• Келелі кеңес
  • 29 Наурыз, 2013

Мигранттар Қазақстанға керек пе?

 Ақбота ИСЛӘМБЕК, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің 4-курс студенті

 Миграцияның өсуі жағынан Қазақстан қазір АҚШ-тын да алға шығып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы таратқан соңғы мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі мигранттар саны американдық көрсеткіштерден 7 пайызға артық екен. Ал, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегілер 2015 жылға қарай Қазақстандағы қосымша еңбек күшіне деген қажеттілік 500 мың адамға жетіп, жыл сайын орташа есеппен алғанда, 60 мың адамға көбейетінін айтуда. ҚР Статистика жөніндегі агенттік мигранттардың жылдық ағыны 150 мыңның көлемінде болатынын көрсеткен. Негізінен, Астана мен Алматыны бетке алатын келімсектер саны соңғы 5 жылда едәуір артқанымен, ресми органдар көрсеткіштерді кемітіп көрсетуден шаршамай жүр.

 

Сыртқы миграциядан

 

келетін қауіп

 

Қазақстанға келіп жатқан мигранттардың көпшілігі бұрынғы Кеңестер Одағындағы мемлекеттерден. Міне, сондықтан, ұқсас менталитет пен мәдениет олардың тез уақыт ішінде ассимиляцияланып, тіпті, азаматтық алуларына да жеңілдіктер беріледі деген пікірлер көптеп айтылуда. Алайда, бұл пікірлер ешқандай негізге сүйенбеген. Себебі, Кеңестер Одағының құлағанына 20 жылдан артық уақыт өтті. Мемлекет үшін, жиырма жыл аз да, көп те емес. Десек те, жиырма жыл ішінде, ескі кеңестік идеологияға қарсы, ұлттық рухта тәрбиеленген жаңа ұрпақ буыны өмірге келді.

 

Елімізге астыртын және заңды түрде келіп жатқан мигранттардың белгілі кәсіби білімі де, тіпті, орта білімі жоқ десек қателеспейміз. Біздің тілімізді, салт-дәстүрімізді білетін көршілес мемлекеттерден келген мигранттардың халқымызбен сіңісіп кететініне сенім аз. Бұдан, мигранттардың ұлттық қауіпсіздікке қана емес, демографиялық жағдайымызға да қауіп төндіретінін байқаймыз. Айталық, Батыс Еуропада Азия мен Африкадан келгендер, Еуропада туып-өскендеріне дейін өздерінің ұлттық құндылықтарын сақтайды екен. Олар Батыс Еуропада антагонизм жағдайында өмір сүруде. Тағы айта кететіні, мигранттардың туу-өсу көрсеткіштері Еуропаның өз халқының көрсеткіштерінен біршама көбірек. Міне, осыдан, алдағы 3-4 онжылдықта Еуропаның өз халқы бірте-бірте аз ұлтқа айналады деген де қауіп бар. Қазіргі еліміздегі демографиялық жағдайымыз, бүгінгі күні Қазақстанға да сол Еуропадағыдай қауіп төніп тұрғанын көрсетеді. Халықтың басым бөлігі қазақтар болса ғана, Қазақстан тәуелсіз, егемен мемлекет ретінде өмір сүре алады. Осыдан, шеттен келген басқа ұлттар мен ұлыстар мемлекет ішінде мемлекет ашып жатса да ғажап емес.

 

Мүмкін, белгілі бір сыртқы саяси күштер Қазақстандағы мигранттардың көбеюіне ықпал етіп, еліміздің елдігіне, егемендігіне, бірлігіне нұқсан келтіруді көздейтін де шығар. Мамандар пiкiрiнше, миграциялық саясатқа қатысты жаңа заң кеден бекеттерiндегi жемқорлық пен бюрократиялық кедергiлердiң кесiрiнен қоғамға, яғни, халыққа мүлтiксiз қызмет етуге қауқарсыз. 

 

Гастарбайтерлер елімізге керек пе?

 

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сүйенсек, Қазақстандағы халықаралық мигранттардың үлесі республика тұрғындарының 19,5 %-н құрайды. Бұл – Қазақстанның әрбір бесінші тұрғыны шетелдік мигрант деген сөз. Бұл көрсеткіш әлемде ең көп мигрант қабылдайтын мемлекет - АҚШ-тан да жоғары. Мәселен, 42,8 миллион мигрант Америка тұрғындарының 13,5 %-н құрайды. Сондай-ақ, АҚШ-пен және басқа да дамыған мемлекеттермен салыстырғанда, Қазақстанның нақты миграциялық саясаты қалыптаспаған. Тағы бір дерек көздеріне сүйенсек, елімізде жарты миллионнан бір миллионға жуық гастарбайтер жан бағуда. Олардың үштен екісі – Өзбекстаннан, 25%-ы Қырғызстаннан, қалғандары Тәжікстан және ТМД-ның тағы басқа елдерінен келген. «Осыншама мигранттарды біздің ел несімен қызықтырады?» деген сауал туындайды. Доктор Рафис Абазовтың пікірінше, мигранттардың алдында Қазақстанның тартымдылығына әсер ететін бірнеше факторлар бар екен. Оның алғашқысы, бұл – Қазақстанның халық шаруашылығындағы құрылымдық өзгерістер және жаңа бәсекеге қабілетті экономика секторлары дамуының табыстылығы. Сосын, еңбек нарығындағы құрылымдық өзгерістер және «жаңа» мен «ескі» экономикада жаңа еңбек орындарын ашудағы жетістіктер. Тағы бір сыры, демографиялық бағыттар және ел мен аймақтардағы халық санының көбеюі. Қазақстандағы осындай оң өзгерістер гастарбайтерлерді өзіне қаншалықты тартса, оның сонша зияны бар. Біріншіден, миллионға жуық мигранттардың қазақ жерінде жүруі экономикамыздың қалыпты жағдайда дамып, өсуіне кедергі келтіретінін түсінген абзал. Миграция жөнiндегi халықаралық ұйым өкiлi Павел Шлиппек қазақ елiнде заңсыз түрде қаражат табуға ұмтылған Өзбекстан, Тәжiкстан, Түркiменстан, Қырғызстан мен Қытай азаматтарын шартты түрде 3 топқа бөлуге болатынын айтады: бiрiншiсi, күнде таңертең темiр жол, көлiк немесе басқа да транспорт түрiмен шекара маңындағы базарға жемiс-жидек пен көкөнiс әкелiп, кешке қарай үйлерiне қайта оралатындар. Екiншiсi, шопан, құрылысшы, егiн суғаратындар мен егiндi жинайтын маусымдық жұмысшылар. Үшiншiсi, ұзақ уақыттан берi Қазақстан аумағын мекен етiп, алыпсатарлық және басқа да кәсiпкерлiк түрiмен айналысатын шетел азаматтары. Қара күшiн жалға беретiн алғашқы екi топтағылар жұмыс берушiге тәуелдi болса, үшiншi топ керiсiнше, қазақстандық кәсiпкерлердiң басты бәсекелестері. Олар, тіпті, iшкi нарықтағы тұтынушылық сұранысты қанағаттандырып отырған тәуелсiз, заңсыз мигранттарға айналған.  Екіншіден, елiмiздiң, әсіресе, оңтүстiк аймағына айтарлықтай қиындықтар мен қауiп төндiрген заңсыз миграция экономикалық тұрғыда ғана емес, этнодемографиялық, қылмыстық тұрғыда да қатерлi екенін баса айта кетуге болады. Тағы алаңдататыны, кейбір елдердiң этникалық топтарының шекара аймақтарындағы ауылды жерлерге шоғырлануы. Мысалы, Оңтүстiк Қазақстан облысындағы тәжiк, өзбек пен түркiмендердiң көпшілігі ауылды жерлерге қоныстанған. Алматы облысындағы ауылдарда қырғыздар көп (ал солтүстiктегi шекаралық аймақтарда орыстардың саны артып келедi). Өзбектердің біраз бөлігі Сайрамда. Демек, оңтүстiк бөлiкте тұратын халықтың этникалық құрамы – ала-құла. Оған қоса, саны жылдан-жылға артып келе жатқан ұйғырларды да айта кетуге болады. Алматы облысындағы Ұйғыр ауданы ұйғырлардың бірігіп, қоян-қолтық тіршілік етуіне әсерін тигізуде. Ал, кәрістердің басым бөлігі Талдықорғанда, Үштөбеде қоныстанған. Осыдан, жиі көлденең тартылатын жер дауы, дiни көзқарастар мен әлеуметтiк әдiлетсiздiкке қатысты наразылықтар қазақ қоғамындағы этникалық тiптi, дiни қақтығыстарға себеп болуы мүмкiн деген де қауіп бар.

 

Гастарбайтерлердің жартысына жуығы құрылыс саласындағы жергілікті халық істегісі келмейтін кір, лас, қауіпті жұмыстарды атқарады. Қалғандары қызмет көрсету саласы мен ауыл шаруашылық саласының барлық тармағында күн көріп жүр. Кәсіби шеберлігі аса жоғары болмағанымен, орта деңгейдегі арзан жұмысшылардың өзі Астана, Алматы, Шымкент, Атырау және Ақтау қаласындағы құрылыс пен қызмет көрсету саласында қызмет етеді. Міне, бұндай арзан жұмыс қолы әуелі, жұмыс беруші бизнес-құрылымдарға, құрылыс компанияларға тиімді.Үшіншіден, салынатын ғимарат кәсіби деңгейде орындалмайды. Яғни, кәсібилік болмағандықтан, сапа да төмендейді. Өкінішке орай, құрылыс компанияларының көпшілігі бұны маңызды деп санамайды. Төртіншіден, гастарбайтерлер екі қолға бір күрек таппай қиналған қарапайым азаматтарымызбен бәсекеге түседі. Онсыз да нан таба алмай жүрген талай қазақ жігіттеріне, бұлар үлкен бәсекелестер. Өйткені, шеттен келген жұмысшылар демпинг (арзан жұмыс қолы) күшінің арқасында жұмысты тезірек табады. Бұл өз кезегінде, өз халқымыздың ішіндегі жұмыссыздықтың консервациялануына әкеледі. Бұдан, ішкі тұтыну сұранысы өспейді, онымен қоса, өндірістік инвестицияларға салынатын салым көлемі де төмендейді, экономиканың өсуіне кері әсерін тигізеді Осы тұста, әлемнің озық елдерін тілге тиек етуге болады. Мәселен, АҚШ пен Ұлыбританиядағы әрбір жаңа келуші мигрант жергілікті жұмысшылармен сол елде бәсекеге түседі, сондықтан, олар бәсекесі аз, жергілікті тұрғындарды қызықтырмайтын саланы табуы тиіс. Мысалы, Ұлыбританияда үндістердің көпшілігі өздерінің орындарын істерін бүкіл елде карри мейрамханаларын ашып, қоғамдық тамақ даярлау бизнесінен тапты, шамамен 20-30 жыл бұрын британдықтар, сірә, дәстүрлі балық пен қуырылған картоп қалар еді. Ешқандай әртүрлілік, ешқандай өзге нұсқалар, ешқандай бәсеке жоқ. Бүгінгі таңда сіз карри мейрамханаларын Ұлыбританияның әрбір қаласы мен ауылынан кездестіре аласыз. АҚШ-та бангладештіктер өздерінің ісін қонақ үй бизнесінен тапты, олар көптеген қонақ үйлерге ие. Немесе мысалға, Нью-Йорк штатындағы өзбек қоғамдастығын айтуға болады. Өзбек мейрамханаларының ауқымды желісі бірнеше он жылдықтар бойы гүлденуде. Міне, сондықтан шеттен елімізге қажет деген мамандықтарды ғана тартқан жөн шығар. Бесіншіден, гастарбайтерлер ешқандай салық түрін төлемейді. Олар бар қаражатын елдеріне жібереді. Яғни, мигранттардың тапқан табысы Қазақстанда жұмсалмайды. Бұл өз кезегінде, ішкі тұтынушылық сұранымға ешқандай айтарлықтай септігін тигізбейді. Яғни, біздің экономикадан сыртқа кетеді. Алтыншыдан, сырттан келген мигранттар әсерінен республика аумағындағы қылмыс саны өсуде. Бұл еліміздегі ұлтаралық қатынастарды шиеленістіретіні анық. Жетіншіден, Қазақстан сауда саласындағы мигранттар үшін тиімді қаражат көзі ғана емес, Батыс Еуропаға аяқ басар алдындағы уақытша тұрақ болуы да әбден мүмкін. Тағы айта кететіні, еліміз белгілі салада қанша гастарбайтерге мұқтаж екені, шетел миграциясының зияны мен пайдасы жайлы, бұндай миграцияның тек қана экономикалық емес, демографиялық, саяси және әлеуметтік салаға тигізетін кері әсерлері жайлы мемлекет тарапынан нақты баға берілмейтіні өкінішті. Сырттан келген мигранттар тек нан табу қамымен келмейді.Сегізіншіден, сырттан келген субмәдениеттер біздің тілімізге, мәдениетімізге, ұлттық санамызға, ұлттық дәстүрлерімізге, тіпті, діни бағытымызға кері әсерін тигізуде. Қазақстанға діни ағымдар миссионерлерінің қаншасы келіп, ұлтымыздың санасын улап жатқаны жөнінде нақты дерек жоқ. Қаншама мигранттар діннің атын жамылып келеді. Шеттен келген мигранттармен бірге олардың діни ұстанымы, салт-дәстүрі, наным-сенімдері келеді. Соңғы кездері, елімізде діни экстремистік бағыттағы топтар көбейіп кетті. Бұл да шеттен келген мигранттардан туатын тағы бір қауіп десек қателеспейміз. Қарап отырсаңыз, сырттан тек зияны келіп, бізден тек жақсысы кетуде. Ал, ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен тілімізге сырттан келген үрдістер енген соң, бізде қоспа мәдениет пайда болады. Ал, қоспа мәдениет ұлт ретінде өмір сүруімізге залалын тигізеді. Бүгінде оңтүстік астанамызды қаражат табудың көзіне айналдырған заңсыз еңбек мигранттарының ұлттық қауіпсіздігіміз бен демографиялық жағдайымызға қауіп төндіріп тұрғаны жасырын емес. Бір кездері әдемілік пен тазалықтың ортасы болған Алматыға бүгінде сырттан заңды-заңсыз жолдармен ағылатын еңбек мигранттары көп.

 

Қазіргі жаһандану үрдісіне сәйкес, оған қаланың қарбалас шаруасын қоссаңыз қала тұрғындарының көпшілігінің жұмыстан бос уақыттары шектеулі екенін байқаймыз. Сондықтан, әсіресе, үлкен қалаларда, тез әрі дәмді дайындайтын асханаларға үлкен сұраныс бар. Соңғы кездері, қаланың қай бұрышында болмасаңыз да, түріктің донер атты тойымды тағамына көзіңіз түседі. Тіпті, базар ортасында кішігірім дүңгіршіктерде де дайындап жатқанын көруге болады. Соған қарамастан, оған деген сұраныс бар. Байқап қарасаңыз, сол донеріңізді дайындайтын да, көпшілік асханалардағы аспазшы да сол шеттен келген гастарбайтерлер екенін түсінесіз. Алайда, олардың атқарып отырған қызметтері санитарлық нормаларға қаншалықты сәйкес екенін тексеріп жатқандарды көрмейсіз. Шеттен ағылып келіп жатқан мигранттардың денсаулық жағдайына ешкім мән бермейді. Тоғызыншыдан, олардың көпшілігі ауыр инфекциялық ауруларға шалдыққандар. Бұл да үлкен қауіп тудыратыны сөзсіз. Осы аталған себептердің барлығы мигранттардың санын қысқартып, заңсыз гастарбайтерлерді территориямыздан жою керек екенін дәлелдейді. Тіпті, соңғы уақытта мигранттарды бейімдеу орталығын ашу керек деген пікір де тарап кетті. Сонда, еліміздің қаржысына аталған орталықты ашып, ішкі пиғылы арам, пайдақор шеттен келген мигранттарға неге жағдай жасауға тиіспіз? Сонда жұмыссыз, баспанасыз қазақ жастарының қамын кім ойлайды?! Мәселе, елге келген адамдардың санын ретке келтіру, елге бағалы жұмысшыларды тарту және осы жұмысшылардың қабылдаушы елге адал еңбек ету мәселелері бойынша тиімді саясатты жүргізуде жатыр. Мигранттарға көзқарасы түзу елдер саясат пен бағалаудың тиімділігін танытатынын ескерген дұрыс.

 

Ал, дүниежүзінің нарығын жаулап алған қытайлықтар туралы әңгіме бөлек. Халықаралық зерттеулерге қарағанда, Қытайдың бюджетіне жергілікті халықтан гөрі сыртта жүрген кәсіпкерлер қомақты қаржы аударады екен. Қытайды зерттеп жүрген ғалымдардың пайымдауларына қарағанда, бұл елдiң жалпы табиғи ресурстары 2 миллиард адамды қамтамасыз етуге ғана жетеді екен. Дегенмен, осыған таяп келе жатқанын Қытайдың өзi де жоққа шығармайды. Су көздерi тартылып, ормандары сиреп, жайылымдары азып, егiстiк алқаптар уланып, экологиялық апат төне бастағаны хақында өздерi де дабыл қағып жатыр. Міне, осы себепті де,жүздеген қытайлықтар елімізге келіп, азаматтық алу және жер сатып алу мақсатымен жергіліктілерге үйленіп жатқандары да бар. Басты назарға Қытай мигранттарының ешқашан ассимиляцияға ұшырамайтынын алған абзал. Керiсiнше топтасып, қауымдасып жүрiп қалашығын салып өз ұлтының саяси мүддесiн насихаттап жүредi. Онымен шектелiп қалмай, Қытайдың экономикасын дамыту үшiн шетелде жүргенде де барлық мүмкiндiктерiн жұмылдырады. Қытайдың экономикасын көтерген, инвестиция әкелген де осы шетелдегi қытайлықтар екені сөзсіз.

 

Бiр Алматы қаласында қазiргi күнi жүзге тарта қытай кафесi мен мейрамханалары, қаншама сауда нүктелері мен базарлары бар. Қаншама гастарбайтерлер саудасын жүргізіп, кәсібін дамытуда. Әрине, қытай тауарларына шектеу қоя алмаймыз, бiрақ, тауарымен бiрге келетiн адамдарын кiргiзбеу керек шығар. Осы тұрғыда Пазылбек Абсаттаров: «Ол үшiн шекарада сауда орталықтарын ашып, сол арадан тауарын алып, өзiн сол жерде қалдырып отыру керек те шығар. Сонымен қатар, шекарада тауарларын тексерiп өткiзетiн лабораториялар салынған дұрыс болар. Айталық, Қытайдың көптеген тауарларына ЕО, АҚШ, Жапония, Малайзия сияқты көптеген елдер тыйым салды. Себеп бiреу, адам денсаулығына зиянды, тiптi улы заттар. Оған қоса, тағамдарының дерлiк бәрi гендiк модификацияланған десек қателеспейміз», – дейді. Тiптi, кейбiр тағам түрлерiнiң зияндылығын анықтауға мүмкiндiгiмiз жетпейтiн көрiнедi. Мамандардың айтуынша, тағамдарымен қоса, Қытайдан келетiн киiм-кешек, балалар ойыншықтарының сапасы да сын көтермейдi екен. Бұл Қытай мигранттарының бізді тауарымен жаулап алуы ғана емес. Қазір, қазақтың екісінің бірінде, не сауда орындарында Қытайдың фэн-шуй ілімі негізінде жасалған мүсіндер,нақтыласақ, тиын тістеген құрбақа мен месқарын адамды көресіздер. Қарапайым халық бұларды ақша, бақыт, табыс шақырады деген ниетпен сатып алуда. Сонда, бақыт пен байлықты Қытайдың ойыншығынан сұрап жүргеніміз бе?! Қарап отырсаңыз, олар бізді тек тауарларымен ғана емес, тіпті, наным-сенімдеріне де мұқтаж етіп отырған көрінеді. Шынтуайтқа келсек, бұл қытайландыру саясаты.

 

Ресейлiк зерттеушiлердiң айғақтарына қарағанда, қытайлықтарды шетелге шығарып отырумен жүйелi айналысатын бейресми жасырын ұйымдар бар екен. Әр елге шығарудың өзiндiк мөлшерi бар. Еуропа елдерiне 8-10 мың доллар, Ресейге 2,5-3 мың доллар көлемiнде әр адамға шығын жұмсайтын көрiнедi. Қазақстан ең арзандарының қатарына кiредi. Әлемдiк тәжiрибе дәлелдеп отырғанындай мигранттар тарихта ешқашан мемлекетке пайда әкелмеген, әкелмейдi де. Тағы айта кететіні, Қытайда Орталық Азияны зерттейтiн 10-нан аса ғылыми-зерттеу орталығының жұмысы Қазақстанды зерттеуге бағытталған екен. Әрбiр қытай азаматы елiне барғанда қазақтар не iстеп жатыр, ой-пiкiрi қалай екенi жөнiнде қауiпсiздiк органдарына түсiнiктеме берiп отырады дегендер де бар. Ал, Шыңжаңның экономика газетi күн сайынғы нөмiрлерiнде Қазақстанның күнделiктi экономикалық жағдайынан, былайша айтқанда базардағы көкөнiс бағасынан бастап, мұнайының әр барелiнiң бағасына дейiн жариялап отырады. Сонымен қатар, Қытайдың қытайландыру саясатына қарсы басқа елдер тәжiрибелерiн саралай отырып, тек Жапониядан ғана үлгi алуға болатынын баса айтуға болады. Өйткенi, олар ұлттық менталитеттерiн сақтай отырып, рухани әлемiне шетелдiктердi бойлатпай, өз аумағына қоныс тепкiзбедi, iргесiн аулақ ұстады. Қандай жағдай болғанда да Қытай азаматының Жапонияда тұрақтап қалуына ешқандай мүмкiндiк қалдырмаған. Жапон азаматына үйлене қалған күннiң өзiнде, азаматымен қоса елден шығарып жiбередi екен. Осы тұрғыдан алғанда, шеттен келген мигранттардың азаматтық алуларын қиындату дұрыс болар. Айталық, қазақ тілін білуді талап ету, азаматтық үшін тұрақтау мерзімін 5 жылдан 10 жылға дейін көтерген де артық емес. Депортация мәселесіне келгенде, еңбек мигранттарын реттеуге белгілі бір жүйенің қажет екені алдымыздан шығады. Еліміздегі мигранттар айлап, тіпті, жылдап та өмір сүріп, күнін көруде. Біреулері, жалдамалы жұмысшылар болса, тағы біреулері өз саудасын алға тартқандар, тағы біреулері қылмыстық топтарға қатысы барлар. Яғни, барлығында қаражат көзі бар. Сондықтан, заңсыз мигранттар үшін қатаң жазалау тәртібін қолданған дұрыс. Өз бетінше жан бағып жүрген гастарбайтерлерді де, оларды жалдаған жұмыс берушілер де назардан тыс қалдырмау керек. Ал, заңды түрде жұмыс істеп жүрген гастарбайтерлерді мүмкіндігінше азайтқан абзал. Өйткені, еліміздің экономикасын көтеретін де, өсіретін де өзіміздің азаматтар болуы тиіс. Сондықтан, жұмыссыз жүрген талай азаматтарымызды жақсы жалақы төлеу арқылы жұмысқа тартуды ойластырған дұрыс. Міне, осылай, бірте-бірте еліміздегі мигранттар саны азайып, олардың да біздің елдегі қажеттілігі төмендейді.

 

Әлемде еңбек мигранттарын реттеуге арналған түрлі жүйелер бар. Мәселен, АҚШ ұлттық экономикасында еңбек мигранттары жұмыс күшінің әжептәуір бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Ол бойынша еңбек мигранттарын тарту негізгі екі бағытта жүзеге асады. Оның бірі, еңбек мигрантының мәртебе алуы болса, екіншісі уақытша жұмыскер ретінде болу. Екіншісінің АҚШ-та болу мерзімі шектеулі. Бұндай мигранттар санатымен келушілер саны шектеусіз, яғни, олар маусымдық жұмыстарға, курорттық қалалардағы қызмет көрсетулерге орналасатындар. Ал, Францияның еңбек мигранттарын реттеуге бағытталған заңнамасы бұған қарағанда қаталдау. Еңбек мигранттарын тарту барысында, Франция жұмыс берушісі шетелдікке ұсынылатын жұмыс орнының француз азаматтарын қызықтырмағанын дәлелдеуі міндетті түрде керек. Бұнымен қоса, кейбір мамандықтарға аса жеңілдетілген визалық режимі ұсынылады. Оларға әртістер, спортшылар, мәдениет пен өнер қайраткерлері жатады. Аталған мемлекетте еңбек ресурстарының есебін жүргізетін нақты жүйе қалыптасқан. Ол бойынша, Францияға тек француз экономикасына қажетті мамандар ғана келеді екен. Яғни, құзырлы, талантты мамандықтарға алдын-ала арнайы карталар рәсімделеді. Көршілес Ресей болса, жеке тұлғаларда жалданатын жұмыс күшіне еңбек патенттерін береді екен. Ол шетелдікке еңбек мигрантына Ресей миграция қызметінің аумақтық бөлімшелері арқылы беріледі. Патент шетелдік жұмысшы 1000 рубль төлегені туралы түбіртек көрсеткенде ғана беріледі. Бұл 1 айдан 3 айға дейін жарамды болады, сосын оны 1 жылға ұзартуға және төлем жасайды екен. Бұл жүйе Қазақстанға да тиімді көрінеді. Соңғы жылдардың көрсеткіштеріне сүйенсек,

Ресейдегi шетелдiктердiң жалпы саны 4 миллион 891 мың 296-ға жеткенмен, заңды түрде еңбек етiп жатқан мигранттар саны тым аз көрiнедi. Ал, 2012жылы бұл көрсеткiш екi есеге көп болған екен. Сол себептi, ресейлiк құқық қорғау органдарының қызметкерлерi сырттан келген 1 млн. 473 мың адамға ғана квота бөлiп, мигранттардың қалған бөлiгiн ел шекарасынан шығарып жiберiптi. Еңбек нарығын бәсекелестерден қорғауды мақсат еткен президент Путин 2020 жылға қарай Ресейдегi мигранттар саны 1,3 миллионға дейiн азайтылатынын ескерттi. Сол сияқты, ҚР Еңбек министрлiгi миграциялық саясат шеңберiнде «Халықтың көшi-қоны туралы» Заң жобасын дайындады. Халықаралық тәжiрибеге сәйкес, аталған құжатта еңбек мигранттарын бiрнеше категорияға: шетелдiк жұмысшылар, маусымдық шетелдiк мигранттар мен бизнес-мигранттарға бөлу қарастырылған. Айталық, шетелдiк мамандар мен маусымдық жұмысшылар арнайы бөлiнген квота бойынша жұмысқа тартылмақ.

 

Отандастарымызға қатысты ішкі-сыртқы саясат

 

Сыртқы миграцияға қатысты саясатты тілге тиек еткенде, әуелі, оның ең маңызды бағытын анықтаған дұрыс болар. Бұл саясат шетелдегі қазақтарды елімізге тартуға бағытталуы керек. Айталық, Батыс Еуропадағы болсын, Қытайдағы қазақтар болсын біртіндеп ассимиляцияға ұшырауда.

 

Еліміз егемендік алғалы алыс-жақын шетелдердегі қандастарымыз өзінің тарихи отаны – Қазақстанға орала бастады. Қазірге дейін сырттан келген қандастарымыздың саны бір миллионға жақындады дейміз. Десе де, шетелде әлі де болса бес миллион қазақ отыр. Олай болса олардың бұдан кейінгі отанына оралу мәселесі тез уақытта шешілгені дұрыс болар. Орала алмаған қандастарымызға Қазақ мемлекеті рухани көмек көрсете алу керек. Сонда, көші-қон ісіне және шеттен оралған ағайындардың атажұртында өмір сүруіне қандай кедергілер жасалып отыр?!

Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайында Елбасы арнайы баяндамасында Дүниежүзі қазақтары алдында тұрған міндеттерді былай саралаған еді: «Нұрлы көш» жобасының екiншi кезеңiн жүзеге асыруды қолға алып отырмыз. Бұл кезеңде қандастарды жаңа өндiрiстi өңiрлер мен ауыл шаруашылығына кеңiнен тартудың жолдары сараланатын болады. Ол үшiн келген мамандарды қажеттiлiкке байланысты қайта даярлау, қысқа мерзiмде оқытуды қамтамасыз етемiз. Шетелден келген құрылтай қонақтарының басым көпшiлiгi – 60 пайызы жастар екен. Әлемдегi барша қазақ жастарының сапалы бiлiм алуына тиiстi жағдай жасауымыз қажет. Қазақстанда бiз оны жасаймыз. Осыған байланысты Бiлiм және ғылым министрлiгiне қандастарымызға бөлiнетiн бiлiм грантының квотасын нақтылап, жүйелi жұмыс жүргiзудi тапсырамын. Әлемнiң әр қиырындағы қазақ жастарын Атамекенге оқуға және қызмет етуге шақырамын. Жаңа дәуiрге қадам басқан Қазақстанға отаншыл, бiлiмдi жастарымыз аса қажет. Шетелдерде техникалық бiлiм алған қазақ жастарын индустриялы аймақтарға қызмет етуге шақырамыз. Қажет болса, әлеуметтiк қолдау да көрсетемiз.Үшіншіден, шеттегi қандастарымызды жан-жақты ақпаратпен қамтамасыз ету. Қазақ тiлiндегi бағдарламалардың санын арттыру, сапасын жақсарту; төртiншi мiндет – қандастар тұрып жатқан елдерде ұлттық өнердiң таралуына кеңiнен насихат жасау», – дей отырып, сол кезде Парламентте жатқан «Халықтың көші-қоны туралы» заңның кедергілерден ада болуын қадағалауды тапсырды. Дегенмен, «Нұрлы көш» бағдарламасы белгілі бір уақытта өз ісін атқарды да, кейін арты сиыр құйымшақтана тежеліп қалды. Қазақ көші-қон мәселесі тақырыбы төңірегінде талай форумдар мен бас қосулар өтті. Мәселен, солардың бірінде жазушы Қабдеш Жұмаділов: «Шетте жүрген қазақты көшiрiп алуға асығу керек. Өйткенi, күн өткен сайын шетелде қалған диаспораларымыз ассимиляцияға ұшырап, жұтылуда. Қазақ болудан қалып барады. Диаспора қоймадағы зат емес: бүгін болмаса, ертең алам дейтін. Ол – жанды организм. Халықтың жүрегi қазақ деп соғып тұрғанда, Қазақстанға көшiрiп алу қажет» – дей келе, бұған салғырттықпен қарамаған дұрыс деді. Ал, дәл қазір оралман қандастарымыздың басындағы ең үлкен қиындық – олардың елге келгеннен кейінгі азаматтық алудағы әкімшілік кедергілердің таусылмайтындығы. Өткен жылы қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңның жаңартылған нұсқасында оралмандарға азаматтық алудың жеңілдетілген тәртібі қолданылатындығы айтылған. Әрине, заңдағы бұл жаңалық құптарлық жағдай. Бірақ, жақыннан бері, оралман ағайын азаматтық алуда өзі келген елінен қылмыс жасамағандығы жөнінде анықтама әкелуі шарт деген талап қосылыпты. Және оған сол елдің осындағы дипломатиялық өкілдіктері растап мөрін басады екен. Міне, осындай мәселелер де қиындық туғызады. Ал, негізінен, қандастарымыздың отанына оралуы көптеген мәселелерді шешеді. Егер, сырттан миллиондап қандастарымыз келетін болса, қазақ тілінің мәселесі өзінен-өзі шешіледі. Орыс тілінің үстемдігі жойылады. Қалаға қазақтарды мейлінше көбірек шоғырландырса, ұлттық мәселе де кедергісіз шешіледі деген де сенім бар.

Алайда, көші-қон мәселесі әлі де түпкілікті шешімін таппады. Осы тақырып төңірегінде қандастарымыз түрлі бас қосулар өткізіп, өз ұсыныстарын айтады. Бірінші, Халықтың көші-қоны туралы заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізіп, жеңілдіктерді ескерген абзал. Екінші, шеттегі ағайындар қоныстанған елдермен көші-қон, білім алмасу, еңбек келісімі секілді нақтылы келісім-шарттар жасауда қажеттілік бар. Келісім-шарттардың жоқтығынан ондағы ағайындар Қазақстанға нақтылы көші-қон жолымен келе алмайды. Тек жекесапар жолымен келіп, квотаға немесе «Нұрлы көшке» құжаттар тапсырады.Тіпті, білім алмасу келісім шартының жоқтығынан Қазақстанға келіп оқуға ниет білдіретін этникалық қазақтардың талапкерлерімен нақтылы байланыстар жоқ (әсіресе, Қытайдағы, Еуропадағы қазақтармен тіптен, солай). Тек қана келіп өтініш тапсырған үміткерге ғана ие болу дәстүрге айналған екен. Қытаймен Еңбек келісім-шартының жоқтығынан Қытайдан келіп азаматтық алған зейнет жасындағы қарттарға Қазақстан жағы зейнетақы тағайындамай отыр. Шетелдік еңбек күшін тартуда ұлты қазақ өзге елдегі этникалық қазақтар ерекше ескерілуі керек.

 

Үшінші

 

, тұрақты тіркеуге тұру, тіркелу, азаматтық алу, ықтиярхат алу сияқты мәселелерде Ішкі істер органы ұлты қазақ азаматтарға ерекше жеңілдік қарастыру керек. Кейде туристік, оқу және жұмыс істеу мақсатымен келген қандастарымыздың тіркелуінде қиындық көп. Және де үй кітапшасын таба алмағандар тіркеуге тұра алмай жатады. Қытайдан келгендерде туу туралы куәлік және әскери билет болмайтындықтан оның да әуресі аз емес.Төртінші, бос қалған елдімекендер мен аудан-қала орталықтарында қаңырап қалған құрылыстарды оралмандардың жөндеп-пайдалануына тегін ұсынуды қарастыру керек.Бесінші, Көші-қон және оралмандарға қатысты құзырлы органдарда оралмандардан шыққан зиялы қауым өкілдерінен алынған арнайы қызметкерлердің болғаны маңызды. Мысалы Көші-қон комитетінде, парламент депутаттығында, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында оралман өкілдері болу керек. Алтыншы, балалардың мектепке, университетке түсуі, жастардың жұмысқа орналасуы қайта қарастырылуы керек. Этникалық қазақтар мен оралмандарға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген квотаға сәйкес техникалық және кәсіптік білім беру, ортадан кейінгі және жоғары білім беру оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарына оқуға түсу үшін білім гранттарын бұрынғы жылдардағыдан 3 есе көбейту керек. Жетінші, квотаның сандық шектемесін алып тастап, шеттен келген қазақ болса болды оған кезексіз және өте қысқа мерзім ішінде квота беру қажет. Міне, бұлар елге көшіп келген қандастарымыздың көкейінде жүрген тілектерінің бастылары.

 

Қазақстан өзінің ең қымбат генофонды қазақ ұлтынан айырылмауы тиіс. Өйткені, қазақ ұлты бұл – Қазақстанның басты байлығы. Сондықтан, қандастарымызды елге қайтаруды парызымыз деп санаған жөн.

 

4087 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз