• Ұлттану
  • 07 Мамыр, 2014

Қазақстанның әскери қуаты — Астанадағы әскери шеруден фоторепортаж

АСТАНА. ҚазАқпарат — Қазақстан Астанада Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай Қарулы Күштер мен әскери техниканың шеруін өткізіп, өзінің қуатын барша қазақстандықтарға паш етті.

ҚР Президенті — Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев шеруді ашу кезінде Тәуелсіздік жылдарында еліміз кәсіби әскер құрғанын, ел мүддесіне толық сай келетін әскери Доктрина қабылданғанын атап өтті. «Ата-бабаларымыз кейінгі ұрпаққа дәуірлерге жалғасқан бақ жолын, ерлік қасиетін бізге мирас етті. Біздің бүгінгі армиямыз тарихымыздағы батыр бабалардың мұрагері. Қарулы Күштеріміз еліміздің құдыретін әйгілеп, айбынын асырады. Қасиетті жеріміз көкте де, жерде де, суда да сенімді қорғалған. Еліміздің армиясы — нағыз бес қаруы сай әскер. Бүгінгі әскери шеру осының дәлелі болса керек», — деді Елбасы.

Астанада «Қазақ Елі» алаңында ҚР Қорғаныс министрі Серік Ахметов ҚР Президенті — Қазақстанның Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеруге дайындығы жөнінде есеп бергеннен кейін, парадтық шеруді «Жас ұлан» республикалық мектебінің барабаншылар ротасы ашты. Мектеп 2002 жылдан бері  500-ден астам түлекті дайындап шығарды. Олардың негізгі бөлігі өз өмірлерін Отанға қызмет етуге арнады. Мектеп түлектері  — 21 ғасырдағы тәуелсіз Қазақстан Әскерінің болашағы.

Кейін олардың ізін ала орталық мінбенің алдынан әскери қызметші әйелдердің парадтық есеп тобы өтті. Қазақ халқының даңқты қыздары — Әлия мен Мәншүктің қаһармандық дәстүрлерін бүгінгі күні олардың ізбасарлары абыроймен жалғастыруда.

Астанада әскери шеру барысында «С-200» ұзақ қашықтықты зымыран жүйесі көпшілік назарына ұсынылды. Бұл кешен үлкен аумақта аса маңызды әскери және мемлекеттік нысандарды қорғауға қауқарлы. ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта әскери машиналар Алматы мен Ақтау қалаларының әуе қорғанысын жіті бақылауда ұстап тұруға қолданылуда. «С-200» кешені 35 шақырым биіктікте және 250 шақырым аумақта көрінген жаудың әуе нысандарын анықтап, оны жойып жібере алады.

Астанадағы әскери шеруде, сонымен бірге, ұшқышсыз ұшу аппараттары таныстырылды.

Астанада Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған мерекелік әскери шеруді механикаландырылған лек қозғалысын «Да Винчи» және «Скайларк» ұшқышсыз ұшатын аппараттары жалғастырды. Салмағы 10 келіден аспайтын ұшқышсыз ұшу аппараттары 40 шақырымға дейінгі қашықтықта жердегі оператордың басқаруымен 10 шаршы шақырымнан астам аумаққа барлау жүргізе алады. Аталмыш ұшу құрылғылары Қазақстанның Әуе қорғанысы күштерінің қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Астанадағы әскери шеруде алаң үстімен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Қазақстанда жасалған «ES-145 Eurocopter» тікұшақтары ұшып өтіп, өздерінің мүмкіндіктерін көрсетті.

Бұл ұшу аппараттары іздеу, апаттан құтқару және медициналық тасымалдау жұмыстарын жүргізу мақсатында қолданылады. ТЖМ-нің тікұшақ экипаждары кез келген уақытта көмекке келуге әзір. Ұшқыштардың ұраны — «Жедел жәрдем жаныңда!» Соңғы бір жылдың өзінде 396 мәрте шұғыл ұшып, нәтижесінде 348 адамды құтқарып, 19-ына медициналық жәрдем көрсетті.

Сонымен қатар тікұшақтар Қазақстанның Әскери Әуе Күштерінде де қолданылуда. Олардың легін авиациялық базаның командирі, подполковник Талғат Сыздықов бастап өткен болатын. ES-145 аса тиімді және өте жеңіл тікұшақ болып табылады. Ол шуы төмен және өте берік екі қозғалтқышпен жарақталған.

Шерудің соңында подполковник Айдарбек Құлашбектің бастауымен әуеге көтерілген ұшқыштар Су-25 ұшақтарымен әуеде бәйтерек фигурасын жасады.

Елбасының атап өткеніндей, Қазақстанның Әскери доктринасы бейбітшілік жағдайындағы қорғанысқа бағытталған. «Көрші елдердің баршасыменен достық қарым-қатынастамыз. Шекарамызды толығымен айқындап, бекіттік. Дегенмен, әр мемлекет өзінің Тәуелсіздігін, жерінің тұтастығын жан аямай қорғай білуі тиіс. Біз де Қазақстан солай болуымыз керек. Бүгінгі алмағайып дүниеде лаңкестік күштер бас көтеріп тұрған заманда армиямыз әрқашан дайын болуы қажет. Бұл елдің әскерлері алдында қоятын талабы болады», — деді Мемлекет басшысы.

Әскери шеруге 2,5 мыңнан астам адам, 250 техника мен 75 әуе техникасы қатысты. Биылғы әскери шерудің басты ерекшелігі онда отандық әскери-өндірістік зауыттарда құрастырылып, жаңғыртылған техникалар көрсетілді. Мерекелік іс-шараға шеру тобы, әскери техника, қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар министрліктерінің авиациясы, сондай-ақ ҚР ҰҚК Шекара қызметі, ҚР Республикалық гвардиясы жұмылдырылды.

NNNNaz2NNNNaz3NNNNaz4NNNNaz4NNNNaz6NNNNaz7NNNNaz8NNNNaz9NNNNaz10NNNNaz11NNNNaz12NNNNaz13NNNNaz14NNNNaz16NNNNaz17NNNNaz19NNNNaz20NNNNaz21NNNNaz22NNNNaz23

370 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз