• Ұлттану
  • 04 Қараша, 2019

ҰЛЫ АҚЫНДЫ ҰЛЫҚТАУ – ҰЛАҒАТТЫ ІС

Алмахан Мұхаметқалиқызы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Абай атадан алтау емес

Абайдың «Атадан алтау, Анадан төртеу, Жалғыздық көрер жерім жоқ» деген өлең жолдарын білмейтін қазақ жоқ. Бірақ, тарихи жазбаларда атадан жетеу екеніне аса мән берілмей келеді. Құнанбай көп әйелді болған. Үлкен әйелі – қыздай алған Күңкеден туған баласы Құдайберді. Екінші әйелі – Ұлжаннан туған балалары: Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ, Оспан, үшінші әйелі – Айғыздан Халиолла, Ысмағұл деген балалары болған. Құнанбайдың төртінші әйелі – Нұрғанымнан бала болмаған.Құнанбай балаларының ішінде екі баласына үлкен үміт артқан. Халиолланы жастайынан орыс оқуына берсе, Абайды мұсылманша оқытады. Құнанбай балаларына өз атын жаздырып отырғанымен Халиолла мен Әбдірахманға әкесі Өскенбайдың есімін береді.  «Халиолла Өскенбаев» деп жаздырғаны туралы куәлік қағаз (свидетельство) мұрағаттарда сақталған. Халиолланы ағайын туы­сы – Халел десе, оның аты-жөні орыс басылымдары мен архив деректерінде «Халиулла Ускенбаев» деп кездеседі. Бұл жөнінде Әрхам Ысқақов­тың көлемді естелігінде: «Сөйтіп, (Құнан­бай) Айғызды екі әйел үстіне тоқалдыққа алады. Бері келгенде бала­лары аппақ әже деседі екен. Осы Айғыздан 1848 жылы Абайдан үш жас кіші ұл туса, Құ­нанбай оның атын тағы да пайғамбар атымен Халиолла қояды» – деп жазады. М.Әуезов өз еңбектерінде Халиолла туралы жазбағанымен, ол жайында жақсы білгені сөзсіз. Жасында, барлық Құнанбай балалары сияқты ауыл молдасы Ғабит­хан­нан дәріс алып, мұсылманша хат таниды. Кейіннен Халиолла Семейдегі Камалиден хазіреттің медресесінде 3 жыл оқып, оған қоса, өзі ынта қойып, орысша сауатын ашады. Бұл туралы Әрхам Ысқақұлы өзінің естелігінде айтады. Омбы қаласындағы «Кадет корпусына» оқуға беру үшін көп қаражат жинағанымен, бұл оқуға қара халықтың баласын алмайды. Не төре тұқымы, не аға сұлтан, не патшадан шен алғандардың баласы болуы шарт екен. Соның анығын білген Абай Халелді аға сұлтан Өскенбайдың немересі деген куәлік қағаз алып, Халиолланың тегін атасы Өскенбайдың атына жаздырады. Омбыға оқу­­ға апарып орналастырмақ ние­ті де болған Абайдың ел ішіндегі шаруаларға байланысты Ха­лиолланы Омбыға апару мәселесі орыс тілін білетін Ғабитхан мол­даға тапсырылады. Әрхам: «Халиолла сабырлы, көп сөй­лемейтін, тұйық болады. Абай Ысқақтан Халиолла артық, ойлы ақылды, дана адам болар деп үміт артады» дейді. Абайдың өмірі мен әдеби мұрасын танытуда елеулі еңбек еткен, Абайдың алғашқы өлеңдерін жинақтаушы Кәкітай Ысқақұлы да Халиолланың Омбыдағы оқуы жайлы деректер келтіріп: «Өзге жұрт орыстан баласын жасырып жүргенде, балаларына орысша оқу оқытып, Халиолла деген баласын Омский кадетский корпустан оқытып, онан соң Москвадағы Павловский кавалерийский школдан оқытып, сабақты жақсы бітіріп, корнет болып, қызметте жүргенде, ауырып дүниеден қайтып еді» дейді. Халиолла 1848 жылы дүниеге келіп, небары 22 жасында 1870 жылы өмірден озған. Қайтыс болғанда, Құнанбай Омбыға кісі жіберіп, оның денесін елге алғызып, Сары қатын қыстауына жерлейді. Халиолла Өскенбаев – тек ұлы данышпан Абайдың өнегелі інісі ғана емес, өз заманынан оза туған, білім көгіне ұмтылып, айналасына зиялылықтың шуағын шашқан ерекше тұлға болады. Абайға  ерекше жәрдем берген ол қазақтың тұңғыш зиялылары: Шоқан Уәлиханов, Салық Бабажанов, т.б. оқып бiтiргеннен кейін Омбыдағы кадет корпусында, Москваның Павлов атты әскери училищесінде оқиды. Жалпы жиыны сегіз жыл оқып, кадет шенін иеленеді. Халиолла оқу бітірген соң, бір жыл елде болып, бір жыл Омбыда әскери қызмет атқарады. Семей өңірінде алғашқылардың бірі болып, әскери шенге ие болған ол өз заманындағы зиялы қауым өкілі ретінде жат жерде тек білім алумен   ғана шектелмей, қазақ халқының фольклор үлгілерін жинайды. Оларды орыстың шығыстанушы ғалымдары И.Березин, Н.Костылецкий, Н.Максимовтерге жолдап, өзі де қазақ халқы ауыз әдебиетінің кейбір нұсқаларын орыс тіліне аударады. Жазғандары «Дала уәлаяты», «Сибирский вестник», «Московская иллюстративная газета», «Природа и люди» басылымдарында жарық көріп отырады. Жалпы Халиолла Өскенбаевтың ғұмыры мен шығармашылығы жайлы ғалымдар мен жазушылар өз пікірлерін жазған. Соның бірі – Әлкей Марғұлан Халиолланың өмірі мен рухани мұрасын зерттеуге ден қойған алғашқы ғалым. Халиолла жайында әр уақыттарда орыс ғалымдары Г.Потонин, Н.Максимов, И.Березин, Н.Костылецкий мен қазақ жазушылары М.Әуезов, С.Мұқанов және ғалым-зерттеушілер  Ұ.Сұбханбердина, А.Сағди, Ә.Марғұлан, М.Бейсенбаев, Т.Жұртбай, Т.Әлімқұлов, Ырғызбай ұрпақтары Кәкітай, Әрхам Ысқақов, Ахат Құдайбердиев, Тұрағұл да жазды. Халиолла туралы академик Ә. X. Марғұлан: «Ол өзінің қандастарын «қазақтан да» басқа әлем бар, білім мен ғылымның, рухани есеюге талпыныстың әлемі бар екендігіне үйреткен адам... Халиолла данышпан ақын Абайға үлкен ықпал еткен», – деп баға береді. М.Әуезовпен бірге оқыған, оның досы, пікірлесі болған белгілі ғалым Әлкей Марғұлан Абай айналасын зерттеуге, Абай­тануға зор үлес қосқаны белгілі. Ғалым­ның «Абай» журналының 1993 жылғы №6 санында «Үш хаттың сыры» деген мақаласы жария­ланған. Мақаланың маз­мұ­ны: Әл­кей Марғұлан 1938 жы­лы Ленинградта болған­да, профессор, шығыстанушы И.Н. Бере­зин­нің архивінен Халиолланың атына жазыл­ған үш хаттың көшір­ме­сін жасаған. Әрине, оны заман ағы­мына сай уақытында айта алмай, тек 1959 жылы ғана жариялаған. Осы келтірілген жазбаларды зерделей қарасақ, Халиоллаға жа­зыл­ған хаттар, оның бізге белгісіз қолжазбалары Костылецкий арқы­лы Березинге жеткенін аң­ға­ру қиынға соқ­пай­ды. Осы мақа­ла­да Әлкей Марғұлан: «Тек жастай өтіп кеткені болмаса, Халиолла ағасы Абай сияқты асқан ой­шыл, қаламы төгілген жазушы болуы анық еді» – деп сүйсіне жазады. Жасы отызға жетпей дүниеден озған Халиолла жайында 1896 жылдары орыс зерттеушісі Н.Потанин «Ең соңғы қазақ ханзадасының киіз үйінде» (Шығыс сұлтанның үйінде) деген еңбегінде («Русское богатство» журналы. 1896, №8) Халиолланың асқан білімдарлығымен қоса, сол білгенін өз еліне үйретіп, басқа жұрттың әдебиетін қазақ жұртына насихаттап, таныстырудағы еңбегін ерекше баяндайды. Дәл осы жылы Х.Өскенбаев туралы «Дала уалаятының газетінде» «Қазақтың тәуір адамдарының қылар ісі» деген мақала жарияланып, онда Хәлелдің өміріне аз тоқтала келіп: «Сол құрметті адам естуі бойынша кеш болғанда, орыс қиссаларын қазақ тіліне переуаттап қазақтарға айтады екен де естушілердің сұрауы бойынша жазып береді екен. Солайша, Тургеневтің, Лермонтовтың, Толстойдың шығарған кітаптарын Өскенбайұлы еркін переуат қылып шығарған, һәм өзгелердің. Өскенбаев рас, өзі жақсы көрген, үйренген білімін жерге көмбеген, һәм оны жалғыз өзіне сақтамай көппенен бөліскен, өз жұртын үйреткен, үлгі қылып айтуға тұратын ісінің бірі», - дей келіп, мақала аяғында «жақсы болар еді егер де оның переуат қылған қиссалары редакцияда болса» - деген тілек өтініш айтылған. Өкініштісі, сол Халиолланың аударма мұрасы сақталмаған. Халиолла туралы алғаш сөз қозғап, құнды мұрағат деректерін беруші және Халиоллаға жазылған үш хатты тапқан ғалым Ә.Марғұлан «Московская иллюстративная газета» басылымының 1892 жылғы №274 санында жарияланған Халиолланың «Қазақ аңызы» деген мақаласын алғаш ғылыми айналымға енгізеді. Бұл – Х.Өскенбаевтың баспасөз бетіне шыққан бізге белгілі жалғыз еңбегі. Қысқа мақалада Темучинді Шыңғыс тауындағы Хан биігіне Майқы би бастатқан билер ақ киізге отырғызып көтерген хан сайлауы тарихи шындыққа орай баяндалған. Абайдың алдындағы ақындар легі аяқ баса қоймаған орыс, одан батыс әдебиетіне бой ұруы да жастайынан Семейдегі орыс мектебіне келген Халиолла арқылы, кейіннен Михаэлис бастаған орыс зиялылары арқылы басталды. Екі жақты терең меңгерген білім, сөз жоқ, Абайды өзіне дейінгі әдебиеттен жаңа дүние іздеуге жетеледі.Замандастарының, әсіресе Г.Н. Потаниннің сипаттауында Халел әскери іспен қатар, көркем әдебиетті де жақсы меңгереді. Халиолла жөнінде Н.Г.Потанин:«Мне рассказывали об одном киргизском султане /уже умершем Уськенбаеве/, который окончил курс в Омском кадетском корпусе и потом жил на родине в степи около Семипалатинска, что он любил вечерами рассказывать своим землякам содержание русских повестей и романов, и киргизы с таким интересом его слушали, что просили его записать свои рассказы; таким образом, получались тетради, написанные по киргизски и содержавшие в себе вольный перевод произведений Тургенева, Лермонтова, Толстого и других. Иногда во время этих литературных вечеров в юрте киргизы пускались в рассуждения, и тогда как рассказывал очевидец, можно было слышать, как Уськенбаев пользовался русскими авторитетами. «Послушайте, а вот что об этом говорит известный русский критик Белинский», или «вот какого мнения об этом был русский критик Добролюбов» дейді. Халиолла орыс әдебиеті туралы ауылының жастарына жүйелі дәріс оқып отырған. Крыловты, Пушкин мен Лермонтов жырларын Абай ең алғаш осы Халиолланың аузынан естіп, кейіннен іздеп, құмарта оқиды. Әрхамның естелігі бойынша Халиолла дүниеден өткенде, оның денесімен қоса Омбыдан екі сандық қоса келіпті. Артында қалған нәрселерін іні-бауырлары бөліскен кезде, Абай бірден кітаптар мен қолжаз­баларға толы сандықты қалап алыпты. Бойындағы таланты ашылып үлгермей кеткен Халиолла бір сандық кітаппен бірге Абайдың санасына орыс әдебиетінің сәулесін құйып, рухани дүниесін байытып, тынысын кеңейтті. Халиолла оқуын тәмамдап, елге келгенде Құнанбаймен бұрыннан құда Тінібайдың Айғаным деген қызына ғашық болады. Құнанбай да, Абай да бұған қарсы болады. Қыз ағалары Жұмаділ мен Темірғали да тірі тұрып, Айғанымды Мәкіштің інісіне бермейді. Айғанымды Алматыға алып қашпақ болған ісінен түк шықпай, ақыры орыс сотына жүгінеді. Бұл кезде Айғаным Хәлелді танымаймын деп танады. Сөйтсе, басын айналдырып оқытылған екен. Көп ұзамай, Айғаным құсадан өліп, жігіт ел-жұртқа өкпелеп, Омбыға кетеді. Осы трагедиялық оқиғаны М.Әуезов көркем шығармасына арқау еткен. Әуезовтанушы ғалым Т.Жұртбай: «Екеуінің арасындағы трагедиялық қайғылы хал көркем шығармадағы Дәрмен мен Мәкеннің үйлену хикаясына телінген. Ұмытпасаңыз, дәл осындай жорамал «Қаракөз» пьесасына қатысты да айтылған»,- деп көркемдік шындық пен тарихи шындықтың тізгінін қатар ұстай отырып, жазушы қиялының астарына үңіледі.Әрхам естелігінде Халиолланың ақындығынан хабардар ететін төмендегі үзіндіге назар аударайық: «Халиолла ақын екен, қызды жоқтап, (Айғанымға қосыла алмағаннан кейін – Б.Е.) әділетсіздік қылып, ақшаға, қара күшке сатылған патшалық заңның бұғауына, параның үстемдігіне налып, көп өлеңдер жазады және өз басын да өлген адамға есептеп, жоқтау жазады. Содан есте қалған бір ауызы: Арғы атаң сенің Ырғызбай, Асауды жегіп үйреткен. Қалмақтың жығып балуанын Қабырғасын күйреткен,- деп басталады». Ә.Жиреншиннің: «Өлер алдында Халиолла ата-бабасының тарихы мен өз өмірін қосып, көп өлең жазып тастап кетіпті. Кейін ол өлген соң, жоқтаған әйелдер сол өлеңі мен тамаша сөздерін дауысқа қосып айтқан көрінеді»,- деген пікірі жоғарыдағы естелік сөзін бекіте түседі. Тамаша ақын, аудармашы Халиолла Өскенбаев – өнері ашылмай, қыршынынан қиылған талантты жастың бірі. Халиолла еңбегіне байланысты: «Кадет корпусының соңғы екі класында оқып жүріп, Халиолла Н.Ф.Костылецкийге қазақ тілінен көп сөздер жазып береді, оларды әрі қазақ тілінде аударып жазады. Оның ішінде «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Есім ханның ескі жолы», «Қазақ билерінің ерте кездегі шешімдері», тағы басқалары бар. XIX ғасырдың 90-жылдары Халиолланың жазулары Н.М.Ядринцевті, Н.И.Наумовты, Н.Н.Максимовты қатты толғандырды. Олардың ортасынан Н.И.Наумов пен Н.Н.Максимов «Дала уалаяты» газетіне хат жазып, Халиолланың жазуларын Омбыға жіберсе деп сұрады. «Еңлік-Кебектің» ғажайып әңгімесін Н.И.Наумов «Сибирь» газетіне және Ақмола облысының газетіне шығарды (1892). Халиолланың көп жазулары Н.Н.Максимовтың архивінде сақтаулы»,- деген ғалым Ә.Марғұланның құнды деректері әлі көп зерттеу жұмысын жүргізу керек екенін хабардар етеді. Төменде Омбыда оқуда жүрген Халиолла Өскенбаевқа жазған үш хаттың бірі – Абайдың хаты. Академик Әлкей Марғұлан 1938 жылы Санкт-Петербург қаласындағы И.Н.Березиннің архивінен көшіріп алып, сол замандағы саясатқа байланысты жиырма жылдай уақыт жасырып, жариялай алмады. Ақыры 1959 жылы 12 шілдеде «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланды.

Абайдың інісі Халиуллаға  жазған хаты

Сізге, ардақты және құрметті, жақсы көретін аяулы ініміз Халиулла мырзаға, бізден ағаңыз Ибраһимнен дұғай сәлем, және барлық ата-аналарыңыздан, аға-іні, жеңгелеріңізден көптеген-көп дұғай сәлемдер жолдадық. Құдайға шүкір, осы күнде өзің көрген жандар тегіс сәлематпыз. Сізбен, бізге хат жазған Қамаридден моллаға көптен-көп сәлем дегейсіз. Әрбір сізге дінқарындасы тұрғысынан қылған жақсылықтары аллатағаладан қайтсын, өзіне хат жазуға уақыттар болды. Аягөзге келген уақытта почта жүрерге асығуда екен, әртүрлі хаттарды да көрген соң, көңіліміз жай тапты. Және сізге жол қаржыға отыз теңге жібердім. Жаңа Семейге мағлұм еткен уақытыңызда құдайтағала қаласа ат тағайындармыз. Тәтеңіз білімнің қайнар бұлағын үйренгені турасында бек қуанып жатыр. Әрқашан құдайтағалаға сыйынып талап қыла көрсін дейді. Хатыңыз тиісімен ешбір тоқтамайынша Аягөзге келіп осы хатты жаздық. һардайым, таупықты, абыройлы, ғұмырыңызды тілеп хат жазушы, ағаңыз Ибраһим Құнанбайұлы деп білесіз. Тағы да көп-көп сәлем.

1900 жылында, 8 мартта

Абай әулетінің екі суреті

Абай заманында фотоға түсіру өнері өмірге енді ғана еніп жатқан болатын. Семей қаласында Каримовтардың, Кузнецовтардың, Белослюдовтардың фотоүйлері жұмыс істеді. Бұлар әртүрлі тапсырмалармен қыр даласына келіп, қажетті мекен-жайларды, айтулы адамдарды, қазақ тұрмыс-салттарын түсіріп алып, өз қажеттеріне жұмсады. Ресейдің ірі қалаларына апарып, көрмелер ұйымдастырып, альбом жасап сатты. Абай ауылының адамдары да суретке түсіп, өздеріне жинап, сақтауды әдетке айналдырды. Ауылдан қалаға қатынағанда, елге апарар сыйлығы фотосурет болды. Елге барып, фотоға түсірушілерді кезекпен қонақ етіп, фотоға түсіруге барынша әуестенген. Заман ағымына қарай байдың тұқымы, молда,т.б. деп қудалау басталған жылдары қолда бар суреттердің барлығын жыртып, өртеп, жасырып әуре болған. Тек кейбір жүректі адамдар ғана Абай, Шәкәрімдердің бірді-екілі фотосуреттерін жасырып, сақтап біздің заманымызға зорға жеткізген. Абай ауылындағы фотосуреттердің көптігі сондай, 1940 жылы Абай мұражайы ұйымдастырылғанда, Кәкітай Ысқақов пен Әрхам Кәкітайұлы Құнанбай, Абай туыстарының 44 фотосуретін екі жылдың ішінде жинап берген. Онда 78 адамның бейнесі болыпты. Амал қанша, соның ішінде данышпан ақынның екі фотосуреті ғана сақталған. Бұл суреттердің де сақталу тарихы өте күрделі. Ауыр жағдайды бастан кешірген бұл суреттер қудалауға ұшырап, Шымкент еліне жер аударылған Құнанбайдың, Күнтудың, Оразбайдың ұрпақтары өздерімен бірге жасырып, тығып ала кетіп сақтаған. Кейін Алматыда тұрған Мұхтар Әуезовке табыс еткен. Оның өзінде өз есімдерін айтпай, белгісіз біреулер бүркеншік атпен өткізуге тура келген. Соның бірі өзіміз куә болып жүрген данышпан ақынның екі суретінің алғашқысы – 1896 жылы Семей қаласында түсірілген Абай, Ақылбай, Мағауия фотосуреттері. Түпнұсқа. Ұзындығы мен ені 8-13 см. Абай мұражайына 1941 жылы 6 ақпанда №40 қабылдау актісі бойынша өткізілген. Фотоны тауып, сақтап мұражайға өткізуші – Мұхтар Әуезов. Мұражай қорының негізгі бір кітапшасында «Абай с сыновями Акылбаем и Турагулом (подлинник) снято 1896 году в Семипалатинске фотографом Н.Г.Кузнецовым. В дар музею Абай от Мухтар Омархановича Ауезова» деп жазып, қол қойған. Абай екінші рет 1897 жылдың жазында Жидебай жерінде өзінің отбасындағы адамдарымен фотосуретке түседі. Бұл сурет «Абай жанұясымен» деп аталады. Абай өзінің Жидебайдағы үй-ішімен жаз уақытында үйдің ішінде түсірілген. 1-қатарда; Пәкизат - бөрік киіп отырған қыз бала мен Әубәкір. Бұл екеуі Ақылбайдың балалары. Оспан бұл екеуін бауырына салып өсіріп, өз балам деп кеткен. Ортада отырған – Абай. Екінші қатардағы – Мағауия, Еркежан, Әубәкірдің әйелі Қамалия. Алдыңғы қатарда Тұрағұл отыр. Өкімет қудалауына ұшырағандықтан, кейінгі жылдарға дейін фотодағы бейнесі айтылмай қалыс қалып келді. Тек соңғы жылдардан бастап қана анық аталып жүр. Фотосуретті түпнұсқадан 1959 жылы қайта көшіріп, Абай мұражайына өткізген – Мұхтар Әуезов. Түпнұсқасы Алматыдағы М.Әуезов мұражайында сақтаулы. Негізгі қор кітабының 461\542 инвентарға тіркеулі. Көлемі 13-23 см. Ұлы ақынның бұл тарихи екі фотобейнесі ұзақ жылдардан бері мұражай экспозициясына қойылып, көрсетіліп келеді. Абайға байланысты көптеген басылымдарға шығып, танымал болды.

Абай Құнанбайұлының тұңғыш жинағы

«Қазақтың бас ақыны – Абай. Онан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» деген Ахмет Байтұрсыновтың сөзі Абайтанумен мәңгі жалғасып келеді. Міржақыптың сөзімен айтқанда, «Абай сынды ақынның қадірін білмеу – қазақ халқының зор кемшілігін көрсетуге толық жарайды». Абайдың асыл мұрасын аман сақтап, бүкіл халыққа таралуына Алаштың көсемі болған Әлихан Бөкейхановтың зор қатысы бар. 1900 жылдары Абайдың ақын шәкірттері, балалары – Ақылбай, Тұрағұлдар, інілері – Шәкәрім, Кәкітайлар, досы – Көкбай ақын өз заманында Әлихан Бөкейхановты қазақтың алғашқы оқымысты қамқор азаматы деп бағалаған. 1903 жылы Санкт-Петербургте басылып шығатын «Киргизский край» кітабының 18 томында Әлихан Бөкейхановтың «Қырғыз аймағының тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» атты мақаласы басылып шығады. Бұл мақалада Абайға ерекше тоқталып, оны қазақтың жаңа әдебиетінің көшбасшысы деп бағалайды. Формасы жағынан айрықша және мазмұнды өлеңдерінің авторы деп көрсетеді. Сөйтіп, Абайдың көзі тірісінде оны орыстың оқырман қауымына тұңғыш рет таныстырған адам – Әлихан Бөкейханов болады. Абай мұрасының баспадан кітап болып шығуына қалтқысыз қамқорлық жасаған – Әлихан Бөкейхановпен бірге өлеңдерін жинақтап бастыруға зор үлес қосқан Мүрсейіт Бікеұлы, Кәкітай Ысқақұлы, Тұрағұл Абайұлы еді. Әуелде мұны 1904 жылы Абай қайтыс болғаннан кейін Омбыдан оның балаларына хат жолдап, Семейден шығаруды ұйғарған Әлихан Бөкейханов ақынның өмірі мен қоғамдық қызметі жайлы алғаш көлемді мақала жазады. Абай дүниеден озған соң, екі жылдан кейін, «Семипалатинский листок» газетіне «Қазанама» (некролог) жариялайды. Ә.Бөкейхановтың басты арманы – Абай жинағын жарыққа шығару, ақын мұрасын қалың ел арасына тарату еді. Сол газетте Абай өлеңдерінің жинақ болып басылатыны жайлы айтады. Солай десе де, Абай жинағы басылып шықпай қалады. Оның себебі – Әлихан Бөкейханов 1906 жылы 8 қаңтарда Семейге сьезге қатыспақ болып, Керекуден келе жатқан жолында Тұзқала деген жерде тұтқынға алынады. Қайтарып апарып, Кереку түрмесіне жабады. Осы жолы ұсталған кезде оның партфелінде Абай өлеңдері жинағының қолжазбасы болады. Абақтыға жабылғаннан кейін, келесі күні жазған арызында ол өлең қолжазбаларының құнын 5000 сомға бағалап, оны сақтауға өтініш жазады. Көп кешікпей, айғақ болмағандықтан босайды. Халықтық тұлғаға айналған Әлиханды патша үкіметі үнемі қырына алып, 1908 жылы қайта қамауға алады. Іске ілініп, қудаланып жүріп те Абай өлеңдерінің баспада жатқанын естен шығармайды. Сөйтіп 1909 жылы Санкт-Петербургте І.Бораганскийдің баспасынан жарық көреді. Көптен күткен Абайдың тұңғыш жинағының жарық көруін алғаш рет Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсыновтар жазады. Абай өзінің шығармаларының жинақ болып басылуын көрмей кетті. Бірен-саран өлеңдері болмаса, Абайдың көзі тірісінде «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» деген өлеңін Жүсіпбек Шайықсіләмұлы деген адам Абайдың атын атамай бастырады. «Жаз», «Болыс болдым мінеки» деген өлеңдері 1886 жылы «Дала уәлаяты» газетіне Көкбай Жанатаевтың атымен жарық көреді. «Дала уәлаяты» газетінің 1889 жылғы 7-санында жарияланған «Жаз» «Жазды күн шілде болғанда» деп басталатын өлеңі «Семей уезі, Шыңғыс елінің қазағы Ибрагим Құнанбай ауылының Бақанас өзенінде Көкбейіт деген жерге қонып жатқандағы түрі» деген тақырыппен басылған. Сонда «Кісіден үйреніп жаздым. Көкбай Жанатайұлы» деп қол қойылған. Мұның өкініштісі Абай өлеңінің өз атынан жарияланбауы ғана емес, редакция тарапынан Абай сөзінің бұзылып, түрлі өзгерістерге түсуі. Әр жерде жеке жолдар қысқарып, өзгеріп отырған. Мәселен: Жазды күн шілде болғанда, Бәйшешек өсіп толғанда – деп кетеді. Ал, Мүрсейіт Қолжазбасы бойынша: Жазды күн шілде болғанда, Көкорай шалғын бәйшешек, Ұзарып өсіп толғанда – деп көркем көрсетілген. Абайдың көзі тірісінде жарық көрген баспа өлеңдерін кімнің бергені қалай жеткені нақты айтылмаған. Ал, «Жаз» өлеңін Абайдың ақын шәкірті Көкбай жібергені мәлім. Көкбайдың айтуы бойынша, өлеңдегі аяңшыл ат – Абайдың өзінің күрең төбелі. Айғайшы шалы сол жылы көрші қонған әнет Бармақ деген кісі, ал, құс салып жүрген жігіттер – өз балалары Ақылбай мен Әбдірахман. 1888 жылы май айында жазған «Болыс болдым мінеки» өлеңі Ақшатау деген жерде Семей облысы мен Жетісу облысының сьезі болғанда, бір уездің ел билеушілеріне арнағаны. Бұл «Дала уалаяты» газетінің 12 санында жарияланған. Абайдың алғашқы жинағында бұл өлең 148 жол болса, газетке 86 жол болып беріледі. Жеке сөз емес, тұтас шумақтар өзгеріп, бастырушылардың батылы жетпегендіктен қысқарып кеткен. Ақынның көзі тірісінде жарық көрген тағы екі өлеңі бар екенін кейіннен табылған деректер дәлелдеді. 1897 жылы Қазанда «Князь блан Загифа» қиссасында «Сынағандағы аттың сыны» (Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ), «Бүркіт» (Қансонарда бүркітші шығады аңға) деген белгілі екі өлеңі жарық көреді. Кітапты бастырушы Бектұрған Сиқымбайұлы «өлең етуші Жанұзақ Сиқымбайұлы» деп көрсеткен. Абай өзінің өлеңдері халық арасында қолжазба болып жайылғанын көреді. 1896 жылы баласы Тұрағұлды шақырып, қолжазба өлеңдерін жинауға тапсырма береді. Сондықтан да, жазып айтқан, жатша шығарған өлеңдері бізге жетпеген. Кейіннен Абай өлеңдерін жинаған кісілер Абайдың өлеңінің атын ғана айтып немесе бір жол өлеңмен ғана сақталып қалған. Тоғжанға арналған «Сап-сап көңілім, сап көңілім» өлеңі соңғы кезде табылды. 1882 жылы Лермонтовтан аударған тұңғыш аудармасы «Бородино» да түгел емес. Бізге белгілі көлемі 20 жолдық нұсқасы ғана сақталған. Абай мысқыл өлеңдерді көп жазғанымен, өзінің жауына қарсы айтпай, маңайындағы адамдарға арнап жазған. Мысқыл өлеңдері сол арнап жазған адамдары елге тарамасын деп жоқ қылып жібергенге ұқсайды. Мысалы «Қыздарға» деген өлеңіндегі Қыздар – Абайдың құрдасы. Абай сол құрдасының мінезін сықақ етіп жазған. Бұл өлеңді де Қыздар жыртып тастаған. 1896 жылдан бастап, 1916 жылға дейін Абайдың өлеңін көшіріп, ұқыптап жүрген жазуы маржандай Мүрсейіт молда сол уақыттың «баспаханасы» болды. Соңғы кезде кәсіпке айналдырып, 7-8 молда көшірген. Көшіргендер бір өлең үшін бір қойдың құнындай ақы алатын болған. Көшірушілер ақындар, елдің талантты жастары болады. Елдің ішіндегі қазақтың қыздары өздеріне Абайдың қолжазбасын көшіртіп, ұзатылғанда, өлеңнің бір данасын ала кететін болған. Бұл қазақ жастарының арасында Абай өлеңінің бағалы болғандығын көрсетеді. Абайдың көзі тірісінде баспа жүзін көрген екі өлеңінен кейін, Абай өлеңдерінің тұңғыш толық жинағы ақын дүниеден озғаннан кейін, 1909 жылы Санкт-Петербургтағы Ілияс Бораганский баспасынан жарық көреді. Абайтану шежіресінде алтын әріппен жазылған бұл оқиғаны Абайдың немере інісі – Әрхам Кәкітайұлы өз естелігінде былай баяндайды. «1906 жылы жаз шығып, киіз үй тіккенде, Кәкітай Абылайша қос тіккізіп, Мүрсейіт молланы шақыртып алып, «сен мына біз жинаған Абай өлеңдерін реттеп жаз» деп, оңаша қосқа отырғызды. Мүрсейіт асықпайтын, сұлу жазатын адам еді. Абай өлеңдерін бір ай шамасында дайындатып алып, Кәкітай Семейге өзі алып жүрді. Жол расходына екі семіз ат, екі семіз түйесін әкетті. Кәкітай малын ақшалап алып Омбы қаласына кеттім деп хат жазды. Одан кейін Омбыда бастыра алмадым, Қазан қаласына жүріп барамын деп, тағы да хат жазады. Бір жұмадан кейін үйге телеграмма келді: «Қазан қаласындағы баспаханалардың басуға уақыты болмады. Петербургтағы баспаханамен шарт жасастым, тез 200 сом ақша перевод ет деген. Айтқанындай, 200 сом жібердік. Кәкітай бір айда қайта оралды. Корректорлық міндетін өз мойнына алатын болыпты. Петербургтегі баспахана бір баспатабақ қағаз басып, Семейдегі Әнияр үйіне жібереді, Әнияр Кәкітайға жеткізіп тұрады. Кәкітай оның қатесін түзеп, Петербургке жөнелтеді» дейді. Осындай сергелдеңмен жүріп, Абайдың бірінші өлеңдер жинағы 1909 жылы үш жылда зорға жарыққа шығады. Мүрсейіт қолжазбасының негізінде жарық көрген 5339 жол өлеңінің 1090 жолы аударма болатын. Алғашқы басылымға кірмей қалған 17 өлеңі кейінгі зерттеушілердің еңбегімен сонан кейінгі басылымдарда толықтырылып берілді. Мұхтар Әуезовтың Абайтануға қосқан үлесі нәтижесінде ақынның кейінгі шыққан 1933, 1939, 1945 жылдардағы баспасындағы жинау, түзу нәтижесінде қара сөздерден басқа 10708 жол өлең қосылды. Сонымен Абайдың толық жинағын өзінен қалған архив болмағанның өзінде ғылыми зерттеулер мен іздеулердің арқасында бүгінге жеткен, қара сөздерден басқа 7133 жол еңбегі белгілі болды. Абайтанудың тарихында Абайға арналған алғашқы тексеру, түсініп, тану 1914 жылы ақынның қайтыс болғанына 10 жыл толуына байланысты еске алу «Алшархият» жиналысынан басталады. Осы жиналыста алғаш рет Абайдың шығармашылығы мен өмірі жөнінде қазақтан шыққан тұңғыш журналист қыз Нәзипа Құлжанова баяндама жасайды. 1924 жылы Абайдың дүниеден озғанына 20 жыл толуына орай, ақынның өмірі мен өлеңдері жайлы баяндама жасалып, ақын шәкірті – Көкбай Жанатаев Абай туралы есте сақтағанын айтады. Осы жылдары қазақ ғалымдары арасында Абай туралы теріс пікір айтушылар шығады. Абайдың өзі айтқан, «Біріңді қазақ бірің – дос, көрмесең істің бәрі бос» дегені қазақ үшін таң қаларлық іс емес еді. Бірақ, халық сол жылдардың өзінде де Абайынан ажыраған жоқ. Кез келген ақынды тану ең алдымен өмірбаяны мен шығармашылығын зерттеуден басталады. Биыл 120 жыл толып отырған тұңғыш басылымды 1909 жылы Санкт-Петербургтен немере інісі – Кәкітай Ысқақұлы араб алфавитімен бастырып шығарады. Кәкітай орысша жетік білген. Абай мектебінен ғана білім алған. Абайдың қасына еріп жүріп айтқандарын, ертегілерін құйма құлағына құя білген. 1900 жылдардың басында Құнанбай әулеті үлкен қайғыға душар болғанда, барлық ауыртпалықты осы Кәкітай көтереді. Жидебайда бала оқытып жүргенде, молда Мүрсейіт Бікеұлына өз ақшасын беріп, бұрыннан жинап жүрген Абай өлеңдерін көшіртіп, толықтырған. «Мен Абайдың қарызын ұмытпай, шамам келгенше қызмет етуді өз борышым деп біліп, арттағы жастарға қалдырған өсиетін, қазақ халқына істеген еңбегін баспаға бастырып, көпке таратуды міндетіме алдым» деп Абай баласы Тұрағұлмен бірге ақын мұрасын ыждағатты түрде жинастырады. Соның нәтижесінде Кәкітай құрастырған 56 өлең өзгеріске ұшырамай, өзінің түпнұсқалығын сақтап қалды. Кеңестік заманда Тұрағұл «халық жауы» деп танылған соң, жинақтың шығарушысы ретінде бертінге дейін Кәкітай ғана аталып келді. Кітаптың сыртқы мұқабасында: «Қазақ ақыны Ибрагим Құнанбай ұлының өлеңі. Бастырған: Кәкітай, Тұрағұл Құнанбай ұғландары. Спб., «Восточная электропечатная Н.Бораганского», 1909», - деп анық жазылған. Абай мұраларының сақталуына кепіл болған адамдар – Ғабитхан, Кішкене молда, Самарбай, Дайырбай молдалар т.б. да жинастырған. Солардың ішінде ерекше еңбегі бар адам – Мүрсейіт Бікеұлы еді. Ол 1916 жылы қайтыс болды. Орысша ептеп білетін адам болған. Абай сөзін керек еткендер Мүрсейітке тапсырма беріп отырған. Сол кездегі қалыптаспаған емлеге байланысты көшірмеде кемшіліктердің кетіп отыруы осы күнге дейін Абай шығармашылығын зерттеуге кеселін тигізіп келеді. Бізге Абай еңбектерінің түпнұсқасы Бікеұлының 1905, 1907, 1910 жылдардағы үш қолжазбасы арқылы жеткен. Мүрсейіт Бікеұлының Абайтану ғылымына қосқан үлесі зор.

913 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз