• Ұлттану
  • 26 Сәуір, 2013

Өлгендер қайтып келмейді

Қуандық Түменбай, жазушы

Қой мен гүл

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған диқанның басына кеп тәу етіп, гүл қойып, көңілін демдеген облыстың бірінші басшысы сағатына қарады. Түс болып қалыпты. «Бұлардың асханасы бар ма екен? Оң­түстікте асханаға апармайды, құс төсек салып, төріне отырғызады деуші еді. Мен қонақшылап келген жоқпын ғой. Іспен жүрмін».
– Ереке, түс боп қалды. Ыбекеңнің үйінен дәм татайық.
– Облыстың бірінші хатшысының қалтасында түстік ішетін бір сом болады. Асханаға барайық.
Ауылда асхана жоқ. Ауданның бірінші хатшысының көзіне таяқ тастам жердегі ақ кірпіштен қаланған сұлбалы үй көрінді де:
– Мынау не? – деді саусағын шошайтып.
– Бұл – балабақша.
– Тамақты осында әкеліңдер.


Балабақшаның ас бөлмесіне екі мәрте Еңбек Ерінің үйінде әбден қайнап піскен қойдың басын әкелді. Бұрқ-бұрқ қайнаған болыскей самауыр да бұлшық еті бұлтылдаған жігіттің сәл еңкейген сұлбасымен осында жетті. Таяу маңдағы кеңседен колхоздың бастығы мен парторг шәниіп отыратын ақпен тысталған қос креслоны да бипаздап біреу әкелді.
«Мен де диқанмын. Сіз жердің бермесін алған ұлы диқансыз» деп тік тұрып басын иген облыстың бірінші басшысы колхоз бастығының соңынан еріп, балабақшаны бетке алды.
Үстел басында үш-төрт адам. Жаңа келген облыстың біріншісін айтпағанда, жергіліктілерден ауданның және колхоздың басшысы, парторг және кәсіподақ комитетінің төрағасы.
– Ауылда ақсақал бар ма? – деді Еркін Әуелбеков төрге жайғасқан бетте.
– Бар.
– Шақырыңдар. Сұхбаттасайық.
Іле киіз шапанының өңірін ашып, көнелеу бөрік киген, шүңірек көк көзді, шоқша сақалды, дөңгелек жүзді ақсақал есіктен кіре берді.
– Ассалаумағалейкүм! – деп облыс біріншісі орнынан тұрды.
– Әликмүссалам!
Бұл келген осы «Қызылтаңның» 1928 жылы қадасын қаққан, соғысқа қатысып, Түркістан легионында болған, Мұстафа Шоқаймен аталас, көзі ашық, көңілі ояу, көрмегені жоқ Сәруар қарт еді.
– Ақсақал, нешедесіз? – деді Еркін Әуелбеков бірден сауал қойып.
– Сексеннің біріндемін.
– Шежіре екенсіз. Менің Сыр бойына алғаш келуім. Солтүстікте туып, өмір бойына солтүстікте еңбек еттім. Міне, енді партия Сыр бойына жіберді. Ел тарихынан әңгіме айта отырсаңыз.
– Елмен бірге қартайдым, партиямен бірге жасадым. Бірақ, партия қатарында жоқпын, – деді қария бір шындықтың бетін ашып алғысы келгендей.
– Ол – өз шаруаңыз. Ұлы жазушы Мұх­тар Әуезов те Алаштың мүшесі боп партиядан шығып, кейін Лениндік сыйлық алғасын Димекең: «Партияға кірмейсіз бе» дегенде, «Бір шыққан жерге қайтып кірмей-ақ қояйын» депті ғой.
– Сөз-ақ, – деді қария даусын созып.
Буы бұрқырап, бабымен пісірілген қойдың басы келді. Еркін Әуелбеков «Общепит» деген жазуы бар тәрелкедегі тісі ақсиған басқа біраз шұқшиып қарады да, қолын тигізіп, Сәруар ақсақалға жылжытты.
– Ел билеп келген басшысыз. Әрі Сырға қонақсыз. Миын алмадыңыз ба?! – деді қария.
– Мынау колхоздың қойы. Құлағында сырғаның ізі тұр. Сойсаңдар неге өз қо­раларыңнан соймайсыңдар. Әр қо­наққа колхоздың малын шығындай берсеңдер, «ел тілегі – елу миллионға» қалай жетеміз? Жолдас Шауқамаров, – деп қоңқақ мұрын, жапалақ көз жігітке бұрылды. – Соңғы бір жылда ауданыңызға қанша адам іссапармен келді, қанша қойдың басы кесілді? Мен кеткенше соның есебін беріңіз.
– Бұл – Мұстафа Шоқайдың ауылы, – деп Сәруар қария бір айтары барлығын білдірді.
– Мен де диқанмын, қария. Мәскеуде, Тимирязев атындағы Ауыл шаруашылығы Академиясын тауыстым. Өмір бойына егін өсірдім. Хрущевке қарсы шыққан Бараевтың әрекетіне де қанықпын. Күріш – етене болған дақылым емес. Соның атын әлемге әйгілеген Ыбырай диқанның басына келдім. Ыбырай туралы естіп жүрмін, сіз Мұстафа Шоқай туралы айтсаңыз? Заман оны айтқызатын заман емес, бірақ, бәрінің беті бермен қарай бұрылып келеді. Сіздердің ауыздарыңыздан шыққан сөзді құлақпен естігенге не жетсін. Сіз көзкөргенсіз ғой. Біз де осылай жүре бермеспіз, – деді.
Сәруар тығыршықтай болған қатқан қараның батылдығына тәнті боп көзінің астымен қарап қойды. Қойдың құлағындағы сырғаның ізін байқап қап, сарабдалдық танытқанына қарап «тым тықырсың-ау» деп қалып еді, райынан тез қайтқан сыңайы бар. «Мұстафаның келгені де ел көзіндегі елес сияқты. Сонда қара қойдың қамын сөз ғып еді-ау».
– Айт десеңіз, айтайын. Сұрап қалдыңыз, – деп аузы ауыр қария сөз бастады. – 1917 жылдың күзі. Егін-терін жиналған шақ. Үстіне ақ кәстөм, басына ақ қалпақ киіп, қолына ақ таяқ ұстап ауылға Мұстафа келді. Ақ киініп келгені – ақтық келгені екен де. Бұл – атамекенмен қоштасып, Бакуге аттанып бара жатқан беті екен, – деп қайта-қайта жұтынып, біраз бөгелді. – Біз аталаспыз ғой. Осылай мал сойып, ағайынды жинадық. Малды менің әкем өз қорасынан сойды, – дегенде қатқан қара хатшы «қазақтың Сыр бойынан шыққаны анық» деп Шәкәрім қажы айтып кеткен, төрде отырып, ақсақалдың алдында асылық сөйледім-ау, осыны оңашада неге айтпадым» деп опынды.
Ақсақалдың айтқаны бір-ақ эпизод болды.
...Бәрі ақ киімді, ақ таяқты, күз күнінде қолына жұп-жұқа ақ қолғап киген адамнан көзін алмайды. Ағайын-туғанның боқ көтендерінің бетінен сүйген жоқ. Суық қана жымиып: «Нешінші сынып? Оқу қалай?» – деді. Соңынан айтқан сөзі – «Гүл өсіріңдер» – деді. Жұрт таң қалды. Топырағы борпылдап, Көкке ұшып жатқан ақ шандыққа гүл қайдан шықсын? Жоқ, гүл өсті. Әр үйдің алды құлпырып, жұпар шашқан раушанға толды. Оның себебі, бүкіл облыс жиналып, ұзындығы жүз бес шақырымға созылған Шиелі арнасын қазды. Ол «Дәу канал» деген атау алды. Сол Сырдариядан сағасын алған «Дәу канал» қырық жыл бойы елді суға қарық қылды. Ақ күріштен әлемдік рекорд жасалды сол судың арқасында. Әр үйдің алдында ақ, қызыл түсті раушан гүлдері жайқалып, мерекелерде тарту тартарда ешкім гүл сатып алмаққа базарға барып, сіресіп отырған кәріс пен неміске телмірмейтін болды. Бұл да Мұстафаның бір арманы еді. «Гүл өсіріңдер!» дегеннен кейін «Қойды соя бермей, басын көбейтіндер», – деді. Осыны айтқанда сыптығыр қара облыс басшысы «Апырай-ә!» – деді. Оның астарында өзінің айтқан сөзі мен сүйегі жат жұртта жатқан ұлт жанашырының ойы бір жерден шыққанына іштей тәубе ету, сосын қопаңдап қалған тапал бойынан пендешіліктің сәл-пәл ұшқыны сезілді. «Ол әлі колхоздаспаған кез, қорадағы малды көбейтіп, басын сақтаңдар дегені көрегендігі ғой» деп хатшы сынап отырып бір сараптап тастады. «Қазақтың жаны – қара қой. Мұнай аспанға шапшысын, көмір мен қорғасыннан табан былғанып жатса да қара қой – қазақтың келбеті. Онан кейін бидайдың күшті және қатты тұқымы керек. Осы екеуі барда қазақтың ешкімнің алдында еңсесі түспейді».
– Келіп-кетудің соңы бұл емес. Осында тұрсақ, әлі талай келеміз, – деді Еркін Әуелбеков. – Сіздің сөзіңізді естіп, Мұстафа Шоқайды көргендей болдым.
Ол туралы оқығандары көкірегінде сайрап тұр. Берлинге барғанда арнайы басына соққан. Бірақ, Коммунистік партияның әдебіне сай болмады деп, келгесін «үш әріп»-тің қорытындысы арқылы Орталықтан ескерту алғаны да бар еді.
Үш мәшине от алып, қасқа жолға түсті. Сәруар қария қалып қойды. Бір сөзді айтпай қалды. Мұстафаның сол сөзді айт деген адамы бұл келгенде өмірден өтіп кетіпті. Ол – өзінің әкесі еді. Мұстафа есімін бала күннен құлағына құйған да сол кісі. Өзі Керенскийдің өмірбаяндық кітабын да шұқшиып қарап шықты. Қалың кітаптан Мұстафаның атын таба алмады. Екеуі Петербор университетінде бірге оқып, жан дос болған. «Мұстафа мемлекеттік сынақты психологиядан «беске», Керенский «төртке» тапсырыпты», – деп әкесі оңашада мақтанып қоятын. – Сол Керенский Уақытша Үкіметтің тізгінін ұстағанда Мұстафаға: «Ішкі істер міністрі болсаңшы» деп заңгерлігін алға тартып, қолқа салмай ма. Сонда, Мұстафа: «Сенің Уақытша деген атың бар ғой!» – деп, бір ауыз сөзбен шотына қондырған екен».
Бұл тек бір адамға емес, жалпы жұртқа арналған сөз еді. Жалпыға да, жалқыға да жеткізе алмады. «Байтал түгіл бас қайғы» боп Сәруар үйірге түсе қоймаған сәурік айғырдай алаңқайда арқандаулы қалды. Әкесіне сыздықтатып сыр айтуға үлгере алмады. Соған өкінеді. Өкінішін уақыттан алмаса кімнен алады. Заман оңалса, ең кенжеме сол сарғайған парақты сыр ғып табыс етсем дейді. Қырық жыл ұлтарақ астында, табанның таптауында жатты. Енді ғана төсқалтасында жүрер әмиянның ортасына салды. Ешкім жоқта жел қақсын деп бүктеуін жазып ұстап отырады. Сонда да, ту сыртынан біреу қарап тұрған сияқты тез бір бүктеп, әмиянның ортасына қайта салады. «Е-е, бұл хаттың жазылғанына да қырық бес жыл болыпты-ау».
Сәруар ауылда бастауыш сыныпта мұғалім боп жүрді. Ауылдың арқаға жеңіл ол-пұлын атқарып, 8 наурыз бен 23 ақпан – әскерлер күніне концерт қойып, ел-жұртқа жұғымды белсенді жігіт атанды. Бір күні аудан шақырды. Өздері әдемі кәстөм-шалбар, үстіне жібек көйлек іліп, әбден «пасом» киіндіріп, облысқа әкелді. Облыс: «Бүгіннен бастап би үйренесің», – деді. Би болғанда қандай – сахнада аяқтың ұшымен қалықтап, көлдегі аққуды іздейтін балериндер биі. Салмағы ауыр Сәруардың он екі мүшесі биге илікпей-ақ қойды. Әсіресе, әжесі көп арқалағандықтан талтақ боп қалған қотан аяғы икемге келмей үйретушілерді әбігерге салды. Жанын шығарып қанша созғанмен түзелмеді, қақпан темірге сап тартып та қойды – сынбады. Есек мініп, ертоқымның үстінде үзеңгіні іліп ап, әңгінің бүйірін түрткілеп өскен қотан аяқ түзелмеді. Сонан биші шықпағасын үш күн түрмеге қамап, қайтарып жіберді. Кетерінде жағасында эмблемасы бар көгілдір шәпкелі: «Көрген-білгеніңді тісіңнен шығарма, тісіңнен шығарсаң шақырып алып, би үйретеміз» деп қорқытты. Әбден зәрезап боп қалған Сәруар ауылға аман қайтқанына қуанды. Кейін заманның толқынында жүзіп, әбден көресіні көріп келгенде бір білгені – Парижге СССР-дан балериндер барып концерт қоймақшы екен. Соның құрамында қазақ барса, қазақ деп жанын шүберекке түйіп жүрген Мұстафа туыс, жерлестерін көріп, ағынан жарылып ақтарылмай ма, тіпті, елге қайтуға деген көңілін сездірмей ме. Соның бәрін Сәруар айтып келсе, бұл Сталин жолдасқа сыртқы саясаттағы үлкен олжа емес пе! Сөйтіп, Сәруардың да үлкен саясаттың құрбанына айнала жаздағаны бар. Бұның бәрін кейін білді. Тағдыр бұған Мұстафаны көріп, жүздесуді жазды. Қаншама мүжілсе де қандасын бір көріп қалғанын өзінің өмірдегі олжасы санайды. «Оны да ашып айтатын кез келер». Шал әлгі жаңа басшы жігіттің сергектігіне өзі кеткесін тәнті болды. Бастапқы әрекеті солтүстіктің «шәстөшкесіндей» көрініп еді, оңтүстіктің мақамына да тез көндігіп кететін сыңайы бар. Бойында халықтық мінездің сарыны бар екен». Келіп-кеткені кеше ғана болса да шал сол жігітті тағы бір көруге ынтықты. Бір нәрсе айтқысы келеді. Екіншісі – қолда қалған, 41-жылдан бері қазынасына айналған хатты сеніп көрсетуге болатын секілді. Сенімнен шығатын жігіт секілді.
Кешегі коммунист – бүгінгі ауылдың бас қосуында Құранды жаңылмай оқыр иманды тұлға Сәруар шаршағанын сезіп, мызғып алмаққа жастыққа жантайды.

***
Көкейде іркіп қалғаны, көкірегінде сары су боп іркіліп жүргені – кешегі өзі құрған колхоз тарап, малдың талан-таражға ұшырауы еді. Бір ауданның қойын түгел «Құмкөл» деген мұнай компаниясына жанар-жағар май үшін айырбастап жіберіпті. «Оу, сонда ұл-қыз перзентті қоса айырбастағаны ма? Перзент – болашақ, қой – болашақтікі емес пе? Перзентхананы бұзып, ағашын алу – бұл да жекешелендіру ме? Ешкім жауап бермейтін неткен заңы әлсіз қоғам бұл? «Мал-жан аман ба?» деген қазақ малды жаннан алға қоймаушы еді. Тілдің де тұғыры түсіп барады. Сен Мәскеуге жиі барасың, осының бәрін сондағыларға айт, сосын бір облысты жекелендірмей бұрынғы үлгімен ұстауға рұқсат сұра» дегісі келіп еді. Ол тарамыс қара да қайтып ат басын бұрмады. Сөйтсе, оның да халі ағын судай емес екен. Осы тақілеттес шындықты айтам деп жоғарыға жақпай қалыпты. Сөйтіп, ат құйрығын үзісіп, Мәскеуге депутат боп кетіпті. Шал хат жазсам деп ойлады. Немересіне ежіктеп отырып хат жаздыртып, осының бәрін жеткізсем деп армандады. Қиялы көз алдап, көлеңке секілді айналасын айналып жүр. Шоқайдың жетпеген арманын «еркін сөз» деп жүрген мәскеуліктерге жазып жеткізгісі келеді. «Бірақ «еркін сөз» деген сол екі ортадағы еріккендердің ермегі сияқты. Солар біздің сөзімізді тыңдай қойса. Бұрын тыңдамаған құлақ енді қайдан ести қойсын» деп тосылып, таусылып отыр.
Бұлай таусылмап еді. Тауы шағылмай тоқсанға тақап қалды. Соғыс басталған күннің ертеңіне майданға шақырып, әскери комиссариаттан арнайы өкіл келіп алып кетті. Жұртқа шақыру-повеска келсе, бұны сәнденуге де мұршасын келтірмей көлікке салып әкетті. Брестің түбіне апарды. Қырғында үш-ақ күн соғысып, төртінші күні тұтқынға түсті. Немістер сабап-сабап, әскери тұтқындарға қосып жіберді. Бір күні кілең мұсылманды қатарға қойып, күреске түсірді. Биге илікпеген топан аяқ, жалпақ жауырын, зілмауыр Сәруар бәрін алып ұрды. Көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысты. Оркестрде домбыра мен мәндалинді қатар тартты. Бір күні оркестр «Сарыарқаны» гуілдетіп отырғанда алдыңғы қатарда көзінен жасы сорғалаған бір қырбық мұртты, таза киінген қазақты көрді. «Мынау Мұстафа көкем ғой». Мұстафа бұны өзінен бұрын байқапты. Күтіп тұрып, елдің амандығын сұрады. «Шал бақуатты ма? – деді тосылып қап. – Маған жолама. Өзім іздеп тауып аламын», – деді аспай-саспай.
Бірде, Күн шығар-шықпастан, лагерь шетіндегі өзінің бөлек бөлмесіне шақырды.
– Мына қағазды өзің ғана оқы. Жан баласына көрсетпе. Елге аман жетсең, шалға ғана көрсет, – деді.
41-жылдың желтоқсаны қаһарына мініп тұрған шақ. Қырау қатқан терезеге қарап тұрып сөйлеген Мұстафа қар басқан кең даланы көре алмады. Қырау тұтасқан терезе көрсетпеді.
– Аман-есен барсаң, елге сәлем де...
Бұл оның соңғы сөзі болды. Ұзамай «Сендердің басшыларың да сүзекпен ауырып жатыр» деген сөз тарады лагерьде. Екі-үш күннен кейін «Шоқай сүзектен айыға алмай көз жұмды» деген хабар жетті.
Онан кейінгісін сұрама. Отыздан енді асқан шағында тәшкі итеріп көмір де тасыды, бай немістің шошқасын да бақты. Қарсы келіп, мінез көрсеткен кездері тоғыз өрім неміс қамшысы жон арқасын тілгілеп, жанын көзіне көрсеткен сәттер де есінде. Әйтеуір, Ұлы Жеңіске жетіп, біздің әскерлер жау жеріндегі тұтқындарды азат еткесін қызыл вагонмен Амурдағы Комсомольскіге алып кеп, күндей жадыраған көпшілік қызыл гүлмен қарсы алды. Сонда, он жетінші жылы ауылға келген Мұстафаның «Гүл өсіріңдер» деген даусы өңменіне кеп тіреліп, көкірегін бір суық сезім тіміскілеп өтті де, артынша әскери оркестрдің азан-қазан айқайы астында бейтаныс біреулердің қызыл гүл тапсырған жан сезімі жауынгердің жанын ширықтырып, алақан боп жайылған өмір ертеңге қарай бес саусағын созып келе жатты. Әп-сәтте үмітті бес саусақ бүгіліп, жұдырық боп түйіліп кетті. Сап түзеп, үш жүз адым жерге апарды да, азу тісін ақситып, қабуға аз-ақ қалып арпылдап тұрған иісшіл иттердің қармауында торлы вагонге қайта тоғытты. Іле Отанын сатқан сатқындар пойызы кері бағытпен жылжып кетті. Түркістан легионының мүшесі ретінде он жылды арқалап, Комидің қалың орманының арасындағы кеңес лагерінен бір-ақ шықты. Ес біліп, етек жапқаннан кейін ойласа, соғыс басталған күннің ертесіне өзін әспеттеп алып кетіп, Брестке салып, Берлиннің түбінен бір-ақ шығарғаны да үкіметтің үлкен саясатының үлгісі – Мұстафамен жүздестіру екен. Бастауыш сыныптың мұғалімі сарабдал саясаткерді үгіттеп, үйге алып қайтады деп үміттенген екен. Қанша азап шегіп, құм арқаласа да сексеннен асқан Сәруар өткеніне өкінбейді. Қандас аға, қамығуы ішінде кеткен Мұстафаның қолын ұстап, алақан жылуын алғанын ойлағанда жан сарайы сергіп, көргенінің бәрі бір күнгідей болмай қалады.
Шал немересін қасына шақырды.
– Жаз, – деді. – Үшбу хат. Жартылай көрініс. Мәскеу. Еркін Әуелбековке. Елдің сырын баяндау.
«Сырласатын адамның табылғанына шүкір» деп тәубе айтты. Жалпы, бұл әулет тәубашыл. Соның бірі – өзі. 55-жылы қоңыр күзде, Шиелі стансасынан тағы да қызыл вагоннен жайраңдап асығып түскенде, ең әуелі, Комиде жолай қосылған қосағынан қалған қос перзентті ойлады. Сосын, табанындағы ұлтарақ астында қатты қағаздың арасына салып, ақ қағазбен бүктей оралған жазуды ойлады. Асқар таудай әкесіне көрсеткенше асығып, сол кісіге дауыстап оқып берсем деді.
Үш шақырымды жаяулап, ентігіп, жиырма-ақ минөтте жүріп келгенде асқар тауының үңірейген орнын көрді. Хат сол күйі табанда қалды. Енді-енді ғой, қолға ұстап, анда-санда жел қақтырып жүргені.
– Ата, сіз хат жазған кісі қайтыс болды ғой. Оны кімге жібересіз?
– Қашан? Қайдан?.. – деп деміне шашалып қалды.
– Бүгін. Радиодан...
Тасқа басылған сөзге ғана сенеді.
– Бүгінгі кәзитті әкел...
Түс ауа пошташы бала келді. «Көрнекті мемлекет қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, білікті де беделді агроном Еркін Әуелбеков кенеттен қайтыс болды». Газетті немересіне ұстата салды. «Жаның жәннатта болсын. Сенгенім сен едің...»
– Матасекілді оталдыр!
Сәруар қанша белсенді болса да дүние жиған емес. Бір тиынды екі тиын ғып көбейте алмайды. Анау күркілдеген ескі «ИЖ»-ді оталдыра алмай тізесі талған ұрпағына да: «Тыраш болмаңдар. Өлермен болмай өмір сүріңдер», – дейді.
– Қайда?
– Шиеліге. Музейге.
Шал көне «ИЖ»-дің бесігін солқ еткізіп отырғанда көкірек тұсын бір сипап қойды. Әмиян арасындағы бір жапырақ қағазды аудандық мұражайға өткізбекші. «Маған да көп қалған жоқ. Мал түгілі Адам, небір азамат кетіп жатқанда маған не жоқ. Мұстафаның елге сәлемі халыққа жетсін. Қолтаңбасын жұрт көрсін. Өзі де жалғыз сөйлем...» Желмен жарысқан «ИЖ»-дің бесігінде Жер-бесікке жатар күнін ойлаған қария қолын қойнына сүңгітіп әмиянын алып, арасынан бір жапырақ сары қағазды баппен шығарып, шетінен ұстап, шұқшия қарады. «41-ден бастап, елу жыл серік бопсың. Жарты ғасыр – нар жігіттің ғұмырын бірге кештік» деп сары қағазды бүктеп салып, әмиянды қойнына тықты.
Сылағы түскен тоқал там – аудандық мұражай екен. Директоры сүліктей қара қыз мән-жайға түсініп, бірден жауабын берді. Даусында діріл бар.
– Ата, біз сізді танимыз. Бізде Мұстафа Шоқайға арналған бөлім жоқ. Сондықтан, қабылдай алмаймыз. Сосын, жоғарының нұсқауы да жоқ...
«Бөлім емес, Мұстафаға арнап мұра­жай ашуға болады ғой. Нұсқау бір Алладан». Бұл сөзді дірілдеп әрең тұрған сүліктей қара қызға қаратып айтпады. «Дірілдеп қалған әлжуаз ұрпақ өсіргеніміз бе?» деген шақар ой да санасында шөгіп бара жатты.
– Мақұл-ақ, – деп бұрылып жүре берді.
Қайтар жолда «ИЖ»-дің күшейткішін барынша бұраған он бестегі немересінің күстен жарылып кеткен қолына қолын тигізді. Ол жалт қарап, «Атам ұстайтын жер таппай қалғандай...» деп тістенді.
Мотоциклден түсісімен «Сенімен сөзім бар», – деді ышқынған «ИЖ»-ді өшірген немересіне.
Осы, немересі біріншіге барғанда шыбық күйінде ұстатып қойып, түбін көмген сәмбі талдың саясына шақырды.
– Мына хатты саған тапсырдым. Ең сенімді жеріңе сақта.
Бала дегбірсізденіп тұр. Атасы қолын қойнына тығып, былғары әмиянын шығарды да, дірілдемейтін жүндес білегі дірілдеп, арасындағы ақ парақтың бүктеуін жазды. «Қияс жаудан қорғанып, өмір сүрудің қамын жасаңдар деген сөзі де. Түбірінде топыраққа гүл өсіріп, қара қойдан айрылып қалмаңдар деген қамқор сөз жатыр. Қайда жүрсең де атамекеніңнің бір уыс топырағын, Сасықкөлдің жылтырап жатқан суын аңсап өттің-ау, жарықтығым. Сен де бір жұмбақ жансың» деп босай бермейтін Сәруар көзіне жас алғанын білмей қалды. Бала келіп шұқшиғанда көргені – сарғайған қағазда сиямен жазылған жалғыз сөйлем. Соңына үш нүкте қойылыпты.
«Хат дегені осы ма?!»
«ЖАУДЫҢ БЕТІ ЖАМАН...»
Жалғыз сөйлемнің соңында көз жасындай тамшылап үш нүкте тұр.

***
Шал әлі тірі. Тәуелсіздіктің тәтті нанынан там-тұмдап ауыз тиіп жүр. Көңілі көк дөнен болғанмен көзі көрмей қалды. Қара қойдың маңыраған даусын ести алмаса да қандасының арманы болған жайқалып өскен гүлді көргісі келеді.
Кереңнен соқыр жаман екен.

Найзағайлы жаз еді...

Игі жақсылардың жанына сая бол­ған «Жұлдыз» мейрамханасында Әб­діраштың Жарасқанының қырық күндік асы берілгенде, көпшіліктің аузынан сырына қанық емес бір сырдаң сөз сытылып шыға берді. Әңгіменің арқауы – Жарасқанның депутат боп сайлана алмай қалғандығы. Бұның түп-төркіні мен мән-жайына қанық болсам да, орнымнан көтеріліп, микрофонға қол соза қоймадым.
Ақын Жарасқан пәни мен бақиға қалай керек болса, жаңа құрылған жас ұжым – Қазақстан Республикасының Аграрлық партиясына да солай керек болды. Екеуміз партия штабында бірге қызмет атқардық. Аграрлық партияның бағдарламасы мен мақсат-мүддесі – жер мен топырақты байыту, астық қоймалары мен наубайханаларды алтын астыққа сықай толтырып, еңбекші халық тәтті нан жеп, тәтті өмір сүру. Ол үшін ауылдың түтінін түзеу керек, партияның ұрансөзі – «Ауыл – қаланың анасы, Анасын ұмытпайды баласы!»
Жарасқан тізім бойынша үшінші боп депутаттыққа кандидат ретінде тіркелді. Бұл – оның тек жеке басының емес, партияның жалпы мүддесінен туындаған әрекет еді. Өйткені, дауыс жеке кандидатқа емес, партияға беріледі. Ал, халық үшін ақынның сөзі ауадай қажет болатын.
Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында аймақаралық ақындар айтысы өткізіліп, кездесулер болды. Осы кездесулердің қай-қайсында да Жарасқан өзі туралы айтып, депутаттық бағдарламасын алға тартқан жоқ, тек өлең оқыды, халықтың сұрауымен ескі де жаңа өлеңдерін жатқа оқыды. Мен болсам Нұрмолда Алдабергенов, Жазылбек Қуанышбаев, Ыбырай Жақаевтар қалдырып кеткен мұраны кейінгі ұрпақ көздің қарашығындай сақтайық деймін де, ауыл болашағына қара сөз арнап, негізгі сөзді Жарасқанға беремін. Ол өзі туралы емес, өлең туралы айтады, кездесулердің бәрі дерлік поэзия кешіндей боп көңілді өтіп жүрді.
Қызылордада болған кездесуде жас­тар: «О, махаббат, сегіз әріп, бір арман», «Шторм», «Ақ бұлақтар» секілді өлең­деріңізді өз аузыңыздан естісек», – деп қолқа салып, сол өлеңдерді оқытты, соңынан сөз алған қатысушының бірі: «Біз сіздің партияға бір кісідей дауыс береміз!» – деп ағынан жарыла ақ­тарылды. Шынында да солай болды. Петропавловскінің Мәдениет үйінде бір етжеңді әйел: «Сіз тамаша ақын екенсіз, депутаттықтың не керегі болды?» – деп сауал тастаған. Жарасқан саспады.
– Поляктің Адам Мицкевич деген ақыны қырық жасында көсемсөз жазуды бастаған екен, мен елуімде партияға кірдім. Мен ел мен жер партиясының аманатын орындап жүрмін, – деп жауап берді.
Қызылорданың Шиелі ауданында өлең оқып, қолтаңба беріп әбден шаршаған ол, пойыздың екі адамдық жұмсақ купесіне кірген бетте шалқалай жатып ап: «Жұрт мені қалада, ваннада көбікке малынып отырып, «Дала, сенің ұлыңмын!» деп өлең жазады деп өгейсітуші еді, даланың алдындағы парызым біртіндеп өтеліп келе жатқандай», – деп, сирек тістерін көрсетіп, риясыз күлімсіреді.
Ол оқу орындарында, ауруханада, астық қоймалары мен наубайханаларда, тіпті вокзалда пойыз келе жатқанда қолтаңба беріп тұрды. Сондай кездері, ұзақ бөгелетін, қолтаңбаны өлеңмен қалдыратын. «Игі тілекпен» деп сүйкей салу қолтаңба емес қой», – дейді эпистолярлық жанрға өте жауапкершілікпен қарайтын жарықтық Жәкең.
Ол депутат бола алмады, қазір Парламент орындығында Аграрлық партияның екі бірдей мүшесі ел мен жер тағдырына атсалысып отыр. Олардың ел сеніміне ие болуына ақын Жарасқан өлеңмен еңбек сіңірді десем, көрген көзге ешкім де «қой» дей алмас.
Жарасқанның әзілі алда жүреді. «Сайлаудан кейін партияның Орталық Комитетіне мүше болғанымды естігенде жүрегім зу етіп, «Сонда мен член ЦК болдым ба?» – деп қайыра сұрадым», – дейді.
Қазақстан Республикасының Аграрлық партиясы ауылдың өзекті мәселелері жайлы жазылған әдеби һәм көсемсөз шығармаларға Әбдіраштің Жарасқаны атындағы сыйлық тағайындады. Бұл – «Ауыл – қаланың анасы, Анасын ұмытпайды баласы!» – деген партия ұрансөзінің арамызда жоқ авторына құрмет, аруаққа тағзым. Бәйгенің алғашқы жүлдегерлері Бек Тоғысбаев, Серікбай Оспанов, Көпен Әмірбек, Қали Сәрсенбай болды. Бәйге әлі жалғасады.
Жәкең қара жер қойнына қойылар күні «Жас Алашта» «Асықтың ба, Ақбұлақ!» – деп соңғы сөзімді айттым, қырық күндігі қарсаңында Би-Би-Си радиостанциясынан қазақ өлеңіндегі орнын бағамдап пікірімді білдірдім, ал, мына сөз оның жұрт білмейтін бір сырын жария ету, «Жұлдыз» мейрамханасында бас қосқандардың жарым көңіліне жамау болсын дегендік.
Жарасқан «Қазақ әдебиеті» төрт бет боп шығатын кездері Әбділда ақынмен жүргізген сұхбатын «Ақында сыр болмайды айтылмайтын» деп атады.
Өзі де сыр сақтамайтындарды сүйетін.
Ол көп нәрсеге үлгерді, бәріне үлгере алмады. Бәріне үлгеру мүмкін емес. Жарасқан өзі жырлаған найзағайлы жаздай жарқ етіп асығып келді, асығып кетті. Ақ бұлақ боп кетті. Жүрегі үлкен Жәкеңнің қоңыр даусы құлағымда:
Ақ бұлақтар!
Алқынған Ақ бұлақтар!
Қазір –
Көктем,
алдың – жаз,
шапқылап қал!..

558 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз