• Ұлттану
  • 12 Желтоқсан, 2012

Көшіміз түзу, бағытымыз айқын

Ерлан Арын, Павлодар облысы әкімі

– Ерлан Мұхтарұлы, Сіздің облыс тізгінін ұстағаныңызға бір жылға жуық­тады. Әри­не, бұл ойға алған істі жүзеге асыруға мүм­кіндік беретіндей көп мерзім емес. Десе де, мұның алдында Пав­ло­дар қаласындағы іргелі оқу орны – С. То­райғыров атындағы мемлекеттік уни­вер­ситетін біршама уақыт басқарып, облыс­тың экономикалық даму бағыты көз ал­дыңыздан өтті. Осы орайда, алғашқы әкім болған күннен бастап қандай шаруаны қолға алдыңыз? – Шындығына келгенде уақыт деген зырылдауық. Менің түсінігімде, тындыратын шаруаны уақыттың еншісіне салып таразылауға мүлде болмайды. Павлодар еліміздегі ең ірі индустриялық орталықтардың бірі саналатын облыс болғандықтан, бізге әр ай, әр күн, керек десеңіз әр сағат пен минут маңызды. Сол себепті де, арқаны кеңге салып, ойланып-толғанып отыратын жағдай жоқ. Әйтеуір, не тындырсақ та аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын арттыруға септігін тигізсек деген ниеттеміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев маған облысты басқару туралы сенім артқанда нақты міндеттер мен тапсырмаларды айқындап берген болатын. Міне, күнделікті жұмысымыздың негізі осы бағытта жүзеге асуда. Қай сала болсын өзінің маңыздылығымен ерекшеленетіні түсінікті. Сондықтанда, тізгінді қатар тартып отырған абзал. Мына салаға ерекше көңіл бөлейік, мынаған кейінірек оралармыз деуге әсте болмайды. Мақсат біреу ғана, ол – облыс экономикасын ілгері сүйреп, тұрғындар әлеуетін арттыра беру. – Өткен қыркүйек айында Сіз басқарып отырған өңірде Қа­зақ­стан мен Ресейдің ІХ аймақаралық ынтымақтастық форумы бо­лып өтті. Қос елдің Президенттері қатыс­қан шараның Павлодарда өткізілуі де тегін емес болар? – Сегізінші форум Ресей Федерациясының Астрахань қаласында өткен еді. Онда «Бай­қоңыр» кешенінің келісім-құқықтық базасын қалыптастыру мәселелері ортаға салынып, төтенше жағдайлар кезінде бірік­кен әрекеттер жасауға арналған шаралар пысықталған болатын. Сондай-ақ, шекаралас орналасқан су арналары мен тоғандардың экологиялық мәселелері де назардан тыс қалмады. «Алтай» трансшекаралас резерватын құру тура­лы ұсыныс жасалып, 2017 жылға дейін аймақ­аралық және шекаралас әріптестікті нығайту туралы құжаттар да осы жолы қабылданды. Басқосу барысында ІХ форумның тақы­рыбы да таңдалды. «Қазақстан мен Ресей кәсіпорындарын инновациялау мен жаңғырту» айдары таңдалып, Елбасымыз, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тоғызыншы форумды ерке Ертіс жағасындағы Павлодар қаласында өткізу туралы ұсыныс жасаған болатын. Бұл таңдаудың біздің өңірге түсуінің өзі заңдылық деп білеміз. Себебі, республикамыздағы негізгі көмір өндірісі осында, қазақстандық электр энергиясының 67 пайызы және ферроқорытпаның төрттен үш бөлігі де біздің еншімізде. – Форумның асқан ұйым­дастыру­шылықпен өткенін естіп жатырмыз. Халықаралық деңгейдегі саясаткерлер жоғары бағасын беріп жатыр. Жалпы, өңір экономикасын арттыруға қандай да бір ықпалы тиеді деген сөз ғой, бұл. – Сөз жоқ, бұл тек қана өңір экономикасы емес, тұтастай алғанда тарихи тамыры те­реңде жатқан көршілес екі мемлекет үшін де маңызы зор шара. Ежелден шекаралас орналасқан Қазақстан мен Ресей бір-бірін ең сенімді серіктес ретінде қабылдаған. Бұл жолғы форум шеңберінде қос елдің арасындағы сауда-экономикалық қарым-қаты­нас­ты нығайтатын, жалпы құны екі миллиард АҚШ долларынан асып түсетін 27 шартқа қол қо­йы­лды. – Елімізде қолға алынған үдемелі ин­дус­­триялық-инновациялық жобалар Пав­лодар өңірінде қалай жүзеге асып жатыр? – Елімізге ірі өндіріс ошақтары, өнеркәсіп алпауыттары мен тау-кен кәсіпорындары шоғырланған аймақ ретінде танымал Павлодар облысы өзінің 75 жылдық мерейтойын лайықты қарсы алуға дайын. Өңір халқы ең ірі индустриялық саналатын облысқа жүктелетін міндет жүгі салмақты екенін жақсы түсінеді. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберінде Павлодар облысында 180 инвестициялық жоба іске асырылуда. Құйылған жалпы инвестиция көлемі бір трил­­лион теңгеден асып түседі. Айтып өтер­лігі – «Индустрияландыру картасының» 72 жобасы және облыстық үйлестіру кеңесінің мониторингінде тұрған 108 жоба сәтті бастау алды. Нәтижесінде аймағымызда 14,1 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Алған бағытынан танбауды мақсат еткен еңбеккерлеріміз тек биылғы жылы 21 жобаны қолға алып, барлығы тұрақты жұмыс жасауда. Жаңа өндіріс орын­дарын ашу жолындағы атқарылған істердің жемісі – облыс өндірістері үшін аса қажетті эмульсиялық матрицалар мен тау-кен саласы үшін жарылғыш заттар өндірісі іске қосылды. Жаңа өнімнің бұрынғымен салыстырғанда өзіндік ерекшелігі бар. Бұл заттардың барлық компоненттері арнайы көліктің сыйымдылықтарында өндіріледі, сақталады және тасымалданады. Сондай-ақ, тауарға деген сұраныс жоғары. Негізгі тұтынушылары – «Богатырь-Көмір» ЖШС-і, ENRC корпорациясының «Шығыс» және «Керегетас» кені, «Майкубен Вест» ЖШС-і, «Жайрем» КБК-і. Отандық өнім өндірісін молайту мен кәсіп­орындарды толығымен қамтамасыз ету – уақыт талабы. Ниет білдірушілер де табылуда. Мәселен, «Бозшакөл» КБК-ге 15,0 мың тонна өнім жеткізуге келісімшарттар жасалды. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму – ел экономикасының өндіріс секторын ғана емес, сондай-ақ, осы саламен тығыз бай­ланысты көлік инфрақұрылымының да дамуына зор септігін тигізуде. Оған дәлел Павлодар облысында жаңадан ашылған теміржол кәсіпорындарына арналған бағыттағыш бұрма, айқыш және дөңгелектер өңдеу өндірісі. Осы өнімнің бәрі бұрын сырттан импортталынатын. Бұл жоба өз кезегінде отандық теміржол саласын жаңғыртуға, жүк вагондарын шығару саласында маңызды орын алады. Осылайша, аймағымызда ірі өндірістер мен өнеркәсіп кешен­дерінің өнімдерін сыртқа экспорттау үшін басты тасымалдаушы – теміржол клас­терін құрудамыз. Биылғы жетістіктеріміздің бірі – Бозшакөл КБК құрылысы басталды. Бұл облысымызда мыс комбинатын іске қосылумен ғана шектеліп қоймай, мыс өндірісін игеруді және қосымша құнымен соңғы өнімді шығаратын мыс кәсіпорнын ашуға жол бастары анық. Жобаны іске асыруға ірі бизнеспен қатар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тарта отырып, олардың белсенділігін арттыру көзделуде. Егеменді елімізді ауқымды индустрияландыру шеңберінде энергия көздеріне деген сұраныстың айтарлықтай арта түсері сөзсіз. Осыған орай, Ертістің Павлодар өңірінде электр қуатын еселеп өңдіруге барлық мүмкіндіктер бар. Сол себепті де, энергетика саласын дамыту үлкен перспективалық жобаларды іске асырумен қатар орындалатын міндеттердің бірі екені даусыз. Егер, бұған дейін облыс стансасының қолданыстағы қуаты 6,5 мың МВт құраса, бүгінгі таңда жаңа блоктарды енгізумен облыс стансаларының қуаты 7,4 мың МВТ-қа дейін ұлғайып отыр. Бұл ретте «Еуразиат энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның №2 блогы, үшінші жылу электр орталығының №1 турбинасы, Екібастұздағы ГРЭС-1-дің сегізінші блогы белсенділік танытуда. Энергия блоктары құрылысын жандандыру жұмысы қарқынды жалғасуда. Жоспарымыз ойдағыдай жүзеге асса, 2015 жылға қарай қуаттылықты 8,5 мың МВТ жеткізу межеленген. Бұл бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда 31 пайызға артады деген сөз. – Білуімізше, «Павлодар» еркін эконо­микалық аймағын құру қолға алынды. Бұл – шетелдік инвесторларды тартудың таптырмас жүйесі екенін жақсы білеміз. Осы жоба қалай жүзеге асуда? – Ия, дұрыс айтасыз, Елбасымыз Н. Ә. На­зарбаевтың 2011 жылғы 29 қарашадағы Жар­лығына сәйкес облысымызда химия және мұнай-химия кластерін дамытатын «Пав­лодар» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Өз кезегінде бұл іс өңірге инвестиция тартудың үлкен мүмкіндіктеріне жол ашты. Қазіргі уақыттың өзінде осы экономикалық аймаққа қызығушылық танытқан 43 инвестор тіркелді. Жалпы құны 270 миллиард теңгені құрайтын инвестжоба 2,6 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Арнайы экономикалық аймақта елімізде бұрын-соңды өндірілмеген өнімдерді шығару бойынша 12 жоба әзірленді. Мысалы, «Қазат­омпром» АҚ-пен бірлесіп Қазақстанда алғаш рет жылына 130,0 мың тонна поликремний, 100 мың тонна сутегі асқын оксиді, 3 мың тонна полиалюминий-хлориді шығарылады. Барлық өндірілген поликремний, сутегі асқын оксиді елімізге, негізінен, «Қазатомпром» АҚ-тың электр-техникалық және химиялық қажет­тілігі үшін өндіріледі. Сондай-ақ, белгілі бір бөлігі Ресей Федерациясына экспортқа шығарылады. Тың жобаның бірі – «Химпромпродукт» ЖШС-і мен «Каустик» АҚ ауызсуды сапалы тазалау үшін пайдаланылатын полиалюминий-хлориді өндірісін жылына 13 мың тоннаға дейін жеткізу. Бұл елімізде тұңғыш рет қолға алынып отырған шаруа. Ал, «Ертіс» химия компаниясы» ЖШС кәсіпорыны жылына 40 мың тонна тежегіштелген тұз қышқылын өндіріп, оны «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ өндірісінің шикі мұнай коксын қайта өңдеу жолымен мұнай өндіру, металл өңдеу, қыздырылған мұнай коксы үдерістерінде пайдаланылатын өнімді шығаруды жоспарлауда. Нарық сұранысын саралай отыра, жекелеген тұстарда республикада жеткілікті мөлшерде өндірілмейтін тауарлардың импортталынатынын да назарға алдық. Атап айтқанда, жылына 180,0 мың тонна күкірт қышқылының өндірісі («Қазатомпром» АҚ). Уран кені бойынша отандық кәсіпорындардың қажеттілігі жылына 2,5 миллион тонна болса, республикада жылына 2 млн. тонна шығарылады. Қажеттіліктің қалған бөлігі 500 мың тонна импортталынады. Жылына 10 мың тонна полиэфир шайыры мен 3 мың тонна композиттік материалдар өндірісі, соның ішінде мұнай-газ және металлургия салаларында аса қажетті химиялық берік шыны пластика бұйымдары өндірісі («НПО «Композит» ЖШС). Еліміз бойынша аталған өнімнің импорты жылына 44,0 мың тоннаны құрайды. Алайда, импортқа тәуелді болып отырған жоқпыз. Біздің облыс үшін химия және мұнай-химиядан басқа басымдыққа ие бағыт Қазақстан электролиз зауытында алюминий өндірісі және Бозшакөл кен байыту комбинатында мыс өндірісін дамытумен байланысты металлургия кластерін қалыптастыру болып табылады. Бұл бағытта алюминий созбасымын өндіру жобасы енгізілді. Қазіргі уақытта алюминийден төртінші қайта қорытудың басқа өндірістерін құру мәселесі пысықталуда. Әлеуетті инвесторлармен белсенді ынтымақтастық жүргізілуде. Болгариялық ірі инвестор – «Алкомет» компаниясымен илек, фольга, құйма өндірісі туралы мәселе талқыланып қаралды. Қазіргі уақытта ТЭН дайындау жүзеге асуда. Аймақ экономикасын әртараптандыру жолында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің алар орны ерекше. Облысымызда белсенді түрде қызмет етіп жатқан 26 мың 603 осындай нысан тіркелген. Шағын және орта бизнес субъектілері 183 712 миллион теңгенің өнімдерін өндірді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 100 пайыз құрады. – Сенімді ақпарат көздері таратқан мәліметке қарағанда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының орындалуы бағытында Сіз басқарып отырған аймақ өзгелерден «оқ бойы ұзап», көш басына шығыпты. – «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдар­ламасы өңірімізде қарқынды жұмыс істеуде. Бұл бағыттағы ісімізді нәтижелі ету мақсатында кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесі екінші деңгейлі банк­терде субсидиялауға және кепілдік беруге перспективалы жобаларды іріктеді. Павлодар облысында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы негізгі төрт бағыт бойынша жүзеге асып келеді. Біріншіден, «Жаңа бизнес-бастамаларды қолдауға банктерге 40,3 миллиард теңгеге шақталған екі жүз өтінім түсті. Соның ішінде Өңірлік үйлестіру кеңесінде (ӨҮК) жалпы құны 35,3 миллиард теңге сомасына 196 жоба мақұлданып, 157 жоба бойынша субсидиялау шарттары жасалды. Бөлінген қаражатты тиімді игеру жолында индустриялық инфрақұрылымды дамыту бағытында да біршама істер жүзеге асуда. Бағдарламаның екінші бағыты – кәсіп­керлік секторды сауықтыруға арналған. Қуан­тарлығы, бұған бөлінген қаражат толық игерілуіне байланысты бүгінгі таңда екінші деңгейлі банктер өтініштер қабылдауды тоқтатты. Кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдерін төмендетуді көздейтін үшінші бағытқа 2 жоба мақұлданып, 1,3 млрд. теңге сомасына субсидия берілуде («Павлодарсоль» ЖШС, «Нефтехим LTD Компаниясы» ЖШС). Ал, бағдарламаның кәсіпкерлік әлеуетті күшейтуді діттеген төртінші бағыты бойынша 2012 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде сервистік қолдау көрсетуге 45,0 миллион теңге бөлінді. Павлодар облысы кәсіпкерлік және өнер­кәсіп басқармасының құрамындағы «Кәсіпкерлік пен инновацияларды дамыту орталығы» КМК-пен бизнес жүргізуге сервистік қолдау көрсетуге шарт жасады. – Кезінде Бейімбет ағамыз «Гүлденса ауыл – гүлденеміз бәріміз» деген екен. Биағаң айтқан сол ауыл бәріміздің өсіп-өнген түп-тамырымыз. Олай болса ауылды гүлдендіруде не істеп жатырсыздар? – «Ауыл – әр қазақтың алтын бесігі». Ер­тістің Павлодар өңірінде өндірістің ғана емес, аграрлық сектордың да әлеуеті зор. Осыны ескере отырып, көктемгі дала жұмыстары, суармалы алқаптарды жандандыру, асыл тұқымды мал сатып алу жұмыстарын жетілдіруге қаржылай көмек көрсету – ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау бағдарламасының негізгі бағыты болып табылады. Егер, нақты сандармен сөйлейтін болсақ, өңірдің екі мыңнан астам шаруасы 11 миллиард теңгеден астам қаржының игілігін көруде. Жаңа өндіріс ошақтарын ашуда да сала еңбеккерлері белсенділік танытуда. Шарбақты ауданындағы «Алексеев» ЖШС-і, Ертіс ауданындағы «Абай» ЖШС-і, Қашыр ауданындағы «Гигант-Павлодар» ЖШС-і мен Павлодар ауданындағы «Теміров» ЖШС-і базасында сүтті қайта өңдеу пункттері іске қосылды. Ал, қашырлық «Терең-Ет» ЖШС-і ет өңдеу бағытындағы цехтың тұсауын кесті. Жалпы облыс шаруалары жыл басынан бері 13,5 мың тонна ет пен 64 мың тонна сүт өндірді. Өнімділікті арттыру мақсатында жыл басынан бері шетелден асыл тұқымды 742 бас ірі қара мал әкелінді. Германия, Канада мен АҚШ-тан жыл соңына дейін тағы да үш мыңнан астам ірі қара әкелінеді деп жоспарлап отырмыз. Мұның бәрі қосымша жұмыс орындарын ашуға зор мүмкіндік беруде. Бүгінгі таңға дейін аграрлық секторда жаңадан үш жарым мыңдай жұмыс орны ашылды. Жергілікті ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлері, диқандар мен жекелеген фермерлер қамбамызды астыққа толтырып, картоп, сәбіз, қияр, орамжапырақ және т. б. көкөніс өнімдерін молынан өндірді. Тіпті, облыс орталығынан басқа Астана, Алматы, Ақтау қалалары мен Ресейдің көршілес өңірлерін де қамтамасыз етуде. Облыс орталығында ауыл еңбеккерлері мен бағбандарға өз өнімдерін делдалдық қызметсіз саудалайтын арнайы орындар жұмыс істейді. Тұрғындарға төмен бағамен көкөніс, жеміс пен ауыл шаруашылығы саласының басқа да өнімдерін сату үшін арнайы жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Бұл сатушы мен тұтынушы арасындағы екіжақты тиімді тәсіл. – Ерлан Мұхтарұлы, енді өңірдегі білім беру, денсаулық салаларының бү­гінгі беталысынан қысқаша болса да мәлімет берсеңіз. – Білімді ұрпақ – кемелденген келешек кепілі. Білім беру саласында айтарлықтай жетістіктеріміз баршылық. Біріңғай ұлттық тестілеу көрсеткіштері көңіл көншітерлік. Облысымызда «Балапан» бағдарламасы жемісті жүзеге асуда. Биылдың өзінде 13 бала бақша есігін айқара ашты. Атап айтар болсақ, облыс орталығында 320 орындық және Баянауыл ауданында 110 орындық бала бақша құрылысы аяқталып, сегіз шағын орталықтар іске қосылмақ. Тағы бір айта кетерлігі – тағдыры теріс айналып, сал ауруына шалдыққан, көз жанары кеміс және қант диабетімен ауыратын бүлдіршіндер үшін арнайы бала бақша салу ісіне ерекше мән беріп отырмыз. Бұл іс жақын болашақта шешімін табады деп үміттенеміз. Жалпы алғанда облыс бойынша 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің 93 пайызы бала бақшамен қамтылған. Өңіріміз өндірісті болғандықтан, отын-энергетика саласына маман дайындау мәсе­лесін де естен шығаруға болмайды. Мақсатымызға жету үшін Екібастұз қаласында 700 орындық аймақаралық мамандар дайындау және қайта оқыту орталығы құрылысын жүргізудеміз. Сондай-ақ, Павлодар қаласында 720 орындық «Назарбаев интеллектуалды мектебі» құрылысы аяқталып қалды. Ауласында 120 орындық интернаты бар нысан жақын арада тұсауын кеспек. Денсаулық сақтау саласында да ілгері басу тенденциясы байқалады. Есепті кезеңде қан айналымы дертіне шалдыққандар өлімі 46,4 пайызға кеміген, құрт ауруына шалдыққандар өлімі 9 пайызға азайғанын көріп отырмыз. Бұл бағытта атқарар істер әлі де баршылық. Дегенмен, ауқымды жұмыстар қолға алынған. Медициналық мекемелер құрылысы да қарқынды жүруде. Келесі жылы 1 фельдшерлік акушерлік пункт пен 7 дәрігерлік амбулатория жаңадан бой көтермек. Игілікті іс одан кейін де жалғасын таппақ. – Жасыратыны жоқ, көпшіліктің бас қайғысы – тұрғын үй мәселесі. Осы орайда «Қолжетімді баспана – 2020» бағ­дарламасының негізгі басым­дылық­тарына тоқталсаңыз. – Ағымдағы жылы өңірімізде «Қол жетімді баспана – 2020» бағдарламасына сай 116,4 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда бір жарым есеге артық. Ұзақ жылдардан бері қордаланған өзекті мәселе – облыс орталығындағы тозығы жеткен «Алюминстрой» ықшам ауданының орнына «Сарыарқа» тұрғын үй кешенін сал­мақпыз. Асылы, асығыстық танытпай, жоспарымызды кешенді түрде жүзеге асырғанымыз дұрыс сияқты. – Жаңа экономикалық аймақ жаңа кадрларды қажет ететіні түсінікті. Ендеше, адам капиталын дамыту мен ел ертеңі – жас­тардың мәселесі туралы айтып өт­сеңіз? – Өңірде жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға дейін кеміді. Алдағы уақытта оны 4,8 пайызға дейін төмендетуді межелеп отырмыз. Мұның жолы қандай дейсіз ғой? Үстіміздегі жылы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына сәйкес төрт жарым миллиард теңге бөлінді. Бұған он мыңнан астам адам қатысып, нәсі­бін таба алады деген сөз. Қазірдің өзінде төрт мыңнан астам адам кәсіби біліктілігін арт­тыру үшін жолдама алды. Екі мыңдай адам әлеуметтік жұмыс орнымен қамтылып, 390 жас маман тәжірибеден өтуде. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына қызығушылық танытқандар саны уақыт өткен сайын артып келеді. Оларға шағын несиелер бөлініп, тұрғын үймен қамтамасыз ету ісі оң жолға қойылған. Ауыл жастарын шағын және орта кәсіпкерлікке баулу да назардан тыс қалған емес. Игілікті іске 513 адам қызы­ғушылық танытып отыр. – Облыс орталығындағы Дзержинский көшесінің атын Қ. Сәтбаевқа ауыстыру, Мәшһүр Жүсіпке керемет мазар салдыру ісіне қосқан өлшеусіз еңбегіңізді жақсы білеміз... – Сұрағыңыздың төркінін ұқтым. Бірін­шіден, егер ғұлама ғалымның атындағы көшені орталыққа әкелсек бұл жалғыз Ерлан Арынның еңбегі емес, сайлаушылар аманатын орындап, ел болып қол жеткізген жетістігіміз. Мәшекең, Исабек ишан, Ғабдул Уахит хазі­рет сынды әулие қонған бабаларымыздың кесенелерінің бой көтеруі де азаматтық танытып, елдіктің, бірліктің үлгісін танытқан бір топ зиялылардың еңбегі. Біз соған ниеттес болып, ұйымдастырушы ретінде басы-қасында болдық. – Аз-кем сұхбат барысында атқарған біраз істеріңізбен таныс болдық. Бір қара­ғанда ыңғайсыздау да көрінер, бірақ, Ерлан Мұхтарұлы қандай жан екен деген сұрақты қоймасқа лажымыз болмай тұр. Сіз қалай жауап берер едіңіз? – Жақсымын десем (күліп) мақтанғандық болады, жаманмын деп жауап беретін пенде жоқ шығар. Сол себепті де, бұл сұрақтың өзі біртүрлі естіледі екен. Бұл сұраққа менен гөрі сырт көздің жауап бергені дұрыс шығар. Менің айтарым, бір-ақ нәрсе, егер қандай да бір елге сауапты жұмыс атқарып жатсақ, ол мақтау үшін, жақсы ат алу үшін емес, азаматтық парызымызды өтегеніміз болады. Ендеше, атақ алу үшін емес сеніп тапсырған бұқараның үмітін ақтап жатсақ, халық ризашылығына жетсек, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдымызға қойған мақсаттарын толығымен орындасақ, одан асқан абырой болмас. Көшіміз түзу, бағытымыз айқын. Бастысы – еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен. Ата-бабаларымыз армандап өткен тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын. – Әңгімеңізге көп рахмет. Сұхбатты жүргізген Қыдыралы Қойтай.

529 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз