастап: «Қазіргі қазақ тіліндегі оқу екі ағысқа бөлініп барады. Бірі – мұсылманша оқығандардың жолы. Ғылым тілін арабшаға, мұсылман негізіне тартады. Екіншісі – орысша оқығандар жолы, ғылым тілін орысшаға, Европа негізіне тартады. Бұл жік – тәртібі бастауыш мектептердің һәм курстардың оқуында айқын білініп отыр. Әркімнің өз білген негізіне тартатыны мәлім нәрсе. Мұсылманша оқыған мұғалім Европаның ғылым тілін білмейді, орысша оқыған учитель мұсылманшаны білмейді. Осыдан ошақтың үш бұтын үш жаққа тартып отырғандық – ғажаптанарлық нәрсе емес. Бірақ салыстырып, осы екі жолдың бірін алып, бәріміздің бетіміз бір жөнге сайып келуі мұқтаж. Бұл мұқтажды ұғу – бәрімізге парыз». (М.Әуезов. «Ғылым тілі (научный термин)». «Абай» журналы, 1918 жыл №7.).
Біріншіден, осыдан бір ғасырдан астам (105 жыл) уақыт бұрын шешімін таппаған ғылым тілінің мәселелері бүгін де толық шешілді дей алмаймыз. Оған негізінен кеңестік кезеңдегі 70 жыл ішінде қазақ тілінің ғылым мен техниканың көптеген салаларында қолданылмауы, қазақтілді ғылыми кадрлар даярланбауы себеп болды. 
Екіншіден, қазақтың ұл-қызы жоғары білімді қазір Қазақстанда ғана емес, Еуропада, Америкада, Қытай мен Сингапурда, Ресейде, Түркия мен араб елдерінде де алып жатыр. Еліміздің тілдік палитрасы бұрынғыдан да байып, түрлене түсті. Қазақстанның ғылыми кеңістігіндегі мамандардың білім алған ортасы, ғылыми мектебі, кәсіби тілі әралуан болғандықтан, ғылым тілін пайдалану мен оны дамыту, терминологияны жетілдіру тұрғысындағы олардың көзқарастары да бір арнаға тоғыса бермейді. Мұндай әралуандықтың өзіндік артықшылықтары, ұтымды тұстары да болуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмас. Алайда тіл мүддесі, ғылым тілінің қолданысы тұрғысынан қарағанда ойланатын мәселелер туындайтынын ескермеске болмайды. Шет елдерде білім алып, елге келген мамандар мүмкіндігінше өзі маманданған кәсіби тілін, өзі жақсы қолдана білетін тіл-құралын, солардың орныққан терминологиясын көбірек қолданғысы келеді. Мәселен, Америка мен Еуропа елдерінде білім алып келген білікті мамандар ғылыми мақалаларын ағылшын тілінде жазып, шетелдік рейтингі жоғары ғылыми журналдарда жарияланғанды құп көрсе, Ресейде білім алғандар еңбектерін орысша жазады. Олардың кәсіби біліктілігіне, жарияланымдарының сапасына күмән келтіруден аулақпыз. Мұндай мамандардың отандық ғылымды дамыту мен зерттеулер сапасын көтеруге қосар үлесі мол. Ал енді қазақ тілінің ғылым саласында қолданылуы мен ұлттық терминқор жасау тұрғысынан қарар болсақ, олардың басым бөлігі бұл мәселеге атсалысуды өздеріне міндет санамайды. Бұл тұрғыдан келгенде бүгінгі ғылыми кеңістіктегі тілдік ахуал ХХ ғасыр басындағыдан да күрделірек десек болады. Совет кезінде қалыптасқан орыстілді ғылыми қауым ғылыми еңбектерін орыс тілінде, әлемдік ғылыми кеңістікте айқын басымдығын танытып тұрған ағылшын тілінде білім алғандар ағылшын тілінде, өз еліміз бен Түркияда білім алған мамандар қазақ және түрік тілінде жазып, өз кеңістіктерінің ауқымын тарылтпай, қайта кеңейте түскісі келеді. Бізге кәсіби тілі әртүрлі болғанымен отандық ғылымның өркендеуіне хал-қадерінше үлес қосып жатқан осы ғылыми қауымның әлеуетін барынша пайдалана отырып, қазақтың ғылым тілі мен терминологиясын дамытып, бір жүйеге түсіруден өзге жол да, таңдау да жоқ. Түптеп келгенде бұл біздің ұлтымыздың, тіліміздің, отандық ғылымның тағдыры. 
М.Әуезов осы мақаласында: «Біреу оңға, біреу солға тартып, илей бергенге көне беретін ғылым жолы – терінің пұшпағы емес. Әуелде қалай беттесе, көп уақытқа шейін сол бетінде жол болып бекіп қалады. Сол себепті қазақ оқуының бетіне қандай жаңалық кіргіземіз десек те, әуелі кеңінен толғап ойланбай іс қылудың артынан талай аурулы мәселе туып кетуін ұмытпау керек» деп ескертіп еді. 
Соны уақытында ескермегендіктен солай болды да. Орыс емлесі бойынша жазылып, мектеп, жоғары оқу орындары арқылы санаға сіңірілген мыңдаған кірме терминдер мен соларды жазу үшін енгізілген қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне тән емес басы артық кірме таңбалар соның айқын дәлелі. Олар қағаз бетінде ғана емес, мыңдаған адамдардың санасында бекіп қалды. Ондай терминдер мен таңбаларды естіп, жазуға көпшіліктің көз-құлағы әбден үйреніп қалғандықтан, қазір әліпбиді ықшамдап, соған сәйкес жаңа емле ережелерін жасап енгізуге кедергі келтіріп, М.Әуезовше айтқанда «аурулы мәселе» туғызып отыр. 
Терминология, ғылым тілі, емле мәселесінде жан-жаққа тартпай, барлық пікірлерді ескеріп, келісіп-кеңесе отырып ортақ шешімге келіп, ғылым тілін жетілдіру және терминологияны қалыптастырудың ғылыми қағидаттарын орнықтыру қажет. 
Ұлттық ғылым тілінің өркендеуі ғылыми кадрларға тікелей тәуелді. Қазақ тілін жетік меңгерген, кәсіби қызметінде оны еркін пайдалана алатын ғылыми қызметкерлерді, ғалымдарды даярлау – ұлттық ғылым тілінің өрісін кеңейтудің, оның түрлі ғылым салаларындағы қолданысын қамтамасыз етудің ең негізгі тетігі. Қазақша баяндама жасап, дәріс оқитын, оқулықтарын, оқу құралдарын, монографиялары мен ғылыми мақалаларын қазақ тілінде жазатын доцент-профессорлар, зерттеуші-ғалымдар ғана түрлі ғылым салаларының терминдерін жасап, қазақ тілінің ғылым саласындағы қолданысын кеңейте алады. Ондай мамандарды даярлауға да негіз, алғышарт қажет. Ол мектептен басталады. 
 Еліміздегі барлық оқушылардың саны – 3 518 664. Олардың 2 342 277-сі (66,5%-ы) қазақ тілінде, 1 082 479-ы орыс тілінде оқиды. Ұлты қазақ оқушылардың 84 %-ы (2 729 858 оқушының 2 288 488-і) ана тілінде оқиды. Сонымен қатар 53 мыңнан астам өзге ұлт өкілдерінің балалары қазақ мектептерінде оқиды. Бұл оқушылар – біздің ғылым тілінің болашағы, іргетасы. Осы көрсеткішті негізге ала отырып, жоғары білімді мамандарды және ғылыми кадрларды жоспарлауға болады. 
Бұдан кейінгі қадам осы 66,5%-дың жоғарғы білімді де қазақ тілінде алуына барынша мүмкіндік туғызу қажет. Ол ЖОО-лардағы қазақтілді оқытушы-профессорлар қауымының кәсіби біліктілігі  мен қазақ тілінде білім берудің сапасын көтеру, оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту деген сөз. Әсіресе білім алушыларды қазақ тіліндегі сапалы оқулықтармен, мамандығын толық меңгеруге мүмкіндік беретін қажетті ғылыми-оқулық әдебиеттермен қамтамасыз етудің маңызы өте зор. Біздің қолда бар кейбір деректерге қарағанда қазіргі ЖОО-лар кітапханаларындағы қазақ тіліндегі оқулықтар (кітап қоры) 39,7%. Ал қазақ тілінде білім алушылар саны – 75%. Мұнда сәйкессіздік бар екені көзге ұрып тұр. Міне кезек күттірмей шешілуге тиіс мәселенің бірі осы болуы керек. 
 Ал енді еліміздегі ғылыми кадрларды даярлаудың соңғы 10 жылдағы жағдайы қандай деген мәселеге келсек, деректер мынаны көрсетеді. 2012-2023 жылдар аралығында ғылымның түрлі салалары бойынша 3888 докторлық (PhD) диссертация қорғалған. Оның 1388-і (35,7%-і) қазақша, 2323-і (59,75 %-і) орыс тілінде, 177 (4,55 %-і) диссертация ағылшын тілінде жазылған.
Соңғы бір жылдағы ғылыми кадр даярлау нәтижесі мынадай: 2023 жылы ұлттық университеттерден өзге оқу орындарында 234 диссертация қорғалған. Солардың 92-і (39,32%) қазақ тілінде, 134-і (57,26%) орыс тілінде, 8-і (3,42%) ағылшын тілінде қорғалған.Бұл статистикалық мәліметтер қазақтілді ғылыми кадрлар даярлаудың қазіргі жай-күйін көрсетумен қатар, алдағы жылдардағы жұмысты жоспарлауға да мүмкіндік береді. 
Сөзімізді қорытындылай келіп, жоғарыдағы талдаулар негізінде кейбір ұсыныстарымызды айта кетсек дейміз. Олардың негізгілері мыналар:
1.Қазақстан Республикасының ҒЗИ мен ЖОО жанындағы диссертациялық кеңестерінде қазақтілді ұлттық ғылыми кадрларды даярлаудың (магистр, РhD) алдағы әр 5-10 жылға арналған нақты жоспарын бекітіп, министрлік, ғылым комитеті әр жыл сайын сол жұмыстың орындалуын жүйелі түрде қадағалап отырса. Бұл – ғылымның барлық саласында қазақтілді ғылыми кадрларды даярлау мен ұлт тіліндегі ғылыми контентті қалыптастырудың аса маңызды тетігі болар еді. 
2.ЖОО-лардың кітапхана қорындағы қазақ тіліндегі оқулықтар мен ғылыми монографиялардың, диссертациялардың, оқу-әдістемелік құралдардың санын анықтап, оларды жыл сайын мақсатты, жос­парлы түрде қаржы бөліп көбейтіп отыру жөнінде ректорларға міндеттелсе. Ректорлар есебінде қазақ тіліндегі ғылыми-оқулық әдебиеттер қорын қалыптастыру ЖОО жұмысын бағалаудың негізгі рейтингтерінің бірі ретінде қаралып, қадағаланып отырғаны жөн. 
3.Қазақстанда ғылымның түрлі салалары бойынша сапасы Скопус базасына енген журналдардан кем түспейтін және сол базаға енген ғылыми журналдар шығару қажет. Онсыз қазақтілді ғылыми мақалалар молайып, сапалы ғылыми контентті қалыптастыруға негіз қаланбайды. Министрлік осы мәселені шындап қолға алуы керек деп санаймыз. 
4.ЖОО-лар мен ҒЗИ-ларда өтетін түрлі мәжілістер, дәрістер, семинарлар, практикалық сабақтар, конференция­лар мен дөңгелек үстелдердің қазақ тілінде өтуі де есепке алынып, қазақтілді ғылыми ортаны қалыптастыруға жете көңіл бөлініп, бұл да есеп беру кезінде ескерілгені жөн.
Осы сияқты жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асырылса, қазақ тілінің ғылым тілі ретінде дамуына, қазақ тіліндегі ғылыми контенттің қалыптасуына негіз қаланар еді деп білеміз.

2713 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз