• Ұлттану
  • 15 Тамыз, 2014

Даланың дана перзенті

(Шәмшадин Керім. Сығанақ саңлағы. Алматы, 2012. – 240 бет+16 бет сурет). 
Хақ елшісі (с.ғ.с.) арқылы келген асыл дініміз ислам VII ғасырдың екінші жартысында Араб түбегі шеңберінен шығып, Африка мен Азия құрлығына тарала бастады. Тіпті, VIII-ғасырдың алғашқы ширегінде Тұран даласында да Хақ діннің керімсал желі есіп, бабаларымыз да ислам дінімен қауышуға мүмкіндік алды. Ат үстіндегі майданда ешкімге дес бермейтін дала тарландары ислам дінін қылыштың жүзімен емес, Хаққа деген жақын бітім-болмысымен шынайы түрде қабылдады. Себебі, түркінің тұла бойында ғылым, білім, имандылық, адамгершілік пен гуманизм, әділдікке деген құштарлық тасып жатушы еді. Иә, біздің дүртекті дана бабаларымыз жаңа дінді қабылдап қана қоймай, оны байытуға үлкен үлес қосты. Бұл ретте Отырар, Шауғар (Йасы, Түркістан), Исфиджаб-Сайрам шаһарлары һәм Сыр бойындағы ислами орталықтар: Сығанақ, Женд, Баршынкент, Аркөк, Өзкент; Арыс өзені сағасындағы Арысбаникас (Қараспан) және Ежелгі Тараз және оның маңындағы Шелжі, Жікіл, Құлан, Меркі және атақты Баласағұннан шыққан даланың асыл перзенттерінің өмірі мен өнегелі еңбектері араб, парсы қолжазба қорлары мен мұрағаттарында сақталып қалды.

Осындай қалалар мен кенттерден ілім, білімге ден қою ғана емес, жетістіктерге жеткен зиялы даналар да шыға бастады. Олардың бірқатары әуелі өз топырағындағы оқу, білім ордаларында дәріс алды, сонан соң Шаш (Ташкент), Самарқан, Бұхараға аттанды. Сонда оқуын жалғастырып, қызмет етсе, ал кейбірі Бағдад, Дамаск, тіпті, Ніл бойындағы ежелгі Каирге де бет алды.  Дей тұрғанмен, уақыт өте еліміз бен жерімізден аталмыш ғұламалар ғана емес, сондай-ақ, ғасырлар парағының арасында қалып қойған өзге де ойшылдар бар деген ой ізденістерімізді жалғастыра беруге жетеледі. Әрине, қазақ жеріндегі білім ошақтарынан тек ғалымдар ғана емес, бар өмірін ислам дініне қызмет етуге жұмсаған, шығармаларын дін ислам ғылымына арнаған парасат иелері де шыққан.


Ислам дінін ұстанған данала­ры­мыздың бір шо­ғыры негі­зі­нен ІX−XIII ға­сырларда өмір сүрген. Бұл кез­де қазақ даласында билік басына исламды мемлекеттік дін деп жариялаған қарахандықтар келген еді. Олар асыл дінді өз биігіне көтеріп, қастерледі. Қажет кезде жаулардан жанын салып қорғады. Ғылым-білімді терең игеріп, дамытып, өркендетті. Ислам мәдениетінің өсіп, өркендеуіне мүмкіндік жасады. Бұл қазақ елінде ислами ғылым, білімнің дәуірлеген кезі болды. Тарих, география, филология, ислам дінінің сан-саласы бойынша сандаған еңбектер жазылды. Мұсылман шығысындағы діни, мәдени, ғылыми, әдеби ортамен тығыз байланыс орнады. Араб тілін жақсы меңгерген бірқатар ұландарымыз озық ойлы шығармаларын туындатты. Әсіресе, Әбу Ханифа мектебін түлеткен ортаазиялық Бурһан ад-дин әл-Марғинани (1118-1196), Имам Фахр әл-ислам Әбу-л Иуср Әли бин Мұхаммед әл-Баздауи (1010-1089) сынды данышпандардың еңбектеріне түсіндірмелер жазылды. Имам Ағзам (1010-1089) мазһабы насихатталды. Кейбіреулері тіпті, сонда дүниеден өтті. Сол себепті де қазақ даласының перзенттерінің көптеген шығармалары мұсылман жұрттарындағы кітапханалар мен қолжазбалар қорында қалып қойды. Олар өз туындыларын сол кездегі мұсылман шығысы жұртының ғылым, білім және қасиетті Құран тілі −араб тілінде жазды және ол еңбектері түрлі себептерге байланысты әлемнің көптеген елдеріне шашырап кетті.
Қазақстанның егемендік алуы, тәуелсіз жұрт болуы, өз елінің бұрмаланып, әбден шатастырылған тарихын жазба деректерге сүйеніп қайта қарауға, ең бастысы «тарихтарың жоқ, көздеріңді Қазан төңкерісі ашты» деген жалған идеологияны жоюға жол ашты. 2000 жылы Түркістанның 1500, 2002 жылы Тараздың 2000 жылдық мүшел тойлары ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бас­тамасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы қолға алынды. Каир, Дамаск, Теһран, Үндістан мен Пәкістан, Түркияның бай кітапханалары мен қолжазба қорларынан Отырар алқабындағы Сүткент, Уасидж (Оқсыз), Иқан (Атқан, Итқан), Зернұқ, Сұлхан, Исфиджаб-Сайрам, Түркістан, Қа­распан, Манкент, Арысбаникет; Сыр бойындағы Сығанақ, Сауран, Жент, Жанкент, Кердер, Қыпшақ, Баршынкент, Аркөк, Өзкент, Ашанас; Тараз-Талас өңіріндегі Тараз, Баласағұн, Меркі, Құлан және басқа да қалалардан шыққан данышпандарды және олардың жазба дүниелерін іздеу, табу, зерделеу жұмыстары күн тәртібіне қойылды. 
Өз басым қазақ даласынан шыққан 200-ден астам ғұламаларды анықтадым. Олардың ішінде жеке-жеке зерттеуге жүк боларлық нар тұлғалар да кездеседі. Сол қатардағы Әбу Ибраһим Исхақ  әл-Фараби (?-961), Хұсам ад-дин ас-Сығнақи (1240-1317), Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани (1286-1357), Һибатулла ат-Тарази (1272-1333), Шараф ад-дин әл-Женди және т.б. еңбектері тереңдей зерделеуді күтуде. Дегенмен, мұндай қиын істерге тәуекел ететін ғалымдар некен-саяқ. Қазақ даласынан шыққан ойшылдар ішіндегі бірегейі Хұсам ад-дин Сығнақи екені шындық. Кеңес дәуірінде ол туралы еңбек жоққа тән еді. Осыдан бірер  жыл бұрын Каирде жыл сайын өтетін халықаралық ислам конференциясына барғанымда, Хұсам ад-дин ас-Сығнақидың 2001 жылы Риядта шыққан 5 томдық және Каирде басылған 3 томдық еңбектерін алудың сәті түсті. Ас-Сығнақи еңбектерінің негізінде араб елдерінде докторлық диссертациялар да қорғалыпты. Оның бірі – Каирде Ахмед Мұхаммед Хаммуд әл-Йамани, екіншісі – Мадинада қорғаған Фахр ад-дин Саийд Мұхаммед Қанит, үшіншісі – меккелік Ахмад Хасан Ахмед Наср. Сөйтіп, осындай тың деректер негізінде ас-Сығнақидың өмірі мен шығармашылығы хақында «Егемен Қазақстан» газетінде көлемді зерттеу мақала жазып, жарияладым. Әрине, бір мақалада ғұламаның өте бай ғылыми мұрасын түгел қамтып көрсету мүмкін емес. Ал, ізбасар шәкіртім, филология ғылымдарының докторы, профессор Шамшәдин Керімнің монографиясы − Сыр перзенті Хұсам ад-дин ас-Сығнақидың діни қызметі мен ғылыми шығармашылығы хақында әлемнің әртүрлі кітапханаларынан жиналған мол материалға, сенімді қайнар көзге сүйеніп, қазақ тілінде жазылған алғашқы көлемді еңбек. Зерттеуде Хұсам ад-дин бабаның ғұмыр кешкен дәуірінің тарихи-әлеуметтік сыр-сипатына тоқталып,  ғалымның  айналасы ғылыми орта,  дәстүр бірлестікте қарастырылып, еңбектері нақты­ланып, олардың күмән туғызбайтыны – жетеу,  олардың көлемі 19 томнан асады деп тұжырымдалады. Зерттеуде ойшыл бабаның «әл-Уафи», «әл-Кафи», «ат-Тасдид», «ан-Ниһая»  секілді  шығармалары  жүйеленіп, сала-сала бойынша бір  ізге  түсіріліп,  зерделенген. Оның ішінде фиқһ, усул-фиһқ, ақида, араб тілі білім бағыттары  бойынша ғылыми талдаулар жасалынып,  мән-маңызы  айқындалған. Әр еңбектің нұсқаларының қай елдің қай кітапханасында  сақталғандығы туралы  толыққанды  мәлімет келтірілген. Еңбектің жаңалықтары баршылық. Мәселен, Хұсам ад-дин ас-Сығнақидың осы күнге дейін әлі де ғылыми айна­лымға түспеген қолжазбаларына да алғаш рет сипаттама берілген. Әрі оқы­мыстының әлем кітапханаларында сақталған, дәлірек айтсақ, Түркия, Сауд Арабиясы, Өзбекстанда сақталған қолжазбаларының факсимелері ұсы­нылған. Оның ішінде автордың өз қолымен жазылған түпнұсқа қолжаз­балары табы­лып, тұңғыш рет назарға ілінген. Өзбекстанның Әбу Рай­хан әл-Бируни атындағы Шығыстану инс­титутының қорынан табылып, ұсы­нылған қазақ даласының дара тұлғаларының бірегейлері Хұсам ад-дин  ас-Сығнақидың «ан-Ниһая» мен Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістанидің «Ғаят әл-баяны» қатар  көшірілген қолжазбаны да тосын, соны дерек ретінде қабылдадық. Сонымен, Сыр перзентінің «ан-Ниһая», «ат-Тасдид» секілді еңбектері алғаш рет қолжазба нұсқалар негізінде тарау, тақырыптары көрсетіліп, ғылыми тұрғыдан сарапталған. Мәселен, ғұламаның даңқын шығарған  көп томды «ан-Ниһая» атты  басты жұмысы күні бүгінге дейін зерттеушілердің қолы жетпеген күйінде шаңы қағылмай жатса, айтылмыш кітаптың бір тарауы осы аса құнды еңбекті өзек еткен. «Ан-Ниһая» – әл-Марғинанидің «әл-Һидаясына» жасалған түсіндірме еді. Бәрімізге белгілі болғандай «әл-Һидая» мың жылдан бері мұсылман қоғамындағы қатынастардың оң реттелуіне шариғи өлшем болып келе жатыр. Ас-Сығнақи «ан-Ниһаясында» осы көлемді еңбекке жан-жақты талдау жасаған. Ас-Сығнақидың «әл-Уафи фи усулу-л фиқһ» Орта Азиялық тамаша ғалым Хұсам ад-дин әл-Ахсикасидің (?-1247) «ал-Мун­тахаб» атты шығармасына жасалған шарх (түсіндірме), өз дәуіріндегі мұсылман хұ­қы­ғының теория-методологиясына қатыс­ты мәселелердің түйіні тарқатыла тәп­тіштелген. 
Ал, ас-Сығнақидың «Ат-Тасдиді» калам, ақида тақырыбына арналған. Бұл еңбекте Ұлы Жаратушының заты мен сипаты, нубубат институты, шапағат, керемет, тағдыр, самғият (ақырет, жындар мен періштелер) мәселелері қамтылған. Яғни, ас-Сығнақидың бұл туындысымен бүгінгі мұсылман қоғамында дау тудырып жүрген көптеген ақидалық мәселелердің жауабын кездестіре аламыз. «Ат-Тасдидтің» Стамбулдағы Сү­лей­мания кітапханаларында елеусіз, іздеуші жоқ болып келген ескі нұсқалары сипатталып, трактат калам ілімі, Ма­туридия ақида мектеп ұстанымы тұр­ғысынан бағым­далады, сондай-ақ «Ан-Нажах», «Муассал» еңбектерін сөз ету арқылы оның араб тіл білімінің білікті, көрнекті өкіл болғандығына көз жеткізіледі. Сайып келгенде, «Діни рухани кеңестігіміздегі бүгінгі күнннің түйіткілді сауал-сұрақтарына  тұщымды, дәлелді жауап беру үшін осы саладағы мамандарымыз өз еліміздегі исламтанушылық дәстүрлерімізге байыппен үңіліп, ас-Сығнақи сынды төл ғалым­дарымыздың мұраларын кемел игеруі дұ­рыс болмақ. Ғалымның еңбектерінің прак­тикалық та, теориялық тұрғыдан мән-маңызы зор екендігін атап өткен жөн. Оның еңбектері Қазақстанда Әбу Ханифа фиһқ мектебін және Матуридия ақидалық мектебін зерттеуде, оқытып-үйретуде құнды ғылыми әдебиеттер қатарына кіреді» деген қорытынды  түйінмен аяқталған  монография Хұсам ад-Дин ас-Сығнақидың өмірі, ғылыми қызметі, шығармалары хақында айғақ-дәйектерді кеңінен қамтып, іріктеп, ана тілімізде саралап берумен бағалы.

Әбсаттар қажы Дербісәлі,
Р. Б. Сүлейменов атындағы 
Шығыстану институтының 
директоры, филология 
ғылымдарының докторы, 
профессор

414 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз