• Ұлттану
  • 10 Желтоқсан, 2012

Диалектілік лексиканың терминденуі

Аймақтық лексика, оның өзіндік ерекше­ліктері тілші ғалымдар тарапынан едәуір зерттелген мәселе. Оған тіл білімінің диалектология саласын арнайы зерттеген С. Аманжолов, Ж. Досқараев, Ш. Сарыбаев, Ә. Нұрмағанбетов, С. Омарбеков, О. Нақысбеков, Н. Жүнісов, Ғ. Қалиев, Т. Айдаров, Ж. Болатов сияқты ғалым­дардың еңбектері куә. Диалект деген термин тілінде жалпы­халықтық сипат алмаған, белгілі бір жерде ғана қолданылатын ерекшеліктердің жиынтығын, өзіне ғана тән ерекшеліктері тілдік бар жекелеген аймақ, территорияны білдіреді. Бұл мағынада диалект халық не ұлт тілінің қүрамды бөлігі болып табылады /1. 6/. Әдеби тіл нормасынан өзгеше ерекшеліктері болса ғана диалект бола алады. Диалектіде әдеби тілдегі жалпыға бірдей сөз басқаша айтылуы мүмкін. Мысалы, жергілікті жерде әдеби тілдегідей зардабы, салдары деудің орнына зарпы; тегі, заты деудің орнына сойы; талаушы – шабаған, беймаза – бейана, кебек – буыз болып айтылады. Жергілікті халық тілінде әдеби тілдегі кейбір сөздердің бірнеше нұсқасы кездеседі: сіріңке – кеуірт, күкірт, шырпы, шағар, ши, оттық, шақпақ; шылапшын – ләген, жам, кірлен, шылаужан, тас, т.б. Жеке сөздердің мағыналарында бұл сияқты лексикалық өзгешеліктер кездеседі. Әдеби тілде де, диалектіде де кейде сөздердің айтылуы бірдей болады да, мағыналары әр түрлі болып келеді, мысалы, көрім деген сөз бір жерде жақсы деген мағынада, бір жерде жаман деген мағынада қолданылады. Сол сияқты там деген сөз үй және мола деген мағынада әр жерде әртүрлі мағынада үғынылады. Тәте бір жерде әке, бір жерде аға, кейде апа, әпке мағынасында қолданылады. Тәртіп – қаулы, бұрыштама, нұсқау, бұйрық мағыналарында айтыла береді. Диалект сөздер бүкілұлттық лексиканың құрамына кіреді, бірақ олар жалпыхалықтық болып есептелмейді. Өйткені, олардың басым көпшілігінің жалпыхалықтық тілде баршаға түсінікті баламалары бар. Диалектілік лексиканы Ш.Сарыбаев сәйкесті диалектизмдер, сәйкесссіз диалектизмдер, семантикалық диалектизмдер деп үшке жіктейді /2. 61/ Ғ. Қалиев құрамы жағынан нағыз лексикалық диалектизмдер, лексика-семантикалық диалектизмдер, этнографиялық диалектизмдер деп бөледі /3. 151/. Ғалым диалектілік сөздер негізінен әдеби тіл лексикасына кірмейтінін дәлелдей отырып, оларды белгілі бір ұғымды білдіретін сөздер әдеби тілде жоқ болған жағдайда әдеби тілге енгізу керектігін ескереді. Қазақ терминологиясында диалектілік лексиканың терминденуі арқылы жасалған терминдер тым жиі болмаса да кездеседі. Мәселен, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының жекелеген аудандарында қолданылатын төп сөзі биология терминдерінің қатарынан орын алған. Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігінде бұл сөзге – «сүйектен жасалған ботқа, каша. Көженің қоюы» /4. 465/ деген түсініктеме беріл­се, 1988 ж. жарық көрген биология арнаулы сөздігінде төп (барда) терминіне – «малға жем ретінде пайдаланылатын спирт өндіргенде қалатын қоймалжың қалдық» /5. 389/ деген анық­тама берілген. Сондай-ақ, кен ісі және ме­таллургия саласының түсіндірме сөздігінде кеуек сөзіне мынадай анықтама берліген: «біртұтас материалдардың ішіндегі 0,01 мм-ден бірнеше мм-ге дейін түйіршік тәріздес саңылау. Тұйық немесе бір-бірімен өзара жанасатын қуыстары бар табиғи және жасанды материалдар. Қуыстардың көлемі 30-80 пайызға жететін материалдарды кеуекті материалдар» /6. 89/ дейді. Диалектологиялық сөздікте кеуек (Гур., Маңғ., Түрікм., Таш.) – «1. тау үңгірі (Маңғ.); Кеуек болмағанда ұрыларды ұстар едік. 2. құдық түбіндегі балшықтың құлауынан пайда болған қуыс» /7.112/ деп анықтама берілген. Байқап отырғанымыздай диалекті сөздің білдіретін ұғымы мен терминдік ұғымның ұқсастығына (қою, қоймалжың және азықтық, қуыс, түзілімдер, батпақ, тоқтау су) орай термин жасалынған. Осы сынды Алматы облысының Нарынқол, Кеген аудандарында қолданылатын құжат сөзі қазір өз мағынасында жұмсалатын терминком ресми бекіткен терминдердің қата­рында екені белгілі. Биология саласының түнек термині диалект сөздің терминденуі арқылы жасалған. Диалектологиялық сөздікте түнек сөзіне «жайлаудағы қой түнеп өтетін орын» /7. 253/ деген мағынаны білдереді. Терминологиялық сөздікте бұл терминге «тұрақты баспанасы жоқ жануарлардың тынығатын орны» /5.246/ деген анықтама берілген. Екі анықтамадан аңғарылған айырмашылық – жергілікті қолданыстағы түнек сөзі баспанасы бар жа­нуар­лардың түнеп өтетін орны деген ұғымды біл­дірсе, терминологиядағы түнек керісінше ондай тұрақты баспанасы жоқ жануарлардың түнейтін жері. Дегенмен, айырмашылықтарына қарағанда бұл ұғымдардың ұқсас жақтары көбірек. Ең алдымен, екеуі де жануарлардың түнеп шығатын орны; екіншіден, екеуі де уақытша баспана, үшіншіден, екеуі де жайлауда, тауда т.б. елді мекеннен тыс жерде болады. Бұл жерде де диалект сөздің терминденуіне негіз жеткілікті. Аталып отырған ұқсастықтар бұл салыстырылып отырған ұғымдардың ортақ белгілері болып табылады. Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында ұйым мағынасында қолданылып келген ұжым, Түркіменстан, Қарақалпақстан және Ақтөбе, Қызылорда облыстарының жекелеген аудандарында әдет, дәстүр мағынасында қолданылып келген үрдіс сөздері де аздаған мағыналық өзгерістерге ұшырау арқылы терминденіп, ресми бекітілген терминдер қатарына қосылды. Осы тізімге алқа (коллегия), егемендік (суверенитет), түнек (лежка), собық (початок), қандауыр (скальпель) сияқты терминдерді де қосуға болады. Орысша нұсқасы приклад завернуть деген қарумен саптық тәсілдерді орындау кезінде берілетін әскери бұйрықты қазақшалау кезінде диалект ретінде қолданылатын дүм сөзі алынған, яғни дүмді бүкте. «Линия» терминінің баламасы ретінде қолданылып жүрген желі сөзі батыс өңірінде ғана «егіс даласындағы су жүретін кішкене арықтар» /7. 74/ деген мағынаны білдіреді. Әскери терминологияда «әскер шебінің екі жақ (оң мен сол) бөліктерін» /8. 221/ атайтын қаптал термині Түрікменстан қазақтарының тілінде кездесетін «1. Үйдің қабырғасы; 2. Жаны, қасы» /7. 68/ деген диалект негізінде қалыптасқан болып табылады. Сондай-ақ, диалекті сөздердің арасында жалпы қолданыстағы қазақша баламалары болмай келген сөздердің баламасы ретінде қолданылып жүргендері де бар. Олар: ақжайма (простыня), орам (квартал), тұшпара (пельмени), т.б. Жоғарыдағы терминденген диалекті сөздердің көпшілігі қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігіне енгізілген екен. Түсіндірме сөздіктен орын алуы – олардың терминденуіне белгілі дәрежеде ықпал еткен деп білеміз. Сөз болып отырған мәселені қарастыру барысында аймақтық лексиканың екі түрлі жолмен терминденетіндігі анықталды. Біріншісі – әдеби тіл арқылы терминдену. Яғни, бұл – белгілі бір аймақта қолданылатын сөздің әдеби тілге еніп, жалпы қолданысқа көшкеннен кейін барып терминологиялық өріске өтіп, терминдік мағынада жұмсалуы. Бұл топқа алқа, собық, қандауыр сияқты сөздер кіреді. Екіншісі – жергілікті сөздердің тікелей терминденуі. Мұндай жағдайда диалекті сөз жалпы қолданысқа көшпей-ақ бірден белгілі бір терминологиялық өріске өтіп терминдер қатарынан орын алады. Төп, ұжым, үрдіс, түнек тәрізді сөздер осы екінші жолмен терминденген. Қазақ тілінің аймақтық лексикасын зерттеп жүрген диалектолог ғалымдар «Әдеби тілді байытуда келешегі мол; аса бай сөздік қор – диалектілік лексика тобы» /9. 164/ десе, біз термин шығармашылығында осы уақытқа дейін өте аз пайдаланылып келген бұл қордың терминологиялық лексиканы байытудағы рөлі де сондай айрықша дер едік. Айнұр Молдаханова, «Қайнар» (Семей) университетінің ІІ-курс магистранты Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Сарыбаев Ш. Нақысбеков О. Қазақ тілінің аймақтық лексикасы. – Алматы, 1989. 2. Сарыбаев Ш. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы: Арыс, 2000. 3. Қалиев Ғ. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. –Алматы, 2006. 4. Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі. А., 2007 ж. 5. Закиров М., Елемесов К., Қайымов Қ. Биология терминдерінің орысша-қазақша сөздігі. – Алматы, 1988. 1-т. 6. Кен ісі және металлургия саласының ғылыми терминдерінің сөздігі. –Алматы. 2003. 7. Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі. А., 2007 ж. 8. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. Әскери іс. / Ред. басқар. А. Құсайынов. – Алматы: Мектеп, 2001. 9. Қалиев Б. Лексико-семантическая и морфологическая структура названий растений в казахском языке. – Алматы, 1996.

3771 рет

көрсетілді

8

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз