• Тарих толқынында
  • 26 Ақпан, 2024

«ИСЛАМ ӨРКЕНИЕТІ» ИІРІМІ

     (тарихи-публицистикалық зерттеу)

 

VIII ғасырдың І-жартысында болған Атлах шайқасы Ислам дінінің Орталық Азия аумағында кеңінен таралуына бірден-бір негіз болды. Атлах шайқасына дейін де бұл аумаққа араб қолбасылары сап түзеген әскерлерімен келген, бірақ түркілерден жеңілген. Мысалы, Укаша Исахи атты сахаба аз әскермен келіп, жеңіліп қана қоймай өзі де мерт болады. Қалай дегенмен де Ислам дінінің келуі арқылы түркілер отырықшылыққа, қалалық мәдениетке ден қойды. 
Осы тұрғыдан біз мынаны біліп алуымыз шарт. Орта ғасырларда Ислам өркениеті Орта Азия түркілерін әлемдік тарих сахнасына алып шықты. Түркілер де өз кезегінде белгілі бір деңгейде Ислам дінінің өсіп-өркендеуіне үлес қосты. Яғни, бірінші тарауда айтқанымыздай, бұл иірімде де қазақтар (сол кездегі түркілер. – Қ.А.) бірге иірілді. Бірге тірлік етті. Ендеше мәдени тарихымыздағы араб-мұсылман иіріміне тоқталсақ.  
Ислам мәдениетіне дейін де Орталық Азия даласында жазу, сызу өнері болды. Қазақ жеріндегі жазу ісінің ең ежелгісі – түркі жазуы. 

 

«Түркілер Ислам дінін пайда үшін
 не басқа нәрсе үшін қабылдаған жоқ. 
Керісінше Ислам діні түркілердің 
наным-сенімдеріне өте жақын
 әрі түсінікті болды»
К.Мюллер,неміс шығыстанушысы 

Оған дәлел – археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған деректі заттардағы жазулар. Кейбір жерлеу нысандарында қоса жерленген бұйымдардың бетінде жазылған нақыл сөздер де осы түркілік тілде жазылған. Кейбір ескерткіштерді зерттегенде ғалымдар келісім таппайтын мәселелер де баршылық. Мысалы, Есік қаласынан табылған алтын киімді сақ сарбазының жанынан табылған күміс ыдыстың (ожаудың) түбіндегі жазбаларды Мәскеулік түркологтар иран тілдес деп пайымдаса, қазақ түркітанушылары түркі тілдес деп мәлімдейді. Ал осы түркі жазуы бір-біріне қосылмай, бөлек-бөлек жазылатын 38 әріптен тұрады. Қазақ даласына қайта оралып, өз тілінде жаңғырған түркі жазуын қазақ халқы қуанышпен қарсы алды. Олай болған себебі, бұл жазбалардағы тарихи жырлар, әдет-ғұрып, салт-сананың кейбір түрлері мыңдаған жыл өтсе де ұмытылмай қолданыста болуы, бүгінгі күнге жетуі еді. Кейінгі ғасырларда бұл тілде жазу саябырлап, кейбір өңірлерде мүлде тоқтады. 
Оған басты себеп, жоғарыда айтып кеткеніміздей, 751-жылы өткен Атлах шайқасы болатын. Қазақ даласына Ислам мәдениеті мен өркениеті жылдам енді. Себебі, қасиетті Ислам дінінің кейбір қағидалары Тәңіршілдік сеніммен үйлесім тапқандығы еді. Араб тілі, араб әліпбиі де халық арасына жылдам, емін-еркін енді. Оған дәлел, сол ортағасырлық кезеңде өмір сүрген ғұламалардың еңбектері араб тілінде жазылды. Мысалы, әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет» сынды еңбектері араб тілінде жазылды. Бұларға зерттеу барысында жеке-жеке тоқталатын боламыз. 
Тек қазақ даласында ғана емес, дүние жүзінің көптеген елдерінде араб тілі ғылым тілі болды. Қазіргі ағылшын тілі сияқты. Әрине, орта ғасырлар кезеңі қазақ һәм түркі халықтары үшін жеңісті, жемісті дәуір болды. Себебі сол кезеңдерде қазақ топырағында дүниеге келген көптеген ғалымдар білім бұлағын туған жерінде бастап, сонан кейін әлемдік ғылыми орталықтарға сапарлап, ғылым саласында әлемдік деңгейде мойындалып, еңбектері мақұлданды. Бұл ғалымдардың түлеп ұшқан қалалары: Отырар, Иасы, Испиджаб, Тараз, Баласағұн сынды өркениетті шаһарлар. Әлемдік деңгейде мойындалып, Бағдат, Шам, Мысыр, Мекке қалаларында өзіндік қолтаңбасын қалдырған шығыстың бірінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің өзі де ортағасырлық Фараб қаласында дүние есігін ашып, сол қалада білімін бастап, қыпшақ тілінде оқыды. Яғни, ол білген жетпіс тілдің тұңғышы қыпшақ тілі болғаны анық. Араб тілі арқылы ғылымда, жаһандық деңгейде көптеген кітаптар жазылып, кітапханалардың қорлары толығып отырды. Исламның келуі арқылы қазақ жеріндегі мәдениет әлемдік өркениеттер қатарына қосылып, халық көркем сауатты болды. 
Кіріспеде айтқанымыздай, Орталық Азия түркілерінің «Ислам өркениеті» иіріміне елеулі еңбегі сіңді. Ислам өркениеті Орта Азия халықтарын отырықшылық мәдениетке, жазу мәдениетіне бейімдеді. Жалпы түркілерге (қазақтарға. – Қ.А.) Исламның не бергендігі белгілі. Ал түркілер Ислам өркениетіне не берді деген сауал қойсақ, ғылымның көптеген саласын терең меңгерген Әбу Насыр әл-Фарабиден бастап кешегі Шәкәрімге дейінгі текті тұлғаларды айтамыз. Ол тұлғалардың атын әуелі Ислам шығарса, кейін олар арқылы Исламның да аты шықты. 
Әуелі қазақ топырағының атын, қала берді Ислам өркениетінің атын әлемдік ғылым тарихында алтын әріптермен қалдыра білген даңқты ғұламаларымыз Ислам өркениетіне айтарлықтай үлес қосты. Ендеше, алғашқылардың бірі болып қазақ топырағының атын әлемге білімімен мәшһүр еткен даңқты жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың «Ислам өркениеті» атты алып иірімдегі тарихи орнына тоқталсақ. 
Әбу Насыр әл-Фараби
Ол дінді толық меңгерген ғұлама. Сол арқылы да өзі сапар шеккен қай қалада да құрметті болды. Әйтсе де дін туралы терең зерттеу жасаған жоқ. Әл-Фараби дүниеге келген 870-жылдары Орталық Азияда Ислам мәдениеті орныққан болатын. Оның айғағы данышпанның өз аты да, әкесінің аты да «Мұхаммед» аталуында болса керек. Олай болса, фарабитанушы, исламтанушы ғалымдардың еңбегіне сүйеніп, ғұламаның Ислам өркениетіндегі үлесін сараптайық. 
Перзентінің ғылымға деген айрықша ықыласын байқаған ата-анасы бастапқыда Отырар медреселеріне берсе, кейіннен оның бойындағы ерекше дарынды сезіп, бала Мұхаммедті Таяу және Орта Шығыс елдеріне білім мен ғылым сапарына дайындайды. Болашақ ғұлама жастайынан жаратылыстану ғылымдарымен қоса гуманитарлық ғылым салаларына да бей-жай қарамай, медресе ұстазының үйреткен дәрістерінен өзге, кітапханалардағы антика мәдениетімен де өздігінен танысқан деген дәйекті болжамдар бар. Отырарлық білім мен ғылымның барша түрін толығымен меңгерген соң ол ғылымның машақаты мен махаббатын бастан кеше ұлы керуен жолына аттанады. Ғалымдар арасында оны білім жолына есейген соң шықты деген пікірлер бар. 
Академик В.В. Бартольдтың еңбегіндегі мына бір дерек жоғарыдағы пікірді дәйектейді: «ІХ – Х ғасырларда ғылыми жұмыстар негізінен Тигр мен Ефрат алқабындағы ескі мәдени орталықтар болған Басра мен Харранға шоғырланды. Антиохиядан грек ғылымы да осында қоныс аударды. Бағдад – бүкіл мұсылман әлемінен, әсіресе Иран мен Орталық Азиядан шыққан әдебиетшілерімен өзіне тарта білді». Болашақ ғалымның Бағдадқа сапар шегуі де заңдылық екенін бірден ұғуға болады. Яғни, ол Бағдадқа барар жолында ғылым мен мәдениеттің білікті ошақтарына тоқтап, білімін толықтырып, әр қаладан әртүрлі ғылым саласын меңгереді. Ең алдымен әл-Фараби Ұлы Жібек жолы арқылы қазіргі Өзбекстан жеріндегі шаһарларға аттанады. 
Кеңестік ғылым кезінде алғашқыда белгілі себептермен ортағасырлық зерт­теушілердің еңбектері толық зерт­телмей келді. Тәуелсіздіктен кейін шығыстанушы ғалымдардың ізденістерінің арқасында ортағасырлық тарихшы, зерттеуші-философтардың әл-Фараби хақында айтып, жазып қалдырған мәліметтері бізге кеңінен таныс бола бастады. Ортағасырлық ірі араб тарихшыларының бірі Ибн Халликан өзінің кітабының бір тарауына «әл-Фараби – фәйләсуф», яғни, «әл-Фараби – философ» деген арнайы тақырып берген. Оның ішінде ғұлама туралы мынадай дерек қалдырыпты: «Ол аса ірі мұсылман фәлсафашыларының бірі. Олардың ешқайсы да оның деңгейіне жете алған жоқ. Тіптен, мәшһүр дәрігер Әбу Әли ибн Синаның өзі де кейбір шығармаларды жазу барысында әл-Фарабиге сүйенген һәм антика философиясына емін-еркін бойлауына әл-Фараби еңбектері арқылы жол тапқан», – деп, ғұлама еңбектерінің әр кезеңде өзінен кейінгі ғалымдарды тәрбиелеуде рухани ұстаз болғанын жазады. 
Қазақ топырағынан нәр алып, Ислам өркениетінде және әлемдік өркениетте топ жарған әл-Фараби бабамыздың қаламының сәулесі жер жаһанды жылытуға қауқарлы болды. Көзі тірісінде де, бақилық болғаннан кейін де өшпес мұрасы арқылы Ислам ғұламаларын тәрбиелеп жатты. 
Біз атап өткен «Ислам өркениеті» иірімінде екінші ұстаздың үлесі өлшеусіз. Яғни, бұл да қазақ топырағының аталмыш өркениетке сіңірген елеулі еңбегі. Екінші ұстаздың біз білетін мәшһүр тұлғалардың тарихта аты қалуына да ықпалы болған. Ибн Халликанның еңбектеріндегі мына бір оқиғаны келтіруді жөн көрдік. 
Әбу Әли ибн Сина бір естелігінде: «Логиканы, физиканы және математиканы меңгергеннен кейін назарымды метафизикаға аудардым да «Метафизика» деген кітапты оқып шықтым... Мен оны 40 мәрте оқып, жаттап алдым. Алайда мағынасын не көздеген мақсатын түсіне алмадым. Мен бұл кітапты түсіну мүмкін емес дедім өзіме, үмітімді үзіп. Бірде мен түс ауа базарға кітап түптеушілерге бардым. Бір делдал саудагер кітабын дауыстап мақтап жатты. Маған ұсынды. Бірақ мен оның ешқандай пайдасы жоқ деп, бірден бас тарттым. «Алшы», – деп өтінді делдал саудагер. «Мен бұл кітапты саған арзанға, небәрі 3 дирхемге беремін. Мұның иесіне дәл қазір ақша аса қажет болып тұр», – деді. Мен алдым. Бұл Әбу Насыр әл-Фарабидің «Метафизика кітабының мақсаты туралы» деп аталатын еңбегі екен. Мен үйге оралып, оқып шығуға асықтым. Сол сәтте, менің соған дейін оқып жаттап алған, алайда түсіне алмай жүрген кітабымның мағынасы шайдай ашылды. Менің қуанғаным сонша, Жаратқанға ризашылығымды білдірдім де, келесі күні кедей-кепшікке көп садақа бердім», – деп, өзінің метафизика ғылымына қалай келгенін баяндайды. Яғни, ибн Синаның өзі де медицина ғылымын жетік меңгеруінде әл-Фараби еңбектерінің үлесі мол екенін айтады. Ибн Халликан секілді ортағасырлық тарихшы, зерттеуші, саяхатшылардың әл-Фараби хақында жазған құнды да құпия мәліметтеріне зерттеу барысында арнайы тоқталамыз. 
Сонымен қоса ғұламамыз ғаламдық деңгейде «рухани ұстаз» бола білді. Оған мысал Батыс, Шығыс ғалымдарының көбісі өз діңгектерін әл-Фараби арқылы бекем еткенін жазады. Және де әл-Фараби Орталық Азияда философияның етек жаюына бастау-бұлақ болды. Мысалы, оның «Кемел адам» концепциясынан ғасырлар өткен соң, түркі-мұсылман сопылық ілімінің негізін салушы Қожа Ахмет Яссауи өз хикметтерінде «Кәмил инсан» деп жазады. Жазба әдебиетіміздің негізін салушы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы да бұл ғұламалардың ізін жалғап, «Толық адам» деген ұғымды қалыптастырады. Яғни, бұлардың бастамасы әл-Фараби екенін растайды. Әл-Фараби де, Яссауи де, Абай да адамдардың кемелдік деңгейге жетуі үшін көп оқып, қайырымды болуы басты шарт деп жазады. Жоғарыда айтқанымыздай, әл-Фараби өзінен кейінгілерге рухани ұстаз болды. Мысалы, оның әл-муқабала ғылымы бойынша алгебра мен геометрия­ны біріктіру идеясын дамытқан Омар ибн-Ибраһим әл-Хайями болатын. 
Омар Хайям да, Ұлықбек те өз еңбектерінде әл-Фараби концепциясын жалғастырады. Сонымен қоса оны Еуропа ғалымдары да ерекеше мойындап, ұстаз тұтады. Мысалы, Еуропада оны «Альфарабиус» деген атпен құрметтеп атаған. Әл-Фарабидің «Ғылымдар энциклопедиясы» атты еңбегі XV ғасырдың өзінде латын тіліне аударылады. Ал бұл еңбектерді Еуропа тілдеріне тәржімалағандар қатарында Герард Кремонский, Джон Севильский, Доминик Гундиссалия сияқты тілдік қоры бай белді аудармашылар бар. 
Ғалым күндіз-түні түрлі ғылым салаларына байланысты кітаптарды оқып, олардан өзіндік түйін жасап, көпшілікке мүлде түсініксіз болып келген антика дүниесіне емін-еркін бойлап, ғылыми түсініктеме, трактаттарын жаза бастады. Әрине, әл-Фараби алғашқыда өзі де антикалық философтарды бірден түсінген жоқ, сондықтан да Аристотельдің «Жан туралы» еңбегін жүз рет, «Риторикасын» екі жүз рет, «Метафизикасын» қырық рет оқыған екен. Негізінде мұндай табандылық кез келген ғалымда бола бермейді. Сондықтан да әл-Фарабиге күллі жер-жаһан Екінші ұстаз деген баға береді. Негізінен кейбір фарабитанушылар «Логика» мәселесі бойынша ол Аристотельден де асып түсуі мүмкін деп баға берген. Әйтсе де, әл-Фарабиден бірде «Егер де сіз Аристотель кезеңінде ғұмыр кешсеңіз не істер едіңіз?», – деген сауалға ол: «Әлбетте, мен оның ең алғыр шәкірті болар едім», – деп, өзінің рухани ұстазына деген шынайы ықыласын білдіреді. 
Әл-Фарабидің қалам тартқан салаларын зерттеушілердің бірі, шығыстанушы, академик Бабажан Ғафуров естеліктерінде былай жазады: «Біз ұлы ғұлама жазған еңбектер ішінен математикаға, медицинаға, әуез теориясына, алхимия мен магияға арналған дүниелерді көреміз. Ұлы ғұлама фәлсафаның, логиканың, таным-наным теориясының, психологияның, этиканың (әдеп), саясат пен әлеуметтанудың сан қырлары жөнінде пікір айтып, келелі еңбектер жазған. Әл-Фараби есімін бүкіл әлемге танытып, оны дүниежүзі мәдениетін жасаушылардың алдыңғы легіне қосқан да – оның осы салалардағы еңбектері», – деп ғылыми пікір білдіріп, ғұламаның ерекше табандылығымен қоса көбінде кездесе бермейтін дарынын жазады.
Әл-Фараби үшін дәстүрлі «фикһ» дегеніміз исламның қайнар көздерінде (Құран мен сүннет) көрсетілмеген мәселелердің шешуін «Кийас» әдісінің көмегімен табу өнері екендігін атап өткеніміз жөн. «Кәлам» мен философияға қарағанда «Фикһ» таза философиялық парасатты қолдануды қарастырмайды немесе аналогияның рационалдық ұстындарын қолданған күннің өзінде, өздерінің тұжырымдарында, ең алдымен, Құрандық мәтіннен немесе Сүннет мәтінінен бас­тау алады. Ақыл мен Құдайды бір-бірінен бөлінбейтін, тұтас дүние ретінде бағалаған, болашақ философ-рационалист әл-Фараби осы дәстүрлі, діни қайнар көздерге негізделген қауымның түсінігін таза философиялық парасатпен кеңейтуге болады деп санаған. Әбу Насыр әл-Фарабидің «Ислам өркениеті» иіріміне жасаған ықпалы орасан зор. Тіптен жоғарыда келтіргеніміздей, медицинаның атасы Әбу Әли ибн Синаның кемел ғалым болып жетілуіне де осы данышпанның үлесі өлшеусіз. Ғұламаның қаламының сәулесі жайлы мағлұматтарды бір зерттеу жұмысы төңірегінде айтып тауысу мүмкін емес. 
Тағдыр иірімінде иірілген қазақтардың (түркілердің) арасынан топ жарып, өз есімдерін алтын әріптермен жазып қалдырған өзге тұлғалар жайына ауыссақ.
Жүсіп Баласағұн
Орта ғасырлардағы Шығыс Ренессансы аталған алтын дәуірді Жүсіп Бала­сағұн өмірі мен шығар­маш­ылығынсыз түсіну мүмкін емес. Қара­ханидтер дәуіріндегі мәдени, қоғамдық жағдай түркі халықтарының арасынан ағартушы ғалымдарды, ойшыл ақындарды көптеп шығарды. Бұл дәуір Жауһари, Фараби, ибн-Сина, Беруни секілді ойшыл ғұламалардың сан-салалы еңбектері, Махмұт Қашғаридің «Түркі тілдерінің сөздігі», Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік», Ахмет Иүгнекидің «Ақиқат сыйы», Ахмет Яссауидың «Диуани Хикмет» атты тарихи ескерткіштерінің пайда болуына белгілі бір дәрежеде ықпал етті. Араб-парсылармен қатар түркі халықтарының өкілдері де Шығыс мәдениетінің өркендеуіне өз үлесін қосты. 
«Құтадғу білік» поэмасының авторы Жүсіп Баласағұн өз заманындағы ірі тұлғалардың бірі болғаны сөзсіз. Баласағұнның дүниеден өткеніне 900 жылдан астам уақыт болса да, оның туындыларының өміршеңдігін, біздің ақыл, ой-санамызда, көңілімізде қанағат сезімін тудыратынын айта аламыз. 
Поэманы ойшыл елу жасында аяқтады. Поэма маңызды философиялық тереңдікті қамтиды, себебі, онда адам өмірінің мәні мен мағынасы туралы ой қозғалады, адамның қоғамдағы міндеті мен өзін-өзі ұстау нормасы қарастырылады. Ақын Қарахан мемлекетінің гүлденуі мен аяқталуының куәгері болады. Ол уақытының қайғымен өткенін, достарының қатыгездігін, адам жүрегі зұлымдыққа толған кезде, адам болмысының жаман жаққа ауысқанын айтады. «Олар шаян секілді шағады, маса сияқты қан сорады, балалар әкесін құрметтеуден қалды, барлық адамдар ақшаның құлына айналды» дейді. 
Ойшыл Қашқар қаласында, Пайпап жерінде 68 жасында қайтыс болды. Жүсіп Баласағұн ХІ ғасырдың аса көрнекті ақыны, есімі бүкіл Шығыс елдеріне мәлім болған, данышпан ойшыл, философ, энциклопедист ғалым, қоғам қайраткері. Ол философия, табиғаттану, математика, астрономия, тарих, араб-парсы, тіл білімі, т.б. ғылым салаларын жетік меңгерген ғұлама ғалым. Оның есімін әлемге танытқан «Құтадғу білік» кітабы сол замандағы ресми әдебиет тілі болып саналған араб тілінде емес, түркі халықтарының тілінде жазылған алғашқы энциклопедиялық еңбек еді. Сондықтан да кез келген аймақ өз тарихына үңіліп, ондағы бірінші дәрежелі жұлдыздар тізіміне енетін, яғни ешқашан мәнін жоймайтын, жалпыға ортақ мәдени игіліктер тізіміне қосылатын дүниелерді қайта қарап, саралап отыруы тиіс. Олай болса, «Мың бір түн», «Жолбарыс терісін жамылған батыр» секілді әлемдік әдебиет үлгілерімен қатар, «Құтадғу білікті» де өз бойына мәдени-эстетикалық байлық жинақтаған қазына деп айта аламыз. Сонымен бірге, Жүсіптің поэмасы көне түркілердің тілдік сана-сезімі өрлеуінің белгісі болған маңызы зор ескерткіш. Біртұтас үлкен тілдік отбасының өкілдері Жүсіп Баласағұнды өзіне меншіктей алады. Бұл жерде қазақ, қырғыз, ұйғыр, түркімен, әзірбайжан мен түріктерді атауға болады. Мәдени, саяси және этникалық жіктердің тарихи өзгергіштігіне, тілдер тағдырына, үндестік туыстыққа, миграцияға байланысты детальдарды қазбаламай, географиялық көзқарас тұрғысынан қарастырған кезде Жүсіптің қазақ және қырғыз халықтарына жақын екені білінеді. «Манас» пен «Құтадғу білік» арасында айқын ұқсастықтар бар. Жүсіптің дүниетанымында философиялық, шамандық, исламдық – үш сарын сезіледі. Ол парсы-тәжік (Рудаки, Фирдауси) және түркі (жазбаша және ауызша) поэтикалық дәстүрінен нәр алады. 
Зерттеушілер әсіресе, Баласағұн поэмасындағы «Шығыс Ренессансы» идеяларымен байытылған әрі өткір, әрі өзекті, әрі эмоционалды айқын өмір философиясына назар аударады. Жеке халықтың тілі мен мәдениетін, жалпы адамзат мәдениетінің күрделі тұтастығынан, шетсіз-шексіз диалог жүріп жатқан үлкен тарихи уақыттан тыс түсінуге болмайды. Мәдениеттің ұлы туындыларының өзі де осындай үлкен уақытқа ғана сияды емес пе?
«Құтадғу біліктің» Еуропа әлеміне әйгілі болуы австралиялық шығыстанушы Фон Хаммер Пургшталь есімімен тікелей байланысты. Ол 1976 жылы Стамбул қаласында аталмыш қолжазбаны қолға түсіріп, Вена кітапханасына сыйға тартқан болатын. Еңбекті алғаш рет неміс тілінде жарыққа шығарған белгілі шығыстанушы Г.Вамбери 1891-1910 жылдары дастанның түпнұсқасымен қоса, оның немісше аудармасын жариялаған. В.В. Радлов еңбегінен кейін ғана поэма шын мәнінде ғылыми тұрғыдан зерттеле бастады. Дастанның үзінділерін алғаш рет орыс тіліне аударған С.Е. Малов, 1971 жылы Н.Гребнев «Бақытты болу ғылымы» деген атпен дастанның еркін аудармасын жасады. 1971 жылы К.Керимов «Құтадғу білікті» өзбек тіліне аударды. Ал дастанды 1986 жылы қазақ тіліне Асқар Егеубаев тәржімалады. Үш қолжазбаның (Вена, Каир, Наманган) текстерін сын елегінен өткізіп, елеулі еңбек еткен Р.Р.Арат 1947 жылы дастанның ғылыми тұрғыдан бір ізге түсірілген желісін жасап шықты. 1970 жылы Ленинград қаласында «Құтадғу білікке» арнайы өткізілген IV түркологиялық конференция осы ескерткішті жүйелі түрде жан-жақты зерттеу қажеттігін атап көрсетті. 
Орталық Азия, оның ішінде қазақ даласынан түлеп ұшқан Жүсіп Баласағұнның «Ислам өркениеті» иіріміне сіңірген еңбегінің бір парасы осындай. 
              Махмұт Қашқари
ХІ ғасырда түркі тарихының атасы, көрнекті ғалым Махмұт Қашқаридың (1030-1090) «Диуани луғат ат-түрік» еңбегі түркі халықтарының тіл білімі саласында сілтеме жасар баға жетпес мұрасы ретінде қалды. Бұл тек түрікше-арабша түсіндірме сөздік емес, ол түркі тілдерін зерттеуде теңдесі жоқ ғылыми еңбек. Автор халық ауыз әдебиеті үлгілерін, аңыз-ертегілер, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер және халық фольклорын өте орынды пайдалана білген. Сондай-ақ, алғашқы қауым адамдарының тұрмыс-тіршілігін, болмысын, сана-сезімін бейнелейтін ауыз әдебиетінің тамаша үлгілері бізге Махмұт Қашқари еңбектері арқылы жетті. Түсіндірме сөздік ХІ ғасырда Қарахан дәуірінде дүниеге келген мұра болып есептеледі.
Оның толық аты-жөні – Махмұт ибн ул-Хусаин ибн Мухаммад әл-Қашқари. Ол жөнінде архив қоймаларында мәлімет өте аз. Әкесі Барсағандық руынан шыққан адам. Кейін Қашқарға көшіп барғанына қарағанда Махмұтты сонда дүниеге келді деп шамалауға болады. О.Прицактың есебі бойынша, Махмұт Қашқари 1029 жылы мен 1038 жылдар арасында туған. Қарахан әулетінен шыққан. Өйткені оның әкесі Хусаин бин Мұхаммед Мәуереннахрды жаулап алушы Барсағанның әмірі Бағараханның (Харун ибн Сүлейманның) немересі деп танылады. 
Махмұттың өзінің айтуынша, «Диуанды» жазудан бұрын ол түріктердің барлық елі мен даласын аралап шыққан. Ол Қашқардан бастап, бір жағы Жетісу, Мәуереннахр, Хорезм, ал екінші жағы Римге дейін аралап, олардың тұрмыс-салты, тілі, ауыз және жазба әдебиеті бойынша көп материал жинайды. 
«Аталмыш сөздікті жазудағы басты мақсаты түркі тілінің мәртебесін жоғары көтеріп, оның араб тілінен ешқандай кемдігі жоқ екенін дәлелдеу болған», – дейді А.Н. Кононов. Бұл жөнінде М.Қашқари былай дейді: «Мен түріктер, түркімендер, оғыздар, шегілдер, яғмалар, қырғыздардың шаһарларын, қыстақ пен жайлауларын көп жылдар кезіп, аралап шықтым. Мен бұл істерді тіл білмегенім үшін емес, қайта бұл тілдердегі кішігірім айырмашылықтарды да анықтау үшін істедім. Мен олардың ең білгір адамдарының, ең үлкен мамандарының, көрегендерінің, байырғы тайпаларының ішінен шыққан және соғыс істеріндегі ең мықты найзагерлерінің бірі едім. Оларға ден қойғаным сондай, түріктер, түрікмендер, оғыздар, шегілдер, яғмалар және қырғыз тайпаларының тілдері түгелдей көңіліме қонып, жатталып қалды. Солардың бәрін мұқият бір негізде жүйеге салдым».
«Диуани лұғат ат-түрк» шығармасының мазмұны терең философиялық ұғымдарды көрсетеді. Бұл мына сөздер «құт» – «игі», «нен» – «зат, құбылыс, зат», «ном» – «дін», «сан» – «рет», «ез» – «ерекше, рух, жан», «тіл» – «сөз», «тап» – «сенім», «тан» – «тән», «түй» – «түсіну», «тон» – «қайтару», «түн» – «тыныштық», «тұр» – «қалыптасу».
Махмұт Қашқари еңбегінде қылмыс пен гүлдену түсініктері маңызды орын алады, олар: «үш» – дәл, «ұқ» – түсіну, «чын» – шын, ақиқат, әділдік, «чак» – нағыз, қазіргі, «чур» – тиімділік, пайда, «шеш» – шешім, өңдеу, «ыш» – іс, жұмыс, қызмет, «ілк» – өткен, алғы, «ім» – таңба, белгі, т.б. 
Осындай сөздер түркі халықтарының тіл байлығын, философиялық әлеуетін көрсетеді. Осы XI ғасырдың өзінде түркі тілінде кітаптар шыға бастады. Осы түркі сөздігінен қазақ философиясының көптеген ұғымдары бастама алды деп айтсақ болады. Бұлар – «болмыс», «сапа», «сан», «білім», «бірлік», «мән», «тән», «сана», «сана-сезім», «қиял», «түйсік», тағы басқа.
М.Қашқари сөздігі барлық түркі тайпаларының сөздігін қамтыған. Егер Жүсіп Баласағұн «Құтадғу білік» еңбегінде ғылым байлығы мен күнәсіз өмір сүру негіздері жайлы түсінікті дамытқан болса, А.Яссауи «Диуани хикмет» шығармасында қоғамдағы әлеуметтік тұрмыстық тәртіпті айқындап, тақуалық пен опасыздықтың мәнін ашты. Ал, М.Қашқари «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегінде ата-бабаларының тегі туралы көптеген тарихи мәлімет келтіреді. Тағы бір тұсында түркі тайпаларының мінез-құлқына тоқтала отырып: «Өздері әдепті, сыпайы, жасы үлкен адамдарға құрмет қылғыш, айтқан сөзінен қайтпайтын, уәдесіне берік, мақтану, тәкаппарлық дегенді білмейді. Түрік тайпалары – қаһарман, батыр-ел», – дейді.
Қашқаридан соң түркі тіліндегі жазбалар саны көбейді. Көптеген ортағасырлық оқымыстылар Қашқаридың жолын қуып, оны одан әрі жалғастыра білді. Мәселен: «Қарахандар Орта Азияны билеп отырған жағдайда орхон, ұйғыр, көне қаңлы (хорезм), соғды алфавитінде еңбек жазуға мүмкіндік болмаған. Оған жол салған Махмұттың лұғаты болған. Оның дәстүрін ХІІ ғасырда ғұмыр кешкен Яссауи мен Бақырғани жалғастырады». 
М.Қашқари еңбегі ХІ ғасырдағы түріктердің өмірі туралы, олардың материалдық мәдениетінің бұйымдары, тұрмыс жайы, этнонимдері мен топонимдері, ру-тайпалары, туыстық және жекжаттық терминдері, түркі қызмет адамдары титулдарының, тағам-сусындардың аттары, үй жануарлары мен жабайы жануарлар, құстар, мал шаруашылығы, өсімдіктер мен дәнді дақылдар туралы, астрономиялық терминдер, халықтық күнтізбе, айлардың және аптадағы күндердің аты, географиялық терминология, әскери қару-жарақ пен музыкалық аспаптар, әкімшілік терминология, түрлі мифтік және қаһармандық есімдер туралы, діни және этникалық терминология, бабалардың ойындары мен ермектері туралы бірден-бір дәйектеме болып табылады. Осыдан келіп, біз М.Қашқаридың бұл еңбегі үлкен энциклопедиялық шығарма екендігіне және онда аса бағалы да құнды деректердің берілгендігіне көз жеткіземіз. 
Қожа Ахмет Яссауи
Түркі халықтарының орта ғасырларда араб жазуына көшуі көптеген ғылыми дүниелерді жарыққа шығарды. Сонымен қатар бұл шығыс әлемінде суфизм ағымының әсері күшейіп, бірте-бірте қанатын кең жайып, дами бастаған кезі еді. Бұл кезең Орталық Азия мұсылмандары үшін де аса жауапты уақыт болатын. Елдің бірлігін, халықтың татулығын, адамгершілік пен имандылықты, Алла тағалаға адалдықты көксеген, соны ту етіп, өз шығармаларына арқау еткен ақын-шайырлар тобы тарих сахнасына шықты. Олардың арасында ерекше көзге түскендер – хорезмдік Ахмет Иүгінеки, Ахмет Яссауи, Сүлеймен Бақырғани (Отырар өлкесінен), тағы да басқа сопылық әдебиет өкілдері болды. Бұлардың арасында асқан шеберлігімен, елге сыйлылығымен, қайырымдылық пен мейірімділікті өмірге арқау етіп, бүкіл түркі жұртын татулыққа, тазалыққа үндеген, қасиетті әулие атанған Құл Қожа Ахмет Яссауи еді. Ахмет Яссауи жөнінде ел арасында көптеген аңыз-әңгіме тараған. Тарихи деректерге жүгінсек, ақын ежелгі қала Испиджабта (Сайрам) Ибрагим бин Махмуд деген диханның әулетінде дүниеге келген. Әйтсе де, Ахметтің әкесі өте діндар, құдай жолын ұстаған атақты шейхтардың бірі болған секілді. 
Түрік ғалымы, доктор М.Көпрулу өзінің «Түрк әдебиятында илк Мутасаввифлар» атты кітабында Ахметтің әкесі Сайрамдағы Хазрет Әлидің әулеті Ибраһим атты шейх екенін айтады. Осы пікірге орыс зерттеушісі М.Е. Массон да ден қойғанмен, ол Қожа Ахметті түрік нәсілінен дейді. Сопылық «мистикалық ағымның» түркі тілдес тармағының негізін қалаушы Қожа Ахмет Яссауи өмірінің кейбір тұстары әлі күнге бізге беймәлім.
Әкесі діндар болса, шешесі сопылықты ұстанған әйгілі шейх Мұсаның қызы Айша Хатун еді. Бастауыш білімін ол әкесінен алады, бірақ Яссауи жеті жасқа толғанда әкесі қайтыс болады. Бірнеше жылдан кейін Яссауи шешесінен де айырылады. Сөйтіп, ол үлкен әпкесі – Гаухар Шехназдың қолында өседі. Осыдан кейін ол Арыстан бабқа барып содан білім алады. Өзінің шығармаларында жазылғандай, оған алғашқы білімді Мұхаммедтің (с.а.у.) жолын қуушы Арыстан баб үйреткен. 
Орталық Азияда Ислам дініндегі сопылық бағыттың негізін салушы Қожа Ахмет Яссауидің шәкірттері де сол бағытта қызмет етті. Солардың ішінде Хәкім ата атымен кеңінен танымал Сүлеймен Бақырғани бар. 
«Сопылық» ілімін жалғастырушы Ахмет Яссауидің ізбасар шәкірті Сүлеймен Бақырғани ХІІ ғасырдың орта тұсында (1104-1186) өмір сүрген. Сүлеймен Бақырғани – Сырдария маңына қоныстанған түркі тайпаларының қарапайым тілінде жазылған «Хәкім ата» (немесе «Бақырғани») және «Ақырзаман» атты екі кітаптың авторы. Ол Түркістандағы ең танымал адамдардың бірі болды. Қара сөзбен әдеби мазмұндалып жазылған өсиеттерінің арқасында жазба әдебиет саласында әйгілі болған Бақырғанидің бір ерекшелігі – өз заманының кемеңгер ғалымдарының бірі атанғаны. 
1846-1870 жылдары Қазан қаласында Сүлеймен Бақырғанидің «Хәкім ата» кітабы сегіз рет басылып шыққан. «Ақырзаман» кітабы да С.Е.Маловтың бастамасымен Қазан қаласында 1897 жылы жарық көрген. 
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының жеті миллионнан асып жығылатын бай қорында Сүлеймен Бақырғанидың «Хикмет Хазірет Сұлтан әл-Ғарифин» атты құндылығы жоғары қолжазбасы сақтаулы. Бүгінгі таңда қолымызда С.Бақырғанидің өмірі жайында қандай да болсын толық әрі шүбәсіз ақпарат жоқ. Бізде ойшыл ғалымның көптеген ғылыми еңбектерін ешкім толық білмейді. Ақпарат көздеріне сүйенсек, ол Сырдария өзенінің жағалауын мекендеген түркі тайпаларынан шыққан және оның туған жері Түркістан қаласы болғанын білеміз. Бозбала шағында білім алуға деген құштарлықты сезген Сүлеймен шығыс халықтарының өмірімен, дүниетанымымен, тарихы мен мәдениетімен егжей-тегжейлі танысады. Ол Орта Азияда да, араб елдерінде де білім алып, ой-өріс деңгейін көтереді.
Ол «Хәкім ата» кітабын бұқара халыққа түсінікті қарапайым тілмен жазып шыққан. Бұл еңбек ХІІ ғасырда оғыз-қыпшақ тайпаларында жазба мәдениеттің болғанын көрсететін аса құнды кітаптардың қатарына жатады. Өз еңбегінде ақын дін мәселелерін, дәлірек айтсақ, «Сопылық» аспектілерін қозғайды. Сонымен қатар осы кітаптан Бақырғаниға шығыс прозалық әдебиетінің үлкен әсер еткенін байқауға болады. 
Қожа Ахмет Яссауи мен Сүлеймен Бақырғани еңбектері мазмұндық жағынан ұқсас келеді. Яғни, оларда сол замандағы сопылық өкілдеріне тән зияткерлік еркіндік, бұқараға түсінікті тіл мен басқа да ерекшеліктер кездеседі. С.Бақырғани тұлғасы – өз өмірін қалың халыққа ислам дінін таратуға арнаған шексіз сенімді діндар адам тұлғасы. 
С.Бақырғани еңбектерін «Сопылық» іліміне жатқызуға оның кітаптарында күнә туралы жиі сөз қозғалатындығы дәйек бола алады. Сопылық көзқарас тұрғысынан «шарап ішу» сопының Құдайға деген терең махаббат пен Оған деген рухани жақындықты сезінуін білдіретін әлдебір әдеби символ екені белгілі. Демек, бірқатар сопылар Құдайды тануға тек «Шариғат» пен зікір салу арқылы ғана емес, пендешілік өмірге құштарлықтан жанын тазарту үрдісі кезінде адам санасында болатын психикалық және рухани күйзелістерге зейін қою арқылы да келген. Бұл – Бақырғани үшін «Тариқат» жолы. «Қоғамның пайдасы хақында ойлар кісі, мәңгілік өмір шәрбәтін ішер» дей келе, ол өзінің «Сопылық» шындығына қатысын көрсетеді. Еңбектің исламға шақыруымен қатар тағы да бір құнды жағы сол заманғы ислам әлемінің кей мәселелері мен қиындықтарының сипатталуында болып отыр. Оның көркем сипаттаулары әсемдікке толы және шығыс әдебиетінің үздік еңбектерімен теңдесе алады. Өз ұстазы Ахмет Яссауидің ізін қуып, ол:
Сөз еткен хақында «Шариғаттың»,
Іздеген шындығын «Ақиқаттың».
Күрескен шындыққа қол жетпекке
Бабалардың бабасы Арыстан баб;
Менің шейхым – Яссауи, – деп жазады.
Сүлейменнің Арыстанбаб жайында мақтаулы пікір айтуынан оның Қожа Ахмет Яссауиді шынайы құрметтегенін байқауға болады. Яссауидің өзі Сүлейменді ең жақын шәкірті және өз ілімінің қабілетті ізбасары деп есептеген.
«Ислам өркениеті» атты ағысы асау иірімде тірлік еткен түркілер (қазақтар) өз есесін жіберген жоқ. Керісінше, ислам әлемімен бірге үндесіп, тәңірлік дүниетанымның ең мәнді құндылықтарын исламның асыл қағидаларымен астастырып, өміршең етті және рухани кемелдене түсті. Түркілер (қазақтар) ислам арқылы сол дәуірде елінің, жерінің атын әлемге мәшһүр етті. Яғни, бұл иірім нағыз өркениеттің кезеңі болды. 
Орта ғасырлар кезеңінде араб тілінде жазатын ғалымдар мен қыпшақ тілінде жазушылар үшін мынадай тәржімалық кітаптар жарық көрді: «Тәрджуман түрки уа араби» (түркіше-арабша тәржіма), «Китаб әл-идрак ли-лисан ал-атрак» (түркі тілі туралы жазылған түсіндірме кітап), «Китаб ат-туһфа аз-закия фи луғат ат-туркия» (түркі тілі туралы жазылған ерекше сыйлық), «Китаб ад-дурра ал-мудия фил-луғат ат-туркия алат-тамам вал-камал» (түркі тілі туралы жан-жақты және толық аяқталған інжу-маржан кітабы). 
Бұл аударма және түсіндірме еңбектер әлі күнге дейін өзектілігін жоймады. Тәржімалардың барлығы дерлік сол кезеңде ел арасында, ғылым саласында кең қолданылды. 1956 жылы А.Зайончковскийдің «Мамлюк түріктерінің оқ ату туралы жазылған трактаты» Варшава қаласында басылып шықты. Бұл еңбек негізі XIV ғасырда түркі қыпшақтарының әскери қабілеттері туралы жазылған «Хуласа» (Мазмұндама) атты еңбек еді. Оған көптеген көне сөздер енген.
Е.Э.Бертельс Мәмлүк мемлекетіне дейін-ақ түркі тілі араб еліне келгенін келтіреді. Түркі тілінің кең етек жаюының тағы да бір дәлелі, Ибн Хабиб әл-Хәлеби Бадр ад-Дин әл-Хасан бин Омардың «Дурра әл-әслак фи дәуләти-л-атрак» атты еңбегінің тақырыбының өзінен-ақ байқалғандай, күллі Мысырды «Түрік мемлекеті» деп келтіреді. Жоғарыда айтқанымыздай, түркілік кезең шарықтау шегіне жеткенде араб мәдениеті кіріп келді. Осы араб мәдениеті мұсылман мемлекеттерінде ортақ һәм ғылым мен білімнің тілі болғанының тағы бір дәлелі, орыстілді зерттеуші-ғалым Ю.Рушко әлемдік деңгейде мойындалған математик, астрономдардың Хорасан, Трансоксания, Бактрия, Ферғана сияқты жерлерден екенін айта келе, сол ғалымдар ғылыми еңбектерінің көбісін осы араб әліпбиімен жазды деген естелік зерттеуін жазады. Және де ортағасырлық Бағдад қаласы, Таяу Шығыс пен Орта Азиядан көптеген ғалымдар шықты. Араб халифаты басып алған Бағдадтағы ғалымдардың үш жүзден астамының грек, Рим, үнді тілдеріндегі кітаптарын араб тіліне аударып, оларды күнделікті ғылым саласына енгізу арқылы да халифаттың мәдени тұстары қарыштап, алға шықты. Осы орта ғасырлық ескерткіштердегі мәдениеттерді кейіннен зерттеген, зерделеген ғалымдар болды, қуаныштысы ол ғалымдардың алғашқы сапында тұңғыш қазақ ағартушысы Шоқан Уәлихановпен бірге Мұхамед-Салық Бабажанов сияқты ғалымдар болды. Бұл ғалымдармен тығыз қарым-қатынаста болған шетелдік әріптес ғалымдар Н.М.Левшин, В.В.Григорьев, Н.М.Ядринцев, В.В.Бартольд, В.В.Радлов та қазақ руханиятын байытатын еңбектер жазып қалдырды. Н.М.Ядринцев Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін ғылымға әкелсе, академик В.В.Радлов жазба ескерткіштерінің тілдерін орыс, неміс тілдеріне аударып, құпия тарихтан тың дүниелерді табуы арқылы, дүние жүзінің тілдеріне аударылуына септігін тигізді. ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде орыстың зерделі ғалымы Н.М.Ядринцев Орталық Азия даласындағы кезекті экспедициясында өзіне беймәлім тілде жазылған ескерткіш тастарды тауып алады, бірақ ондағы жазуларды оқу қабілеті кез келген ғалымға бұйырмайды. Тастағы көне жазу орта ғасырларға тиесілі түркілердің жазуы екенін Данияда мекен ететін, Скандинавияда фин жазбасының тарихымен машықтанып жүрген белгілі зерттеуші Вильгельм Томсен және В.В.Радлов дәлелдеп, ғылыми айналымға енгізеді. 
Ал Ислам өркениеті дәуірін бізге жеткізушілер қатарында күні бүгінге дейін айтарлықтай тұлғалар қызмет етті. Ең алдымен зерттеушілер мен ортағасырлық тарихи жәдігерлерімізге тоқталсақ.
Орта ғасырға жататын жазба ескерт­кіштерін зерттеген ғалымдар сапының алғашқы қатарында: Г.Ю.Клапорт, В.В.Радлов, П.М.Мелиоранский, А.Н.Смайлов тәрізді зерттеушілер тұрса, келесі кеңестік дәуірдегі ғалымдарға: Э.Н.Наджип, А.К.Боровков, Э.Фазылов, А.М.Щербак сияқты ғалымдар жатады. Енді өзіміздің қазақтілді ғалымдар қатарына: Ә.Құрышжанов, Б.Сағындықұлы, Ә.Ибатов, Р.Сыздық, Ә.Кәрімов, А.Н.Гаркавец, М.Мәженов, Қ.А.Өмірәлиев, сынды ғалымдар жатса, кейінгі буын өкілдерінен: С.Құдасов, М.Сабыр, С.Дүйсенов, Р.Досжан сынды білікті зерттеуші ғалымдармен толығады. Білікті ғалымдардың арқасында ортағасырлық мына еңбектер бүгінгі күнде ғылыми айналымға енгізілді, олар: Рабғузидың «Қиссасу-л-Әнбия» еңбегі, Құтыбтың «Құсырау уа Шырыны», Рауандидің «Мұхаббатнамасы», Әлидің «Нахдж-әл-Фарадисі», Сайф Сараидың «Гулистан бит-түркиі», Сиди Ахметтің «Ташшұқ намасы», Хорезмидің «Тәржіма Шаһнамасы», Ахмед Иүгінекидің «Ақиқат сыйы», Әбілғазының «Оғызнама» атты авторлары белгілі шығармалармен қоса авторы беймәлім шығармалар да бар. 
Олар: «Қорқыт ата кітабы», «Сираж әл-Қулуб», «Рахат әл-Қулуб», «Миғражнама», «Дастан-и Жұмжұма Сұлтан», «Мифта-Һул-Әділ», «Тефсир» және т.б. Ал өзімізге белгілі ортағасырлық ғалымдардың шығармаларынан мысалдар келтірсек: Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметі», Сүлеймен Бақырғанидің «Хикметі» жатады. Ауызша және жазбаша, ауызекі сөйлеу түрінде сақталған еңбектер қатарына: «Диуани лұғат ит-түрк», «Кодекс Куманикус», «Китаб әл-Идрак Ли-Лисан әл-Атрак» (Әбу Хаййан), «Китаб Булғат әл-муштақ фи-луғат ат-түрк» (Жамалладдин ат-түрки), «Ат-тухфат әз-Закия фи-л-Лұғат-ат-Түркия», «Әл-Қауанин әл-Куллия ли-дабт әл-лұғати-т-Түркия», «Китаб әд-Дурра әл-Мудийа фи-л-Луғат ат-Туркийа уәл Камал», «Ашшудүр әд-даһабия уа-л-кита әл ахмадиия философия-луғат-ат-Түркия» (Молла ибн Салих), «Хуласа», «Мани әл-ғузат», «Китаб Муқад-дима» (Ас-Самарқанди), «Китаб ад-Дағуа». Мәмлүк-қыпшақ тілдерінде онға жуық еңбек кездессе, оғыз тілдерінде жазылып, қыпшақ тілдерінің ықпалына түскендері аздау. Бұл еңбектердің барлығы дерлік табылса да қазіргі таңда жүйелі әрі кешенді түрде зерттеуді талап етеді. Сондықтан да көпшілік мұра әлі күнге дейін өз деңгейінде бағасын ала-алмай келе жатқаны өкінішті-ақ. 
Біз атап өткен шығармалардың жазылуына Ислам өркениетінің біршама ықпалы болды деп айтуға толықтай негіз бар. Х ғасырда түркі әлемінің дүниетаным ұстанымының шешуші жүйесі Ислам болды. Дін Орталық Азияда жылдам дамыды, өйткені менталитеті жағынан ұқсас. Мәселен, ислам дінінің альфасы мен омегасы Құдайдың бір екеніне сену және трансцендентті Құдай әлемінің заттарын, о дүниенің барын және қазір қандай өмір сүрсең соған жауап беретіндігін білдіреді. 
Түркілерден тек әл-Фараби, ибн Сина, әл-Бируни (973-1051), Садреддин 
Коневи (1210-1274), Мәуләна Жәләледдин ар-Руми ғана емес, сонымен қоса, әл-Ғазали, ат-Туси, әйгілі Фахреддин ар-Рази (1209 ж. дүниеден өткен), философ Абдуллатиф Бағдади (1161-1231), атақты Мұхиддин ибн әл-Араби сынды ойшылдарды мемлекет басшылары, имамдар қолдаған. 
Оқымысты-энциклопедист Ибн Са’ид әл-Күртүби «Табакат әл-у’мам» («Ұлт пен мәдениет категориялары») трактатында айтқандай, «түркілер өз ішінде көптеген ұлтты құрайды... Олар Хорасанның Оңтүстік бөлігінде Қытай шекарасына дейінгі және солтүстігінде Индиядан солтүстік полюске дейінгі үлкен ауқымды жерді алып жатқан. Олардың басты күші соғыстың қалай болатынын ұйымдастыра білгендігі және олардың қолайлы соғыс құралдары болды. Олар атқа шабудан барлығынан бірінші орында тұрды. Соғысқа байланысты қай кезде не істеу керектігінің шебері болды, жауға қашан шабуыл жасау керек, қай кезде атысу, қай кезде садақ ату және т.б. білді. Көптеген жылдар бойы түркілерде соғыс күші алдыңғы қатарда болды. Түркілер жеріне ислам діні келгенде ол ислам дінін жақсы қабылдады, солай олар ислам мәдениетінің едәуір бөлігі болды. Қазіргі күні 150 млн түркі бар, жер көлемі 12 млн шаршы шақырым, оған қоса Балқаннан Тынық мұхитына дейінгі, ал Солтүстік мұзды мұхиттан Тибетке дейінгі жерлерді алып жатыр. Көптеген ислам философтары осы территорияда өмірге келген». 
Түркі мәдениетінде «хошгорю» («төзімділік») болмыстың басты элементі болып табылады, адам мәдениетінің кілті іспеттес. Қашқарияда түркі мұсылмандылығының ең басты сипаттамасы, басқа адамның қателігіне көз жұма қарау, басқа адамдардың айтқан сөзін құлақ салып тыңдау, басқа адаммен сөзі келіспей қалса, түсіністікпен қарау, исламға кірмеймін деп оны өзіне жолатпаса да адамға түсіністікпен қарап, қарсы сөз айтпау, олар тым артық кетіп жатса да, ашуға баспай, керісінше, жұмсақ, сабырлы болып жай сөйлеу керек, яғни «кальб-и леин» («жылы лебіз»), «хал-и леин» («жылы шырай»), «тавр-и леин» («жылы қатынас») болу керек. Мұны сопылық ілімі де көрсетеді, ол адамды тыныштыққа, сыпайылыққа шақырады. Ислам дініндегі сопылықты Орта мен Кіші Азиядағы, Мәуләна Джәләледдин ар-Руми, Жүніс Эмре немесе Ахмет Яссауи негіздеді. Сопылық ілімінің мақсаты – сабырлық және бүкіл тірі жанға деген сыйластық, ең бастысы, адам өзінің кемшілігін көре алуы керек, басқалардың дұрыс қылықтарын мысал етуі қажет. Ислам діні ішіндегі сопылық түркі тілділерге қатты әсер етті, ислам дінінің таралуына Орта және Кіші Азияда сопылар мол ықпал жасады. 
«Ислам өркениеті» атты түркілердің басынан өткен бұл иірімге түгел түркілер, соның ішінде Орталық Азия түркілері өлшеусіз үлес қосып отырды. Біз жоғарыда сондай тұлғалардың бірнешеуін ғана келтірдік. Ал олардың негізгі тізімі тоқтаусыз жалғасып кете береді. Зерттеу жұмысында қазіргі Қазақстан аумағында дүниеге келген ғұламаларды келтірдік. Ал Қашқаридің жөні бөлек. 
Кіріспеде айтқанымыздай, «Ислам өркениеті» иірімі түркілердің өміріне қандай үлес қосса, түркілер де (қазақтар) бұл иірімді ерекше ықыласпен қабыл етті. Бұл иірім біздің тағдырлы тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалды. 

Қанат АЛТЫНБЕК,  

Ұлттық кітапхананың «Көрмелер және мәдени бағдарламалар» бөлімінің қызметкері

Пайдаланған әдебиеттер:
1.Алтаев Ж., Фролов А. Ислам философиясы. – Алматы: Қазақ университеті, 2014. – 504 б. 
2.Алтаев Ж., Қазиева Ж., Алтынбек Қ. Әл-Фараби – Ислам философиясының бастауы. Монография. – Алматы: «Дарын», 2023. – 332 б.
3.Алтаев Ж., Аманжол Қ. Қазақ философиясы. – Алматы: «Қазақ университеті», 2017. – 220 б.
4.Қожаев М. Отырардағы керамика өндірісі. – Түркістан: «Мұра», 1996. – 159 б.
5.Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан XIII-XVIII ғасырлардың алғашқы ширегінде. 2-кітап / Т.О. Омарбеков., Б.Б. Кәрібаев., Н.Д. Нұртазина., М.С. Ноғайбаева [және т.б.].– Алматы: «Қазақ университеті», 2016. – 306 б.
6.Жарияланбаған құжаттар: Ватикан құпия мұрағатынан, Франция сыртқы істер министрлігі елшілігі мұрағатынан // Есмағамбетов К.Л., Шаймарданов З.Д. – Алматы: «Өнер», 2011. – 480 б. 
7.Уәлиханов Ш. Көп томдық шығармалар жинағы – Алматы: «Толағай групп», 2010. Т. IV. – 496 б.
8.Байцов М., Шүкіров Р. Орта ғасырлар. – Алматы: «Рауан». 1998. – 384 б.
9.Түркі өркениеті және Тәуелсіз Қазақстан. Абдукамалова Э.С. / Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған халықаралық конф-я материалдары. І (А – И). – Астана, 2011. – 482 б.
10.Бартольд В.В. Сочинения в 9 томах. – Т. ІІІ. Работы по исторической географии. – М.: «Наука», 1965. – 711 с. 

4604 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз