• Ұлттану
  • 23 Желтоқсан, 2013

Қазақ немқұрайдылығының қатері

Сейілбек Мұсатаев,
саяси ғылымдарының докторы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Саясаттану кафедрасының
профессоры
«Ақиқат» журналының 2013 жылғы №10 санындағы «Қазіргі қазақ мәселесі» атты тақырыпта өткен келелі кеңесте Темірхан Ме­детбек: «Ұлт мәселесі дегенде, менің ең қатты қорқатыным − қазақтың самарқаулығы әрі немқұрайдылығы. Бойымызды немкеттілік билеп алған: ешқандай іске білек сыбанып кіріспейміз. Ол азғантай топқа ғана керек сияқты. Бұл немқұрайдылық пен самарқаулық әрі немкеттілік кеңестік санадан қалған, құлдық психологияның жемісі» деп, қынжылыспен ойын білдіріпті. Осы сарындағы ой көптен бері менің де көкейімде жүрген еді. Бұл мәселе көзі ашық, көкірегі ояу әрбір қазақстандық зиялы қауым өкілін мазалайды деп ойлаймын. Адамдарды дендеген немқұрайдылық күнделікті тұрмыс-тіршіліктен бастап, қоғам өмірі үшін маңызды саналатын саясат, құқық, экономика, денсаулық сақтау, өнер, мәдениет, білім, ғылым сияқты белді салаларына әбден сіңгені соншалық, бұл бір әдеттегі үйреншікті жағдай сияқты саналатын болған. Қазіргі қоғамымызда орын алып отырған түрлі келеңсіздіктерге арқау болып отырған факторлардың қатарында нақ осы немқұрайдылықтың алатын орны ерекше екені даусыз.


Немқұрайдылық, енжарлық, самар­қаулық, жаныашымастық, үндеместік, үмітсіздік, еріншектік, бойкүйездік, нем­кеттілік... Адамның бойындағы осынау жағымсыз сипаттағы сезімді сипаттайтын синонимдерді санамаласақ, оның небір нұсқасы бар екенін байқаймыз. Олай болатын себебі, немқұрайдылық кеселі адамның бойына батпандап еніп, мың құбылып жайылып, жер бетіндегі пенденің басым бөлігін әбден дендеп алған. Психологиялық дерттей жабысқан немқұрайдылық адамзатқа тоқтаусыз опық жегізіп келе жатыр. Адамдар соны біле тұра, немқұрайдылықтан арылмай келеді. Бұл тақырыптағы мақал-мәтелдер де жетерлік. Қазақтар: «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын», «Көрмес түйені де көрмес», «Ақылы жоқтың арманы жоқ», «Жатқанға жан жуымас», «Көңілсіз бастаған іс көпке бармайды», «Ерді еріншектік аздырар», «Тілі жоқтың тегі жоқ, тегі жоқтың елі жоқ», «Ермек қуған бәлеге жолығады», «Тоқтығында жараспаған, аштығында қараспайды», «Ынжықтардың елін ұрысы билейді, ынтымақты елді дұрысы билейді», «Ел болатын жігіттер, ел намысын жыртады. Ел болмайтын жігіттер, елін ұрлап құртады», «Үйде шешен, дауға жоқ, Үйде батыр, жауға жоқ», «Көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір сөз», «Үндемеген үйдей бәледен құтылады», «Менен кейiн бұл болмаса күл болсын», «Сен тимесең, мен тимеймін бадырақ көз»...
Өзге ұлттардың да немқұрайдылық туралы нақыл сөздері көп. Мысалы, орыстар: «Знать не знаю и ведать не ведаю», «Далеко глядит, а под носом не видит», «Гром не грянет - мужик не перекрестится», «Скажи, да укажи, да в рот положи», «Под лежачий камень вода не течет», «А там (после нас) хоть трава не расти», «Мое дело петушиное - прокричал, а там хоть не рассветай», «Моя хата с краю - ничего не знаю», «После нас хоть потоп!», «Почить на лаврах», «Я не я, лошадь не моя, я не извозчик. Я не я, и хата не моя, я не дворник»... Егер, «Қазақ немқұрайдылығы» ұғым-түсінігін философиялық категория деңгейінде қарасақ, онда ол орыстың «Русская лень» деген пайым-парасатымен деңгейлес болып шығатын құбылыс. Орыс жалқаулығы «Емеля мен шортан», «Алтын балық», «Сиқырлы дастархан» сияқты ертегілерді туындатса, одан кейінгі кезеңде небір шығармаларға арқау болды. Қазақ немқұрайдылығы сияқты, орыс жалқаулығы да тұтас ұлттың өмір-салты мен дағдысына айналған жағымсыз рухани құбылыс. Немқұрайдылық туралы украиндар: «Не спрашивают, так молчи, а коль не бьют - не кричи», «Хоть три дня не ест, лишь бы с печи не слезть», «Где деньги говорят, там правда молчит», «Хоть кол на голове теши, ему безразлично»... Қытайларда: «Немқұрайдылықтың арқасында Цзинчжоудай қаланы да жоғалтқанбыз», «Жай ғана немқұрайдылық аса маңызды шығынға ұшыратады», «Қорғанмен қоршалғанды жау алмас», «Қазаны бөлектің, қайғысы бөлек» сияқты мақалдар жетерлік. Қытай философиясы «Мақалды жаттап алып, оларды қолданбау - жерді жыртып, оған дән салмаумен тең» дейді екен. Бұқара халық көп жағдайда осы сарындағы ұстаныммен «аспан айналып жерге түссе де» селт етпейтін самарқаулыққа, «неменем кетер» дейсің деп, немқұрайдылыққа берілуді жөн көретіні байқалады.
Немқұрайдылық туралы айтқан түрлі ойшылдардың афоризмдері де жетерлік. Драган М. Еремич: «Өзіңе немқұрайлы қарау – қателік, басқаларға немқұрайлы қарау – дерт», Вильгельм Фишер: «Немқұрайдылық жиіркеніштің бір бөлшегі», Халиль Жебран: «Ынта – жартылай өмір; немқұрайдылық - жартылай өлім», А.П. Чехов: «Равнодушие – это паралич души, преждевременная смерть», Тереза Шешей: «Адамзаттың ұлы күнәсі зұлымдықпен жеккөру емес, адамдардың бір біріне немқұрайдылықпен қарауы», Джордж Бернард Шоу: «Адамдарға қатысты біздің жасайтын қылмысымыздың ең жаманы – бұл оларды жеккөру емес, немқұрайды қарау. Адамгершілікке жат рақымсыздықтың мәні осындай». М. Горький: «Немқұрайды болмаңыз, өйткені немқұрайдылық адамның жан-дүниесіне өлім әкеледі», Михаил Мамчич: «Единогласие – это не когда все заодно, а когда всем всё равно»,  Тагуи Семирджян: «Равнодушие – это смерть при жизни», Пьер Корнель: «Беспечность - худший враг, чем вражеская рать», М. Саади: «Если ты равнодушен к страданиям других, ты не заслуживаешь названия человека». Бұл тізімді ұзақ жалғастыруға болады.
Немқұрайдылық ұғымына қоғамдық ғылымдардың әр саласы өзіндік анықтама беруге тырысқан. Тіл ғылымында Ожеговтың түсіндірме сөздігінде «Равнодушие, безучастное отношение к кому-чему нибудь. Безразличие к окружающим» деген анықтама беріледі. Психологиялық сөздікте бұл ұғым апатия терминімен беріліп, «қатты шаршаудың, сары уайым немесе қатты сырқаттанудың, ішкі қайшылықтардың әсерінен болатын, қоршаған ортаға қызығушылық жоғалып, немқұрайдылық сезім басатын психикалық жағдай» деп анықталады. Г.В. Морозов пен В.А. Ромасенко «Нервные и психические болезни» деген ғылыми еңбектерінде апатияны «симптом, выражающийся в безразличии, безучастности, в отрешённом отношении к происходящему вокруг, в отсутствии стремления к какой-либо деятельности» деп түсіндіреді.
Философиялық сөздікте бұл сезім индифферентизм деген терминмен беріліп, «постоянное равнодушие или безразличие в отношении к чему-нибудь. Принципиальное значение имеет индифферентизм в области высших вопросов жизни и знания – индифферентизм религиозный и философский. Противоположная индифферентизму крайность есть фанатизм, коего не чужда и философия» деген анықтама беріледі.
Кезінде немқұрайдылық мәселесін арнайы зерттеген Бруно Ясенский «Заговор равнодушных» атты романының әлқиссасын Роберт Эберхардттың мынадай ойынан цитата келтіріп бастаған екен: «Не бойся врагов - в худшем случае они могут тебя убить. Не бойся друзей - в худшем случае они могут тебя предать. Бойся равнодушных - они не убивают, не предают, но с их молчаливого согласия существует на земле предательство и ложь». Осынау оймақтай ойдың мәні қандай терең десеңізші. Немқұрайдылықтың қаншалықты қауіпті болатынын талай ғалым зерттеген. Немқұрайдылықтың қай түрі болмасын қауіпті, бірақ, оның аса қауіптісі – саяси немқұрайдылық екені даусыз. Өйткені, саясат бүкіл дүниежүзінің, белгілі бір елдің, мемлекеттің, ұлттың тағдырын шешетін құдіретке ие. Осы жерде Жан Бодрийардың «В тени молчаливого большинства, или Конец социального» атты еңбегінен үзінді келтіре кетейік: «Долгое время казалось, что апатия масс должна приветствоваться властью. У власти сложилось убеждение, что чем пассивнее массы, тем эффективнее можно ими управлять. Исходя из него, она и действовала в период, когда властные механизмы были централизованы и бюрократизированы. Однако сегодня последствия этой стратегии оборачиваются против самой власти: безразличие масс, которое она активно поддерживала, предвещает ее крах. Отсюда радикальная трансформация ее стратегических установок: вместо поощрения пассивности - подталкивание к участию в управлении, вместо одобрения молчания - призывы высказываться. Но время уже ушло. «Масса» стала «критической», эволюция социального сменилась его инволюцией в поле инертности. От масс постоянно требуют, чтобы они подали свой голос, им навязывают социальность избирательных кампаний, профсоюзных акций, сексуальных отношений, контроля над руководством, празднований, свободного выражения мнений и т.д. Призрак должен заговорить, и он должен назвать свое имя. Молчание масс, безмолвие молчаливого большинства - вот единственная подлинная проблема современности».
Бұл тұжырымды Ж.Бодрийардың субъективті пікірі дегенімізбен, оның мәні ақиқатқа жақын. Қорқытып-үркіту арқылы халықтың аузын жауып, ерік-жігерін құм еткен сайын, халықтың саясатқа, ел мен жер тағдырына, болашаққа деген немқұрайдылығы мен бөгделену сезі­мінің арта түсері даусыз. Немқұрайды халықты басқару оңайырақ, олар ойларын ашық айтпайды, сынап-мінемейді, наразылық көрсетпейді, дау-жанжал тудырмайды. Бұл билік үшін оңтайлы: саяси тұрақтылықты сақтау, ұлтаралық татулық, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету сияқты «жетістіктерге» тез қол жеткізеді. Мұндай жағдайда немқұрайды халықтың ел-жұрт үшін тағдырлық маңызы бар күн туса, бас көтермей, пікірін айтпай, нақты іс-әрекет жасамай, самарқау қалатынын кім ойлайды дейсіз. Өз елінің тағдырына халқы немқұрайды қарайтын болса, ондай елдің де, халықтың да болашағы жоқ. Міне, немқұрайдылық осындай қатерлі дерт.
Несін жасырамыз, «Балық басынан шіриді» демекші, біздің қоғамдағы немқұрайдылық жоғары мемлекеттік биліктен бастап, кәрі-жасын таңдамастан, қатардағы барлық азаматтарға дейінгі аралықты тұтасымен қамтып отырғаны анық байқалады. Қазақстандық шенеуніктер өздерінің атқаратын қызметтеріне салғырт қарайтыны, ұлттық мүддені қорғауға немқұрайдылық танытатыны айтылып-жазылудан, сыналып-мінелуден кем де емес. Жемқорлық пен бюрократия жайлаған, немқұрайдылықтан мең-зең болған мемлекеттік машина тиімді әрі нәтижелі жұмыс істеуден қалатыны заңдылық. Біздің шенеуніктердің өздері біліп, атқаруы тиіс қызметтерін толыққанды жүзеге асырмайтыны, бюджеттік қаржы-қаражатты орнымен игере алмайтыны, ел байлығын талан-таражға салуы немкетерлікпен жасалатын саботаж емей немене? Бұл - қасқырға қой бақтыру сияқты аянышты жағдай. Президент ұрысып, сынаса, шенеуніктеріміз бір серпіліп, қамшы тиген шабан аттай, ілбіген жүрісін аздап тірілтіп қояды. Билік басындағыларды қою тұмандай басқан немқұрайдылық биылғы күзде аздап сейілгендей болды. Бірқатар министрлік пен әкімдіктердің өкілдері сөгіс алды, біразы қызметінен босады, кейбірі істі болды. Отанымызда орын алып жатқан олқылықтарға қарасаң қарның ашып, Қазақстанның болашағына алаңдайтын, патриот саясаткерлердің азайып кеткені жаныңа батады. Ел-жұрттың тағдырына жауапты басқарушылардың жауапкершілігі неге өте төмен? Мемлекеттік қызмет жүйесін жайлап алған бұл не деген немқұрайдылық?
Өкілдік демократияның жолымен сайлауда өз дауыстарын беріп, билік органдарын қалыптастырған халық та, сол биліктің қызметін барша қоғам болып бақылауға алуға құлықсыз. Біздің халық демократия мен құқықтық мемлекет жағдайында мұндай тамаша мүмкіндіктің бар екенін ойлап басын қатырмайды да. Бұқара халық өз елінде жүріп жатқан саясатты театр сахнасындағы қойылымдай қарап, сырттай тамашалайтын көрерменге айналған. Демократия азаматтардың саяси қатысуына негізделетініне, сайлау – демократияның басты саяси механизмі екеніне, саяси партия мен азаматтық бірлестіктер арқылы билікке ықпал етуге болатынына, қысқасы, әрқайсымыздың тағдырымыз бен болашағымыз саясатпен өзара тәуелді байланыста дегенге кекесінмен қарау басым. Осыдан келіп, халықтың саяси бөгделенуі, сайлаушының дауыс беруден жалтаратын абсентеизмі (саяси немқұрайдылығы), өздерінің құқықтық мүмкіндіктеріне шүбәланатын азаматтардың нигилизмі сияқты самарқаулықтың небір түрлері туындауда. Азаматтардың саяси сауаттылығы мен қоғамдық белсенділік деңгейі тым төмен, ал, оның есесіне, қоғамдық сана-сезімді бодандық саяси мәдениет пен немқұрайдылық әбден басып алған. Бұл тұрғыда Андре Моруа (шын аты Эмиль Эрзог) «Саясатқа деген немқұрайдылық – бұл да бір саяси іс-әрекеттің түрі әрі жүргізілген саясаттың жемісі» деп тегін айтпаса керек. Қазіргі Қазақ елінде немқұрайдылық деген, бейне бір жұқпалы ауру сияқты, жоғарғы биліктен бастап, бұқара халыққа дейінгі аралыққа жаппай таралып отыр. Уақыт зырылдап өтуде, өмір ырғағының қарқыны да күшті, адамдар асығыс, әлденеге ашулы, қатыгез, жан-жағына қарауға құлықсыз... Билік пен атақ-мансапқа қол жеткізген шенеуніктерге жеке бастарының мүддесі жақын болса, нарықтың қыспағына түсіп, тұрмыс тауқыметін тартқан қараша халық күнделікті күйбең тірліктің қамын ойлаудан әрі аса алмай жүр. Эгоизм, яғни, қарақан басты ойлау бүгінгі қоғамда басты орынға шығып, басқа мәселелерге адамдар немқұрайды қарайды. Патриотизм, ұлттық мүдде, альтруизм (көпшілдік), гуманизм аңқауларға арналған құндылықтарға айналды. Қоғамдық дамудың осындай үрдіспен жалғаса беруі түптеп келгенде, еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретініне де ешкім алаңдамайтын сыңайлы...
Ұлттық тұрғыдан қарасақ та, немқұ­райдылықтың кесірі тиіп тұрған мәселелер жетіп артылады. Солардың ішінен ең басты деген, жанымызға бататын негізгі үшеуін атап айтсақ, біріншіден, ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізе отырып, мемлекет құрушы қазақ ұлтының ар-намыссыз бөлігі өздерінің ана тілі - қазақ тіліне, қазақы ұлттық болмысқа немқұрайды қарауы. Екіншіден, патриоттық сезім мен іскерлік қабілеттері жетіспей тұрса да, қилы жолдармен билікке қол жеткізген басшылардың немқұрайдылығынан еліміздің дамуы тежеліп, Қазақ елінің ұлттық мүддесіне кереғар келетін іс-әрекеттердің жиі орын алуы. Үшіншіден, халыққа «Өз күндеріңді өздерің көріңдер, қазір нарық» деп немқұрайды отырған биліктің шарасыздығынан, конституциясында әлеуметтік мемлекет деп танылатын Қазақстан кейбір тұстарда қанаушылыққа негізделген капиталистік мемлекетке айналды. Кей саладағы әлеуметтік әділетсіздік, жұмыссыздық, қымбатшылық халықты әбден қажытып, шаршатты. Сананы тұрмыс айқындап, халқымыздың рухани жан дүниесі өзгерді.
Қазақтардың бойында немкетерлік басым екенін кезінде Абай атамыз да айтып, «Қара сөздерінде» жан-жақты қарастырған болатын. Одан кейін де Алаштың талай қайраткерлері қазақты немқұрайдылықтан арылтуға күш салды. Міржақып Дулатұлы да «Оян, қазақ!» өлеңінде:
– Көзiңдi аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткiзбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кеттi, дiн нашарлап, хал харам боп,
Қазағым, ендi жату жарамасты - деп ұрандады.
1911 жылы 10 қаңтарда Троицк қала­сында қазақ халқының тұңғыш журналын шығарған Мұхамеджан Сералин журналдың «Айқап» аталуын: «Біздің қазақтың «Әй, қап» демей тұғын ісі бар ма? Біздің қазақтың неше жерде «қап» деп қапы қалған істері көп. «Қап» деген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз өкінішімізге ылайық «Айқап» болды» деп түсіндірген екен. Содан бері қазақтың қанша қайраткері ұрандап, немқұрайдылықты еңсеруге ша­қыр­ғанымен, халық селт етер емес.
Немқұрайдылықтың көрпесін серпіп тастап, қазақтың жаппай оянған кезеңі 1986 жылғы желтоқсанда болған көтерілістен басталып, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарын қамтыды. «Желтоқсан», «Азат», «Невада-Семей», «Арал-Балхаш» сияқты қозғалыстарды халық қолдады, ұлттық рух жалындап, зиялы қауым да өте белсенді болды. Ел болып, етек жеңімізді жинаған соң, халқымыз эйфорияға, яғни, асқақ сезімнің еліткіш буына беріліп, қайта маужырап, қалғып-мүлги бастады. Біз тарихымыздан сабақ алып, ата-бабаларымыздың «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадай» қасіретті кезеңдерде тас түйін жұдырықтай жұмылып, жауға соққы бергенін, қан майданда жеңіске жеткен соң, бейбіт өмірде қайтадан ыдырап кетуінен отарлық езгіге түскенін ұмытпауымыз керек. Өкініштісі сол, мемлекеттілікті нығайту мен ұлттық мүддені қорғау үнемі қырағылықты қажет ететінін, ұлттық мемлекетті дамытудың ұлы ісі немқұрайдылықты кешірмейтінін бүгінгі қазақтар естен шығарып алған сыңайлы. Оның үстіне, тәуелсіздікпен бірге ілесе келген нарықтық қатынастар қазақстандық қоғамда тұтынушылық психологияны туындатып, оны жылдан жылға жандандырды. Бізде әлі күнге дейін материалдық сипаттағы құндылықтарға басымдылық берілуде, Қазақстанды қоса алғанда бүкіл ТМД елдерінде тұтынушылық аласапыран жүріп жатыр. Тұтыну қоғамы деген ұғымды ғылыми айналысқа ендіруші неміс ғалымы Эрих Фромм оған мынадай баға берген: бұл - адамдарды тұтынудың (азық-түлік, киім-кешек, ойын-сауық, сән-әшекей, опа-далап, техника т.б. тұтыну) құлына айналдыратын қоғамдық қатынастың түрі, мұндай қоғамда адамдар ашкөз, арамза, қызғаншақ, жауапсыз, өзімшіл, төңірегіндегілерге немқұрайды болады. Тұтынушылық қоғамның моральдық құндылықтары адамның ой-санасы өсуін, адамгершілігі мен рухани дамуын қажет деп есептемейді, адамға тек тұтынушы ретінде қарайды. «Тұтынушы бар болса, экономика дамиды» деген қағида алдыңғы орынға шығады. Бұл қағиданы насихаттау мен жарнамалаудың өзі дербес индустрия. Мұның барлығы түптеп келгенде халықтың дүбәра тобырға айналуын, ұлттың жойылуын, адамдардың деградацияға ұшырап, адамгершіліктен айырылуын, гендік қордың бұзылуын, мәдениеттің құлдырауы мен имандылықтың жойылуын туындатады. Э. Фромм ХХ ғасырдың басты моральдық проблемасы – тұтынудың соңына түскен адамдардың өзіне-өзі немқұрайды қарауы деп көрсеткен. Оның айтқан тұтынушылық қоғамы қазір бізде салтанат құрып отыр. Енді бізде тұтынушылардың құқығын қорғайтын арнаулы мемлекеттік орган да бар: күні кеше жаңа агенттік құрылды.
Биылғы жаздың соңғы күні Алматы қаласының тұтынушылары көп жиналатын «Прайм Плаза» сауда ойын-сауық кеше­ні алдында орын алған қақтығыс бәріміздің есімізде. Наразылықтың себебі - тұтынушылық психологияның жетегіндегі тобыр мен Қайрат Нұртас атты әншінің арасындағы түсініспеушілік. Үш мыңға жуық қазақстандық азамат қатысқан жанжалдың аяғы жаппай төбелеске, полициямен қақтығысқа ұласып, бірнеше автокөлік, концерттік құрал-жабдық, аталған сауда үйінің ғимараты мен қаланың коммуналдық меншігі қиратылып, ішінара өртелген. Осылайша, тұтынушылардың қанағаттанбауы күтпеген жерден теріс нәтиже берді. Ал, осы оқиғаның алдында еліміз бен жеріміз үшін маңызы зор небір саяси жағдайлар орын алса да, азаматтарымыз оларды елемей, немқұрайдылық танытып келген болатын. Мысалы, Байқоңырдағы «Протон» зымыраны құлап, қазақ ауылдарына гептилмен улану қаупі төнгенде, саусақпен санарлық қоғам қайраткерлері бас көтерді, қалған халық қол қусырып, қарап отырды. 600 тонна гептилден Қазақ елінің шеккен зияны бүгін 14 млрд. теңге деп бағаланып отыр. Бірақ оған Ресей де селт еткен жоқ, қазақтар да құн төлетуге немқұрайды. Мұхтар Шахановтың шырылдауымен, мемлекеттік тілді қолдау мен дамыту мәселесіне қатысты өтетін қоғамдық іс-шараларға да халықтың қатысы немқұрайды. Қазақстанның табиғаты тек Мэлс Елеусізовке керек сияқты. «Аттандайтын» аса таяқты Амантай қажы ғана. Ат төбеліндей аз тобы болмаса, Кедендік одақтың келешегі қалай болады деп алаңдаған қалың қазақ жоқ. Отанына оралғысы келетін қазақ бауырларымыздың көшін кідіртіп, азаматтық алуын бес жылға дейін созатын саяси шешім қабылданғанда, басқасы басқа, қазақ азаматтар үндемеді. Тағы да сол, қазақтың бірнеше зиялы қауым өкілі байбалам салды да қойды. Өзгелерінде «Мемлекет құрушы ұлт – қазақтар көбейсе, Қазақстан мықты болады ғой» деген ой жоқ. Қазақстандық қазақтар «Бізге оның қатысы жоқ, оралмандардың проблемасы» деп үндемей қалды, сөйтіп, немқұрайдылық механизмі қапысыз қызметін атқарды. Осы сияқты, ел-жұртымыз үшін өзекті басқа да мәселелерге немқұрайды қарайтын, бір сәттік қызық қуған тұтынушы тобыр үшін сауық-сайран мен концерт маңызды болып шықты. «Өзім дегенде өгіз күшім бар» дейтін тұтынушыларымыз кезінде Жапониядан әкелінетін, жетегі оң жақтағы, біздің жолға теріс автокөліктерге тыйым салынғанда тез арада ұйымдасып, қоғамдық қозғалыс құрып алғанын ұмыта қойған жоқпыз. Тура сондай, тұтынушылардың ұйымдасуымен «алданған үлескерлердің», «несиені қайтара алмағандардың», «жөргекпұлдары қысқарғандардың» ұйымдары құрылып, наразылық акцияларының көптеп өтуі әдеттегі жағдайға айналды. Пайда табуды жөн көретін, қоғамдық істерге сырттай көрермен базар саудагерлері тек өздеріне тықыр таянғанда ғана ойбайға басқыш. Жекелеген азаматтар тұтынушылық құқықтарын қорғау үшін құрылыс кранының басына шығып, құлап өлеміз деп қорқытса, енді бірі өздерін-өздері өртеп, суицидке дейін баруда. Екі жыл бұрынғы Жаңаөзендегі қанды оқиғаның себептері: жұмыс берушілердің еңбекші тағдырына неқұрайлы қарауы, жұмысшылардың алатын айлық жалақыларының төмендігі мен сол азғантай жалақының уақтылы берілмеуі болды. Уақытында берілмейтін болса, азын-аулақ жалақыға тәуелді жұмысшы-тұтынушылар үшін бұдан асқан проблема жоқ. Биыл болған несие реформасына наразылық танытушылардың да қозғаушы күші зейнетақының тұтынушылары. Жақында ғана орын алған салық реформасы бастапқы заң жобасындағыдай қатал жүзеге асқанда, кім біледі, наразылықтың толқыны қандай боларын... Қанша айтқанмен, салық төлеу мен тұтынушылық халықтың бәріне ортақ мәселе ғой.
Көріп отырғанымыздай, басқа мәселелерге немқұрайдылық танытатын халқымыз тұтыну мәселесіне келгенде көздері жайнап шыға келеді. Қу құлқынның қамымен жүріп, шынында, тұ­тынудың құлына айналғанбыз ба қалай? Осы күні, «Ақшаң болса шешіл­мейтін проблема жоқ» деген қағида тұтынушылық өмір сүрудің басты ұранына айналды. Ақша деген «құдіретті күш» заң мен әділдікті аяққа таптауда. Қоғамды жайлаған жемқорлықтың тамырында осы ұстаным жатыр. Ақша үшін адам өлтіруден тайынбайтындар да арамызда баршылық. Тіптен, кейбір жерлестеріміз ақша табу үшін Сирия сияқты соғыс жүріп жатқан елде жалдамалы әскер ретінде қан төгуге даяр екеніне жақында куә болдық. Тұтынушылыққа жанасатын мәселелерде қазақтар немқұрайдылық танытпайды, алақандарын ысқылап, мұндай бағыттағы іс-шараларға белсенді түрде, бел шешіп кірісуге даяр тұрады. Қазақтар той-томалақ өткізу мен ас беру, байлық-билігін паш етіп, сән-салтанат құруға кел­генде алдына жан салмай, бір бірінен асып түсуге тырысады. «Бұдан да жаман кезімде той жасағам» дегіш қазақ несие алса да той жасайды, бұдан тойбизнестің тасы өрге домалап тұр. Осыған қарап, «Біздің қазақ жомарт!» деп мақтанамыз. Бұл мақтан тіптен, мемлекеттік деңгейге дейін көтеріліп, бюджет есебінен түрлі саммит, съезд, форум, мерейтой өткізуді сәнге айналдырдық. Той жасау былай тұрсын, игі жақсыларымыз бақилық болған жақындарын о дүниеге салтанатпен шығарып салу, ат шаптырып, ас беру, қабір басына кең сарайдай зират тұрғызу, атасының аты берілетін мешіт салуда өзара бәсекелесетін болды. Обал-сауап, қанағат-ынсап «модадан» қалған. Қысқасы, атақ-даңқ, даңғазалық пен бөсіп мақтану үшін ысырапшылдыққа бару үрдісі қоғамымызда қызып тұр. Оның есесіне, қайыр-садақа беру, кем-кетіктер мен жетім-жесірлерге қамқорлықпен қайырымдылық жасап, қоғамдық істерге демеушілік көрсетуге келгенде бай-манаптарымыз сараң әрі немқұрайды бола қалады. Жаңа ғана мақтаған жомарттық қайда кетті сонда?
Осылайша, тұтынушылық қоғамның адамдарды немқұрайды ететін түрлі фактор­лардың маңдайалдысы екеніне көзіміз жетті. Осы жерде Ресей академигі Владимир Арнольдтың мынадай тұжырымына тоқтала кетейік: «Американские коллеги объяснили мне, что низкий уровень общей культуры и школьного образования в их стране - сознательное достижение ради экономических целей. Дело в том, что, начитавшись книг, образованный человек становится худшим покупателем: он меньше покупает и стиральных машин, и автомобилей, начинает предпочитать им Моцарта или Ван Гога, Шекспира или теоремы. От этого страдает экономика общества потребления и, прежде всего, доходы хозяев жизни - вот они и стре­мятся не допустить культурности и образо­ванности (которые, вдобавок, мешают им манипулировать населением, как лишённым интеллекта стадом)». Тоқ етерін айтсақ, тұтынушылық қоғамға керегі - өмірге немқұрайды қарайтын, тек тұтынуды ғана білетін тұтынушы бар болса болғаны.
Біздегі әлеуметтің тұрмыс-тіршілігіне зер салсаңыз, тоңмойын немқұрайдылықтың деңгейі жоғары екені тайға таңба басқандай көрінеді. Бұған мысалдарды мыңдап келтіруге болады, басқасын айтпағанда, қазір замандастарымыз көшеде құлап жатқан адамның халін сұрауға да немқұрайды, маскүнем немесе қаңғыбас адам болар деп, айналып өтіп, жөнімен кете береді. Өр­кениетті қоғам құрамыз деп жүріп, өліп жатсаң қарамайтын, немқұрайды адамдардың немкетті қоғамына қалай өтіп кеткенімізді өзіміз де байқамай қалған сияқтымыз. Бүлінген дүниеге немқұрайдылықпен қарау, ысырапшылдықты елемеу біле білгенге көпе-көрнеу зиян жасағанмен бірдей. Біздің адамдарда қазір «менің меншігім емес, не шаруам бар» деген ұстаным басым. Қоғамдық меншік, елдің игілігі деген ұғымдарға осы күні сарказммен қараушылар көп, вандализм мен ұрлық-қарлық асқынып тұр. Ар, намыс, ұят, иман, обал, сауап, ынсап, қанағат, қайырымдылық, парыз, борыш, міндет, өзара көмек сияқты киелі ұғымдарды да немқұрайдылық тұмшалады. Гиппократқа ант берген дәрігерлердің басым бөлігі немқұрайды болуы қанша қайғы жұтқызғанын, Отан алдында адал боламын деп ант еткен түрлі санаттағы қызметкерлердің (әскер, полиция, мемлекеттік қызмет т.б.) жауапсыз салғырттығы елімізге қаншама шығын, қасірет пен қауіп әкелгенін кім есептеп жатыр дейсіз... Немқұрайдылықтың себеп-салдары жетіп артылады: бөгенді бұзған қызыл судан болған Қызылағаш қырғыны, Қарағандыда қираған Бесоба үйіндісі, жұмысшыларды қан жылатқан Жаңаөзен қақтығысы, түрлі нысандардың жиі өртенуі, Шымкенттегі сәбилердің айықпас індет жұқтыруы, ұшақтардың құлауы, пойыз апаттары, елді елең еткізсе де, тура тергелмейтін ауыр қылмыстар, ашылмай жатып жабылатын «зауыт-фабрикалар», ел қазынасының аяусыз тоналуы т.б. толып жатыр. Осылардың бәрінде әлдекімдердің салғырттықпен қосқан үлесі - немқұрайдылығы бар. Қызметтегі салғырттық қылмысқа тең.
Біздегі мамандардың өз кәсібіне нем­құрайды қарауына ықпал ететін тағы бір фактор – ынталандыру тетіктерінің әлсіз болуы. Қазақстандағы ең төменгі жалақы деңгейі биыл 18660 теңге деп бекітілген. Бұл 7 % өсіп, 1221 теңге қосылғандағысы. Әйтпесе, 2012 жылы ол 17439  теңге болатын. Ең төменгі зейнетақы деңгейі биыл 19066 теңге. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі – 9330. Азық-түлік себеті 2005 жылы 43 түрлі атаудан (оның 60 % азық-түлік, 40 % басқа заттар), көлемі 10 400 теңге болып белгіленген еді. Бұл биылға дейін өзгерген жоқ, енді ғана оның деңгейін 15469 теңгеге дейін аздап көтеруге талпыныс жасалуда. АҚШ азық-түлік себетіне - 300, Англияда – 350, Германияда – 475 түрлі азық-түлік және өзге де тұрмыстық заттар мен қызметтер кіреді екен, сәйкесінше, құны да ондаған есе көп. Қазақстандағы ең төменгі өмір сүру деңгейі – 18660 теңге, бұл бір адамның бір ай бойы өмір сүруіне жететін ақша дегенді білдіреді, жалақы мен әлеуметтік төлемдерді есептеудің негізі саналады. Дамыған елу елдің қатарына басқа қырымыздан енсек енген болармыз, бірақ, ең төменгі өмір сүру деңгейі, әлеуметтік төлемдер мен азық-түлік себеті, еңбекақы мен зей­нетақы мөлшері жағынан Қазақстан елуліктің ауылынан алыста жатыр. Салыстырып айтсақ: Қазақтың еңбекті ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Серікжан Берешовтың пікірінше, Қазақстандағы жалақы мөлшері «БҰҰ еңбекақы көлемін есептеуге арналған ұсыныстарында» көрсетілген деңгейден 4 есе төмен екен. БҰҰ стандартына сай болу үшін біздегі ең төменгі жалақының мөлшері 500 АҚШ долларынан кем болмауы керек, мысалы, Швейцариядағы ең төменгі жалақы деңгейі 3 мың АҚШ долларын, ал, орташа - 5 мыңды құрайды (http://news.nur.kz/249839.html). Еуропадағы жұмыссыздарға мемлекет әп-әжептеуір өтемақы төлейтіні және бар. Ал, қымбатшылық қысып тұрған Қазақстанда 18660 теңгеге бір ай өмір сүру мүмкін бе? Қазақстанның статистикалық агенттігі анықтаған еліміздегі орташа айлық жалақының деңгейі 106 286 теңге. Бірақ бұл орта есеппен алғандағы мөлшер. Ал ол алдамшы көрсеткіш: 1 млн. теңгеден астам жалақы алатын топ менеджерлер мен 25 мың теңге алатын қатардағы жұмысшылардың ара-жігін ашпайтын орташа есеп. Іс жүзінде бюджеттік саланың басым бөлігінде жалақы төмен және елімізде жұмыссыздар саны көп. Бізде көбінесе «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» деген жасанды категория арқылы жұмыссыздардың саны төмендетіліп көрсетіледі. Өз-өзімізді алдамай, шынын айтсақ, қазақстандық мамандардың жалақысы төмен, қазіргі тұрмыс шынайылығына сай емес. Әлеуметтік жағынан қамсыздандырылмаған, айлығы шайлығына жетпейтін маман өзінің жұмысына салғырт қарамағанда қайтсін.
Қазақстандық жастардың да көпшілігі өздерінің болашағына немқұрайды қарауынан жаман қылықтарға бой алдырып, тура жолдан таюда. Адасудың соңы қылмыс, нашақорлық, сектанттық, суицид. «Қызға қырық үйден тыйым» деген аталы сөзге немқұрайды қараудан көптеген қаракөз қыздарымыз аналық емес, анайылық жолға түсуде. Өзге емес, өзіне де немкетерлікпен қа­райтын, қуыс кеуде, сасық намысты, жігерсіз жігітсымақтар да көбеюде. Біз ұлты­мыздың тектік қорын жоятын тасбауыр ана, көкек әке, тастанды бала, мәңгүрт ұрпақ туындауының бір факторы немқұрайдылық екеніне мән бермейміз. Көлік жүргізушілердің немқұрайдылығынан болған жол-көлік апаттарынан жыл сайын мыңдаған адам опат болуда. Білім беру саласына да немқұрайдылық енгелі қашан, сан мәрте ауысқан білім-ғылым министрлерінің жасаған қайта құрулары ретсіз реформадан көз аштырар емес, қаптаған қағазбастылық пен ынтасыз көзбояушылық орын алып отыр. Осыдан келіп ұстаз да, шәкірт те немқұрайды. Обалы не керек, не көп, немқұрайдылықтан болатын зиян, шы­ғын, ысырап көп. Немқұрайдылықтың зардабы туралы айта берсек, шыға бермек. Жалпы, немқұрайдылық деген тажал адам­ның өзегіне түскен жегі құрттай болып, қазақстандық қоғамды іштей ірітіп барады. Қорытып айтар болсақ, қатардағы жәй мәселе сияқты көрінетін немқұрайдылық шын мәнінде адам мен қоғам үшін, ұлтымыз бен еліміз үшін қиын түйінге айналып отыр.
Қазір билік тарапынан «Жаңа қазақ­стандық патриотизм» қалып­тастыруымыз қажет деген асқақ міндет қойылып жатыр. Бұл «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың басты рухани өзегі ретінде айқындалған. Патриотизмді қалыптастыру мен дамыту кез келген ел үшін аса маңызды идеологиялық міндет болып саналады. Бірақ, патриотизм жалаң ұранмен, науқаншылдықпен қалыптаспайды. Патриотизм көзбояушылықты көтер­мейтін, киелі ұғым. Оның мәні әлеуметтік сипатта болғанымен, өзі жүректен шығатын ыстық сезім болып табылады. Патриотизмді сыңаржақ түсінуге болмайды, ол Отанды сүюмен ғана шектелмейді. Патриотизм дегеніміз көп деңгейлі құбылыс. Өзінің ұлтын, тілін, дінін, ділін, кәсібін, туған жерін, тұрғылықты мекенін, жұмыс орнын сүйетін, өзі азаматы болып табылатын мемлекеттің нышандарын қастерлейтін, жүрген жері мен айналасын нұрландыра білетін азаматты Отанын сүйетін нағыз патриот деуімізге болады. Дегенмен, ғаламдану мен нарықтық экономика жағдайында адамдар санасында «Отан» деген қасиетті ұғым әлеуметтік-экономикалық мұқтаждықтарды қамтамасыз етумен бағаланатын деңгейге жетті, бұл тек бізге ғана тән емес, мұндай үрдіс дамыған мемлекеттерде де байқалуда. Космополиттік саяси сана жетегіндегі адамдар үшін қай елде өмір сүруге қолайлы жағдай болса, сол ел олардың отанына айналуда. Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу барысында біз осы келеңсіз үрдісті туындатушы алғышарттар мен факторлардың алдын алуымыз қажет.
Сонымен қатар, Қазақстандағы отаншылдық мемлекеттік билік пен азаматтар арасындағы екі жақты қарым-қатынасқа негізделуі тиіс: бір жағында азаматтардың «Менің өз елім үшін қандай пайдам тиеді?» деген патриоттық сезімі, екінші жағында, мемлекеттің өз азаматтарына деген қамқорлығы, олардың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыруына жағдай жасауы. Мұндай екі жақты қарым-қатынас болмаса, шынайы патриотизмнің қалыптасуы мен дамуына аса қажетті әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани, идеологиялық негіздерге сызат түседі. Қазақша айтсақ, «Елі ерім деп қадірін білмесе, елім дейтін ер қайдан шығады?». Ерекше атап өтетін мәселе - қазақстандық патриотизмнің өзегін қазақ ұлты құрайды, сондықтан қазақ ұлтына жүктелетін міндеттің жүгі ауыр әрі жауапты. Яғни, қазақтар бір жағынан, ұлтжанды болуы тиіс, екінші жағынан, отаншыл болуы қажет. Қазақстандық патриотизмнің байланыстырушы қызметін қазақ тілі атқаруы тиіс, мемлекеттік тілді - қазақ тілін білуді – әрбір қазақстандық азаматқа міндеттеу керек. Сонда ғана қазақ тіліне деген немқұрайдылық жойылады, қазақ тілі нағыз мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеріліп, патриоттардың қатынас тіліне айналады. Патриот адамға немқұрайдылық деген жат қасиет, біз қазақстандық патриотизмді дамытамыз десек, азаматтардың бойындағы немқұрайдылықты жоюымыз қажет. Бұл өзі кешенді іс-шараларды қажет ететін қиын проблема.
Ең алдымен, адамдардың бойындағы материалдық құндылықтарға негізделген дүниеқоңыз тұтынушылық психологиядан арылудың жолдарын іздегеніміз жөн. Мұның ең тиімді жолы – уды умен қай­тару принципін басшылыққа алу: адам­дардың әл-ауқатын арттыру арқылы материалдық қажеттіліктерді барынша қанағаттандыра алатын өмір сүру деңгейі мен сапасына қол жеткізсек, көп кешікпей, постматериалдық құндылықтардың маңыздылығы арта бастайды. Мұндай үрдіс дамыған шетелдердің тәжірибесінде ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алған. Тұрғылықты халықтың негізгі материалдық сұраныстары қана­ғаттандырылып, әр-алуан мүдделері бар әлеуметтік топтардың қарқынды пайда болуы өз кезегінде постматериалдық құн­дылықтарға (қоршаған ортаны ая­лау, адамгершілік пен имандылықтың оянуы, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамды жан-жақты жақсарту, мәдениетті болу және т.б.) көп мән беретін “жаңа саяси” талаптарды туындатады. Әлеуметтік әді­лет­тілік пен серіктестік дамып, орта тап өкілдері көбейген сайын бай мен кедей арасындағы алшақтық та қысқарады. Негізгі материалдық қажеттіліктері шешіліп, тойын­ған тұтынушы айналасына қарап, ел мен жер, қоғам туралы ойлана бастайды.
Екіншісі, «Заң алдында адамдардың бәрі тең» деген қағида бұлжымай орындалатын құқықтық орта қалыптастыру. Азаматтардың бойында құқықтық мәдениетті дамыта отырып, олардың заң мен құқыққа деген сенімін ояту аса маңызды. Өзінің құқықтарын білетін және сол құқықтардың сақталатынына сенімді адам немқұрайды бола қоймас.
Үшіншісі, мемлекеттік билік орган­дарында орын алып отырған немқұрайдылық фактілерін дер кезінде және қатаң жоюды жолға қойғанымыз жөн. Зардаптарымен емес, оған қандай себептер бар, алғы­шарттар қандай дегенге ойлануымыз қажет. Жемқорлыққа арқау болып отырған мәселелерді, ең алдымен тиімсіздігі жырға айналған тендер өткізу, мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалауға тиіспіз. Мемлекеттік басқаруда тиімділік пен нәтижелік басты ұстанымдар болуы шарт. Жегі құрттай болып, елімізді іштен жеп бара жатқан жауапсыздар пен жемқорларға жазаны әлі де ауырлата түсуіміз керек. Халық пен БАҚ билік органдарына қоғамдық бақылау орнатуда немқұрайдылық танытпауы тиіс. Сонда ғана қоғамдық пікірдегі немқұрайдылыққа жол жоқ.
Төртіншіден, Қазақстанда азаматтарды жан-жақты ынталандырудың тетіктерін дамыту қажет. Ең төменгі өмір сүру деңгейін орташа дамыған елдердің деңгейіне жеткізе отырып, мамандардың айлық жалақысын, зейнетақы мен өзге де әлеуметтік төлемдердің деңгейін көтеруіміз қажет. Дамыған елу елдің қатарына ендік, енді, озық отыздыққа кіреміз деп құлшынып отырмыз. Олай болса, халықтың өмір сүру деңгейі мен өмір сапасы да соған сай болуы тиіс. Оның үстіне, әл-ауқаты түзелген сайын, бұқара халық қоғамдық істерге бей-жай қарамайтын болады. Білімді, тәжірибесі мен біліктілігі жоғары мамандарға қосымша әлеуметтік қамсыздандырулар жасалса, олардың ынтасы мен кәсібилік деңгейі арта түсері сөзсіз. Еңселі ел боламыз десек, непотизм, трайбализм, жершілдік, кландық сияқты жағымыз тенденцияларға қарсы тұрып, артқа тартушы факторларды жоюымыз қажет. Оның орнына еркін бәсекелестік, атына заты сай мансап жасау қағидаларын шынайы жолға қоя білуіміз керек. Отанын сүйетін, ғылым-білімге құштар, таланты мен өнері, қабілеті мен талабы барларға барынша мемлекеттік қолдау жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Ата заңымызда «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет» деп бекітілген, сондықтан, шынайы әлеуметтік әділеттілік орнатуға күш салатын кез келді. Мұндай игі істер қоғамдағы немқұрайдылық пен жемқорлықты жоюға күшті ықпал етпек.
Бесіншіден, отбасы институтын қоғамның бастапқы ұйымы әрі іргетасы ретінде ба­ғалап, оның қызметін жандан­дыруымыз қажет. Қазақстандық отбасы да мемлекеттік қолдауға мұқтаж. Бұл мем­лекеттік саясат үшін ең маңызды мәселе болуы тиіс. Шыны керек, қазір отбасының қоғамдық маңызы жеткілікті бағаланбайды, оған адамдардың жеке өміріне ғана қатысты әлеуметтік институт ретінде қарау басым. «Отбасы, ошақтың қасы» дегендей. Шын мәнісінде, Отан отбасынан басталатынын ұмытпайық. Ата-ананың жауапкершілігі мен міндеттерін, отбасының атқаратын қызметтерін дұрыс жолға қоюымыз қажет. Жас ұрпақтың бойкүйез, немқұрайды болып бара жатқанына қоғам мен мемлекетпен қатар, отбасының да кінәсі бар екені даусыз.
Алтыншысы, еліміздің ақпараттық саясатын қайта қарау қажет. Жақында қазақстандық телеарналарды жаулап алған жылаңқы сериалдарды көрсету тоқтатылатынын Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Mұхаммедтің аузынан естіп, естіп қуанып қалдық. Бірақ, тоқмейілсуге әлі ерте, ақпарат майданында шешімін таппаған қыруар жұмыс бар. Ең бастысы - жастардың санасын жаулап алған, рухани аздырып-тоздыратын арзанқол бұқаралық мәдениеттің туындысымақтарын шектеп, олардың орнына адамгершілікті, имандылықты, достықты, адалдық пен махаббатты, ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын, адамды рухани байытып, жүректе үміт отын жаға­тын, немқұрайдылықтан арылтуға ықпал ететін нағыз мәдени туындыларды бере білсек қана жағдай түзеле бастайды. Бұл мемлекеттік ақпараттық саясаттың құзырындағы мәселе.
Жетіншіден, жастардың бос уақытын мәнді өткізуіне мемлекеттік қолдау жасау қажет. Бұл толғағы жеткен, өте өзекті мәселе. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың көп болуы мен өмірге немқұрайды қарауының бір себебі осында жатыр. Жастардың спортпен шұғылдануы, кітап оқуы, көркемөнерпаздық және өнертапқыштық үйірмелерге баруы, түрлі жарыстарға қа­тысуы мемлекет тарапынан шынайы қолдауға мұқтаж. Мемлекеттік бюджет есебінен тегін етіп, ауыл-қала деп бөлмей, аула мен көше спортын дамытып, ұлттық спорт пен өнер түрлеріне жас ұрпақты баулысақ, немқұрайдылық деген жау жансауғалап қашар еді. Бөлінген бюджет қаражатын игере алмаған министрліктерді жазалап, олардың жарата алмаған қаржы-қаражатын осындай игі мақсаттарға жұмсасақ, бұл еліміздің болашағына құйылған теңдессіз капиталға тең. Адами капиталдан қымбат не бар?
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау: немқұрайдылықтан арылмай, даму былай тұрсын, ел болуымыз қиын. Қазақ қоғамының немқұрайды болуы ұлтымыз үшін де, еліміз бен жеріміз үшін де аса қатерлі құбылыс болып табылады. Немқұрайды болмайық, оянайық, ойланайық!

704 рет

көрсетілді

22

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз