• Ұлттану
  • 29 Наурыз, 2013

Әр патшаның тұсында бір сұрқылтай

Хабдышаар Әміренов,

Қазақстанның Құрметті

журналисі

 

Бұл қазақта айтылмаған сөз, ашылмаған сыр қалмаса керек. Әр патшаның тұсында бір сұрқылтай болатынын ел арасынан шыққан зиялылардың айтқандарын қайталап отырғаным, бұл тұста. Әңгімені, басқа ұлттарды қынадай қырып, қанын судай ағызған тарих белестерінде Иван Грозный атанған заман жендеттерінен бастасам деймін. Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты дегендей, мұның өзі кім, сонда? Түркі тектестердің тарих беттерінде осынау 550-600 жыл бұрынғы шақта ноғайлы елінің Жәнібек Ханның баласы Мамай Бердібектің күйеу баласы еді. 1380-жылдан осы Мамайдың баласы Мансұр-Қият Днепр өзені жағасындағы Чиница қаласының іргетасын қалайды. Оның жекжаты осы қаланың басқарушысы, князьдері аталады, қызы орыс ұлтының книязі Василий-ІІІ-мен тұрмыс құрады. Осы некеден қақарлы Иван өмірге келген. Демек қақарлы Иванның нағашы жұрты ноғайлы елі.

«Тұрмайды жер айналмай дүние жай», дегендей заман ағымы өзгеріске түсетіні ақиқат шындық. Әлемде ұлы билеуші Шыңғыс хан бақилық дүниеге аттанғаннан кейін, Алтын Орда атанған алып мемлекет бөліне бастаған. Солардың бірі Ноғайлы Ордасы болатын. Бұл орда не заманнан тас белдеу атанған – Орал тауынан Алтайға, Каспий мен Сырға, одан әрі Сібірден Байкалға дейін бейнелеп айтқанда жарты әлемді алып жатты. Ноғайлы Ордасы ұлты жағынан бүгінгі Қазақстанға қарайтын Қаңлы, Қыпшақ, Қоңырат, Қарлук, Алшын, Тама, Маңғыт, Қазар, Бұлғар, тағы басқа да түркітектес рулардан тұратын. Орданың орталығы Жайық өзені жағалауындағы Сарайшық қаласы еді. Сарайшық қазақ даласындағы киелі орындарының бірегейі десе болғандай. Өйткені, бұл жерде қазақтың үш жүзі дәуірлеп, қастерлеп, құрметтеген 12 әулие жерленген. Өткен замандар 100-ден астам хан билік құрыпты осында. Солардан 8 ханының мүрдесі жатыр бүгінде. 1255-1554 жылдары аралығында хандық құрған Мөнке, Темір, Тоқты, Жәнібек Әмір Оқас, Қасым хан, Шейх Мамай, Жүсіп хандарға арналған Құлпытас қойылған. Осы сарайшыққа 1334 жылы келген араб сауқатшысы Иван Батута «Өмірлік саяхат» кітабында сол тұстағы Сарайшықтың Арабстандағы Бағдаттан кейінгі қала екендігін айта келіп, мұнда мешіт, хан сарайы, өзендегі кемелерді, үйлерге тартылған су құбырларын көргендерін таңқала әңгімелеген.

Сарайшықтың өсіп, өркендеп, дамуы келіп-кетушілердің көз жанарын алғандай. Әсіресе, Иван бұған қызыға, қызғана қараумен болды. 1580 жыл. Бұл кез Иван жиеннің ер жетіп, толықсыған шағы. Ойлаған ойын жүзеге асыру мақсатында басқалар арасында басбұзар, өктемдігімен аты шыға бастаған казактардан көп қол жинады. Оларды отты қарулармен жарақтандырды. Жорықты нағашы жұрты ноғайлардың астанасы – Сарайшықтан бастады. Шабуыл тактикасында халықтың ұйқыға бейқам шағы мен намазға бас қойған сәтін барынша пайдаланды. Тосыннан жасалған шабуылдан халықтың қаны бейне өзен суындай ақты. Қаладағы нешеме ғасырлар бойы салынған ғимараттар өртеліп, қиратылды. Нағашы жұртты аянашты халге түсірген «дала жиені» былайғы жерде қан жұтқан қаһарлы Иван атанды. Оның шешесі – ноғайлы қызының орыстанғаны осыны айғақтайды, міне. Қазақта «Қыз жат жұрттық», «Жиен ел болмас» – деген мақал әлде мәтел ел арасында сол шақтан басталып айтыла бастаса керек. Сарайшық бізге несімен қымбат. Бұл жөнінде көптің біле бермейтін, тағы бір, деректерге тоқтала кетейін. Қаланың археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген ғалым Ж.Ғизатов, осы сарайшықтың іргетасы Шыңғыс ханың немересі Батудан бұрын қаланғанын дәлелдеген. Орта ғасырдың 350 жылдары аралығында қалада үш мемелекет өмір сүрген. Оларға тоқтала кетсек, ХІІІ-ХІV ғасырларда айбыны әлемді тіксінткен Алтын Орда ХV-ХVІ ғасырларда Ноғай Ордасы, ал, ХVІ ғасырдан бастап қазақ хандығының астанасы болған.

Патшалық империя бауырлас Ноғай еліне бұдан кейінде ес жиғызбады. 1763 жылы патша бұйрығымен халықты жер бетінен жою үшін Суворов бастаған ауыр қолды жорыққа аттандырды. Кезінде жарты патша атанған Потемкинмен одақтаса отырып, туған жерден көшірді. Айтқандарына көнбегендерді, айдағанына жүрмегендерді тағылықпен жазалады. Бір ғана Нижегород полкінің өзі 10 мыңнан астам бала-шағаны қанға бөктірді. Халық бірден беріле қоймады. Ноғайлының қол бастаған батырлары – Тау Сұлтан, Нұралдин, Қара Смил мен Тусмар көтерілісі жылдарға созылды.

Татар халқын айтқандарына көндіріп, ноқталап ұстау үшін үзілді, кесілді соғыс жүргізді. Қазан қаласындағы тарихи ғимараттар мен мешіт, медреселерді қиратып, доңыз қорасына айналдырды. Намыс жолында атысып, тартысты бұл халық. Дегенмен де моральдық, рухани, салт-дәстүрден әсте беріле қоймады. «Дала жиені» әмірі бұған жете алмады.

Орыс ұлтының өзіндік аренаға шығуына Бірінші Петрдің рөлін айтпай болмас. Мұның өзі кім? Қайдан, қалай шыға келді. Осы жөніндегі ақиқатты көбіміз әлі күнге дейін біле бермейтін көрінеміз. Бұл жөнінде орыстың классик жазушысы Алексей Толстойдың айтқан деректеріне көз жүгіртіп, ой тезінен өткізейік, бір сәт.

А.Толстой Бірінші Петр жөнінде роман, киноға арнап деректер жазғаны баршаға белгілі.

Бірінші Петрдің зәузатты, шыққан тегі, түбі түркі тектес Шуаш ұлтынан, ата-кәсібі Шуаш ремеслігінің баласы екендігін өзінің таңдамалы шығармаларының ХІІ томында паш етеді.

Петрдің өмір есігін ашып, жастайынан орыс ұлтының ақсүйектерінің балаларымен етене өсіп, тәлім-тәрбие алды. Салт-санасына бұл әсер етті, өзгертті. Өз ұлтын, тегін есінен шығарды, мүлдем. Жастайынан өз құрбылары ішінен алып соқ, өркеуделігімен ерекшеленді. Патша тағына келуі де өзімшілігі мен өктемдігінің нәтижесі болса керек. Ол таққа отырысымен көршілес полякқа, шведке, Балтық жағалауындағы мемлекеттерге қырғидай тиді. Жер-суларын ала бастады жаулап. Кавказдықтар, Қырым татарлары мен Жерорта теңізін жаулау осы патшаның тұсында басталды. Өзінің Шуаш ұлтының тілін, дінін, ұлтын өшіріп, тәмамдаған Бірінші Петр енді Шығыс Еуропадағы ұлттар мен ұлыстарды – мордва, болғар, мариелі, татар, карель-финдер орыстандыруға кірісіп қоймады, атойнағын салды. Көнбегендерін шапты, қырды-жойды. Бұрыннан қандыкөл атанған казактардан жауынгерлік топ жасақтады. Оларды Ноғай-Сібір, Барабин, Алтай аймағын жаулауға аттандырды. Олар Шығысты баса-көктеп, Орта Азиядағы ұлттарға бұғау салды.

Иран, араб, қытай, гректің Александр Макидонскийдің бетін қайтарудан тұран тектілерінен тарайтын қазақ деген ел едік. Бір шеті сонау Ор, Еділ мен Жайық, Сарыарқа Сыр мен Ертіс, Орал, Алтай, Алатау, құлынды даласы мен үстірті, Үстіғұт, Байкал, Ақкемердей мекен жайы болатын, бұл қазақтың. Осылардың бері дегенде тең жартысынан айрылып мақұрым болуың емес пе!?

Отарлаудың, озбырлық саясатына бірден бас иіп, берілмеді халық. Қас жауға қарсы тұруы жер-жерде. Патшалық Россияның шеті мен өтіндегі Кіші жүзден Исатай, Махамбет, Сырым, Есет-Бекет есімді батырлардың ерліктері тарих беттерінен орын алды мәңгілік. Қазақ ұлтының бостандығын ту етіп көтерген Кене ханның патша жендеттеріне жасаған шабуылдары ел есінде, бұл күндері. Ерін елі ұмытпайды, қашан да? Бүгінде Астананың төрінде, Есіл өзенінің жағасында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен тұрғызылған Кене хан ескерткіші міне осыны айғақтағандай!

Патша сұрқылтайына қарсы ұлы жүз қазақтарының да күресуі бірде толастаған емес. Солардың біреуі емес, бірегейі 1916 жылғы Албан көтерілісі. Оның себептері көп-ақ. Орыс патшалығы қоныс аударып, келіп жатыр. Жергілікті халық қонысы тарылды. Олар тау-тасты, шөлейтті, құмды аймаққа ығыстырылды. Әскер қатарына шақырылған қазақ жастары қара жұмысқа пайдаланылды. Бұл қорлауға төзіп, шыдамаған ел батырлары Жәменке, Ұзақ бастаған Албандар көтерілісі патша жауынгерлерінің зәресін алып, құтын қашырлы. Өйткені, халықтың патшаға жойқын көтерілісі болатын. Қазақтың ұлы жүздей Албан руының көтерілісі жалпы заманымыздың ақыл-ойының кемеңгері, сталиндік, лениндік сыйлықтардың лауреаты, Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» тарихи-шығармасында жан-жақты баяндалған. Бұл шығарманы көбіміз оқымақ түгіл, білмейтін де шығармыз. Қазақпын, ұлтым дегендеріңіз бұл шығарманы іздеп тауып, оқығандарыңыз артық болмас дер едім.

Ақ патшаның қандықол итаршыларының бірегейі атанған Черняев жөнінде айтпай кетуге болмас. Ол Сібірдегі патшаның жендеті, 1860 жылдардың орта тұсында отты қарулармен жарақтанған жойқын қолмен Семей, Өскеменді баса көктеп, Қызылжар, Қостөбе, Үлкен Нарын, Қайынды атанып келген елді мекендерді бұдан былай Черемушка, Гусенная, Зрян, Краснояр, Большая Нарын, Баты деп атауға жарлық берді. Бұларға қарсылық білдірген Керей ішіндегі Жастабан руы атамыз Дабы Байболұлы әңгімесінде Черняев жендеттерінің қолынан қазаға ұшырағандар саны мыңнан астам шығар-ау деп отыратын.

Отряд жендеттері аяқ басқан жерлеріндегі елге бүйідей тиіп, бүлдіріп, қиратудан тартынбаған. Нарын өзенінің Ертіске құятын жерінде Нұғыманов аталатын татарлар кенті болатын. Бұларға Хрестиян дініне бас қойыңдар деген талап қояды. Көнбегендеріне шаралар қолданып, елді абыр-сабырға түсіреді. Бұл жер еліміздің халық әртістері ағайынды Мүсілім мен Рашид Абдуллиннің ата қонысы екендігін әңгіме арасында айта кетейін.

Черняев Алтайдың бір саласы Күршім қыраттарының өр жағындағы Құндызды, Жайнақ аталатын көргенде көз тоймайтын аймағына амалсыздан тоқталуға жарлық берді. «Құндызды япыр-ай жайнағым-ай, Ойласам еске түсер қай-қайдағы-ай» – деген шумақтар сонау-сонау өткен шақтардағы аумалы-төкпелі замандарда айтылса керек. Бұл өңірдің табиғи байлығын ауызбен айтып жеткізуге сірә бола қоймас. Бір ғана қарағайдың алуан түрі кездеседі мұнда. Табиғи бояуға табыла бермейтін қызыл қарағай, құрылысқа аса қажет сарқарағай, зәрулік бал қарағай мен азықтық-қаректік кедір ағаш неге бөле-жара айтпасқа. Техникалық қарапайым ағаштарда осында.

Черняев бір топ атқосшыларымен қалың қарағайлы қара орманды аталымда аралап шыққанда көргені апан төсті бұландар, бұғы мен маралдар. Өзендегі құндыздар мен бұлғындар, ағаш бұтақтарында оқша атылып ойнақтаған тиындарды көзі шалғанда бұл тұнған байлықтар иесі кімдер болуы тиіс деген ойға шомды. Мұны қазірден бастап шешуім керек деген түйінге келді. Черняев ойына келген қара ниеттегі басы айналды да көзі қанға толғандай күйде еді. Әскери кеңестерін тез жинап алып:

– Мынандай өмірде сирек кездесетін тұнған байлыққа бүгінге дейін бұратана қазақтар ие болып келсе, бұдан былай бізге казак-орыстар меншігіне көшеді. Қазірден бастап, осы тұрған жер Платов елді мекені аталады. Осында қалатындарың былай шығыңдар. Бұйрық берілді.

Бұйырып тұрған байлықтан кім бас тартар қайсың. Боғданов, Серафимов есімді жүз бастылардың тілегі қабылданды. Әспетсінген Платов кім сонда? Осыдан шамамен төрт-бес жыл бұрынырақ Ставропольдағы шағын ұлттарды қуғын-сүргінге ұшыратып, жерін тартып алған казактардың бас атаманы болатын, бұл Платов. Заманында оны дәріптеп, биіктігі 12 метрлік ескерткіш те тұрғызған казактар патшаның державалы бас жендеттері атанған казактардың ұсақ ұлттарды қанға бөктіріп, қырып-жойғаны дәлелденген, Кеңес өкіметі бас атаман Платовқа тұрғызылған ескерткіштің күлі көкке ұшырағаны тарихи деректерден жеткен, бізге. Саржомарттың әкелі-балалы батырлары Күркебай мен Базар казактардың Богданов, Серьефимовтың туыстарымен ғұмыр бойы атысып, тартысып өтті пәниден. Қазірде Платов кенті аталып жүр ел аузында. Осы арамен жалғасып жатқан Сартаудан асып, Марқаның көлінен бастау алатын Қаба өзенінің Қара Ертіске құятын өңіріндегі бейқам жатқан Найманның Төртуыл мен Ақнайман руына бидей тиді, Черняев қолы. Қарсы тұрғандарды қанға бөктірді. Аймақта 30 жылдай билік құрған Омар бидің айтып кеткен деректеріне қарағанда, сол жерде мыңнан астам тұрғын қазаға ұшыраған. Қаба сақалдары мен өзінің жүз басын қалдырады, мұнда. Өзіне ескерткіш болсын деген болуы керек. Сол қанды жорық кезінде атаман Черняев селосы аталып келсе, күні кешеге дейін Черняев атындағы колхоз атанып келді, Марқакөл ауданында.

Сібірден аттанған Черняев Алтай, Тарбағатай, Жоңғар Қақбасының сілемдерін баса көктеп арада айлар өткенде Жетісу жерінде табан тіреді. Мұнда да өзімшіл, өктемдігін жүргізді. Журналистік сапармен жүргенде талай ардагерлермен кездесіп, әңгімелестім. Солардың ішінен Жетісу жерінде көптеген аудандық аутком төрағасы, аупарткомның бірініш хатшысы болған Стағұл Бейсебайдан естігенімді айтсам деймін бұл тұста. Кеңес өкіметінен бергі уақытта Андреев атындағы ауданда Шұбарағаш-ойжайлауда қазақ батыры Қабанбайдың ұрпақтары тұратын. Олар Черняев өктемдігіне бірден берілмейді. Қанды қолдар отты қаруды қолданды. Екі ауылды қанға бөктірді. Көргендердің айтқан деректерінде өлгендер саны мыңнан асса керек. Жер-су, елді мекендерінің атауларын өзгертуді басты мақсат еткен, бұлар. Андреев, Сарқан ауданындағы ежелден Қойылы аталып келген былайғы жерде Антоновка, Сарытал – Саратов, Екіаша – Бакатиловка, Сарканда – Черкасов, Петропавольска, Ақсу ауданында – Абакумов және Талдықорған – Габриловка аталуы осы Черняев жорығынан бастау алады. Бөліп алда билей бер дегендей, еріктінің аузына бөрікті бас сиятын заман ғой, бұл.

Черняев жасақтары Алатаудан өтіп, Шу өзенінің Жетісу жеріне тоғысқан аймағындағы тұрғындарды жазықсыздан-жазықсыз мыңдаған жанды қанға бөктіреді. Тарихта өшпестей дақ болып қалды. Ташкент пен Шымкент арасындағы Келес, Шыршық өзендері бойындағы тұрғындарға көрсеткен қыспағы жан түршіктіреді. Тарихта шегендеп өз ойын қалдыру айқын оралса керек. Мұндада үлкен бір кентті Черняев есімімен атауға үкім шығарып, баттыйтып қол қойыпты. Патшалық Ресейдің қандықол атаманын жендеті Черняевтың жауыздық, зұлымдық, нағыз тағылық қылықтарына төзіп, шыдай алмаған Шоқан Уәлихановтың онымен атқұйрығын кесісіп, айырылысқан шағы міне осы кез.

Қазақта айтылмаған сөз, ашылмаған сыр қалмаса керек. Осы мақала тақырыбындағы «сұрқылтай» сөзінің мән-мағынасын толығырақ аша түсетін жайттарды айта кетсем деймін. Сұрқиялық, сайқалдық, зымияндық, зұлымдық, барып тұрған тағылық сияқты сөз пернесін дөп басып тұрғандай бейне. Жетпіс жылдай үстемдік жүргізіп келмеске кеткен кеңес өкіметінің саясаты, міне, осыны аңғартқандай. Тапсыз, әлеуметтік жағынан теңдік қоғам құрудағы екіжүзділік саясатты, әсіресе, қазақ халқы үшін патшалық Ресейдің қиянкестілігімен аспаса кем түскен жоқ. Карл Маркс еңбегін уағыздаумен том-том еңбек жазды, В.И.Ленин. Ұлы халықтың кемеңгер көсемі атанаған, И.В.Сталин социализм түгіл, бір елде коммунизмді құру теорияны жайып салды, алға. Оны жүзеге асыру мақсатында өз төңірегіндегілерді жер-жерге аттандырды. 1925-1933 жылдары Қазақстан Компартиясын басқаруға Голощекин келді. Ол жергілікті жағдаймен танысып, білуді көпте ойлаған жоқ. Билікті алғаннан бастап, айтқаны: – «Қазақстан ауылдары «Октябрь» лебін сезген жоқ. «Кіші октябрь төңкерісін жасау керек мұнда», – дегені орталықтың қолдағаны белгілі. Ел арасында жан алғыш атанған ОГПУ-дың деректерінде теріс пиғылдағылар қатарында саналатындар жазаланумен қатар мал-мүліктерінен айырылды. Түрмеге тоғытылды. Ел ішін 1919-1920 жылдардан бастап аштық жайлады. Осының салдарынан Түркістан халқының 25-30 пайызы ашаршылықтан, түрлі індеттен өлді. Осы жылдары Жаңақорған, Будал, Бөке кенттерінде 600-ден астам адам аштықтан көз жұмғандығы «Новый Туркстан»газетінде хабарланған. Сұрқылтайлықтың бұл тақсыреті басқа жерлерде орын алғаны белгілі. Орталықтың қуаттауы мен демеуіне сүйенген Филип Исаевич Голощекин қазақ ұлтын қырып, жоюдың алуан-тәсілін қолданды.Жазықсыз жандарға бай-құлақ, шонжарлар деген атқойып, айдар тағып, жапа шектірді.

Атаман Черняев бастаған патша басқыншыларының зорлық-зомбылығынан Кеңес өкіметінің зұлымдығы аспаса кем соқпады. Бұған мына бір деректерді келтірейік. Жаңа өкіметтің алғашқы жылында Әулиеата уезінде 400 мың халық тұрған. Арада екі-үш жыл өткенде осы көрсеткіш 200 мыңға кеміген. Бұл ел басына түскен ашаршылық тауқыметінің салдарынан болатын. Ал, Онтүстік Қазақстан және Әулиеатаның өңірлеріне 1937 жылдың саяси қуғын-сүргіндерінің құрбандары болғандар қаншама десеңші? 269 мың адам репрессияға ұшырап, оның 76 мыңдайы атылған. Ол Қазақстан Республикасы орталық мұрағаттары деректерінде айтылған. Қазақтың басқа ұлттардай емес, ашаршылық тауқыметіне ерекше ілініп, баудай түсірілуіне Орталықтан арнайы тапсырмамен жіберілген жендеттердің іс-әрекеттері болатын. Аштықтың жантүршігерлік, адам айтқысыз тақсыретін орталық Қазақстан тұрғындары мықтап тартқан.

Бұл жөнінде тарихшы Манаш Қозыбаев 1921-1922 жылғы аштықта орталықтан Дзержинский басқарып келген 11 мың әскері бар азық-түлік отряды Ақмола, Семей губернияларынан зорлық-зомбылық күш көрсетіп, азық-түлікті жинап әкеткенін айтады.

Қазақстанда 1928 жылы жалпы есеппен 40 миллион бас мал болса, осыдан 1933 жылы не бәрі 4 миллиондай бас қалған. Биліктегілер мұны көп көргендей, осы тұста 14 ет комбинатын салғызып, қалған малды сойып Орталыққа тонналап ет жөнелтіп отырған. Бұл ел ішінде тігерге тұяқ қалдырмаудың басы еді. Осыған төзбеген көтеріліс Созақ, Адай, Жетісу аймақтарында әлсін-әлі көтерілді. 1929-1933 жыл аралығында 100 мыңдай адам қатысқан 400 мыңдай көтеріліс орын алды. Оның бәрі күшпен аяусыз басылып отырды. Халық жансауғалау амалына кірісті. 1931 жылы 1,2 миллион адам лажсыз туған жерден көшіп кетті, 1,7 миллион, аштық індетінен көз жұмды.

Елді орынсыз, оспадырсыз жаппай бай-құлақтар қатарына жатқызып, мал-мүлкін тәркілеу, абақтыға тоғыту және шаруашылықты жүргізудің негізін жасамай ұжымдастыруды жеделдету заман ақырды төндірді нағыз. Қысымның түтініне тұншыққан халықтың жан сауғалағаны 1,3 миллионы басы ауған жаққа зытты. Филипп Исаевич Голощекиннің «асыра сілтеу болмасын, аша-тұяқ қалмасын» ұранының жүзеге асыру салдарынан 1,7 миллион ашаршылықтан көз жұмды. Бұл жөнінде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың 1929-1933 жылдардағы ұжымдастыру кезінде жергілікті халықтың 42 пайызға құрбан болғаны туралы «Қалың елім қазағым» кітабында жан-жақты деректер келтірілген.

Қолы қанға малынғанды жендет демей, не дейсің Ф.И.Голощекин кетіп, орнына Левон Исаевич Мирзоян 1933 жылы келді. Аюды ағалап, қасқырды бауыр санадық, күні кешеге дейін. Ақ жүрек аңғалымпаздығымыз, сенгіштігімізден болса керек, осы Мирзоянды Мырза аға, Мырзажан деп әспеттеп атап келдік қой. Шынтуайтына келгенде күн көсеміміз атанған И.В.Сталиннің Қазақстанға сұрқиялық тапсырмамен арнайы жіберген нағыз қанішерінің өзі екен. Бұл жөнінде ғылым докторы, профессор Төлеу Көлбаевтың халықаралық саяси аптаның газетінде «Сталин және Қазақстан» тақырыбымен беріліп келген мақалаларында тайға таңба басқандай деректер келтірілген.

Тарихшы азаматтың Орталық архивтерден алған деректерінде Сталин мен Мирзоянның өз ара жазысқан хаттарында 20 мыңдай адамды «халық жауы» қатарына жатқызып, жазалағандары айтылады. Алдыңғы топтарының қатарында қазақтың нағыз ұлтжанды азаматтары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Тұрар Рысқұлов, Шәкәрім Құдайбергенов, Ораз Жандосов, Мұхамеджан Тынышбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров болғаны ақиқат. Еліміз егемендік алғаннан бері халқы үшін айтысқандармен айтысып, тартысқандармен тартысып бақилыққа аттанғандар есімі бүгінгі ұрпақтарға жеткізілуде. Бұлар шейіт жандар. Топырақтары торқа болсын!

Мың өліп, мың тірілген қазақ елі жер бетінен өшіп кетпесе де талай зобалаңды бастан өткізуі ұлттың өсуін тежеп келді мықтап. Бұған мысал, 1987 жылғы санақта өзбектер саны қазақтардан бес есе кем болған. Ал, осы өзбектер бүгін 25 миллионға жетіп артылады. Қазақтың 125 миллионға жетіуі тиіс еді. Қазіргі ХХІ ғасырдың 9 миллионнан аспай қалды.

Кеңес өкіметінің террорлық озбырлығы ащы шындықты бүркемелеп айтқызбай келді емес пе. Егеменді ел болып, тәуелсіздіктің таңы атуы Кеңестік өкіметтің жантүршіктірген жауыздығының, зорлық-зомбылығының бет-пердесін ашты. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылғы 14 сәуірдегі жарлығымен «Жаппай саяси қудалаудың құрбандарын ақтау туралы» және 1997 жылдың 31 мамыр күні «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып белгіленді. Онда он мың қуғын-сүргіндер құрбандары ақталған. Тағы бір есте сақтау үшін, қайталап айтқанда, демографиялық опаттың салдарынан 1миллион 800 мың адам ашаршылық құрбаны болса, 1 миллион 300 мың адам шет елге ауып жан сауғалаған. Бұл статистикадан алынған деректер. Шынтуайтында сот үкімінсіз атылып, асылғандары қаншама? Сайып келгенде «үштіктердің» – ОГПУ-дің, НКВД-ның және тағы біреулердің жалған жасанды шешімдерімен ондап емес, жүздеп саналады. Жазықсыз жандардың қайда, қашан атылып, асылғандары бүркемеленіп келді емес пе?

819 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз