• Ұлттану
  • 29 Желтоқсан, 2020

ТАРИХИ РОМАНДАҒЫ ӘЛ-ФАРАБИ ТҰЛҒАСЫ

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор,ҚР Гуманитарлық ғылымдар Академиясының академигі, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты

Биыл әлем өркениеті ғылымындағы энциклопедиялық білім иесі Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл, ал ол туралы қазақ сөз өнері тарихында «Ұстаздың оралуы» атты тарихи роман жазған көрнекті жазушы Әнуар Әлімжановтың туғанына 90 жыл толуы қатарлас келіп отыр. Екеуі де өздеріне тән шығармашылық даралықтарымен қазақтың рухани құндылықтар қазынасын байытқан Ұлы Даламыздың тарихи тұлғалары екендігі мәлім. Әлі есімізде, 1978 жылы жазушы Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» [1,5-174-б.]атты тарихи романы жарыққа шыққаны қазақ ғылымының әлемдік деңгейін осы заманғы оқырмандарға танытуға зор ықпал жасады. Шығармашылық еңбек жолы журналистика мен көркем әдебиет бойынша өрістеген көрнекті жазушы Әнуар Әлімжанов – туындыларын мыңдаған оқырмандар ықыласпен қабылдаған қаламгер. Қаламгер журналистикадағы және көркем әдебиеттегі қызметтері («Алма-Атинская правда» газетінде әдеби қызметкер; «Литературная газетаның» (қазіргі «Экспресс-К») Қазақстандағы меншікті тілшісі; «Ленинская смена» газеті редакторының орынбасары; «Правда» газетінің Қазақстан, Қырғызстан бойынша тілшісі; «Қазақфильм» студиясының бас редакторы; «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы; Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы; Тарихи ескерткіштер мен мәдениет қорғау жөніндегі қазақ қоғамы орталық кеңесі президиумының төрағасы) арқылы мемлекет, қоғам қайраткері тұғырында танылды. Көрнекті жазушының кітаптары оқырмандарының жылы ықыласын иеленді. Мысалы: «Ақ дос, сары дос, қара дос» (1958), «Достар кездескенде» (1959), «Мәңгілік тамырлар» (1960), «Сумен, құрлықпен елу мың миль» (1962), «Күнге бет алған керуен» (1963), «Жалындаған найза» (1968), «Көгілдір таулар» (1964, 1967), «Отырар ескерткіші» (1966), «Махамбеттің жебесі» (1969, 1972, 1987), «Жәмшид айнасы» (1970), «Қарасұңқар көпірі» (1969), «Жаушы» (1974), «Ұстаздың оралуы» (1978, 1981), «Таңдамалы» (екі томдық, 1979), «Адамдардың жолдары» (1984), «Шығармалары» (3 томдық, 1989,1990), т.б. [2, 90-91-бб.].

Біздің замандастарымыз жазушы Әнуар Әлімжановтың аталған кітаптарының бәрін де ыстық ықыласпен қабылдады. Әсіресе, қазақ әдебиеті пәнінің оқытушысы, зерттеушісі болып жүрген біздің мамандығымыздағы адамдар үшін жазушының тарихи-танымдық деректері, түптұлғаларының көркем шындық поэтикасымен бейнеленуі өзекті құндылығымен бағаланды. Жазушы Отырар қаласында туып-өскен, жаратылыстану, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар салалары бойынша энциклопедиялық білім иесі ғұлама, әлем өркениетіндегі 70-ке жуық тілді білген, «...нәтижесінде философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, әдебиеттану, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларына 164 трактат жазып» [3,101-б] ҰСТАЗ атанған Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) туралы тарихи романында оқырманға ұсынған тұлғаны тарихи дерек пен көркем шындық поэтикасымен сомдады. Қазіргі ғылымтану бағалауы бойынша: «Әбу Насыр әл-Фараби бүкіл ислам ғалымдарына тарту болған иджтихад (ойлау қабілетінің шыңына жету үшін беріле еңбек ету) және муджахид (иджтихадпен шұғылданған адамдардың өз жаңалықтарын Құран Кәрім мен Хадис Шариф-парыз сүннет амалдарына негіздеп отыруы) жолына түскен. Әбу Насыр әл-Фараби дүниетанымы екі әлемнің – көшпелілер мен отырықшылар өркениетінің және Шығыс пен Грек-Рим мәдениетінің өзара байланыстарының нәтижесі. Әбу Насыр әл-Фараби заманының әлеуметтік-саяси көзқарастарын, тіл мәдениетін, философиялық-гуманитарлық (философия, логика, этика, эстетика, саясат, социология, лингвистика, поэзия, шешендік, музыка) және жаратылыстану (астрономия, астрология, физика, химия, география, космология, математика, медицина) ғылымдары салаларын терең меңгеріп, осы бағыттарда өзі де құнды ғылыми жаңалықтар ашты»[3, 100-б.].

 Жазушы Әнуар Әлімжановтың алты тараудан тұратын тарихи романының тақырыбы – орта ғасырлардағы (IX-XI ғғ.) Араб халифаты ықпалындағы Шығыс халықтарының материалдық және рухани мәдениеті дамуының сипаты, тарихи кезеңдер шындығы, идеясы – адамгершілік-имандылық және озбырлық-әділетсіздік қасиеттер қақтығыстары ортасындағы ғылымның, білімнің, өнердің, ықпалды қуаттылығын дәлелдеу. Романның бас кейіпкері – Әбу Насыр әл-Фараби ғұмырнамасының бастауы да тарихи деректілігімен оқырманды баурайды: «Отырардағы ғаламат бай кітапхананың ішін емін-еркін жайлап, сол уақытта музыкант болуды армандайтын. Арманына жетті де. Бүгінде музыка ойнаған сәтте мұның өнеріне құл да, сұлтан да тамсанады» [1, 5-6-бб.]. Тарихи романның бас кейіпкері Әбу Насырдың балалық, жастық шағында Отырар қаласындағы медреселерде оқығаны, әлемге әйгілі бай кітапханадан білім алғаны, өзі жасаған қыпшағы атты әуез аспабымен Ұлы Даладағы тұлпарлар шабысын, сарбаздар биін табиғатты, көпүнді қозғалыстар жүйесін қамтып әуендетуінің жылдар өте келе оның әлемдік әуез өнерінің теориялық-тәжірибелік құралы нота таңбаларын тұңғыш рет жасауына негіз болғандығын сезінеміз. Романның бастапқы беттеріндегі авторлық эпикалық баяндаулар Әбу Насыр әл-Фарабидың шығармашылық ғұмырнамасының тарихи-географиялық кеңістігін оқырманның көз алдына айқын елестетеді: «Қыпшақ даласынан Арабия құмына дейінгі мыңдаған шақырым керуен жолдары,  Женттен бастап Арабия теңізіне дейінгі Ұлы Жібек жолының бойындағы бүкіл сүрлеу-соқпақтар, шаһарлар тегіс кейінде қалды. Бұрында өткен ғұлама дана философтардың, тарихшылардың, географтар мен саяхатшылардың, ақындар мен ғалымдардың, арабтар мен парсылардың, қытайлар мен үнділердің, гректер мен израилдардың көптеген кітаптары және қолжазбалары оқылды.

Басқа тілді үйрену, зерттеуді ол бала шағынан ұнататын. Ол әкесін таң-тамаша қайран қалдырып, араб және парсы көпестерімен ғана емес, Отырарға жел ұшырған қаңбақтай боп келген шарап жасаушы гректермен де, саудагер халдейлермен де оп-оңай сөйлесіп кететін. Сірә, сол себептен де оны әкесі өлгеннен кейін жиырмаға енді ғана жеткен, өзі мерген, музыкант, қасиетті Құран кітабын жатқа біліп қана қоймай, оны батылы жетіп талдау жасайтын өрімдей жас сарбазды Отырар әміршісі сыйлықтар тиелген керуенге қосып, қыпшақ жүздігінің басшысы етіп, Бағдатқа ұлы халифқа қызметке жіберген болатын» [1,6-б.]. Романның алты тараудан тұратын композициясындағы барлық сюжеттік бөліктер басты кейіпкер тұлғасын даралау қызметін атқарып тұрған поэтикалық ерекшеліктерімен жүйеленген: біріншісі – бас кейіпкер Әбудің әлеуметтік-тұрмыстық оқиғалар ортасында жүріп жаңа кітаптар оқуын, тың ғылыми еңбектерін жазуды үздіксіз жүргізген дағдысы; екіншісі – туған қаласы Отырарын, қыпшақ даласының табиғатын, өзін ғашықтықпен сүйген дала аруларын (Бәну, Әнида)  мәңгілік сағынышпен ардақтап өткені; үшіншісі – Еуразияның тарихи-географиялық кеңістігіндегі әйгілі ақындардың (Әбілхасан Рудаки, Әбу  Талиб, Әбу Фазыл, Мұхаммед Жейхани, Әбу Исқақ, т.б.), ойшылдардың (Сократ, Платон, Аристотель, т.б.) шығармашылығымен таныс бола жүріп, өзіндік тың тұжырымдарын туындатқаны; төртіншісі – ғылыми-әдеби көркем ойлау ұстанымы қатал халифа, сұлтан әміршілердің (Саманидтер әміршісі Нәсір ибн Ахмед, Солтүстік Сирия әміршісі Саиф ад-Даула Хамдани) сыйлық құрметін иеленгендігі.

Эпикалық туындыда  тарихи тұлғаның ғұмырнамасындағы оқиғалар (әкесі сардар-жаугер Мұхаммед ибн Тархан – ибн Узлағ ат-Түркінің аң аулап жүріп бүлікшілермен шайқаста жараланып өлгені, Әбу Насырдың сол шайқастағы сайыскерлігі, бірнеше рет Бұхардағы, Бағдаттағы зындандарға қамалғандығы, бірнеше рет дала қарақшыларымен шайқасқаны, т.б.) – бәрі де тарихи кезеңдер шындығы аясында суреттеле қамтылған.

Романның көркемдік сипатын айқындай түсетін поэтикалық ерекшеліктер айқын байқалады. Бас кейіпкердің балалық, жастық шағы өткен туған жері Отырар қаласы мен оның төңірегі туралы еске ала тебіренетін сәттерінің суреттелуі де Ұлы Дала перзенттеріне ортақ көркем ойлау дүниетанымы аясында берілуімен әсерлі: «Отырар ойпаңы тек егіншілік үшін ғана қолайлы емес, сондай-ақ мұнда тораңғылы жыныс пен қалың қамысты тұстар да жиі ұшырасатын, оларда жабайы аңдар көп болатын. Бау-бақшалар мен егістерді, жүзім және мақта далаларын жанай өтіп, көшпелілердің сүрлеу жолынан бұрылып шыққан Әбу ат басын итмұрын, ырғай, жыңғыл мен тораңғылы жалпақ жазираға қарай түзеді. Жазық үстін сай-жыралар тілгілеп, кей тұстарда бөрікше шошайған шоқалдар ұшырайды. Шоқалдар үстіне тобылғы мен кермек иісті дерменелер өскен. Бұл төңіректе тоғай арасын мекендеген қора-қора жабайы қабандар ұшырасатын. Ал әрірек бетегелі қырға қарай өтсе үйір-үйір құланның үстінен шығуға болатын; кейде Жент теңізінің жағалауларында жолбарыспен бетпе-бет кездесіп қалу қиын емес-ті. Ал алтын түстес қырғауыл мен май басқан шіл және өзге де құстар жыртылып айырылатын. Алайда, құс аулау деген әдетте жоқ, өте сирек болатын аңшылық. Қыпшақтар мен үйсіндердің ру басшылары ондай аңшылықты намыс көретін» [1,58-б.].

Бас кейіпкер Әбу Насыр әл-Фарабидің ғұламалығы мен шешендігі танылатын тұстары – романның идеялық-көркемдік сипатының басты ерекшелігі. Роман композициясындағы шиеленісті сәттердің бірі – Солтүстік Сирия әміршісі Саиф ад-Дауланың ордасындағы мәжіліске кіргенде сұлтанның «Ал, енді жаңа мейман өзі кеп өзіне лайық деген жерден орын алсын!», – дегенде төрдегі әміршінің оң жағына отыра кеткені де, сұлтанның бейтаныс мейманның құрметті адамға арналған орынға отыруы себебін сұрағанына берген жауабынан нағыз ҰСТАЗ-ҒАЛЫМ тұлғасының даралана мінезделуін сезінеміз. «Сабыр, Саиф ад-Даула сұлтан. ...Сабыр! – деп қайталады Әбу Нәсір өзінің жайдары қалпымен отырғандардың есін алып. – Қадірменді сұлтан да, мынау мәжіліске қатысып отырғандар да естіген және білетін болар, бірде арабтардың ұлы философы әл-Кинди халиф Мамунға кіріп, өзі барып ислам имамдарынан жоғары орынға отырыпты. Сонда мәжілісті басқарушы адамның әл-Киндиге: «Сен неге ислам имамдарынан жоғары отырсың?» – деп сауал қойғанын бәріңіз де білесіздер. Және сондағы әл-Киндидің оған қайтарған жауабы да естеріңізде болар. Ол былай деген: «Өйткені, мен сенің білетініңнің бәрін де білем, ал сен менің білетінімнің бәрін білмейсің» [1,140-б]. Роман сюжетінің осы шиеленісті шарықтау сәтіндегі сұлтан сарайында «ақындардың ақыны» атанған адамның әміршінің сұрауымен жатқа оқыған өлеңінің һарон әл-Рашидтің замандасы мейірбан жүректі соқыр ақын Әбу Закардың Бармакидтердің абзал азаматы Жапар уәзірді құтқару үшін айтқан жырын өз өлеңі етіп айтып тұрғанын бетіне басады: «Біреудің сөзін өзіңдікі деп айтқаннан жаман күнә болмас Алла алдында» [1,141-б.].

Әлем өркениеті алыптарының дәстүрін жалғастырушы тұлғаны сол дәуір адамдарының қалай бағалағаны да, аталған сұлтан сарайындағыларға кейіпкер Әбу Исқақтың ғұламаны таныстыру сәті де, Әбу Насырдың сұлтанмен диалогтары да  тарихи-эпикалық шығарманың ғылыми-танымдық сипатын дәйектеуімен маңызды:

«– Қадірменділер, әл-Фараби есімін қайсыларың естідіңдер? – Әбу Исқақ отырғандарға қараған.

– Бізге Аристотель мен Геленнің, Платон мен Евклидтің даналық ойларының сырын ашқан ұстаздың есімін, ұлы математик, әрі музыканттың, әл-Киндидің өзінен де озып кеткен  астролог, әрі философтың есімін кім білмейді?! – деп ғұламалар шуылдасып кетті.

– Әл-Фарабидің бұл араға қандай  қатысы бар?  Сен ол туралы неге сұрадың? – деді Саиф ад-Даула.

– Мына отырған соның өзі! – деді Әбу Исқақ Әбу Нәсірді нұсқап» [1,141-б.]. Тарихи шығармадағы деректі түптұлғалардың көркем әдеби бейне тұғырында даралана мінезделуі олардың диалогтарымен, монологтарымен дәлелденетіні – классикалық дәстүр. Жазушының романындағы тарихи тұлғаны даралай мінездеуде кейіпкердің сабырлы мінез психологиясы аясында әміршінің сұрақтарына берген жауаптары арқылы дана тұлға болмысын дәлелдегенін оқимыз:

«Адамның бойындағы ең сұлу нәрсе не? – деп сұрады сұлтан.

– Қайырымдылық...

– Онда адам бойындағы қымбат нәрсе не?

– Оның ақылы.

– Адам баласына ең қажетті не?

– Әділеттілік...» [1,142-б].

Жазушы тарихи деректілікке сүйене отырып, осы сұхбат барысындағы ҰСТАЗДЫҢ жауаптарындағы татулықпен өмір сүретін қала салу, мемлекет құру, әр адамның өзіне лайық еңбекпен  шұғылдануына ерік беретін әділеттілік, мәжбүрлікпен қызмет жасаушылардың шын берілгендікке жатпайтындығы, ақиқаттың бәрінің бір өлшемге сыймайтындығы, адамның білімі мен ақыл-ойының ықпалды күші арқылы ғана Әділеттің салтанат құратыны, т.б. сан алуан өмір сүру философиясы туралы тұжырымдарды қамтыған.

Роман композициясындағы Шығыс клас­сикалық поэзиясының алыбы Абдулхасан Жаппар ибн Мұхаммед ибн Хаким Абдрахман Рудакидің Бұқардағы Саманидтер шахының тақ сарайында ақынның жырларын тыңдау сәті де поэтикалық-психологиялық әуенді баяндауларымен әсерлі оқылады. Жазушы осы сюжеттік бөлікте осыдан отыз жыл бұрын өлім жазасына кесіліп, бірақ марқұм әкесімен дәмдес-сыйлас болған қыпшақ жүзбасыларының шаһар әміршісіне Тархан баласына кешірім жасатқанын көркемдік шешім шегінісімен баяндаған. Әміршінің мейірімімен өлім жазасын кешіріп, жас жігітті қыпшақ, қаңлы, қоңырат, үйсін, жалайыр руларынан іріктелген ылғи алпамсадай жүз жігітке басшы етіп, Бағдаттағы мұсылман әлемінің әміршісі халифтың қорғаушылары ғұләмдарының, нөкерлерінің тобын толықтыруға жіберілгенін баяндаған. Тарихи тұлға боп қалыптасып, әлемге танылып, арада отыз жыл өткеннен кейін халиф әл-Мұхтадирдің әмірімен туған өлкесін билеп тұрған саманидтер шахы Нәсір ибн Ахмедтің шақыруымен Бұқар қаласындағы шахтың сарайына келген еді. Роман сюжетінің осы романтикалық-психологиялық сарынмен көмкерілген сәтіндегі бас кейіпкердің жан-жүйе тебіреністерімен-толғаныстарымен оқырман да бірге ортақтасқандай әсерге бөленеміз. Туған қаласы Отырардан келген күйші қарттың қыпшағы аспабымен тартқан күйді тыңдап отырып, туған топырағымен қайта дидарласқан перзенттің тебіреністері романтикалық-реалистік тұтастықпен әсерлі суреттеле баяндалған: «Қарттың күйі бұған басқа дүниенің бәрін ұмыттырып, өзінің әуезді құшағына алып қайта-қайта біресе балғын балалық шағының, біресе бозбала жастық шағының ән-жырларын есіне түсіріп, Отырардың шаңдақ көшелері жайлы, аңызақ ескен аптап дала туралы, Сырдарияның бірде көгілдір, бірде лайсаң толқындары туралы, далада жағылған оттар, тағы болып кеткен жүйріктер, жасауылдардың билері, бәрі-бәрі туралы күмбірлейді... Ал Таразының биші қызы мың бұралып шыққан сәтте туған жерге тезірек жетіп көрсем деген құштарлық сезім бойын мүлдем билеп алған»[1,62-б.].

Романдағы жанама кейіпкерлер – әміршілер (саманидтер әулетінің алқаға таққан інжуі атанған Бұқар шахы Нәсір ибн Ахмед, Халеб  сұлтаны Саиф ад-Даула) ақындарға, ғұламаларға қамқоршылар ретінде бейнеленген. Жаз айларын Самарқанда, қыс айларын Бұқарада өткізетін Нәсір ибн Ахмед шах жанынан Әбу Абдаллах Рудаки ақынды тастамайды екен. Кейіпкер Әбу Исқақтың баяндауынша: «Саиф ад-Даула саясатшы ретінде қырағы, әмірші ретінде қатал, қатігез, философ ретінде дана да сабырлы. ... ол Алланың ақ жолындағылардың бәріне де қамқоршы.

...Халеб кітапханасына ертеде өткен ғұламалар мен философтардың еңбектерінің ең сәтті аудармалары жиналған екен, өзінің даналық қазынасын байыту үшін сұлтан қаржыны да, күшті де аямайтын көрінеді. Әрбір кезекті ұрыстар мен жорықтарда ол олжа етіп кітаптар әкеледі екен, базарлардан, каллиграфтар мен саудагерлерден арнайы шабармандар жіберіп, кітап сатқызып алады екен» [1,138-б.].

Тарихи роман сюжетінде Рудаки ақын шах Нәсір ибн Ахмедтің ордасында отырғандарға, оның ішінде патшалық билік иелеріне де, бай-бектерге де, саудагерлерге де, қолбасшыларға да, шайхылар мен елшілерге де, сүйген ғашығына да арналғандай өлеңдерін жырлайды:

...Өмір-мұхит. Жүзгің келсе ойланып,

Ізгіліктен кеме жасап алсаңшы!

...Байлықпенен салтанатта өмір сүр,

Я қиындық, қаталдықпен күн өтер.

...Болат семсер қан тілеп жалаңдамас                                                                  қолдағы,

Зұлымдыққа Тәңірінің жүз қайтара                                                                     зауалы.

Болат семсер суырылмас зорлық үшін                                                                   қындағы,

Жүзімдіктен сығымдап у жасалмас                                                                      дуалы.

Соғып өтті зор дауыл, қалдым сенен                                                            айырылып,

Қопарылып өмірім, қанатымнан                                                                   қайрылып.

Қолаң шашың садақ болып, кірпіктерің                                                                           сұр жебе,

Уа, сүйгенім! Бір сенсіз тірлік жоқ бұ                                      дүниеде... [1,63-64-бб.].

Романның бас кейіпкері Әбу Насыр әл-Фарабидің туған қаласы Отырардың қазақ өркениеті тарихының әлемге танымал даңқты орын болғандығын, отырықшылық пен көшпелілік тұрмыс мәдениетін тұтастырғандығын автор «Отырар күштілерді ғана мойындады және өзі де күшті болды» [1,70 – б.], – деп бағалайды. Романдағы сюжеттік-композициялық желілерде орта ғасырлардағы әлем құрлықтарын, мемлекеттерін байла­ныстырудың алтын арқауы болған Ұлы Жібек жолы, әлемдегі ірі қалалар (Бағдат, Шам, Тудмор, Мысыр, Бұқар, Самарқан, т.б.), мемлекеттер (Сирия, Ирак, Ливан, Бахрейн, Палестина, Иран, т.б.), өзендер (Тигр, Евфрат, Сейхун-Сырдария, Жейхун-Әмудария) бәрі де тарихи шындық деректерінің поэтикалық үйлесімімен жүйелене суреттелген.

 Әлем өркениеті тарихында өз заманының ең мәртебелі атағы ҰСТАЗ атанған Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тар­хани ибн Ұзлағ әл-Фараби ат-Түркидің өте қарапайым, қаңғырған дәруіш кейіпімен өмір сүргені баяндалған. Адамзат тарихындағы Сократ пен Аристотельдің, Платон мен Птолемейдің, Гераклит пен Гиппократтың қалыптастырған ілімдері негіздерін қалай дамыта жалғастырғаны роман құрылысындағы эпикалық баяндаулармен де, диалогтармен де, монологтармен де қамтылған.

Жазушының осы тарихи-эпикалық туын­дысының соңындағы «Ұстаздың оралуы» атты тарауындағы тарихи шындық деректерін оқырман назарына арнайы ұсынуы да өмір шындығын халықтық арман-қиялға бөлеудің сырларын ұғындыра түседі. Тарихи көркемдік негізі парсылардың, үнділердің ескі ертегілерінен туындаған «Мың бір түн» сюжеттерінде әділ, қайырымды болып, бейнеленген халиф Һарун әл-Рашидтің  өмірдегі  шын сиқын баяндаулар – оқырман үшін тың дерек. Ертегішінің қиялымен сомдаған бұл кейіпкері шынайы өмірде өте қаніпезер, зұлым, қала халқынан, қолөнершілерден, құлдардан өлердей қорыққан адам екен. Ол Бағдаттан алыста, айналасына су толтырылған орлармен қоршалған Анбар қорғанында өмір сүріпті. Күңдері мен кәнизактарының ортасында нәпсіқұмарына батып, өз қолымен өлтірген адамдардың азапталып өлер сәттерін қызықтапты, жауыздығы асқына келе, өзінің туған қарындасын да, өзінің мемлекеттік билігін нығайтуға көп көмектескен ақылды уәзірі парсылық Бармакидті де өз қолымен өлтірген екен. Сол жауыз халиф Һарун әл-Рашид хижра бойынша 193 жылы, жаңа жыл санауы бойынша 809 жылы өлтіріліпті. «... Һарун әл-Рашидтің зұлымдығына сай қулығы да болған. Шындық, ол ғұламалар мен ақындарды төңірегіне жинап, оларға үнемі сый-сияпат көрсетіп, өзі ештеңе ұқпаса да олардың айтқандарын бас шұлғып тыңдайтын болған. Өйткені, ол сол ғұламалардың оны дәріптей айтқан сөздері мен ақындардың мадақтаған жырлары кейінгі ұрпаққа өнеге боп қалатынын жақсы білген. Қанішер жендеттің сый-сияпатқа сатып алған мақтаулы сөздері мен мадақтау жырлары еді бұлар, шындықтың төркіні осылай болатын» [11,18-б.].

Әділдікті, қайырымдылықты ғасырлар бойы аңсаумен келе жатқан халық Һарун әл-Рашид өлгеннен 150 жылдан кейін «Мың бір түн» хикаялар жинағын ертегішілердің айтуымен қабылдап, ұрпақтарға, одан әлем халықтарына таратты. Жазушының осы «Мың бір түнге» байланысты афоризмдік мағыналы анықтамасы да философиялық-педагогикалық мәнімен баурайды: «Ертегі деген – өмірдің жұбанышы еді, күнделікті күйкі тірлікті бір сәтке болса да серпіп тастайтын, аңсаған арманды қиялға бөлеген билеушінің ақыл-парасатынан үміт күттірген халықтың қанатты үміті еді» [1,170-б.]. Жазушының «Мың бір түн» кейіпкері Һарун әл-Рашид шындығы туралы осындай тұжырымы мен роман кейіпкері Әбу Абдулхасан Рудаки ақынның Әбу Насыр әл-Фарабимен сұхбат кезінде айтқан жауап-монологы үндес:

«– Сен мынау дүниеге тыныштық орнатқың келеді, кемеңгер-философ, ал дүние болса аумалы-төкпелі болуды тілейді. Сен ғой маған достарың көп дегенді айттың. Алайда, бұл өмірде қашан да досыңнан дұшпаның көп болып отырады. Жендеттер де жетерлік. Сен ғой шахтың ықылас-құрметі жайлы айттың. Әттең, сол ықылас-құрметінің қаншалықты алдамшы әрі қатігез екенін білсең. Біз жыртқыштың қолындағы тотықұс тәріздіміз ғой, – деген кезде ақын өңі сұрланып, көзі жалтылдап кетті» [1,67-б.]

Романның алты тарауындағы сюжеттік бөліктерден әлемдік ғылыми-әдеби көркем ойлаудың ҰСТАЗЫ Әбу Насыр әл-Фарабидің Араб халифатын толықтай аралағаны, әлемдік жаратылыстану, гуманитарлық-қоғамдық ғылымдар салаларындағы өзіне дейінгі іргелі еңбектердің бәрін де оқығаны, сол дәстүр жолымен өзі де іргелі еңбектер жазғаны, өмір бойы оқу, іздену нәтижелерін жалпы адамзаттың мәңгілік тұтынатын рухани құндылық қазынасына айналдырғаны танылады.

Әбу Насыр әл-Фарабидің тарихи-әдеби көркем бейнесін өзіндік шығармашылық шешім бойынша даралап сомдаған жазушы эпикалық шығарма кейіпкерлерінің диалогтарында да, авторлық эпикалық баяндауларында да афоризмдік-нақылдық сөз тіркестері өрілімдерін қолданған. Бұл – ойшыл ғұламалар басты және жанама кейіпкер етіп алынған тарихи туынды поэтикасының философиялық-психологиялық сарынды сипатына тән басты ерекшелік. Мысалы: «Өткен іс – сағыныштың қайнар көзі екен. Егер лайы жоқ мөлдір болса, қиял-арманыңды үнемі қанаттандырып отырады екен, сеніміңе кіршік түсірмей сұлуландыра береді екен», «Көзсіздік – ақыл-ойдың қас жауы», «Ал, білім болса, сенің ақыл-ойыңның ғұмырлық серігі, ол ешқашан опасыздық етпейді. Тек жаңадан қосылған білім болса, бүрынғыңды толықтыра, яки жаңғырта, өзгерте түседі. Молайған сайын сені де қанаттандырып, өле-өлгенше бойыңда сақталады», « Ғылым мұхиты шексіз қиыр ғой, оны игерер жан өзінің құштарлық нәпсісіне тыйым сала білуі тиіс. Ғылым соңына түсу азапты да ләззаты мол сапар. Кейде ол адамға махаббаттан да зор үстемдік жасайды. Өйткені, махаббат жолы да азапты жол», «Махаббат – дөрекілікті беттен қағар биязылық, махаббат – тұрпайылықты жұмсатар нәзіктік», «Шын даналық шешілмес түйіндерді шеше білуде ғой», «Иә, әйел жүрегіне махаббат шоғын тұтату қиын, ал тұтатып алғаннан кейін оның сені өз ырқына біржола көндіріп алмақ болып лапылдап лаулаған құштарлық жалынын, яки сені сырт теуіп, өзінің қорланған сезімі үшін өртеп жіберуге әзір кекті күйін сөндіру тіпті қиын», «Алғашқы махаббаттың құпиясы – әрқайсымыздың рухымызда жатқан асыл қазынамыз емес пе?», «Бүкіл адамзаттың қорқатын Құдайы біреу ғана, ол – Шындық», «Ал ел арасында надан топастар жоғалған күнде де күншілдер мен сатқындар, қорқақтар мен зұлымдықтар болары анық», «Көлеңкесіз күннің өзі күн емес қой. Көлеңке лаулаған ыстық жалыннан  сақтап қалады ғой. Бұ дүниеде мәңгілік не бар дейсің. Тек ілім ғана мәңгі жасайды», «Адам бойында бақталастық, күншілдік, сатқындық, зұлымдық, жалғандық пен шыншылдық – бәр-бәрі қат-қабат болады», «Адамға о бастан екі қасиет ортақ – жендет те бола алады, құтқарушы да бола алады: дүниені астан-кестен етер жауыз да өзі, дүниені қайта жасаушы құдірет те бір өзі», «Сабырлылық даналыққа сән береді», «Ақыл-ой – Тәңірінің сыйы», «Тілі ұзынның аяғынан тұсау кетпес», «Адал болу, бағыну оңай, ал жағымпаз болу – ең лас қасиет», «Диірменде туған тышқан күннің күркірегенінен қорықпаса керек», «Ақыл-ой фараонға да, уақытқа да бағынбаған», «Болашақ – өткен мен бүгіннің жалғасы, демек алға кетер шексіздік», т.б.

Романның бесінші тарауында бас кейіпкер Әбу Насырдың  түс көргенін, түсінде оның Құм дала мен Көк аспанның үнімен тілдескені баяндалған. Сол Құм даланың, Көк аспанның үнімен болған түс диалогтары арқылы кейіпкер дүниетанымындағы ақыл-ой алыптарының еңбектері (Платон, Аристотель, Геродот), Мысырдағы Сфинкстің сөздері арқылы фараонның (Аменхотеп Екінші-Тутмос IV) іс-әрекеттері, Хармакис, Хеопс, Хефрен храмдарының салтанатты сәулеті, Аменхотеп Екінші-Тутмос IV фараонның Эхнатон-Атон-жалғыз есімін иеленуі, сұлу мүсінді Нефертитидің жас фараонға жар болғаны, Сфинкстің сөзімен үлкен қалалардың (Мемфис, Вавилон, Рим, Отырар, Тудмор, т.б.) байлықтың салдарынан құрып біткендігінің мәлімделуі, тек қана Мысыр фараондарының ішінде ең құдіреттілерінің, Хеопс, Хефрен, Микерия сақталып отырғандығы дәріптеледі.  Сфинкс сөзінің түйінінде киелі фараонның еркіне жүріп, айтқанын құп алған ұлы ғұлама Имхотеннің афоризмдерін Әбу Насырдың жадына ұсынғанын да роман кейіпкерін даралаудағы автордың көркемдік тәсілдері қатарында түсінеміз: «Еркелік пен әйел жүрген жерде ұры сезім оянады»; «Жақсылық істегенге жамандық жасама, ал жамандықты жақсылық іспен жеңетін бол» [1,125-135-бб.].

Романның соңындағы жазушының қорытынды тұжырымдары – Тәуелсіз Қазақ­станның қазіргі және болашақ ұрпақтары үшін аса өзектілігімен маңызды: «Өзі туған өлкенің мәдениеті мен тарихының ең таңдаулы үлгілерін бойына сіңірген ол көне гректердің, иудалардың еңбектерін игеріп, парсылардың, үнділер мен арабтардың философиялық ілім­деріне қанықты, көне Қытайдың туын­­дыларымен таныса отырып, өткен замандардағы данышпандардың ілімдерін дәйек­тейтін еңбектермен қатар өз кезіндегі белгілі ғылымдардың барлық саласынан да болашақта ашылар жаңалықтардың негізін салды.

...Ол бізге, өзінің халқына, отандастарына мың жыл өткеннен кейін оралып отыр. ...Ол бізге, сонау ертегі дәуірден қайтып оралды.

Біз оны мың жылдан астам уақыт өткен соң еске алдық. Есімізге алдық та ғасырлар қабатында ертегі-аңыздармен астасып кеткен оның өміріне деген самарқаулық түндігін түріп, өз дәуірінен озық кеткен ақыл-ойына, кескін-келбетіне қайран қалдық. Ендігі жерде оның естен шығуы, ұмыт болуы мүмкін емес, өйткені, дананың есімі махаббат гүліндей мәңгілік құлпыра бермек» [1,173-174-бб.].

Қорыта айтқанда, Қазақ өркениетінің Отырар қаласынан шыққан ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің тарихи-көркем бейнесі жаңа туындыларда сомдалуымен де жалғаса берері ақиқат. Бұл – рухани жаңғырудағы жаңа тарихымыз дамуының айқын бағдарлы дәстүрі.

 

2537 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз