• Ұлттану
  • 28 Мамыр, 2019

ЖОРҒА ЖӘНЕ ҚАЗАҚ РУХЫ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-философиялық тұрғыда тереңнен толғаған мақаласы бойында ұлтының қаны бар қай қазақтың да жігерін жанып, өр рухын оятып, намысына қамшы салдырары сөзсіз. Жөні бөлек, жосығы ерек осы мақаланың әр тармағынан ұлттық идеяға ұстын болар ұстанымдар мен тұжырымдар, басқаша бағдарламалар бағамдадық. Салиқалы ойдың сардары Елбасы бұл жолы да ұлттық идеологиямыздың сара жолымен жүре отырып, көп көңіліндегісін тап баса білген. Ұлы даланың өркениетке қосқан үлесі адамзаттың ғарышты игеруімен пара-пар ұлы құбылыс екенін әлем ғалымдары да толық мойындап отыр. Доместикация дәуірінде дүниені дүр сілкіндіріп, асауды ауыздықтап мінгендер Елбасы атап көрсеткендей, «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал, жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды».

Иә, жылқыны жуасытып, жаһанның жартысына жуығын жаулаған жауынгер бабаларымыз Дүлдүл атаның дақпыртын асырып, бәсін жоғары қойды. Бүгінде байтақ әлем автомобильдердің қуатын жылқы күшімен есептейтіні де осыдан қалса керек. Мұны Елбасы «Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі» деп дәл тұжырымдады. Адамдар атқа қона бастаған кезеңнен аттылы көлік коммуникация дәуірі басталады. Жылқы жорық жолындағы сенімді серік қана емес, жауынгер халықтың уақыттан ұтар ұшқыр көлігі де еді. Ал, енді кешегі көне дәуірде жылқының мінілмейтін кезі болды ма? Әрине, жоқ. Қой соңына салар шаруаторы аттан бастап, ту-у айшылық алыс жерлерге жылдам хабар жеткізетін байланыс коммуникациясының да ролін атқарды. «Жүйрік ат – бірде ат, бірде – қанат» дегенді бабаларымыз осыдан шығарып айтты. Жылқы қансонарда аңға шығарда таптырмас серік. Демек, қазақтың қылқұйрығы азық-түлік қауіпсіздігінде де басты роль ойнап тұр ғой. Бұл жерде оның қымызын сөз еткелі отырған жоқпыз. Жылқы саяткерліктің салтанат құруына да себепші. Бай-бағландардың, би-болыстардың, батыр-балуандардың алқалы топқа шайқатылып мініп барар көлігі де болды. Мұндайда олар жүрісі жайлы жорғаны таңдады. Бабалар «Тағасының күмісіне мақтанба, атыңның жүрісіне мақтан» деп осыдан барып айтты. Шоқырақтап жүріп ішек-қарныңды келімен түйгендей түйіп тастайтын сүріншек атқа атақтылар мінген жоқ. «Жорға мінген жолдасынан айырылар», «Атты жолдас болмайды арбалымен, Жортақ жолдас болмайды жорғалымен» деген сөз де текке айтылмаған. Жаһандық өркениетке жорғасымен жол ашқан жиһангер халық жаңа сатыға осылай өрледі. Жалпы, жаратылыс атаулыға нақты да дәл ат қоюға келгенде қазақтан тапқыр халық таппайсыз. Қазақ жорғаны: екі аяқты жорға, қара жорға, үш аяқты жорға, төрт аяғы тең жорға, қой жорға, жол жорға, кекірік жорға (жортақы), шапқын жорға, түйе жорға, бес құлаштық жорға, он құлаштық жорға, су жорға, су төгілмес жорға, тайпалған жорға деп бірнеше түрге бөледі. Яғни, арғымақ, сәйгүлік, тұлпар деп келетіні сияқты жылқы жүрісінің де бірнеше атауы бар. Бәйге, бесті жарыс, құнан жарыс, тай жарыс дегендер қазір де өтіп тұрады. Ана бір жылдары Теріскейде жорға жарыс өтіп тұрушы еді. Қазір жорғалар жоқ па, әлде бұған көңіл бөлінбейді ме, білмедім, жорға жарыс ұмыт болды. Ертеде мұндай жарыс жиі өтіп тұрған. Айталық, Еңсе деген кісінің асында тек қана жорға жарыс өтіпті. Жоғарыда айтылған жорғаның түр-түріне бәйге тігіліпті. «Еңсенің асында жорғалатпағанда, Әкеңнің басында жорғалатасың ба» деген сөз «Абылайдың басында шаппағанда...» деп келетін тәмсілмен төркіндес болғанымен, сол жарыстың өткені рас деседі. Атақты Сағынайдың асында алыс-жақыннан үстіне су төгілмес жорғалар арнайы алдырылған. Табақ тартар жорғалар бір-бірінен алшақ орнатылған үйлерге тамақ тасу үшін пайдаланылған. Кешегі бабалардың ас, жиын, той өтетін жеріне қазан көтертпепті. Ыс, түтін, шаң-шұң дауыс қонақтардың берекесін алады деп асхананы оқшау жерге желдің соғу бағытына қарай орналастырған. Тіпті, қымызды да сол маңда баптатып, қонақтарға тасып жеткізген. Ал, мұндайда жорға таптырмас арба еді. Қазір тойға барсаңыз бірыңғай киінген жастар бас тағам – қамырлы етті ағаш легендермен көтеріп шығады. Ал, бұрынғы аста немесе той-томалақта қонақтар алдына тартылар табақты епті жігіттер жорға үстінде жеткізіп отырған. Тіпті, ердің үстінде тікесінен тік тұрып келген. Сонда қызметші жігіттің қолындағы табақ қозғалмаған, түсіп те қалмаған, ыстық күйінде қонақтар алдына жеткен. Жорғаны көбіне қазақтар ел қыдырғанда, көші-қонда, ас-жиынға, тойға барғанда қыз-келіншектерге мінгізген. Жорғаның кекіліне үкі тағып, ер-тұрманын әшекейлеп, жүгеніне дейін өрнек салып, тойға сән-салтанатымен барған. Сал-серілер де жорғаны таңдап мінетін болған. Тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабай «Жорға аттың үзеңгісі қысқа болуы керек, үзеңгі ұзын болса кәрі жілік пен жауырынның басына тиіп, зақым келіп, қанталап, жорға әлсірейді. Жорғаға үш айыл дұрыс: төс айыл, орта айыл, шап айыл тізгінді тең ұстайды. Ат үстіндегі адам тізгінді бір қолымен ұстап, тік отырады. Адам бір жағына ауып, екі жағына қисайып отырса, ат жорғалап бара жатқанда жорғасынан жаңылып қалады. Сондықтан, қисаймай, шалқаймай, еңкеймей, екі аяғы, екі қолы тең, денесін тік ұстап отыруы керек» деп жазады. Туа біткен, төрт аяғын тең басқан жорға бар да, жүре келе жорға ашатын жылқы болады. Қазақтар шоқырақ жүретін жылқыдан да жорға шығарып отырған. Оның түрлі әдіс-айласы бар. Соның ішінде атты шідерлеп, жорғаға үйрету тәсілі бертінде ұмытылды. Бұрындары атты жорға жүріске үйрету үшін ай сәулесін пайдаланған. Жылқыны ай сүттей жарық түн ортасында үйретсе, ат өзінің көлеңкесінен қалыспаймын деп жанталаса жорғалайды екен. Атты бүршік тағамен тағалап, қыс кезінде мұз үстінде жорғалатып үйрететін де тәсіл болған. Алтай жерінде мынандай да тәсіл жасалған. Бөренелерден шеңбер жасалынады. Сосын, оның ішіне шаңыраққа бекітілген уық тәрізді бөренелер тасталады. Осы бөренелерді ретімен аттаған жылқы бірте-бірте жорға ашады. Жорғаның сапасын, сынын білу үшін атбегі беліне 5 метр лента байлаған. Ол ат құйрығының үстіне түсіп тұрған. Ат жорғалағанда жыланша ирелеңдейді. Міне, осы кезде лентаның ұшы жерге тимесе, демек, жылқы жорға ашты деп біліңіз. Сондай-ақ, ертеректе жорғаны сынағанда белге арқан байлаған. Арқанның жерге тимеуіне байланысты бес құлаштық, он екі құлаштық жорға анықталған. Жорғаның да жорғасы бар. Солардың ішіндегі ең жүрісі жайлысы – су төгілмес жорға. Мұндай жорғаның үстіндегі атбегі немесе жолаушы су толы ыдыс ұстап отырады. Су шайқалмаса, бұл аттың су төгілмес жорға екенін көрсетеді. Мұндай жорғаларды кезінде алыс жолға шыққандар мінген. Қандай да жорғаның жүрісі сұлу әрі әдемі болады. Төрт аяғын тең тастап, ырғала түсіп, басын белгілі бір мөлшерде оңға, солға шайқап келе жатқан жорға жер басып емес, ұшып бара жатқан сияқты көрінеді. Жорғаны ауыздықты тартып жіберіп, тартып жіберіп отырып та ашуға болады. Жорға жүріске бір бейімделіп алған жылқы кісінің ыңғайына орай сол жүрісінен жаңылмайды. Желіп немесе аяңдап жүріп келе жатқан жылқыны жорға басып озады. Жылқыға жорға үйретуші адамды «жорғашы» деп атаған. Өкініштісі сол, бүгінде жорғашылар жоқтың қасы. Қазіргі атбегілер көбіне бәйгеге, көкпарға шабатын жылқыны жаратып жүр. Жорға атты жемдеуді «сұлылау» деп атайды. Жорға жай аттарға қарағанда екі-үш есе күш жұмсайды. Сол күш-қуаттың орнын сұлы толтырады. Атбегілер жорғаны күніне екі рет суарып отырған. Құнарлы шөп берген. ХVІІ ғасырда өмір сүрген ағылшын монахы Фиц Стефан жорғаны алғаш көргенде таңданысын жасыра алмапты. Сондықтан, өз жазбаларында жорғаларды «жылқы ішіндегі корольдер» деп атаған. «Мұндай аттарға корольдер мен дворяндар міну керек. Ал, жай жылқылар малайлар үшін жаралған» деп жазыпты осы монах. Бүгінгі тілмен айтқанда, шетелдік танк сияқты алып машиналар бай-бағландар үшін де, пайдалану мерзімі әлдеқашан біткен автокөліктер кедейлер үшін дегенге келеді ғой. Шын мәнінде де өмірде осы жазылмаған қағида салтанат құра бермек. Ішкі Моңғолдың Холонбуйр өлкесінің атбегілері жүрдек жылқыдан жорға шығару үшін аттың екі жағына салмағы бірдей құм салған қоржын теңейді де тегіс жерге жүргізеді. Жылқы жүрген сайын құмның салмағын жайлап көбейтіп отырады. Осылай жүрдек жылқы бірте-бірте жорға ашады. Жылқының жүрісіне орай қазақта бірнеше атау бар. Соның бірі – бөкен желіс. Бұл ұзақ жолға жайлы келеді. Ал, саржеліс – желістің шапшаң түрі. Бүлкілі бірқалыпты, бөрі бүлкіл желісі жаугершілік заманда пайдасын тигізіпті. Жылқының ең жайлысы – төкпе жорға. Бұл ешқашан жорғасынан жаңылмайтын жылқы. Мұның жорғалаған жүрісіне басқа жылқы шауып ілесе алмайды. «Төкпе» сөзі ақындарға да телінеді. Айтыста суырып салып өлеңді төгіп-төгіп жібергендерді «төкпе ақын» дейміз. «Төрт аяғы тең жорға жырлар» деген тағы бар. Жорға қазақтың ұлттық өнерінде де өзгеше орын алып келеді. Мәселен, 1995 жылы арғы беттен келген қандасымыз Арыстан қажы Шәдетұлы Қазақстанға «Қаражорға» биін алып келді. «Қара жорға» биінің тарихы ХІІ ғасырдан асады екен. Шыңжаңның Алтай аймағын қоныстанған Керей руының биі екенін айтушылар табылады. Ал, бұдан да бұрын «Қара жорға» күйі шыққан. Арыстан қажы «Қара жорға» биінің үш атауы бар екенін айтады. Бір кездері оны «бақсы биі» деп те атапты. Бүгінде «буын биі» деген атауға да ие болса керек. Бәлкім би буынмен, иықпен биленгендіктен де солай аталған шығар. Саусағының ұшынан бастап төбе, қара бақайға дейін сылқылдап мың бұрала билегенде бар буын іске қосылады. Демек, бидің дене шынықтыратын – спорттық та сипаты бар. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шарада ұлттық биді Нұр-Сұлтан қаласындағы «Хан шатыры» ойын-сауық кешенінде 400 адам билеп, «Қара жорға» Гиннестің рекордтар кітабына кіргенін де айта кеткеніміз абзал. Жорға жөнінде жыр да, жинақ та жеткілікті. Солардың басында Абайдың «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» атты өлеңі тұр. Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасы, Тәкен Әлімқұловтың «Ақбоз ат» романы, Қабдеш Жұмаділовтың «Сәйгүліктер» повесі, Әбіш Кекілбаевтың «Бәйгеторы» әңгімесі жылқы жайлы шоқтығы биік шығармалар. Ақан серінің «Құлагердің желісі», Кенен Әзірбаевтың «Көкшолақ», Е.Аязбаевтың «Шайтанқара», Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әндері сымбатты сәйгүліктерге арналған сәтті туындылар. Ал, шертпе күйдің шебері Төлеген Момбековтің «Бес жорға» күйіне тең келер шығарманы табу қиын. Иә, «жылқыны – жаным, қымызды – қаным» деп білетін қазақ ежелден есті жануарды сенімді серігі етті. Атқа қонған адамның қанаты болады. Қанаты бар адамның мүмкіндігі мол. Ендеше, жылқы қазақ рухының сарқылмас символы. Елбасы Н.Назарбаев атап көрсеткендей, бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болса, бұл желікті жылқының арқасы. Атты адамнан жау да, аң патшасы арыстан да қорыққан, үріккен. «Атты қойшы – мінезі қатты қойшы» деп түз тағысы қасқырлар да ықтап жүрген. Аса айлакер, сақ, батыл қасқырдың өзі аттармен санасқан ғой. Дана қазақ «Жорға жүрісінен пұл болады, Жаман жүрісінен құл болады» деп текке айтпаған. Жылқы мінездес қазақ ешқашан құл болмақ емес. Асылы мен жасығын айыра білетін дана халық түп-тамырымызға тереңірек үңіліп, бабалар салған дара жолмен асқақ шыңдарды, мұзарт белестерді бағындыра береріне таласымыз болмаса керек. Қазақ рухының түп темірқазықтарының бірі – жылқы жанымыз һәм мақтанышымыз. Осы тұрғыда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» тарихи-танымдық мақаласы өр мінезді халықтың рухын оятудағы локомотив екеніне көзіміз айқын жете түсті. Ендігі міндет – әр адамның бойында отаншылдық сезімді мемлекетшіл санамен ұштастыра отырып, оларды Мәңгілік Елдің жарқын болашағы үшін жұмылдыру.

783 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз