• Ұлттану
  • 16 Ақпан, 2021

КҮЙ ОРДАСЫНЫҢ ОҒЛАНДАРЫ

Мақсат ТІЛЕПБЕРГЕН,
ҚР Мәдениет қайраткері 

 

«Өнер деген өлкеге қосыңды тігіп орныққан соң тайпаң да, тегің де «Өнер» боп қалғанға не жетсін!» – дейді жырау ағамыз Алмас Алматов.

 Әкесі Қуан екінші ұлы дүниеге келгенде ерекше қуанып, шілдеханасына жиылған ауылдастарының көз алдында сол өңірге белгілі Талым күйшіге «Өзіңдей домбырашы болсын!» – деп сәбидің есімін Ахмет қойдырып аузына түкіртіп алады. Тілегіне орай Ахмет шынымен де қолына домбыра ұстап бес жасында  «Штат» деген күйді тартады.

Осы ерекше қабілетін байқаған ауыл музыканты Әжіғалиев Хұсайын оған мандолина мен скрипкада ойнауды үйретеді. Бойына туа бітті өнер дарыған Ахмет, тек өнерлі ғана болып қоймай, туған халқының өнерін зерттеуші фольклорист-ғалым болып қалыптасты. Әрі бірден-бір жоқтаушысы бола жүріп, ұлтымыздың аса дарынды өнерпаздарын аттарын атап, түстерін түстеп тасқа басып кітап етіп шығарды. Оған дәлел « Замана бұлбұлдары» мен «Ғасырлар пернесі». Осы екі кітаптың өзі-ақ Ахаңа  ғылым докторы дәрежесін алып берді. Оның бер жағында бірнеше ғылыми мақалалар мен студенттер алдында күн сайын оқитын мазмұнды лекциялар қаншама еді?..

 Иә, Ахаң атқарған қызмет мәнді де мағыналы. Кәсіби өнерге қосқан үлесі өлшеусіз, өскелең ұрпаққа тигізген пайдасы қыруар-ақ. Нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат. Ахаңның зерттеушілігі, орындаушылығы, ұйымдастырушылығы, ұстаздығы, басшылық қыры, композиторлығы, дирижерлығы, жазу шеберлігі, адами келбеті мен асқан мәдениеттілігі, ағартушылығы, санамалап кетсең екі қолыңның саусағы жетпес. Осының бәрі бір бойына қалай сыйып тұр деп таңқалмасқа шараң жоқ. Бір ғана ұйымдастырушылығының арқасында дүниеге Құрманғазы атындағы алып, халық аспаптары оркестрі келді (25.06.1934 ж.). Қазіргі үлкен өнер ордасы Жамбыл атындағы мемлекеттік филармония дүниеге келді (14.01.1935 ж.).

Осы өнер ордаларын ашып, заман талабына сай жарақтап, алғашқы қадамын бастырғанда Ахаңның жасы небәрі 28-де екен. Әдетте «отызында орда бұзар, қырқында қамал алар» дейміз. Енді бағамдай беріңіз, аяулы Ахаңның жас басынан-ақ қандай орданы бұзып, қандай қамалдарды алғанын. Иә бұл кезең болашақ академик өмірінің жарқын беттері болатын, алда небір нәубетті ауыр  жылдар тосып тұрған, ол әрине өз алдына бөлек әңгіме.

 Сонымен Ахаң іргетасын қалаған, бүгінгі күні халық аспаптары оркестрлерінің атасы саналатын Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестріне оралайық. Осы әйгілі ұжым бүгінгі күні өзінің құрылғанының 86  жылдығына қадам басып келе жатыр. Оркестрімізді әр жылдары белестен-белеске шығарып, жеңістен-жеңіске жеткізген небір саңлақ дирижерлар, алғыр ұжым басқарушылары болды. «...Жас  келсе іске демекші» сонау 1952 жылы Ахаңның ұсынысымен әрі қолдауымен, оркестрге бас дирижер әрі көркемдік жетеші боп тағайындалғанда Қажығалиев Шамғон ағамыз небәрі 25-ақ жаста екен. Ахаңның тәуекелімен өзіне артылған зор сенім мен жауапкешілікті жас болсада сезіне білген Шамғон ағамыз оркестрді небір биіктерге бастай жөнелді.

Айта кету парыз: Ахаңның айтқанына көніп, айдауына жүргісі келмей, біржағы өзін жассынып, әрі «әйгілі скрипкашы» – болу арманы тағы бар, оркестрдің басшысы болуға бірден келісе қоймайды. Ақыры Ахаңның «Әй бала! Енді көнбесең консерваториядан шығарам» – деген соң амал жоқ келістім деп Шәкең талай мәрте рахаттана айтып отыратын. Әй, әруағыңнан айналайын Ахаң талантты жазбай таныған екен-ау. Сонымен келе сала білек сыбана іске кіріскен қадірлі Шамғон ағамыз, оркестрді келер 1953 жылы Бухаресте ( Румыния ) өтетін Бүкіләлемдік IV-жастар фестиваліне дайындай бастайды және ол фестивальде 100- ден аса ансамбль мен оркестрлердің ішінен оза шауып бірінші орын мен алтын медаль тағынып, сол кездегі Кеңестер Одағы мен Республика мерейін үстем қылды.

Иә, оркестрді небір салтанатты жиындарда, мемлекеттік деңгейде өтетін концерттерде жарқырата көрсетті. Төккен тер зая кетсін бе, оркестрдің даңқы жыл сайын артып, абыройы аспандай түсті. «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген коллективі» (1967) «Академиялық оркестр» (1978 ) «Халықтар достығы ордені» (1984). Әрине осының бәрі жалғыз Шамғон ағамыздың еңбегі деуден аулақпыз, оркестрдің бірнеше буын музыканттары, қатардағы дирижерлары, басшылықтағы директорлардың еңбегі зор. Дегенмен «арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, артқы дөңгелегі де сонда жүретіні» бесенеден белгілі емес пе... Шәкең, ұстазы Ахаңның сенімін ақтап оркестрді көтерсе, оркестр Шәкеңді де жерде қалдырмады. Қазақ ССР-нің халық артисі (1967), КСРО-ның халық артисі, профессор (1980),  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Хош! Сонымен Шәкеңнің алтын дәуірі аяқталып, оркестрге жаңа бас дирижер, басқарушылар келді. Шамғон ағамызды (1991) Айтқали Жайымов, Жайымовты (2006) Төлепберген Әбдірашев ағамыз, (2008) Дүйсен Үкібай, Үкібайды (2010) Жалғасбек Бегендіков ауыстырды.  2013 жылы оркестрге бас дирижер болып жалынды жас, талантты домбырашы  Арман Жүдебаев келді. «...Мен жастарға сенемін» – деп Мағжан ақын бекер айтып па?.. Ол өзі осы оркестрде студент кезінен домбырашы болып, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясының студенттер оркестрін басқаратын.

Айта кету керек, Құрманғазы атындағы оркестрге келетін дирижерлардың дені, осы студенттік оркестрді басқарып барып келетін дәстүр әуелден қалыптасқан. Сонымен Арман арманына қанат қаққандай, жаңаша сипат, жаңа леппенен оркестрді самғата жөнелді. Қолдан-қолға өтіп, бағытынан айырылып, жүрісінен жаңылғандай көрінген оркестр Арманның басқаруында қайта түлегендей әсер берді. Арманның аса сезімтал түйсігі, дыбысқа деген саққұлағы, музыканттарға қояр талабы оркестрдегі санқилы аспаптардың үніне бояу қосқандай болды. Музыканттардың жұмысқа деген ынтасы ерекше артып, жасы бар, жасамысы бар жұдырықтай жұмылып қызметтеріне айрықша мән бере бастады. Арманның да ерекше құштарлығы артып, әр концерт айтарлықтай табыспенен өте бастады. Жаратылысынан келбетті, бойшаң азамат алшаңдай басып келіп, маңдайы жарқырап, сымдай тартылып оркестрдің алдына тұра қалғандағы көрінісіне, көрермен ықыластана қол соғып жіберетін.

Көп ұзамай-ақ көрермендер саны молайып, Арманның өнерін тамашалауға келетін жандар көбейе бастады. Сөйтіп маэстро көрермендер көзайымына айналды. Арманның қабілеті классикалық шығармаларды  ойнатуда ерекше  көріне бастады. Жалпы батыс классикасы негізінен симфониялық оркестрге арналып жазылғанымен, Арманның ойнатуында, халық аспаптары оркестрінің төл шығармасындай әсер қалдыратын. Кейінгі кезде дирижер бір орнында бастан-аяқ тұрып алмай, кей шығармаларды еркін қимылмен басқарып ойнататын үрдіс пайда болды. Ертеректе Нұрғиса (Нұраға) Атабайұлы шығарманы бастап беріп шығып кетіп, сол шығарманың соңына бір-ақ оралатын, бұл көрініс көрермендерге ерекше әсер ететін. Арман маэстро да Иоганн Штраустың (әкесі) «Радецкий маршын» оркестрге жаңаша ойнатып, көрермендерге айрықша көңіл-күй сыйлайтын. Шығарма барысында оркестрді аралап, қалаған музыкантының жанына барып, хал-жай сұрасқандай, әзіл-қалжыңмен ойнатып керемет көрініс қалыптастыратын.

Арманның кішкентайынан домбыра ұстап, жан-дүниесі күйге қанығып өскені, оркестрге күйлер ойнатуда едәуір пайдасын тигізді. Оның орындатқан күйлері,  оркестр мүшелерін және тыңдаушыларын бей-жай қалдырмайтын. Дирижер таяқшасын қолына алып жасаған төрт-бес жыл барысында, осы мамандықтың  қыр-сырына қанығып, толыса бастаған шағында Арман Әділханұлы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияға ректор боп тағайындалды. Ендігі жерде халқымыздың талантты ұлына басшылық қызметте де табысты болуын тілейміз.

Оркестрде жасап келе жатқан тағы бір дирижер ҚР Мәдениет қайраткері Жексен Айсын мырза. Асқан табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында, оркестр репертуарының молаюына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан дарынды өңдеуші. Оркестр қорында жиналған жеті мыңға жуық шығармалар жиынтығы осы азаматтың қолына сеніп тапсырылған.    

Кітапхананы тәртіпке келтіріп, көне партиялар мен партитураларды жамап-жасқап, заман талабына сай компьютер тіліне аударуда орасан еңбек атқарушы. Әрі шетел классиктерінің шығармаларын халық аспаптары оркестріне аударуда көз майын аямай еңбек етуде. Енді осы азаматтың дирижерлық қырына келейік.  Басында әйгілі дирижер Әбдірашев Төлепберген ағамыздың класына түсіп, Бегендіков Жалғасбектің класынан аяқтап шыққан талантты жас, қазір бабына келген кәнігі дирижерға айналды.

Қазір өзінің оркестрге лайықтап түсірген шығармаларынан бірнеше концерт беретін дәрежеге жетті. Екі жүзден аса түсірген шығармаларының ішінде : Антоний Дворжактың  «№9 симфониясы»  Иоганн Штраустың (ұлы) «Аңшылықта» - полькасы, Алмас Серкебаевтың «Шалқымасы», Тілес Қажығалиевтің «Қыз қуу», Еркеғали Рахмадиевтің «Құдаша-думан»  симфониялық шығармалары ерекше орын алады. Міне осы шығармалардың өзімен-ақ оркестр репертуарына сүбелі үлес қосқандығын айта кету парызымыз деп білеміз.

 Әр дирижердың сүйіп орындататын шығармалары болады. Жексен мырзада ол жоғарыда айтқан Иоганн Штраустың (ұлы) «Аңшылықта» полькасы. Ол осы шығарманы ойнатар алдында, жасырын тапанша алып шығып, көрермендерге қарап тұрып тарс еткізіп төбеге атқанда, селк ете қалмайтын жан болмайды. Сөйтіп шығарманың ортасында бір, аяғында екі-үш рет тарсылдатып барып шығарманы аяқтайды. Бұның бәрі әзіл екенін енді ұғынған көрермен қауым қыран-топан күлкіге батады.

Осындай  қалжың бастығы мен көптің  көңілінен шығып жүрген Жексен, әу баста оркестрге студент кезінде, бас домбыра аспабында ойнап келді. Сол кездегі концертмейстер Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі  Әжімұратов Қуаныштан тәлім алып, күндердің-күні концертмейстер болып ағайының орнына отырды. Бүгінгі күні таза дирижерлыққа ауысып талмай еңбек етуде. Әлі де алар асуы мен бағындырар биіктерінің алда екеніне сене отырып, сол жолда бағы жануына тілекшіміз.

2013-18 жылдар аралығында оркестрге бас дирижер болған Жүдебаев Арманның орнына, талантты домбырашы, жас пері Тілепбергенов Абылай келді. Абылай да консерваторияны аяқтап, сол жерде ұстаз боп, әрі студенттік оркестрді басқарып жүрген. Бір емес екі мәрте магистратура бағдарламасын ( домбыра, дирижер) аяқтаған.  Жас кезінен бәйгеге қосылып, солардың түгелінен дерлік бас жүлдені иеленген. Төрт аяғын тең басқан жорғадай әккі музыкант. Мінеки жалындаған 28-інде оркестрдің басына тұрған Абылай да басшылықтың  сенімінен шығып, ұжымның үмітін ақтағандай. Білімі мен білігіне туабітті адами асыл қасиеттері қосылып, Абылай оркестр алдында зорая көрінді.

 Біздің пайымдауымызша,  дирижер қол сермеп ойнатудан бөлек оркестрдің ұстазы да бола білуі тиіс. Өзіміздің күйлеріміздің шығу тарихынан бөлек, шетел классикалық жауhаларының да тарихын біліп, оны талдап, зерделеп, музыканттарға шығарманың басты идеясын, сюжетін түсіндіре білсе. Сол кезде ғана шығарманың мазмұны ашылып өте сәтті орындалары даусыз. Ал сәтті орындалған шығарма, көрермен-тыңдаушылардың жүрегіне жол тауып орнығары сөзсіз. Осы жағынан келгенде Абылай расымен де музыка әлемінің арғы-бергі тарихынан барынша сусындап, терең білім алғандығын реті келген жерде бірнеше мәрте байқатып үлгірді. Оны қанша жас көрейін десеңде, ақыл-парасатқа толы  ой-тұжырымдары тыңдаушыларын іштей бас шұлғытып, жас та болса оркестрдің ағасы екенін мойындатып тастайды.

Орайы келгенде «Абылай-ау, екі мәрте магистратура оқыдың, докторантура не боп жатыр?» – дегенімізде, «оның ауылы алыстау ма деймін, өйткені әзірге пісіп-жетіліп, ішкі дүниемді байытып, көңілімнің көкжиегін кеңейтіп барып, өзіме әбден сенгенде ғана барсам ба деймін...» дегені үш күндігін емес, үш жылдығын ойлаған жанның жауабы дер едік. Оркестрмен жұмыс барысында музыканттарды шаршатпай әзіл араластыра сөйлеп, керек жерінде күлдіре отыру  дирижерға керек пайдалы қасиеттердің бірі. Өзіміздің ұлы Ахмет Жұбановтан бастап Фуат Мансұров, Нұрғиса Тілендиев, Төлепберген Әбідрашевтің, қазіргі Қанат Ахметовтердің бойында сондай қасиеттер молынан... Осы қасиеттен Абылай да құр болмай шықты.

 Жұмыстың ортасынан аса музыканттар сүлесоқтана бастаған бір сәтте айтқан әңгімесі: ертеректе ішетіндер мен ішкіліктің молдау кезі. Бір ауылда көптен жолықпаған екі қарулас (армиялас) жолығып, қуаныштан таң атқанша тойласа керек. Сол таңда дәм-тұзы таусылып бір ауылдастары дүниеден өтіп жатыпты. Жаманат хабарды ести сала екі дос ел қатарлы көңіл айтуға асығады ғой. Біреуінің есі бар, екіншісі шала естілеу, екеуі келсе үйдің іші азан-қазан.  Көрісіп көңіл айтушылар мен үй иелерінің жоқтаулары қосылып дегендей... сонан есі бары, есі шаланы кіреберіске сүйеп отырғызып, өзі көңіл айтып шығып сырттағы дүрмекке қосылып кетеді ғой. Сонымен көңіл айтып кіріп-шығу жалғасуда, дауыс айтып жоқтаудың қызған шағы. Әлгі сүйеніп отырып ұйқыға кеткен  шіркін, азалы дауыстан оянып кетіп «Ой, пәлі дерсің!» – деп қояды дейді.

 Осындай езу тартқызар зілсіз әзілдерімен музыканттарды селт еткізіп, жұмысты жандандырып жіберер тамаша тәсіл Абылайдың да бойында бары шынымен қуантады. Құрманғазы атындағы айтулы оркестрдің басында жас та болса шын таланттың тұрғаны, әрі аталары мен ағаларының салып кеткен жолымен әлі де небір асуды аларына сене отырып «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Абылай Жанболатұлына табысты да жемісті жылдар тілейміз.

Жастайынан оркестрге домбыра тобына келіп, кейін біржолата дирижерлыққа ауысқан азаматтың бірі Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Бекентұров Жанас ағамыз. «Қарға бойлы Қазыбектей...» – бойы бар, көл-дәрия ойы бар. Өз ісіне адал, музыка саласында небір өткелектерден аман өтіп, атына сын түсірмей келе жатқан жақсы ағамыз.  Ахаңнан бергі дирижерларды түгел көрген. Шамғон Қажығалиев ағамыздың шәкірті әрі Шәкең атындағы дирижерлар конкурсының лауреаты. Оркестрдің ыстық-суығына жастайынан қанығып, шыңдалған тәжірибелі музыкант. Талай гастрольдік сапарларда оркестрдің толық құрамымен де, шағын құрамымен де  жұмыс жасап жүрген кәнігі маман. Бір сапарда барабаншының бірі аяқ астынан ұшынып ауырып, соның орнына барабан соққаны бар, бір жолы сырнайшының орнын жоқтатпағаны бар, жалпы оркестрге деген жүрегі таза, қамқорлығы мол азамат. Өнерге еңбегі сіңген әріптес қарындасымен екеуі атаққа бірге ұсынылды.  Бірақ «екеуінің бірі ғана жіберілсін» деген жоғары жақтан нұсқау келгенде атынан түсіп «осы жолы қарындасым алсын, мен бұйырса кейін ала жатармын» – деуі қандай мәрттік. Расымен де келесі жылы өзі алды.

2013 жылы Атырау қаласында мың адамнан құралған оркестр жиылып, орталық стадионда Құрманғазы бабамыздың туғанына 190 жыл толуы тойланды. Күй атасының күйлері бірінен соң бірі төгіліп  Атырау аспанын күмбірлетті. Жасы бар, жасамысы бар дирижерлар мың адамдық оркестрге басшылық етті. Сол концертте Жанас ағамыз ең тәжірибелі дирижер ретінде Құрманғазының шамалыға бас бермейтін, орындалуы қиын «Кішкентай» күйін өзінің көп жылғы тәжірибесі мен шеберлігінің арқасында, мың адамдық оркестрге сәтті орындатып шықты.

Біраз жыл бұрын Қытай мемлекетіне, сол жақтағы қандастардың үкімет деңгейіндегі өтініштері бойынша барып, халық аспаптары оркестрін сауаттандырып, өзінің мол тәжірибесімен бөлісіп, екі ел арасындағы мәдени достық пен байланысты нығайтып қайтты.

Бұл күнде Жанас ағамыз Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университеттің және  Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның «Құрметті профессоры», Аягөз ауданының «Құрметті азаматы», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері». Әлі де қайрат-жігері мұқалмаған қажырлы маэстромызға сахна­мыздың сәні болып, ұлттық өнерімізге еңбегін сіңіре берсе екен деген тілек арнаймыз.

Оркестр осы 86 жылдық ғұмырында не қилы гастрольдік сапарларды бастан кешті. Неше буын ұрпақ ауысып, осы ұжыммен тағдырлары сабақтасып өсіп-өнді. Атаққа, даңққа кенелді. Қатардағы музыкант болсын, басқарушы болсын оркестрдің үлкендерінен ақыл-кеңес алып, тәжірибе жинақтап, мансаптары өсіп жоғарылап кеткені қаншама... Бұл сөзімнің дәлелі: 2013 жылы қыркүйек айында оркестрге екі жаңа басшы тағайындалды. Бірі жоғарыда айтылған Арман Жүдебаев болса, енді бірі Дәуешов Нұрғиса Мұратұлы. Оркестр ұжымын 1991-2013 жылдары аралығында басқарған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Еркебұлан Саламатұлы зейнетке шығып, өнер ордасының тізгінің  қолға алған Нұрғиса  жастайынан елгезек, музыкаға бала күнінен құмартып, қолына домбыра ұстап өнерге қадам басқан азамат. Студент кезінен оркестрге жуықтап, оқуы аяқталған соң тұрақтап қалды. Ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, көп ұзамай оркестрдің инспекторлығына тағайындалды. Бұл міндетті дөңгелете атқарып, оркестрдің басшылық мансабына көтерілді.

Жастық жігерменен құлшына кірісіп, оркестрдің тамырына жан бітіргендей, неше түрлі жобаларды дүниеге әкелді. Республика көлемінде бірнеше табысты гастрольдер ұйымдастырды. Оның басқаруының алғашқы жылдарына оркестрдің құрылуының 80- жылдығы (2014) тұспа-тұс келді. Оркестрдің мерейтойлары әдетте орын саны аздық қылатын Абай атындағы опера және балет театрында өтетін болса, бұл жолы 1620 орны бар, Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында өтті. Оркестрдің арғы-бергі тарихынан мәлімет беретін ЛЭД экраны қосылып, көрермендерге ерекше әсер қалдырған айта қаларлықтай кеш сыйлады.

 Нұрғиса Мұратұлы басшы ретінде небір батыл қадамдарға барып, асқан жаңашылдығымен көзге түскен жас қайраткерлердің бірі. 2018 жылы сәуір айында оркестр ескі жұртымен (Бөгенбай батыр к-сі-158 ) қимай қоштасып, жаңа қонысқа (Абылай хан даңғылы-83) көшіп қонды. Айтуға оңай болғанымен көшіп-қону аса күрделі мәселе. Осы істі де асқан ыждағаттылықпен мұқият атқарып шықты.

Осы жылдың 30-шы қыркүйегі мен 2-ші қазан  аралығында « Құрманғазы және Ұлы дала сазы» атты Халықаралық фестиваль өтті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен бұл шараның да идеясын беріп, ұйымдастырушысы болған Нұрғиса мырза. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы  аясында ұйымдастырылған іс-шараға «ЮНЕСКО» штаб пәтерінен, «Түріксой» ұйымынан, Ресей Федерациясынан арнайы өкілдер, жақын және алыс шет елдердің дәстүрлі орындаушылары, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан Республикаларының өнер ұжымдары және еліміздің «академиялық» дәрежесі бар оркестрлері қатысты. Үш күнге созылған іс-шара аясында « Дәстүрлі өнер – жаhандану әлемінде» тақырыбында форум, республикамыздың, жақын шет елдердің күйшілік мектебі майталмандарының концерті, оркестрлер шеруі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, суретші Шахан Маханбетов пен фото тілші Рафхат Халеловтің « Күй және күйші» атты фото көрмесі және танымал дәстүрлі орындаушылардың концерттері өтті.  Осындай жарқын істерімен оркестрдің танымалдығы артуына мол үлес қосып келе жатқан Нұрғиса мырза 2019 жылы мансабы жоғарылап Мәдениет министрінің орынбасары қызметіне ауысты. Алдағы уақытта Нұрғиса Мұратұлына амандық тілеп, абырой биігінен көріне беруіне тілекшіміз!

Жалпы оркестрдің ішкі мәдениеті, ұжым мүшелерінің арасындағы адами қарым-қатынас өте жоғары деңгейде. Олардың бір-біріне деген тілеулес  пейілдері, жанашырлығы, үлкеннің кішіге қамқорлығы, кішінің үлкенге деген ізеттілігі сонау қариялардан бастау алып, күні бүгінгі дейін әдемі жалғасып келеді. Осы тамаша дәстүрдің арқасы болар музыканттар шығармашылықтың шыңына шығып, басшылардың билік баспал­дағымен жоғары өрлеуі.

Сонымен жоғарылап кеткен Нұрғиса Мұрат­ұлының орынына Мұқанғалиев Қуанышбек Жанболатұлы басшы болып тағайындалды. Қуанышбек те осы оркестрге студент кезінен келіп, сегіз жылдай қызмет етіп, мәдениет министрлігіне қызметке ауысқан азамат. Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласының мәдениет басқармасына басшылық жасап, тәжірибе жинап келген. Әрине, директорлық мансапты алғанымен жұмсақ креслода отыратын Қуанышбек мырзаның мұрсаты болмады.

Жаңа қонысқа көшкеніне бір-ақ жыл болған ұжымның мәселелері бастан асатын. 1954 жылы іргетасы қаланған ғимарат салынғалы күрделі жөндеу көрмеген. Сырт келбеті келісті көрінген ғимараттың іші тозып кеткен. Мәдениет министрлігінің қолдау көмегі арқасында бірте-бірте жыртық жамалып, тесік бітеле бастағандай. Енді алда тұрған тағы бір үлкен міндет, оркестрдің құрылғанына 85 жыл толу мерейтойын өткізу болатын. Иә, айта қаларлықтай маңызды тойды  тағы да министрліктің қолдауына сүйеніп, үш мыңға жуық көрермен залы бар Республика сарайында өткізді. Оркестр мүшелерін қызыл кілем үстімен жүргізіп, жеке-жеке есімдерін атап таныстырып, халық арасынан шығарды. Бұл көрініс көрермендерге ерекше әсер етіп, халық орындарынан тұрып, қол соғып қошеметтеп бақты. «Өнер – халықтыкі» болғанда, өнерпаз да солардың арасынан екенін меңзегендіктің белгісі.

Жас та болса көрегендігі басым Қуанышбек мырза оркестр ұжымын, әр кәсіподақ мүшесінің келісімін ала отырып бұрынғы «Руханият» ұйымынан алып, Алматы қалалық филиалы «Қызмет» салалық кәсіподағына ауыстырды. Төрайымы – Айнақұлова Данагүл Мұхамедкерімқызы. Бұл кәсіподақ ұйымының өнер ұжымдарына ерекше қамқорлығы барына, қазірдің өзінде қызметкерлердің көзі жетіп, Қуанышбек мырзаға алғыстарын жаудырды. Иә, жаста болса алғырлығымен көзге түскен басшы мырза, әлі де талай жарқын істердің бастамашысы болатыны даусыз.

 Осы мақала әзірлену үстінде  Мәдениет және спорт министрі Райымқұлова Ақтоты Рахметоллақызының бұйрығымен басқа қызметке ауысуына байланысты, Қуанышбек Жанболатұлы қызметінен босатылыпты. Орнына орынбасары Қуанышев Медет тағайындалыпты. Жаңа ғана тағайындалған Медет мырзаның қадамына сәттілік тілейміз!  Күй ордасынан шыққан талантты оғландарымызға, биіктеген сайын ұшқан ұяларыңа деген қамқорлықтарың мен құштарлықтарың арта түссін деген ізгі ниетпенен, бүгінгі ойымызды аяқтаймыз.  

519 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *