• Келелі кеңес
  • 29 Наурыз, 2013

Қазақстан, Ресей, Қытай қарым-қатынастарының кешегісі қандай, бүгіні және ертеңі қандай болу керек?

  Ақбота ИСЛӘМБЕКАқбота ИСЛӘМБЕК, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің 4-курс студенті

Жалпы, Орта Азия қашанда да Ресей, Қытай, АҚШ және басқа ұлы державалардың геосаясатының өтінде тұрған бірден-бір елдімекен. Әсіресе, ондағы жүріп жатқан интеграциялық процестерде Қазақстанның қашанда да алатын орны ерекше болған. Әсіресе, еліміздің әлем алдындағы беделі өскен сайын, іргеміздегі Қытай мен Ресейдің бізге деген саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық көзқарастарындағы орнықтылықтармен қатар, оны сенімді көрші ретінде «уыстан» шығарып алмау принциптері де назардан тыс қалмай келеді. Ресей мен Қытай қарым-қатынасы ХХІ ғасырдың басында өткен жылдарға қарағанда ерекше мазмұн-мәнге ие бола бастауына байланысты, аталған екі ел іргесінде тұрған Қазақстанның да қос Ұлы державамен қарым-қатынасы да өзіндік мән-мағынаға көшуде. Егерде, Қазақстанның Қытай мен Ресей арасындағы байланысына өткен шақпен көз салсақ, онда біз алуан сырлы да қырлы тарихи-саяси жағдайлардың куәсі болар едік. Ал, енді жаңа ХХІ ғасырдағы еліміздің Қытай және Ресеймен байланысы қай деңгейде болып, қалайша дамуы керек? Міне, осыған байланысты ой бөлісуге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазіргі заманғы Қытай зерттеу орталығының директоры, Халықаралық қатынастар факультетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұхаметханұлын, Абай атындағы ҚазҰПУ, магистратура және Ph.D. докторантура институты гуманитарлық мамандықтар кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Ордалы Қоңыратбаевты, саясаттанушы, саяси ғылымдарының кандидаты Мұхит Асанбаевты, белгілі экономист, экономика ғылымдарының докторы Тоқтар Есіркеповті, саясаттанушы Расул Жұмалыны шақырған едік. Енді, назарларыңызға сол келелі кеңестегі ой-толғам, пікір-тұжырымдарды ұсынамыз.

– Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты бұл күндері кең көлемде, жан-жақты даму үстінде екендігін барлықтарыңыз да білесіздер. Әсіресе, еліміздің сыртқы саясатына келгенде, іргеміздегі Ресей мен Қытайдың алатын орны ерекше. Оған АҚШ-ты қоссақ, онда мәселе тіпті күрделене түседі. Бірақ, бізге әзірше, алдыңғы екеуі туралы әңгіме қозғау орынды деп ойлаймыз. Өйткені, Ресей мен Қытай қашаннан бергі сыралғы көршілеріміз. Және олардың Қазақстан мәселесіне келгендегі саяси және экономикалық көзқарастарын да білеміз. Екеуінің де мақсаты – Қазақстан атты «үлкен наннан» шама-шарықтарынша молынан қарпып қалу. Ол ойларын олардың кейбір саясаткерлері жасырған да емес. Мысалы, орыс саясаттанушысы Михаил Делягин:

«Стратегической целью является воссоединение в рамках единого государства России, Белоруссии и Казахстана, а затем и Украины (за исключением, вероятно Западной)» немесе «Принципиальной задачей Росcии является сохранение своего доминирования в Средней Азии, и особенно в Казахстане.Систематическое вытеснение ее китайским влиянием, осуществляемое в том числе через Шанхайскую организацию сотрудничества, должно быть остановлено и повернуто вспять. В частности, нельзя допустить реализации ни одного проекта строительства газопровода из Казахстана в обход территории России, так как такой газопровод вне зависимости от того, пойдет ли он на Восток (в Китай) или на запад (по маршруту Баку – Тбилиси – Джейхан), неминуемо отсечет Россию от жизненно необходимого ей газа Туркмении и Узбекистана», – дейді.

Осы сөзде астамдық пен үлкен бір саяси мән жатқан жоқ па?! Осыған орай, Қазақстан, Ресей, Қытай қарым-қатынастарының КЕШЕГІСІ қандай, БҮГІНІ және ЕРТЕҢІ қандай болу керек?

 

Нәбижан Мұхаметханұлы:

 

– Қазақстан Еуразияның орталығында қалыптасқан мемлекет болғандықтан, оған экспансияның көз алартуы ХVIII ғасырдан басталған. Ал, қарым-қатынастық мәселелерге келгенде, Ресейдің империялық мемлекет болуы, оның Үнді мұхитына бағыт алған экспансиясына байланысты. Бұл – бірінші. Екінші жағынан, Жоңғар хандығының жойылуы, Цин империясының құрылуы. Сондықтан, Қазақ хандығы, Абылай хан екі мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, екеуінің арасында баланс ұстап тұруға мәжбүр болған. XVIII ғасырда Ресей империясының шарықтап дамуы, Цин империясының құлдырауы параллель жүріп отырған процесс. Ал, XIX ғасырға келгенде, Ресей империясы Қазақстанды түгелімен өзінің отарына айналдырды. Алайда, мұндағы мәселе Цин империясының құлдырауымен тікелей байланысты. Мәселе, XIX ғасырдың 60-жылдарына келгенде, ендігі жерде, екі империяның Қазақстан мәселесіне келгенде шекарасын анықтау күн тәртібіне келген еді. Абылайхан – XVIII ғасырдың орта шенінде Қазақ хандығының тәуелсіз мемлекет ретінде Ресейдің де, Қытайдың да алдында беделін көтерген бірден-бір тұлға. Қытайдың да, Ресейдің де санасатын басты тұлғасы Абылай хан болды. Ал, Абылай хан дүниеден өткеннен кейінгі Қазақ хандығындағы құлдырау, 1824-жылдардағы Қазақ хандығы жүйесінің жойылуы, Ресей империясының отарлық құрылымының Қазақстанға орнауы еліміздің геосаясаттағы орнын өзгертті. Абылай хан тұсында Қазақ хандығы Цин империясымен де, Ресеймен де дербес мемлекет ретінде келіссөздер жүргізіп тұрған. Әңгіме, 1864 жылы Шәуешек келісімінен басталады. Бұл жылы Қазақстанның Қытаймен және Ресеймен алғашқы шекара сызықтары анықталған болатын. Міне, осы он тараудан тұратын келісім-шарттың 5-тарауында: «Осы шекара сызығы өткен территорияның отырған халқы жер қай мемлекетке тиісті болса, сондағы тұрғындар сол мемлекетке тәуелді болады» делінген. Міне, алғашқы территориямыздың белгіленуі осы кездерден басталған. Ал, осыған дейін, Орталық Азияда Қазақстанның өзіндік геосаясаты болса, кейіннен ол тек Ресейдің отарлық өлкесі ретінде төмендеді. Сонымен қоса, ол Ресейдің Қытаймен байланыс жасауының өткелі ретінде пайдаланатын өлке іспеттес еді. Осы ретте, Қазақстанның Қытаймен байланысы Абылай хан дәуірінен төмендеді. Бұл туралы Шоқан Уәлиханов саяхаттарында жазылған. Демек, Қазақстанның екі империя арасында, аймақ ретінде деңгейінің құлдырауы осы кезеңнен басталды. Ал, кейін Ресей империясы жойылып, кеңестік кезең келгенде Қазақстан, Ресей мен Қытай арасындағы өлкеаралық қарым-қатынасында үлкен рөл ойнады. Қалай болғанмен, Қазақстанның Еуразиядағы бірін-бірі жалғастырушы өлке ретінде, саяси-экономикалық рөлі болды. Бұл процестерге міндетті түрде еліміздің тұрғындары қатысты. Өкініштісі, олар мұнда қожайындар ретінде емес, қарапайым тұрғындар есебінде ғана араласты. 1949 жылы Қытай Халық Республикасы құрылып, 1950 жылы 14 ақпаннан КСРО мен Қытай арасында достық қарым-қатынастары қалыптасты. Міне, осының нәтижесінде Қазақстан Батыс пен Шығысты жалғастырушы рөлде болды. Ал, мәселе, 1960 жылдары Қытай мен КСРО арасындағы шиеленістер туындауы барысынан, Қазақстан Қытайға қауіпті аймақ ретінде қаралды. Екі мемлекет арасында ішінаралық қақтығыстар болып тұрды. Міне, тәуелсіздікке жетіп, КСРО құлаған соң, екі империя арасындағы қарым-қатынас та өзгерді. Бұл ретте, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде Қытаймен де, Ресеймен де дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Алғашқы кездері, Қытай бұл құбылысты қайшылықты психологияда қабылдады. Бірақ, империяның құлдырауы, әлбетте, Қытай үшін қуантарлық жәйт. Дегенмен, Ресей отарының тәуелсіз мемлекет болуы, олардың ойларынша, Шыңжандағы ұйғыр сепаратизміне тиімсіз көрінді. Міне, сондықтан, Қытай елімізбен саяси, экономикалық қатынастарға түсіп, дипломатиялық қарым-қатынасты қолдады. Сөйтіп, олар аталған қауіптен территорияның сыртынан құтылу саясатын ұстауда. Шанхай ынтымақтастық ұйымы негізінен, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ұйым болу керек. Алайда, оның қауіпсіздігі ұзаққа бармайды. Өйткені, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, арасын экономикалық мүдде байланыстырып тұру керек. Ал, мұндай бейбітшілікке Ресей де, Қазақстан да мүдделі. Мұның нәтижесі ретінде, Қазақстанның бүгінгі күні Қытаймен стратегиялық әріптес ретінде көтерілуін айтуға болады. Өйткені, басты нәрсе экономикалық мүдделікте. Ал, жаңа, жоғарыда Ресей ойшылдарының пікірлері айтылды. Ресей бұрынғы ықпалынан айырылды. Өйткені, қазіргі күндері әскери дайындығыңның мықтылығынан гөрі, экономикалық-әлеуметтік жағдайын көп мәселені шешеді. Ресейдің өзі Қытайға Қиыр Шығыстағы территориясын берді. Бұл да экономикалық мүдде тұрғысынан жасалды. Бүгінгі күні әскери күш пен қару-жарақ үлкен рөл атқармайды. Жұмсақ дипломатия бұл экономикалық мүдде.

Тоқтар Есіркепов:

– Соңғы ғасырлардағы капитализм, империализмді тілге тиек еткім келеді. Империализмнің бір белгісі ретінде әлемдегі жер торабын бөліп алуды айтуға болады. Сол секілді, біз Ресей империясының қол астында 300 жылдай болдық. Ал, енді сол Кеңес одағының мазмұнына келгенде, ол ең алдымен орыс ұлтының мүддесін қорғады. Кешегі желтоқсанда біздің бар қазақ ұлтшыл болған. Міне, тәуелсіздік алғанымызға 22 жылға кетті. Бұл еліміз үшін, ел болып қалуымыз үшін, мыңнан бір берілетін жақсы мүмкіндік.Міне, сондықтан, біздің мүддеміз де, мақсатымыз да ұрпақтарымыз тәуелсіз елдің ұрпағы болуын көздеу керекпіз. Қарап отырсақ, КСРО құлаған дәуірде Ресейде ғана емес, біздің елде де әр түрлі көзқарас болды. Сонда халық сасып та қалды. Біреулері тәуелсіздікті тойлап қуанып жатты, біреулер арты не болар екен деп қуанышын ішінен ғана айтып тәубе деді, ал біреулер, Қазақстан тәуелсіз мемлекет бола алмайды, бұл уақытша ғана нәрсе деп, ертең қайтадан ҚСР қалпына келетініне күмән келтірмеді. Сондықтан, бір жағынан тәуелсіздік аспаннан салбырап түскен нәрсе сияқты көрінеді. Бірақ, шын мәнінде, осыған дейін, қаншама ұлт-азаттық көтерілістер мен күресулер болды. Бұны айтып отырғаным, кеше көрші елдің президенті: «КСРО-ның құлауы үлкен геополитикалық трагедия», – деді. 2009 жылы Белоруссияның президенті Лукашенко да өз мақаласында КСРО-ның тарағаны үлкен трагедия деп атап көрсетті. Бұл – іштегі көзқарастар. Біз міне, тәуелсіздік алғанымызға қуанып, жаңа мемлекет бастап жатырмыз. Ал, Ресейдің ішінде екі үлкен топ бар: біріншісі – «қашанғы біз оларды асырай береміз, Ресей өзі жеке мемлекет болу керек» деп санайтындар, екіншісі – «КСРО-ны қалпына келтірейік» деп ашық болмаса да, ниеттенетіндер. Бұл тұста, Жириновскийдің «Либералды Россия» партиясы ойларын ашық айтады. Ресей Компартиясының жетекшісі Зюгановтың да арманы осы. КСРО тарқаса да, Ресей империя болу арманын 1994 жылы да қозғаған. Айталық, 1994 жылы Будапештте ОБСЕ-нің конференциясы өтті. Онда Ресей өкіметі мынандай талаптар қойған. Дәлірек айтсақ, «Одним из вопросов обсуждавшихся на Будапештском конференции по безопасности и сотрудничеству в Европе, было требование России чтобы, ближнее зарубежье как Россия покровительственно называет своих бывших советских соседей было фактически признано сферой Россиского влияния». Яғни, олар ОБСЕ-ге посткеңестік кеністікте қайтадан «басшы» боламыз деп талап қойды. Оған ОБСЕ көнбеген, талабын орынсыз санаған. Біріншіден, сол идеология әлі күнге дейін бар. Екіншіден, бұл идеология күшеюде. Өйткені, осы жоғарыда айтылған Ресейдегі екі топтың екіншісі, яғни, КСРО-ны қайта құруды мақсат тұтқан топ басымырақ. Менің байқауымша, бұл бағыт жыл сайын басымдығын күшейтуде. Мысал да келтіре аламын. Еуразия Одағын құру туралы Елбасымыздың 1994 жылы жазған еңбектерінде Еуразиялық одақ, Еуразиялық мемлекеттер одағы, Еуразиялық экономикалық одақ деген тіркестер қолданылады. Бұл жерде біз саяси суверенитетімізді бермегеніміз абзал. Ал, Путин болса «Новый интеграционный проект для Евразии – будущее которое рождается сегодня» атты, 2009 жылы «Известия» газетінің 5 қазандағы нөміріне шыққан мақаласында «мы не останавливаемся на этом и ставим перед собой амбициозную задачу выйти на следующий более высокий уровень интеграции – к Евразийскому союзу» деп экономикалық одақтан ары қарай қандай мақсат көздейтіндерін ашық жазады. Сондықтан, біздің маман, ғалым ретінде бар нәрсені көріп, содан қорытынды шығара білгеніміз дұрыс. Ал, Лукашенко болса, Еуразиялық одақтың экономикалық одақ қана емес, оның терең саяси – әлеуметтік конструкциясы болуы керектігін жеткізді. Сондықтан, бізде әр түрлі пікірлер болады. Ресейдің сөзін тыңдасақ, «Еуразийский союз» дегенді естиміз,ал, бізде Еуразиялық экономикалық одақ деп айтып жатады. Ресейдің газеттерінде байқамағандай, бір сөзін түсіп жібере салады. Дегенмен, бізде де осы бағытты қолдайтын басылымдар бар. Тұрғындардың пікірін жинап, оларға бағыт-бағдар айтып жүргендер көп.

Мұхит Асанбаев:

– Жалпы, Ресейдің Қазақстанға, Орталық Азия мемлекеттерінің тәуелсіздігіне қаупі осыдан шығуда. Айталық, Қазақстан халқы Орталық Азия халықтарының ішінде ең орыстанғаны. Кеңес Одағы ыдырамағанда біз ең артта қалған халық болушы едік. Қайта, Алла Тағала бізге дербестікті дер кезінде берді. Енді сол, қолда бар алтынның қадірін білмейтін сияқтымыз. Мысалға, Ресейдің империялық пиғылын Делягин мырза ап-анық анықтап айтты. Неліктен біздің елде Еуразиялық интеграцияға бір көзқарас, ал, Ресейде бөлек көзқарас?! Бұл идеологиялық соғыс. Біздің сана-сезімімізге әсер ететін, бұл соғыс 1990 жылдардан бері келе жатыр. Қазақстанның егемендігіне қас адамдар өте көп. Айталық, Қазақстанның өзінде де бұрынғы санамен қалып қалғандар баршылық. Негізінен, бұлар орта жастағы азаматтар. Олар АҚШ-қа жау ретінде қарайды. Бұл да Ресейдің көзқарасы. Қазір Ресейдің телеканалдарын көріп отырған жастарымыз болсын, барлығы дүниеге Ресей көзқарасымен қарауда. Біз өзіміздің көзқарасымызбен қарауға енді ұмтылудамыз. Шындығына келсек, бізді бұған ешнәрсе итермелеп отырған жоқ. Жалпы, Орта Азия кеңістігінде нағыз өз ұлтының мүддесін ойлап отырған мемлекет деп Өзбекстанды айтар едім. Басқа елдер, әлсіздігіне байланысты, не болмаса шекарасына, не тәуелділігіне байланысты постколониялық көзқарастан айырылмай отыр. Қазақстан қазір транзитті, яғни, өтпелі кезеңде. Транзитті дегеніміз постколониялы дегенді білдіреді. Біздің қоғамдағы ауызбіршіліктің болмауы, өз мүддесін халық мүддесінен жоғары қою, коррупция – бұның бәрі кешегі Африка, Азия елдеріндегі бұрынғы, колониялық мемлекеттер кешіп отырған жағдай. Бұл бұрыннан белгілі. Бүкіл Африкадағы постколониялық елдер осындай проблемалармен арпалысып отыр. Сондықтан, бізде Ресейге қатысты ешқандай иллюзия болмауы тиіс. Қоғам ішінде кімнің кім екенін ашу керек. Негізінен, зиянкесті әңгімелерді халыққа орыстілді басылымдар таратуда. Міне, солардың мәнін аша білген жөн. Біздің, қазақтың жауы ішімізде. Бізде дүбәра болып кеткен, кеңестік заманды сағынышпен іздейтін азаматтар көп. Бұрын бұл, зейнеткерлер ғана болса, қазір орта буындағы азаматтар, оған жастар да қосылған.

Жалпы, Орталық Азияда тек қана Қытай мен Ресейдің ғана емес, Батыстың да мүддесі болуы керек. Осы үш алпауыт елдердің арасында баланс болуы тиіс. Қазір Қазақстанда ешқандай таңдау жоқ, не Қытай, не Ресейді таңдауы тиіс деген әңгімелер жиі айтылады. Шындығында да, біз екі жақпен де қарым-қатынас ұстай аламыз. Көпвекторлы саясатты біз әлі күнге дейін дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Өйткені, оның мағынасы, мына жағында Батыс Еуроодақ, мына жағы Қытай, бір жағы Ресей. Біз осы үш алпауыттың ортасында өз мүддемізді қорғай білуіміз керек. Бізде не Қытайды, не Ресейді таңда деп ешнәрсе, ешкім мәжбүрлемейді. Ал, Батыстың мүддесі Орталық Азияда, тіпті, жоқтың қасы десе де болады. Негізінен, Батыстың, АҚШ-тың ықпалы әлсірегеннен, бірден Қытайдың, Ресейдің ықпалы күшейді. Біз үнемі осы алпауыттардың арасында жүреміз. Сондықтан, бізге үшінші алпауыттың мүддесі қажет. Бір жағынан АҚШ-тың мүддесі болса, мүмкін Ресей бұған басқаша қарайтын еді.

Тоқтар Есіркепов:

– Осы тұста,бір нәрсе қосқым келеді.1995 жылдары еліміздегі ең үлкен зауыттар шетелдіктерге басқаруға беріліп жатты. Одан кейін, жарты жыл, бір жылдан кейін соларға сатылып кетті. Сол кезде, 1995 жылы Рудный қаласындағы Соколов-Сарыбай кенішіне Елбасымыз барып сөз сөйледі. Сонда ол: «Біздің зауыттар шетелдіктерге беріліп жатыр деген халықтың арасында сөз бар. Ал, негізінде, біз шетелдіктерді тартсақ, ертең олар бізді қорғайтын болады» деген. Шынында да, шетелдік инвестиция бізге келді.

Мұхит Асанбаев:

– Біз Елбасымыздың саясатына көп жағдайда қолдау білдірмейміз. Мысалға, Түркияға барған сапарында Елбасымыз «Біз бодан болдық. Енді, түркілермен қосылу керекпіз» деп ашық айтты. Ол саяси коньюктура болсын, бірақ, дәл осы сөзді Қазақстанда кім қолдады?! Айталық, АҚШ-қа қатысты Хилари Клинтон Ирландияда жақында ОБСЕ-нің бас қосуында: «Ресейдің қазіргі Еуразиялық одақ іспеттес жобалары бұл бұрынғы сол Кеңес үкіметін қайта жаңғырту. Осыған мүдделік бар. Бұл өте қиын жағдай. Бірақ, біз бұны болдырмауға тырысамыз», – деді. Міне, осы бір-ақ ауыз сөзден Ресейдің әкімшілігі қалай қорықты. Нарышкин қайта-қайта «Хилари Клинтон бізді дұрыс түсінген жоқ. Біздің ондай амбициямыз жоқ» деп шықты. Бізді қазір қорғайтын тек қана АҚШ. Өйткені, қазіргі экономикалық жағдайда Қытай АҚШ екеуі бір. Қараңыздар, тарихтағы бірінші дүниежүзілік соғыс, екінші дүниежүзілік соғыс, барлық колониялдық экспансияларды басып алулар экономикалық мүдде үшін болған. Кезінде, Ұлыбритания бүкіл елдерді экономикалық мүдде, пайда үшін басып алған болатын. Бірақ, бұл елдердің абыройына қарай, бұлар өзінің колониялдық ел болғанын мойындайды. Тарихынан бас тартпайды. Кей жерде кешірім сұрайды. Қазір британдық француздар өзінің арғы атасы Африкада колониялдық нәрселермен жергілікті халықтарды басқан болса, содан қатты ұялады. Ал, Ресей ешқашан мойындаған емес, мойындамайды да. Жалпы, Ресейдің Ресей болуы тек қана империялық жоба. Егер, Ресей осындай болмаса, бұл ел құриды. Тарихына көз жүгіртсек, олардағы басты мақсат тек қана басқа елдерді сіңіру. Олардың Франция мен Англияға қарағандағы айырмашылығы, Франция мен Англия басқа мұхиттағы елдерді колония жасады, кейін жіберді. Ал, Ресей ешқашан шығармайды. Ресей үшін, колониялдық саясат та, географиялық жағдай да бөлек. Олар тек басқаларды өзіне сіңіріп отырады. Басқа елдер геноцид арқылы ассимиляцияға ұшырап, аккультурация болып, соңында құриды. Айталық, Солтүстік Кавказдағы ноғайлар кезінде қазақтан да көп болды.

Тоқтар Есіркепов:

– Мысалы, «Британское содружество» деген бар. Британияның қол астында болған елдер осы ұйымда бәрі жиналады. Британия бәрінен кешірім сұрайды. Бұл ұйымда бәрі жиналып, бір-бірін өте жақсы сыйлап отырады. Жаңа Мұхиттың айтқанына байланысты, біріншіден, Елбасымыз Түркияға барғанда біздің газеттер үндемеді. Ең бастысы, қазақ газеттері неге үндемейді?! Мемлекеттің тірегі – осы қазақтың жері емес пе?! Неге алдымен, қазақ газеттері сөйлемейді?! Екіншіден, Мұхиттың сөзіне байланысты, шынымен де, біздің елімізде тәуелсіздік алғанымызды көре алмайтындар, өте көп, оның жаулары бар. Өз өмірін Ресейсіз болжамайтындар бар. Осындай топтар бізде көп. Жуырда Елбасымыз «Қазақстан – 2050» стратегиясында патриотизмді бөле көрсетіп, оның маңыздылығын жеке атап көрсетті. 1989 жылы Қазақстандық патриотизм туралы алғаш жазып едім. Өйткені, қазақ елінде тұрып, қазақ жерінде өмір сүріп, қазақтың суын ішіп, нанын жеп басқа елдің мүддесін қорғайтын ел болсақ, біз ұлт бола алмаймыз. Тағы бір мысалдар келтіре кетейін, 2011 жылы Қазақстан, Ресей және Белорусь президенттері «Экономикалық интеграция жөнінде» декларация қабылдады. Ал, «Свобода слова» газетінің 18 қараша, 2011 жылы шыққан санында осыған орай, «Завтра родится союз» деген мақала жарыққа шықты. Осыларды кім мониторинг жүргізіп, бақылап отыр?! Бір әлеуметтік сауалдаманың қорытындысы туралы былай жазылған: « Согласно соцопросам за Евразийский союз выступают 52 % казахстанцев, против 48%». Бұл мәліметті КИСИ-дің жетекші ғылыми қызметкері Мұрат Лаумулин «Панорама» газетінің 2012 жылғы, 24 ақпандағы нөмірінде айтқан. «В Алмате почтили память Сабита Жусупова» деген мақаласында «На этой неделе в Алмате прошел круглый стол посвященный памяти известного социолога-политолога Сабита Жусупова под названием « Мировые процессы и их влияния на Казахстан». Сәбит Жүсіпов деген үлкен маман және азамат болған кісі. Ал, мына соцопросты жүргізгендер кім? Лаумуллин ба? Енді, айтыңыздар, «Вы за Евразийский союз?» деп сұрақты кім қойды?! Бұл сарапшылар өз мүддесін осылай көрсетіп отырған сияқты. Ал, біздің Елбасымыз Еуразиялық экономикалық одақ дейді.

Мұхит Асанбаев:

– Сонда, бұл жерде Қазақстанның нанын жеп отырып, бізді фашист қылып отырғаны ма?! Бұл нағыз ақпараттық диверсия.

Ордалы Қоңыратбаев:

– Бұл бұрындары талқыға түскен тақырып. Бірақ, осылай ықшамдап, нақтылап берген тақырыптарыңыз өте қызық екен. Екі алпауыттың арасындағы Қазақстан, тек, қазақтың көзқарасымен ғана зерттеліп жатқан жоқ. Бұны бүкіл дүниежүзі зерттеуде. Орталық Азия деген үлкен саяси, географиялық аумақты қамтитын тарихи ұғым. Бірақ, Орталық Азияның өзі іштей біртұтас емес. Дегенмен, тағы бір жақсы жері, Орталық Азияны негізінен, түркі, мұсылман халықтары мекендейді. Бірақ, іштей біртұтас емес. Ал, енді Қытай мен Ресей ортасындағы Қазақстанға келсек, бір жағынан, 7000 км-ге жуық солтүстігіміз бен батысымыз Ресеймен шектессе, шығыста Қытаймен. Қарап отырсақ, өте қауіпті жағдай сияқты. Ал, екінші жағынан алып қарасақ, егер, бізді Ресей мен Қытай сияқты алып елдер емес, Ауғанстан сияқты ұсақ, халықаралық шарттарға да бағынбайтын ұсақ бұзық елдер қоршаса не болар еді?! Бір шетінен, қазақтың бағына орай ірі империялармен көршіміз. Сондықтан, бірінші мәселе, Ресей мен Қытай секілді алпауыттардың ортасында отыру қазақ үшін бір жағынан оңтайлы. Біздің шекарада кикілжің жоқ. Екінші мәселе, Ресей де, Қытай да халықаралық саясатты жасаушы мемлекеттер. Ал, Қазақстан, Өзбекстан сол саясаттың ықпалынан әлі де толыққанды арылмаған елдер. Ресей де, Қытай да Америка секілді империялық мемлекет. Саясатты жасаушы елдер дегеніміз, әлемдік саясатта белгілі бір тәртіпті қалыптастыратын елдер. Яғни, шарттарды қалыптастырады. Енді, сол шарттардың негізі, қазіргі шекаралардың мызғымастығы туралы халықаралық шарт. Осы тұрғыда, Ресей де, Қытай да өз шекараларын бұзбайтынын мойындаған. Себебі, олар халықаралық саясатты жасап отырған елдер. Ресей мен Қытайдан басқа да мықты елдер бар. Және сол елдердің қарым-қатынасы достыққа негізделген. Айталық, католик Атланта елдері, Батыс Еуропа елдері бір-бірінің мүддесін сатпайды. Бұлар, қандай жағдай болмасын, әсіресе, соңғы 60-70 жылда іштей өте қабысқан мемлекеттер. Тарихты қарасаңыз, Қытайдың ешқашан одақтас бауыры болмаған. Континенталды империя болғандықтан, қазіргі Қытай қалыптасқан. Сол сияқты, Ресей де, маңындағы елдерді жұту арқылы қалыптасқан континенталды империя. Ресейдің де бауырмал одақтасы жоқ. Тіпті, славян елдерінің өзі Ресейді бауыр ел деп санамайды. Екеуінің ортасында отырған Қазақтың жағдайы біршама жақсы екен. Бізге шын мәнінде, жаны ашитын көптеген түркі мемлекеттері бар. Әрине, арамызда кикілжіңдер де болып тұрады. Бірақ, шын мәнінде қиналсақ, бізге жаны ашитындар бар. Бұл біздің артықшылығымыз. Қазір, Ресейдің Қазақстанмен одақтық мәселелер көтеруі үлкен прогресс. Осыдан, 100 жыл бұрын Ресей Қазақстан сияқты отар елдермен одақтас болғымыз келеді деп айтпайтын. Айталық, 1980 жылдардың ортасында осындай әңгімелердің көтерілуі мүмкін емес еді. Яғни, бұл бүгінгі күні Ресейдің әлсірегенін көрсетеді. Ресей бұрынғы империяны ешқашан қалпына келтіре алмайды. Қанша ұмтылыстары болғанымен, Ресейде қаржылық та, әскери де, демографиялық та мүмкіндіктері аз. Осы жағынан алғанда қауіп бар. Бірақ, бұл нәтиже бермейтін саясат. Қытай мен Ресейдің қарым-қатынасы хақында, қолыма түскен екі кітапты алып келіп едім. Гарвардтың профессоры Бартольдтің «Опасная граница» деген кітабы. Бұл кітапта Қытай мен көшпелі әлем арасындағы қарым-қатынас жазылған. Континенталды Қытай мен көшпелі әлем арасындағы 2000 жылдық қырым-қатынас аты айтып тұрғандай «опасная граница» деп беріліпті. Бұрынғы көшпелі әлемнің бір шеті Қазақстан. Қазақстан мен Қытайдың арасындағы қарым-қатынас қауіпті шекара болып қала береді. Ал, Ресеймен шекарада 1898 жылы Ресей империясының күшейіп, шарықтау шегіне жеткенде Әндіжан көтерілісі болды. Кейін, бұл көтерілістің басшысы Модали Ишанды ұстады. Оны тұтқындаған соң, көтеріліс басылды. Сөйтіп, оның қолына кісен емес, итке салатын шынжыр байлап суретке де түсірді. Сөйтіп, бұл суретті бүкіл Ресей империясының пошта маркасына таратты. Бұл Ресей мен Орталық Азияның қарым-қатынасын айқындайтын сурет. Бұл суреттің мағынасы да терең. Кісенді қылмыскерге салады. Ал, итке салынатын шынжырды байлауы арқылы оны итке теңеп отыр. Міне, ХІХ ғасырдағы біздің жағдайымыз, Ресейдің бізге көзқарасы осындай болды. Ал, қазір Ресей бізбен одақтас болуға ниет білдіруде. Бұл Ресейдің әлсірегенін көрсетеді. Ал, енді Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасын алсақ, бізге қауіп төнетіндей көрінеді. Бірақ, Қытай мен Қазақстан тарихын алып қарасақ, қанша қорқынышты дегенмен, Қытай еліндегі бір милллион қазақты қайтарып жіберген жоқ. Қытайдағы қазақтар тілін, жазуын сақтады. Сосын, Қытайдағы қазақтар өздерін нағыз қазақ санайды екен. Ал, Қазақстанның қазағын олар орыстанған қазақ санайды. Қытайдағы қазақтар ішінде елімізге келіп, орыстанып кетеміз деп қорқатындар да бар. Міне, сондықтан, соңғы жүз жылдағы Қытаймен қарым-қатынасымыз хақында, баспасөзден Қытайға алғыс та білдірген дұрыс. Ал, Ресейді алып қараңыз, онда бір миллионнан асатын қазақ бар. Бірақ, бір мектебі, не газеті де жоқ. Ресей мен Қытайды салыстыра қараңыз, қай империяның қазақты ұлтсыздандыруға ұмтылатындығын, қазақты жоғалтып жіберуге ұмтылатынын байқайсыз. Ресейдегі қазақтардың жағдайы Ресейдің отарлау саясатының мықтылығын көрсетеді. Ресейдің империя дәуірі кезіндегі бізге деген көзқарасы, мынау, Модали Ишанның суретінен айқын көрінеді. Бұл образ 20-30 кітапқа татиды. Тағы бір мәселе, Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты айқын көрсететін 3 тарихи кезең бар: біріншісі, қазақтарды, мұсылман халықтарын итке теңеген дәуір; екіншісі, қалай болғанда да бізге республика берген Кеңестік дәуір; үшіншісі, тәуелсіз ел ретіндегі Қазақстан. Енді қараңыз, бірінші мәселе, Патша кезеңінде Ресеймен ешқандай интеграциялық процестердің өтуі мүмкін емес еді. Айталық, Патша Николай қазақтан ешкімді қабылдаған емес. Ол елімізге тек қана отар ретінде ғана қарым-қатынас жасады. Бірақ, бұның екінші жағы да бар екен. ХХ ғасырда қазақтың саны Жоңғар дәуірінен кейін үш есе өскен. Қандай саясат жүріп жатса да, қазақтың өсуіне жағдай болған. Екінші мәселе, Ленин қазақтың зиялыларының бәрін қабылдады.Бірақ, соғысқа дейінгі кезеңде бізді республика ретінде мойындады. Дегенмен, қазақты қырғынға ұшыратты. Большевиктердің алғашқы дәуірінде, репрессияға дейінгі дәуірде құрылған мемлекеттер мен Орталықтың арасын демократияландыру, қайта құру мәселелері жөнінде үлкен бағдарламалар болған. Айталық, Ресей мен Қазақстан қарым-қатынасы қалай болуы керегі жайлы Алаш жобасы, Мұстафа Шоқайдың ұсынған Түркістан автономиясы болды. 1920 жылы Ахмет Байтұрсынов, Тұрар Рысқұловтың ұсынған жобалары да болатын. 1926 жылы Мәскеуде Ұлттық республикалар кеңесі құрылды. Біраз адамдар жиналып, Кремль мен басқа ұлттар арасындағы қарым-қатынасты қалай құру керегі жайлы ойларын ортаға салып, талқылайды. Міне, осының бәрін Санжар Асфендияров жинап, 1926-жылы желтоқсан айында ұсынған. Сосын, Смағұл Сәдуақасовтың ұсынған жобалары болды. Бірақ, бұның бәрі 1937 жылғы репрессиямен аяқталды. Міне, сол уақыттан бері бірде-бір бағдарлама дайындалмады. 1977 жылы Ресейдегі саясат негізінде Конституция қабылданды.Соғыстан кейін, репрессияға дейінгі ұсыныстар айтылмады. Бүгінгі күні, Ресей өзінің әлсірегенін байқатады. Тіпті, олардың ұсыныстары да әлсіздіктерін көрсетеді. Кезінде, Әбілқайыр атамыз Ресейге келіп, одақ құруды ұсынды. Ал, орыстар оны бізге бұрмалап, біз өзіміз құл болып келдік дегенді айтады. Әбілқайырдың тұсында қазақ әлсіз болғандықтан, одақтас іздеген еді.

Мұхит Асанбаев:

– Меніңше, біз Ресейден, Қытайдан емес, өзіміздің селқостығымыздан да қорқуымыз керек. Тарихты алсақ, Кенесары неге жеңілді?! Ол төре сұлтандардың сатып кетуінен жеңілді. Осы тұста, біздің ішкі жауларымыз көп екенін айтқым келеді. Біз дұрыс қоғамдық пікірді қалыптастыруға ұмтылыс жасауымыз керек. Осындай мәселелерді қозғай берсек, белгілі бір қоғамдық пікір қалыптасады. Бұл қоғамдық пікір қазақтар күшейсе,оған ешкім қарсы бола алмайды деген сарында болу керек. Қоғамдық пікірді күшейтсе, саяси басшылық та осы сарында болады.

Нәбижан Мұхаметханұлы:

– Екеулеріңіздің көзқарастарыңызға келісемін. Бұндағы жағдайда, Қазақстандағы интеллигенттердің үлкен сословиесін көре алмадым. Ал, тақырыпқа келсек, тәуелсіздігімізге 21 жыл толды. Бұнда біздің екі нәрсеге көзіміз жетті деп қарау керек. Бірінші, көптеген шовинистер Орталық Азия, әсіресе, тәуелсіз Қазақстан мемлекет бола алмайды деп санады. Бірақ, біз 21 жылдық тәжірибемізде мемлекет бола алатынымызды және қандай мемлекет бола алатынымызды анықтадық. Екінші мәселе, 21 жыл ішінде Ресей де дамыған жоқ. Әлі де сол бұрынғы шикізат пен әскери қару-жараққа сүйенуде. 20 жыл ішінде олар инновацияға өте алмады. Сондықтан, оларда қаражат та жоқ.Үшінші мәселе, Ресей қазіргі заманғы демократиялық, құқықтық адамзаттық құндылықтарды қабылдай алған жоқ. Сондықтан, Ресей әлемде жетекші мемлекет бола алмайды. Адамзаттық құндылықтар сол АҚШ, Еуропада анық көрсетілген. Сол себепті, біздің бағытымыз керісінше, сол Еуропаға беттеу болуы керек. Бұл жерде біз адамзаттық құндылықтар мен жаңа технологиялармен жұмыс істеуді үйренуіміз қажет. Кешегі Ресейден біз ешнәрсе үйрене алмаймыз.Оларда қазірге дейін, өндіріс жоқ. Қанша одақ құрсақ та, олар Орталық Азияны қамдай алмайды. Сондықтан, Ресей жаңа формадағы өзінің үстемдігін көрсетуге ұмтылуда. Бұндай да ой бар. Әркімнің ойы бола берсін. Бірақ, біздің де мақсатымыз бен ойымыз болу керек. Оған күрес жасайтын дипломатиялық әдістер мен тәсілдер қажет. Сондықтан, біздің концепцияларымыз жаңа мемлекет құрушы мемлекеттің емес, жетекші мемлекеттер концепциясына ұқсаса. Мысалы, біз өзара ықпалдастыққа шығуымыз керек. Бұл тұста, керісінше, басқа мемлекеттердің ықпалын азайта тұрып, ұлттық біртұтастығымызды көтеруіміз керек.Түркіменстанның жабық есігіне де күлмейік. Әрине, мұндай тұмшалану мемлекеттің дамуына тиімсіз. Оны да қолдамаймын. Сондықтан, ішкі біртұтастығымыз күшеймей, біз сыртқы кез-келген мемлекеттердің мақсаттарына төтеп бере алмаймыз. Қытай мен Ресейден бір жағынан қауіп бар. Бір жағынан бізге келетін пайдасы да бар. Олар дамыды. Олардың қызығын да көрудеміз. Айталық, Қытайдың есігі жабылып қалса, миллиондаған адамдарымыз жұмыссыз қалады. Белгілі мемлекетке қауіп бар, қалғанына жоқ деуге болмайды. Қыл аяғы өзбектен де қауіп бар. Сондықтан, біз қауіп дегенде, дәстүрлі емес қауіп ұғымын да түсінгеніміз абзал. Айталық, экологиялық, миграциялық, демографиялық қауіптер де бар. Осы тұрғыда, дәстүрлі емес қауіпке энергетикалық та, астық та, ұлттық қауіпсіздігімізді де жатқызамыз. Сол үшін, бізде қауіп те бар, оған қоса қарсы тұратын мүмкіндігіміз де бар екенін ескергеніміз абзал. Міне, осындайда ең маңыздысы адамның сапасы, яғни, біртұтастық жеңеді.

Мұхит Асанбаев:

– Черчилль «Ұлыбританияның мәңгі серіктесі жоқ, оның мәңгі мүддесі ғана бар» деген.

Нәбижан Мұхаметханұлы:

– Сондықтан, мүддеміз болу керек. Қай мемлекетпен қарым-қатынаста болсақ та, өз мүддемізді ұмытпаған жөн. Ең үлкен ұтылмау – тәуелсіздіктің бекер болмауы.

Мұхит Асанбаев:

– Тәуелсіздіктің қағидасының құндылығын жоққа шығаратын мақалалар бар. Осының бәрі ақпараттық диверсия.

Расул Жұмалы:

Қазақ халқы сан ғасырлар бойы көптеген ауыр кезеңдерді басынан өткізді. Түрлі сыртқы күштердің қысымына ұшырап отырды. Кей кездері өз жері мен тәуелсіздігін қорғау үшін соғысуға да тура келді. Елдің біртұтастығы жоғалып, әлсіз болған жағдайда, жерінің талай бөлігінен айрылған, тіпті, тәуелсіздігінен қол үзіп, бөтен біреулердің боданына да айналған қайғылы сәттер орын алды. Азаттық үшін күрес жолында талай боздақтары көз жұмды.

Сыртқы күштер дегенде, ойға ең алғаш ілігетіндері Қазақтың атам заманнан келе жатқан қос көршісі Қытай мен Ресей.

Оңтүстік Шығыстан төнген алғашқысы, кемінде үш мың жыл бойында қазақ даласын басып алуға дәмеленіп келді. Солтүстіктен қаһар шашқан екіншісі, соңғы бес жүз жыл, дәл сол мақсатты қуып, XIX-XX ғасырлардың басым бөлігінде өз үстемдігін орнатты. Қазақтар бұл қилы заманда жерінен, егемендігінен, тіпті, ділі мен тілінен айрылып қалуға шақ қалды. Кім біледі, 1991 жылы Кеңес империясы ыдырауы арқасында тәуелсіздіктің таңы атпағанда, халқымыздың күні не болар еді. Аты мен затын ұмытқан бүгінгі ресейлік ұсақ халықтардың кебін киер ме едік.

Алла мен тағдыр жарылқап, ата-баба армандаған азаттыққа қол жеткіздік. Алайда, сол азаттық қолымызға әп-сәтте оңай түсе қалды деп ойлағанның кесірі ме, әлде, басқа себептердің көрінісі ме, сырттан төнген қауіп-қатерді тиісінше бағалай алмай келе жатырмыз. Қарап отырсақ, сол баяғыдан бері көп нәрсе өзгере қойған жоқ. Қазақтың ұлан байтақ жерін өз дегеніне көндіріп, оның байлықтарын иемденгісі келетіндердің саны көбеймесе, азайған емес. Ал, олардың алдыңғы шебінде, сол баяғы қытайлық айдаһар мен ресейлік аю тұр. Бүгінгі заманның бұрынғыдан, бәлкім жалғыз ғана ерекшелігі болар, бұл белгілі бір мүдделерді көбіне тікелей күш қолдану емес, экономикалық, саяси һәм ақпараттық тетіктерді пайдалана отырып іске асыру. Қазірдің өзінде жер байлығымыздың, сыртқы саудамыздың, тартылған инвестициялардың, сыртқы қарызымыздың басым бөлігі осы қос алыптың қарауына ілінген. Бұған тәуелсіздігімізді шектейтін Ресей мен арадағы интеграциялық ұйымдарды, ақпараттық осалдығымызды, мемлекеттік әлеуеттің тапшылығын қосыңыз.

Әрине, бұл тұрғыда Ресейді немесе Қытайды жамандаудың ешбір қисыны жоқ. Қандай да саясат, бұл мүмкіншіліктер өнері деген қағидатты ұстансақ, алып көршілеріміз қолдан келгенін істеп отыр. Ондағысы ең алдымен өздерінің жеке бастарының қамы. Қалғанының бәрі, сайып келгенде бос сөз. Олай болса, егемендікке төніп тұрған тәуекелдерді сырттан емес, ең алдымен ішімізден іздеген жөн. Тарихтың бізге берер ең маңызды тағлымы да осыда. Мейлі, кезінде қуаты жетіспесін, бірақ, қазақ халқы ру мен жүзге бөлінбей, халқы мен билігі біртұтас, билері өз қара басының қамынан ел игілігін биік қойған жағдайда Қазақ азаттығын сақтай алған. Тек, керісінше болған кездерде ғана іс насырға шапқаны, ал, нәтижесі зор қасіретке әкелгені белгілі. Тиісінше «Қолымды мезгілінен кеш сермедімнің» қамын кешпес үшін, дәл осы мәселелерге басымдық бергеніміз шарт. Онымен қатар, әрине, қандай да елдің түбіне жетіп, шірітетін жемқорлық, қоғамдағы әділетсіздік, ащы шындықтан гөрі жалған мадақты жөн көру, ұлт жанашырлары мен сөз бостандығын қыспаққа алу секілді келеңсіздіктерді еңсеру қажет. Және, әрине, икемді де көреген, адал халқына сүйенген, сыртқы саясат және аймақтағы өзбек, қырғыз, түрікмен сияқты бауырластармен жан-жақты жақындастық қажет.

Нәбижан Мұхаметханұлы:

–Тағы бір айта кететіні, біз ХХ ғасырдағы тарихты жан-жақты терең жазбаймыз. Кешегі Кеңес одағы дегенде, тарих «еңіреп» кетеді. Ал, ар жағындағы ата-бабаларымыз қайда?! Бейбіт жағдайда екі-ақ жылдың ішінде үш миллион халқымыз жойылып кетті. Ал, Гитлер алты жыл соғыс жүргізіп, алты-ақ миллион халықты жояды. Біз болсақ, бейбіт отырып, үш миллион халқымыздан айырылдық. Бұл жерде адами құндылық бар ма?! Міне, сондықтан, тарихтан сабақ алуымыз керек.

Ордалы Қоңыратбаев:

– Нәбижан ағаның ойы жақсы. Соңғы 5-6 жыл ішінде мен Түркістан тарихына қызығып жүрмін. Біріншіден, біз үнемі өзімізді Ресеймен салыстырамыз. Ресей империялық дәстүрі бар ел. Ал, біз отар болдық. Екіншіден, біз өзімізді деңгейлес, тәуелсіздік алған мемлекеттермен салыстыруымыз керек. Ол – өзбек. Қарап отырсам, екі мемлекетті салыстыратын мәліметтер жоқтың қасы екен. Тағы бір мысал, 1917 жылы Ауыл шаруашылығының санағы жүрді. Сонда қазақ 6 миллион шамасында болған. Содан, қазаққа бейім, рулық аттарымен жүрген құрамалар болған. Олар - Қыпшақ, Қоңырат, Наймандар. Тура сол жыл мен соғысқа дейінгі дәуір ауыр болды. Сол кезде, Кеңес Одағының, Кремльдің саясаты қазаққа да, өзбекке де бірдей болды. Жүріп жатқан, Сталиндік социалистік модернизациядан біз қалай шықтық? Өзбек қалай шықты? Өзбекпін деген адамдардың саны 1917 жылы 820 мың адам екен. Қалағандары, сарттар – 3 миллион. Социалистік модернизациядан өзбек ұлттық санасы қалыптасқан болып шықты. Ал, біз күйреп шықтық.

Тоқтар Есіркепов:

– Біріншіден,

Американың ЖІӨ-сі (жалпы ішкі өнім)15 триллион АҚШ-доллары, Қытайдікі 7,5 триллион. Ал, кейбір мамандарды тыңдасақ, Американың ЖІӨ-сі Қытайдың ЖІӨ-сімен бірдей: Қытайдың ЖІӨ-н оның сатып қабылетімен есептесек 12-15 триллион доллар болады, Ресейдікі 1,7 триллион (ЖІӨ сатып алу құны – 2,2 триллион доллар). Яғни, Қытайдан 4,5 есе төмен. Ресей әлсіреді дегеннің дәлелді бір цифрлары. Екіншіден, Ресейден қауіптенуге болмайды деген қате ұғым. Кешегі 1960 жылдарды Африка жылы деп айтамыз. Ондаған мемлекеттер тәуелсіздік алып шықты. Кейіннен, сол елдер постколониалды елдерге айналды. Ал, енді қазіргі Ресей менің ойымша неоколонизм саясатын жүргізіп жатыр. Яғни, бұрынғыдай жерді басып алмайды. Экономикаға үстемдік етеді. Ресейдің потенциалы Қазақстанға қарағанда 10 есе жоғары. Ресей экономикасы жағынан біздің экономикамызды жұтады. Экономикалық интеграция туралы айтқанда, міндетті түрде саяси одақ ұғымы да ойға түседі.Өйткені, кез-келген интеграциялық одақ саяси мүддеге де бағынышты, ол түбінде саяси одаққа әкелуі мүмкін. Кез-келген жобаны ұсынғанда, оның құндылықтары болуына мән берген жөн. Сол құндылықтар бізді алға жетелеу керек. Мысалы, Кеңес одағында коммунизм деген идея болды. Қазір, Ресейде ондай идеология жоқ. Реформаның пайдасын, Ресейдегі халық емес санаулы элита ғана көрді дейді кейбір белгілі сарапшылар.

Ордалы Қоңыратбаев:

– Біз қазір Қытаймен де, Ресеймен де қарым-қатынас жасағымыз келеді. ХХ ғасырда біздің интеллигенцияның ұсынғаны, бізбен тепе-тең қарым-қатынас орнату еді. Бірақ, ол жасалмады. Ал, қазір, тәуелсіз Қазақстан олармен қарым-қатынас жасағысы келеді. Сондықтан, бізде әлі күнге дейін, Ресеймен қарым-қатынаста үрей бар. Бұл, отарлық санамыздан айырылмағанымыздың белгісі. Біздің қазіргі негізгі атқаратын жұмысымыз – идеологияны қалыптастыру. Яғни, халықты сана-сезіміндегі үрейден арылта білгеніміз жөн. Сол кезде ғана біз азат боламыз. Тағы бір мәселе, неге осы біздегі орыстілді баспасөз баяғы империя дәуіріндегі заманды аңсай береді?! Себебі, ойларынан империялық сана-сезім шыға қойған жоқ. Сондықтан, Ресей де бізбен қарым-қатынас кезінде империялық тұрғыда ойлайды. Бұған, әрине,уақыт керек. 20 жыл өте аз. Бірақ, меніңше, Ресей сол империяны қалпына келтіре алмайды. Сөйтіп, саясаткерлерінің, халқының ойынан бұл да өшеді. Міне, сол себепті, Ресеймен қарым-қатынаста халықтың бойындағы үрейді жою керек.

1871 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз