• Ұлттану
  • 23 Желтоқсан, 2013

Патриоттық тәрбиедегі олқылық

Әлімжан ТҮБЕКБАЕВ,
мектеп
директоры

Астанада Елбасының әкім, министрлерді сынап, кейбіреулерін жұмыстан алып, енді біреулеріне қатаң талап қойып жатқанын өзім барынша қолдаймын. Өндіріс, завод өз алдына – ағарту саласында да кемшілік, кері кетушілік бар. Оқу министрлерінің жиі ауысатыны осыны дәлелдесе керек.


Бұрын кеңестік дәуірде барлық жерде темірдей тәртіп бар еді. Қазір ол жоқ. Әркім білгенін істеп жатыр. Әкімдердің төрешілдігі мен топастығы шектен асқан. Мектеп өмірі әлеуметтік сала болғандықтан көп шаруаларымыз әкімшілікке келіп тіреледі. Өкініштісі, мәселе тез шешілмейді. Барасың, айтасың. Текке сандалатын кездерің болады. Әкімдер өзіне тиісті шаруаларын өздері орындай алмай кейде бұған мектеп мұғалімдері – ұстаздарды жегеді.
Елбасы Президент әкімшілігі қызметін жетілдіруге байланысты кеңесте патриоттық тәрбие мен дін мәселесі жөнінде қадап айтты. Патриоттық тәрбиенің негізі мектепте қаланады ғой. Ағарту саласын жемқорлық жайлағандықтан білім ордаларында да жалпы тәрбие оңып тұрған жоқ.
Елбасының патриоттық тәрбие жөнінде сынап, сөз қозғауын өз басым ерекше құп­тай­мын. Дейтұрғанмен осы патриоттық тәрбиеге байланысты біздің мектепте көптеген игі шаралар қолға алынды. Мектеп Райымбек батыр атымен аталғандықтан осы ел қорғаны болған, қаһарман тұлға жөнінде шаралар жалғасуда. Жақында мектепте Райымбек батырдың ескерткішін ашу шарасы өтеді.
Патриоттық тәрбие мектепте ғана емес, әкімдер мен шенеуніктер қызмет ететін орындарда да жалғасуы керек. Отан сүйгіштік рухы жоқ әкімдер, жемқор басшылар бәріне барады. Мемлекет мерейін патриоттық тәрбие көтереді, мемлекетшілдік психологияны қалыптастырады. Қазір министрлер мен әкімдердің көпшілігі өз елінің патриоты емес. Сондықтан, іске салғырт, жауапсыз, немқұрайлы қарайды. Берілген тапсырма, жоспар орындалмайды. Тиісті жерге жалған ақпарат береді. Елбасының елге жетсін деп сын айтқан сөзін ақпарат құралдарына жариялауды ар көріп, жасырып қалған шенеуніктерде адалдық және шын патриоттық қасиет жоқ. Өз бетінше бастама көтеріп, шешім қабылдай алмаған әкім-қаралардан не күтуге болады. Сондықтан олар «Елбасы айтқандай, Елбасы нұсқағандай, Елбасы көрсеткендей» деп ақпарат құралдарында сарнауды саналарына сіңірген.
Біліктілік, білгірлік, іскерлік және патриот­тық, отаншылдық тәрбие болмаған қоғамда қашанда кері кетушілік белең алады.
Алматы облысы,
Еңбекшіқазақ ауданы.
 

297 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз