• Ұлттану
  • 24 Маусым, 2019

АТАЖҰРТТЫ АҢСАҒАН АЗАМАТ

Қазбай Құдайбергенов ,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, Қ.Мұхамеджанов кітапханасының ғылыми кеңесшісі

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы: – «Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар» – деген жолдар мені Мұстафа Өзтүрік жайлы мақала жазуға итермеледі. Оның үстіне Мұстафаның өз сөзімен айтсақ: – Мен әлемді көрдім, сосын, өз елімді көрдім. Несін айтасыз үлкен айырмашылық. Сондықтан, еліме өз біліміммен, күшіммен көмектесу үшін елде қалуға шештім, – депті. Өнерімен әлемге танымал болған, ата жұртына деген шексіз сүйіспеншілігін ашық айтқан есіл ер – 15 наурыз 1995 жылы белгісіз жағдайда қазаға ұшырады. Оның өмірмен қоштасқан күні менің өмірге келген күніммен сәйкес болуы, Мұстафа жайлы тебірене түсуіме түрткі болғандай.

Мұстафа Өзтүрік жайлы жазба деректердің біразын ақтарып шық-тым. Мұстафа Қабенұлы Әбдрахман Түркияның Қайсері қаласы Мұса-ходжалы ауылында 23.11.1954 жылы өмірге келген. Әкесі Қабен қажы, жауырыны жерге тимеген балуан болғандықтан, оған түріктер Өзтүрік деп лақап ат қойған. Анасы Рәзия Өзтүрік 15 жасында Қабенге тұрмысқа шығып, Мұстафа мен Феруханды өмірге әкелген. Қабен атамыз бәйбішесі Мәликеден ұрпақ көрмеген. Мәлике мен Рәзия туған апалы сіңлідей өте тату тәтті өмір сүріпті. Мұстафаның жұбайы Нұрила қарапайым қазақ қызы. Нәзірбек, Нәсілхан, Асылхан атты перзенттері қазір Германияның Мюнхен қаласында тұрады. Мұстафаның руы найман, оның ішінде Байжігіт, оның Мәмбеті. Бабалары Қарағанды жақтан бір түнде үдере көшіп, Ұласты өзенін жағалап Шың еліне өтеді. Алайда, бұл жерге де Қызылдардың қырғыны келген соң араға жиырма жыл салып, адамзат аяғы тимеген Такла-Макан шөлін басып өтіп, Үндістан шекарасына жетіп, Пәкістан арқылы Түркияға табан тірейді. Сондағы Қайсери қаласынан пана тауып, түріктердің қамқорлығына бөленеді. Мұстафа 16 жасында Стамбул қаласындағы мектепті аяқтап, арнайы жолдамамен Тайванға оқуға аттанады. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінен талантты балаларды жинап оқытқан Тайпей қаласындағы Халықаралық саясат университеті еді. Осында Мұстафа журналист мамандығын алады. Екі мың жылдық тарихы бар Корей халқының тылсым жекпе-жек өнері Таэквондамен айналысып, мұсылмандардың алғашқысы болып қара белбеу 6 дан, кейін 7 дан сары белбеу иегері атанды. Германияға көшіп барып, Мюнхен қаласында өз мектебін ашады. Сонымен бірге, әскерилер мен полицияларға Шығыс жекпе-жегінен жаттықтырушы болады. Корей тілінде «ТЭ» деген «аяқ» деген сөз. «Он» деген «жұдырық» деген сөз. «ДО»-ның көп мағынасы бар. Сонда, Таэквонда жұдырықтың, аяқтың, рухтың, тәрбиенің бәрін қосып қимылдайтын үлкен өнер. Ал, Мұстафа болса, осылардың барлығын толық меңгерген, осы өнерді қазақ халқына аманат етіп қалдырған қазағым деп өзеуреп өкінішпен өткен ұлы тұлға. 1990 жылы көктемде Мұстафа Өзтүрік тарихи ата жұртына келеді. Ең алдымен, қазақтың бір туар ұлы Д.Қонаевқа барып, арнайы сәлем береді. Осы жылдың аяғында 12 шәкіртімен Алматының спорт сарайында Таэквондодан адам таңқаларлық шоу программасын өткізеді. Адам айтса нанғысыз қиын, қауіпті, дәлдікті қажет ететін төмендегідей трюктерді орындайды. Бірінші, Жеті шәкіртін жүресінен отырғызып, солардың үстінен қарғып өтіп, алдындағы қалың тақтай тосқауылды аяғымен қақ бөледі. Екінші, Адамның төбесіне қойған алманы, аяғымен өте дәлдікпен қағып түсіреді. Үшінші, Темекінің күлін шегіп тұрған кісіге еш жанастырмай аяғымен сипап түсіреді. Төртінші, Пышақ жүзіне ілінген бір парақ қағаз жыртылып үлгіргенше көлденең таяқты қақ бөлетін өнерді әлемде Мұстафадай орындайтын ешкім болмаған екен. Шәкірттерімен бірге Батыстың беделді дүниежүзіне тарайтын газеттерінде жұмыс істейтін екі журналисті ерте келіп, қазақтың ұлы даласын, бай салт-дәстүрін, шексіз көңілін, табиғи байлығын әлемге паш еткізеді. Осы шәкірттерімен өткізген шоудан кейін Мұстафа есімі бүкіл қазақ даласын аралап кетті, беделі өсті. Бұны көре алмайтындардың қызғаныштан зығырданы қайнағаны айтпаса да түсінікті. Қазақстанда Таэквондо мектептерін ашып, федерациясын құрып, оны әлемдік Таэквондо федерациясына (WTF) қосты. Нәтижесінде көптеген шәкірттері Халықаралық Таэквондо жарыстарына қатысып, жүлделі орындарды иелене бастады. Мен бұл мақаламда Мұстафа бауырымыздың спорт саласындағы көпке белгілі жетістіктеріне көп тоқталмай, оның кейбір кездесе бермейтін ерекше адами психологиялық, биологиялық, педагогикалық ерекшеліктерін айтсам, мақала оқырмандар үшін тартымдырақ болар. Жоғарыда атап өткеніміздей, Мұстафа жоғары білімді журналист әрі актер. Ол 6 фильмде басты рольде ойнап, сценарийлерін жазған. Өзінің қамшының сабындай аз ғұмырында күш-жігерін, таланты мен мүмкіндігін қазақ халқына бағыштап өткен азамат. Бір мысал. 1986 жылы Стамбулда режиссер Рахим Гюлкюоғлы түсірген «Алатай» фильмінде Мұстафа басты рольде ойнайды. Аталмыш фильмнің сценарийін өзі жазды. Киноның бір эпизодында мафия басшысы тығылып жатқан Мұстафаны тауып алып, жігіт болсаң шық дейді. Шықпайды. Батыр болсаң шық дейді. Оған да шықпайды. Қазақ болсаң шық дегенде, арыстандай атылып шыға келіп, қас-қағым сәтте бәрін жайпап құлатады. Кезінде бұл фильм Европаның көптеген елдерінде көрсетілді. Қазір де экраннан түскен жоқ. Миллиондаған Европалықтарға Мұстафа актерлік шеберлігі арқылы қазақ халқын, қазақ атауын әлемге паш етіп тұр ғой! Мұстафа Өзтүрік алты тілді еркін меңгерген. Өзінің ана тіліне, оның тазалығына ерекше мән берген. Таэквондодан біраз табыстарға жеткен шәкірттеріне жаттығу кезінде тек қазақша сөйлеуді, қазақша аура қалыптастыруды талап еткен. Ал, өзі аренаға шыққанда, көзі от шашып, қаһарланып, арқаланып кететін болған. Бізге жеткен басылымдарда Мұстафа Өзтүріктің сәуегейлігін дәлелдейтін жазбаша жолдар көптеп кездесті. Мұстафаның досы, шәкірті, оның ұстаздығын жалғастырушы суретші Бексейіт Түлкеевтің де (1955-1998 ж) ажалы жұмбақ күйінде. Ол бір естелігінде: – Мұстафа бәріміз Алтынемелде демалғанбыз. Сол жолы құландар үйірін алыстан дүрбімен қарап қызықтады. Неге екенін білмеймін, Мұстафа: «Ойпырмай, мына құландар ана дүниеден қарап тұрғандай ғой», – дегені бар. «Мән бермеппіз, содан өзі де көп ұзаған жоқ» – деп жазыпты. Мұстафа Өзтүрік депутаттық сайлауға түскен уақытта Елбасының қорғаушыларын жаттықтырған. Халық қанша қолдағанмен, өтпей қалғаны, беделі шарықтап кеткен Мұстафаны көре алмай, қызғанғандар да әрекетсіз болмаған-ау. «Нұр Астана» газетінде (21.23.05.2007 ж) жарияланған «Ақбоз ат мінген ақ жолтай» атты мақаладан мына жолдарды оқимыз: – Сәтсіз сайлау науқанындағы сапардан оралып келе жатқан Мұстафаның автокөлігі жолда тайып кетеді. Көк мұз үстімен шыр айналған автомобиль ақыры ештеңеге соғылмай тоқтайды. Іштегілер дін аман. Сонда Мұстафа: «Бұл айналып кеткен мәшине емес менің табаным» – депті. Алла, оның соңғы демінің жақын қалғанын өзіне сездіргендей-ау! Журналист Серік Жанболат Мұстафаның Алматыда өткен шоу программасын деректі фильм ретінде түсіріпті. Ол Мұстафаның автокөлікте айтқан мына сөзін келтіреді. «Менің аты-жөнімде, данымда Кореяда жазулы тұр. Мен өле-өлгенше даным өсе береді. Яғни, қазақ баласының жетістігі де менімен бірге биіктей бермек». Бірақ, соңғы сөзі екенін ол өзі де, бізде білген жоқ едік», – деп жазыпты. Не деген сәуегейлік! Мұстафа өнер көрсетуге аренаға шыққанда қызып, арқаланып кететінін айттық. Оның алақанында биаток болғанын кез-келген ауруға шипа жасайтынын қарындасы Феруханның мына сөзінен байқауға болады. Бірде, Ферухан анасынан сұранып, бір жерге бармақшы болады. Мұстафа оны жақтырмағанымен, қарындасын алақанының ұшымен құлағының шетінен сүйкеп жібереді. Арада жылдар өтіп, Мұстафа әлемге танылып оралғанда қарындасы алдынан еркелеп шығып: «Аға, баяғы сіз тағып берген сырға мені сан мәрте пәле-жәледен сақтады, Рахмет», – депті. Ал, немере інісі Абдул Азиз Тейжі Мұстафаның өз энергиясымен бас, буын ауруларын емдейтінін алға тартады. Қазақтың ұлттық дәстүріне, өнеріне бір қаяу түсірмей, соны дәріптеп өткен Мұстафаның әкесі Қабенге арнап «Жұлдыздарды тілейсің бе» деген өлеңін айтпағанда, Қаражорға, т.б. қазақ билерін нәшіне келтіріп билейді екен. Мұстафаның анасы Рәзия Өзтүрік апамыз да Алматыға келіп, жағдайы жасалмағандықтан, қайтадан еліне кетеді. Мұстафаның жұмбақ өлімі анасының жалғыз ұлына деген сезімі мына бір төмендегі жоқтау жолдарын: - Суреті тұр өзі жоқ, Қайғыдан басқа сөзім жоқ. Жалғызым еске түскенде, Ішім – бір жалын, сыртым –шоқ, – деп туындатып, ана жүрегін өксіген,өкінішке бөлегені анық. Рәзия апамыз да 86 жасында дүниеден озып, жұбайы Қабенмен, жалғызы Мұстафамен рухтары Түркия топырағында табысты. Мұстафа ажалды да қайсарлықпен қарсы алғанға ұқсайды. О дүниеге аттанып бара жатқанын жүрегімен сезінген аяулы жан төсектен қарғып тұрыпты. Ажалға көнгісі келмеген болар, «Алла» депті дауыстап. Ары қарай күбірлеп кетіпті. Бәлки, Аллаға, жаратқанға жалбарынды ма екен, бәлки, өз иманын өзі айтты ма екен, ол бір Аллаға аян. Мұстафа бауырымыз Қазақстанда елге танымал біраз азаматтармен жақсы қатынаста болды. Олар Тоқтар Әубәкіров, Иманғали Тасмағамбетов, Досхан Жолжақсынов, Талғат Теменов, Тұңғышбай әл-Тарази, Несіп Жүнісбайұлы, Қалдыбек Құрманәлі, Қабибек Мұхитов, Қайрат Қырғызбаев, Сұлтанмахмұд Шоқпытов т.б. Мұс-тафаның сүйікті шәкірттері – оның аманатын жалғастырушылар. Бүкіл әлемдік таэквондо федера-циясының президенті Чунг Чвон Чо Нұрсұлтан Назарбаевқа таэквондодан құрметті тоғызыншы дан дәрежесі белгісін, сондай-ақ, тиісті белбеу мен кимоно тапсырған-ды. Бұл сөз жоқ екі ел арасындағы мызғымас достықты нығайтуға, Мұстафа бауырымыздың аманатының тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде орындала беретініне өз ықпалын тигізді. Қазір Қазақстанның барлық облыс, аудан, ауылдарында таэквондо мектептері ашылып, белсенді жұмыс істеуде. Қазақта кіндігінің қаны тамған деген қасиетті ұғым бар. Кей жағдайларда ұлылардың өмірлерін шектегісі келмей ма, туған топырағы, яғни, жер ана оларды құшағына алуға асықпайды. Мүмкін, олардың өмірлерін жалғастыра беруіне меңзейтін құбылыс па деп ойлаймын. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың соңғы демін Алланың құзырына өткізуі Мәкеуде, Мұстафа Шоқай бабамыздың соңғы демін Парижде беруі, адамзаттың Айтматовының соңғы демінің неміс жерінде өтуі, Оралхан Бөкейдің Индияның Делиінде қайтыс болуы, қазақтың халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың Мәскеуде қайтыс болуы, ал, біз әңгіме етіп отырған Мұстафа Өзтүрік бауырымыздың Түркия жерінде кіндігінің қаны тамғанымен, ата жұрты Қазақстанға келіп, бақилық сапарға аттануы оның ерекше қасиетін дәлелдей түсетіндей. Мақаланың басында бүкіл қазаққа ортақ Мұстафа бауырымыздың руына дейін қадап айттық. Ондағы ойымыз оны бір руға ғана таңу емес, ағайындарына ой тастау. Осы жылдың қараша айында Мұстафа алпыс бес жасқа толды. Бірақ, оны ұлықтау шаралары жоқтың қасында. Ештен кеш жақсы дегендей, 98% қазақтар тұратын Сыр елі Мұстафа Өзтүрікті ұлықтау шараларын белсенді түрде жалғастыра берсе нұр үстіне нұр болмақ. Облыс, қала әкімдігі, рухани жаңғыру орталығы, білім, мәдениет, спорт басқармалары, балабақшалар мен мектептерді, жоғарғы, орта оқу орындарын Мұстафа жайлы шаралар өткізуге міндеттесе, қазақилықтың қаймағы бұзылмаған Қызылорданың ел алдындағы беделін еселей түседі. Қалила Омаров ініміздің «Барып қайт, балам ауылға» атты Мұстафа жайлы түсірген фильмін кеңейтіп, рухани жаңғыру талабына сай көрермендерге қайта ұсынса, оны жүзеге асырудың нақты мысалы болатынына ешкім шүбә келтірмейді.

481 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз