• Ұлттану
  • 06 Наурыз, 2014

Мәңгүрттік сана, келеңсіз көрініс

Ораз КаугабайОраз Қауғабай,
«Ақиқат» журналының
бөлім редакторы

Арақ аты «Ақ Бозат»
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдар еді. Бірде Гоголь көшесінің бойымен келе жатып «Бахус» арақ-шарап заводының жанынан өте бергенде бір үлкен кісі тоқтатты. Ұлты армиян әлде әзірбайжан болуы керек, түр-тұлғасы тау ха­лықтарына ұқсайды. Шарап сапасын жарнамалаған қал­қан плакаттағы орыс тіліндегі дәу жазуларды көрсетіп «Қазақша аударып бере аласыз ба?» деп сұрады. Табан астында қазақшаға аударып, қатесіз жазып бердім. Бейтаныс кісі риза болды. Заводта қызмет ететін маман бастықтардың бірі екен. Танысып біліскен соң бір қызықты оқиғаны айтты. «Бірде заводқа Тіл басқармасынан қызметкер келіншек келіп, жарнамадағы жазудың неге қазақша жазылмағанын сұрады. Бұған мен шамданып «Біз қазақша білмейміз. Сіздің келгеніңіз жақсы болды. Қазір жарнаманы сіз қазақ­шалап беріңіз. Осы тілде жазып қайта ілеміз» деп өтіндім. Масқара болғанда Тіл басқармасынан келген қазақ келіншек өзі тіл білмейтін болып шықты. Өтінішке уәж айта алмады» деп кейістік білдірді. Осы оқиғаны естігенде не күлерімді, не жыларымды білмедім. 


Тілге байланысты келеңсіздіктің бәрі өзімізден екен. Оңтүстік астанадағы жарнама қалқандарындағы және кейбір көше даңғыл, ғимараттарындағы қазақ тіліндегі сауатсыз жазулар өз алдына – тауар бұйымдар этикеткаларындағы адам түсініп болмайтын қазақша сөздер мен атаулар ой-санаға түрпідей тие­ді. Жақында бір досымның той қуаны­шында отырып «Ақ Бозат» деген араққа көзім түсті. Айғайлап тұрған шарап атының өзі тілдік қолдану жағынан сауатсыз. Соңғы сөз бас әріп­тен жазылмайды, бірігіп жазылады. Дұрысы орфографиялық сөз­дікте көрсетілгендей «Ақбозат». Ал, арақтың дәм сапасын дәлелдейтін өнім этикеткасындағы (бөтелкеге жап­­­сы­рыл­ған) сөздер мен сөйлемдер тіп­ті, масқара. Этикетка  сөздерін қаз-қал­пында келтірейік. «Алкаголь 21 жасқа толмаған азаматтарға ішімдік тыйым салынады, жүктіжәні (дұ­рысы жүкті және) бала емізетін әйелдерге жүйке жүесі (дұрысы жүйесі) бүйректері ...» деп мағынасы бұлыңғыр, түсініксіз тіркестер жал­ғасады. Сауатсыз құрылған сөйлем ішіндегі быдықы-шыдықы сөздерді оқу былай тұрсын, көз сүріндіреді. Тілдегі дәл мұндай келеңсіз, күлдібадамды көп кездестірмеген едім. Міне, сондықтан ашына айтып, жазуға тура келді. Арақ өндіруші фирма, кәсіпорын мамандары мен басшыларының есіне салу үшін мұны баспасөзде жариялауға тура келді. «Ақбозат» деп араққа тұлпардың атын қойған фирма «БН-А» ЖШС деп шарап этикеткасында айғайлап тұр. Арақ ислам әлемінде арам (харам) асқа жатады. Құранда оны ішуге Алла тағала тыйым салған-ды. Осы захар, уытты ішімдікке, харам тағамға қазақтың ертедегі тұл­парларының бірінің атын қоюдың өзі қаншалықты насихатқа сиып, қаншалықты көңілге қонымды дей­сіз. Арамға арам, лас-насқа қыл-қыбыр, жын-жыбыр қосылып, дүниеге келген затта қандай қасиет болады. 
Суретте: Бөтелкеге жапсырылған «Ақ Бозат» арағының этикеткасы. 

«Көктөбедегі» шайтан
Алдыңғы жылы көптен бері бол­маған Көктөбеге келіп, бір-екі сағаттай қыдыр­дым. «Ауыл» мейрамханасы заман талабына сай ұлттық салт-дәстүрді ұстанып жұмыс істеп тұр екен. Бұған әрине, қуандым. 
Осы «Көктөбе» саябағында көңіл-күйім­ді түсіріп, жанымды жабыр­қат­қан бір көрініс көпке дейін көз ал­дымнан кетпей қойды. Өйткені, көз­ге көрінбейтін «шай­танды» осында көрдім. Шаштары жал­быраған, біреуінің қолында гитара, қалғандары сомпиып тұрған ұсқынсыз төрт мүсін адам маған өте оғаш көрінді. Кезінде батысты ерсі қылық, әдепсіз жүріс-тұ­рыс­тарымен шулатқан соңында ха­лық алдында күлкі мазақ болған «Битлз» әншілерінің мүсіні дәл қасиетті Көк­төбеде ескеркіш болып тұрады деп кім ойлаған. Алпысыншы жылдары Англияда өмірге келіп, Еуропада жүгенсіз кеткендері үшін көрермендер жарнама-суреттерін өртеп, сахнаға шығуға  ха­лық наразы болған «есер» топтың есірт­­кіге құмарлығы жө­нінде біздегі жас­­тар білмесе керек. «Христиан діні өліп барады, «Битлздің» даңқы Иса пай­ғамбардан артық» деп Құдайды қорлап, Құдай елшісін күлкі еткен рок-музыка әншілеріне діндарлар қатты қарсы болған. Міне, осы, «шайтан топ» әншілеріне Алатау бөктеріндегі Көктөбеде ескерткіш орнату қай қылығымыз, қандай қадір-қасиетіміздің көрінісі. 
«Битлз» «Ауыл» маңында шайтанды елестетіп тұрғанына біраз болды. Ең ауыры сол, мүсін ескерткіш қала құндылықтары ретінде, мәдениет белгісі сипатында 2010 жылы шыққан «Алматы энциклопедиясына» енген. Мас­қараның масқарасы осы болса керек. «Бит­лздің» орнына Көктөбеде кемеңгер Д. Қо­наевқа, батыр Бауыржанға және ақын Мұқағали Мақатаевқа ескерткіш-кешен тұрса, міне, бұл жарасады. Бұл жайында осы жолдардың авторы қалалық газетке мәселе көтеріп, ұсыныс айтып мақала жазған болатын.  

267 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз