• Ұлттану
  • 28 Мамыр, 2014

Әл-Фараби трактаттарындағы түр мен түс категориясы

БауыржанБауыржан Әліқожа, 
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің  магистранты

Бұлың да бұлың дүние, тылсымы мол табиғат түрлі-түрлі түсімен мың құбылады, көз суарар нақыш-бояуларымен ажарланады. Айталық, арайлап таң атады, алаулап күн батады, ақ мақтадай үлпілдек бұлттар зеңгір көкті торлап өтеді, аспан түнеріп, қара қорғасындай бұлттар динозаврлардай арпалысады, шатыр-шұтыр өткіншіден кейін, сонау, қиырдан күн сәулесімен көмкеріле  кемпірқосақ қиыла қарайды. Көз алдымыздағы әлем түрлі реңін келін жасауындай жайып салады. Көздің жауын алады, көңілге қуаныш ұялатады, жүректің нәзік қылын бебеулетеді, жаныңа эстетикалық ләззат себездетеді. Біз бұны романтикалық, эмоциялық, поэзиялық пайым­­даулар дейміз. Ал, табиғаттың осы бір ғаламатын, бөлекше болмысын, яки, «түс әлемін» ғылыми зерделеуге бола ма? Біздің ойымызша, болатын сияқты. Адамның саналық, ғылыми-ана­литикалық әлеуеті оған әбден жетеді. Қазір біз әлеуметтік өмірдің бет-бейнесін де түрлі түспен бедерлеп, сипаттап жүрміз. Мәселен, адам өмірінің мұң-зар мен көңіл шалқытатын түрлі кезеңдерінде қылқалам шеберінің палитрасынан табылмас бояулар мен түстер ұшырасады. Бұл мәселенің түп-тамырына үңілер болсақ, түр мен түс сырының кілтін табуға ұмтылған ғалымдардың бірі де,  бірегейі де –  Әбу Насыр әл-Фараби. 


Әбу Насыр әл-Фараби – түркі ойшыл­дарының ең атақтысы, ең мәшһүрі, «Әлемнің 2-ұстазы»  атанған ғұлама. Оның заманы «Жібек жолы» бойындағы қалалардың, оның ішінде Отырардың экономикасы мен мәдениетінің дамыған кезіне дәл келеді. Әбу Насыр әл-Фараби Орта Азия, Парсы, Ирак, Араб елдері қалаларына жиһанкездік сапарлар жасаған. Ол жерлерде көптеген ғұламалармен, ойшыл-ақындармен, қайрат­керлермен танысып, сұхбаттасады. Әл-Фараби тарихи деректер бойынша 70-ке жуық тіл білген және өздігінен көп оқып, көп ізденген ойшыл философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан 150-ге тарта трактат жазып қалдырды. Шығармаларында көне грек оқымыстыларының, әсіресе, Аристотельдің еңбектеріне талдау жасады (Аристотельдің «Метафизика», «Категория», «Бірінші және екінші аналитика» сияқты басты еңбектеріне түсіндірмелер жазған). 
Әбу Насыр әл-Фараби мұраларының Қа­зақстанда түбегейлі зерттелуі 20 ғасыр­лардың 60-жылдарында ғана қолға алынды. Оған алғаш бастамашы болған қазақ ғалымдары Ақжан әл-Машани (Машанов) мен Қаныш Сәтбаев еді. Әбу Насыр әл-Фарабидің 1100 жылдығына орай шы­ғарылған ЮНЕСКО шешімі бойынша 1975 жылы Алматыда халықаралық конференция өткізілді. Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық көзқарастарында басты үш бағыт анық аңғарылады: ол дүниенің мәңгілігін мойындады, танымның бол­мысқа тәуелділігін растады, ақыл-пара­сат туралы ілімді саралады. Мәңгілік пен тәуелділік бастауларын құдіретті Алладан, аспан әлеміндегі құбылыстардың мәні­­нен, ақыл-парасаттан, адамның жан-дүниесінен, түр мен материя арақа­тына­сынан іздеді.
Фарабидің натурфилософиялық көзқа­растарынан кең мағлұмат беретін еңбегі – «Жаратылыстанудың биік (діни) негіздері туралы трактат» деген атпен белгілі [1]. Бұл трактатта бүкіл әлемнің алғашқы жаратылу кезеңінен бастап,  адам және оның жер бетіндегі қызмет-әрекетіне дейінгі тарихына қысқаша шолу жасалынады. Қазіргі терминмен айтсақ,  өзара қарбалас, қатар алынған космология мен космогония, яғни қысқаша айтқанда жалпы әлем, космос әлемінің, дүниенің пайда болуы туралы ілім айтылады. Аталмыш трактатында, екінші ұстаз бастапқыда жарықтың ешбір қасиеті болмағандығын, ол біртекті және қозғалыссыз Алла құдіретімен жара­тылғандығын және жарыққа ақыл, ойлау әрекеті берілген уақыттан бастап қасиет пайда бола бастағандығын жазады. Осылайша, ол ақылдың жарықтан, нұрдан бастау алатындығын, әлемдік нұрдан және онымен байланысты, одан тікелей жаратылған әлемдік ақылдан барып бүкіл материалдық және рухани тіршілік әлемінің туындап, өрбіп, сан алуан түрге көшетіндігін шегендейді. Осы ретте биосфера мен ноосфера ұғымының басы әл-Фараби ма деген ойға қаласыз. Фарабидің жаратылыстану саласында жазған трактаттары да, бұл салаға қосқан жаңалықтары да қыруар. Физикалық құбылыстарды талдайтын еңбегі оннан асады. Оның таразы туралы, механизмдер туралы, оптика мен бос кеңістік (вакуум) туралы көптеген құнды тұжырымдары әлемге әйгілі. Астрономияда күн апогейі (шарықтау шыңы) орнының тұрақты болмайтынын өз тәжірибесі арқылы бақылап анықтаған. Сәуленің таралуын геометрия оптика заңдылықтарымен дәлелдеп береді. Сәуленің жиналу, сыну, тарау, шоғырлану заңдылықтарын геометриялық дәл әдістермен тапқан Әбу Насыр әл-Фарабидің шұғыла туралы түсінігі Еуропа ғылымына ХVII ғасырда ғана мәлім болды. 
Ноосфера (грек тілінен «νόος» – сана және латын тілінен «sphaira»  – орта, шар) немесе антропосфера (грек тілінен «antһropos» – адам, spera – қабық) – биосфераның жаңа жағдайға көшкен деңгейі; адамның саналы түрде жүргізген іс-әрекеттерінен туындайтын жер сферасындағы барлық өзгерістер мен олардың дамуын анықтайтын басты фактор; ғаламдағы адамзаттың мекендейтін аясы [2]. Ғылыми биологиялық түсіндірме бойынша, жер ғаламшарындағы органикалық дүние эволюциясының бірнеше кезеңдері ажыратылады. Бірінші кезең – заттардың биологиялық айналымы пайда болып, биосфераның қалыптаса бастауы. Екінші кезең – тіршіліктің күрделене түсіп, көп жасушалы организмдердің пайда болуы. Бұл екі кезеңді ғылымда биогенез, яғни, тіршіліктің толық мәнінде пайда болу кезеңі деп атайды. Биосфера эволюциясының үшінші кезеңі – адам қоғамының пайда болуымен ерекшеленеді. Осылайша, биосфера эволюциясының келесі жаңа кезеңі ноосфера – адамның санасы, ақыл-ойы шешуші рөл атқаратын жаңа деңгейі деп көрсетіледі.  Алайда, әлем жаратылысының негізінде жатқан Нұрдың ақыл құрамдас бөлігі екенін, яғни, жаратылыстың негізінде-ақ ноосфераның элементтері бар екен­дігін әл-Фараби мың жыл бұрын трактаттарында жазып қалдырған болатын. Зерттеуші-ғалым А. Көбесов «ғылым та­рихында бұрын кездеспеген тағы бір сонылық – Фараби өзінің космологиялық көзқарастарын баяндауда тек Құран және құран төңірегіндегі, соған байланысты ғылыми-философиялық материалдарға табан тірейді» деп әл-Фарабидің жаратылыс туралы ғылыми тұжырымдарының діни (Исламдық) негізі бар екендігін айтады [3].  
Ғұламаның жаратылыс туралы пайымдарына кезек берсек: «Бірінші жарық – Нұр алғашқыда өзінің жаратылған жерінің маңында орналасады да, осы жағдайда бір дүркін цикл уақыт (12 000 жыл) тұрақтайды. Бүкіл әлемнің бастапқыда бірінші элементтері пайда болуы үшін Алланың әмірімен  Нұр екіге жарылып, бір бөлігі жоғары көтеріліп, екінші бөлігі төмен түседі, олардың арасында бос кеңістік орнамайды, олардың бастапқы бөліну орнында ортақ бөлік пайда болады. Осы ортақ бөлік әлгі екі бөлікті байланыстырып, дәнекерлейтін маңызды қызмет атқарады. Мұндай бөліну кең көлемде әрбір 1200 жыл дүркіннен кейін болып тұрады, тар көлемдегі бөлінулер орын алады. Әрбір бөліністен соң бүкіл әлем заттарында жаңа сапалар, өздерінің айрықша қасиеттері бар мән-мәністері бар бастапқы, негізгі элементтер (стихиялар) пайда болады» [4]. 
Осылайша, әл-Фараби жаратылыстың бастапқы объектісі нұр екендігін негіздейді. Осы орайда, арабтың «нұр» деген сөзі физи­калық жарық ұғымына қарағанда кеңірек ұғым. Нұр жарықтан басқа ақыл-рухани және қайырым-ізгілік негіздерін қамтиды. Егер, әңгіме кәдімгі жай физи­калық құбылыстар туралы болса, онда ол жарық деп; егер, рухани сала туралы айтылса, онда Нұр деп алынады. Нұрдың биік шоқтығы адамның ақылы болып табылады. Сондықтан, әу баста-ақ, жаратылыстың негізінде тек физикалық жарықтың емес, ақыл мен рухани негіздің бар екендігін екінші ұстаз дәлелді түсін­дірген болатын. Бұл тек теологиялық ілім емес, оның ғылыми негізі, түсіндірмесі бар екендігін одан кейінгі шығыс ғалымдары мен батыс зерттеушілері де көз жеткізген болатын. 
Фарабидың трактатында Нұр бүкіл әлемде өте кең таралған құбылыс екені көрінеді. Әлем өзіне жылу құбылыстарын да, сәуле шығару, от, энергия тағы басқа­ларды да қамтитын кең мағынадағы жарық­қа лық толы, оның әр жерлерінде осы жарықтың қоюлануынан түзілетін аспан объектілері, денелері және басқалары орналасады. Сөйтіп, адам ақылы нұрға бөленген және адам түп бастамасы, негізі жарықтан шығатын, әлемді танып, білуде. Осы ұстаным Фарабидың космологиясының іргетасын қалайды. Фараби: «Бүкіл жоғары бөлік екі жарыққа бөлінді де қозғалыс қасиетіне ие болды. Алла Тағала осы өзінің құдірет күшімен осы жарықты бүкіл әлемнің қозғалыс негізі жасады. Жарықта жылу табиғаты бар. Бұл жылу бүкіл дүниелік харекеттің қастерлі іргетасын қалады. Мұнан соң Алла Тағала жарықтың жоғарғы бөлігінен ғарышты, яғни аспан шырақтарын және оларды сүйреуші періштелерді және басқа да жарық құбы­лыстарын бар етті» дейді [4].  
Космостың, яғни ғарыштың жерге жақын атырабын, біздің заманымыздың ғы­лыми терминдерімен айтсақ,  Күн туралы әл-Фараби: «Жарықтың бүкіл төменгі бөлігі қараңғы, қозғалыссыз және салқын болды. Бұл бөлікте өзінің жаратылысы жөнінен қозғалыссыз заттар денелер орналасты. Алла тағаланың құдіретті күшімен қозғалыссыз субстанциялар жаратылысы салқын, суық болып келеді. Осы субстанциялардан суық, салқын денелер, заттар пайда болды. Бұл заттардың түп негізі басқа көп заттарға негіз болатын тас пен топырақ болып табылады. Мұнан соң Алла тағала жарықтың төменгі бөлігінен  (төменгі сфераны) және оларды қорғаушы періштелерді, пейішті және лаух әл-махфузды (тағдырлар жылнамасын, адамдар пешенесі кітабын) жаратты. Осы тұста әртүрлі екі пайымдау кездеседі. Жоғарыда біз айтқандай Алланың ең бірінші жаратқаны – Нұр. Ал, екінші пайымдау бойынша бірінші пейіш, сонан соң барып Нұр пайда болды» деп жазады [4]. 
Әл-Фараби дүниенің түп төркініне пейішті алмай, заттық (материялық) бастама – Нұрды алуы үлкен ғылыми көрегендік екені күмән туғызбайды. Сонымен, «Жа­ра­­тылыстанудың жоғары негіздері» деген трактатында әл-Фараби әлемнің жара­тылысының негіздері мен сипатын зерделеген. Фарабидің космологиясы бойынша бөліну мен араласудың бірінші кезеңінде жұлдыздық жүйелер мен жұлдыздық дәуір­дегі Күн системасының жалпы нобайы, жобасы белгілене бастайды, алайда, Күн, жұлдыздар, планеталар, ерекше аспан денелері ретінде әлі де болса қалыптаспай, газ қоспасы ретінде белгілі бір сфераларда жайласады. Бөліну мен араласудың екінші кезеңінде Күн системасы қазіргі кездегі түрге келген. Орбиталық заттардың қойыртпақ-қоспасынан Күн түзіледі. Ол жеті қат аспанның ортасында, яғни төртінші фалакта жоғарғы және төменгі әлемдік аспан сфераларының өмір сүру әрекетінің басты көзі бастау бұлағы, сонымен қатар, бүкіл әлемді жарықтандырушы қызметін атқарады. 
Әл-Фараби мұрасындағы түр мен түс категориясын тереңдей талдау, оның қолданбалық қырларын зерттей түсу түстер көрінісінің мазмұндық астары мен ғылыми шырайына жаңаша үңілуге мүмкіндік береді. Мәселен, ғұлама «Философтардың сұрақтарына жауап» трактатында қазіргіше айтсақ, сұхбат жа­нрының тәсілдерін пайдалана отырып, өзіне-өзі сұрақ қойып, оған өзі қысқа да нұсқа жауап қайырады. «Түстер қалай және қандай денелерде пайда болады?» – деген сұраққа мынадай жауап береді: «Түстер тек пайда болушы және өткінші денелерде ғана пайда болады. Жерлік емес денелерде ешқандай түстер жоқ және элементтер (бөлшектер) мен қарапайым денелерде олар аз. Кейбірін қоспағанда, ежелге (даналардың) көпшілігінің көзқарасы осындай. Өйткені, ежелгілер, басқа стихиялардың арасында қара түске ие. Отқа болса жарықтың күші тән және күрделі денелердегі түстер элементтердің (бөл­шектердің) араластырылуынан пай­да болады деп пайымдаған. Оттың сал­мағы басып кететін күрделі денелерде, түс ақ, ал жердікінің салмағы басымдарда түс қара. Осыған сәйкес орта түстер араласуы дәрежесіне тәуелді пайда болған» – дей келе, «түс деген не?» – деген сұраққа «түс – бұл арқасына жарық қайтарылатын, дененің шегі. Түс дененің бетінде көрініс табады. Денеде екі шек бар, біріншіден, осы арқылы дене жарықты қайтаратын түс» – деген жауап береді [5]. 
Фарабидің «Ғылымдар энциклопедиясы» трактатымен Еуропа ғалымдары ертеден таныс. ХІІ ғасырдың өзінде арабшадан латын тіліне екі рет аударылған болатын. Аталмыш трактаттың «Оптика» деген тарауында оптиканың жәрдемімен ақиқат, анық пен оның алдамшы көрінісінің парқы ажыратылатындығын, қатаң дәлелдеу жолымен мұның себебі айқындалатындығын, көзбен көруде кездесуі мүмкін болатын қатерлердің барлығы ескерілетіндігін, одан құтылуға көмектесетін, яғни қарастырылып отырған нәрсенің, мөлшері, формасы, орны, құрылысы, т.б. туралы ақиқатқа жеткізетін әдіс-айлалардың түрлері көрсетілетіндігін жазған болатын [6]. Оптиканың жәрдемімен адам қасына баруға болмайтын нәрселердің шамасын, мөлшерін, олардың бақылаушыдан және бір-бірінен қашықтығын біле алады. Мысалы, ағаштың, қабырғаның биіктігі, өзен, сайдың көлденең ені,  т.б. таудың басы мен сайдың табанын көру арқылы ғана анықтауға болады. Оптиканың жәрдемімен бақылаушының орнына немесе жер бетіндегі кез келген басқа орынға қатысты бұлттың немесе басқа нәрселердің қашықтығын, мөлшерін білуге болады, параллакстары арқылы аспан шырақтарының қашықтығын, мөлшерін анықтауға болады. Қандай ғана нәрсенің мөлшерін анықтау болсын, қашықтығын табу болсын, оны көргеннен кейін ғана мүмкін болады. Мұнда кейде қатеден аулақ болу үшін аспаптар пайдаланылады, кейде аспаптар пайдаланылмайды. Сонымен, түр-түсті көру көздің тікелей қызметіне байланысты. Көз бізге заттардың көлемін, формасын, мөлдірлігін, жылтырлығын және түр-түсін көріп, қабылдауға мүмкіндік береді. Көрінетін, байқалатын нәрселердің барлығы ауа немесе басқа мөлдір зат арқылы өтіп, біздің көзімізді көрінетін нәрсемен байланыстыратын сәулелер арқылы көрінеді. Осы тұста, әл-Фараби түстерді көрудегі сәулелердің түрін ажыратады. Бұл сәулелер түзу сызықты, аударушы, шағылыстырушы және сынушы сәулелер болып бөлінеді. Түзу сызықты сәулелер – көзден шыққаннан кейін ғайып болғанша көру бағытымен тік таралады. Аударушы сәулелер – көзден шыққаннан кейін айнаға түседі, ол осы сәулені бұрып айнаның екінші жағына түсіреді, ол бұрып бақылаушы жаққа кері аударып жібереді. Шағылушы сәулелер көзден шыққаннан кейін ғана айнаға түседі. Бұл сәулелерді бақылаушының өзі көреді. Сынушы сәулелер көзден шыққаннан кейін айнаға түсіп, бақылаушы жаққа қарай бұрылып, оның артқы, оң немесе жоғары жағындағы нәрсеге түсіп  қайта қайтады. Осының нәтижесінде адам өзінің артындағы немесе кез келген бір жағындағы нәрселерді көреді. Көз көрінетін нәрсе және айна үшін  орта (кеңістік) мөлдір зат болады. Мысалы, ауа, су немесе аспан денелері, шыныдан жасалған құрама зат, т.б. Ал, енді түстердің көрінуін – ғылымда сәулелерді үш бөлікке бөлуді түр-түсті ажырату деп атайды. Осылайша, әл-Фараби адамның түстерді көру мүмкіндігіндегі сәулелердің қасиеттерін физикалық түсіндіріп, түстер мен түрлерді қолмен қойылғандай дәл ажыратуда және оның табиғатын зерттеуді жетілдірудегі маңызды құрал болатын оптика ғылымының негізін де қалап кеткен болатын. 
Әл-Фарабидің «Ғылымдар энциклопедиясы» трактатының «Астрология мен алхимия туралы» бөлімінде жұлдыздардың орны, түр-түсі, қозғалысы, т.б. қасиеттеріне сүйеніп жер бетіндегі оқиғаларды алдын ала болжауға болады дейтін астрологтардың күмәнді қағидаларын аса терең ғылыми-логикалық негізге сүйене отырып әшкере жасайды. Осылай, ол астрологияға жалған ғылым (псевдонаука) деген таңба салады, айдар тағады. Әл-Фараби әуелі дүниеде кездейсоқ құбылыстар бар екендігін негіздейді, олардың барлығын мансұқ етпейді, олардың ішінде зерттеп білуге болатын тобын ажыратады. Кездейсоқтар жөніндегі ілімді көп ұшырасатын табиғат құбылыстарын және басқа әсер-әрекеттерді зерттеп білуге, қолдануға болатындығын айтады. Ол айқын да, нақты мысалдар келтіре отырып, астрологтардың жалған дәлелдері мен дәйектерінің быт-шытын шығарады. Бұл тұрғыда ғалымның келтірілген қисынды дәлелдері мынадай: «Табиғаттың аса бір әсем құбылыстарының бірі – Күнді Айдың тасалап, адам көзіне оның сәулесін түсірмей қою. Бұл құбылыс тұтылу деп аталады. Жұлдызшылардың (астрологтардың) айтуынша, осы кезде Жердегі бір патша өледі-міс. Егер бұл ереже сөзсіз дұрыс болса, онда Күннің сәулесін бұлт көлегейлеп, адам көзіне немесе басқа бірдеңеге түсірмей қойса, онда міндетті түрде бір патша өлер еді немесе басқа бір оқиға болар еді... Бұлай болмайтыны ақылдылар түгіл ақылсыздарға да айқын емес пе?! Егер, түсі Марс сияқты қанға ұқсас барлық аспан шырақтары кісі өлімінің немесе басқа бір қантөгістің белгісі болса, онда жер бетіндегі әрбір қызыл денеде осындай белгі бермес пе еді, өйткені олар бір-біріне жақын болғандықтан әсері қайта күштірек болуы керек қой» [4]. Бұл тұста екінші ұстаз әлемнің жаратылысындағы заңдылықтарды жоққа шығарып отырған жоқ. Тек тылсымы мол дүниенің әрбір түрлі-түсті көріністерінен негізсіз түсін­дірмелер мен сәуегейлік жорамалдарын тықпалап, лағып кеткен «жорамалшы» – ғалымдардың «жұлдызнамалық» «ғы­лым­сымақтарының» жалған (псевдо­ғылым) екендігін айшықтайды. Яғни, ғалам, жұлдыздардың жаратылысындағы түр­лі түс пен түрдің қасиетінің ғылыми тү­сіндірмесінің мәні басқа екендігін меңзейді. Десек те, бұл жалған ғылым деп айдар таққан «астрологиялық болжамдар» бүгінгі адамдар өмірінің «бағдаршамына», жол сілтеушісіне айналғандай. Мәселен, кез келген газет-журналдың бетінен «Жұл­дыздар не дейді?» айдарын таба аласыз. Жалғандағы түрлі жағдайларға жауапты сәуегейлерден сұраған адамдар да жетерлік. Күннің реңіне қарап қоғамның кейбір мәселелерін, даму заңдылықтарын түсіндіретін жұлдызнамашы-сәуегейлер де көп қазір. 
«Музыканың үлкен кітабы» трактатында Фараби практикалық музыка өнері туралы: «Көңілде тек қана нағыз ақиқат, елес туғызатын нәрселерге практикалық музыка өнері деген ат дәл келеді. Ол сезімдік түрде, формада елестетудің мелодиясын туғызады. Бұл ат дәл келетін өнердің екінші түрі ақыли дарындылық, адам көңіліне ақиқат, бейнеге сәйкес әсер ете отырып, мелодияны бейнелер формасында туғызады» дейді [6]. Ұлы ұстаздың музыкалық дарын-мелодияның тууы жайлы зерттеулерінде мелодияның бейнесі тәжірибелік нәрселердің қай-қай­сысының бейнесі сияқты, оның сезіммен білінерліктей баламасы болатындай етіп шығарылатындығын айтады, «бейнелер үнемі сезімге лайықталып жасалынады, ол бейне мен оны жасау әрекетін бір-бірінен бөліп алуға болмайды, сондықтан да бұл әрекет белсенді түрде өтеді. Ақиқат сезімге неғұрлым жақын келсе, мелодия бейнесі де соғұрлым әсерлі болады. Қиялда туған бейнелерді талғап, іріктеу композиордың өзіне байланысты. Жалпы алғанда, бұл бейнелер оларды сезім арқылы қайта елестетуге мүмкіндік беретін дыбыс шығарушы денеге, ол денелердің негізгі және кездейсоқ қасиеттеріне тәуелді болады». Осылайша, музыканың өмірдегі бейнемен байланысын, оның музыканың тууындағы әсерін әл-Фараби әуезді әуен үшін де, көркем шығарма үшін де музаның, яки көркем образдың, бейненің, түрдің түрткі болатынын айтады. 
Осы тұста немістің ұлы ақыны Й.Гете де түр-түсті бейнемен, бейнелеу өнері мен музыкамен байланыстыра зерттеп, психо-физиологиялық ерекшеліктерін ашып, музыканың да, бейнелеу өнерінің де үн­дестікке ұмтылатындығын айтқан болатын. Музыкадағыдай  дыбыс үндестігі, сәу­лет өнеріндегі пропорционалдық қаты­настар, түр-түстегі үйлесімділікті де бей­не­лейді. Мәселен, музыкада екі, үш, не төрт дыбыстан үндестік құратын заңдылықтар түр-түсте де бар. «Мажор» мен «минор» секілді психологиялық үндестікті түр-түстерден де байқаймыз. Мысалы, қызыл мен жасыл түстердің үйлесімділігі, екеуінің бір-бірін әсірелеп, айқындай көрсетуі «мажор» үндестігіне сәйкес. Ал, бірыңғай көк пен күлгін түстердің үйлесімділігі, олардың солғын да салқын әсері «минорға» тән» [7]. Кезінде Леонардо да Винчи де үндестікті «құлаққа жағымды дыбыстардың қосын­дысы» деген болатын. Поэзияда да, музыка мен бейнелеу өнеріндегідей  ұлы үндестіктің салтанат құратындығы айқын. А.Блок «Ақын – үндестік ұлы және оған әлемдік мәдениетте белгілі бір рөл берілген» дегенінде де көп мән жатыр. Осылайша, өнердің (бейнелеу, музыка, поэзия) негізінде көркем образдық бейне, түрдің жатқандығын айтуымызға болады. Ал түрді құлпыртатын, көркемдік, алуандылық сыйлайтын түстер екендігі анық. Демек, шығармашылықтың  болмысы түр мен түс категориясымен тікелей астасып, қабысып жатыр.  
Әл-Фараби трактаттарындағы түр мен түс категориясының мән-мазмұнына, ерекшелігіне үңілгенімізден түйгеніміз: біріншіден, әлемнің жаратылысының негі­зінде жарық пен ақыл-руханият ұш­тасқан нұрдың жатқандығы және оның биосфера, ноосфера ғылымдарымен аста­сып жатқандығын; екіншіден, түс­тер­­­дің пайда болуы олардың ішкі құ­рылысы (копускулярлық теория) мен жа­рықтың түсуімен (толқындық теория) түсін­дірілетіндігін; үшіншіден, түстерді көру мен ажыратудағы оптика ілімінің ма­ңыз­дылығын; төртіншіден, аспан әле­міндегі объектілердің түрлі түстерінен, яғни кез­дейсоқ құбылыстарға ғылыми мән бе­ретін астрологиялық болжамдардың жал­ғандығын; бесіншіден, музыка тууына бей­ненің, образдың, түрдің әсерінің жоғары екендігін анықтадық. 

Пайдаланылған әдебиеттер:

Қазақ халқының философиялық мұрасы.5-том. – Алматы: Аударма, 2005. 
Қазақ тілі термиңдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: География және геодезия. – Алматы: Мектеп, 2007. 
Көбесов А. Әл-Фарабидің ашыл­маған әлемі. – Алматы: Санат, 2002. 
Әл-Фарабидің таңдамалары трактаттары. – Алматы: Арыс, 2009. 
Қазақ халқының философиялық мұрасы.3-том. – Алматы: Аударма, 2005. 
Қазақ халқының философиялық мұрасы.4-том. – Алматы: Аударма, 2005.
Қайдаров Ә.Т., Өмірбеков Б., Ақтамбардиева З.Т. Түр-түстің тілдегі көрінісі. – Алматы: «Ана тілі», 1992. 

694 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз