• Ұлттану
  • 23 Желтоқсан, 2013

Ауылға ала көзбен қарамайық

Нұрдәулет
Ақыш,
жазушы
Ел өмірінде маңызды орын алатын осынау құжаттың әрбір жолын оқып шыққаннан кейін, көзіқарақты әрбір азамат өзінше ой түюге ынталы болатыны сөзсіз. Тіпті ішінен болса да немесе қасындағы сырластарымен бас қосылған сәттерде. Абзалы бәрінен де оң­дысы бұндай көкейдегі ойды тап басқан тұжырымдар турасында ел алдында сөйлеген немесе бұқаралық ақпарат құралында пікір сабақтастырған.


Ауыл шаруашылығына көңіл бөлу ауыл тұрғындарының да жағдайына назар аудару болып табылатыны сөзсіз. Өйткені өндіріс құрал-жабдықтарын шығарумен айналысатынын айтпағанда, қалалықтардың ауыл шаруашылығын дамытуға тікелей қосатын үлесі онша көп болмауға керек. Бірақ, шынын айтқанда, республикамыздың Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің көңіл бөлетін, нақты жоспармен жұмыстар жүргізетін міндеттері әлі азайып біте қойған жоқ. Қайта күн өткен сайын өсе түспесе.
Бірінші, ауыз сумен қамтамасыз етуге ба­ғыт­талған «Таза су» бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі. Ауыз су дегеніміздің адам­ның денсаулығына тікелей қатысты фактор екендігін таратып айтудың қажеті шамалы. Ауыл тұрғын­дарына ауыз су жеткізудің өзі тиесінше қара­жатты қажет ете­тіні тағы мәлім. Ендеше әлі де ауыз суды алыстан тасып отырған немесе тазалығы күмән туғызатын суды тұтынып жатқан ауыл еңбеккерлеріне ауыз су әлі ауадай қажет.
Екінші, елеңдететін ­бизнестің жол картасы бойынша қатынас жолдарын стандарттау мәселесі. Жолдың нашарлығы күнделікті тіршілік барысында көп нәрседен қол байлайды. Мұндай жолмен сапарға шыққан адам көздеген жеріне уақытында жете алмайды, астындағы көлігінің пайдалану мерзімі қысқарады, жанар-жағармайды тұтыну көлемі артады, ең бастысы, жолаушы денсаулығына аз да болса нұқсан келеді. Әсіресе мұндай жолдармен науқас адамды немесе екіқабат әйелді алып жүру – тәуекелдің ісі.
Осы жылдың жазында туған жерім Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданына барып қайттым. Сонда алғашқы қиындық Ая­гөз қаласынан аудан орталығы Ақсуат кен­тіне қарай беттеген сәтте ұшырасты. Жалпы ұзындығы 200 шақырымнан астам жол бүгінгі күн­нің талаптарына мүлде сай келмейді. Жөндеу көрмегеніне қаншама жылдар өткен жол байғұстың шырайы қорасан бүлдірген кемпірдің бетіндей шұрық-шұрық. Жеңіл көліктің өзімен алатын жылдамдығыңыз сағатына 15-20 шақырымдай ғана.
Бір тәуірі бұрын арада тікелей қарым-қатынас болмаған Ақсуат пен Қарасу ауы­лының арасындағы жол нобайы қалыпқа келіп қалыпты. Тақтайдай тегіс жол ауылға әне-міне кіргелі тұр екен. Ұзақ жолда қал­жыраған жолаушының көңілін өсіретін жағдай.
Бірақ Қарасудан 40 шақырым жердегі Ақжар ауылынан өткеннен кейін, іші-бауы­рыңды түйгіштеп, көлігіңнің дөңгелегін дүрс-дүрс еткізетін шұрық-шұрық жол қай­та жалғасын тауыпты. Маңырақ ауылына дейін­гі небәрі 23 шақырымдық қашықтықты бар болғаны қырық минуттай уақыт ішінде жүріп өттік. Рекордтық көрсеткіш емес, бірақ мақтануға да болмайтын жағдай.
Осы жол жағдайына қатысты жөн біледі-ау деген азаматтардан сұраған кезімізде естіген жауаптарымыздың ортақ түйіні – «Бұл жақта өндіріс орындары жоқ. Сондықтан осыншама ұзақ жолды жөндеу үшін жіберілген қаржы өзін өзі ақтамайды» дегенге келіп сайды.
Ақтамауы әбден мүмкін. Бірақ осында өмір сүріп жатқан халық шұқанаққа толған шал­шық судай бір орында іркіліп қалмай, бір бірімен қарым-қатынас жасауы керек емес пе. Сонда қалай? Жаман жолмен жүрудің басқадай бір жолы бар ма? Бұған да жауапты тиісті министрліктердің жауапты лауазым иелері жауап беруі тиіс болар.
Үшіншіден...
Осылайша реттік сан есімді әрі қарай жалғай беруге болар еді. Бірақ әзірше осы да жетер...
«Шын жыласа, соқыр көзден де жас шы­ғады» дегендей, атқарушы билік орын­дарындағы басшылар өздері ие болуға тиіс­ті ел-жұрттың адамдарынан алыстамай, кері­сінше, оларға жақындай түссе нұр үстіне нұр болар еді.

280 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз