• Ұлттану
  • 02 Мамыр, 2020

ДӘСТҮРІН АРДАҚТАҒАН

Тәуелсіз еліміздің тарихында Алматы қаласында 1992 жылы тұңғыш рет Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өткені белгілі. Құрылтайға әлемнің 33-елінен 800-ден аса өкіл қатысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол бір алқалы жиында сөйлеген сөзінде: «Бүгінгі күн – ерекше күн. Орта толды деген осы. Дәл осынау сәтте өзін қазақпын деп сезінетін әрбір адам жүрегі лүпілдеп, атамекеніне, тәуелсіз Қазақстанның астанасы Алматыға көз тігуде. Өйткені мұнда дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі иісі қазақ атаулының өкілдері тұңғыш рет бастарын қосып, алқалы жиын, салтанатты мәжіліс - Құрылтайға жиналып отыр. Күні кеше ғана мұндай болады деген ой көбіміздің қиялымызға кірмеген шығар. Енді, міне, аңсаған арманның тағы біріне қол жеткіздік. Сан ғасырға созылған отаршылдықтың бұғауынан босанып, таяуда ғана тәуелсіздік алса да, қысқа мерзім ішінде бүкіл айдай әлем түгел мойындап, абыройы асып үлгірген Қазақстан жұртшылығы сіздерді, ардақты ағайын, туған жерде құшақ жая қарсы алып жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Мен Республика Президенті ретінде бәріңізді Дүниежүзі қазақтары Құрылтайының салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға: «Туған жерге қош келдіңіздер!» деп атап өтті.

Қазақстан өз аумағынан тыс өмір сүріп жатқан қандастарын атажұртына жинап жатқан әлемдегі төрт-бес елдің бірі. Елбасы Дүниежүзі қазақтарының 5-ші құрылтайында Қазақстанның қоғамдық жаңаруы аясында шетелдегі қазақтарды қолдауға бағытталған бірқатар тапсырмалар беріп, Үкімет 2018-2022 жылдарға арналған шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөнінде іс-шаралар жоспарын да бекітті. Осынау келелі шаралардың нәтижесінде 2018 жылдың қазан айынан бастап Тұңғыш Президенттің тапсырмасына сәйкес «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жұмыс істей бастады.  «Отандастар қорының» басты міндеті – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп, әлем қазақтарын бір шаңырақ астына топтастыру болса, мақсаты – ұлттық бірегейлікті сақтау, еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу, қазақ диаспорасы бойынша мемлекеттік саясатты қалыптастыру екені БАҚ беттерінде айтылды.

Иә, мемлекетіміз сырттағы қандастармен әрдайым байланыс орнатып, атамекенге қоныс аударып жатқандарға да барынша қолдау көрсетіп келеді. Қазақстанға әлемнің көптеген елдерінен көшіп келген қазақтар республиканың қоғамдық өмірге белсене араласып, білікті маман ретінде үлес қосуда. Олардың арасында ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер адамдары аз емес. Тағдырдың қиыншылықтарына тап болып, туған елден, жерден жырақта жүрсе де ата дәстүрін ұмытпаған, салтын сақтап, құрметтеген қандастарымыз бүгінде атамекенде төл мәдениетімізді жаңғырту бағытында, оларды жас ұрпақтың бойына сіңіруге үлес қосып келеді.

Соның бір көрінісі бұл – Амал мерекесі, яғни Көрісу күніне байланысты іс-шараларды қолға алуында дер едік.  14 наурыз күні жасы кішілер қала мен ауылдарда ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерге барып, қос қолын беріп, көріседі. Бұл күні жасы үлкендер кішілерді күтіп, келгендерге «Бір жасыңмен! Жас қайырлы болсын, өмір жасың ұзақ болсын!» деп ерекше мейіріммен батасын береді. Осы күні әр үйде дастархан жайылып, ұлттық тағамдар қойылып, адамдар бір-бірімен құшақ жая амандасып, есендік сұрасады. Көңілде өкпе-реніштері болса, кешіреді. Татулыққа бастайтын бұл жол ислам қағидаттарына да өте жақын. Көрісу мерекесі Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Ақтөбенің кейбір аудандарында, Ресейдің көршілес Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақстанда аталып өтіледі. Маңғыстауда Амал мерекесі 14 наурыз күні басталып, жалғаса береді. Соңғы жылдары Қазақстанда мейрам аясы кеңейе түсуде.

Мәселен, биыл Алматы облысы Еңбекші ауылында елімізде төтеншге жағдай жарияланбай тұрып, Көрісу күні сән-салтанатымен өткізілген болатын. Бұл жайында осынау іс-шараның басы-қасында болған Мырзабай Ахметов өз ойын былай деп жеткізді: «Өзіміздің ата салтымыз бойынша, Амал мерекесін, Көрісу дәстүрін Алматы облысы Еңбекші ауылында өткіздік. Мұның тарихи мақсаты бар. Ең бірінші мақсаты – Көрісу дәстүрін дәстүр бойынша жалғастыру, жаңғырту. Екінші мақсатымыз - Түркіменстандағы Мәдениет ауылынан түлеп ұшқан ауылдастарымыздың басын қосып, дүниеден өткен ата-бабаларымызға құран оқытып, хатым түсіру. Өйткені қаншама игі жақсылар өмірден өтіп кетті. Біреулер есімізде бар, біреулері есімізде жоқ дегендей. Соларды еске алайық, тағзым етейік дедік. Шараға ел азаматтары қатысты. Ақсақалдарымыз, ұлағатты ұстаздарымыз бата берді. Үшінші мақсат - өзіміз көптен жүздеспеген ауылдастарымызбен жүздесейік, амандық-саулық сұрасайық дедік. Төртіншіден, жастар бір-бірін біліп, танып жүрсін деген ой болды. Құдайға шүкір, елдің есінде қалар бір тамаша басқосу өтті ғой деп есептеймін. Мерекелік шараны ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматтарға, жерлестерімізге үлкен алғыс айтамыз» деді Мырзабай Ахметов.

«Туған жерге тағзым» шарасын Мәдениет ауылынан шыққан азаматтар - Мырзабай Ахметов, Әбдіқадір Сәндібаев, Қалаубай Джаниязов, Жұмабай Әділмағанбетов, Қайырғали Ужазов, Мырзағали Нұрақов, Андрей Абулғазиев, Асқар Туғанбаев, Тоғызбай Алдамжаровтар жоғары деңгейде ұйымдастырды. Мәртебелі басқосуда атақты ақын Сағи Жиенбаевтың жары Уәзипа Жиенбаева, белгілі жазушы, қоғам қайраткері Смағұл Елубай, Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Батыр ауылының әкімі Оңдабаев Қалнияз, Батыр ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Жұппанов Қыдырбай, ардагер-ұстаз Аманкелді Ужазов, Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Құрық ауылы ақсақалдар алқасының мүшесі Мисекен Нұрғалиев, ҚР Парламентінің фототілшісі Сайлыбай Майлыбаев, Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің және Ресей жаратылыстану академиясының профессоры педагогика ғылымының кандидаты Назира Сәндібаева, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Жаратылыстану және география институтының доценті Андрей Абулғазиев белгілі әнші-композитор Жалғас Кеңесов және т.б. азаматтар жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Адамның кіндік қаны тамған туған жері қашанда қымбат, қашанда қадірлі. Әйгілі жырауларымыз «Кіндік қаным тамған жер, кір-қоңымды жуған жер» деп тектен-тек жырламаса керек-ті. Ал қазақ мақалы айтады «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» десе, Қаздауысты Қазыбек бабамыз: «Туып-өскен жерің – қымбат, Отан-Ана елің қымбат» демеп пе еді. Қандай ғажайып теңеу, құдыретті сөздер.  Осы орайда, ауыл ақсақалдары Мұса Өміров, Рысбай Дүйсенов, Сағи Ержанов, Ережеп Тәжімұратов, Тектұрған Нұрақов, Жомарт Қошмағанбетов, Құрбанбай Базарбаев, Сабыр Дүйсеновтер той барысында шынайы жүректен шыққан тілектерін айтып, баталарын берді.

Байтақ тарихымызға зер салсақ, қазақ халқы Жұбан Молдағалиев жырлағандай, «Мың өліп, мың тірілді». Небір қиын кезеңдерді, зұлмат жылдарды басынан кешірді. Ол «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл Сұлама» заманы, жоңғар шапқыншылығы, нәубет жылдар, ашаршылық, репрессиялар...айта берсек сансыз көп. Осындай ауыр кезеңдер іргесі бүтін, түтіні түзу елді жан-жаққа тарыдай шашыратты. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп қайғы-қасіретке толы әнде айтылғандай, үдере көшкен ел-жұрт ұрпақты сақтау үшін шекара асуға мәжбүр болды...

Қазір әлемде Қазақстаннан тыс жерде бес миллиондай қазақ бар дейтін болсақ, ол сол кездегі ағайындардың бүгінге жеткен, жырақта түтін түтетіп, өсіп-өнген ұрпақтары ғой. Тойдың тағылымы бөлек. Онда көпшілік қауыммен бірге ардагер ұстаздар да болды. Атап айтқанда, Ізбасқан Сарходжаев, Аманкелді Ужазов, Қыдырбай Жұппанов, Кеңес Нұрымов, Сағима Сарбалаева, Қалимаш Сәндібаева, Тұрсын Жаманқараева, Мұқаншәріп Нұрғалиев, Орынбасар Мәденов, Қадір Қарашаш, Ұлбалай Лұқманова, Роза Ұбайдуллаева, Қалдыгүл Нұрғалиеваларға құрмет көрсетілді. Қазақ күресінен Алматы облысындағы дүбірлі жарыста топ жарып, бас жүлдеге ие болған Ерасыл Майлыбаев, бокстан еліміздің жасөспірімдер арасындағы чемпионы Азат Жаңабай (Ақтөбе облысы); спорт шебері, бокстан Қазақстан Республикасы «Батыс» аймақтық чемпионы Нұртілек Абай (Маңғыстау облысы, Жаңа-Өзен қаласы), таэквондо спортынан жастар арасындағы ел чемпионы Шыңғыс Сәндібаев ел алдына құрметпен шақырылып, көпшілікке таныстырылды. Сый-сыяпаттар берілді. «Туған жерге тағзым» атты шарасына демеушілік көрсеткен Жаңабай Еңсепов, Ғалымбек Нұрымов, Асихан Әбдіхалыққызы, Ильяс Омаров, Мырзабай Ахметовтерге жұртшылықтың айтар алғысы қашанда мол.

Қуандық ТҰРАҚБАЕВ,

Еңбекші орта мектебі дене

шынықтыру пәнінің мұғалімі

Алматы облысы, Қарасай ауданы

 

454 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз