• Ұлттану
  • 28 Наурыз, 2021

АБАЙ ДЕГЕНІМІЗ – ҚАЗАҚ, ҚАЗАҚ ДЕГЕНІМІЗ – АБАЙ

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,

филология ғылымдарының

докторы, профессор

Шығыстан шыққан атақты гуманис­тердің бірі  Ж. Руми: «Адамның болмысы – ішінде әр түрлі аңдар мекендейтін орманға ұқсас. Біздің бойымызда таза-лас, жаман-жақсы, имани-хайуани сияқты мыңдаған қасиеттер бар. Егер ішкі жан шаһарында қасқыр үстемдік ете бастаса, адамның қасқырға айналғаны. Жақсылықтар мен жамандықтар да жасырын жолдармен жүрекке келіп, құйылып тұрады. Сәт сайын адамның жүрегінде бір нәрсе бас көтереді. Сол себепті адам кейде жақсы сипатқа, кейде жаман сипатқа айналып отырады» – деген сөздері адам өміріндегі рухани тәрбиенің аса маңызды екендігіне назар аударады.

Ақын – халқының көзі мен сөзі, құлағы, үні мен сезімі. «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет, сезім»  деп білетін гуманист Абай елінде өмірдің мәні дүние қуушылық, билікке ұмтылушылық деп түсіну салдарынан болып жатқан небір келеңсіздіктерге шыдай алмай, оларға қарсы бітіспес күрес ашады. «Мыңмен» жалғыз алысқан» ақын ел ішіндегі өрескел қылықтарды барынша сын тезіне салды, «қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ» (Жиырма алтыншы сөз)  боп бара жатқанына іштей күйінеді.

Абай қазақ халқын осындай күйге жеткізген үш түрлі жаманшылық туралы ескертеді:

«Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі  – надандық; екінші – еріншектік, үшінші – залымдық  деп, білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп бол­май­ды.

Білімсіздік хайуандық болады.

Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны.  Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.

Залымдық – адам баласының  дұш­паны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады» (Отыз сегізінші сөз).

Абайдың қазақтың жай-күйін саралаған өлеңдерінде жалпылама сынаушылықтан гөрі, атын атап, түсін түстеген  нақтылық басым. Жоғарыда аталған өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, мал шашпақтан басқа ұрлық, қулық, арамдық, надан, иттік, сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек, сұм-сұрқия, қабаған итше, арын сатқан, далақтап, күпілдеп, аузымен орақ орған, күндестік, қыртың, жыртың-жыртың, пыш-пыш, бұтып-шашып, ісіп-кеуіп, арақ ішкен, мас болған, сұрамсақ, кісімсініп, жалтақ-жалтақ, қоразданбақ, ыржаң қақпақ, шалдуарлық, қиянатшыл, салақ, олақ, ойнасшы, керім-кербез, ыржаң-қылжаң ит мінез, күлкішілдік, жалғандық, сабырсыз, арсыз, көрсеқызар, жалмауыз, алтыбақан ала ауыз, арсыздық, еркесіп, қалжаңшылсып, ыржыңдап, оңбаған, антұрған, желіккен, кіржіңдеп, бықсып, томырық, кісімсініп, жалпылдап, бұралып, әсемсіп, білгенсіп, бәлсіп, керенау кердең, антұрған, күлмең қағып, ыржаң-қылжаң, сөзуар, білгіш, законшік, көргіш, бір алдау, жан жалдау, имансыздық, даңғой, сәнқой, керім-кербез, қалжыңбас, күлмеңдеп, жайқаң-қайқаң, қошеметшіл, антұрған, бұлғаң, жылмаң, күндестік, ыржаңдамай, бұраңдап, жылмиған, жалаң-жұлаң, сұм, қу, т. б. сияқты анықтауыш сөздерді жүрек тәрбиесінің жетіспеушілігінен туындайтын мінездің келеңсіз құбылыстарын суреттеуге келгенде, шебер қолданып, айтар ойын бейнелеп көрсетушілік басым. Келтірілген мысал сөздерден ақынның қазақтың сөз байлығын мейлінше меңгергендігі, оған сезім, жан кіргізіп, құбылта, ойната қолданатындығы көрінеді. Бейнелілік, ойлылық жағынан келгенде, Абай қазақ әдебиетінің, оның ішінде, поэзиясының ХІХ ғасырда жеткен биігі ретінде жарқырап, бүгінгі қазақ руханиятына нұрын шашып тұр.

Күнделікті өмірде туындап жататын түрлі кемшіліктерді сынап, жақсы нышан­дарды насихаттап отыратын ақпарат құралдары жоқ кезде ақын өлеңдері дәуір үніне айналды. Тіршіліктің тынымсыз тынысынан туындап жатқан ұлттың болашағына тікелей қатысы бар проблемаларды дер кезінде көтере білуі Абай поэзиясына публицистикалық сарын қосып, оның өміршеңдік сыпатын арттыра түсті.  Шын әдебиет бүгінгі өмірдің өзінен туындап, адам үшін мәңгілік проблемаларды көтеруімен бағалы десек, Абай да осындай биіктен көрінген ұлылардың сапында.

Абайдың ұлылығы сол, ол өз халқының бойындағы кемшіліктерді сынаумен бірге, оны жоюдың жолдарын да көрсете білуінде жатыр.  Ақын адам қайткенде, адам болып, ұлттық болмысын сақтай алады деген мәңгілік сауалға жауап берді; ғасырлар бойы жинақталған адамгершілік нормаларын жүйеге келтіріп, тұтас бір «толық адам» концепциясын жасады

Ақын «Бес нәрседен қашық бол,  Бес нәрсеге асық бол. Адам болам десеңіз...  Өсек, өтірік, мақтаншақ,  Еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның білсеңіз.  Талап, еңбек, терең ой,   Қанағат,  рақым, ойлап қой –  Бес асыл іс, көнсеңіз» – деп, нағыз адам осылай болуы керек деген негізгі ойын көркем сөзбен өрнектейді.   

Абай қазақтың бойындағы қисық мінездерді сынаған өлеңдерінде имандылықты басшылыққа алып отырған. Құнанбай қажының  шаңырағында өмірге келіп, Семейдегі Ахмет Риза медресесінде мұсылманша дәріс алған Абай  жастайынан діни білім, тәрбие алып, иманды болып өсті. Сондықтан да, ақын шығармашылығындағы имандылық тақырыбы – орталық мәселелердің бірі.

Ақын әбден кемеліне келген елу жасында:  «Алла деген сөз жеңіл,  Аллаға ауыз жол емес.  Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі хаққа қол емес. Дененің барша қуаты  Өнерге салар бар күшін. Жүректің ақыл суаты Махаббат қылса, тәңрі үшін» – деп, жырлапты.

Өмірінің соңғы жылдарында (1902) хатқа түскен мына өлеңінде  «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас. Көп кітап келді Алладан, оның төрті  Алланы танытуға сөз айырмас... Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, ол алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,  Және хақ жолы осы деп әділетті... Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас» (сонда, 303-306 беттер) – деп, адам өмірінің бақытқа бастар жолын имани тұрғыдан көрсетеді.

Әдетте біз махаббат сөзін екі жастың арасындағы сүйіспеншілік сезім ұғымында жиі қолданамыз. Абай бізге «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», өсиет қалдырып отыр. Көп адам бұлай жасау қолдан келмейді деп, бұл сөзге онша мән бере бермеуі де мүмкін. Абайдың айтып отырған махаббаты – «әуел адамның адамдығы» (отыз сегізінші сөз)  отбасынан – ата-анасын, құдай қосқан қосағын, бала-шағасын, бауырларын, туыстарын жақсы көруден басталып, одан ары қарай жалпы адамдарды құрметтеп, өмірді сүюге ұласуы керек. Отбасының тыныштығы, ағайынның татулығы адамның бақытты болуына жағдай жасап, елдің тыныштығына, қоғамның өркендей түсуіне алып келеді.

Саған өмір сыйлаған, асырап-өсіріп, тәрбиелеген, бүкіл саналы ғұмырын арнаған ата-ананы сүйіп-құрметтеу, оған қызмет ету  – әрбір өзін адаммын деп санайтын саналы азаматтың  алла алдындағы ең бірінші перзенттік парызы, адамның адамшылық қасиеті ең алдымен, оның ата-анасына деген көзқарасынан көрінеді; жар құшып, перзент сүю адам өмірінің мәні мен сәні, артыңа тәрбиелі, жақсы ұрпақ қалдыру – сенің қоғам алдындағы ең басты міндетің; ағайын-туыс, жегжат сенің өмірдің түрлі өткелектерінде арқа сүйер сүйенішің, өркен жаяр өрісің, сені тәрбиелеп, шынықтырып, үлкен өмірдің күресіне баптап ұшырушы ортаң.  Осы сияқты сан-алуан тіршілік әрекеттері сүйіспеншілікпен суғарылып жүзеге асса, алланың нұры жауып, ол адам өмірдегі шын бақытқа кенеледі. Өйткені, «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет сезім» (Қырық бесінші сөз). Адамдарды сүйе білген адам ғана алланы шын сүйе алады. Жүрегі  адамгершіліктің, имандылықтың рухымен нұрланған адам – нағыз адам, кемел адам.

Хакім Абай «Отыз төртінші сөзінде»:   «Адам баласына адам баласының бәрі  – дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің бәрі бірдей, ахиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, махшарда сұралуың бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па? Біріңе бірің қонақ екенсің, біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па?» – деп, адам баласын ойлануға, мына «бес күндік» жалғанда сыйластыққа шақырады.

Абай діннің адам өмірінің аса маңызды бір бөлшегі ретінде құнды пікірлер айтқан:

«Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылы­мыз – өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге бола ма?

Алланың сөзі – қаріпсіз, дауыссыз.

Құдай тағала дүниені кәмәләтті шебер­лікпен жаратқан һәм адам баласын өсіп-өнсін деп, жаратқан.

Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаңа болса, өзің  ниһаятлысың, ол жол құдайдың жолы емес.

Құдай тағала ешбір нәрсені себепсіз жаратпаған...

Кім сені сүйсе, оны сүймектік қарыз емес пе?

Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе?

Себебі, алла тағала  өзі – хахиқат жолы.

Ғылым – алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр».

Түсіне білген адамға осы жолдардың арғы жақтарында адамдардың дұрыс өмір сүруіне көмектесетін не бір терең имандылық ойлары жатыр;  адамдықтың биік деңгейін иманмен өлшегендігі көрінеді. Тағы бірде ол «Толық мұсылман болмай – толық адам болмайды» деп, кесіп айтқан. Абайдың имандылықпен суғарылған ой иірімдері өзіне қарай тартып, ішіне кірген сайын мынау мың құбылған өмірдің қыр-сырларын енді ғана түсіне бастағандай боласың; дана Абайдың ұлылығы алдында еріксіз бас иесіз.

Қай заманда болмасын, күн тәртібінен түспей  тұрған адам қайтсе, адам болып қалады деген мәңгілік сауалға  ұлы Абай осылайша жауап беріпті. Әсіресе, жаһандану дәуірінде ғаламдық өзге­рістердің салдарынан жойқын рухани шапқыншылықтарға  ұшырап жатқан қазақтар үшін бұл өсиеттердің адами болмысымызды  сақтап қалуымыз үшін де, ұлт болып өмір сүруіміз үшін де маңызы зор.

«Бүгінгі қоғамдағы маңызды мәсе­лелердің бірі һәм бірегейі – адами құндылықтарды сақтау. Ал, Абай еңбектеріндегі «Толық адам» ұғымы – адамзатты кісілік тұрғысынан жетілдіруді көздейтін үлкен даналық ойлармен ұштасып жатқан күрделі мәселе. Ақынның мұраты – адамды рухани кемелдендіру арқылы қоғамды жетілдіру, елді ілгері дамыған мәдениетті мемлекеттер қатарына қосу.

Халқының мінез-құлқының бұзылып бара жатқанын көріп, «Толық адам» ілімін жасаған Абайды әрбір қазақ білуі керек. Абайды білсе, пенделік жолдан қайтады. Қазір көп адамның көкейінде тек қарын тойдыру, киім киіну. Одан басқа мақсат жоқ сияқты. Аш қарын тойынар, бірақ оның рухани қазынасы болмаса, қуыс кеуде пенде болып қалады. Біздің қаупіміз сонда. Жастарымыз қуыс кеуде болып қалмауы қажет. Дүниені өмір бойы жинап, ана дүниеге алып кеткен кімді көрдіңіздер?! Оның барлығы қалады. Сондықтан, рухани қазынаға басымдық беру керек» (М. Мырзахметов).

Абайды заманы  атқа ерте мінгізіп, ерте есейткен. Ел-жұртына сөзін өткізе алмай, әбден қажыған Абай «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Көңлім қайтты достан да, дұшпаннан да» деп, қамыққанда,  небәрі 41 жаста, ал «Ішім өлген, сыртым сау», «Атадан алтау, Анадан төртеу, Жалғыздық көрер жерім жоқ. Ағайын бек көп, Айтамын ептеп, Сөзімді ұғар елім жоқ. Моласындай бақсының, Жалғыз қалдым – тап шыным» – деп, торығып жүрген  кезінде  не бәрі 43-те екен.

Осылайша, күңіренген Абай  өз заман­дастарынан соншама түңілгенімен де елінің ертеңіне сенеді; келер ұрпаққа сөз тастап,  «Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен?» – деп, болашаққа үлкен үмітпен қарайды.

Ел тұтастығы ой бірлігінен, «ақылға бірліктен» бастау алады деп білген Абай осы идеяларды жүзеге асырудағы сөздің атқаратын қызметін жоғары бағалайды. Ең басты шарт – сөз түзу болу үшін ой түзу болу керек. Ақын бір өлеңінде «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп, халқына үндеу тастайды. Мұны айтып отырған себебі – адамды адам қып, елді бірлікте сақтайтын идеялар жасалды; енді соны дұрыс сөз арқылы  сыртқа шығарып, халықтың санасына жеткізіп, ары қарай жүзеге асыру керектігін алға тартып отыр.    

Абай оннан астам өлеңінде тілдің құдіреті, өлеңнің қалай болуы керектігі жайлы пікір білдіреді. Ол алдымен, өнердің өмірдегі орнына, ақынның қоғам алдындағы парызы мен қарызына айрықша маңыз береді. Өлеңді кəсіпке, мал табудың, күн көрістің құралына айналдырып «Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап, мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап» жүргендерге қарсы шығады. «Сый дəметпе, берсе алма еш адамнан, Нең кетеді жақсы өлең, сөз айтқаннан. Сүйінерлік адамды құрмет қыл, Аулақ боп жіп сатып, нəрсе алғаннан», «Өлеңі бар өнерлі інім сізге айтам, Жалынамын мұндай сөз айтпа бізге. Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ, Есіл өнер қор болып кетер түзге», – деп, ақындарға жалынғандай да болады. Ал өзі болса: «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқ-барды, ертегіні термек үшін. Көкірегі сезімді, тілі орамды, Жаздым үлгі жастарға бермек үшін. Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ, Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ» – деп,  өлең жазғанда, алдына қойған əлеуметтік мақсатын айқындай түседі.

Абайдың сөз өнері жайлы ой концеп­циясы «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Туғанда дүние есігін ашады өлең», «Біреудің кісісі өлсе – қаралы ол», «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын», «Базарға қарап тұрсам əркім барар», «Сегіз аяқ», «Сəулең болса кеудеңде», «Адамның кейбір кездері», «Өзіңе сенбе жас ойшыл», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» сияқты өлеңдерінде мейлінше ашық айтылған.

«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» қазақ поэзиясының өлеңмен жазылған теориясы іспеттес. Өлеңді өлеңнің теориясын өлеңмен жазған Еуропадағы атақты Буалоның «Поэтикасымен» салыстыруға болады. Сонымен бірге, бұл өлең Абайдың сөз өнері жайлы айтқан ойларының шыңы, өлеңмен жазылған манифест  іспеттес:

«Өлең –  сөздің патшасы, сөз сарасы

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол – ақынның білімсіз бишарасы.

Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,

Бұл жұрттың сөз танымас бір                                                                        парасы».

Абайды білгісі келген адам алдымен, оның  «Сегіз аяқ» өлеңін оқып, түсінуі керек сияқты. «Сегіз аяқ» – ақынның бүкіл адами, шығармашылық, дүниетанымдық болмысын аңғартатын философиялық толғау. Адамды бей-жай қалдырмайтын өмір жайлы терең толғамдар сырлы сөзбен салынған суреттер арқылы көркем кемелдікке ұласып, небір ғажайып ойларға жетелейді. Оқушы кезімізден оқып, жаттап өскен біз осы бір өлеңді қанша рет оқысақ та, оқыған сайын жаңадан жаңа әлемге кіріп кеткендей әсерде боламыз. Маған «Сегіз аяқ» «мың өліп, мың тірілген» қазақ сияқты, қазақпен бірге мәңгі жасай беретін өмір философиясы секілді көрінеді.

«Сегіз аяқ» басталатын «Алыстан сермеп, Жүректен тербеп, Шымырлап бойға жайылған, Қиуадан шауып, Қисынын тауып, Тағыны жетіп қайырған. Толғауы тоқсан қызыл тіл, Сөйлеймін десең, өзің біл. Өткірдің жүзі, Кестенің бізі Өрнегін сендей сала алмас. Білгенге маржан, Білмеске арзан Надандар бәһра ала алмас» (Абай Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Алматы, «Ғылым», 117-бет) осы бір өлең жолдарында сөздің магиясы, құдіреті барынша көркем бейнеленген. Иә, жер бетіндегі саналы тіршілікте сөзден асқан құдірет жоқ. Дуалы ауыздан шыққан  бір ауыз сөз адам тағдырын, ел тағдырын, керек десеңіз, әлем тағдырын шешіп жатыр. Абай осыны ескертіп отыр. Несін айтасыз, «Бойда қайрат, ойда көз. Болмаған соң, айтпа сөз» – деп, өзін тыңдай алатын, сөзін түсіне білетіндердің аздығына налиды.

***

Кеңестік дәуірде қазақтарды жаппай орыстандыру саясаты жүргізілгенде, ұлы Абайдың өзі «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр» деген деп, осы сөзді алға тартты. Енді тәуелсіздік жылдарында ақынды осы бағытпен «орысшыл» деген атаққа іліндірді. Абайды айыптаушылар  қазақтың бүкіл шер-шеменін айтқан Дулат, Шортанбай, Бұхарларды кемсітті; Абайдың өлеңдерінде, қара сөздерінде орыс отаршылдығы, орыстың қазаққа көрсетіп жатқан ит қорлығы туралы бір ауыз сөз жоқ, Кенесары-Наурызбай көтерілісін қолдамады деген сияқты кінәлар тағып жатқаны да жасырын емес.

«Менің Абайда «алты аласы, бес бересім» жоқ. Шынымды айтсам, қазақтың бір адамды жеті қат көкке көтеріп, Абай, Абай, Абай деп, ауыздарын арандай ашып, бір айтқанын мың айтып шуылдайтыны жынымды келтіреді. Бұл да – надандықтың, соқыр көргенінен жазбастықтың, ақыр соңында қанға сіңген табынушылықтың, құлмінездіктің айқын нышаны» («Фейсбук», 24.02.2020).

«Қазір Абайды үлгі тұтыңдар деу – «барып тұрған надандық». «Абай дүниеден озғалы 110 жылдан асып кетті. Одан бері табиғат өзгерді, қоғам өзгерді, мемлекет өзгерді. Адамның мінез-құлқы, өмірге көзқарасы, дүниетанымы, т.б түгел өзгерді, дамыды. Оның бәріне Абайды үлгі тұтыңдар деу барып тұрған надандық» (365info.kz).

«...Бірақ Абай сын айтуға болмайтын Құдай да, Пайғамбар да емес. Ол – екі қайтара болыс сайланып, қазақтың малын, мүлкін есепке алып отыратын статистикалық комиссия мүшесі болып Ресей патшалығына қызмет еткен адам. Ол қазақ деген дана халық туралы бір ауыз жылы сөз айтпаған, керісінше екі сөзінің бірі қазақты қорлау. Оның қазақты қорлаған сол сөздерін орыстар да, өзгелер де сенің Абайың сөйдеген деп қазір де бетімізге басып жүр» («Фейсбук», 08.03.2020).

«Біз Абайды, «Абай жолын» оқып өскен ұрпақпыз.Тәуелсіздік алғасын тарихымызға, әдебиетімізге жаңаша баға бере бастағанымыз, көзқарасымыз өзгере бастағанын ешкім жасыра алмайды. Бұл орайда «Абай жолы» романы туралы да жазушы қауым арасында бұрын айтуға жүрексініп келген талай ойлар ашық айтыла бастады. Сол үшін баяғы темір қалыптың ішінде тірілей қатып қалғандар Мұхтар Шахановты, таза талант иесі марқұм Рахымжан Отарбаевты талап тастады. Әдебиеттен мол хабардар қаламгерлер сол шақта сырын ішіне бүгіп үнсіз қалды. Өз басым «Абай жолындағы» Абай нағыз Абайдың өзі емес, керісінше әкесі Құнанбайға қарсы шауып, ел ішіндегі ақылгөй абыз ақсақалдармен алысып жүрген социалистік реализм әдебиетінің кейіпкері екенін айтып мақала жаздым. Қысқартып фб-ға бейімдеп бердім. Ал тәуелсіз ел әдебиеті тақырыбына орай Абайдың өзіне қатысты мәселеге келсек, Абай өлеңдерінде де, қарасөздерінде де Ресейдің қазақ халқын езгіге салып жатқанына байланысты бір ауыз сөз жоқ дегенім рас» («Фейсбук», 11.04.2020).

«Абайдың өлеңдеріне алданып тұзағына түсуге болмайды. Оның тұзағы – Ресейдің бодандығы. 1986 жылы желтоқсаншыларды соттағанда да Абайды айтқан. Тайчибеков пен Көпбаев та Абайшылмын дейді. Сенбесең, айтысып көріңдер. Басыңды екі бұрап алады. Олар Абайдың шындығында кім екендігін біледі. Ал қазаққа Абайды отарлаушылар жәйлап кіргізген. Алғашында өлеңдерін, өлгеннен кейін 10-15 жылдан кейін қара сөздерін, ал ауыр қара сөздерін ең соңында шығарған. Ал әрбір қазақтың өмірінде ше, әлі есін жинамаған бастауыш мектептің балаларынан бастап, Абайдың өлеңдерін жаттатады. Одан кейін поэмасын. Артынан қара сөздерін. Бала кезінде оқыған материалдар адам өміріндегі ең құндысы болып саналады. Сондықтан, кейбіреулер Абайға қатты жабысып отыр. Мұндай құбылысты «Boiling Frog Syndrome» дейді. Яғни, бақаны ыстық суға бірден салып жіберсе секіріп шығады. Ал жәйлап қайнатса, пісіп қалғанын да сезбей қалады.

Абай деген – негізінде, екіжүзді (двуликий) Янус. Абай мемлекетті ана тілін білмейтіндердің басқаруына жол ашып берген. Қазақ халқы үшін Абай – орыс тілді, өзін екінші сортты сезінудің, бодандықтың, құлдық психологияның триггері, орыс тілді биліктің алтын діңгегі. Аудандық, мекемелік үлкен жиналыстарды орыстілді чиновниктер Абай орысша оқыңдар деп кеткен деп, қазақтың аузын жауып жүр» («Фейсбук», 11.04.2020) – деген сияқты әртүрлі пікірлердің  айтылып жатқаны да рас.

Осы сияқты пікірлер хақында кезінде Ақселеу  Сейдімбек мынадай ойын білдірген екен:

«Абайда мынадай сөздің бары рас: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр».

Осы сөзді қолданушылар Абайдың есімін бетке ұстап, орысшыл болу керек дейтін ниетті өзеурей насихаттап жүр. Ондайлар бара-бара «өз тіліңді білмесең де, орыс тілін біл» деген пиғылын көлденең тарта бастағандай. Мұндай сорақылықты қазіргі саясат аңшының итін сипағандай еркелететін болып алды. Бұларға бүтін дүниетаным, бүтін тұлға керек емес. Керек болса, сол Абайдың келесі сөзін оқыр еді ғой. Келесі сөзі былай: «Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек».

Қандай «зарарынан қашық болуымыз керек? Мұны ойлап жүрген де ешкім көрінбейді, ойлауға мұрша беретін заман да байқалмайды» (Ақселеу Сейдімбек. Шығармалары. Астана, «Фолиант», 2010, 593-бет).

Тағы да мына бір жағдайларды да ескерген жөн. Сол кездегі тарихи жағдайда қазақтарға отаршыл болғанымен де орыстан басқа жақтан білім-ғылым үйрену мүмкіндігі жоқтың қасы еді. Қазақ даласындағы медреселерде көбіне мұсылманшылық негіздері оқылды. Қазақ даласындағы алғашқы зайырлы мектепті ХІХ ғасырдың ортасында Ыбырай Алтынсариннің Торғайда ашқаны белгілі. Міне, осындай тығырықты жағдайда Абай орыстың тілін, білімін, ғылымын үйрен деуге мәжбүр болумен бірге «Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек» деп те ескертіп отырғаны көп нәрсені аңғартса керек. Оның үстіне екінші қара сөзіндегі «Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі қадарлы да жоқпыз» деген сөзді жетіскендіктен айтып отырмағаны да түсінікті.

Әртүрлі пікірлердің айтылып жатуы – демократиялық қоғамда ой еркіндігінің басты көрсеткіші. Десек те мына бір нәрсеге назар аударғанды жөн көреміз: кезінде Абай барынша сынаған қазақтың бойындағы кертартпа жағымсыз қылықтардан әлі күнге дейін арыла алмай келе жатқанымыз – өмір шындығы. Заман өзгерсе де осы бір «надандық» қалыптан қалай шығудың жолдарын көрсетіп берген ұлы Абайдың өміршең ойлары күні бүгінге дейін өзінің өміршеңдігін жоймай, керісінше, өткірлене түсуде.

Ұлылар екі түрлі болады: ойшылдар мен елбасшылар-қолбасшылар. Ойшылдар таза ой еңбегімен айналысып, сол ойларын еліне ұсынып отырады. Өзі тіршілікте, сол ойларын жүзеге асыруға келгенде, епетейсіздеу, тіпті қолынан келмеуі де мүмкін. Көбіне, ойшылдар гуманистік ойлардың жетегінде жүрсе, ұлттың, халықтың намысын жыртып, сөзін сөйлеп, кегін қайтаратындар, абыройын асырып, биіктетіп, қол  бастайтындар қайтпас-қайсар, батыр-шалыс, өр мінезді келеді. Бұл жерде Абайдың ұлт-азаттық күреске шығып, сол кезде жеңіске жетудің мүмкін еместігін біле тұра, Кенесары-Наурызбай қозғалысына қарсы шықпағандығын түсінуге болады. Өйткені, қолыңнан келмеске ұмтылу – ақымақтық.  Оның үстіне гуманистердің, мұсылмандардың қантөгіске шақырмайтындығы, қарсы екендігі, мұндай қиын жағдайлардан шығудың бейбіт жолдарын іздейтіндігі де есте болып, иманды Абайдың сол кездегі қазақ үшін бірден-бір дұрыс бағытты көрсете білгеніне назар аударған жөн. Абайдай ұлы тарихи тұлғаға артық-кем кетпей, сол кездің тарихи жағдайы, ол бізге, бүгінгі күнгі қазаққа несімен қымбат тұрғысынан бағалауымыз керек. 

Тағы бір бәріміз мойындайтын  мәселе – Абай да ет пен сүйектен жаралған пенде. Идеал адам біздің миымызда ғана өмір сүреді. Өмірде бәрі – басқаша, тіпті керісінше. Өмір дегеніміз – тұнған қайшылықтар. Абайдың кезі түгілі, қазіргі заманның өзінде де адамның адам болып өмір сүруінің өзі сын болып жатыр; Шыңғыс Айтматов айтқандай, «адам қайткенде, адам болып қалады?» деген сауал күн тәртібінде өткір тұр. Сондықтан да, басты мәселеге Абай бізге несімен қымбат деген тұрғыда келуіміз керек.

Абай «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» атты өмірмен қоштасу, кейінгілерге өсиет мазмұнды өлеңінде:

«Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!

Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,

Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.

Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті,

Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!

Ішім – толған у мен өрт, сыртым дүрдей,

Мен келмеске кетермін түк өндірмей.

Өлең, шіркін – өсекші, жұртқа жаяр,

Сырымды тоқтатайын айта бермей» (сонда, 280-бет) – деп, өмірінің қандай жағдайда өткені, нені атқарып, нені атқара алмай кетіп бара жатқаны жайлы ағынан жарылыпты. «Жұмбақ адам» Абайды түсіну үшін  алдымен, оқылатын өлең – осы.

Керек десеңіз, Абай біздің қорғауы­мызды керек етпейді; керісінше, Абай еліміздің ел болып, қазақтың қазақ болып қалуы үшін бізге қажет. «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған Абай» қазақ бар жерде жаңғырып, жасарып, бұзылып бара жатқан заманда адам болып, қазақ болып жасай беруімізге қызмет ете беретін болады.

***

Абайдың ұлылығын алғаш танып, «Қазақтың бас ақыны» атап, мақала жазған  ұлт көсемдерінің бірі А.Байтұрсынов «Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, əуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады. Көп сөздерін ойланып дағдыланған адамдар болмаса, мың ара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғаны біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі» – деп, жазыпты.

Бұл турасында қазіргі заманның айтулы ақындарының бірі Серік Ақсұңқарұлы ағынан жарылыпты: «Абайдың томын ашқан сайын өзімнің ақымақтығым мен дарынсыздығымды аңғара бастаған­даймын (бас қойып оқымайтыным – содан!), мына опасыз дүниеден көресініңді көрген сайын Абайдың кітабын жаңа ашқандай боласың! Басына күн туғанда ғана Алласын еске алатын өлімге бола туған маңдайы қушық пенде құсап, мен де тағдырдың тәлкегіне түскенде Абайдың қара томдарына үңілемін, сонда ол сол сәттегі көңіл күйді тап басады!» ( С. Ақсұңқарұлы. Менің Абайым. «Егемен Қазақстан», 20.01.2020). 

Шынында да Абайды бірден оқып түсіну қиын. Абайды асықпай, ниет қылып оқу керек, ойланып-толғанып оқу керек, қайталап, ойға тоқып, сезініп оқу керек. Оқу барысында «ақын не айтыпты» деген оймен оқысаң, мәтін де мені «қалай түсінер» екен деп, сынай қарап тұрғандай болады. Сондықтан да, Абай әлеміне кіру үшін, ол туралы пікір айту үшін үлкен дайындықпен келіп кірісуге тура  келеді. Өйткені, сен Абайды сынап қана қоймайсың, ол да сені, сенің рухани өреңді, адами болмысыңды сынайтындығын есте ұстаған жөн. Жалпы, Абай сияқты  данышпан ақындардың ой тереңінде жатқан даналық иірімдерін түсіну, игеру кез-келген оқырманның қолынан келе беретін оңай шаруа емес.

Қазақ руханиятының көгінде жарқырап тұрған жарық жұлдызына айналған ұлы Абайдың  «Отыз жетінші сөзіндегі» мына бір нақыл сөздерді тағы да  қайталап оқып, ойлана жүрейік , ағайын:

«Кісіге біліміне қарай болыстық қыл: татымсызға қылған болыстық адамды бұзады»;

«Әкесінің баласы – адамның дұспаны. Адамның баласы – баурың»;

«Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адам­шылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың»;

«Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват»;

«Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім»;

«Дүниеде жалғыз қалған адам – адамның өлгені»;

«Биік мансап – биік жартас,  Ерінбей еңбектеп, жылан да шығады,  Екпіндеп ұшып қыран да шығады»;

«Дүние – үлкен көл,  Заман – соққан жел,  Алдыңғы толқын – ағалар,  Артқы толқын – інілер, Кезекпенен өлінер,  Баяғыдай көрінер»;

«Бақпен асқан патшадан, Мимен асқан қара артық. Сақалын сатқан кәріден, Еңбегін сатқан бала артық»;

«Жаман дос – көлеңке,  Басыңды күн шалса,  Қашып құтыла алмайсың; Басыңды бұлт шалса, Іздеп таба алмайсың»;

«Досы жоқпен сырлас, Досы көппен сыйлас. Қайғысыздан сақ бол, Қайғылыға жақ бол»;

«Қайратсыз ашу – тұл,  Тұрлаусыз ғашық – тұл,  Шәкіртсіз ғалым – тұл»;

«Бағың өскенше – тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің, бағың өскен соң – өзің ғана тілейсің», т. б.  (сонда, 183-185 беттер).

Зымырап замандар, «кезекпенен» ұрпақтар ауысып жатыр. Бірақ та он тоғызыншы ғасырда айтылған осы бір сөздер жиырмасыншы ғасырда да күні кеше ғана айтылғандай. «Өлді деуге сия ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» – деп, ақынның өзі жырлағанындай, Абайдың келер ұрпаққа жазып қалдырған  өсиеттері де – қазақпен бірге мәңгі жасайтын «өлмес сөздер».

«Единица – жақсысы, Ерген елі – бейне нөл. Единица нөлсіз-ақ,  Өз басындық болар сол. Единица болмаса,  Не болады өңкей нөл» – дейді данышпан ақын. Өзі айтқандай, Абайдың өзі де – қазақтан шыққан «единица» ұлылардың бірі, бірі ғана емес-ау, бірегейі.

Иә, халқының болашағын оймен барлап, дұрыс жолға бастайтын идеялар туғызып, ақыл айтып отыратын ойшылдарсыз, сол өміршең озық ойларды бойына сіңіріп, халқына жеткізіп, іске асыру үшін көш бастайтын хакім көсемсіз халық – жетім; яғни, – басшы «единицасыз» халық – нөл. Абай  ел-жұртының осыншама құлдырап кетуінің басты себебінің бірі ретінде халықтың ішінен жарқын болашақты бетке алатын көсемдердің шықпай жатқанын өкінішпен еске салады.

Шығыста «Барлығын білетін, білгенін іске асыруға ұмтылатын адам – данышпан,  оны ұстаз тұт» деген сөз бар.  Абай – қалың елдің ішінде жүріп, азып-тозып бара жатқан қазақты қайткенде, адам болып қалатын, бақытқа жеткізер, надандықтың ми батпағынан шығарар жолдарын іздеп, «басын тауға да, тасқа да ұрған», оны халқының даналығынан, исламның имандылығынан, Батыстың ғылымынан тауып, «толық адам» ілімін жасаған, жұртын осы адамзат дамуының сара жолына түсуге шақырған данышпан. Абай бастап, одан кейін алашшылдар жалғастырған қазақтың қасқа жолымен адаспай жүру – бүгінгі ұрпақтың алдында тұрған үлкен сын.

Сөздің тоқетерін С.Торайғыровтың мына бір өлең жолдарымен түйгіміз келіп отыр: «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе. Адамдықты көздесең, Жаттап, тоқы көңілге».

Сөзіміздің қорытындысы, Абай – қазақ әдебиетін ХІХ ғасырдың өзінде-ақ әлемдік деңгейге көтерген ұлы ақын ғана емес, сонымен бірге, қазақтың мәңгілік ойы мен сөзін өркениеттің биігінде тұрып айтқан дала данышпаны да. Қазақтың халық болып жұрт қатарлы өмір сүруі үшін адал еңбек етіп,  озық білім мен ғылымды игеріп, ұлттық рухани құндылықтар мен имандылықтың асыл қасиеттерін бойына сіңірген «толық адам» болуы керектігін ескерткен де – дана Абай.  Абайдың ұлылығы сол, оның сөз өнерінің інжу-маржанына айналған поэзиясының әрбір сөзі ойымызға, бойымызға адамгершіліктің, ұлттық рухтың нәрін сеуіп, санамызды жаңғыртып, өмірге деген құлшынысымызды арттыра түсуінде жатыр.

(Соңы. Басы 1 санда) 

1502 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз