• Ұлттану
  • 16 Ақпан, 2021

МЕКТЕПКЕ АБАЙТАНУ ПӘНІ КЕРЕК

Мамандығым педагог болғандығы өз алдына, біріншіден ұрпақ тәрбиелеп отырған ана, екіншіден балалықтан жасөспірімдік кезеңге аяқ басқан жас өскіндердің сынып жетекшісі болғасын, баланың біліміне ғана емес, тәрбиесіне де бір кісідей алаңдайсың. 

Оқушы мектептен қатесіз жазуды, дұрыс есептеуді меңгеріп шығар. Бірақ ол оның адам болып кетуіне кепіл ме? Ньютонның ашқан заңын жатқа білгенмен, жеті атасын жіктеп айта алмайтын бала қазаққа қызмет ете ала ма? Төлеген Айбергеновтың ана туралы өлеңдерін жатқа айтатын бала өмірде анасын сыйламаса ше? Осы сұрақтар тұңғиыққа тартады. Әрі әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы!» – деген сөзі жанды тағы да уайымға салады.

Демек, шәкірт мектептен білім мен тәрбиені қатар сіңіруі керек. Тәрбиені кім, қалай беруі керек? Ала білген оқушы сыныптасынан да, досынан да, мұғалімінен де жақсы нәрсе сіңіреді? Ал, оның іздегені басқа болса ше?

Абайдың «Хикмет» кітабын қарап, қара сөздерін оқып, өлеңдерін парақтағалы бері жаңалық ашқандай күйдемін. Тәрбиенің, танымның, тәлімнің тұғыры – Абай екен ғой. Абай – қазақтың тәрбиешісі екен ғой.

«Абай – біртуар, ғаламдық тұлға. Абайдың кез-келген шығармашылық туындысын қолға алып, үңіле оқып, зер салып толғана бастасаң, көзің ашыла түседі. Абай – Ұлы тұлға! Оның даналық трактаттары әрқашанда заманауи, қай кезеңге де жауап бере алады. Қай буындағы ұрпақ болса да, Абайдан өз заманындағы проблеманың түйінін табады» – дейді орыс философы, әдебиеттанушы Георгий Гачев.

Шынында солай екен. Бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі көп мәселенің түйіні Абайда жүр.

Ата-ана баласын, мұғалім шәкіртін тәрбиелейді? Не үшін? Абай жауап береді.

– Біреулер Құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орынымды бассын, артымнан құран оқысын, қартайған күнімде асырасын, – дейді Абай. Содан кейін, «Осыдан басқасы бар ма?» – деп сауал қояды ұлы ақын. Балам орнымды бассын деген не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалмақ деймісің? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өзгелерге қимайтын сенің не айрықша орының бар?

Ал, жауап беріп көр Абайға! Баланы, шәкіртті біреудің өмірін қайталасын деп емес, жеке тұлға, дара адам, толық адам болсын деуіміз керек екен.

Сонда бала қалай толық адам болады. Жауапты тағы да Абай береді:

– Ғылым-білімді әуел бастан бала өзі іздеп таппайды. Басында ғылымды зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша.

Хәкімнің мына сөзі – тап-таза педа­гогикалық әдіс, керек болса білім беру форматы емес пе? Бүгінгі, жаңа заманғы білім жүйесі де бала қалағанын өзі оқуы керек, өз мамандығын өзі таңдауы керек демей ме? Абай болса, әуелі іздеп көрсетіңдер, кейін өзі іздесін дейді. Даналық!

– Қашан бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана Алла Тағаланы танымақтық, өзін танымақтық секілді білім, ғылымды үйренсе, білер деп үміт қылмаққа болады. Болмаса – жоқ, ең болмаса шала, – дейді Абай сөзін толықтырып.

Демек анадан туып, жер басқанның бәрі адам емес. Білімге құмар, жүрегі жаратылыстың сырын, ілімін іздеген жан иесі ғана – адам. Абайдың «Адам болам десеңіз...» деген өлеңі – өлең емес, адам болудың нұсқаулығы екен. Адам болам десең, өсек, өтірік, мақтаннан, еріншектік, малшашпақтықтан қаш. Талап қыл, еңбек ет, терең ой ойла! Қанағатты, рақымды бол! Адам болмаймын десең осыларды кері жаса!

Бүгінгі күні жас ұрпақтың жат діни ағымға арбалуы алаңдатып тұр. Жастар дінге неге құмар? Мақтан үшін, сән үшін? Жоқ! Қалай болғанда жан иесі жаратушысының ілімін іздеп жүрген жоқ па?

Жан иесі Алланы қалай табады? Абайдан сұрайық!

– Алла тағала өзі – хақиқат, растықтың жолы. Қиянат – хақиқат пен растыққа дұшпан! Дұшпаны арқылы шақырған дос келе ме?

Абайдың осы сөзі адамзаттың асылы, Алланың елшісі Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) «Алланың дінін қиындатпаңдар! Дінде зорлық жоқ!» – дегенімен үндеседі.

– Көңілде өзге махаббат тұрғанда хақ­тықты таппайды. Адамның ғылымы, білімі растыққа құмар болып, әрнәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықпенен табылады. Оның үшін ол Алланың өзіне ғашықтық. Ғылым – Алланың бір сипаты. Ол – Хақиқат. Оған ғашықтық өзі де хақтық һәм адалдық.

Міне, қарапайым әрі дана түсіндірме. Алланы тану үшін – өзгеге емес, Аллаға ғашық бол! Оған ғашық болу үшін ғылым, білім үйрен. Білім Аллаға апарады.

Біз болсақ, дінтану сабақтарында «Дү­ниеде пәленбай дін бар. Будда былай құлшылық етеді. Анау былай жасайды» – деп жүрміз. Иманды ұрпақ керек болса, басқаны емес, Абайды оқыту ләзім.

Қорыта келе, мектепке Абайтану пәні керек-ақ дегім келеді. Жоқ емес, Абайтану сабақтары мектепте жүреді. Бірақ нұсқау хатта көрсетілген бағытпен мектептің 9-11 сыныптарына жұмасына бір күн факультативті қосымша сабақ түрінде.  Тәрбие сағаты, ашық сабақ, қосымша сабақ дегеніміз – Абай әлемі үшін тар. Абайға тұтас оқу бағдарламасы керек. Абай арқылы оқушы өзін табады, әлемді таниды, иманын түгендеп, Алласын таниды. Азбайды, адаспайды. Сол себепті мектеп бағдарламасына 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін жүретін Абайтану сабағын пән ретінде жұмасына екі сағаттан қосса деген ұсыныс бар ұстаздар жүрегінде.

Алаштың арыстары да кезінде Абайдың идеясын басты идеология қылып ұстаныпты. Алаш көсемдерінің бірі – Жаһанша Дос­мұхамедовтың атындағы білім ордасы да осы сара жолды ұстанғысы келеді. Мектепте Жаһаншатану, Қадыртану жұмыстары жүйелі жүреді. Сол жолдың басына Абайды қоймақ ниеттеміз!

Назгүл МҰСТАФИЕВА,

Ж. Досмұхамедов атындағы

мектеп-балабақша кешенінің кураторы

 

 

330 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *