• Ұлттану
  • 30 Қараша, 2020

«АССАЛАУМАҒАЛАЙКҮМ, НАР КЕМПІРБАЙ!..»

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
ҚР Мәдениет қайраткері

2006 жылдың көктемге салым мезгілінде Қарағандыға белгілі режиссер, еліміздің халық әртісі, профессор Маман Байсеркенов келіп, С.Сейфуллин атындағы драма театрда У.Шекспирдің «Отелло» драмасын қойды. Ұлттық әдебиет пен өнер ғана емес, әлемдік мәдениеттің әр саласынан мол мағлұматы бар ағамен бірер күн қатар жүріп, сұхбаттасудың мүмкіндігі туды сол жолы. Сондай бір кездесудің үстінде қазіргі қазақ режиссерлерінің ақсақалы тосын бір әңгіме айтты.

– Сексенінші жылдардың аяқ шені болуы керек, Алматыдағы «Отырар» мейманханасының тұсынан өтіп бара жатыр едім, ерекше бір парасатты қарияны көзім шалды. Жүзі сондай таныс. Жақындай бергенде, есіме түсті – әйгілі абайтанушы-ғалым, жазушы һәм драматург, профессор Қайым Мұхамедханов ақсақал. Сәлем беріп, хал-жағдайын сұрадым. Қолымды жібермей, жанынан орын берді. Сол маңайдағы «Көк базарға» кіріп кеткен бәйбішесін күтіп отыр екен. Сәлден кейін кеңірек отырып әңгімелесу үшін сол базардың ішіндегі шайханаға шақырды. Бардық. Аздап жеңіл шарап ішетін көрінеді. Әңгімеден әңгіме туындап, сөз арнасы Мұхаңның (М.Әуезов) мінезіне, ұлт үшін атқарған қызметіне ауысты.

«Семейдегі Абай мұражайының директоры болып тұрған кезім еді (Бұл 1947-1951 жылдар. – Е.Б.), – деп бастады әңгімесін Қайым ақсақал. – Көктем уақыты болатын. Бір күні таңғы алакөбеден Мұхаң телефон шалды. «Аэропортта тұрмын. Қазір келем, жұмысыңа кетіп қалма», – деп жеделдете сөйледі. Көп ұзамай таксимен жетіп келді. Жүрісі алқын-жұлқын. Шайға да қарамай, мен машинаға мінісімен жүріп кеттік. Жүргізушіге ескертіп қойған болуы керек, ет комбинатының жанына тоқтадық. Мұхаң бөлек-салағы мол алып ғимараттың біресе ол жағына, біресе бұл жағына шығады. Үлкен адамның мұндай мінезін көрмеген басым аң-таңмын. Бір кезде комбинаттың ту сыртына шығып, малдас құрып отыра қалды да, қоңыр даусымен күңіренте аят оқи жөнелді. Батасын қайырып, бет сипап болғаннан кейін күтіп тұрған таксиге отырып, обкомға тарттық. Сталиндік сыйлықты иеленіп, абыройы аспандап тұрған Мұқаңды бірінші хатшы кезексіз қабылдады. Кіре берісінде ет асым уақыт күттім. Мұқаң шықты. Түгі бетіне шығып, түтіккен жүзінен мақсатты жұмысы бітпегенін, облыс басшысымен келісе алмағанын аңдадым. Үйге келсек, қуырдақ дайын тұр екен. Дастарқанға отыра бергенде, пұшайман болған түрін жасыра алмай: «Заһарың бар ма еді? Құйшы!» – деді. Буфеттен сыпайы сауыттар шығарып, сыздықтата бастап едім, саусағымен үлкендеу ыдысты көрсетті. Екі стакан коньякты жөпелдемете тартып жіберді де, қуырдақтан бірер қасық асап, кесек мұрнының үстін сауа сипап-сипап жіберді. Әңгіме айтардағы әдеті. «Менің бүгінгі әрекетімді түсіне алмай, мына кісіні жын қағып кетті ме деп ойлаған шығарсың. Ештеңе де қаққан жоқ, бұл – жан күйзелісі. Жаңағы ет комбинатының астында қазақ сөз өнерінің сүлейі Кемпірбай жатыр. Алладан үміті жоқ аруақ атқырлар басқа жер таппағандай, доңыз сойып, нәжісін төгетін мекемені мұсылман бейітінің үстіне салыпты» деп, аса бір қиналыспен бастады сөзін. Одан соң  Құсбек, Алшынбай, Құнанбай заманындағы Шөже, Балта, Орынбай, Кемпірбай ақындар, олардың тапқыр сөз, ұтқыр уәждері жайлы тартымды да тәтті әңгіме өрбіді», деді сұхбаттасым шайханадағы әңгіме үстінде Кемпірбайдың есіміне бұрыннан-ақ құлағым қанық еді, әйткенмен, оны Мұхаңның осыншама зор бағалағанын, бесаспап өнерпаз, айтыстың ақтангерінің мүрдесі зұлым саясатқа қор болғанын сол Қайым ақсақалдан естідім, қарақтарым, – деген еді Маман ағай.

Қазақ ауыз әдебиетінде айрықша орны бар дүлдүл ақын, XIX ғасырда ерекше дамыған айтыс өнерінің ақтангері Кемпірбай Бөгембайұлы 1834 жылы қазіргі Қарқаралы ауданына қарасты Арқалық тауларының ішіндегі Айыртас деген жерде жарық дүние есігін ашыпты. Кемпірбайдың ата-тегін шежірешілер былай таратады: Қаракесек (Болатқожа) – Ақша – Бошан – Таз – Бұлбұл, Бұлбұлдың бәйбішесі Қаракемпірден (шын аты Рабиға болса керек) Тәңірберлі, Қожамжар, Ағым, Кенже, Кетік, Кенжесағым есімді алты ұл туады. Соның Ағымынан Қияқ, одан Қызық, одан Сұңқарбай, Бұқарбай, Қалабай, Жиенбай, Бөгенбай тараса, кейінгісінен Серкебай, Текебай, Кемпірбай туады. «Тоқсан ақынға торай бермейтін» Нар Кемпірбай 1895 жылы, пайғамбар жасына жаңа жеткен шағында ауыр науқастан Семей қаласында дүниеден қайтқан. Соңында Серкебай атты бір ұлы қалған екен, ұрпақтары бар болса, сол Семей өңірінде ғұмыр кешіп жатса керек.

Кемпірбай заманында он екі арыс Арғын қоныстанған Арқа атырабына ғана емес, Жетісу мен Алтай аймағына да белгілі суырып салма төкпе ақын болғаны әмбеге аян. Оның: «Ішінде Арғын, Найман салдым айғай...», «Атығай, Қарауыл мен өрдегі Үйсін, Қараөткел таныс едім екі араға» деп келетін өлең жолдары осының айғағы. Бізге жеткен деректер оның ақындығына қоса әнші, композитор, жалпы, бесаспап өнерпаз болғанын білдіреді. XIX ғасырдағы қазақ ауыз әдебиетінің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесіне қарағанда, ол поэзия әлеміндегі ерекше құбылыс, өлең сөздің дара өрнегін құрған талант екені дау тудырмайды. Сөз қадірін білетін, ауыздан шыққан сөздің жасығы мен асылын айыра алатын ортада туып өскен Кемпірбай өлеңнің өрен жүйрігі болғанын мына шумақтардан білеміз:

Бөгембай әкем аты, мен – Кемпірбай,

Өзге ақын мен сөйлесем тұрар былай.

Талабым Тәңір берген таудан үлкен,

Алмаса өз бақытын қайтып Құдай.

Едірей мен Арқалық малыма жай,

Арда емген құлынынан жабағы, тай.

Ағайын, қайыр берсең өзіме бер,

Кенже ұлы кедейліктің мен – Кемпірбай.

Бөгембай – әкем аты, Кемпір едім,

Өлеңді кәсіп қылып тентіредім.

Даусымның келмей тұрған мәнісі сол,

Бақырдан ұрлық етін жеңкіредім... (С.Сейфуллин. Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары. Алматы, 1931, 115-116 беттер).

Жоғарыдағы балталасаң көбесі сөгілмейтін өлең жолдарынан шешен-дігімен қатар, шаруашылығының шағындығы, құбатөбел тіршілігінің жағдайы да қылаң береді. Өлеңді өміріне өзек еткен ақын жасынан-ақ даңқты той-думандарда, дүбірлі ас-жиындарда көпшіліктің қуанышына бөленіп, әнші, жыршы, өнерпаз Кемпірбай атанады. Дүлдүл ақынның шығармашылығынан  бірнеше ақындармен айтысы және аса көрнекті композитор, әнші Әсетпен арыздасуы сақталған. Кемпірбайдың айтыстарының ішінде ең көрнектісі атақты Шөжемен сөз қағысуы. Осынау шығарманың өнбойына қарап отырсаңыз, оның бір қалыпта басталып, дамып, шарықтауы, шешуі бар тұтас дүние екеніне көз жетеді. Айтыстың кіріспесінде Кемпірбайдың:

Ар жағы Айыркезең, Үлкенбөрлі,

Бабамның аруағы маған қонды.

Шілденің он бесінде сауын айтып,

Жаныстың Сәтбайының асы болды.

Тәуекел дариясына бетім жудым,

Ажалдан қашар болсам, неге тудым?

Сол асқа жұрт жиналған барайын деп,

Жаратып, жалғыз көктің белін будым.

Әрқашан салушы едім омырауға,

Құдай-ау, бергеніңе сансыз тәуба.

Сыртында қарала үйдің жиектеген,

Кез болдым Шөже деген бәле-дауға, – деуі көп жайды аңғартады.

Ең алдымен, екі ақын да айтысқа белсеніп түспеген. Сол сәттегі мәжбүрлік, тұрмыс ауыртпашылығы олардан итаршылыққа баруды талап еткенін байқаймыз. Сөз қағысына алдымен құлшынған Кемпірбай. Ол өзінің ақындық қуатына, ділмарлығына иек артады. Айтысқа көп түсіп, әккі болған Шөже өзінен жасы екі мүшел кіші жас перінің аяқ алысын байқаған соң, онымен бәсекелесуден қашып, жалтара сөйлейді. Ең алдымен, қаралы үйде отырғандарын сылтау етсе, одан соң жасы үлкендігін алдыға тартады. Әйткенмен:

– Бес намаз, он екі иман жанға пайда,

Қалайын біраз сөйлеп осындайда.

Біреуге мал, біреуге бас қайғы деп,

Барасың, соқыр азбан, жаяу қайда? – деп, Кемпірбай өзеуреп қоймайды. Шөже айтысуға мойын ұсынады. Айтысушыларға кесімді уақыт беретін қазылар, айдалаға лағып кетсе, қайырып әкелетін, басқа шықса, бәтуа айтатын Жүрсін Ерман сияқты ұйымдастырушы жоқ болса да, сол кездегі ақындардың сөз мәдениеті таңғаларлық. Кезекті айтыстың өзіне берелік.

Шөже:

Дүние аумалы ғой ұстарадай,

Жабықтың мені көріп мұнша қалай?

Ғаламның тылсым сырын болжап                                                                                        білмес,

Жөнге көш, әлің біліп күш шамала, әй!

Баласы Жаныс мырза – Сәтбай марқұм

Орнына дұға оқыдым сыйлап рухын.

Бір мирас өткендерден бізге жеткен,

Өлікке көңіл айтып келеді әркім.

Кемпірбай:

Асыма шақырмаған келдің жетіп,

Алатау бөксесінен басып өтіп.

Бұл елде қожа, молда құрып қап па,

Қу соқыр, неге келдің жетектетіп?

Шөже:

Салмағы оң көзімнің сол көзімде,

Алланың не қылса да еркі өзінде.

Бар болса қасиетің көзімді жаз,

Әйтпесе, татымы жоқ қой сөзіңді!

Кемпірбай:

Ішінде бұл шаһардың дегдарлы едім,

Білемін, тумысыңнан сен жарлы едің.

Көзіңді көрінгенге төле дейсің,

Жерінде көзің шыққан мен бар ма едім?

Шөже:

Мұқтасар сөзім майда тақтасындай,

Бұқардың омырауым қақпасындай.

Көзіме он жеті ақын түк қылған жоқ,

Білем, бұған сен амал таппасыңды-ай!

Қазақтың әр кезеңде жедім қамын,

Алдыңа сала айтамын сөздің ағын.

Балта, Орынбай, Шортанбай түк                                                          қылған жоқ,

Сенің бұған тіпті де жетпейді әлің.

Кемпірбай:

Япыр-ау, ақын болды Шөже қайдан?

Дәндепті Балта, Орынбай,                                                                       Шортанбайдан.

Жас өсіп, жарлы байып жеткен жоқ                                                                      па,

Жүрмісің жаның шошып                                                                           Кемпірбайдан?!

Жолықпай дүр ақынға жүр екенсің,

Берейін сыбағаңды соқыр «хайуан».

Шөже:

Қап-қара Қаракесек күңнен туған,

Би болып Қазыбегі бетін жуған.

Жасынан аға сыйлап көрмей өскен,

Бейбастақ қалай сөйлейд мына                                                             антұрған?

Кемпірбай:

Ей, соқыр, мен сөйлесем шын емес пе?

Өзіңе күпірлік сөз күнә емес пе?

Жайықтың әкең Қаржау құлы емес пе?

Қазының шешең Жұма күңі емес пе?

Жаралған екеуінен, мұндар соқыр,

Дегенің сенің күндіз түн емес пе?

Шөже:

Кемпірбай, мен сөйлесем шын емес пе?

Өзіңе күпірлік сөз күнә емес пе?

Жайықтың әкем Қаржау ұлы емес пе?

Қазының шешем Жұма қызы емес пе?

Жаралған екеуінен Шөже болып,

Жиені Қазыбектің біз емес пе?

Туыпсың Бөгембайдан қисық-қият,

Жын қаққан тұқымымен сен емес пе?

Кемпірбай:

Жамандар сөзің бар ма мұнан арман,

Тиеді сөзің суық жауған қардан.

Қоймасаң қыршаңқы тіл, қиқарлықты,

Соқыр-ау, аластармын Алатаудан.

Шөже:

Ант атқан, сіле тиген, кері кеткен,

Мойнына көкшолақтың ері кеткен.

«Ақтабан шұбырынды – Алқакөлде»

Семейге қырық кісің жаяу кеткен.

Семейге қырық кісің жаяу кетіп,

Мен бе едім сені түгел тентіреткен?

Өзіңнің басыңдағы сорды көрмей,

Көрдің сен титтей мінім не себептен?

Кемпірбай:

Қу соқыр, сөз сөйлейсің түрлі кептен,

Мен бе екен сенен асып кері кеткен?

Айрылған екі көзден мұндар соқыр,

Баланы білмей жүрсің асып кеткен.

Шөже:

Білгендей шапшаң қуып жетерімді,

Япыр-ау, осы қалай көтерілді?

Әкең мен шешең шешпес жұмбақ                                                                           айтып,

Жол бойы түсірейін беделіңді.

Кемпірбай:

Әй, соқыр, сөзге тосу, ақыл бердім,

Айрылып малдан таза тақыр болдың.

Өлеңге бейсауат сөз қосамын деп,

Қалтырап топ ішінде пақыр болдың.

Осы жерге келгенде, басқа ақындарды жеңген тәсілімен Кемпірбайды ала алмайтынын білген Шөже қарсыласының жастығын, тәжірибесіздігін пайдаланып, соған орай айла-амал қарастырады. Әсіресе, албырт ақынның дін тақырыбына  біліктілігі тайыздығын аңғарып, айтысты доғара тұрып, пайғамбарлар өміріне қатысты аңыздан жұмбақ жасырып, соған жауап беруін күтеді. Сауалға дұрыс жауап бере алмаған Кемпірбай тосылып қалады. Сонда Шөже:

Кемпірбай, жай жүр десем жай                                                              жүрмейсің,

Сөзіме менің айтқан еш көнбейсің.

Бір ауыз айтқан сөзге жауап таппай,

Дегенде айтпап па едім «сен жеңбейсің».

Шаңыма ілесе алмай сен антұрған,

Бір пәсте шығып қалдың бұл қатардан.

Жақсылық, ізгіліктен түк білмейсің,

Жанымнан, былшылдамай, тұр, кет әрмен! – деп домбырасын сүйей салады. Кемпірбай:

Келіп ем бұл жиынға өктемденіп,

Жүріп ем қу соқырдан секемденіп,

Бағасы жоқ соқырмен айтысам деп,

Жығылдым екі аяғым көктен келіп, – деп, жеңілгенін мойындауға мәжбүр болады. Абай араласқан ортаны, данышпанның табаны тиген жердегі әңгімені бажайлап зерделеп, бақайшақтап зерттеген Мұхаң (Мұхтар Әуезов) «Шөже Кемпірбайды жеңгенде «уаттури уәззейтуни» деген аяттың мағнасын айт деп қысады. Онысы, діндер аңызы бойынша, Мұсаның Син (Синай) тауына шығып, құдаймен жауаптасқанын келтіріп, сондағы айтысқан сөздерін өлеңмен шешіп бер дегені еді. Кемпірбайда бұны шешерлік білім болмай, жеңіліп қалады» (М. Әуезов. 20 томдық шығармалар жинағы, 17-том, 282-283 беттер) дейді. Әңгімеге өзек болып отырған айтысты жіліктеп талдар болсақ, Кемпірбай Шөжеден, ұлы Мұхаңның сөзімен айтқанда, өлеңі сарқылып қалғандықтан немесе ұйқас құрай алмағандықтан емес, ұтымды дәлел, логикалық дәл жауап таба алмағандықтан жеңіледі. Жеңгені ақындық қуатының артықтығымен емес, тәсілмен, жүйемен алады. Байырғы қазақ ақындары өздері өмір сүрген қоғамдағы өмір шындығын қарсыласының алдына тартып, дауласуға мойын бұрғызбай, тұқыртып тастайды. Мықты ақындар қазіргі кейбір айтқышбектер тәрізді құр ұйқас қуып, ділмәрсімейді, жеңілгенін мәрттікпен мойындап, сөзге тоқтайды. Бұл жағына келгенде, Кемпірбай талайларға өнеге болып, қара үзіп тұр. Бұрынғы-соңғы айтыс ақындарының ішінде Найман елінің Түбек бастатқан он алты ақынын бет қаратпай жеңген әйгілі Жанақ Күнекей қыздан, «ХХ ғасырдың Гомері» атанған Жамбыл «сыйынбай сөз сөйлемейтін» Сүйінбай Күнбала қыздан жеңілгенін алдымен өздері мойындап, жүрген жерлерінде айтып отырған.

Кемпірбайдың ақындық қуаты әсіресе жарқырай көрінетін жері науқастанып жатқанда, көңілін сұрай барған Әсет Найманбайұлымен бақұлдасуы. Әсет – керемет композитор, дүлдүл ақын, дауылпаз әнші. «Інжу-маржаны» әлемнің ең үздік шығармаларының қатарын байытатын, аспандағы аққуға үнін қосқан ән ардағының ақындық арынын, қыз әкесінің талабымен жадынан шығарып, бір түн бойы жырлаған дастанымен сүйгеніне қолы жеткенін паш етеді. Осынау Әсеттің буырқанған үнімен, бұршақтаған жырымен Қара Ертістің бойы дүр сілкініп, ауру дендеткен дімкәс кеудеге қайтадан қуат құйылып, Кемпірбайдың көмекейінен өлең саулап қоя береді. Жаратушының аманатын тапсырар алдындағы сәтінде, фәни жалғанмен қоштасуы кезінде Кемпірбайдың бүкіл ақындық қыры жарқырай ашылады. Бұл – өз бағасын білетін ірі талант иесінің өшпес өрнекпен, керім кестемен түзген жан сыры, бүкпесіз шындығы. Оны сол қалпында мойындамауға оқырман ретінде біздің де лажымыз жоқ.

***

Қазақ сөз өнерінің аса көрнекті өкілі Кемпірбай Бөгенбайұлы деген есімді қазір біреу біледі, біреу білмейді. Өлеңде еншісі бар қазақ баласы ұмытпайтын-ақ тұлғалардың бірегейі ғой ол. Тіпті, басқалардың пешенесіне жазылған мерейтойлық шаралардан да тыс қалуда. Ең болмаса, ақынның кіндік қаны тамған өңірде бұл жерде Кемпірбай деген дүлдүл ақын туған дейтіндей ешбір белгі жоқ. Өкінішті-ақ!    

 

2436 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз