• Ұлттану
  • 26 Сәуір, 2013

«Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр»

Үстіміздегі жылдың 24 сәуір күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан хал­қы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назар­баевтың қатысуымен «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық ХХ сессиясы өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.

Қымбатты отандастар!
Қадірлі қауым!
Қасиетті қазақ жерін татулықтың талбесігі етіп, бейбітшілікке бөлеген Қазақстан халқы Ассамблеясы биыл кәмелетке толды.
Ел тәуелсіздігінің ең жауапты кезеңінде бір­лі­гіміздің бастауы болсын деп қолымызбен құр­ған Ассамблеяның дүниеге келгеніне 18 жыл.
Осы аралықта ол өзінің өміршеңдігін көр­сетіп, біздің бейбіт қоғамның ажырамас бөлі­гіне айналды.
Елдіктің өлшемі, тұрақтылықтың тұтқасы болды.

 


Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтой­лық 20 сессиясын «Бір халық – бір ел – бір тағ­дыр» деп атауымыздың астарында үлкен мән бар.
Кезінде тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ да­ла­­сына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкен еді.
Бүгінде олар тегі басқа болғанмен теңдігі бір, қаны бөлек болғанмен жаны бір, арманы ортақ бір­тұтас халыққа айналды.
Туған елдің туының астында бірігіп, туған жер­дің тұғырын биік етуге бел шешкен азаматтарды бір тағдыр күтеді.
Осылай, елдігіміздің ертеңі ошақтың үш таға­ны сияқты «бір халық – бір ел – бір тағдыр» деген үш сөзге сыйып тұр.
Бір­лігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырыс-несібесі мол бол­мақ.
Осыны халқымыз бек түсініп, бірлігіне бекем болды.
Ел иесі – қазақ халқы да ешкімге шетқақ­пай­лық көрсеткен жоқ.
Ұлтына, тілі мен діліне қарамай барша этнос өкілдерінің теңдігін Ата Заңымызда айқындап алдық.
Табысқа тоқмейілсіп, тоқырап қалмай, алыс болашағымыздың темірқазығы – «Қазақстан-2050» Стра­тегиясын қабылдадық.
Онда ең басты 7 басымдықтың бірі – Жаңа қазақстандық патриотизмнің түп қазығы ретін­де ел бірлігін басты назарға алдық.
Менің тапсырмаммен дайындалған Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы да айрықша маңызды құжат.
Бүгінгі сессияда салиқалы ойлар айтылып, тағ­дырлы шешімдер қабылданарына сенемін.
Құрметті қазақстандықтар!
Бүгін біз Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясын өткізіп отырмыз.
Бұл біздің үлкен жолды жүріп өткенімізді білдіреді.
Осы жылдар ішінде Ассамблея кәмелет жа­сы­на жетіп, ұлтымыздың аса маңызды жалпы­аза­маттық институтына айналды.
Қазақстан – этностық жанжалдардан азат ау­мақ.
Экономикалық және әлеуметтік-саяси реформалар этносаралық тағаттылық пен үйлесімнің арқасында табысты жүргізілді.
Бейбітшілік пен тыныштық әр үйдің баға жетпес байлығына айналды.
Біздер мен сіздер атқарған жұмыстың, Ассамблея жұмысының басты нәтижесі міне, осы!
Бүгін біз Ассамблея – тұтастай Қазақстан хал­қы деп толық негізбен айта аламыз!
Барлық он жеті миллион!
Бүгін Ассамблея – тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің сенімді, берік іргетасы.
Ассамблея тарихы – ел тарихы, халық тарихы.
Құрметті отандастар!
Біздің сессиямыздың күн тәртібіне маңызды мәселе енгізіліп отыр. Ол: «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр».
Неге біз бұлай айта аламыз?
Өйткені, «бір халық» – бұл барлығымыз үшін ортақ ұлттық мүдделер.
«Бір ел» – бұл барлығымыз үшін ортақ Отан.
«Бір тағдыр» – бұл біз бірге жүріп өткен қиын­­дықтар мен жеңістер!
Бұл біздің ортақ келешегіміз – игілікті және өсіп-өркендеген Қазақстан!
Осының барлығын қоса алғанда, Стратегияны табысты жүзеге асыру үшін қоғамның бірлігі қажет дегенді білдіреді.
Бүгінде әлемдік экономикада «белгісіздік бе­ле­сі» келе жатыр.
Дамыған елдердің рейтингтері төмендеуде, ре­цессияның жаңа толқынын күту күшейе түсу­де.
Кипрде болған жақындағы оқиғалар адамдар­дың игілігіне тікелей ықпал ететін қаржы тәу­е­келдері қаншалықты күрделі болатынын көрсе­тіп берді.
Бұл – алаңдатарлық дабыл.
Әлемдегі экономикалық жағдай біз мұқият бақылап отырған этномәдени ахуал трендтеріне ықпал етеді.
Қазіргі дәуірдің шешуші парадоксі әлемде бір мезгілде екі үрдіс: унификация жағына және үлкен әртүрлілік жағына іс-қимыл танытатынына барып тіреледі.
Әлем қарапайымданып емес, күрделіленіп барады.
Тек Еуропаға ғана миллион-миллиондаған мигранттар келіп жатыр.
Біреулер үшін бұл құбылыс табиғи, ал екіншілері үшін апатты көрінеді.
Барған сайын шетін риториканың дауысы қатты естілуде.
Мультикультурализмнің бұрынғы практикасы өзін тауысқаны айқындала түсуде.
Тіпті болашақта Еуропа мемлекеттерінің «өзін өзі жоятыны» туралы кітаптар пайда болу­да.
Мен ашық мемлекеттік стратегия мен ізгі ниет бар жағдайда бірлік пен көп­қырлылық тренд­тері бір-біріне қайшы келмейтініне, керісінше, бірін бірі толық­тыратынына сенімдімін.
Біз Қазақстан халқы Ассамблеясының бар­лық жиырма сессиясы бойына нақ осындай сая­сат жүргізіп келеміз.
Және бұл саясат өзін толық ақтады!
Тәуелсіздік жылдарында біз этносаралық бірліктің өз моделін жасадық.
Іс жүзінде азаматтарымыздың тең құқығы мен мүмкіндігін, өмір сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз еттік.
Зураб Бобохидзе Атыраудан былай деп жазады:
«Менің үйім, менің отбасым, бауырларым, үш балам, бес немерем осында.
Тәуелсіздік жағдайында мен грузин болғаным үшін бірде-бір рет өз елімнің өмірінен шет қалу сезімін басымнан өткерген емеспін».
Бүгінде біздің көптеген азаматтарымыз осылай дей алады.
Құрметті қазақстандықтар!
Бүгінде әлем өзгеріп жатыр.
Онда көптеген оқшаулағыш сызықтар: өңір­лік және конфессиялық, әлеуметтік және мәдени, тілдік және этностық сызықтар пайда болуда.
Жаңа жағдайларда, біз 2050 жылға дейінгі Стратегияға аяқ басқан кезде қоғамның көп­қыр­лылығын өзіміздің пайдамызға жарата бі­луге тиіспіз.
Жаңа жағдайларда Ассамблея нағыз жалпы­азаматтық, саясатүстілік және жалпыхалықтық институт болуы тиіс.
Мен мынаны атап көрсетемін: Ассамблеяның XXI ғасырдағы миссиясы тарылып емес, ке­ңейіп келеді!
Өкінішке қарай, мұны барлығы бірдей, тіпті шенеуніктер де түсіне бермейді.
Кейбіреулер ҚХА-ға қарап, «ескіше» – бұл эт­ностық азшылықтың өкілдігі деп ойлайды.
Мен түсінбейтіндерге немесе түсінгісі келмей­тіндерге бүгінде Ассамблеяның не еке­нін айтқым келеді.
Оны БҰҰ-да, ЕҚЫҰ-да, АӨСШК-де таныды.
Ассамблея – бүкілхалықтық өкілдік!
Нақ сондықтан Ассамблеяға өзім жетекшілік етемін!
Нақ сондықтан мен бүгінде Ассамблея – бұл барлық 17 миллиондық қазақстандық дедім!
Ардақты ағайын!
Ассамблеяның ең басты міндеті – еліміздегі қоғамдық келісім.
Ал ұлтаралық татулық мәселесі Ассамблея­ның сан қырлы қызметінің бір парасы ғана.
Қазақстандағы қоғамдық келісім – ең алдымен қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстаған абзал.
Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек.
Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты бол­майынша, мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес.
Халқымыз «тар жерде табысқан кең жерде келіседі» демейтін бе еді?!
Ең тар замандарда қазақ құшағына алған өзге этнос өкілдері бүгінде өз бауырларымыз атанып, бізбен бір халыққа айналды.
Құрметті отандастар!
Біз «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асы­руға кірісудеміз.
Бүгінде біздің 2050 жылға дейінгі этносара­лық саладағы стратегиялық болжамымызды қа­лыптастыруға толықтай негіз бар.
Қазақстан 2050 жылы қандай ел болады?
2050 жылы Қазақстанның жұдырықтай жұ­мыл­ған біртұтас халық, үлгілі ұлттық мемлекет болатынына мен сенімдімін.
Қоғамдық келісім біртұтас полиэтностық халық, мемлекет пен азаматтық қоғам институттары, саяси партиялар, діни конфессиялар өмірінің басты ерекшелігі болуы тиіс.
Қоғамдық келісім Жалпыға Ортақ Еңбек Қо­ғамының ереже тұтар қалыбы болуы тиіс.
Менің өз тәжірибемде талай мәрте көз жет­кізген нәрсем – кез келген еңбек ұжымында өзара түсіністік пен келісім болғанда ғана табысты.
Сессиялардың бірінде мен Парахат Хаджи­метоваға «Бірлік» медалін тапсырдым.
Ол 67 жаста, 10 гектар жерге бау-бақша салып, осының есебінен балалар үйіне 156 баланы өсіруге көмектесіп жүр!
Бұл нағыз патриот! Біз осындайларға көмек­тесуге тиіспіз! Бұл барша үшін үлгі!
Жаңа жағдайларда Қазақстан халқы Ассам­блея­сының жауапкершілігі тек арта түсетін болады.
Қоғамдық келісім тиімді инновациялық эко­но­микаға негізделеді.
Орта тап қоғамдық келісімнің діңгегіне айналады.
Қазақстанның әрбір азаматы айқын перспективалар, болашағына сенімділік, кәсіби өсу үшін барлық мүмкіндіктерге ие болады.
Мен мерейтойлы XX сессия қарсаңында қол қойған ҚХА-ны дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында нақ осы мәселелер көрініс тапқан.
Бұл – жаңа стратегиялық құжат.
Оның жібек желісі – қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік.
Тұжырымдаманы табысты жүзеге асыру үшін бізге мыналар қажет:
Бірінші. Облыс әкімдеріне жергілікті ерек­ше­­ліктер мен этнодемографиялық құры­лым­дар­ды есепке ала отырып, өңірлік ҚХА-ны да­мы­тудың тұжырымдамасын жасау тапсырылады.
Екінші. Қоғамдық келісім мен әлеуметтік бастамалардың орталығы ретінде Достық үй­лері жұмысының тиімділігін арттыру қажет.
Мұндай үйлер барлық өңірлерде болуы тиіс.
Бұл жай нәрсе емес.
Бірақ мен мынаны баршаңыз нақты ұғынып алғандарыңызды қалаймын – Қазақстандағы бей­біт­шілік пен келісім үшін қандай баға да көптік етпейді.
Ассамблея жанынан Достық үйлері дирек­тор­ларының республикалық әдістемелік кеңе­сін құрып, жұмыстың ең озық және тиімді тә­сіл­дерін табуды және ортақтандыруды тапсырамын.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Ассамблея Хатшылығымен бірлесіп, Достық үйлері жұмыстарының тұжырымдамасын жасасын.
Олардың бейбітшілік пен келісімнің өңірлік орталықтары ретіндегі құқықтық мәртебесін айқындаған жөн.
Үшінші. Ассамблеяның «тігі» мен «көл­беуі» әр қазақстандыққа, әсіресе, әр жас қазақ­стандыққа жетуі міндет.
Жастарды Ассамблеяның қоғамдық келісім қалыптастыру жөніндегі барлық деңгейдегі шараларына тартуды қамтамасыз ету маңызды.
Төртінші. Қоғамдық келісім бүкіл халық өмірінің басты қағидаты болуы тиіс.
Ассамблеяның туы астында барлық өңірлерде Қоғамдық келісім кеңестерін жасақтауды тапсырамын.
Сессия қарсаңында біздің өңірлеріміздің эт­номәдени байлығын көрсеткен, халықтың бір­­лігін нығайтқан мен бастамашылық таныт­қан «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасы мәресіне жетті.
Бесінші. Қоғамдық келісім халықаралық аспектілерге ие.
Қазақстанның этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім моделі оның таяу және алыс шетелдердегі брендіне айналды.
Ассамблеяның саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын еске алуға арналған «Болашақ жолындағы естелік» жобасы мен Толеранттылық мәселелері жөніндегі азаматтық форумы халықаралық резонанс алды.
Жақында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Атқарушы хатшылығы Ассамблеямен ынтымақтастық туралы Хаттамаға қол қою бастамасын көтерді.
Сол бастаманы қолдауға шақырамын.
Тағы бір мысал. Украинада қазақстандық­тардың «Бірлік» Харьков қоғамдық бірлестігі бар.
Соның арқасында жүздеген қазақ отбасылары осыдан 70 жыл бұрын бауырлас Украина хал­қының бостандығы үшін Харьковті азат ету ұрыстарында қаза тапқан өздерінің ұлдарының, әкелерінің, бауырларының зираттарын біліп, басына барды.
Мен оларға қазақ халқының ризашылық сөзін жеткіземін.
Мен Харьков бастамашы тобының мүшелері Макка Сағынғалиқызы Қара­жанованы, Татьяна Николаевна Крупаны, Леонид Михайлович Карцевті «Қа­зақстан халқы Ассамблеясының қо­ғамдық «Бірлік» алтын медалімен» марапаттау туралы шешім қабылдадым.
Алтыншы. Ассамблеяны дамытуға ЭКСПО-2017-ге дайындық қуатты серпін беруі тиіс.
Көрмеге әлемнің ондаған елдерінен, оның ішінде қазақстандық этностар шыққан елдерден делегациялар қатысады және олар өздерінің үлкен мәдени бағ­дарламасын әкеледі.
Ассамблея, этномәдени бірлестіктер, халық дип­­ломатиясының жанды көпірі ретінде, көр­ме­нің этностық топтар жетістіктерінің жарқын көрінісіне айналуы үшін жағдай жасаулары керек.
Қазақстан халқы біздің меймандарымыздың қонақжай қожайынына айналуы тиіс.

***
Жаңа кезеңде ұлттық бірлесу үдерісіндегі қазақ халқының рөлін нығайту міндеті бірінші кезекке шығады.
Біріншіден, қазақ халқы Қазақстандағы бар­лық этностық, әлеуметтік топтар үшін ұлт­тық мемлекеттік қауымдастықтың қуатты тарихи діңі ретінде көрініс табады.
Біз қазақ әлемінің тарихи тұрғыда ешқашан тар моноэтносты және мономә­дениетті болма­ғанын білеміз.
Біз ешқашан да әлемдік өркениет үдерісінен бөлек дамыған емеспіз.
Одан да бетер – біздің ата-бабаларымыз осынау әлемдік үдерісті өздері қалыптастырды!
Біздің Қазақстанда тұратын барлық этностық топтармен – Еуразия ауқымында – талай ғасыр­лар бірлесе өмір сүріп жатқанымызды атап көрсету қажет.
Біздің ата-бабаларымыз әлемге мәдениет пен руханилықтың қуаттандырушы үлгі­лерін көр­сетті – біздер олардың істерін жалғас­ты­руымыз керек!
Қазіргі заманғы қазақтар, ата-баба дәстүр­лерін ұстана отырып, бірліктің, толеранттылық пен патриотизмнің, мемлекет пен қоғамға қалт­қысыз қызмет етудің үлгісін көрсетуі тиіс.
Екіншіден, бізге ұлттар үшін ортақ тарихи сана-сезім қажет.
Біздің тарихты тануымыз тұтас, оң сипатта болуға, қоғамды бөлініске салмай, біріктіруге тиіс.
Ұлттық рухты қажетті биіктікке көтеру үшін біздің шынайы тарихымыздың, мәдение­тіміздің, дініміздің қандай екенін айқын сезі­нуіміз қажет.
Қазақтардың ұлттық тарихы, олардың этно­ге­незі мыңдаған жылдарға созылған бірегей ажы­рамайтын үдеріс ретінде қарастырылуы тиіс.
Осы тұрғыда қазіргі заманғы Қазақстан ұлы дала өркениетінің ежелден келе жатқан ше­шуші мұрагерлерінің бірі ретінде заңды түр­де көрініс табады.
Мен жоғарыда атап өткендей, Қазақстан еш­қашан оқшауланған емес.
Сондықтан да тарихта, оқу пәніндегідей, қа­зақтар мен өзге халықтардың мәдени және экономикалық қарым-қатынастар үдерісі, түрлі этностардың ел тарихына үлесі лайықты танылуы тиіс.
Нәтижесінде қазақстандықтардың тарихи са­на-сезімі топтасуға, өзінің өткеніне, қазір­гісіне және болашағына патриоттық қарым-қатынас қалыптастыруға жұмыс істеуі тиіс.
Үшіншіден, біз бүкіл күш-жігерімізбен қа­зақ­­тардың ішкі бірлігін нығайтуымыз қа­жет. Бүгінде ХХІ ғасыр, инновациялар уа­қы­ты, сондықтан қазақ қоғамы да бұрынғы ға­сырлардағыдай бола алмайды.
Қазақтың зиялы қауымы менің сөзімді естуі тиіс.
Қазақстан – біздің жеріміз, біз өз жеріміздің перзентіміз.
Ақиқат қарапайым: қазақтардың белсенді араласуынсыз Қазақстанда ешқандай ұзақ мер­зімді қоғамдық келісімнің болуы мүмкін емес.
Бұл жер әрқашанда біздің ата-бабала­ры­мыз­дың жері болған.
Ол енді біздің ұрпақтарымыздың жері бол­мақ.
Біз өз жеріміздегі бейбіт өмір үшін тікелей жауаптымыз.
Толеранттылық ұлттық құндылық және Қа­зақ­стан халқының игілігі болып табылады.
Ол қазақ халқының көп ғасырлық дәстүрлері мен мәдени үлгі-қалыптары негізінде қа­лыптасты.
«Ел-жұрт», «жеті ата», «қонақжайлылық», «асар», «сыйластық», «сабырлылық» – бұл ұғым­дар қазақтардың дүниетанымы және өмір салт­тарының негізінде жатыр.
Осындай құндылықтардың арқасында біздің ортақ үйімізде бейбітшілік пен тыныштық сақталып отыр.
Сондықтан қазақтардың толеранттылықты қа­лыптастыратын өзіне тән әлеуметтік-мә­дени ере­желерін, салттары мен дәстүрлерін жал­пы­адамзаттық мақсаттағы материалдық емес мә­дени мұралардың белгі-нышаны ретін­де қарас­тыру қажет.
Осы тәжірибені Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілдігі жұмысы бағыттарының бірі ре­тінде тану тиімді болар еді.
Төртіншіден, Тәуелсіздік жылдары ішінде Қа­зақстандағы тілдердің, мәдениеттер мен салт-дәстүрлердің этностық көптүрлілігі сенім­ді үндестікке, өзіне тән реңктер мен әсемдіктер молшылығына ие болды.
Бүгінде, әлемде түрлі бағалаулар бойынша, күн сайын 10-25-ке дейін жазба тілдер жойылып, этностық мәдениеттердің бүтіндей бір қатпарлары келмеске кетуде!
Чамикуро тілінде сөйлейтіндердің ең соңғы­ларының бірі Наталия Сангама былай деген болатын:
«Мен чамикуро тілінде армандаймын, бірақ өз армандарымды ешкімге айтып бере алмаймын, өйткені, ендігі жерде чамикуро тілінде еш­кім сөй­лемейді. Сенің ең соңғы болуың жал­ғыздыққа ұрындырады».
Эяк тілінде ең соңғы болып сөйлеген, 2008 жылғы қаңтарда дүниеден өткен Мэри Смит мынадай үндеу жасаған болатын:
«Сенің тіліңде сөйлейтін соңғы адам болу өкінішті. Мен сияқты жалғыз қалмау үшін өз бастауларыңа қайта оралып, өз тілдеріңді үй­ренулеріңді өтінемін».
Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында бірде-бір этнос өз тілін жоғалтқан жоқ.
Біз тіпті ең шағын этностық топтар – асси­риялықтардың, рутулдардың, лактардың және басқа да топтардың мәдениеттерін ұқып­ты­лық­пен сақтаймыз және оларды дамыту үшін барлық мүмкіндіктер жасаудамыз.
Қазақ жері 100-ден астам этносты біріктірді.
Әрине, осы этностық әралуандықтың бәрі бір­тұтас ұлтқа айналуы үшін жақсы цемент қа­жет.
Бүгінде ұлтты біріктіруші басты фактор қа­зақ тілі – мемлекеттік тіл болып отыр.
Бесіншіден, бізге менталитет моделін, «Қа­зақстан-2050» жаңа саяси бағытының негізінде ел­дің болашақ бейнесін қалыптастыру қажет.
Бұл бейне шынайы, тартымды және рухтандырушы болуы тиіс.
Жаһандық сын-қатерлер жағдайында өзіміз­дің мәдени кодымыз: тілді, салт-дәстүрлерді, құн­дылықтарды сақтай отырып қана оған баламалы жауап қайтара аламыз.
Отанға, туған жерге, өзіміздің ата-бабала­ры­мызға, өзіміздің біртұтас және бөлінбейтін тарихымызға деген сүйіспеншілік бүкіл қазақ­стандықтар үшін айрықша маңызға ие.
Біздің асыл мұраттарымыз – Тәуелсіздік, бірлік, келісім және өркендеу.
Оны Қазақстанның халқы өзі қалыптас­тыр­ды.
Ұлт бірлігін нығайтуда интеллигенция қыз­меті айрықша маңызға ие.
Тек интеллигенция ғана қоғамды топтас­тырудың рухани үдерісіне басшылық жасай ала­ды.
Біздің елордамыз осы жұмыстың орталығына айналуы тиіс.
Сондықтан да біз Астанада әлемдік деңгейдегі Опера және балет театрын – «Астана-операны» салдық, Қазақстан тарихының жаңа мұражайын құрудамыз.
Алтыншыдан, біздің бірлік формуламыз нақты істер төңірегінде қалыптасады.
Ол біздің бірлігіміздің ең берік, материалдық негізі.
Мен әркім меншік иесі болғанда қоғамдық келісімнің іс жүзінде жүзеге асатынына берік сенім­дімін.
Сондықтан да мен Үкіметке «Халықтық ІРО» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырдым.
Ассамблея бұл бағдарламаны түсіндіруге бел­сенді атсалысуда.
Бұл – өте маңызды, бүкілхалықтық іс. Оны жалғастыру қажет.
Бүгінде біз бірлік пен толеранттылық біздің активіміз, елді жаңғыртуға салған экономикадан тыс инвестицияларымыз деп сеніммен айта аламыз!
Бүгінде бейбітшілік пен келісім саясатының тікелей экономикалық тиімділікке ие екені баршаға мәлім.
Ішкі тұрақтылық инвесторлар сенімін ны­ғайтуға, экономикалық ынтымақтастықты да­мы­туға жағдай жасайды.
Жетіншіден, жаһандық трендтерді ескере оты­рып, біз мемлекеттің, қоғам мен діннің өзара қа­рым-қатынастарының тиімді моделін табуға тиіспіз.
Біздің тарихи таңдауымыз – зайырлы мемлекет пен қоғам.
Бірақ зайырлы деген атеистік дегенді білдір­мейді.
Зайырлы дегеніміз – ілгерішіл, бейбітсүйгіш, толерантты, ашық қоғам.
Біз дәстүрлі діндерді қолдаймыз, бірақ кез келген экстремизмді үзілді-кесілді теріске шығарамыз.
Жастарды біздер үшін бөгде радикалды діни ағымдардан қорғау қажеттігіне менің сенімім мол.
Біздің Ұлы Дала мыңдаған жылдар бойы толерантты, яғни тағатты болды.
Сонымен бірге, мен толеранттылықтың, кейбіреулер ойлайтындай, ойыңа келгенді істеу емес екенін де атап көрсеткім келеді.
Толеранттылық – өзіміз нығайтып, сақтайтын және бүкіл ұрпақты тәрбиелейтін біздің қоға­мы­мыздың парасаттылық қалыбы.
Құрметті сессияға қатысушылар!
Екі онжылдықта Қазақстан Жолы жаңа тәуелсіз елдер үшін ұлттық табыстың үлгілі моделіне айналды.
Бұл – бүкіл қазақстандықтардың еңбек­сүйгіштігі мен топтасқандығының нәтижесі!
Бұл – ұлттың нағыз пассионарлық бұл­қынысы!
Бұл – тек күшті халықтарға ғана тән ұлы қабілет.
Біз осындай халыққа айналдық және осы биік­тікте қалуға тиіспіз!
Қазақстан – бұл біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ.
Біздің мерейтойлық сессиямыз – бүкіл қазақ­стандықтардың игілігі жолындағы жаңа жұмыстар үшін жақсы бастау.
Алдымызда үлкен жоспарлар тұр.
Оларды жүзеге асыру жаһандық құбылулардың күрделі жағдайларында жүретін болады. Оған бүгіннен бастап дайын болып, халық бірлігін бү­кіл күш-жігермен бекемдеу қажет.
Сондықтан да біз бір халықпыз – бір елміз – бір тағдырмыз!
Мен бүкіл қазақстандықтарды алдағы Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын!
Барлық сессияға қатысушыларға, бүкіл ха­лық­қа және жаһандық әлемдегі біздің барлық достарымызға зор табыстар тілеймін!

628 рет

көрсетілді

30

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз