• Ұлттану
  • 28 Мамыр, 2014

ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДЫҒЫНЫҢ МАҚСАТЫ: ҰЛТТЫҚ ЭГОИЗМГЕ ЖОЛ БЕРМЕЙ, ҰЛТ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

БорбасовСайын Борбасов,
ҚазҰАУ-дың  О. Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім және тәрбие институтының директоры, саяси ғылымдарының  докторы, профессор

Қазақстанның әлемдегі орташа дамы­ған мемлекеттер қатарына еніп пост­индус­триалдық даму сатысына бет бұрғаны бел­гілі. Алдағы 10-15 жыл аралығында дамыған, технологиялық ақпа­раттық және энергетикалық міндеттері шешілмек. Дамудың қарқынды болуына елдегі саяси тұрақтылық пен этникалық татулық өзінің позитивтік ықпалын тигізуде. Бұл Қазақстандағы экономикалық үрдістердің әлеуметтік-этникалық үрдістерімен жарасымды болғанын, екі үрдістің бір-біріне дұрыс қозғалыс сыйлағанын атап өткен дұрыс. Саяси-этникалық тұрақтылық экономикалық реформалар арқылы жаңарудың тірегіне айналды. Ел халқының материалдық әл-ауқатының елеулі жақсаруы этникалық және әлеуметтік қайшылықтардың асқынбауына жағдай жасады. Алайда, елдегі ұлттық дамуы үрдістерінде шешілмеген мәселелер, қайшылықтар мен көзге көрінбейтін, ішкі латентті құбылыстар баршылық. Сондықтан, Қазақстанды мекендеп отырған көптеген ұлттар мен диас­порлар өзара татулықты және олардың жасаушы ұлт-қазақ ұлтының қасында топтасуын нығайта берудің маңызы арта түседі. Себебі, Қазақстан қоғамы өзінің жаңа даму кезеңінде ел халқының өзара бірлігі мен татулығын нығайта беруіне мүдделі. Ол үшін көпэтникалық қауымның қазақ ұлтының күн тәртібіне қойған құндылықтарын қолдауы маңызды. Ал, қазақ ұлты өз кезеңінде елдегі аз санды ұлыстар мен халықтар өкілдерінің құқықтық тұрғыдан кемістік көрмеуіне, экономикалық және саяси мүдделерінің қорғалуына, әлеуметтік-мәдени мәселелердің шешілуіне қамқорлық жасап отыруы тиісті.


Қазақстандағы ұлт саясатының өзекті түйгені-әлеуметтік әділеттілік принципінің нақты орындалуы болуы керек. Себебі, Конституция талаптары бойынша Қазақстандағы әр азамат түрлі этностар өкілдері ретінде емес, адам ретінде және тұлға ретінде қарастырылады. Елде барлық адамдардың құқықтары мен бостандықтары сақталып қорғалады. Әрбір адамның құқықтары бостандықтары басқа адамдардың құ­қық­тары мен бостандықтарына ешбір бөгеттер жасалмауы тиіс. Демек, әлемдік гуманитарлық ой талаптарды бірінші орынға шығарды. Ата Заңда адамның жеке өміріне байланысты, оның негізгі құқықтары мен бостандықтары қорғалады. Жеке тұлғаның өмір сүруіне, еңбек етуі­не, демалуына, дамуына, отбасына конституциялық кепілдіктер жасалынады. Демек, Қазақстанда барлық ұлттар мен халықтардың өкілдеріне бірдей жағдай көзделген. Ұлттық, этникалық шектеулерді азаматтар құқықтық тұрғыдан сезінбейді. Алайда, елдегі ұлт мәселесінде көлеңкелі, шешілмеген мәселелер жоқ деп айта алмаймыз. Қазақстандағы ұлттық үрдістерге әлемдік тәртіптер мен шақырулар ықпалы сырттан әсер етеді. Сонымен қатар, елдің әлеуметтік-ұлттық үрдістеріндегі өзгерістер әсер етеді. Сыртқы факторлар қатарына әлемдік тәртіптерге әсерін тигізіп отырған исламдық діни экстремизмді, халықаралық терроризмді,т.б. діни радикалистік бағыттағы қозғалыстарды атауға болады. Мұндай ұйымдар Қа­зақстанда діни негіздегі араздықтарды туғызып ел халықтарының арасындағы бастауды көздейді. Олар дін арқылы сепаристік көңіл-күйді ынталандыруға да ұмтылуда. Ислам дінін бұрмалаушы діни ұйымдар Қазақстанның саяси жүйесін шайқалтуды көздейтін ортақ «Араб халифаты» ұранымен әрекет етуде. ХХІ ғасыр басында Қазақстан үшін ең үлкен қауіп экстремистік топтардың дәстүрлі Әбу-Ханифа мазхабын әлсірету арқылы елде діни және этникалық араздық туғызу мақсаты болып отыр. Діни экстремистік және террористік топтарға дем беруші және қаржыландырушы трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтар екендігі ақиқат. Алайда, трансұлттық әлемдік қаржылық топтардың қандай мемлекеттердің неоимпералистік саясатын жүргізгені өте құпия. Ірі державалардың арнаулы қауіпсіздік органдарының трансұлттық топтармен астыртын ымыраласып дамушы мемлекеттерге, Батыстық саясат пен диктатқа қарсы мемлекеттерге соққылар беріп отырғандығы белгілі. Олар сол елдегі ішкі араздықтарды, ұлт мәселесін қоздыру арқылы саяси тұрақтылықты шайқалтып, «түрлі-түсті революциялар» жасауды әдетке айналдыруда.
Бұл істе Батыстың дамыған елдері түрлі бейресми мемлекеттік емес ұйым­дарды құру, қорлардың жұмысын жандандыру арқылы қарсылас елдердегі түрлі араздықтарды қоздыруды жақсы жол­ға қойып алған. Мысалы, көршілес Қырғызстанда Батыстық-американдық түрлі мемлекеттік емес ұйымдар халықты «түрлі-түсті революцияға» екі мәрте кө­тергені белгілі. Соның нәтижесінде бұл ел үздіксіз саяси дағдарыстан көз ашпауда. Мемлекетте сепаристік, охлократикалық пиғылдар белең алып, конституциялық құрылыс тұрақсыз болуда. Бұқаралық санада мемлекеттік билікке сенбеушілік қалыптасқан. Ал, биліктің өзі топтық, жершілдік және тройболистік ауытқуларға тым әуес. Халықтың кедейленуінің тереңдеуі де этникалық наразылықтарға себеп болуда. Әлеуметтік мәселелердің шиеленісуі үнемі этникалық мәселелердің шиеленісуіне транс­фармацияланып кететіндігін саяси тәжірибе дәлелдеп келеді. Бұқаралық санада нарықтық қатынастар елеулі рөл атқаруда. Халық өзінің этникалық талап-тілектерін әлеуметтік мәселелердің шешілуімен байланыстыруда. Ол үшін қара­пайым халық тыйым санамайтындай тоқшылықта өмір сүргені дұрыс. Екіншіден, өзінің денсаулығын және жақындарының денсаулығын күтуге жағдайы болғаны ләзім. Үшіншіден, дұрыс ұйымдасқан, әлеуметтік әділеттілік сақталған, заңдылық басым болған қоғамда өмір сүруді қалайды. Қарапайым халық үшін әділеттіліктің болуы оның жеке өмірінің материалдық деңгейінің жақсы болуымен бірдей дәрежеге жеткен. Демек, Қазақстанда әлеуметтік әділеттіліктің салтанат құруы, байлық пен кедейліктің арасындағы алшақтықтың азайып, байлығы бар, білімі бар, жұмысы бар орта топтың басым болуы этникалық қайшылықтарға жол бермеудің әлеуметтік кепілдіктері болып табылады. 
Бұл мәселе этносаясаттың маңызды бір бөлшегі, бағыты. Әлемдік тәжірибеде этностың материалдық әл-ауқатының жақсара түсуі, әлеуметтік мәселелерінің шешілуі оның ұлттық санасының өсуімен, этногенетикалық тегін іздеуімен қас-қабат жүретіндігін де көрсетуде. Оның дәлелі ретінде, экономикалық жағынан ең озық мемлекеттердің өздерінің этникалық келбетін сақтауға деген құлшынысын айтуға болады. Ұлыбритания англо- сексондық, Германия-немістік, Франция-француздық, Жапония-жапондық этногенетикалық құндылықтарын сақтай отыра жаһандық үрдістермен қауышуда. Олардың ешқайсысы ұлттық тамырымызды жоқ қыламыз деп отырған жоқ. Ондай саясатты жүргізушілерді дамыған елдер халықтары зиянкестер ретінде бағалайды. Тіптен, «қайнатушы қазан» идеясының авторы АҚШ-тың өзі ағылшындық тіл мен англо-сақсондық идеологияны, католиктік дінді таңдауда. Олардағы бұқаралық мәдениет халықты алдап ұстаудың, оған ермек пен сауық-сайран берудің құралы ғана. 
Елдегі этникалық қатынастарға осы уақытқа дейін мәдениетте қолданып келген мультикультурализм мен БАҚ-та насихатталып келген бұқаралық мәдениетінің ықпалы зор. Қазақстанды мекендеген барлық халықтардың тілдері мен мәдениеттерін өркендетеміз деп жүріп ел басшылығы Қазақстандағы мемлекет жасаушы қазақ ұлтының этникалық дамуынан туатын көптеген міндеттерді назардан тыс қалдырды. Елдің басшылығы Қазақстанның ішкі ахуалын анықтайтын демографиялық үрдістерге дұрыс баға беріп отырған жоқ. Қазақстанның этникалық картасының түбегейлі өзгеруі де ресми этносаясатта нақты есепке алынбай келеді. Қабылданған заңдар, нормативтік актілер, түрлі мемлекеттік бағдарламалар негізінен көпдінді, көпэтносты Қазақстан қоғамына ортақ мәселелерді көтереді. Ал, ел халқының 67 пайыздан астамын құрып отырған қазақ этносының ұлттық құндылықтарын дамытуға бағытталған «Мәдени мұра» сияқты бағдарламалар некен-саяқ. Соның негізінде Қазақстан халқының негізгі ядросы болып табылатын қазақ ұлтының мәдени-рухани және моральдық потенциалының әлсіреуінің куәсі болып отырмыз. 
Қазақ этносының тілдік, діни мә­дени және моральдық тұрғыдан әл­сіреуі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінің әлсіреуіне бастайтын жол. Бұлай болуы қазақ ұлтының бір ортақ тілде-ана тілінде топтасуының дағдарысқа ұшырауына байланысты. Қазақ тілді қазақтар мен орыс тілді қазақтар екі түрлі дүниетанымға бөлінуі нәтижесінде, олар ұлттық ортақ мәселелерді шешуде ұдайы бір арнадан шыға алмай келеді. Қазақ тілінің Республикада толық қанды дамуына, қоғамдық қатынастардың барлық салаларына белсенді енуіне орыс тілді қазақтар үнемі бөгет жасауда. Басқарушы және бизнес элита да орыс тілін қуаттауда, ал, ел халқының абсалютті көпшілігі болып табылатын қарапайым қазақтар тілінің мемлекеттік статусының толыққанды қызмет еткенін қолдайды. Осы тілдік бөлініс ішкі теке-тірес, перманентті түрде жасалып келеді. Ел халқының саяси- әлеуметтік топтасуына, саяси тұрақтылықтың нығая беруіне бұл үрдіс зиянды. Қазақ ұлтының тілдік топтасуының әлсіздігі оның өкілдерінің мәдени-рухани топтасуына кедергі келтіруде. Қазақстанда орыс тілі орыс мәдениетіне қабылдап, орыстық дүниетанымға көшкен қазақтар жетерлік. Олар үшін Ресеймен Қазақстанның  қарым-қатынасының бодандық сипатта болғаны зиянды емес. Олар БАҚ-та ғана емес, қоғамдық қатынастардың барлық саласында Ресейдің үстем болуын қалайды. Әсіресе, елдегі биліктің  және шаруашылық-қаржы жүйелерінің орыс тілде сөйлейтінін қолдайды. Осымен қатар бұл топтың белсенді өкілдері Батыстық либералдық құндылықтарының орнығуын, оның орыстық рухани-мәдени құндылықтары мен қауышуын қуаттайды. Орыс тілді қазақтар тобы өзінің ұлттық тілі мен мәдениетіне менсінбеушілікпен қарап, оны дамыту үшін күш-жігер жұмсауды пайдасыз харекет деп біледі. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта осы үрдіс үздіксіз жалғасып келеді. Қазақ ұлтының салт-дәстүрінің, тілі мен ділінің және ұлттық отаншылдығының өрістеуін бұл топ пайдасыз әрекет, қоғамды артқа шегінуіне үндеушілік деп бағалайды. Олар үшін ұрпақтарының орыс, ағылшын тілдерінің өкілдері болғандығы маңызды. Өздері және балалары білмейтін қазақ тілін білу орыс тілді қазақтар үшін қосымша ауыр жүктей көрінеді. Қазақ тілінің зор лингвистикалық және әлеуметтік мәдени қуатын көргілері келмейді. Сонымен, бұл топқа Қазақстанның трансұлттық тәртіптер мен ережелерге бейім болғаны, ұлттық-тілдік келбеттен айрылған маригинал халқы болғаны қажет. Орыс тілді топ өкілдері өздерінің мақсат-мұраттарын адам құқы, сөз бостандығы, пікірлер әралуандығы, демократиялық қоғам талаптары, азаматтық қоғам дәстүрлері сияқты әдемі ұрандар мен өрнектей отыра насихаттайды. Ұлт пен жеке адам арасынан орыс тілді топ жеке адамды таңдайды. «Адамға жақсы болса болғаны», – деген қағида талаптарымен өмір сүреді. Бұл топ үшін түптің-түбінде Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде сақталуы маңызды емес. 
Мұндай шешім жеке тұлға мен этнос арасындағы жарасымдылық пен өзара байланысы бұзды. Әр этнос өкілі сөз жоқ жеке адам. Оның адами құндылықтарының орындалуы сөз жоқ маңызды. Сонымен қатар, әр адам белгілі бір этностың өкілі. Оның жалпы адами талаптармен қоса этникалық мүдделері бар. Дұрыс, ғылыми негізделген саясат осы екі мүдделерде де бірдей маңыз беріп, шешуге ұмтылуы керек. Этникалық талап-тілектердің шешімін таппауы қоғамдағы дисбаланстың, одан кейін қайшылықтардың себебі болды. Глобалистік, жалпыадамзаттық ойлау мен философия адами құндылықтар мен бостандықтарды қуаттап жеке ұлттық мүдделерді біріншісінен басым болғанын қалайды. Алайда, саяси-әлеуметтік шындық этникалық мүдделердің іске аспауы ұлттық наразылықтардың себебі болатындығын дәлелдеуде. Әлемдегі аймақтық соғыстардың көпшілігі ұлт мәселесінің шешімін таппай асқынып кетпеуінен тууда. Мысалы, бұрынғы Югославия мемлекеті этникалық келіспеушіліктерден өзара соғысып бірнеше ұсақ мемлекеттерге бөлшектеніп кетті. Этникалық және тайпалық араздықтардан Ауғанстан халқы басым державалар ойыншығына айналуда. Үндістанның Кашмир аймағы ұлтаралық және діни теке-тірес алаңы болуда. Қап тауларының халықтарының ұлттық мүдделер үшін күресі Ресейді алаңдатса, ұйғырлардың, тибеттіктердің азаттық үшін күресі Қытай басшыларының басын ауыртуда. Ирак, Сирия, Ливия сияқты араб мемлекеттері ұлттық негіздегі сепаратистік қозғалыстардың өрістеуінен және оларды Батыстың қолдауынан құрбан болды. Батыстың дамыған, басым державалары үшін этникалық араздықты қоздырып, дамушы елдерді бөлшектеудің және олардың ресурстарын сору саясатын жүргізу маңызды. 
Әлемдік элита мен трансұлттық топтар жақтаған «қайнатушы қазан» концепциялары өзін ақтаған жоқ. Неоимпералистік күштер әлем халықтарының ұлттық, тілдік діни ерекшеліктерінен айрылғанын қалап, оларды интернационализациялауға қаншалықты ұмтылғанымен әр халық, әрбір этнос өздерінің төл белгілерін, құндылықтарын, символдарын сақтауға, тіптен олар үшін жанаямас күрестерге дайын екендіктерін көрсетті. Әсіресе, жер үшін, автомациялық-ұлттық құқықтар үшін, мәдени-тілдік, ділдік ерекшеліктерді сақтау үшін жүргізілетін қозғалыстар күшейе түсуде.  Әлемдік жаһандану үрдістері қаншалықты күш­ті болғанымен, экономикалық, ақпараттық, мәдени, тұтыныстық ортақ стандарттарға ұлттық-этникалық ерекше болмыс бой бермеуде. Демек, алдағы уақытта әлемдік және мемлекеттік саясатта жалпыадамзаттық басымдылықтар қаншалықты қуатталса, жеке адам мәселесіне қаншалықты назар аударылса ұлттық болмыс, ұлттық мүдде, ұлттық сана мен діл мәселелеріне соншалықты дәрежеде назар аударылғаны пайдалы. Тұлға, жеке адам ұлттық-этникалық болмысымен ерекше көрікті. Этникалық ілгілікті, гуманистік дәстүрлер мен мұраттар негізінде ғана жалпыадамзаттық гуманистік құндылықтар қалыптасатынын естен шығармау пайдалы. Бұл екі үрдіс бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі қозғалысқа түсіріп отырады. Алдағы болашақта да жалпы мен жекенің қатарласа, жарыса, бір-бірімен күресе өмір сүруі жалғаса беретін сияқты. Жалпыадамзаттық пен ұлттық құндылықтардың жарасымдылығын қамтамасыз ететін этносаясат қана тиімді. 
Қазақстандағы этникалық шындық әлемдік үрдістердің біздің елге тигізіп отырған ықпалын анық дәлелдейді. Қазақстанда да екі тенденция қоғамдық қатынастар мен әлеуметтік өмірдің интернационализациялануы, яғни, әлемдік ортақ қалыптар (стандарттар) мен құнды­лықтардың орнығуы мен ұлттық өмірдің жандануы, әсіресе, мемлекет құрушы қа­зақ ұлтының этникалық өмірінің жаңару үрдістері қат-қабат, параллельді түрде жүруде. Қазақстандағы қазіргі замандағы ұлттық өмір дамуының екі тенденциясы социалистік қоғамдағы Кеңестік халықтар дамуындағы екі тенденциядан мүлдем бөлек. Кеңестік қоғамда ұлттық үрдістер жаңа әлеуметтік қауымдастық кеңес халқын күшейтуге бағытталса, Қазақстандағы ұлттық өмір көп этникалық Қазақстан қоғамындағы барлық ұлттар, халықтар, диаспоралар дамуын қолдайды. Ел халқының басым көпшілігі 64 пайыздан астамы болып отырған қазақ этносының ассимиляция­лану дағдарысын жеңіп, оның ұлттық модернизациялануына жол ашу үрдісі болып табылады. Қазақстан Республикасы өзінің этникалық және ұлттық реңктері мен белгілерін сақтап, дамушы мемлекет ретінде әлемдік қауымдастықтан өзінің құрметті орнын алуды көздеуге тиісті. Қазақ ұлттық абсалютті көпшілігі осы саясаттың пәрменді жүргізілуін қалайды. Басқарушы элита халық көпшілігінің талап-тілегін орындауы этникалық саясат міндеттері ретінде күн тәртібіне қойып отыруы керек. Қазақ ұлты елдегі аз санды ұлыстардың жойылып кеткенін қаламайды. Олардың мемлекет құрушы ұлттық мұң-мұқтажын түсініп, оларды қолдауын ғана қалайды. 
Қазақстан қоғамының экономикалық-әлеуметтік жаңаруына қазақ ұлтының сапалық белгілерінің жақсаруы өз әсерін тигізеді. Ол белгілер қазақ тілінің толық­қанды түрде өзінің функцияларын орындауына, қазақ ұлтты өкілдерінің біртұтас діни, мәдени және рухани топтасып, ұю­ына, қазақ жастарының сапалы білімі, ғылыми және кәсіптік дайындыққа ие болуына, халықтың ортақ тарихи санасы фундаментінде қалыптасатын ортақ ұлттық патриотизм санасының қалыптасуына қатысты мәселелердің дұрыс шешілуіне тәуелді. Қазақ ұлтының дамуы барысында этникалық мәселелердің дұрыс этносаясат тұрғысынан іске асуы бүткіл Қазақстан қоғамының әлеуметтік-экономикалық жаңаруына, оның бәсекеге қабілетті әлемдік озық мемлекеттердің қатарына қосыла алуына кепіл болады. Өкінішке орай, әлемдік трансұлттық күштер мен басым державалар Қазақстанның мемлекеттілігінің тірегі болып табылатын қазақ ұлтын бөлшектеудің, өзара жауластырудың түрлі құйтұрқы айла-тәсілдерді асыруда. Батыстың, Ресей мен Қытайдың басқарушы және басым державалардың Қазақстанға дегенін істеуге мүдделі ішкі топтар біртұтас қазаққа қарсы идеологиялық, мәдени, ақпараттық диверцияларын белсенді жүргізуде. Бұл ұмтылыс трайболистік сананы насихаттаудан, «үш жүз сепаратизмі» идеясын қуаттаудан, жершілдіктен, туысқаншылдықтан т.б. ауытқу құбы­лыстарынан байқалады. Олар үшін Қазақстан халқының біртұтас қазақ ұлтының бастауымен топтасуы үлкен қауіп. Сондықтан сыртқы күштер қазақ­тың ішкі алауыздығын неғұрлым асқындыруға мүдделі. Бұл қауіпті қазақ ұлтында бар топқа, руға, жүзге бөліну және жершілдік психологиясы да тереңдете түсетіні ақиқат. Әсіресе, салафиттік, вахабистік діни ағымдарды қуаттау арқылы кейбір күштер қазақ ұлтын діни бөлшектеуге күш салуда. Демек, елдегі этникалық татулық пен қоғамдық келісімді шайқалтуға мақсат тұтқан сыртқы күштер ел халқының өз ішінен қосымша қолдаулар табатыны өкінішті. Қазақ ұлты өз қатарына өзі қосып, өз ауруын өзі емдесе, оған ешкім сырттан келіп қолын созбайтындығын түсінетін кез келді. Мемлекттік саясат пен идеологияда үнемі айтылып келе жатқан этникалық татулық пен қоғамдық-әлеуметтік келісімнің қажеттілігі осында. Ұлттар мен халықтардың татулығы елдің әлеуметтік-экономикалық жаңаруының ірге тасы. 
Елдегі этникалық қатынастарға  ық­палын тигізетін құбылыстар көбіне, лотентті, ашық көрінбейтін, табиғаты жасырын құбылыстар. Мысалы, мем­лекеттік билікте ашық трайболизм көрінбейді, ал, қызметкерлердің шығу тегін тексергенде кейбір ұжымдарда анық трайболистік құбылысты байқаймыз. Бұл әрекеттер кадр саясаты арқылы елдің татулығына іріткі салады. Бі­лік­ті, әділ кадрлер екінші орынға сырғытылып, туыстық, жақындық ар­қылы қызметкерлерге орналастыру жүреді. Бұлай болуы әлеуметтік әділеттілік принципін аяққа таптап ел бірлігіне өзінің кері әсерін тигізеді. Бұл мәселенің этногенетикалық бірегейлену қазақ ұлтының жалпыұлттық мүдделері мен мұраттарының төңірегінде топтасу болса, трайболистік психология, тар рулық, тайпалық мүдделерді пайдалану болып табылады. Қазақ ұлтына қазіргі қоғамда рулық, тайпалық мүдделердің болуы зиянды. Экономикалық, ақпараттық, біліми, мәдени ортақ кеңістіктер мәселесін рулық санамен шешу тіптен мүмкін емес. Олай болуы зиянды, жалған үрдісті жасап соның соңынан еру болмақ. Этношындық ортақ жалпыұлттық міндеттердің, мақсаттарының және құндылықтарының жиынтығы болып табылады. Этношындықпен санаспау, оны жасанды түрде бұрмалауға ұмтылу әрекеттерінің барлығы дерлік зиянды. 
Қазақ ұлтының басым көпшілігі өзінің ана тілінің сақталып, дамығандығын, орыс және ағылшын тілдерімен қатар ішкі қолданыста болғандығын қалайды. Сонымен қатар, қазақ халқы өзінің этногенетикалық табиғатына сәйкес тарихи санасының тәрбиелеуін, мәдениеті мен салт-дәстүрлерінің сақталуын мақсат етеді. Бұл шындықтармен санаспау ел халқының басым бөлшегін құратын мемлекетқұрушы ұлттың этникалық мүдделерін аяққа таптау болып табылады. Мұндай этносаясат көзсіз жүргізіле берсе елдегі ең қауіпті этникалық қайшылық басталуы ықтимал. Бұл нұсқа жалпымемлекеттік әлеуметтік құндылықтардың этникалық құндылықтарды шешуге көмекке келуі маңызды. Қазақ халқының негізгі бөлігінің ауылдық жерлерде тұратын есепке алсақ, ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын кешенді жаңарту саясаты халықтың этникалық мұраттарының іске асуына жақсы ықпалын тигізеді. 
Ауыл және қала қазағы үшін сапалы жұмыс істейтін телеарналардың, интернет жүйесінің, радио хабарларының болуы, газет-журналдардың халықтың әрбір әлеуметтік тобына арналып, мазмұнды шығарылуы қазақ ұлтының рухани топтасуының және оның ізгілікті қасиеттері мен мұраттарының нығаюының кепілі. Халықты бұқаралық батыстық мәдениет пен сапалы, патриоттар ретінде тәрбиелеу мүмкін емес. Арзан мәдениет арзан құндылықтарға  ғана жетектейді. Ондай мәдениетті ұстанған халықта болашақ жоқ. Сондықтан, қазақ жастарын орыстық-батыстық бұқаралық мәдениеттен жоғары тұратын ұлттық мәдени құндылықтар рухында үнемі тәрбиелеу мемлекеттік жастар саясатының өзекті бағытына айналуға тиісті. Бірақта, қазақ ұлтын ұлықтау-насихаттау ұлттық озбыр­лыққа, менмендікке, басқалардан ар­тықпыз деп есептеуге жол бермеуге тиісті. Қазақ ұлтшылдығының мәні – қазақ тілін сақтап, оны дамыған тілдер қатарына көтеру, Қазақстанның саяси, экономикалық, шекаралық тәуелсіздігін нығайтуға үлес қосу, қазақ ұлтының тарихи, мәдени жәдігерлерін, озық әдебиет үлгілерін сақтау, бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде пайдалану, демократиялық даму принциптерін ұстану, әлеуметтік әділеттілікті жүзеге асыру болмақ. Қазақ ұлтшылдығы басқаларға зорлық-зомбылық көрсетпейтін, қазақ халқының адамгершілік құндылықтарын ұлық­тайтын, жасампаз ұлтшылдық болады. 
Қазақ ұлтшылдығының мақ­саты – қазақ этносын орыстану үрдіс­тері­нен тазарту, ұлттық-этни­калық құндылықтарды қалпына кел­ті­румен қатар, этникалық топонимиканы қалпына келтіру, тарихтағы ақтаң­дақ­тарды толтырып ұлттық тарихи, мәдени сананы жаңғырту. Осы келелі істер, негізінде ұлттық жаңаруға қол жеткізу болып табылады. Сонымен қатар, ұлттық мұрат-мақсаттардың әлемдік озық гуманистік мұрат-мақсаттармен толығуын қамтамасыз ету де болмақ. Қазақ ұлтшылдығы басқа ұлттардың шовинизміне, ұлттық эгоизміне жол бермейді. Қазақ ұлты әлемдегі барлық ұлттармен тең дәрежедегі, тең құқықтағы этникалық-саяси субъект ретінде баға­ланады, қабылданады. Бұлай болуын қаламаған саясат субъектілеріне қазақ ұлты өзінің ұлттық мүдделерінің тұрғысынан тойтарыс беріп отырады. Әсіресе, Қазақстанға қатысты Ресейлік саяси қайраткерлер мен ғалымдардың ұлы орыстық шовинистік ой-пікірлеріне батыл тойтарыс беріп отыру маңызды. Біздің көршілеріміз Қазақстанның бодандығы мен бағынышты болуы өткен тарихпен бірге кеткендігін түсінгені абзал. Сондықтан, ұлттық тәуелсіздігімізді экономикалық тәуелсіздікпен толықтыру міндетін шешу қажет.
Ұлттық өмір әлеуметтік өмірмен тәуел­­ді байланыста. Этникалық қақты­ғыстар әлеуметтік қақтығыстардың айнасы іспеттес. Халықтың әлеуметтік талап­тарының шешілмеуі көп жағдайда этникалық реніштерге ұласып жатады. Бір қайшылық екінші қайшылықты тудырады. Осы ретте елдегі ұлттық өмірдің дамуына қатысты позицияның бір арнада тоғыспай отырғандығы. Қазақ халқының басым көпшілігін құрайтын қазақ тілді орта елдің ұлттық-этникалық келбетінің сақталып, қазақ тілінің толыққанды мемлекеттік тіл болғандығын қалайды. Екінші топ, елдің проресейлік саясатының болғанын, орыс тілі мен ақпарат кеңістігінің бұрынғыша басым жағдайда қала бергенін қалайды. Олардың кейбірі, тіптен, Ресеймен одақ­тастықтың Ресей құрамына қайта­дан енуін де көксейді. Үшінші топ, Қазақ­станда ислам діни мемлекет ретінде көргісі келсе, төртінші топ Қазақстанның Батыстық демократия мен өмір салтын қабылдаған мемлекет болуын дұрыс деп біледі. Олардың әрқайсының өздері қолдайтын құндылықтары бар. 
Қазақстан құрамындағы халықтың қолдайтын біртұтас мақсаттар мен ортақ мемлекетшілдік құндылықтар платформасында топтаса алмауы өте қауіпті симптом. Өтпелі кезеңдегі Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту идеясы халықты осы уақытқа дейін топтастырып келді. Алдағы уақытта, демократиялық мемлекетті қалыптастыру және дамыту идеялары төңірегінде топтаса алсақ жақсы.

 

418 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз