• Келелі кеңес
  • 02 Мамыр, 2020

ӘЛ-ФАРАБИ: ЗАМАН, ҚОҒАМ, ӨРКЕНИЕТ

Биыл Отырардан шыққан ойшыл, ғұлама ғалым, философ әл-Фараби бабамыздың туғанына 1150 жыл толып отыр. Бұл қазақ елі үшін ғана емес, әлем философиясы үшін де айтулы оқиға. Себебі әл-Фараби Аристотельден кейін «Екінші ұстаз» атанған тұлға. Бүгінгі таңда біз бабамыздың мұрасын қалай зерттеп, қалай танып жүрміз? Әл-Фараби қазақ үшін кім? Осы және өзге де сауалдарды журналымыздың «Келелі кеңес» айдарында фарабитанушы ғалымдарды шақыра отырып, руханиятымыз үшін маңызды әңгіме өрбіткен едік. Басқосуға Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, белгілі шығыстанушы, ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі, философ, фарабитанушы Жақыпбек Алтаев, философ, публицист Әбдірашит Бәкірұлы, шығыстанушы Төрәлі Қыдыр қатысты. «Келелі кеңесті» «Aqiqat» журналының Бас редакторы Дәуіржан Төлебаев жүргізіп отырды.

– Әл-Фараби бабамыздың Шығыс пен Батыс философиясына һәм әлемдік философияға жасаған ықпал-әсері жайында көп айтылып, жазылып жүр. Ғалымның соңында қалған ұлан-ғайыр еңбектері де зерттеліп, талай монографиялар, іргелі дүниелер де жарық көруде. Мәселеге осы тұрғыдан келгенімізде, әл-Фараби түркі халқын былай қойғанда, біз, яғни, қазақ үшін кім? Бүгінгі «Келелі кеңесімізді» осы сауалдан бастап өрбітсек. Әрі қарай да бабамыздың өмірі мен шығармашылығына қатысты өзге де қырлары ашыла жатар.

Әбсаттар ДЕРБІСӘЛІ: – Әл-Фараби есімін өз басым тұңғыш рет сонау 1970 жылы естідім. Онда да бір ұлы адамнан естідім. Сол оқиғаның тарихына азды-көпті тоқталып өтейін. Мәскеудің Шығыстану институтында оқып жүрген кезім. Жасым жиырмадан енді асқан. Институттың директоры атақты тарихшы Бабаджан Гафуров деген кісі. Тәжікстан Компартиясында он жыл бірінші хатшы болып қызмет істеген. Бір күні мені шақырып жатыр деген хабар келді. Ол кісінің алдына бару деген қайда. Үлкен тұлға, белгілі ғалым. Сөйтіп, кабинетіне кірдім. Менен: «Ана тіліңіз қай тіл?» – деп сұрады. «Қазақ тілі», – дедім. «Сіз қазақ мектебін бітіргенсіз бе?» – деді. «Иә», – дедім. «Маған керегі де сол еді», – деді. Таң қалдым. «Сіз Машанов деген кісіні танисыз ба?» – деді. «Танымаймын», – дедім. «Ал Көбесов деген кісіні танисыз ба?» – деді. «Танымаймын», – дедім. Шынымды айттым. Өйткені, бұл кісілер жайында естімегем. Бабаджан Ғафуров: «Олар әл-Фараби туралы кітап жазған ғалымдар. Екеуі де бір тақырыпқа. Сол кітапты маған жіберді. Сіз сол кітаптар туралы реферат жазып бересіз бе?» – деді. Жазып берейін дедім. «Қанша уақыт керек?» – деді. Бір апта деп едім, ол кісі дана адам ғой. «Бір апта жетпейді, мен сізге бір ай берейін», – деді. Бір айда жазып, апарып бердім. Қатты риза болды. Міне, сөйтіп, менің әл-Фарабимен танысуым осылай басталды. Содан ғұламаның мұрасын кеңінен тануға ден қоя бастадым. 1973 жылы Мәскеудегі Ленин атындағы кітапханадан доктор Арберий деген ғалымның мақаласын ұшыраттым. Ол әл-Фарабидің «Өлең өнерінің қағидалары туралы» трактатын Үнді елінен тауып, сол жайында журналға мақала жазған екен. Содан кейін 1975 жылы әл-Фарабидің үлкен конференциясы өтті. Конференцияда Фараби мұрасын зерттеп жүрген Машановпен де, Көбесовпен де танысудың сәті туды. Әл-Фарабиден екі ғасыр кейін өмір сүрген Ибн Халикан деген кісінің «Ұлы адамдардың қазасы» деген 7 томдық еңбегінің әл-Фарабиге арналған бір тарауын көріп, қатты риза болып, соны қазақ тіліне аудардым. Кейін ол Машановтың алғысөзімен «Жас алаш» газетінде жарияланды. Міне, менің әл-Фараби шығармаларымен танысуым осылай басталған.

Бәріңіз жақсы білесіздер, Кеңес Одағы тұсында, қазақ халқының екі пайызы ғана сауатты болды. Бізді «Сендердің тарихтарың жоқ. Тарихтарың октябрь съезінен басталады» деп үйретті. Біз соған сендік. Солай оқыдық. Оқулықтарда да солай жазылып еді ғой. Ал шын мәнінде біздің тарихымыз да, руханиятымыз бен мәдениетіміз де өте бай халықпыз ғой. Қаншама тұлғаларымыз бар. Өкінішке қарай, «Қазақстан тарихының» ІІ-ші томын қарасаң, айналдырып 4-5 кісіні ғана айта берген. Басқа ешкімді айтпайды. Әл-Фараби, Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Яссауи. Болды. Бірнеше бет қана. Көп болса, екі бет шығар. Басқа ешқандай өзгеріс жоқ. Ал менің сол жылдары тапқаным 250-ден астам. Одан бөлек әл-Фарабилердің өзі 30-дан асып кетті. 1997 жылы «Казахстанская правда» газетінің тілшісі келіп сұрады. Сол кездің өзінде 11 әл-Фараби бар екен. Қазір олардың саны 30-32-ге жетті. Бұдан басқа да бар-ау деп шамалап отырмыз. Жалпы, осы орайда айтайын дегенім, біздің қазақ халқы ислам дінін қабылдап ғана қойған жоқ, ислам өркениетін, мәдениетін байытуға да үлкен үлес қосты деп есептеймін. Соның ішіндегі ең атақтысы, ең бірегейі – Әбу Насыр әл-Фараби екені анық. Әл-Фараби 870 жылы Отырарда туды. Бұл исламның келгеніне бір ғасырдай болған уақыт. Өйткені, 752 жылдары Таразда қытайлармен шайқас болды. Сонда арасы бір ғасырдай. Енді ойлаймын, әл-Фарабидің әкесі исламды қабылдаған деп. Бірақ арғы ата-бабалары ислам дінін қабылдап үлгермеген. Менің ойымша, әл-Фарабидің әкесі әскери отбасыдан шыққан білімді адам болуы керек. Өйткені, баласын исламның орталығы Бағдат шаһарына жайдан-жай жібермейді ғой. Таңқалатын бір жағдай – бұл кісі Араб еліне барғанда арабша білмейтін еді. Өзінің ана тілі – түркі тілі болған. Бірақ араб тілін білмеген. Содан барып араб тілінен басқа да көптеген тілдерді меңгерді. Соның ішінде грек тілі мен көне грек тілін. Бұл екінің бірінде кездесе бермейтін үлкен құбылыс. Аристотельдің шығармаларына комментарийлер жазды. Ғажап нәрсе ғой. 32 әл-Фарабидің арасынан осындай адамның шығуы өз кезеңінде де, қазіргі кезде де біздің мақтанышымыз. Сонымен қатар, ислам әлемінің де, тіпті, әлемнің де мақтанышы десек, артық айтқандық емес. Себебі әлемде әл-Фарабиді білмейтін адам жоқ. Осыдан екі жыл бұрын Санкт-Петербург қаласында бір концерт өтті. Концертте жапон кісісі келіп: «Сіз қазақсыз ба?» – деп сұрады. «Иә, қазақпын», – дедім. «Мен Токиодағы философия институтының директорымын», – деді. Қасында аудармашысы бар екен. «Әл-Фарабиді білесіз бе?» – деді. «Біліп қана қоймаймын, ол менің жерлесім, бабамыз», – дедім. Әлгі адам маған әл-Фарабиді, оның шығармаларын зерттеумен айналысатынын айтты. Бұл әл-Фарабиді бүкіл әлем таниды деген сөзіме байланысты айтылған бір ғана мысал. Мұндай мысалдар, айта берсек, өте көп.

Әл-Фарабидің бір ерекшелігі – ол жазбаған, ол қамтымаған тақырып жоқтың қасы. Заманында қандай ғылым саласы болды, соның бәріне қалам тербеген. Екінші бір ерекшелігі – ғылымды жүйелеген. Біреулер айтуы мүмкін, ғылымды Аристотель де жүйеледі ғой деп. Бірақ әл-Фараби ислам әлемінде бірінші болып жүйеледі ғой. Барлық ғылымды орны-орнына қойған. Мынау физика, мынау химия, мынау философия деп жіктеп берген. Тіпті, филологияның өзін бөлген. Ғажап қой!

Жақыпбек АЛТАЕВ:– Көпшілік тұрғыдан мойын-далған дерек бойын-ша, әл-Фараби 870 жылы дүниеге келген делінеді. Бірақ, ғұламаның өмірге келу жылына байланысты кейбір дереккөздерінде 871, 873 деген даталар да айтылады. Бірақ Бабаджан Ғафуров, Ағын Қасымжанов, Ауданбек Көбесов ағаларымыздың және шетелдік біраз ғалымдардың айтуынша, Фарабидің туылған жылы 870 жыл деп, осы датаға тоқтаған. Себебі әл-Фараби 80 жасында қайтыс болды дейді. 80 жас болса, 950 жылға сәйкес келеді. Ал 950 жылдан 80 жылды шегерсек, 870 жыл шығады. Одан кейін көп мағлұматтарда Отырардан жиырма жасында аттанған дейді. Меніңше, ол 20 жасында емес, 40 жасында кеткен. Өйткені, Бағдатта 20 жылдай тұрды. Ол кезде тілді білген жоқ. Бағдатта тіл үйренді. Бұл жерде бір айта кетерлігі, еуропалықтар ол кезде грек тілін білген жоқ. Сондықтан, олардың антикалық философиядан хабары жоқ еді.

Әл-Фараби қазақ үшін кім деген сауалға келсек, менің пайымдауым бойынша, Фарабидің шыққан руы, тегі, жүзі, ұлты туралы сөз қозғамау керек. Өйткені, біз оны белгілі бір ұлтқа, руға теліп қойсақ, ол дұрыс болмайды. Қазақтар қазақ дейді. Өзбектер өздеріне жақын тартады. Парсылар парсы қылғысы келеді. Меніңше, әл-Фарабиге мұндай көзқараспен қарауға болмайды.

Әбсаттар ДЕРБІСӘЛІ: – Мен осы ойыңызды әрі қарай бір оқиғамен жалғай түсейін. Кезінде әл-Фарабидің 1100 жылдығын тойлау Ташкентте белгіленген еді. Тойға дайындық қызу жүріп жатқан. Бірде Суслов Гафуровты шақырып алып: «Мында әл-Фарабидің 1100 жылдығына дайындық жүріп жатыр. Сенің институтың не істеп жатыр?» – деп сұрапты. Гафуров: «Кешіріңіз, Фараби деген Фараб деген қаладан шыққан. Ол қала Қазақстанда. Мен – тарихшымын. Ертең екі бауырлас халық бір-бірімен тартысты, әл-Фарабиге таласты» деген шу болмай ма?» – деген ғой. Сөйтіп Суслов Гафуровқа барлығын егжей-тегжейлі жазып әкелуін сұрайды. Гафуров бәрін тап-тұйнақтай етіп жазған. Сондағы көзқарасы былайша өрбиді: «Әл-Фарабиді қазақ деуге бола ма? Ол кезде қазақ халқы тарих сахнасына жеке ұлт ретінде көтерілген жоқ. Сондықтан, бұл көзқарас дұрыс емес. Әл-Фарабидің Отырарда туғаны рас, түркі тайпасынан шыққан өкіл. Сол түркі тайпасы кейін қазақ халқының құрамына енді». Сөйтіп, Гафуров бұл мәселенің нүктесін өте дәлелді түрде  қойып берген. Ақылы бар ойлы адамға әрі қарай бәрі де түсінікті.

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ: – 1976 жылы әл-Фарабиге арналған конференцияға қатыстым. Сол кезде Ағжан Машани ағамыз баяндама жасады. Сонда біраз жайттарды айтты. Сөзінен байқағанымыз, әл-Фарабиге байланысты талас-тартыс төрт жылдай жүрген екен. Машани Ташкентке барып баяндама жасапты. Өзбектердің Фарабиге байланысты беті қатты дейді. Өздеріне меншіктеп алғандай. Жиында Фарабиді түркі халықтарының ортақ құндылығы ретінде тануға шақырған екен. Барлығы келіскенімен, өзбектер бұл көзқарасты қабылдай қоймапты. Алматыға оралысымен жағдайдың қиын болып бара жатқанын түсінген Машани Қонаевқа жолығады, Сәтбаевтармен сөйлеседі. Мәскеуде Ғафуров бар, Алматыда Қасымжанов бар. Әл-Фарабиді зерттеу жөнінде мықты шығармашылық топ құрылады. Жұмысқа кірісіп кетеді. 4 жылда Мәскеуден зерттеу еңбектері шығады. Қысқасы, әл-Фарабидің Отырардан шыққаны дәлелденеді. Сөйтіп, Мәскеудегі басшылар әл-Фарабиге арналған конференцияны Алматыда өткізуге болады деген рұқсат береді. Қарап тұрсаңыз, бұл да бір тарихи оқиға.

Төрәлі ҚЫДЫР: – Ұстаз-дарымыз жаңа жақсы нәрселерді айтып жатыр. Әл-Фараби деген кім, қазақ үшін кім деген мәселеден бастасақ. Дін деген үлкен феномен ғой. Дін келіп мәдениетіңнің, өркениетіңнің түбегейлі негізін қалап береді. Мысалға алатын болсақ, 7 ғасырда дін тарих сахнасына шыққан болса, 9-шы ғасырға дейінгі аралықта үнсіздік бар. Бұл тек бізде ғана емес, жалпы ислам әлемінде екі ғасыр бойғы үнсіздік. Өйткені, дін келген бойда бірден өзінің жемісін бере қоймайды. Ата қабылдайды. Әке бойына сіңіреді. Баламен тұтастанады. Немере, шөбере тұсында жемісін бере бастайды.

Әл-Фараби кім деген уақытта ол кісі ислам өркениетінің алғашқы  шебінде тұрған, ислам әлемінен шыққан ірі ғұлама ғалым. Осылай деп атауымыз керек. Оны кейде «Муалима сани» деп атап жатады. Жалпы, ислам әлемінде бірінші емес, екінші болған дұрыс шығар. Яссауидің де еңбегі «Дафтару сани». Медреседе де бірінші оқылатын еңбегі «Муалима сани». Менің ойымша, бірінші орын бос емес. Себебі бірінші орында – Жаратушының өзі тұр.

Парсы тілін оқығанда, Иранға барғанбыз. Иранда бір профессор: «Әл-Фараби сендердікі ме?» – деп сұрады. «Иә, біздікі», – деп жауап бердік. «Жоқ, ол біздікі», – деді. Сөйтіп, өзінің уәжін айтып, дәлелдер келтіргендей болды. 2003 жылы Президенттің грантымен Тегеранға 3 айлық оқуға бардым. Ол қалада «Мәжіліс кітапханасы» деген үлкен кітапхана бар. Қолжазба қоры өте бай. Шамасы, үш жүз мыңның үстінде қолжазба қоры сақталған болуы керек. Кітапханадан түркілерге қатысты не бар екен деп іздей бастадым. Сөйтсем, бір ақсақал отыр екен. Сол кісі Қашқаридің үш томдық еңбегін көрсетті. Басқа не бар, деп сұрастырсақ, біз өзіміз де білмейміз не жатқанын деді. Себебі жартысы картотекаға түспеген. Бір кітапқа тапсырыс бергенбіз, Құдайдың қалауымен «Жеті материк» деген кітап қолымызға тиді. Әлгі кітапты парақтап қарап отырсам, «Тараз – ғұламалар мекені» деп жазылыпты. Соның ішінде Фараби жайында айтылады. Бұл 16 ғасырдың соңында, 17 ғасырдың басында жазылған қолжазба. Онда әл-Фарабидің Фарабтан шыққаны жазылған, картасымен берілген. Соны өздеріне дәлел ретінде ұсынып, көрсетем ғой. Түркі дүниесінен шыққан деп. Әбсаттар ағамыз жаңа айтып кеткендей, түрік тұрса, Тархан тұрса, Ұзлағ тұрса, таласудың қажеті жоқ емес пе. Расымен де, Иран ғалымдарының көбісі мойындайды. Жалаң ұлтшылдық деген барлық жерде бар ғой. Сондайлар ғана мойындағылары келмейді. Оларға өздерінің аргументтерімен дәлелдеген дұрыс.

–  Әл-Фарабидің әлемдік ғылым саласындағы орны қандай? Бір жолы халиф әл-Фарабиге мынадай сұрақ қойған екен:«Осы сені оқудың түбіне жетті» деп естимін. Сонда сен көп білесің бе, әлде Аристотель көп біле ме?» депті. Фараби оған: «Егер, мен оның заманында өмір сүрген болсам, сөзсіз, оның үздік шәкірттерінің бірі болар едім, депті, – деген де әңгіме бар. Осы орайда Фараби ілімінің Еуропа данышпандарымен үндесіп, үйлесуіндегі кейбір сырларға тоқталып өтсеңіздер.

Әбсаттар ДЕРБІСӘЛІ: – Әлемде Аристотель, одан да басқа грек ғалымдарының шығармаларына түсініктеме, комментарий жазғандар көп. Бірақ барлығы грек ғалымдарының түпкі ойын аша алмаған. Оны ашу үшін тілді жақсы білу керек.Тек тілді ғана емес, философияны да жақсы білу керек. Әбу-Әли Ибн Синаның айтқаны бар: «Бірде базарды аралап келе жатсам, әл-Фарабидің түсіндірмесі қолыма түсті. Көзім шайдай ашылды. Қатты қуанғаннан садақа үлестірдім» деген. Сонда бұл жайдан-жай айтылған нәрсе емес. Яғни, ол грек тілін жақсы білген. Харам деген қала бар екен. Зерттедім. Бұл қала қайда дедім. Сөйтсем, бұл Харам деген Грекияға жақын жақта орналасыпты. Түркияның батыс жағындағы теңіз жағында екен. Ол қазір де бар. Қазірге дейін жеткен. Ол сол ортада болды. Грек тілінің ортасында. Әйтпесе, Бағдатта жүріп грек тілін қалай меңгереді? Сондай ортада болу арқылы грек тілін білді.

Жақыпбек АЛТАЕВ: – Аристотельдің ұстазы Платон ғой. Араб мемлекеттеріндегі қауымның көбісін біз Аристотельдің шәкірті дейміз ғой. Негізінде олар Платонды үлгі тұтады. Өйткені, шындығында да мемлекет мәселелерінде, мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздерінде, азамат саясаты болсын, өзге де көп еңбектерінде әл-Фараби көп жағдайда сол Платонға ден қояды, назар аударады. Бірақ біз оны айтамыз: Аристотельдің шәкірті деп. Кейбір еуропалық ғалымдардың еңбектерін оқығанымда, «Фараби логика саласы бойынша да, музыка саласы бойынша да жоғары» деген көзқарас айтқан.

Фарабидің басқа ғалымдардан ерекшелігі – оның жүйе жасауында. Яғни, ол философиялық жүйе жасады. Фарабидің ерекшелігі сонда. Әйтпесе, Фарабиге дейін де, одан кейін де ғалымдар болды. Фараби Платон мен Аристотельге мойынұсынғаны рас. Бірақ дегенмен де, ол бәрін қабылдай алған жоқ. Олардың философиясы мен исламдық философияны салыстыра отырып, зерттеді. Егер де, олардың кейбір көзқарастары исламдық философияға сәйкеспесе, оны қабылдаған жоқ. Өйткені, оларда көпқұдайлылық. Ал исламда бір Жаратушы. Сондықтан да, ислам философиясына, ислам дүниетанымына қарама-қайшы келетін тұстарды өзіне алған жоқ. Сондықтан, Фараби тек қана солардың еңбегіне комментарийлер жазып қана қоймай, өз тарапынан да қаншама еңбектер жазды.

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ: – Әл-Фараби мен Абай – қазақ халқының интеллектуалдық бренді. Ол туралы арнайы мақала да жазғанмын. Бірқатар газеттерде, сайттарда басылды. Әл-Фарабиді бүкіл әлем таниды деп айтып жатырмыз. Керек десеңіз, әлемнің тануы арқылы біз өзіміз де әл-Фарабиді танып, біліп жатырмыз. Менің ойымша, біз әл-Фарабиді қазақтандыру мәселесімен көп айналысуымыз керек. Яғни, әл-Фарабидің барлық еңбектерін халқымызға жеткізіп, оны Абай сияқты танытуымыз керек. Әл-Фараби тәуелсіз Қазақстанның ықпалымен қайтадан әлемге тараса, сонда біз әл-Фарабиді өзіміздің толықтай ұлы бабамыз екенін дәлелдейміз. Бұл қазіргі ұрпақтың интеллектуалдық парызы дер едім.

Жалпы, айтайын дегенім, әл-Фарабидің барлық шығармашылық, философтық қызметі Антикалық мәдениетпен байла­нысып жатыр. Әрине, араб өркениетінің ол кездегі ошағы Бағдат қаласы болды. Қазір, мысалы, әлемде білім мен ғылымның, мәдениеттің көптеген ошақтары, орта­лықтары бар. Бұрын Кеңестік кезеңде орталық Мәскеу қаласы болды. Бағдат шаһары да Азияны қамтыған, күллі шығысты қамтыған, кіші Азияны да қамтыған орталық болғаны рас. Ілім-білім іздеген даналар, ойшылдар сол шаһарға табан тіреді. Антикалық дәуірді зерттеу барысында мен мынадай тұжырымға келдім. Әл-Фарабидің заты түркі. Әскербасының отбасында дүниеге келген. Түркілер жауынгер халық. Сол түркілік ортада өмір сүріп, жігіт болып оң-солын танығанша, түркілік дүниетанымды бойына сіңірген. Яғни, оның мінезі, ойлау ерекшелігі, көшпенді халықтың ойлау машығымен сәт сайын ауысатын дүниені салыстырмалы түрде бағалап отыратын диалектикалық ойлау негізіне жатады. Кез келген нәрсені жан-жақты қарастыру және оны жылдам қарастыру туа біткен қасиет болып қалыптасады. Номадизмнің бір ерекшелігі сол ғой. Сондықтан, осындай кезеңде өмір сүрген ғалымдарымыздың, 32 әл-Фарабидің шығуы – халқының ойлау ерекшелігінің, әлеуетінің қандай болғанын білдіреді.

Әбсаттар ДЕРБІСӘЛІ: – Мен Алеппо қаласында болдым. Ол Дамаскіден 300 шақырымдай жерде орналасқан. Түркия жағында. Қаланың ортасында Отырар сияқты үлкен бір төбе тұр. Айналасы ор. Патшаның резиденциясы сонда болған. Ішіне кірдік. Сол күйі. Бұзылмаған. Сонда патша Фарабиді шақырып жүрген ғой. Сырттай оның ғалым адам екенін біледі. Атақты араб екенін біледі. Сонда Фараби оның шақыртуына құлақ аспаған екен. Бұл кісі тек жеке жүріп, өзінің ойларын жазып жүретін кісі болған ғой. Тіпті, бақшаның ішінде, қалтасындағы азын-аулақ ақшасына балауыз алып, шам жағып отырып, өзінің ойларын қағазға түсіреді екен. Сөйтіп күндердің бір күнінде әл-Фараби патшаның шақыртуын қабыл алып, әлгі жерге келеді. Бірақ оны ол жерде ешкім танымайды, білмейді. Бұл кісі кіріп, мен қай жерге отырайын деген ғой. Патша: «Өзіңізге қай жерді лайық деп тапсаңыз, сол жерге отырыңыз», депті сынағандай болып. Сөйтсе, Фараби патшаның отырған тағына барып, оны сәл-пәл ығыстырып, жанына отырып: «Менің орным осы жер», – деген екен. Патша таңқалып, уәзірлеріне құпия тілде: «Бұл бір дөрекі екен. Мен қазір бұл адамға ғылым, білімнен сұрақ қоям. Егер, жауап бере алмаса, жазалаңдар», – деп бұйрық береді. Сол кезде әл-Фараби патшаның сөзін бөліп: «Әміршім, сабыр етіңіз, әр істің аяғын қарап, бағалаған жөн», – дегенде, патша: «Сіз бұл тілді де білетін бе едіңіз?», – депті. «Иә, мен бұл тілді де білемін, – депті Фараби. – Мен жетпіске жуық тіл білемін. Жарайды, жетпістің біреуін алып тастайық. Бірақ бір адамға жеті тіл білу де оңай емес деп ойлаймын», – деген екен. Содан шайдан кейін патша бишілер мен музыканттар кірсін, деп әмір беріп, музыканттар ән салып жатқан кезде, Фараби оларды тоқтатып, аспапты қалай тарту керектігін айтып, ескерту жасаған екен. Патша сонда Фарабидің осы қасиетіне де таңданып, одан бір күй ойнауын өтінеді.Сонда Фараби бірінші күйін ойнаған кезде, бәрі қарқылдап күле бастайды.Себебі, ол күй соншама жеңіл, өте әдемі күй болған. Сөйтіп, екінші күйін тартқан кезде, жұрттың бәрі қайғыра бастайды. Одан соң ол үшінші күйін ойнаған кезде жұрттың бәрі жылап, ұйықтап кетеді. Сол кезде Фараби «Әміршім, сіздің шақыруыңыз бойынша әл-Фараби келіп кетті», деп хат жазып қалдырып, сарайдан шығып кеткен екен. Бұл орайда айтайын дегенім, жалпы әл-Фараби туралы жазылған еңбектердің бәрінде осы ситуация жазылады. Біз сол жерде болдық, көрдік. Әл-Фараби ғылыммен шұғылданды. Философиядан бастап логика, саясат, музыка, физика мен химия, медицина. Осылай жалғасып кете береді. Ибн аби Усайбиға деген атақты тарихшы бар. Сол кісі өз еңбегінде  Фарабиді дәрігер ретінде қарастырады. «Ғалымдар табахаты туралы» деген кітап бар. Сонда әл-Фараби туралы тарау бар. Сол тарауда Фарабиді дәрігер ретінде жазған. Бұл кісі бүйрек ауруын жақсы білген. Мінекей, бабамыз осындай ғажап адам болған.

Мүмкін, көп шығармалары бізге жетпей, жоғалып кеткен шығар. Енді бұл кісінің шығармаларының тақырыптарын атап берген мен екі кісіні білемін. Біреуі Ибн Джамалдин әл-Қифти деген кісі. Ол шамамен 12 ғасырда өмір сүрген. Ол өз еңбегінде Фарабидің 72 трактатын атаған. Ибн Аби Усайбиға 105 трактатты атаған. Бірақ сол 105 трактаттан біздің заманға жеткені оншақты ғана. Мен өзім Түркияның, Стамбулдың барлық кітапханаларын сүзіп шықтым. Кезінде үлкен мақала жаздым. Түркияда әл-Фарабидің 72 трактаты бар екен. Сақтаулы. Барлығының көшірмесін түсіріп алдым. Бізде елімізде10-нан асар-аспас трактаты ғана шықты. Орыс тілінде, қазақ тілінде. 1970 жылдардың басында ашылған әл-Фараби орталығы көп жұмыс жасағанын айтуымыз керек. Ол заманның қиын кезі еді. Ол кезде шетелге бару деген қайда. Соған қарамастан, әл-Фараби орталығының ғалымдары ғұламаның трактаттарын Чехословакиядан, Индиядан, басқа да елдерден алдырып, ағылшын, чех, француз тілдерінен аударған екен.

Төрәлі ҚЫДЫР: – Жалпы, әл-Фарабиге қатысты мәліметтер өте көп. Жазылған, айтылған. Орта ғасырдағы ғалымдардың барлығы жоғары баға берген. Имам Ғазали тасавуф теориясын, назариясын жасаған деп аталады. Сол бірден-бір соққы берген кезінде. Он екі түрлі тұжырымымен діннен шығып кетті деп. Оның былайша тұжырым жасаған себебі, бүкіл еңбектерін, трактаттарын барлығын бисмиллямен отырып жазған. Ол жаратылысты екіге бөлген. «Жаратылуы мүмкін болған жаратылыс», «Жаратылуы міндетті болған жаратылыс» деп. Соның ішінде мүмкін болған жаратылыстардың ішіне барлығын кіргізеді. «Ваджибул вуджуд» деп жаратылуы міндетті болған дүние деп көрсетеді. Және де ол міндетті түрде болуы керек дейді. Алла тағаланың төрт қасиетін айтады: «Біріншіден, оның серігі жоқ. Ол ешнәрсеге ұқсамайды. Материя емес. Ақылға ие, адамның санасына сыймайтын бір дүние» дейді. Енді бұның ислам танымына дұрыс келмейтін деген тұсы Фарабидің «Алла тағаланың бөлшек нәрселерге байланысы жоқ» деген сөзі. Фараби осы сөзі арқылы өзін ислам ақидасынан сәл алшақтатып алды деген тұжырымға келген. Бірақ Ғазали бұл пікірінен қайтып, мойындаған.

Жақыпбек АЛТАЕВ: – Негізі Фараби дінді мойындады. Себебі, ол кезде жүріп, дінді мойындамау мүмкін емес қой. Ол кісі айтады: «Алла тағаланы тану керек», – дейді. Дүниені жаратуда Алла тағала бірінші себепші ғана. Әрі қарай дүниенің жаралуына жақындатпайды. Әрі қарай табиғаттың заңдылығымен қарастырады. «Бұл дүниенің бақытын бұл дүниеде көру керек», – дейді. Оның осы сөзін көп адам түсінбейді. Дінге қарама-қайшы дегендей. Бірақ Фараби бұл жерде ғылыми көзқараспен зер салып отырғанын айтуымыз керек. Шындығында, барлық адамның жасаған жақсылығы, ісі, мейірбандығы осы дүниемен аяқталады. Бұл әл-Фарабидің дінге қарсы шыққандығы емес. Ол озық ойлы адам болғаннан кейін, шындықты айтып отырды. Егер де, қолжазбаларын алып қарасаңыздар, еңбектерінің басында «Биссмиля-хи-рахман-и-рахим» деп бастаған. Аллаға рахметін айтып бастайтын болған. Ақиқатты танудың екі амалы бар дейді. Дін де ақиқатты танытады. Бірақ ол сену арқылы келеді. Ал философия дәлел арқылы жеткізеді. Ол кісі философтарды толыққанды адам, нағыз адам деп есептеді. Өйткені, жетілген адам ғой. Оның бұл ойын кейбір замандастары түсінбеді. Дінге қарсы сөздер айтып жатыр деп ойлады. Имам Ғазали: «Фараби – мұсылман әлемінің ең мықты философы, ғұлама ғалымы», – деп баға берген. Сол кездегі ғалымдардың тазалығы ғой. Имам Ғазалидің өзі қанша діни адам болса да, сынай отырып, соңында әл-Фарабиге шын бағасын берді. Ғалым ретінде оған тең келетін адам жоқ деп есептеді.

Исламда сурет салуға, музыкаға тыйым салынса да, әл-Фарабидей музыканың теориясын жазған адам болмаған. Ол музыканы өзінің замандастарының сұрауы бойынша жазған екен. Ол «мен жазам, бірақ өзіме дейін жазған адамдардың қателігін жасамауым қажет» деген ұстанымда болды. Өйткені, музыкамен Пифагор да, Платон да айналысты. Біз Фарабидің музыка жөніндегі кітабын көрдік. Бәрі жатқан формула. Оны түсінудің өзі қиын. Акустика деген бар, дыбыс деген бар. Нотаны цифрмен жазған. Себебі цифрлармен музыканы үйрену өте жеңіл.

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ: – Мына бір мәселеге тоқталайық. Көне және антикалық тарихты қарап отырсақ, әуел бастағы қателік Геродоттан кеткен екен. Өйткені, гректер ежелгі парсымен үнемі соғысып, олардан бірде жеңіліс тауып, бірде жеңіп жүрген халықтар. Сондықтан, «Скиф» деген жұртты Геродот парсытілдес деп тарихта жазып жіберген екен. Ал шынтуайтына келгенде, Иран мен Тұранның тілдері бөлек. Мәдениеттер алмасуын жоққа шығармаймыз. Бірақ айырмашылықтар тілінде жатты. Тұран парсытілдес деп жазылып кеткен соң, бұл сөз кейіннен әл-Фарабидің шыққан тегіне, жеріне байланысты тартыстардың туындауына себепші болды. «Ол парсытілдес. Сондықтан, ол ешқашан қазақ бола алмайды» дегендей. Осындай қарапайым логикаға сүйенгендер әл-Фарабиді өз жағына тартып кетпекші болды. Өйткені, олар Геродоттың пікіріне сүйенді. Енді, бізге оны дүниетанымдылық деңгейде дәлелдеу қажеттілігі пайда болды. Сөйтіп, дүниетанымдық деңгейде Платонның философиясына үңілдім. Платонда «жанның саяхаттауы», «космология души» деген бар. Платон айтады, қысқаша мағынасы былай: «Адам қайтыс болғанда жаны ғарыш әлеміне қарай ұшады. Тірі кезінде, жер бетінде шаршамаған жан көкке мейлінше шарықтай ұшып, Құдайға жақындайды.  Құдайдан мейлінше байиды. Ілім-білім тұрғысынан. Сөйтеді де, ол қайтып келіп философтарға, қолбасшыларға қонады. Ал өмірде шаршауды көп көрген адамның жаны төменгі  қабатпен ұшып, Құдайдың білімімен байи алмайды да, құлдарға қонады» дейді. Қазақи дүниетаныммен қарасақ, «жанның айналуы» туралы түсінік бізде бар.  Мысалы, 40 күнде адамның жаны ұшады деп айтамыз ғой. Ол енді біздің таза түркілік сеніміміз. Енді қазір ол исламмен араласып кетті, бірақ араласса да, біз өз сенімімізден ажыраған жоқпыз. Ғалымдар скифтердің молаларын зерттеген кезде де, оларды алтындап киін­діру, дүние-мүлкімен қоса жерлеу деген рәсімдердің болғаны анықталды.

Грек мифологиясына қарайтын болсақ, Сизифте назар аударатын нәрсе мынау: Сизиф о дүниеге барғанда, артынан ас берілуі керек екен. Сонда Құдайлар айтады: «Артыңнан ешқандай ас келмеді. Біз қашанғы күтеміз», – деп. Сонда Сизиф Құдайларды алдап кеткен екен. «Мені бір тірілтіп жіберіңдерші, мен жерге түсіп, бәрін реттеп, қайтып келемін» деп. Сосын қайтып келмей қояды. Содан кейін Құдайлар оны енді қайтып келместей алып кетеді. Сөйтіп, жұмысқа жегіп қояды. Мұның өзі байқап қарасақ, синкреттілік дүниелер екен.

Мен мұны не үшін айтып отырмын. Әл-Фараби араб әлеміне барған кезде, алдымен қазы болып істеген екен. Қазы ол кезде биліктің қасында жүретін өте бақуатты қызмет. Бірақ ол қызметін тастап, Аристотельге ойысты. Былайша айтқанда, мына жақтан алып кеткен дүниесін, ғылымын, диалектикасын Аристотельден тапты. Содан кейін өмір бойы Аристотельден ажыраған жоқ және Аристотельді әл-Фарабидей түсінген адам да болған жоқ. Өйткені, екеуінің түсінігі дүниетанымдық деңгейде туындап отырды.

Осы орайда тағы бір айта кететін дүние бар. Мысалы, өзіміздің Абайды да әлемге танытуымыз үшін оны әл-Фарабидің деңгейіне көтеруіміз керек. Яғни, ұлы философ деңгейіне көтеру керек. Абай философиялық жүйе құрған жоқ, бірақ Абай қазақ халқының тезистік түрде, афористік түрде айтылған мақалдардың барлығын қолдана отырып және шығыс ғалымдарының ілімдерін қолдана отырып, оны өз халқының деңгейінде жасап шықты. Жақсылық пен жамандық бүкіл адамзатқа ортақ ұғымдар болғандықтан, Абайдың да сөздерінің барлығы бүкіл адамзатқа қатысты даналық ой болып табылады. Сондықтан да, мәселені біреу мектеп құрды, біреу мектеп құрмады деген өлшеммен өлшемеу керек. Даналықты даналық деңгейімен өлшеу керек. Оның өзінің критерийлері болады. Сондықтан да, біз әлемдік Абайдың даналығын алға қоя отырып, оны әлемдік философиялық ағымдармен, зерттеулермен салыстырмалы түрде бағалайтын болсақ, сол кезде ғана Абайдың даналығы анық көрінеді.

– Әл-Фараби «Фусул әл-Мадани», яғни, «Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері» еңбегінде «Адам ғылымға түрліше тосқауыл жасайтын мемлекеттен кетіп, ғылыми өркен жайған елде тұруы тиіс» дейді. Осы сөзі оның ел-жұртынан кетіп, Бағдат шаһарында ғылыми еңбекпен айналысып, Шамда өмірден өтуінің сыры емес пе екен?

Жақыпбек АЛТАЕВ: – Отырарда абаситтер халифаты болды, қараханиттердің де ісі қатар жүрді. Ол жерде ескі түркі тайпалары болды. Оғыздар, қыпшақтар болды. Өзбек, қазақ және басқа ұлттардың да қалыптаспаған кезеңі ғой. Оның үстіне, Отырар – өркениет пен мәдениеттің орталығы. Одан соң 30 шақты әл-Фарабидің шығуы жайдан-жай емес. Ата-анасы да түсінігі мол ақсүйектер болған. Баласының ыңғайын байқаған болар. Жас кезден ғылымға дайындаған. Болмаса әскери отбасыдан шыққан Фараби әскери адам болып кетуі де мүмкін еді. Ол Ташкент, Бұхара, Самарқан қалаларында болған. Түркменстанда да болған. Одан кейін Бағдатта жиырма жыл өмір сүрген. Сонда жүріп логика ілімін меңгерген. «Даналар үйі» деген жерде ақындар, жазушылар, ғалымдар жиналған. Олардың бәрі арабша білген. Содан логиканы үйреніп, араб тілінің грамматикасын жетік меңгереді. Содан бастап Аристотельдің, Платонның еңбектерін аударуға көшкен.

Ғалым өзіне ыңғайлы мемлекетте өмір сүруі керек. Өйткені, ол Бағдаттан кетпеуі де мүмкін еді. Бірақ Бағдатта барлық ғалымдар жиналған. Үлкен ғалымдар. Қазіргі Стамбул сияқты үлкен қалаларда ол кезде күн көрудің өзі қиындау еді. Сондықтан да, ол басқа қалаға кетуге мәжбүр болды. Дамаскіге келуінің өзі осыған байланысты екен. Себебі, кейбір деректер бойынша, 941-942 жылдары Дамаскіге келген. Өйткені, Бағдатта бастаған трактатын сол жерде аяқтаған. Қайтыс болғаннан кейін, атақты  он бес қаланың басшылары жиналып, оны жерлеген.

Төрәлі ҚЫДЫР: – Не үшін Дешті қыпшақ даласында дүниеге келген бала Дамаскіге кетті? Осы сұраққа келейік. Ислам діні келгеннен кейін, бірінші ислам діні өркениетінің ошағы Дамаскіде, Шам шаһарында қаланды. Сол жерде омаяттар билігінің негізі қаланған. Ол 135-150 жылдай ғана өмір сүрді. Содан кейін билік аббаситтердің қолына өтті. Аббаситтер орталығы Бағдат шаһары. Осы жерде даналық үйлері көптеп құрылды. Бүгінгідей «Болашақ» бағдарламасымен жастар Кембридж, Оксфордқа тартылса, ол кезде ілім-білімнің бір ошағы Бағдат қаласы еді. Фараби осы жерден кетіп, Дамаскіде де болды, біршама уақыт Мысырда да болды, Бағдатта да болды. Бірақ, өзінің жай тапқан жері сол Дамаск шаһары еді. Себебі, ислам өркениетінің алғашқы қаланған жері сол жер еді. Батыс ғалымдарымен танысты дейді. 70-тен 250-ге дейін еңбектер жазған. Әр жерде әртүрлі айтылады, бірақ өте көп жазған. Сол кезде ғылым салаларының бәрін жүйелеп, бір ізге түсірген.

– Фарабитануды қазіргі заман тұрғысынан алып қарағанда, қалай ілгерілетуіміз керек? Қандай жұмыстар атқарылуы керек деп ойлайсыздар?

Әбсаттар ДЕРБІСӘЛІ: – Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Алматыға келіп, ҚазҰУ-да әл-Фараби жылын ресми түрде ашып берді. Әл-Фараби орталығын ашты.  Енді жұмысты тоқтатпау керек. Қаражатты аямау керек. Ғалымдарды топтастыру керек. Университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов та осы мәселеге жете мән беріп отыр. Әл-Фарабидің 1150 жылдығы той тойлау үшін емес, бұл жыл өз соңынан із қалдыру керек. Көптеген еңбектер шығару керек. Магистранттарға, докторанттарға ғылыми-зерттеу тақырыптарын беру керек. «Әл-Фараби қазақтыкі, біздікі» дегеннен түк шықпайды. Фарабитанушы мамандарды көптеп дайындауымыз қажет. Сонда ғана іс алға басады. Менің ойымша, әл-Фараби біздің жастарға нағыз үлгі болатын тұлға. Білімге ұмтылу, тілдерді меңгеру, ғылымды үйрену. Міне, әл-Фараби бабамыз сияқты жарық жұлдыз болыңдар дегенді айтқым келеді.

Төрәлі ҚЫДЫР: – Біз Фарабиді танып келе жатқанымызға, ізденіп келе жатқанымызға көп уақыттар болды. Басында бір Фарабимен басталған еді. Әбсаттар ағамыздың арқасында енді 32-ге жетті. Ал енді Фарабиді біз қаншалықты тани алдық? Ол үшін еңбектерін көптеген тілдерге аудару керек қой. Орысша немесе басқа тілдерден емес, таза араб тілінен, түпнұсқасынан аудару керек. Осылайша, ғылыми айналымға түсіру керек.

Жақыпбек АЛТАЕВ: – Маңызды мәселенің бірі – Фараби еңбектерінің факсимилесін жасау керек. Факсимиле жасату өте қымбат тұрады. Бұған мемлекеттік тұрғыдан қолдау болмаса, жүзеге асыру қиын. Энциклопедия шығаруды қолға алу керек. Қорыта айтқанда, Фарабиге қатысты жасалатын жұмыстар өте көп.

– Ғибратты әңгімелеріңізге көптен-көп рахмет! Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы құтты болсын!

2147 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз