• Ұлттану
  • 28 Мамыр, 2014

ОТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАР ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯЛАРҒА ІЛЕСЕ АЛУДА МА?

Соңғы жылдары еліміздегі малшаруашы­лығының дамуы туралы көп сын айтылуда, бірақ, осы кемшіліктердің астарына үңілген немесе орын алған олқылықтарды саралап, кемшіл тұстарын анықтап жөнге салу сияқты сындарлы істердің атқарылмауы көптеген зиялы қауым өкілдерін қынжылтады. Істің байыбына бармай, озық елдердің технологияларын өндіріске тікелей енгіземіз, сол арқылы саланың тиімді дамуын қамтамасыз етеміз деп өзеуреу орын алды. Осындай жаңашылдық өз жемісін берді ме, оны саралап жатқан ешкім жоқ. Кеңестік дәуір кезінде қандай жетістіктерге жеттік, малшаруашылығын өркендетуде артықшылығымыз болды ма деген сауалдар назардан тыс қалды. Өкініштісі, кейінгі кездері біздің ғалымдардың жетістіктері аяқасты болып, кейбір жақсы тұстары қалтарыста қалып отыр. Шетелдік технологиялар замана талабына орай озық деген пікір басымдау болып, олардың еліміздің шаруашылық жүргізу ерекшеліктеріне бейімділігі ескерілмеуде. Еліміздің экономикасына қалтқысыз қызмет еткен жылдар бойы қалыптасқан технологиялық ерекшеліктер екшеленді ме? Жалпы, шаруа ісіне мемлекеттік көзқарас бар ма деген сауал туындайды, малшаруашылығын дамытуда сындарлы саясаттан гөрі сыңарезулік басым ба деген пікірде мазалайды. Осындай түйткіл мәселелер төңірегінде қолдағы бар артықшылықтарымыз бен орын алған олқылықтарымызға тоқталған жөн болар.  Мал өсірудің негізгі үш ұстанымы бар: малдың тектік әлеуеті, малдың азықтануы және мал дәрігерлік шаралар. Қарапайым тілде айтсақ, өнімділігі жоғары мал өсіру үшін, оның тектілік әлеуеті жоғары болғаны жөн, осы әлеуеттіліктің өнім беруі  мал азығының құнарлығына тәуелді, ал тұрақты өнім алу үшін мал басының амандығымен қатар төлінен көбеюі қамтылғаны абзал. Сонымен, өрісімізді малға толтырамыз десек, үш ұстанымның оңтайлы үйлесуін ұтымды ұйымдастыру шарт. 
Қарапайым адамдармен қатар кейбір мал мамандары да жаңа тұқым шығарудың қажеттілігіне күмән келтіретіні рас. Олардың пайымдауынша жаңа тұқым шығаруға күш жұмсап, уақыт кетіргенше, әлемдегі озық елдерден асыл тұ­қымды мал алып, соны өз төлінен өсіріп кө­бейту. Селекция заңдылықтары мен генетика ілімі бойынша, кез келген тұқым өзі шыққан немесе өскен ортасының төл туындысы. Тұқымға тән қасиеттер сол ортада қалыптасады. Тектік белгілердің тұқым қуалауы және өзгергіштігі сол ортаға тән. Селекциялық белгілердің белгілі бір ортада қалыптасуы ген немесе бірнеше гендерден құралатын топ арасындағы қарым-қатынасқа тікелей байланысты. Осындай өзара тығыз байланыс әсері ағзаның дамуына қолайлы жағдай жасап, негізгі белгілердің барынша жетілуіне ықпал етеді. Қалыптасқан осындай ықпалды қарым-қатынас әрекетінің басқа орта жағдайында әсері сақталына ма, осы түйткіл күрмеуі қиын мәселе. Малдың немесе жалпы тіршілік иесінің өз ортасынан басқа ортаға келуі, ағзадағы көптеген өзгерістерге  мұрындық болады да, малдың ортаға үйренуі, ғылыми тілде жерсіну және бейімделуі сияқты қасиеттердің қалыптасуына себеп болады. Малдың ортаға үйренуі және бейімделуі біраз уақытты қажет етеді, ең бастысы бейімделу барысында жаңа ортада өзіне тән өнімділік қасиеттерін сақтай алуында. Осы мәселе мал өсірудегі өзекті проблема. Бейімделу барысында кейбір шаруашылыққа маңызы зор селекциялық белгілер өзгеріске ұшырап, малдың өндіріске қажетті қасиеттерінің нашарлауына әкеп соғады. 


Адамзат өркениеті дәуірлеген кезеңдерде қолдан сұрыптау барысында қалыптасқан тұқымдар, өнімділігін сақтап қалу үшін өзіне тән жағдайлардың жасалуына тікелей тәуелді. Өйткені, олардың өнімділік қасиеттері қолдан жасалған жайлы жағдайларға тәуелді. Мысалы, жіңішке талшықты биязы жүн алу үшін қойлар жыл бойына қалыпты азықтануы шарт, сонда ғана біркелкі, әрі сапалы жүн қалыптасады. Малдарды сырттан әкелгенде, яғни жерсіну үрдісі кезінде оларға бірқалыпты жағдай жасау әрі олардың коректенген азықтарын қалпынша сақтау мүмкін емес. Әр жердің табиғаты ерекше, шөп құрамы мен шүйгіні бөлек, сонымен мал басқа ортаға үйренуге мәжбүр болады. Қоршаған ортаның ауа-райына және мал азығы ерекшелігіне орай малдардың ас қорыту  жүйесінде сапрофитті микроағзалар қалыптасады. Мал жер ауыстырса, жерсіну барысында сапрофитті микроағзалардың ортаға бейімделуі үрдісі орын алады. Сапрофитті микроағзалардың бейімделуі  өскен ортасына барынша ұқсас жағдайдың қалыптасуына тікелей байланысты. Сондықтан да, селекционерлер мал өсіру барысында өнімділігі жоғары малдың тектік қасиетін жергілікті малдың бойына сіңіру бағытында сұрыптау жұмыстарын жүргізуге басымдылық береді.
Әлемдік селекцияда қол жеткен малдағы жақсы қасиеттерді жергілікті малдың бойына сіңіру уақыт қажет еткенімен, селекциялық жұмыстың нәтижесі тез жемісін береді. Көптеген малшаруашылығы жақсы дамыған елдер осы жолмен бүгінгі озық жетістіктерге жетіп отыр. Мысалы, етті ірі қара тұқымы «герефорд» малы ағылшын елдерінде шыққанмен, оның тектік әлеуеттілігі солтүстік америка елдерінде жоғары деңгейге жетті. Басты меже алға қойған мақсатқа жедел жету, селекциялық жұмыстарды жеделдету үшін, қолдан ұрықтау немесе эмбриондарды тасымалдау сияқты заманауи тәсілдерді кеңінен қолдану. Селекциялық заңдылықтар бойынша шаруашылыққа пайдалы белгілердің тұқым қуалау қасиеті негізінен аталық малдар арқылы беріледі. Малдың жақсы қасиеттері нәсілінен, яғни тұқымынан болса, оның тектілік қасиеті немесе асыл тұқымдылығы аталық малдан бастау алады. Белгілердің тұқым қуалау қасиетінің нығаюы аталық малдарға тәуелді, өйткені табиғи және қолдан сұрыптау кезіндегі талаптар көбіне аталық малдарға қойылады. Өйткені, бір аталықтан қой шаруашылығында бес жүз бас саулық ұрықтанса, ірі қара шаруашылығында бір бұқаның ұрығымен он мың бастан астам сиырды  қашыруға болады. Осыған байланысты, малдарға тән қасиеттің тұрақтануы және оның жетілу деңгейі аталық малдардың өнімділігіне тікелей тәуелді. Селекционерлер арасында бұл аксиома ретінде қабылданған.Сондықтан, аталық малдарды сұрыптауға зор мән береді және оларды ұрпақтарының сапасы (өнімділігі) бойынша бағалау міндетті түрде селекциялық жұмыстардың ең маңызды құрамы ретінде қаралады. 
Отандық ғалымдар заманауи технологиялар керуеніне ілесе алды ма, мақтанарлық жетістіктері бар ма деген сауал әрине туындайды. Жетістіктеріміз баршылық, олқылықтар мен кемшіліктер де жеткілікті. Күрмеуге келмейтін жіп тәріздес, көкейді кернейтін сауал кешегі қол жеткізген межелеріміз сақталды ма, бағындырған биіктерден неге қол бұл­ғамасқа? Отандық ғалымдар Қазақстан үшін қиын кезеңдер тұсында да мал өсірудің сырларын терең меңгергенін көрсете алды. Ашаршылықтан кейін соғыстың ауыр жылдарына қарамай халық шаруашылығына қажетті биязы жүнді жаңа тұқым шығарылды. 1946 жылы апробациядан өткен қазақтың биязы жүнді қой тұқымы Кеңестік дәуірде одаққа әйгілі болды, әлемдік меринос қойлары ішінде өнімділігі заман талабына сай болған белгілі тұқымдар қатарына енді. Меринос қойларын өсіретін елдердің ішінде шөл және шөлейт аймақтарда таралған, куаң жерлердің қатаң табиғатына төзімді мал ретінде танылды.   Кейіннен 60-70 жылдар кезеңінде оңтүстік қазақ мериносы, қазақтың арқар мериносы,  солтүстік қазақ мериносы тұқымдары шығарылды. Оңтүстік қазақ мериносы көбіне шөл аймақтарда өсіруге ыңғайлы болса, солтүстік қазақ мериносы қысы қатал солтүстік өңірлерге бейім болды, ал арқар қошқарымен будандастыру арқылы шыққан арқар меринос қой тұқымы таулы аймақтарда аудандастырылды. Еліміздің табиғатына үйлесімді, жері мен суына үйренген биязы қойлардың осы жергілікті тұқымдарын өсіру өткен ғасырдың сек­сенінші-тоқсаныншы жылдарында жүн өнімін экспортқа шығаруға және әлемдік нарықта жүн өндіруден жетінші орынды иеленуге қол жеткізді. Қазақстандық жүн он екіден астам сырт елге сатылды. Сонымен, жетістіктер баршылық. Ғалымдардың, селекционерлердің көп жылғы сарп еткен еңбектері сақталды ма? Өмір талабы және селекция заңдылықтары бойынша да кез келген жетістіктің дамығаны абзал. Даму үрдісі тоқталса, ілгерілеу болмаса онда қоғамда прогресс бола ма? Ғасырлар бойы қазақтың байтақ даласында табиғаттың төл туындысы ретінде қалыптасқан құйрықты қылшық жүнді қойларын оңтайлы пайдалана отырып, еліміздің саналуан табиғи жағдайларына бейімделген биязы жүнді қой тұқымдарын шығара алдық. Осындай ілгерілеудің арқасында биязы жүн өндіру саласында елімізді көптеген сырт елдерге таныттық. Осындай жетістік ел игілігіне айналды ма?
Елімізде орын алған жекешелендіру саясаты кесірінен, орын алған жүгенсіздік пен білместіктен қолдағы бар отыз алты миллион қойдан он жылдың көлемінде жиырма сегіз миллион қой басын жоғалттық. Тоқсаныншы жылдардың соңында республикамызда сегіз миллиондай қой басы қалды. Саны азайғаны тайға таңба басқандай статистика мәліметтерінде келтірілсе, сапалық жағы көпшілікке беймәлім. Сапа да сын көтермейді. Биязы жүн өндіруге бағытталған ғалымдардың және өндіріс майталмандарының қажырлы еңбегі құмға сіңген судай болды. Сегіз миллион қойдың жетпіс пайыздан астамы қайтадан қылшық жүнді құйрықты қойларға айналды. Не ұттық? Етті-майлы бағыттағы осы қойлардың қылшық жүні мен майлы еттеріне сұраныс жоқ еді. Шикізат ретінде қылшық жүн қолданылмайтын, сондықтан да, жүн шаруа қажетіне жарамады, табыс та әкелген жоқ. Ет мәселесіне келсек, жалпы адамзат дамуындағы тамақтану үрдісіне сәйкес холестерині мол майлы етке нарықта сұраныс шектеулі еді. Өндірілген ет тек ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жарады.Міне, ұтқанымыз? Кезінде жүн өндіруден әлемде жетінші орынға ие болған, төрт жүз мың тонна қой етін өндірген, Одақ қамбасына бес жүз мың тонна ет тапсыратын республикамыз, еліміздің ішкі сұранысын ғана қанағаттандыратын деңгейде қалдық.
Көңіл жұбатар тұсымыз кейбір білімді және білікті ұжым басшыларының  көрегенділігімен сақталып қалған отандық биязы жүнді қойлар тұқымы.Малшаруашылығының басқа салаларында да осындай жағдай орын алған. Әрине, уақыт орнында тұрмайды, елу жылда ел жаңа деген, осы тұста әлемдік қой шаруашылығының дамуында да өзгерістер басталды. Әлемде қой шаруашылығындағы басымдылық жүн өнді­рісінен гөрі, одан молырақ алынатын ет өндірісіне ауды. Әсіресе, Еуропа елдері қой өсіру саласын қозылары тез жетілетін, мол ет беретін бағытта дамытуға бет бұрды, сонымен қой шаруашылығындағы табыстың тоқсан пайыздан астамы қой етін өндіруден түсетін болды. Осы үрдістің шарпуымен қазақстандық ғалымдар да етті биязы жүнді қой тұқымын шығару қажеттілігін ұғынып, жергілікті қазақтың биязы жүнді қойының негізінде, әлемдік селекцияның үздік жетістіктерін оңтайлы пайдалануды қолға алды. Соның нәтижесінде 2010 жылы ТМД елдеріндегі етті бағыттағы алғашқы «Етті меринос» биязы жүнді қой тұқымы мемлекеттік сынақтан өтіп, жаңа тұқым ретінде мемлекеттік реестрге енгізілді. Республикамыздағы малдардың тектік қорына етті бағыттағы өнімділігі жоғары жаңа қой тұқымы қосылды. Қазақстан ғана емес, әлемдік мал тұқымдарының тектік қоры да жаңа генотиппен толықтырылды. Әсіресе, қой өсіретін шаруалар ұтты: шөл және шөлейт аймақтарға бейімделген, биязы жүн беретін, өзі төлдегіш, еті мол, қозысы ерте жетілетін, бордақыласа тез қоң алатын қой өсіріп, табысын арттыруға мүмкіндік алды. Айта кететін жайт, Ресейде етті мериностардың жаңа тұқымын шығару жұмыстары Ресей Федерациясының ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен 2010 жылы ғана басталды. 
Көкжиекке көз салсақ әлемде, айналамызды барласақ көрші ел Ресейде етке деген сұраныс зор. Бұл басты мүмкіндік, ет өткізетін нарық бар. Енді, осы нарық сұранысын өтеуге әлеуеттілігіміз жете ме? Әлеуеттілігімізге келсек, Қазақстан республикасы аграрлық мемлекет 225 миллион гектар жер ауыл шаруашылығы өндірісіне қолданылады, ал, оның ішінде табиғи жайылымдық жерлер көлемі 180 миллион гектардан астам. Осы жайылымдарда мал азығы ретінде өсетін шөптесін өсімдіктердің құндылығы жылына 30 миллион тонна азықтық бірлік шамасында, ақшалай есептегенде 1 млрд АҚШ долларына бағаланатындай шамаға жетеді. Осындай сарқылмас байлық көзі малшаруашылығын өркендетудің тиімді ресурсы және еліміздің экономикалық әлеуеттілігін арттырудың ұтымды жолы. Бірақ, осы табиғи жайылымдардың 70 пайыздан астамы шөл және шөлейт аймақтарда жатыр. Сондықтан да республикамыздың жер жағдайына орай төрт түлікті өсірудің қолайлы, әрі тиімді жолдарын қарастыру өзекті мәселе. 
Кезінде ата-бабаларымыз төрт түлікті тең өсірген. Ресей патшалығына сауда жүргізгенде де қоймен қатар ірі қара малы мен жылқы да сатылған. Төрт түлікті өсірудің қыр-сырын терең меңгерген  малшы қауым әр малдың биологиялық ерекшелігін жақсы түсіне отырып, жайылымдарды тиімді пайдала білген. Шөп шүйгіні қалың өріске ірі қара малын жайса, бетегелі аласа шөптері басым өріске қой жайған. Көдесі қалың жайылымға алдымен жылқы мен сиыр жайып, көденің басын жегізген. Ресейлік патша дәуірінде 1916 жылғы санақ мәліметтері бойынша Қазақстанда төрт жарым миллион жылқы, он сегіз миллионнан астам қой, төрт жүз мыңдай түйе және бес миллионнан аса ірі қара малы болған.1928 жылы қой он тоғыз миллионнан асса, сиыр алты жарым миллионға жетті, ал, жылқы үш жарым миллион болса, түйе саны миллион басынан асты. 1990 жылдары қой отыз алты миллионнан асып, ірі қара малы он миллионға жетті, жылқы болса бір жарым миллиондай болды. Кеңес кезіндегі малшаруашылығының осылай шарықтауы республикамыздың әлеуеттілік мүмкіндігін айқындайды. Осы кезеңде Қазақстан мал басын көбейтумен қатар оның өнімділік сапасын өндіріс талаптарына сай өрбітті. Сонымен, тобықтай түйін, табиғи жайылымдарды тиімді және ауыл шаруашылық жерлерін орынды пайдалана алсақ, төрт түлік малды кеңес дәуіріндегі деңгейде өсіруге толық жағдай бар. Әр түліктің саны жайылым ыңғайына және нарықтағы сұранысқа орай болмақ. Экологиялық таза өнімге деген сұраныс заманауи талаптардың сапалық алғышарттары. 
Экологиялық таза өнім өндіруге мал­ша­­­­руа­шылығында барлық жағдай бар. Шөп қауымдастығы бай табиғи жайылымдар мен шабындықтарымыз мол, мал азығы дақылдарын өсіретін жерлеріміз жеткілікті, жергілікті жерге бейімделген мал тұқымдары бар. Осы алғышарттарды ұтымды үйлестіре отырып, шаруаның мал өсіруін ынталандыруды ұйымдастырса экологиялық таза өнім өндіру еліміздің экономикалық брендіне айналуы ғажап емес. 
Еліміздің табиғи жайылымдары шөл және шөлейт аймақтарда жатқаны белгілі. Осы орайда, еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің форумында қойшаруа­шылы­ғын одан әрі  дамыту,  орасан зор көлемдегі шөл және шөлейтті жайылымдарды игеру қажеттілігіне назар аударғанын басшылыққа алған жөн. Өйткені, қуаңшылығы басым жерлердегі шөп қауымдастығы жатаған, аласа болатыны белгілі, осындай жайылымдарды толық игеру қой малы мен жылқыға ғана тән. Жақсүйектері мен тіс ерекшеліктеріне орай осы түліктер шөпті тістеп жайылатындықтан жатаған шөптерді өз кәделеріне жарата алады. Екіншіден, еліміздің оңтүстік өңірлерінде жыл бойы жайылымда болатын қой мен жылқы малдары арзан өнім алудың табыс көзі. Қой малының артықшылығын толық игеру үшін замана талабына қарай нарықтағы сұранысты қанағаттандыра алатын сапалы ет беретін өнімділігі жоғары қой тұқымдарына басымдылық беру. Осы орайда, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары тез жетілгіш етті-жүнді бағыттағы қой тұқымдарының кең таралуы. Осы кезеңде етті бағыттағы отандық биязылау жүнді қойдың үш тұқымы шығарылды.  Қазақтың етті-жүнді биязылау жүнді қой тұқымы республикамыздың оңтүстігі мен оңтүстік шығысында шөл және шөлейт аймақтарында таралды. Қазақтың биязылау кроссбредті жүнді қой тұқымын өсіру Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарына тән болса, Ақжайықтың етті-жүнді қойы Батыс Қазақстан облысының далалық аймақтарында өсірілді. Биязылау жүнді қой саласының жедел дамуы оның қос бағытты өнімділігіне байланысты болды. Қойдың бұл тұқымы тез жетілдігіштігімен және қозы етінің сапалы құрамымен ерекше. Жүн сапасы биязы болмаса да, биязылау жүнге сұраныс бар еді.  
Айбын Төреханов,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының 
докторы, профессор, ҚР ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясының академигі

 

409 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз