• Ұлттану
  • 12 Қараша, 2012

ҰЛТ РУХЫ ҰЛЫЛАРЫМЕН МЫҚТЫ...

Бейбіт Сыздықов, Отырар ауданының әкімі, экономика ғылымдарының докторы

Иә, ауыл адамдарының қай-қайсы­сымен сөйлессеңіз де әңгімесін осылай бастайды. Шынында да ұлылардың отаны атанған Отырардың ұлттық болмысы, рухани кескін-келбеті соңғы екі-үш жылда айқын сезіле бастады. Әсіресе, көшелер мен мектептерге, саябақтарға, балабақша мен спорт кешендеріне тарихи тұлғалардың, алаштың ардақты ұлдарының, қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың, сазгерлердің есім­дері беріліп, оларға ескерткіштердің ор­на­тылуы отырарлық жастарымыздың ұлт­­тық санасына сілкіністер әкеліп, төл тарихымызды тереңірек тануына мол мүмкіндіктер жасалуда. Жақында 29 отырарлық ғұламалар мен 22 Социалистік Еңбек Ерлерінің ескерткіш-бюсті мен көрнекті қоғам қайраткері Асанбай Ас­қаров, Жамалбек Шәймерденов, Дүй­сенбай Алтынбековтің ескерткіштері ашыл­ды. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығына орай «Шежірелі Оңтүстік: Ұлылардың мұрасы да, мұраты да жастарға аманат» атты зиялы қауым өкілдері мен жастардың кездесу жиыны да өтті. Осындай қым-қуыт қарбалас сәтте, қайнаған өмірдің, еңбектің бел орта­сын­да жүріп шыңдалған, қалғу білмес қай­раткер, Отырар ауданының әкімі, экономика ғылымдарының докторы Бейбіт Шал­дарұлы Сыздықовты аз-кем әңгімеге тартқан едік. Ондағы мақсатымыз – келе­шегі кемел көне Отырардың тарихи, мә­дени-рухани келбетін тағы бір қырынан айқындай түсу болатын. – Бейбіт Шалдарұлы, Оңтүстік Қа­зақстан облысының құрылғанына 80 жыл толуына орай өткенге сәл шегініс жасап, облыс тарихы туралы аз-кем айтып бер­сеңіз. – 1932 жылы наурызда құрылған облысымыз, бұл күні ежелден келе жатқан тарихи-мәдени орындарының көптігімен ерекшеленеді. Шын мәнінде шыбық шан­шысаң шынар өсетін өңір аталып кеткен, әрбір тасын түртсеңіз тарих болып сөйлейтін Оңтүстік Қазакстан облысының тарихы тереңде жатыр. Тарихы терең оңтүстік өлкесі – небір қасиетті, әулие ата-бабаларымыздың мекені болған және олардың кесене, күмбездері – тарихи-мәдени ескерткіштері көбірек сақталған аймақ. Олардың әрқайсысы өз дәуірінің тарихынан өзгеше шежіре шертеді. Бәй­дібек ата, Домалақ ана, Арыстанбаб, Қожа Ахмет Ясауи, Баба Түкті Шашты Әзіз, Қарабура, Қошқар ата, Қарашаш ана, Ибра­гим ата күмбездерінің өзі бізге өткен тарихымыз жайлы талай жайды білдіреді. Осы топырақта туып-өскен атақты Шығыс жұлдыздарының қатарында аталып жүрген ғұламалардан қалған көне соқпақтың ізін де осы өңірден табасыз. Тарих айтады: Европа ұйықтап жатқан сонау бір замандарда отырарлық әл-Фараби музыка туралы ұлы еңбегін жазған. Тіпті, Құранды тұңғыш рет (972 жылы) түрік тіліне аударған да оңтүстіктің төл тумасы Исфиджаби бабамыз еді. Бүгінде, Тәуелсіздікке тәубе дей отырып, оңтүстік қазақстандықтар жаңаша даму, өркендеу жолына түсті. Облысымыз республикадағы бай өңірдің бірінен саналады. Ең қуаныштысы, қазір қай салада болмасын, экономикалық, әлеуметтік-мәдени реформалардың жетістіктері мен нәрлі жемістері анық та айқын көрінуде. Содан болар, Елбасымыз оңтүстік өңірін ұлтымыздың ұйытқысы десе, ұлы Отырарды қазақ өркениетінің алтын діңгегі дейді. Халықтық қалпымыз бен дәстүр-салтымыз молынан сақталған, келешекте де солай бола беретін берекелі өлке деп бағалайды. – Өткен, «Шежірелі Оңтүстік: Ұлы­лардың мұрасы да, мұраты да жастарға аманат» атты зиялы қауым өкілдері мен жастардың кездесу жиынының негізгі мақсаты не? – Отырардан шыққан 29 әл-Фарабидің және 22 Социалиcтік Еңбек Ерлерінің бюсті мен Алаштың ардақты ұлдары Асанбай Асқаров пен Жамалбек Шәймерденовтің және ауданымыздың негізін қалаған, ал­ғашқы ауатком төрағасы Дүйсенбай Алтын­бековтің ескерткіш мүсіндері, «Шәміл-Дүр» атгы махаббат символының жастардың жадынан шықпайтын тас мүсіні, облыс, республика деңгейінде қызмет еткен жер­лестерімізге арналған «Туған жерден түлеп ұшкан тұлғалар» барельефтері мәр­тебелі меймандардың, бұқаралық ақпарат құралдарының катысуымен салтанатты жағдайда ашылды. Келген меймандар жақында ғана құрылысы аяқталған «Отырар даңқы» тарихи-танымдық кешенінің 3-кезеңі мен «Жастар саябағын» және «Руханият», Өзбекәлі Жәнібековтің мұражайларын көріп тамашалады. Сол сияқты күллі мұсылман әлемінің ардақтысы Арыстанбаб кесенесінің айналасындағы айрықша абаттандыру, аяқ жолдар құрылысымен танысты. Оған облыс, Астана, Алматыдан белгілі ғалымдар, ұлт зиялылары, облысымыздың дамуына еңбегі сіңген ардагерлер қатысты. Осылайша ауданымызда экономикамен қатар, халықтың рухын көтеретін дүниелерге ерекше мән берілуде. Өйткені, ұлттың рухтануы, сананың жаңа сатыға көтерілуі төл тарихыңды білуден басталады. Сондықтан, жас ұрпақты отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында өздері мақтан тұтатын ұлы тұлғалардың аттарын жанғырттық. Жоғарыда айтқанымыздай, ескерткіштер орнатып, «Отырар даңқы» тарихи-танымдық кешеніне төл тарихымызды тасқа қашап жаздық. Абай, Жамбыл, Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Нұртас Оңдасынов, Мұхтар Шаханов, Шәмші Қалдаяқов, Тоқтар Әубәкіров сияқты ұлт мақтаныштарының есімдерін мектептерге, көшелерге бердік. Өткен жиын да осы игі шараларымызбен сабақтасып жатыр, мақсат – ұлылардың мұрасын да, мұратын да – жастарға аманаттау. Өйткені, ұлт рухы ұлылармен мықты. – Ескерткіш демекші, ұлт мақ­та­ныштары Қажымұқан Мұңайтпасов, Нұртас Оңдасынов, Өзбекәлі Жәнібеков, Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіштерін айтпағанда, бір ғана биылғы жылдың 9 айында 29 отырарлық ғұламаларға, 22 Социалистік Еңбек Ерлеріне, 3 қоғам қай­раткерлеріне және Шәміл мен Дүрге, барлығы 55 ескерткіш-бюсттер мен мүсіндер орнатылыпты. Төл тарихымыздан сыр шерткен «Отырар даңқы» тарихи-танымдық кешенінің 3-кезеңі, «Жастар саябағы» пайдалануға 6еріліпті. Әңгімеңізге қарағанда, осыншама рухани құндылықтар мен бүгінгі басқосуларыңыздың бәрі де жастар үшін жасалып жатыр екен. Мұның сыры неде? – Бүгінде білім мен білуге құштар, еште­ңеден жасқанбайтын тәуелсіз еліміздің жастары өсіп келеді. Олар туған елін, ту­ған жерін жаңа қырынан танып келеді. Кісі естелікпен есейіп, көргенімен көсем болады десек, жоғарыда аталған маңызды шаралар мен мынау «Отырар даңқы» тарихи-танымдық кешенінің әр бөлімі жас ұрпақ санасына өшпес әсер қалдырары сөзсіз. Бальзактың «Дүниені бала көзімен қабылдап, дана пайыммен марқайтамын» деген сөзі бар. Өмір бойы жазғандарым, балалық шақтан нәр алатын алып дарақ секілді. Мұны да айтқан Бальзак. Ендеше, біз жастарымыздың ата-салт дәстүрімізден, шынайы төл тарихымыздан нәр алып өсуіне жағдай жасай беретін боламыз. Шынайы дейтінім, ұлттық рухымызды асқақтатар төл тарихымыз бен Алаштың ардақты ұлдары жайлы деректер кеңестік идеология нәтижесінде бұрмаланып, көпке дейін ашық айтылмай келгені мәлім. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында, ұлтжанды Алаш ұлдарының ой-маржандарын ұйқылы-ояу жүрген бауырларымыздың, жастарымыздың санасына сәуледей сіңірсем деп шырылдап жүрген ауданымыздың бұрынғы басшысы, сенатор Қуаныш Айта­ханов ағамыз жоғарыда аталған «Отырар даңқы» тарихи-танымдық кешенінің бірін­ші, екінші кезеңін қолға алып, ел игілі­гіне пайдалануға берген болатын. Сол секілді, 2006 жылдың наурызында техника ғылым­дарының докторы, ауданымыздың бұрынғы басшысы Әлімжан Құртаев сонау Сирияда жатқан әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыс бабаларымыздың басына барып, бұл жақтан бір уыс топырақ апарып салып, ол жақтан әкелінген бір уыс топырақты Арыстанбаб кесенесінің жанына арулап қоюы, ұлттық рухымызды аспандатқан күн болды. Мұндай жағымды жайларды тізбектеп айта беруге болады... – Соңғы жылдарда ауданымыздың әлеу­меттік-рухани келбетіне қан жү­гіріп, шырайлана түскені жайлы, тіпті, «Шәуілдір қала сияқты» деген сөздер бұқаралық ақ­парат құралдарында жиі айтылып жүр. Шын мәнінде бүгінгі Отырар – жанарған, өркендеген Отырар. Ау­дандағы өзгерістерге қарап таңдан­байтындар аз. Бұл жетістіктердің сыры неде деп ойлайсыз? – Оның сыры, елдің бірлігі мен ынты­мағында жатыр. Соның нәтижесінде, аудан облысымыздың серпінді дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан өркенді өңірлердің біріне айналып отыр. Әріге бармай-ақ, беріден айтар болсақ, бір ғана 2010-2011 жылдары 6 орта, 2 бастауыш мектеп, 1 орта мектептің спорт, акт залдары мен асханасы, 9 балабақша, 3 аурухана, 3 емхана, 5 медициналық тірек, Сыр­дария өзеніне салынған «Балтакөл-Түркістан» көпірі, 2 мұражай, 6 мәдениет кешені, 4 пошта ғимараты, 3 спорт кешені, 3 саябақ, 7 Кеңес Одағының Батырлары мен қоғам және мемлекет кайраткерлерінің ескерт­кіші, 6 мешіт салынып пайдалануға берілді. Сол сияқты 1 кәсіптік-техникалық мектеп, 5 мемлекеттік мекемелер, 12 мек­теп ғимараттары күрделі жөндеуден өтті, 1 ет цехы, 1 сүт цехы, 1 көкөніс сақ­тайтын қойма, 1 жүгері сактау және өңдеу зауыты, 3 жылыжай, 15 мектеп жа­нындағы жылыжай, 4 тойхана салынды. Бұлардан басқа Бестораңғыл ауылындағы 1 су бөгеті, 24-151 шақырым елдімекендер арасындағы және елдімекендердің ішкі автокөлік жолдары, 24 екі қабатты тұрғын үйлер мен олардың орталықтандырылған жылу жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 10 елдімекеннің ауызсу құрылысы аяқталып, ұзындығы 23 шақырым 4 канал бетонмен қапталды. 21 канал механикалық тазалаудан өтіп, 50 су сорғыш насостары орнатылды. 2 жүз бас мал бордақылау фермасы пайдалануға берілді. 400 га жерге 2500 түп арша, 200 000 түп түрлі саялы ағаш­тар егілді. 250 га жерге тамшылатып суару жұмыстары жүргізілді. 120 отбасыға тұр­ғын үй алуға, сатып алуға және жөндеуге материалдық көмек көрсетілді. 1790 адам тұрақты жұмыспен камтылды. Міне, арайлы Оңтүстік Қазақстан облы­сымыздың 80 жылында өскен, өркендеген елдің болашағы зор Отырар ауданының бүгінгі әлеуметтік-рухани бейнесі осындай. Елбасымыз алға қойған міндеттерді жүзеге асыру жолында береке-бірлікпен, зор ынтымақпен еңбек еткен аудан халқы осындай айтулы табыстарға қол жеткізіп келеді. Бірақ, қол жеткен жетістіктер мүмкіндіктің шегі емес. Бүгінгі табыстарымыз шынын айтқанда жақсы бастама ғана. Ал, алдағы міндеттер өте көлемді... Сұхбаттасқан: Файзулла РАХМАТУЛЛАҰЛЫ.

397 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз