• Ұлттану
  • 12 Желтоқсан, 2012

АБАЙДАҒЫ ӘЛ-ФАРАБИ ТАҒЛЫМЫ

Шамшиден Абдраман, профессор, машанитанушы

Қазақ ұлтының пешенесіне еншілеген Тәңір сыйлаған екі ұлы дана – бабасы бар. Бірі – әл-Фараби, екіншісі – Абай. Өйткені, әл-Фараби ғалымдығымен ғана ұлы емес, ол көп қырлы ғұлама, әрі өнерпаз, әрі ақын. Ал, біздің заманымызда оған жақын, рухани сабақтас адам бар ма десек, біз алдымен Абайды атар едік. Ұлы адамдар дүниеге мың жылда бір-ақ келеді дегендей, қазақ топырағынан шыққан екі ойшыл данышпанның арасы да мың жыл шамасында екен. Қазір Жер шарында ұлттық тәуелсіздік алған Ел саны екіжүздің төңірегінде аталады. Басқаны айтпағанда, солардың арасында «Шығыстың Аристотелі» немесе «Екінші ұстазы» (бірақ, бұл «екінші» Аристотель деген ұғым емес) бар Қазақ елі ғана дара аталады. Басқалардың өз Абайы бар болар, бірақ, ол қазақтың пешенесіне жазған Абай сияқты әл-Фарабимен рухтас тұлға емес. Рас, бізде осы алып тұлғаларды жеке-жеке тануда едәуір іс атқарылғаны да, ауыз толтыра айтар жетістіктер де аз емес. Егер, осы екі алыптың даралығын айта білсек, олардың рухани сабақтастығын неге зерттемеске?! Екі ұлының арасын жақындастыру, үндестіру халқымыздың мың жылдық рухани, мәдени дүниесін тірілту емес пе?!. Ауызды қу шөппен сүртпейік. Осынау екі ұлы бабаларымыздың рухани сабақтастығына арналған іргелі зерттеу бар. Ол ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында ғұлама Ақжан Машанидің 1994 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Әл-Фараби және Абай» зерттеуі. Бірақ... сол монографияның жалпы редакциясын басқарғандықтан ба, А.Машанидің тың бастамасын ғалымдар қауымы даңғылға айналдырып әкетер деген үмітімнің 18 жыл бойы әлі елеңдеуде келе жатқандығынан ба, маған мұны айту қанша ыңғайсыз болса да, мойындамасқа шарам жоқ. Тек, академик Рахманқұл Бердібайдың «ол абайтанудағы ренессанстық бастама» деген бағасынан басқа, «Әл-Фараби және Абай» зерттеуіне пікір айтқан, Абайды танытуда ащы терімді төгудемін деген ғалым ағайындардың бір де бір пікірін кездестірмеппін. Көкейімде жүрген «неге?» деген сұрақ, күні кеше ғана ұлы Абайдың туғанына 167 жылдығы қарсаңында бүкіл ел болып, ұлы ақынды еске алудағы «Абай оқулары» («чтение» деген сөздің калькалық аудармасын «оқылым» десек қайтеді) барысында тіл-әдебиет салаларындағы мүйізі қарағайдай ғалымдар түгелдей «Абайды танытудың әлі қыры көп» дей тұра, біреуінің аузына А.Машанидің «Әл-Фараби және Абай» зерттеуін ауызға да алмағанына таңдандым. Тіптен, абайтанушылардың үлкені- кішілері аталып жатқанда А.Машани есімі ұмыт қалуы қалай, деген пұшаймандық сауалды да туындатты? Бәлкім, бұл А.Машанидің басқа, техника саласының ауылынан болғандығынан болар ма екен? Рас, кәсіби мамандығына сай әр ғалымның зерттеу саласында иемденетін бағыты болады. Мұны ешкім де бекер демейді. Бірақ, адам бойында табиғи талантпен еншіленетін даналық ойды шеттетпейді де. Дәл осындай феномендік қасиет А.Машаниде бар екен. Оған мысалға сол «Әл-Фараби және Абай» монографиясындағы: «Әл-Фараби музыкант, біз оны философ дейміз, Абай философ, оны ақын» дейміз деген қағидалық тұжырымды, яғни, осынау екі алыптың бойындағы қасиетті тап басып, бұрын соңды кім айтып еді?! Енді, мұны әл-Фараби мен Абай бойында біткен даналығының «визиткасы» емес дей аламыз ба, жоқ, әрине. Демек, бұл әл-Фарабидің ұлылық болмысымен Абайдың ақындық даналығының рухани ортақтығының өлшемдік таразысы іспеттес, осы зерттеудің мәніне тоқталып жатпай (Бұл мәселе төңірегінде «Абай әл-Фарабиді білді ме?» деген тақырыпта «Машанинама» зерттеуімде бір тоға тоқталғандықтан «Жұлдыз» №7-9, 2012ж), өзім куә болған А.Машанидің «Әл-Фараби және Абай» тақырыбына бару себебін оқушы зердесіне ұсынуды жөн көрдім. Әдетте, ғалым мен жазушы-ақынға, тіптен, барлық шығармашылық қауымның санасында туындайтын тың да игі идеяны ешкім әкеп алақанға салмайды. Бұл шығармашы тұлғаның болмыстық іс-әрекеті, дүниетанымдық ұстаны­мы ауқымында ғана көкейкестілік мәнімен туындай алатын дүние. Ал, сол идея өз кезегінде үнемі толғаныс пен ізденіс барысында пісіп жетілері де хақ. Осы ретте, А.Машанидің абай­танымына басқаға ұқсатпайтын – тыңнан қосылған өзіндік ұстанымымен дараланып, тарихқа енген зерттеуінің қашан, қай кезде туындауына себеп болған бастау сұрақ төңірегінде мағлұмат берудің де тағылым-тәрбиелік маңызын есте ұстау ләзім. Алдымен, ғұлама Ақжан хазіреттің абайтануды ұлы бабасы әл-Фараби есімімен жалғастыруын, сол монографиядағы «Егер Абайдан тәлім алмасақ, әл-Фарабиге бармас едік» деген қысқа қайырылса да, нұсқа сөзінен аңдау қиын емес. Шыңғыс тауын жайлайтын аға сұлтан Құнанбай ауылы мекендеген Жамантай ханның биі Ақжан хазіреттің атасы Қарақуыстағы Машандардың ауылы тек Қарқаралы дуаны дәрежесінде болғандығынан ғана емес, ел басқаруда, үзеңгілес бола жүріп, силастығы жарасқан тұлғалар. Бұған қоса Ақжанның немере ағасы Нөгербектің Шәкәрім қажымен дос-тамыр болуы, бала Ақжанның ес білгеннен бастап Абай, Шәкәрім өлеңдерін жаттап өсуінің бір себебі еді. Қарқаралыға таяу жердегі «Ақтерек» мектебінде сыныптас Алаш көсемі Ә.Бейхановтың: «Әрі қарай оқуын жалғастыра алмаған Нөгербектің бізден зеректігі жоғары» еді, деп өкініш білдірген көсем сыныптасының өлеңде де үлесі бар болатын. Ол қазақтың ауыз әдебиетінің нұсқаларымен талапты інісін ауыздандыра жүріп, оған жаңаша, ескіше хат танытты. Сол кезеңде Нөгербек әкелген Абай- Шәкәрім өлеңдерін әнге қосып, Машан би ауылының ойын-сауығында айтылып жүруі, бала Ақжанның табиғат сыйлаған зерделік қабілетіне оң әсерін тигізеді. Жас ғалым Ақжан Машанидің әдебиетке деген ынтасын байқаған Қаныш Сәтбаев 1944 жылы Абайдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ақын шығармаларындағы жаратылыс ғылымының нышандарына арналған баяндама жасауды тапсыруы, оның осындай ыңғайын танығандықтан деу керек сияқты. Бұл кезде А.Машани геология-минералогия ғылымдар саласынан кандидаттық диссертациясын қорғап шығып, докторлық дәреже алуға дайындық үстінде еді. Сөз арасында айта кету ләзім: «Абай данышпан» деген тақырыпты күлгін сиямен жазылған дәптердің 4-5 бетті алып жатқан, сол баяндаманы Ақжан хазірет маған көрсетті де, мұны кейін Абай мұрағатына тапсырғандығын «Әл-Фараби және Абай» кітабында айтылады. Бұған қоса осы зерттеудің 72 бетінде: «Мен сол жолы «Абай азат ойшыл» деген мақала да жаздым (Қолжазба, 186 бет)», дейді ғалым. Сірә бұл баяндама да, қолжазба да Абайдың Жидебайдағы мұрағатында болса керек. Кейін, Ақаңның өткен ғасырдың екінші жартысында әл-Фараби мұраларын жинастыра жүріп, одан Абайдың философиялық ой арқауын аңғармай қалуы мүмкін емес-тін. Әсіресе, ұлы бабасының КСРО-дан еңбегін іздестіріп жүргенде, Уфа, Қазан барған сапарында «Ғалия» медресесі кітапханасынан әл-Фарабидің үш еңбегін табуы және Мешіттің бас имамы Камал Башариден татар ұлтының Абайы – Шағафудин Маржани ұйымдастырған «Ғалиядан» әл-Фараби туралы дәріс оқыту дәстүрі болғандығын естиді... Имам әсіресе әл-Фарабидің логика-мантик трактаттарының жүйелі дәріс тақырыбына айналғандығын да қадай айтады. Ш. Маржани 1818 жылы Қазан қаласының жанындағы Маржан атты елдімекенде туған, 1890 жылы дүние салған. Ол жас кезінде Қазақ жерінде болған, Шоқан Уәлихановпен дос болып, араб елінде де болған, Түркияда көп оқыған. Ш.Маржани орысша жақсы білген, Шығыс зерттеушілері В.В.Радлов, Вильяминов, Зернов сияқты зиялылармен достасқан. Ш. Маржани бұлғар, маңғол, түркі тілдес халықтарды көп зерттеген. Ол кісінің тікелей дәріс алған шәкірттері Семей, Қарқаралы мешіттерінде бала оқытқан. Бала Абай да Семей мешітінде сабақ алды, ғой. Кейін есейген шағында Абай «Ғалия» түлектерімен кездеспеді емес. Демек, сол арқылы Абайдың Маржаниді білмеуі, оның еңбектерімен таныспауы екі талай. Осы мәселені Мағұзым Нысыбулиннің «Тамыры терең туыстық» мақаласында қадай айтады (ҚӘ. 31.08.1989). Ш. Маржанидің 1915 жылы Қазанда бір том болып, татар тілінде шыққан («Маариф» баспасы) таңдамасы мұраларымен Абай таныспады деу қисынсыз. Сол жинақта Ш. Маржани әл-Фараби еңбектерінде бірнеше жерде тоқталады. Әсіресе, бабамыздың ғылыми, философия, музыка салаларындағы еңбектерін үлгі етеді. Жинақтағы Ш.Маржани тоқталған тұлғаның бірі Жалаладин әл-Дуани. Осы кісіге Абай да тоқталып өтеді. Бірақ, бүгінге дейін Абай шығармаларында әл-Фараби есімі кездеспесе де, оның философиялық көп сөздері, әндері әл-Фараби үлгісіне өте жақын екендігін аңдау қиын емес. А.Машани өз зерттеуінде: «Әл-Фараби мен Абай арасын жақындастыру, оларды үндестіру, халқымыздың мыңжылдық рухани, мәдени дүниесін тірілту деген сөз», дей келіп «Бірақ, бұлардың арасын, жалғастырып тұрған, ғажайып нәзік, тамаша берік рухани жіпті біз әлі таба алмай жүрміз: оның барын сеземіз, бірақ көзбен көруден әлі шалғайлығымыз» неде деген сауалды Ақжан ғұлама М.Әуезовтен бірде Абайдың даналық дариясын бастауын сұрағанда: Мұқаң оның үш көзі бар: біріншісі қазақ халқының көнеден келе жатқан мәдениеті – өнері; екіншісі – орыс мәдениеті, сол арқылы Батыс мәдениеті; үшіншісі – араб мәдениеті. Сенің айтып отырғаның, осының соңғысы ғой, оны мен еңбегімде көрсете алдым демеймін. Бұл мәселе кейінгілердің ісі, болады-дағы», дейді. Ол кезде біз әл-Фарабиді жаңа ғана қолға ала бастаған кезіміз еді деп, ұлы Мұқаңның интуициялық түсінігінің дұрыстығын, бірақ, дәл кіммен жинастыруға болатындығын, Ақжан хазірет өзінің ұлы бабасының мұрасымен жете танысқандағы тапқандығын былайша қорытындылайды: «Бұл Қаныштың қызы Шәмшиябанудың «Абайды танып болдық па?» (Соц. Қазақстан. 9.08.1997) мақаласын оқығанда: Оған менің жауабым Абай танудың басталмаған зор саласы жатыр, ол біздің екі дананың: Әл-Фараби мен Абайдың арасын жалғастыру. Бұл Абайдың Шығыс мәдениетінен алғаны, көр­ген мәселелерге соғатындығын, нақты болжам жасаған-дағым еді». А.Машанидің Абай мен Әл-Фарабиді білді, оның мұрасынан, тағлиматтық ғибрат алды. Енді, соны ашу қажет деген қорытындыға келген ғалымның «Әл-Фараби және Абай» зерттеуінің бағыты анықталған кезең еді: Маған енді, қалам ал да екі ұлы дананың рухани жазуға отырғызған, ендігі бір жәйтті және оның алғашқы ой толқынын қағазға түскен күннен анықтамас алдында «Әл-Фарабиді Абай білді» деген үшінші деректі айта кету ләзім. Ол: Шәкәрім қажының, үлкен ұлы Ахаттың мына хаты: «Ақжан! әл-Фарабиді еңбек етіп, ол дінші деп таласқандардан, оның ғылымдығы күшті деп, ақтап шығып, түріктің, оның ішінде Қазақтың әл-Фарабиін тірілттің. Сол әл-Фарабиді оқыған, тағылым алған Абай мен Шәкәрім туралы үн қатпай келесің, бұл қалай? Ахат». 1976 жылы 8 маусымда дәптер бетінен жыртып алынған қағазға араб әрпімен жазылған сол тілдей хатты Әз аға ­ маған қойын кітапшасының арасынан алып көрсеткен­-ді. Бұл әлемнің екінші ұстазын Абайдың білгендігіне дәйекті дерек болды (Жақша ішінде айта кетейік: бұл «әл-муғалім, әл-сани» араб елінде әл­ Фа­ра­биді Мұхамед с.с. кейінгі ұстаз ұғымда бе­ретін атақ. Әсте, бұл ұстаздықты бірінші басқышына Аристотельді қою емес. Тіптен, Аристотельді ұстазға балайтын ұстанымның өзі болғанда емес!). Енді, өз пайымдауындағы Ақжан Машани хазіреттің «Әл­ Фараби және Абай» монографиясын жазуды қашан бастап еді деген дерекке келейін. 1973 жылы Ақаң хазірет ұстаздық ететін, әрі өзімнің білім алған Қарашаңырақ – Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-ке ауысқан күннен бастап, Ақжан сынды рухани ұстазымен жетісіне кем дегенде бір рет кездеспеген кезіміз болған жоқ. Кейде кезектен тыс «келіп кетші» деп шақырып алатыны да бар-тын. Мынамен таныс, машинкаға бастыр, деп қолжазбасын беретін, кейде «карамат... карамат... ғажап... ғажап...» деп тамсана отырып, бабасының ғылыми болмысын ашатын жаңалығын, ол туралы өзінің пікірін айтып шығатын. Бұл Әз ағаның ұлы бабасын танудағы, жаңалығын сүйіншілеу болып жататын. Бірде келіп кетші деген хабарды естіген бетте «Маркшейдерлік іс» кафедрасының меңгеруші проф. А.Машани отыратын кабинетке келдім. Отырар отырмастан, Әз аға мынаны оқып шықшы деп, парақтарының беті толық жазылған жұқа дәптерді ұстата берді. Әріптері иректелмей өзінің дербестігін сақтап, анық жазылатын, әз ағаның жазуына әбден үйреніп алғанмын. «Әл­ Фараби мен Абай» деп тақырып тағылған дәптер бетін оқып шығу маған онша көп уақытты қажет етпеді. Қысқасы, Қолжазба мәтіні: «Қорыта келгенде айтарымыз біздің халқымыздың шыққан, бүкіл адамзатқа ортақ ұстаз болған, екі тамаша дананы өзіміздің үңіле қарайтын, олардың ұлағатты мұраларын халыққа көрсететін мезгіл жетті. Қазіргі жағдайда біз, солардың әрбір өсиетіне, фазилаттық лебізіне құмар болып, сусап отырмыз. Нан молшылығымен қатар жан өрісі де кеңейетін болсын. Дүниеде сыңаржақтық жаман. Өмірдің хақиқаты осында», деп аяқталып, оның түйінделетіні соңында, әдетінше 31.Х ­1987ж. – деп көрсетіп және оған Машани деп қол қойыпты. Сол жолы­ақ ағаның «Әл­ Фараби мен Абай» мақаласы қазақтың абайтану тарихында ренессанстық маңыз алатын зерттеудің аңдатпасы екендігіне күмәнім қалмады. 1987 жылдың қазан айының 3 мен үшін «Әл­ Фараби мен Абай» монографиясында айтылар ойтолғаныстың әбден пісіп, қағазға түсе бастаған күні деп санауыма болатын еді. Себебі, болашақ еңбектің мазмұнын бірінші естіген де мен болатынмын. Архивімде Ақаңның қолы бар сарғыш реңді қағазға машинкамен басылған осы мақаланың бір данасын тұмардай сақтау себебім де осыдан... Осы әңгімеден кейін көңіл толқынында біраз жүрдім. Әр сағат сайын бойымда ерекше мақтаныш еселеп артқандай сезінемін. Таныс­тарыма Абай әл-­Фараби бабасын біліпті деп айтқым келіп тұрады. Әрі-беріден соң, мұны өзім ғана білумен тыну, қауымға жасаған опасыздығымдай көріне бастады. Жоқ, айтуым керек оны: әл­-Фараби мен Абай арасындағы байланыстың зерттелгендігін және оның бірер жылда қазақ қауымының қолына тиетіндігіне сүйінші сұрағым келді. «Әл-­Фараби мен Абай» мақаласындағы жәйтті және кейіннен ағадан естігенімді түйіндеп, оны интервью түрінде жазуды дұрыс көрдім. Оған «Әл­-Фараби және Абай» деп тақырып қойып, жазғанымды Әз ағаның алдына апарып қойып жатып: ­Әрі бұл тақырыпты иемдену болсын деп тың да соны идеяны біреу өзіне меншіктеп кетпесін деген қауіптің амалы екенін де жасырмадым. Жазғанымды оқып шыққан аға: «Шырағым, ниетің дұрыс қой», деп барып, аға сәл ойланып қалды: «Шағын мақа­лада осы екі дананың арасындағы рухани бай­ланыстың дәлелі үшін ғұлама Әуелбекке сілтеме жасағанымыз жөн болар...»­ деп, Ақжан аға кітап сөресінен Ә.Қоңыратбаевтың «Қазақ эпосы және түркология» («Ғылым», 1987) зерттеуін алып парақтай бастады: Мұны сен оқитын бол ­деп: кітаптың 326 бетін ашып «Фа­раби және Абай» деген мақаладан: «Абай трактатындағы...терминдердің мағынасына жетпей жатып, Абай жөнінде зерттеу жазуға болар ма? Кейбіреулер абайтану ғылымы шешілмеген, М.Әуезов еңбегі жетімсіз болды деседі... Абайды білу үшін журналист болу жетімсіз. Поэзия, философия, саясат, тарих бұл төртеуі Абайда егіз» – делінген үзіндіні дауыстап оқып берді. Кітапты бір түнге сұрап алып ақтарып шыққанымда Ақжан ағаның қазақтың екі данасының рухани байланысына арналған еңбегін дәл сол 1987 жылдың, 3 қыркүйегінде бастау себебіне енді күманым қалмады және оны «Әл­-Фараби мен Абай» деп атауға «мәжбүр» еткен себебін де түсіндім. Бірден айтайын, Әуелбек ғұлама осы екі дананың арасындағы байланысқа арнайы зерттеуге кірістім деп отырған жоқ, тек зерттеу қажеттігін дәлелдеп отыр, яғни, сол жұмысқа «мен отырдым» деген емеурін де танытпайды. Ал, болмысында біреудің ала жібін аттап көрмеген Ақжан хазірет өзі айналысатын еңбегіне өзі сұранып тұрған Қоңыратбаев қолданған мақала тақырыбын алуды – біреудің идеясына суық қолын жүгірткендей сезініп, “Әл-Фараби мен Абай” деп атауға мәжбүр болыпты ғой! Әйтпесе, Ақжан мен Әуелбек сынды ғұламалардың басына қауымның көкейкесті мәселелерінің қатар келуі әбден ықтимал. Тіптен, жаратылыс ғылымында, мәселен Менделеев ашқан химиялық элементтердің периодтық жүйесінің заңдылықтары, сол кезеңде Батыс Еуропа ғалымдарында да соған ұқсас ғылыми идеяны туындатып, кейін өз алдына қолданысқа енгендігі жеті жұртқа мәлім. Реті келгенде айта кету парыз: Ғұлама Ә.Қоңыратбаевтың ғылыми бағыты Ақжан Машанидікінен басқа салада – әдебиет тарихына байланысты бола тұра, оларды ортақтастырар осынау идеяның – ұлттық құндылықтарды дамытудың өзекті бағыты екендігінен. Бірақ, Ә.Қоңыратбаевтың осы тақырыпты бастадым деп, емеурін танытқаны байқалмайды. Ал, Ақжан хазіреттің «Абайдан тәлім алмасақ Фарабиге бармас едік» деп имандай ағынан жарылуы бүтін болмыстық мақсатына айналған фарабитану тақырыбын игеру барысында, осынау, екі дана арасында рухани байланыс болуы керек деген батыл ой ұшығын сонау 60-жылдардың басында-ақ баба мұрасын іздестіру мақсатымен Уфа, Қазанға барған сапарында «Абай әл-Фарабиді білді» деген ой ұшын ұстап, баба мұрасын зерттей жүріп, оның жауабын тірнектеп жинай бастағандығы. Сол жолы мен осы екі ғұламаның Абайдағы Фараби тағылымына келтірілген дәлелдің екі тұрғыда қарас­тырылу себебін де аңғардым. Мәселен, Д. Қо­ңыратбев әл-Фараби трактаттарын мате­риалистік тұрғыда талдап, Абай таны­мымен сабақтастыруды, олардың діни көзқарастарына негіздейтіндігі. Ал, Ақжан аға екі дананың рухани сабақтастығын кеңі­нен, Абай поэзиясының философиялық астарынан іздейтіндігі. Демек, бұл екі ғалымның ортақ идеясының дәлеліндегі дербестікті танытатын нақтылықтар еді... Бүкіл адамзаттың екінші ұстазы атанған әл-Фараби тағлымын, Абайдан іздеп, соныдан соқпақ бастатар із кескен де Ақжан аға сексеннің сеңгіріне аяқ басқан кезі еді. Тегеуріні темір үзетіндей қаламының қарымдылығын «өзіме шындық жолды іздеуге бағыт берген Абай шығармалары» деп отыратын ғұламаның, екі ұлы даналарының рухани ортақтастығын дәлелдейтіндігін сүйіншілеуді сол мақалада беруге тырыстым. Көзі қарақ оқушы «Өркен» апталығында шыққан «Әл-Фараби және Абай» (17.06.1989) мақала-интерьвюді оқып алар, ал, сонда айтылған мына бір ой-желісін мазмұндай кету жөн сияқты. Табиғат танудағы әл-Фарабидің бас­ты еңбегі “Табиғат тағылымы” (“Табиғат мат­бұғат”) идеясы Абай шығармаларында кеңінен айтылатындығын Ақаң екі алыпты жалғастырар желі етіп тартуы тегін емес. Мәселен әл-Фараби “Ғаламның көркі оның иесін танудың жолы” екендігін ескертсе, Абай «Жер жүзін безендірген тәңірім шебер» деп ғалам иесіне тәуба келтіреді. Немесе бабаның: “Әр адамның ғаламда орны бар” деген тұжырымын, Абай: “сенде бір кірпіш дүниеде” деп анықтай түседі. Сол сияқты әл-Фараби ғаламның тартылыс күшін магнитте деген қағидасы жер заты-темір деп бүгінде қапысыз дәлелденген ғылыми тұжырымды Абай: “Қара жер адамзатқа болған мекен, Қазына іші толған әртүрлі кен. Ішінде жүз мың түрлі асылы бар. Солардың ең артығы қайсысы екен?”– деп жұмбақтап баба ойын “сөзпатшасы өлеңге” айналдырып алған соң, қалың оқушы зердесіне бірден жететіндей етіп “айналасын тептегіс жұмырлап ” алып шешуі – темір екенін өзі айтады. Әлемнің құрылымын тану үшін, оны іздеп табу үшін саналы ой, ғақли парасат қажет. Ол үшін әр затқа есім беріп, есебін айыра білу керек. Сонда ғана сен санатты адам санындасың, ал, дүниені айыра білмеу – надандыққа саяды, дейді әл-Фараби: “Ғақли көзбен қарасаң, Дүние ғажап сен есім. Жаһли көзбен қарасаң, Дүние қоқыс сен – мешін”. Кәне, осы идеяны Абай тұрғысында қалай­ша айтылады екен, көрейікші: “Әсемпаз болма әр неге, Өнерпаз болсаң арқалан. Сенде бір кірпіш дүниеге, Кетігін тапта бар қалан”. Енді, осыны салыстырар болсақ, екі дана да дүниенің ғажап құбылыс екендігін, әр заттың, әр адамның өз орны болатындығын, соны тапқанда ғана өзіңнің қадіріңнің артатын­дығын; ерліктің, адамгершіліктің содан туындайтындығын; яғни, әл-Фараби – Абай қағидасының “адам табиғаттан үйренеді” дегенге саятындығын оқушыға түсіндіру Ақжан Машанидан басқаның аузына түспеген тұжырым екендігін айта кеткен жөн. Абайдың: ғақлия – нахлия, ғылым – құдірет, жүрек таразысы – инсаф, өмірдің өзі» деу сыры да осында. Егер, Абайдың ғылыми мирастар деңгейін шырқау биікке көтерген әл-Фараби ілімінің нұр сәулесі десек, кестенің бізіндей өрнекті Абайдың көркем де нәрлі тілі арқылы ұлы бабаның терең қағидалары сап алтын күйінде қонымды да түсінікті түрде халқына жетті. Бұл халқымыздың рухани өміріндегі ұлан асуы деуге әбден тұрарлық мақтаныш. Сөйтіп, ұлы бабамыздың ғылыми мирастарын туған ел топырағына оралтып, халық санасына жеткізуші Абай болғандығына Ақжан хазірет «Әл-Фараби және Абай» зерттеуінде болжаммен шектелмей салиқалы ғылыми тұжырыммен түйіндейді. Бұл абайтанудағы зерттеудің құндылығын қомақтандыра түсері талассыз. Айтты айтпады, ұлы Абайды халқымыздың ақын ретінде дана данышпан деп тану құпиясының бір тармағы баба ғылымын поэзияға айналдыруында жатпасын! Бұған, мысал үшін, Абайдан тағы бір шумақ келтірейін: «Өмір жолы тар соқпақ, иілген жақ, Иілтіп екі басын ұстаған Хақ. Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ, Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ» – деуі, оның әл-Фараби бабасы ашқан табиғаттың ғылыми заңдылығын тереңнен ұғып, өмірдің өлшемдес түсінігінен туындайтын болмыс құбылысын тап басып, дәл айтқан толғанысы деп түйіндеген, А.Машани тұжырымына кім таласар?! Егер, мұны ғылым тіліне айналдырсақ, әрбір аспан денелердің маңында, соның бірі Жерді қоршаған кеңістіктің де қисаятындығы. Халық ұғымында бұл дүние дөңгелек: жақсылығың да, жамандығың да алдыңнан шығады деген ғибрат. Сөзімізді Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық-мұражайының директоры Ж.Әубәкірдің мы­на сөзімен тамамдауды дұрыс көрдік: «Қа­зіргі кезде Абайдың екі-үш өлеңін жаттап алып, мен абайтанушымын дейтіндердің» («Алаш айнасы». 10.08.2002) шыға бастауы ғалымдар қауымдастығы А.Машанидің «Әл-Фараби және Абай» тәрізді кесек зерттеуді елемеуінен дендеген селқостықтың арамшөбі ме?» деген ойға жетелейді. Ал, мен үшін Ақ­жан­дай әз ағаның «Әл-Фараби және Абай» кітабының титулдық бетіндегі «Шәмшиден, құрметті інім! Сіздің аянбай атсалысқан кітап шықты. Бабалардың батасы тисін. Әл-Фараби силығы болсын! Әл-Машани» қолтаңбасы - Абайды танытудағы үлесім болмаса да өз үлесімді бағалаудың теңелісі жоқ сиы болып қалатындығына мақтан етемін.

560 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз