• Ел мұраты
  • 26 Ақпан, 2024

Ұлыстың ұлы күніне дайындығымыз қалай?

Наурыз – халқымыздың ежелден келе жатқан ұлы мерекесі. ЮНЕСКО-ның Адамзаттың рухани мәдени мұралар тізіміне енген бұл мейрам мемлекеттік мереке ретінде тойланады. Әйтсе де фольклорлық-этнографиялық сипаттағы сахналық қойылым түрінде атап өту Наурыздың түпкі мән-мағынасын, қадір-қасиетін жеткізе алмайды деген пікірлер бар. Осы орайда мерекенің өзіне тән тарихи-мәдени атрибуттарын қалпына келтіріп, бүкіл жұртшылық асыға күтетін жалпы халықтық мереке дәрежесіне жеткізу өзектіленіп отыр. «Ақиқат» журналының  «Келелі кеңесінде» Президенттің «төл мерекеміздің мазмұнын байытып, барынша ерекшелеп, жаңаша атап өту» идеясы кеңінен талқыланды. Басқосуға  Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабай, этнограф-жазушы Байахмет Жұмабайұлы, ұлттанушы Саяхат Әсімхан, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Нұрсәуле Рсалиева, режиссер-хореограф Медет Ағабылов қатысып, мерекенің мән-маңызын арттыру жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды. Жиынды журналдың бас редакторы Дәуіржан Төлебаев жүргізіп отырды. 
 

 Дәуіржан Төлебаев: 
Мемлекет басшысы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Наурызды жаңару мен жаңғырудың символы деп атап өтті.  «Төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін» деген ой айтты. Президент осындай идеяны неліктен ұсынды деп ойлайсыздар? Осы жөнінде ортаға салар ой-пікірлеріңіз қандай? Ахмет Уалханұлы, өзіңізден бастасақ. 
Ахмет Тоқтабай: Наурыз деген қазақтың жалғыз мейрамы. М.Дулатұлы айтпақшы, «Орыста мейрам көп, қазақта айран көп». Бұл мейрамды мен біраз зерттедім. Жалпы, Наурыз деген тұтас бір ғылым екен. Екі мың бес жүз жылдық тарихы бар, мұндай мейрам әлемде жоқ. Заратуштра пайғамбардан және оның канондарынан бастап, кешегі өткен Әлихан, Мағжан, Сәбит Дөнентаев сынды тұлғаларға дейін қыруар мәлімет жиналған. Шығыстың ғұламалары, айталық, Фирдоуси, Низами, Тебризи, Әлішер Науаи және олардан кейінгі біздің Абай да осы мейрам жайында жазып кеткен. Абайдан кейін оны жазуға көп еңбек сіңірген – Шәкәрім қажы. Одан кейінгілер – Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев және басқалар. Осы мейрамнан біз 1926 жылдан 1988 жылға дейін қызыл империяның кесірінен ажырап қалдық. Оған діни мейрам деген жала жабылды. Наурыз – діни мейрам емес, табиғат пен адамзаттың байланыс­ынан туған мейрам. Сондықтан аталған мейрам туралы Президенттің сөз қозғайтындай жөні бар. 
Шетел философтары «Ұлттық мейрамдар – ұлттық идеяның бір көрінісі» деп жазады. Сондықтан Наурызды насихаттау арқылы Алаш арыстары халықты бостандыққа үндеген. Ол кездегі ескі күнтізбемен Наурыздың тоғызыншы күнінен бастап сегіз күн бойы тойланады екен. Тоғызыншы күні газет беттерінде Әлихан да, Міржақып та халықты құттықтап, тілектерін жазып отырған. Мұндағы ойдың астарында осы Наурыз мейрамын қазақты екі жүз жыл бойғы орыс империясының отаршылдығынан алып шығатын ұлттық жаңарудың, ұлт-азаттық қозғалыстың идеясы мен көрінісі ретінде таныту жатыр. 
1988 жылдан бастап Наурыз мейрамымен халық қайта қауышты. Алғашқыда Наурыз Қазақстанның әр жерінде әртүрлі уақытта тойланды. Бұл жеріміздің кеңдігіне, жыл мезгілдерінің біркелкі келмеуіне байланысты. Бірақ ескеретін бір жағдай бар. Тәуке ханның тұсында біз Алтайдан бастап Еділ-Жайыққа дейін, мына жағы Құлынды даласынан Ташкентке дейін созылған алып мемлекет болдық. Сондықтан, әрине, үлкен мемлекет болғандықтан, көктемнің шығу мезгіліне қарай әртүрлі тойланып келді. Ал қазір бір уақытта, 21-інен 22-сіне қарай күн мен түн теңелген кезде еліміздің барлық жерінде бірдей тойлануы керек.  
Наурыздағы ең басты символ – тазалық мәселесі. Біріншіден, адам рухани тазалануы керек. Біреуге деген өкпе-реніш, кектен арылу керек. Екіншіден, тазалықты үйден, қора-қопсыдан бастау керек. Біз бұған дейін Жаңа жылға, Христостың туған күніне қалай дайындалып келдік, Наурызға одан артық дайындалуымыз керек. Өзге Шығыс елдерінде, мәселен Тәжікстан, Өзбекстанда күнтізбелік Жаңа жыл тойланудан қалған. Біз де солай өз мерекеміз Наурызды асқақтатуымыз керек. 
Байахмет Жұмабайұлы: Президенттің аталған мейрамға бұлай мән беруінің мақсаты – ұлттық құндылықты қалпына келтіру. Жаңа, Ахаң айтқандай, Қызыл империя кезінде Наурыз мейрамының өңін өзгертіп алдық. Сондықтан байырғы дәстүрлі Наурызды қалпына келтірсек, атам заманнан еңбекқор халықтың ежелгі дәстүрін жаңартамыз.  
Наурыздың алғашқы күндерінен-ақ бүтін әлемде жаңғыру мен жаңару жүреді. Әсіресе, адамның өн бойында өзгерістер болады. Табиғатпен етене тіршілік кешкен қазақ халқының Наурыз мейрамында тал егу, бастаудың көзін ашу, балаларға дәстүрді дәріптеу және тағы басқа 30 түрлі ерекшелік бар. Міне, осындай ұлттық құндылықты қалыпқа келтіру арқылы ұлттық мәдениетті көтеру ісі мемлекет басшысы тарапынан қолға алынуы бізді қатты қуантып отыр. 
Дәуіржан Төлебаев: Нұрсәуле Мақсұтқызы, сіздің наурызға қатысты шетелдік деректерден мол хабарыңыз бар екенін жақсы білеміз. Наурыз туралы олардың зерттеулерінде не айтылды екен?   
Нұрсәуле Рсалиева: Мен ағылшын тілі маманы ретінде шет тілдерінде Наурыз мейрамы туралы деректерді іздестірдім. Сонда ВВС арнасының өзі біршама мағлұмат берген екен. Ғалымдар негізінде бұл мейрамның түп бастауын таба алмайды, екі мың жыл бұрын тойланған дейміз. Десе де, мен қараған зерттеулерде үш миллениумды айтады. Яғни Наурыз үш мың жылдан бері және оған дейінгі кезеңде, зороастризм кезінде де болған деген зерттеулер бар. Адамзат баласы жаратылғаннан бері, жер бетінде өмір сүріп жатқан кезеңнен бастап Алла Тағаланың өзі күн мен түнді теңестіріп, табиғатпен байланыстырып қойған. Күн мен түннің теңесуі жылына екі рет болады: бірі көктемде, екіншісі қыркүйекте. Осы көктемдегі теңесуі қыстың қыспағынан аман шығып, жаңа жылға, жаңа өмірге шүкіршілік айтудан басталатын мейрам екен. Көп деректерде осы тұрғыда мәліметтер бар. Осыған байланысты «Неге қыркүйектегі теңесуді тойламай, көктемгі күн мен түннің теңесуін тойлатамыз?» деген сұрақ туады. Оның себебі – қыстан аман шығу, жаңа өмірге талпыну. 
Ғалымдардың зерттеуінше, шамамен үш жүз миллионға жуық халық Нау­рыз мейрамын тойлайды. «Наурыз» парсы сөзінен шыққан, «жаңа күн» деген мағына деп айтамыз ғой, зерттеушілердің көпшілігі осы деректі растайды. Осылайша «жаңа күн» деген мәнге ие бұл мейрам әр жерде әртүрлі нұсқада тойланады. Оның ішінде Таяу Шығыс, Балқан және Орталық Азия және басқа елдер бар. Тіпті Мексикада да күн мен түннің теңелуі өз дәстүрлеріне сай тойланады. 
Дина Тазабекқызы: Наурыз туралы ағылшын тіліндегі деректерді нақтылай кетсеңіз. 
Нұрсәуле Рсалиева: Ағылшынның Фаляхи деген зерттеуші ғалымы бар. Иранда туып-өскен, бала кезінде Америкаға көшіп кеткен. Есейген соң Наурыз мейрамын қызығып зерттеген. Соның ішінде әр елдің салт-дәстүрін, мейрамға дайындайтын астарын, қандай ырымдары бар екенін зерттеген. Сүмәлак деген өнген бидайдан (көкөніс қосып) жасайтын тағам бар, оның мәнісі келесі жылға аман жетейік, ұрпақтан ұрпақ өрбісін, ары қарай тіршілік дамысын дегені. Ауғанстан, Пәкістан деген елдерде боялған жұмыртқа дайындайды екен. Қазақстан туралы мәліметте Нау­рыз мейрамы осы айдан басталады деп жазыпты. Тойлау емес, тазалану процесі жүреді делінген және қазақ халқы бұл мейрамға ерекше мән береді деген пікір де бар. Бұл айда туған нәрестеге «Нау­рыз» деген есім береді деп жазыпты. Шетелдік зерттеулерде біздің аста-төк дастарқанымыз, алтыбақан, көкпар, асық ойнау және ұлттық киім секілді барлық құндылықтарымыз айтылған. 
Байахмет Жұмабайұлы: Шетел­діктердің пікіріне қызығамыз, бірақ біз әлі өзімізді-өзіміз зерттей алмай жатырмыз. «Наурыз» сөзін парсыдан келген «жаңа күн», «жаңа жыл» деп айтып жүрміз.  Қазақ аспандағы бір жұлдызды «Нау­рыз жұлдыз» дейді. Неге? Өзімізде бар құндылықты өзгеден іздейміз. Түбінде оның бәрі қазақта бар болып шығады. Үш мың жылдық тарихты ақтаратын болсақ, ауыз әдебиетінде де, басқасында да Нау­рыз бар. 
Ахмет Тоқтабай: Бұрын қазақтың төл мәдениетінде бұл мейрам «Ұлыстың ұлы күні» аталған. «Наурыз» деген сөзді қазақ XVII ғасырға дейін білмеген. Кейіннен жоңғардан шегініп, Орта Азияға көшкен. «Наурыз» деген тәжіктерде «жаңа күн» дегенді білдіреді ғой. Парсыдан шыққан термин екені рас, «жаңа күн» мағынасын білдіретін олардың мейрамдарымен біздегі Ұлыстың ұлы күні қатар келген. Кейіннен жоңғардан босатқан жерге қазақтар қайта оралғаннан кейін сол ұғымды ала келді. Осыдан кейін «Ұлыстың ұлы күні – Нау­рыз» деп атаған. Осылай екі атауды қосарлап айтып жүрміз. 
Ал мен мақалаларымда қазақтың төл мәдениетінде аталғандай «Ұлыстың ұлы күні» деп айтамын. Орысша айтқанда, Ұлыстың ұлы күні – «Великий день державы» деген мағына береді.  
 Байахмет Жұмабайұлы: «Қыз Жібек» дастанында, одан кейінгі Ноғайлы заманындағы, яғни XVII ғасырдан бұрынғы фольклорда Наурыз бар. Жаңаруды біз жаңа киім киіп, жаңа нәрселерге бейімделу деп түсінбеуіміз керек. Наурыз жұлдызын таңертең күн шыққаннан кейін барлығы тамашалайды. Ол жарқырап көрінгенде халық оған маңдайын төсеген. Ол жұлдыз адамға рух беріп, өмірін жаңартады, ол жұлдызда ерекше шуақ бар. Ал енді мифологиямен байланыстырар болсақ, аспанда жеті көл бар. Сол көлдің бәрінде періштелер апарған құты бар. Біздің көжеге жеті дән қосуымыздың себебі осы жеті көлмен байланысты нәрсе, ол – үлкен тарих. Қытайда жүргенімде Наурыз туралы жеті мақала жаздым. Наурыздың бір күніндегі отыз дағдыны біз әлі іске асыра алмай келеміз. Бір күнде отыз дағды бар. Жаңағы аспандағы жеті көлдің қасиетін дарытамыз деп адамдар тағамға жеті түрлі дән қосады. Ол дәндерді таңдап-талғамай, қолында барын қосқан. Бірақ бидай, тары сияқты дақылдар мен ағарған міндетті түрде болуы қажет. Ал қалған дәнді, етті әркім өзінше қосады. Біреулер соғымнан қалған шеке десе, енді біреулер кәрі жілік қосады дейді, оның бәрі өз таңдауы. Ас-тағамның әрқайсының мәні бар. Біз үшін ең басты дүние – өзіміздің құндылығымызды өзіміздің келесі ұрпағымызға жеткізу. 
Дәуіржан Төлебаев: Ахмет Уалханұлы, сіз бір еңбегіңізде қазақтың қасиетті қазаны жайында айтып едіңіз?  «Қазан» ұғымы туралы кеңірек тоқталып өтсеңіз.    
Ахмет Тоқтабай: Наурыз мейра­мының көптеген атрибуты, белгілері, әдет-ғұрпы халықтың танымында, тұрмыс-тіршілігінде қалған. Мәселен, біз­дегі жеті қазынаның бірі – қазан. Қазақ ертегілерінде алтын қазанды іздеу бар. Қазанды ең алғаш Еуропаға апарған ғұндар. Көрнекті жазушы Оралхан Бөкейдің шығармасындағы бір ауылда қазан бар, 100 литрлік. Сол қазанды қытайға қашқан жұрт кетерде құмырсқаның илеуіне көміп кетіпті, кейін хабар жіберіпті, «бұл қазан ауылдың құты еді, қазып алып пайдаланыңдар» деп. Ол қазан әлі бар. Сосын мына оңтүстік жақта қазірге дейін әр ауылдың өз тайқазаны болады, әр үй наурыз көжеге өз дәмін қосады, бәрі ауыз тиеді. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару» деген осы. Мысалы, өзбектердегі махалла деген қазірге дейін жас ұрпақтың тәрбиесіне керемет ықпал етіп отыр. 
Әр ауылда үлкен қазан жасату қиын емес. Оралхан Бөкей ауылындағыдай 100 литрлік қазан жасасақ, көжеден бүкіл адам дәм татады. Ауылдың береке-бірлігі артады. Ол бір, екіншіден, жастар тәрбиесі. Осы отыз жылда біз әбден рухани тоздық, неше түрлі идеология кіріп кетті. Қазақтардың ең бастапқы негізі – ауыл. Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Бір қазаннан көже ішуді қайтадан қалпына келтіру керек. 
Дәуіржан Төлебаев: Медет мырза, өзіңізге бір сауал қойсам. Сіз Наурыз сияқты ұлттық мерекелерді алаңдарда өткізіп жүрген режиссер мамансыз. Бүгінгі Наурыздың мерекелену барысы  туралы не айтар едіңіз? 
Медет Ағабылов: Үлкен қалалардағы Наурыз мерекесі әнші-жұлдыздар ән айтып, ел билеп қайтатын концертке айналғаны өтірік емес. Тәрбиелік жұмыстар аз. Салт-дәстүр көрсетіп кете беретін әшекей ғана. Ұмай ана шығып аластайды, сонымен іс-шара аяқталады. Би ансамбльдері келеді, биінің мағынасы жоқ. Қазақтың биі дейді, бірақ түп-тамыры болмай тұр. Мені алаңдататын жайт осы. Меніңше, Наурыздың ең жақсы идеясы – мейірім мен кешірім. Ренжіскен адамдар төс қағыстырып құшақтасып, бір-бірінен кешірім сұрайды. Жастар соны көріп ой түйеді. «Мен анама хабарласайын, әкеме хабарласайын», – деп, тәлім алады. Сондай әсер қалдыратын қойылымдар жасау керек деп санаймын. 
Дәуіржан Төлебаев: Ендеше осы төл мерекемізді қалай байытуға болады? Осы мәселе жөнінде пікіріңіз қандай?  
Саяхат Әсімхан: Жалпы бұл өзі таби­ғатпен байланысты дүние ғой. Табиғаттың жаңаруы, қыс­тың кетіп, көктемнің келуі. Біз шаруа­шылыққа,табиғатқа бейімделген халықпыз. Жер-аяғы кеңіп, малдың аяғы ұзарып, жас төлдер өмірге келеді. Қазақта сөз бар, «Астың қадірлісі де, қадірсізі де айран». Қыста азайғанда қадірлі болады, жазда көбейгенде қадірсіз болып қалады. Сол айранның ашығанын көп көжеге қосады. Бұл адамның денсаулығына пайдалы дүние. 
Наурыздың атауына келсек, Ұлыстың ұлы күні деп алсақ дұрыс болады. Басқа біреудің қалпынан шығармай, өзіміздің қалыптан шығарып алуымыз керек қой. Ұлыстың ұлы күні деп атауын дұрыстап алсақ, ұлыстың ұлы күніндегі наурызкөжені көп көже дейміз. 
Көктем – жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін кезі. «Ұзынсары келді» деп көктемде күннің ұзарған кезінде құймышақ асып жатады. «Астың берекесі» деп кәрі жілікті салып қояды. «Еске алсаң ескіден сал» дейді. Осындай ұмытыла бастаған дәстүрлермен байыта түсу керек. 
Наурыздың рухани мәні жоғары. Қыстай қатынастың қиындығынан, қалың қардан араласпай қалған, не болмаса күзгі көші-қонда ренжісіп қалған болса, Ұлыстың ұлы күнінде бірін-бірі құшақтаса көріседі. «Үш күнге дейін кек сақтама» деген сөз бар. Батыс аймағымызда Көрісу күні деп жатады. Наурыздан бірер апта бұрын көктемнің алғашқы белгілері пайда болады. Құстардың сайраған дауыстары шығады. Аспандағы бұлт сөгіліп, көкжиектің шеті көріне бастайды. Әр өңірге наурыз әр түрлі келеді. Солтүстік жақта әлі тоң жібімесе, Жетісай жақта көктем шыға бастайды. Алғашқы белгі – бәйшешектер шығып жатыр. Сондықтан Наурызды өзіміздің ыңғайымызға қарай түрлендіруге болады. Қазір енді ел ішінде қатынас дамыған кез, бір уақытқа келісіп ұйымдастырған жөн. 
 Наурызды, Медет бауырым айтып кеткендей, өнер топтарының концертіне емес, бүкілхалықтық сипаттағы тойға айналдыру керек. Әр отбасы «Наурыз келе жатыр!» деп қуануы керек. 
Дина Тазабекқызы: Наурыз туралы айтқан кезде оның ешқандай дін араласпаған мейрам екеніне баса мән беріледі. Қазір енді түрлі діни ағымдар шықты, кейбірі өз қатарына жастарды тартып жатыр. Енді осы өскелең ұрпақтың қазақи болмысын сақтауға Наурызды қалай пайдалана аламыз? 
Ахмет Тоқтабай: Наурыз барлық мейрамнан да көне, ескіден келе жатқан үрдіс. Кемінде екі жарым мың жылдық тарихы бар. Сонау антикалық заманда хатқа түскен. Мысалы, Рим тарихшысы Климт Курсий Руд деген жазады, Александр Македонский Орта Азияны жаулап алған кезде, Самарқанда жұрттың нау­рызды қарсы алатынына куә болыпты. Сонда үлкен алаң, таң атқанда шығыс жақтан 365 адам, батыс жақтан 365 адам бір-біріне қарсы жүрді дейді. Осылай күн мен түннің теңескенін білдіріп, бір-бірімен құшақтасып көрісіпті. Ары қарай ойын-той басталады. Енді осыны біздің қалаларда да жасауға болады ғой. Үлкен алаңдар, стадиондар бар. Сондықтан да Наурыздың канондарын, әдет-ғұрыптарын іздесе тарихи деректерден де, ел арасынан да табылады. 
Дина Тазабекқызы: Ахмет ағамыз Наурыздың каноны деп атап өтті, Байахмет ағамыз бір күнде атқарылатын 30 күндік дағды бар деп отыр. Соның барлығын жинақтап, этнографтар, тарихшы, ғалымдар республика деңгейінде негізге алатын қағида ретінде бір құжат жасау керек сияқты. 
Ахмет Тоқтабай: Тағы да ескертетін бір жайт. Наурызда біз Қыдыр атаның бейнесін алып жүрміз. Қыдыр атаға сақал тағып, Аяз ата сияқты дорба арқалатып сыйлық таратқызады. Олай емес, Қыдыр ата – ол мифологиялық бейне. Ол ешкімге көрінбейді, бірен-саранға болмаса. Нау­рызда 40 үйге кіріп, амандасу, дәм тату деген бар. «Қырықтың бірі – Қыдыр» дейді. Амандасқанда Қыдырдың бас бармағы былқылдап тұрады, сүйек жоқ дейді. Ендеше, Қыдыр ақсақалды ата болып  кәмпит таратып жүрсе, оның Аяз ата мен Санта Клаустан еш айырмасы жоқ. Аяз ата, Санта деген ойдан шығарылған герой, 130-ақ жыл болды ойлап тапқандарына. Ағылшынның да, славянның да геройы емес, жасанды образ. Ал Қыдыр ата екі мың жылдан бері бар дүние. Аңыз-әңгімелерімізде жиі кездеседі. 
 Бірде Алтайда тұратын бір қазақтың үйіне бардым. Шалғайдағы малды ауыл, аралас-құралас адам сирек. Ақсақалмен әңгімелесіп екі күн жаттым. Кетерімде маған сый-құрметін көрсетіп, «Сен менің Қыдырымсың» деді. Сондықтан да Қыдыр ата деген мифологиялық кейіпкерді заттандырып, Аяз атаға ұқсатуға түбегейлі қарсымын! Бұл Наурызды профанация жасау деп есептеймін. 
Байахмет Жұмабайұлы: Қазақта Қызыр деп те, Қыдыр деп те айтады. Мұндағы бастысы, ол құт-береке, игілік, ырыс әкеледі деген сенім. «Қыдыр дарып, құт әкелсін!» дейді халқымыз. Наурызда қылаулап қар жауады, оны құс қанаты, ырыс деп есептейді. Алтынкүрекке уақыт болды деп жатады. Қар жұқа түссе жыл жаңбырлы болады деп ырымдайды. Осының бәрі тегін емес. Наурыздың қарсаңында бәйшешек гүл жарады. Алғаш бәйшешекті көрген адам қатты қуанып, бақытты боламын деп ырымдайды. Мал төлдейді, үйге ырыс келеді. Мұның барлығының астарында көптеген ұғым жатыр. Сол күні төлдеген төлді дүбіраяқ дейді. Малшының малының құты сол болады. Оны союға қимай, ырысым кетіп қалады дейді. Кейбір жерлерде жылқышы торғай немесе Наурызек сияқты жыл құсы келеді. Міне, Наурыз осындай үлкен өзгерістермен келеді. Табиғат та, адам да, жан-жануар да ерекше шаттыққа бөленетін кез. Тарихта наурызды үш дүркінге бөліп өткізген, негізі. 
Медет Ағабылов: Тағы бір салтты айта кетейін, Наурыз мейрамында таңды қарсы алуға дайындалып, тайдың үстіне қуыршақ мінгізіп, оны көшеге жібере салып, иттер үріп, ауылды ұйқысынан оятады екен. Тағы бір мәселе, қазіргі заманда балалар Жаңа жылда әртүрлі ертегі-аңыз, фильм кейіпкерлерінің киімін киеді, «Өрмекші адам» деген сияқты. Ол біздің бала кезімізде де болды, біз Қасқыр, Қоян болып киінуші едік. Біздің Наурызда да біреулер жыл атауына сәйкес сиыр, жылқы немесе Алдар көсе секілді ертегі кейіпкерінің бейнесін алады екен. Осындай мәліметтер «Қош келдің, Наурыз» деген жинақта жазылған. Осыны қайтадан қолданысқа енгізсек нұр үстіне нұр. 
Дәуіржан Төлебаев: Наурызға қатысты ұмыт қалған тағы да қандай дәстүрлер бар еді? Соларды бір еске түсіріп көрсек. 
Байахмет Жұмабайұлы: Ахмет ағамыз айтып өткендей, қызыл империя Наурыз мейрамын салт-санамыздан жойды. Оның ішінде көптеген әдет-ғұрпымыз ұмыт қалды. Ертеде Наурыз кезінде қыздар жігіттерге шеті шілтерленген шыт береді. Немесе жігіт насыбай тартатын болса жаңағы шыттың бетін кестелеп, дорба тігіп береді. Ол Наурыз өрнегі деп аталады. 
«Селтеткізер» деген тағам бар. Уыз бен соғымнан қалған етті араластырып, қыздар өздері ұнатқан жігіттерге дайындап берген. «Селтеткізердің» мәніне үңілсек, соңы үлкен махаббатқа ұласады. Біз өзімізді-өзіміз зерттей алмай отырмыз деуіміз де осыдан. Осылай келер ұрпаққа жақсы дәріптеп, дағдыланып келе жатыр едік, аяқ астынан біреулер сақалы бар Қыдыр атаны алаңға шығарып, мейрамның мәнін өзгертіп жіберді.
Дина Тазабекқызы: «Селтеткізер» сіз айтқан 30 дағдының ішіне кіре ме?
Байахмет Жұмабайұлы: Иә, кіреді. 
Ахмет Тоқтабай: ХХ ғасырда Нау­рызды ұлттық дәрежеде соңғы рет Мәшһүр-Жүсіп Көпеев тұсында атап өткен. Ол уақытта сегіз күн бойы тойлайды екен. Қазақтың күнтізбесі бойынша тоғызыншы күні кіреді деп есептеген. Сонда қантты суға салып, жиналған жұрттың бәрі көңіліміз де, ойымыз да тәтті болсын деп судан дәм татқан. Атырау маңындағы «Сарайшық» қаласына экспедиция кезінде «Секеркөл» деген жердің орнын көрдік. Әз-Жәнібек Наурыз кезінде сол көлге шекер төктіруші еді дейді. Одан кейін көлге аққулар келген, адамдар да дәмін татқан деген мәліметтер бар. Осы дүниені театр сахнасына шығарып, қайта қалпына келтіруге болады. 
Мәшһүр-Жүсіп: «Қазақта Үйсін Төле бидің заманында Наурыздың қадір-қасиеті барлық ойын, барлық думандардан биік болған» дейді. Төле бидің Наурыз өткізген жері бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бостандық ауданында. Ол аудан Хрущев кезеңінде 1956 жылы 24 ақпанда Өзбекстанға беріліп кетті. Сол жерде 800 жыл жасаған үлкен шынар ағашы бар. Соның түбінде Төле би Наурызтой бастаған. Табиғат аясында Наурызды тойлау сондай қасиетті ағаш түбінен бас­талды дейді. Ондай ағаштар қазір де бар. Мысалы, Жаркенттегі Әулиеағаш. 
 Байахмет Жұмабайұлы: Біз Нау­рызда ағаш егеміз. Оның тамыры өте тереңде жатыр. Орхон бойындағы қазбалардан тастан жасалған ағаш бейнесі табылды. Оны Ғұмырағаш деп атайды. Ағаш – тіршіліктің бастауы. Қоршаған ортаның көгеруі де, адамдардың ғұмыры да ағаш арқылы бейнеленеді. Ғұндар мен сақтардың кезеңінде көлге тастан ағаш жасап көмген. Ахаң айтып отырған кәрі шынар түбінде мейрамды тойлату осыдан басталған.  
Ал Наурыз таңын күтіп алу, тайыншаны үркіту деген кейбір өңірде жоқ. Әр өңірдің тойлауы әртүрлі. Баланың тұсауын кескен кезде итке салпыншақ тағып қудырады. Ол бір басқа.  
Саяхат бауырым айтпақшы, Наурыз жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің ұзарған кезі. Бұл – арықшылық кез. Бұл уақытта тай-құлынға немесе малға көп күш салмайды. Көктем ерте басталатын жерлер болмаса. Сондықтан бұл әртүрлі ортаға байланысты мәселе. 
Ахмет Тоқтабай: Ресей империясы 1904-1905 жылдары қазақ даласында санитарлық зерттеу жүргізген. Біз қазақта диета жоқ, қысы-жазы ет жей берген дейміз ғой. Бірақ бұл қате. Наурызда қызылдан аққа – ет тағамнан ақ тағамға көшкен. Көшпендінің қыс бойы ет жеп нығайған асқазаны дем алады. Бұл Нау­рыз мейрамының денсаулыққа пайдасы, практикалық жағы. 
Дәуіржан Төлебаев: Саяхат Әсімханұлы, сіз қазақ тағамдары жайында біршама жақсы білесіз. Айтар дерегіңіз де мол. Жалпы, көктем мезгілінде, Наурызда қалай тамақтанғанымыз дұрыс?          
Саяхат Әсімхан: Татардың бір ғалымы қазақтың қыстаудағы тіршілігін көріп, «мына халықтан ұрпақ қалмайды» деген ой түйіпті. Жазда жайлауға барса сол халық атқа мініп шауып жүр дейді. Сонда татар ғалымы қысқы-жазғы тағам түрлерін көріп, «бұл халық қыстай у жеп, жаздай өзін дауалайды екен» депті. 
Оған қоса, біздің түркі дәуірінен бері келе жатқан медицинамыз бар. Тобылғы бүрлеген кезде адамның қаны тасиды деп, жаңалап тұрады. Наурыз кезіндегі бір ай бойы сүт тағамдарын ішу бауырды тазалайды. Бүкіл ағзаны тазартады. Наурыз осындай ақтан басталады. Ет тағам мен сүт тамақтың біреуі шоқ болса, екіншісі соны сөндіреді. Бірін-бірі толықтырып тұрады. Осылайша адамның бауырын сақтайды. Қазақтың асы – ем, қуат, кәдімгі энергия.
Ахмет Тоқтабай: ХІХ ғасырдың ортасында орыс ғалымдары қазақты көп зерттеген. Мына Орынбор жақта «Здоровый как киргизь» деген сөз бар. Ол кездері бізді де қырғыз деген ғой. Яғни, қазақтың денсаулығындай мықты деп айтқан. Оның бәрі біздің таза ауа, таза тағаммен байланысып жатыр. Бүгінде біз ұлттық тағамдарымыздан айырылып қалдық. Наурыздың бір ерекшелігі – қызылдан аққа көшу, ақ тағамды мейлінше көп тұтыну.  
Нұрсәуле Рсалиева: Сүт тағамдары бауырды тазалайды деп айтып жатырсыздар ғой. Негізінде, Наурыз – бірге туған бауыр бауырын кешіретін мейірімнің, бауырмашылықтың мейрамы. Көрісу күнінен басталады ғой, осы тұста әлдебір ассоциация, байланыс бар сияқты. Медицинада адамның дене мүшелерінің ішінен тек бауыр ғана алмастырылмайды. Бауыр – ең қымбат ағза. Дәл солайша бір анадан туған бауырыңның орнын басқа ешкім баса алмайды ғой. 
Дина Тазабекқызы: Этнограф Серік Ерғали ағамыз соңғы жылдары 14 наурыздан 24 наурызға дейін он күн бойы Наурызды мерекелеудің бағдарламасын жасап берді, кейбір өңірлерде осы бастама бойынша мейрам тойланып жатыр. Осыған көзқарасыңыз қалай? 
Ахмет Тоқтабай: 1079 жылы Мәлік шаһ Иран мен Тұран ғалымдарын жинап, басшысы ретінде Омар Хайямды сайлайды. Сөйтіп олар Наурыз мейрамының күнтізбесі, оны қай уақытта тойлау керектігі жайында, салық жинап, диқаншылықты бастайтын уақытты белгілеу үшін бас қосқан. Бұл 1000 жыл бұрын болған. Сонда Омар Хайям наурызды 21-інен 22-сіне қараған түні, яғни күн мен түн теңескен уақытта тойлай бастау керек деген. Содан кейін барлық Шығыс елдерінде мейрам осы ретпен тойланатын болған. Бұл жөнінде Омар Хайямның «Нау­рызнама» деген кітабында баяндалған. Ал жаңағы 14 наурыздан бастау деген көне күнтізбе бойынша Кіші жүз қазақтарында қалыптасқан. Яғни, көрісуден басталады. 
Негізі Наурыз төрт кезеңнен тұрады. 
Ең бірінші – тазалану. Үй-іші, қора-қопсы, көшені тазалау, адамдардың рухани тазалануы, негізі бұны әр адам бірінші орынға қою керек. 
Одан кейін құттықтау, көрісу, бата алу, бата беру. Адамдар таза киімін киіп, бір-бірімен көріседі, жақсы тілектер айтысады. 
Үшінші кезең – мерекелік ас-тағам: наурыз көже, наурызға арнап мал сою. Сосын тағы бір жақсы тағам – жент. 
Төртінші – мейрамдап көшеге шығу, үй-үйді аралау. 
Әрбір мейрамның, үрдістің басталуы және аяқталуы бар, Наурыз осындай төрт кезеңнен тұрады. 
Дина Тазабекқызы: Яғни көшеге шығып, үй аралаумен мейрам мәресіне жетеді дейсіз ғой. 
Ахмет Тоқтабай: Ауыл-аймақ, қалалардың алаңдарында әртүрлі іс-шаралар, ойындар болады ғой. Ал ең негізгісі – бастапқы екі кезең. 
Бұрындары біз наурыз айы қалай басталды, солай көже жасайтын едік. Ал оңтүстік жақ ақпанның аяғынан бас­тап мейрамдайды. Өйткені бұл уақта диқаншылық басталады, өгіздің мүйізіне май жағып, мейрамды тойлай береді. Ал батыс жақ 14 наурыздан бастайды. Мұның бәрі Қазақстандағы аймақтық ерекшеліктен. 
Дина Тазабекқызы: Наурыз мейрамын атап өтуге қатысты сын-пікірлер көптен бері айтылып келеді. Енді биыл Президенттің сөзінен кейін осындай ұсыныстар мен ережелерді жинақтап, ортақ шешім қабылдау, бір мәмілеге келу керек қой. 
Нұрсәуле Рсалиева: Мен бір ұсыныс айтайын. Мемлекет басшысы жаңаша форматта тойлауды ұйымдастырыңдар деген тапсырма берді. Айтып отырған дүниелердің бәрі ескілікте бар, енді қандай жаңалық алып келуге болады? Зерттеулерді қарасақ, бұл мейрамды біз ғана емес, үш жүз миллион халық тойлайды. Бұл кең ауқымдағы менталитет пен мәдениет. Жаңашылдық керек болса, қазіргі жаһанданудың мүмкіндіктерін пайдаланып, өзге елдердің мәдениетімен қарым-қатынас орнатып, бірге тойлайық. Өзге мәдениеттің ерекшеліктерімен танысайық. Сол мәдениеттердің бәрін көшіріп алмасақ та, бір-бірімізбен неге таныспасқа. «Қазақстан мәдениетінің онкүндігі» деген сияқты бағдарламалар неге ұйымдастырмасқа. 
Ахмет Тоқтабай: Бізге шетелге еліктеудің керегі жоқ. Түркі елдерінің өз Наурызы бар. Басқалар бізден алсын, алмасын, өздері біледі. 
Біз мынаны ұмытпауымыз керек: Нау­рызда ештеңені ойдан шығаруға болмайды. Оның өз мазмұны бар. Сондықтан өзімізді, өз құндылығымызды, ұлттық ерекшелігімізді таныта алуымыз керек. Соның ішінде қазан Наурыздың басты атрибутының бірі болуы керек. «Қара қазан, сары бала қамы үшін» деп бекер айтылмаған. Сондықтан, қазан – Наурыздың ең негізгі атрибуты, алтын діңгегі. Ауыл-аймақтағы әр көшенің тайқазанынан бастап, үлкен қалалардың алаңына дейін. 
Енді қалаларда қалай тойлаймыз дегенге келсек. Самарқандта осыдан екі мың жыл бұрын Наурыз тойлағанда 365 күн мен 365 түнді бейнелеп, ойын-сауық жасайды екен. Бұны өзбектер де көрсете алмай жүр. Біз егер де осыны көрсете алсақ, бүкіл дүние жүзінің назарын аудартамыз. Сонау Александр Македонскийдің заманында олар бізге таңғалды емес пе? Сосын мейрамның бір ерекшелігі ұлттық тағамдар болуы керек, әсіресе уыз, құрт-ірімшік, ақ тағамдар мейлінше көп болсын. Алаңдағы театрландырылған сахналарда режисерлар соның бір шешімін ойлап тапса, қызылдың ақ тағамға ауысуын сахналап көрсетсе болады. 
Медет Ағабылов: Бізде бір әдет бар, үлкен іс-шараларға шетелден режиссерлер шақырады, өз мамандарымыз шет қалады. Бұл не, өзгенің қаңсығы бізге таңсық па, мен соны түсінбеймін. Бұндай мейрамда ең бастысы қазіргі жастарға беретін тәрбиелік жағы маңызды. Наурыз отбасынан, көшеден, ауыл-аймақтан бас­талады деп жатсыздар. Алматы, Астана сияқты үлкен қалаларда тұрғын үй кешендері бар, солар жиналып наурызкөже ұйымдастырса, ол да жастарға тәрбие. Әр аула өзінше бас қосып, апалардың, келіндердің наурызкөжені қалай дайындайтынын, ұлттық тағамдарды әзірлеу ерекшелігін көрсетеді, ақсақалдар тарихи әңгіме, шежіре шертсін, жігіттер қазанның бір шетін ұстап, отын жарсын. Балалар аталарының қолына су құйып, батасын алсын. Наурызбен құттықтап, көрісуді үйренсін. Менің ойымша мейрамды жаңғырту деген осы. Кешірімділік, мейірім мен ізгілік дегенді үйренетін жер де осы. Әр ауылдың, әр ауланың өз Нау­рызы болуы керек.
Ахмет Тоқтабай: 
Наурызда қатал қыстың қыспағынан шыққан халық арқа-жарқа болып кездесіп, аунап-қунап қалады. Әр адам қырық үйге кіріп шығуы керек дейді. «Қырықтың бірі қыдыр» деген содан шыққан. Нау­рызда осы дәстүрді насихаттау керек, қазір мынау «уатсап» арқылы аман-саулықты біліп жүре беретін болдық қой. Бұл көршімен, туған-туыспен әлеуметтік қарым-қатынасты жақсартуды білдіреді. Дінімізде де бар, оң жақта қырық үй, сол жақта қырық үйдің көрші хақысын – жағдайын біліп отыру деген. 
Қазақ шежірелерінде мынадай өлең жолдары бар: 
Қазақтан Наурыз, Алаш екі ұл туған,
Наурыздың деп айтады үлкен жасын.
Ұрпақсыз өлген Наурыз жазғытұры,
Келергі көктемде беріпті оның асын.
Қазақтың балалары сонан бері,
Наурызды қойыпты атап жылдың басын. 
Бұл өлең жолдарында Алаш пен Наурыздың бірге туғаны жайында бекер айтылмаған. 
Нұрсәуле Рсалиева: Менің қосарым, біз Қыдыр ата дегеннен бас тартпауымыз керек, ол Аяз атаның көшірмесі деп қабылдау қате. Қыдыр ата өзімізде бұрыннан бар. Батагөй үлкендер Қыдыр ата рөлін атқарса болады. 
Ахмет Тоқтабай: Өйтуге болмайды. Қыдыр ата деген мифологиялық образ. Наурыз түнінде әркім өз Қыдырын күтеді. Біреуге көрінеді, біреуге көрінбейді. Батагөй ақсақал бар ғой, мына кісі де, мен де беремін батаны. Дастарқанның батагөйі болады. Қазаннан шөмішпен ас құйғанда кейуана кемпір береді екен. Ол қазақта ежелден бар, кәрі қазаннан ас беру. Бұл құт, берекені білдіреді. «Құламерген» жырында қазан жайында:
Сөз тыңдап, құлақ сал, балам, маған,
Астында дарияның алтын қазған.
Әкелсең сол қазанды ерлік қылып,
Беремін Күнсұлуды қосып саған, – 
деген шумақтар бар. Бұл қазан – бүкіл қазақты біріктіретін қара қазан, бірліктің, елдіктің белгісі.
Дина Тазабекқызы: Мейрамды ең асыға күтетін жұрт балалар. Наурыз балалардың есінде қалуы үшін, оларға тәлім-тәрбие беру үшін қандай іс-шаралар жүргізілуге тиіс деп санайсыздар? 
Ахмет Тоқтабай: Балаларға арналған тағамдардан бастау керек. Олардың ұлттық асқа деген тәбетін ашу керек. Біздің қазақ бұрын тәтті жемеген. Тәтті нәрсенің бәрі адам ағзасына зиян. Ақ тағамдарының ішінде женттің жөні бөлек, оның неше түрі бар. Соны балаларды қызықтыратындай етіп ұсынған дұрыс. 
Нұрсәуле Рсалиева: Мен ата-ана ретінде сыныптың әлеуметтік желідегі тобында бармын. Бастауыш сыныптың ата-аналары сонау қыркүйектің ортасынан бастап жаңа жылға дайындықты бастайтынын көріп таңғалдым. Балаларға қандай сыйлық аламыз деп төрт ай бұрын алашапқын болады. Біз де Наурызды балалар осылай күтетіндей дүниеге айналдыруға тиіспіз. Балалар күтетін мейрамда оларға лайықты сыйлық жасау қажет. Біздің ең басты мақсатымыз – бала тәрбиелеу. Болашақ соған байланады. 
Дәуіржан Төлебаев: Дұрыс айтып отырсыздар. Жалпы, Наурызға дайындықты тек мереке жақындағанда ғана бастамай, ертерек қамдану, Ұлыстың ұлы күнін барша сән-салтанатымен күту мәселесі кенже қалып келеді. Әз-Наурыз арқылы ұлттық болмысты байытудың жолдары қандай деп ойлайсыз?  
Саяхат Әсімхан: Наурыз санаға сіңіп, тұрмысқа кіріккенде, нағыз ұлттық болмыс-бітім сол кезде қалыптасады. Ол ешқашан жойылмайды.
Қазір әлеуметтік желісіз өмір сүре алмайтын болдық қой. Қарап отырсам, мына интернетте біздің үлкен-кішіміз өзге ұлттардың тамағына сілекейі шұбырып отырады. Содан мен де ұлттық тағамдарды насихаттай бастадым. Нау­рызда наурыз көжеден бүкіл ел ауыз тиюі керек. Үлкен кісілер немересін, әке-шешелер балаларын ертіп келсін, сол жерде сыйлық жасасын. Балалар ұлттық астан ауыз тисін. 
Аласапыран жылдары Нарынқолда болған бір оқиғаны айтайын. Бір ақсақал Қытайға ауар кезде бір қап алтынды көміп, оның үстіне бес жастағы баланың бір қап асығын қоса көміпті. «Мынау алтын, үстінде сенің асығың» деп көміп тастапты. Неге? Балаға алтыннан гөрі асық қымбат қой. Ол асығы қалған жерді өмірбақи ұмытпайды. Расымен де кейін сол жерді ұмытпай, келген дейді. 
Балалар Наурызды есте қаларлықтай етіп тойлауы керек, дәстүр жалғастығы деген сол. Балаларды кейіпкер етіп киіндіріп, соларға қуаныш сыйласақ ол қанына сіңіп кетеді. Бір-бірімен көже ішіп жарыссын. Біз бала кезімізде отыз кесеге дейін ішіп қоятынбыз. «Ой, атасының баласы пәлен кесе ішеді» десе мақтанып тұрып ішеміз. Сол сияқты ұлттық дүниелер жас ұрпақтың қанына сіңеді. 
Дина Тазабекқызы: Сіз жаңа Наурыз өрнегі дедіңіз, оның басқа ою-өрнектен ерекшелігі бар ма? Соны да Наурыздың бір символына айналдыру керек шығар.
Байахмет Жұмабайұлы: Наурыз өрнегінің түрі басқаға ұқсамайды. Жалпы ою-өрнектің әр қайсысының өз тілі бар. Бұл әрбірден кейін қазақтың жазуы, тарихы, бірақ біз әлі күнге дейін түсінбей жүрміз. Ою-өрнек – бұл нота. Оның бәрін жоғалтуға таяп келеміз. Мысалы, қазір жеті қазына десе, біреу сұлу әйелді, жақсы атты айтып, жетіге толтырып жатады. Жеті деген қасиетті сан. Тарихта ғұндар заманында жеті қазан асып, наурыз берген деген дерек бар. Біздің ою-өрнектеріміздің түсі жетіге бөлінеді. Домбыраның пернесі жетеу болады тарихта. Дыбыстың ұлғаюымен ол жиырма төртке кетіп қалды ғой.
Ахмет Тоқтабай: Қазақта жыл иелерінің айтысы бар. Он екі бала әр жылдың атына бөлініп, тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз болып бетперде жасап, әр бала жылан болып ысқырып, ит болып ұлып, сиырша мөңірейді, қойша маңырайды, жылқыша кісінеп, жылдар бір-бірімен айтысатын болған. Жалпы қазақта Өзен айтыс, Тау айтыс, Жыл айтыс деген секілді айтыстар көп болған. Мәселен, Наурыздағы сиыр жылы мен жылқы жылының айтысында сиыр кейпіндегі бала: 
Емшегім – сүт, терім – бұйым, денем – ет,
Сен жылқы, мен тұрғанда адамға шет.
Әрбір үйдің әрдайым мен қасында,
Сен бір безбе, кісендеулі қашанда, – дегенде, жылқы бүркеншігіне жасырынған бала:
Жау келгенде жұртта қалдың сен сасып,
Жақсы болсаң, кетер едің бел асып.
Қымыз барда сүт қазаққа тамақ па?
Сенің құның татымайды жармаққа, – деп кісінеген болады.
Осылай балалардың арасында айтыс өткізу керек. Біреуі сиыр, енді біреуі жылқы, доңыз, ұлу болады дегендей. 
Байахмет Жұмабайұлы: Мен «Қазақ балаларының ойыны» деген жүз елу ойынды кітап етіп шығардым, осының бәрі ішінде бар.
Дина Тазабекқызы: Осындай тақырыптарда кітап шығарып қана қоймай, оларды балабақша, мектеп бағдарламасына енгізсе, жастарға жеткізу деген сол болар еді. Жыл айтыстарының үлгілерін мектеп оқулығына кіргізсек, тек ұтамыз. Бұл, әрине, оқулық құрастырушылардың, мектеп бағдарламасын әзірлеушілердің құзыретіне байланысты. 
Нұрсәуле Рсалиева: Біз осы жерде «Наурызды мектеп оқушылары қалай тойлауы керек?» деген мәселе төңірегінде ұсыныс беруіміз керек. 
Дина Тазабекқызы: Дұрыс айтасыз. Мектептерге арналған бағдарлама жазылып, жөн-жобасы көрсетілсін. 
Байахмет Жұмабайұлы: Балаларды тәрбиелеуде Наурыздың дәстүрлі-танымдық жағы зор. Мысалы, әкесі баласымен бірге кесілген ағаш орынына жаңа ағаш отырғызу, үлкендердің қолына су құйдыру және тағы басқалары. Оған қоса, Наурызда айтылатын «Жіптір өлең» деген өлеңдер бар. Ол баланың тілін жаттықтыратын санамақ өлеңдер. Одан кейін әр малдың қасиетін жеткізетін, шаруашылыққа байланысты түрлері де бар. Осының бәрі балаларға тәрбие. Сонымен қатар «Ер Төстік» сияқты ертегілерді үйреткен жөн. Қазіргі балалар шетелдік кейіпкерлердің киімін киіп, ойыншығын ойнайды. Өйткені бізде кейіпкер жасау деген жоқ. Осының бәрін дәріптеу керек. 
Ахмет Тоқтабай: Наурыз мейрамының бір ерекшелігі – көрісу. 
Амансыз ба! 
Ұлыс оң болсын,
Қайда барса жол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Пәле-жала жерге енсін! – деп, құшақтасып көріседі. Бозбалалар мен қыздар да Ұлыстың ұлы күні емін-еркін бас қосып, ауылды, елді той-думанға бөлегенін мына өлең жолдарынан көреміз: 
Есік алды қара су бойлағаным, 
Жалғанның қызығына тоймағаным. 
Көмілсем де кетер ме көкейімнен, 
Қалқаммен Ұлыс күні ойнағаным.Қазақтың осындай дәстүрлері көп қой. 
Нұрсәуле Рсалиева: Ахмет ағамыз жаңа балаларға жент жегізу жөнінде айтты. Ол үшін жаңа жылдағы Аяз атаның сыйлығы секілді кәдімгі қазақша ою-өрнегі бар қалталардың ішіне құрт, жент, ірімшік салып беру керек. Бұл тағамдар денсаулыққа да өте пайдалы. 
Осы жерде мен тіл маманы ретінде тағы бір маңызды мәселе жайында айтқым келіп отыр. Қазір орыс тілінің әсерімен қазақша сөйлеу белең алды. «С праздником!» деген сөздің ықпалымен «Мерекеңмен!», «Мейрамыңмен!», «Туған күніңмен!» деп құттықтайтын болды. «Құттықтаймын», «Құтты болсын!» деген сөздер қайда? «Құт, құт-береке, құтты болсын» деген сөздердің астарында үлкен мағына жатыр. Сондықтан да төл ұғымымызға сай «Наурыз мерекесі құтты болсын!» деуіміз керек. 
Байахмет Жұмабайұлы: Наурыздың батасында «Қызылдан айырмасын» деген жолдар бар. Ол «еттен айырмасын» дегенді білдіреді, арғы жағында мал-жан аман болсын деген тілек жатыр. 
Нұрсәуле Рсалиева: Бұл діни немесе тек салт-дәстүрдің мейрамы емес дедік. Наурыз – тарихы, тамыры өте тереңде жатқан, бүкіладамзаттық мейрам. Өйткені сонау Мексикада да тойланып жатыр. Сондықтан осы мейрамның шыққан жері, ошағы ретінде біздің еліміз үлкен идея тастап, әлемдік деңгейде өткізуді ойластырайық, сонда оның мәртебесі де өседі. Мәдениет алмасу деген осы. 
Ахмет Тоқтабай: Бұл мейрамды атап өтудің орталығына айналдыру үшін қазақ халқында шарт-жағдай толық бар. Өйткені бізде көне көшпенділердің дәстүрі сақталған. Мысалы, біздің ұлттық спорт ойындарымыз, асық ату, садақ тарту, ат спорты және басқасы бар. Бәрі де далалық ойындар. Осы дүниелерді қоса отырып, Наурыздың мазмұнын байытып, Ұлыстың ұлы күнін үлкен мәдени іс-шара түрінде қалыптастырып шығу қиын емес. 
Байахмет Жұмабайұлы: Ең бастысы – дәстүрге құрмет. Дәстүрді негіз етіп алсақ, біз көздеген ойымызға жетеміз, мақсатымыз бұзылмайды. Сондықтан Наурыз мерекесін атап өту барысында тарихтан бермен келе жатқан ежелгі салт-дәстүрді тиянақ етуге тиіспіз. Балалар тал ексін, үлкендер бата берсін, соның бәрін дәстүрге негіздесек, бәрі дұрыс шыққалы тұр.  
Дәуіржан Төлебаев: Иә, шын мәнінде Наурыз мейрамының тарихы өте терең екеніне көз жеткізіп отырмыз. Бұл тақырыптың ауқымы кең болғандықтан төл мерекемізге қатысты іргелі мәселелерді, Президентіміз айтқандай, жаңғырту жайын, жаңаша атап өту барысын өздеріңіз сияқты зиялы қауым өкілдерімен бірлесе талқылай отырып, қалың елдің, қоғамның назарына Наурыздың мазмұнын тарихи, мәдени, әлеуметтік, дүниетанымдық тұрғыдан жан-жақты дәйектеп, тұжырымдап ұсына білсек, бірте-бірте Ұлыстың Ұлы күні де жаңаша түлеп, мазмұны да, түр-сипаты да өзгере түседі деген ойдамыз. Осы ретте, бүгінгі басқосуымызға арнайы уақыт бөліп келіп, ой-пікірлеріңізбен бөліскендеріңізге алғыс айтамыз. 
                               

  Әзірлеген
Дина ИМАМБАЙ

Фото авторы Юрий Беккер

 

4662 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз