• Ұлттану
  • 09 Тамыз, 2014

Сыр өңірі ежелгі оғыз, қыпшақтардың астанасы болғанын білдіретін ғимараттар сол жағалауда салынады - Қ.Көшербаев

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Облыс орталығында құрылысшылардың кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара болып өтті. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев сала мамандарын құттықтап, үздіктерді марапаттады. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Құрылыс қарқынды дамыған аймақта экономиканың барлық салалары өркен жаяды. Сондықтан, құрылысты экономиканың локомотиві деп атау - заңдылық. Сырдария өзенінің сол жағалауында жаңа қаланың бой көтеретін күні де алыс емес. Сыр өңірі ежелгі сақ, оғыз, қыпшақтардың астанасы болғанын білдіретін ғимараттар сол жағалауда салынатын болады. Осыншама ауқымды істер, құрылысшының кәсіби шеберлігі мен адал еңбегінің арқасында ғана жүзеге асады», - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Биыл өңірде барлығы 88 объектіде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның 65-і осы жылы пайдалануға беріледі. Білім беру саласына 40 нысан салынуда. Жыл ішінде 32-сі іске қосылады. Олардың 12-і республикалық, 20-сы облыстық бюджет есебінен қаржыландырылған. Денсаулық сақтау саласы бойынша, - 21, «Бизнестің жол картасы -2020» мембағдарламасы аясында 7 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Бұған қоса, спорт және туризм, халыққа қызмет көрсету орталығы және мұрағат ғимараттары бой көтеріп келеді. Жыл басынан бері «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы аясында 5210 шаршы метрді құрайтын 86 пәтер пайдаланылуға берілді. Жалпы биыл 837 отбасы баспана тойын тойлайтын болады.

Салтанатты шарада құрылысшылар «Құрмет грамотасы» мен облыс әкімінің «Алғыс» хаты, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» құрмет белгісімен марапатталды.

Мерекелік шара Қазақстан эстрада жұлдыздарының ән-шашуымен жалғасты.

252 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз