• Ұлттану
  • 01 Сәуір, 2013

ДІН – ДІЛДІҢ ДІҢГЕГІ

Бақтияр СМАНОВБақтияр СМАНОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, профессор 

Дін – қоғамдық сананың маңызды түрі ретінде тамыры тым тереңге жайылған жалпыадамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі. Бұл – әр елдің, әрбір халықтың тұрмыс-тіршілігінде ерекше орын алатын құндылық. Дін арқылы кез келген тірі пенде қоршаған ортаны, төрткүл дүниені танып білудің, оны рухани меңгерудің жолдарын қарастырады. Бүгінгі біз өмір сүріп отырған жаңарған қоғам аясында да діннің алатын орнының, қызмет ауқымының күннен күнге ұлғая түсуі, сол арқылы оның мерей-мәртебесінің өсе түсуі, діндарлар мен діни ұйымдардың санының артуы, діни сенімге байланысты әр түрлі жағдайлардың ел назарын аударуы байқалып отыр. Бұл үрдістің мұндай қарқынмен дамуының басты себебінің бірі – бұрынғы тоталитарлық жүйедегі барлық посткеңестік республикаларды жайлаған рухани дағдарысқа ұшырауынан дер едік. Соның нәтижесінде, бүгінде әлеуметтік-адамгершілік құндылықтардың өңі өзгерді, сан миллиондаған адамдар табынып келген бұрынғы кеңестік үйреншікті идеалдар, жалаң қызыл саясаттан туған құндылықтар жойылды. Мұның орнын халықтың сан ғасырлар бойғы дәстүрлі наным-сенімдері басты. Дінге деген байырғы ата-бабалардан мұра болып келе жатқан үйреншікті көзқарасты қалыптастыру әрі рухани, әрі әлеуметтік қажеттілікке айналды.

Елімізде дін рөлінің арта түсуіне саяси және рухани-мәдени саладағы жалпыадамзаттық құндылықтардың өмірге оралуы да ерекше ықпал етуде. Зиялы қауым мен жалпы жұртшылық қазіргі кезеңдегі имани-әлеуметтік жұтаңдықты болдырмаудың пәрменді түрі дін екенін, оның ғасырлар бойы қалыптасқан моральдық байлықтарының қадір-қасиетінің мәні күн өткен сайын өсіп отырғанын мойындады. Ал, кейбір ұлттық қозғалыс өкілдері өздерінің этникалық тұрғыда дамуында, мәдениеті мен ұлттық дәстүрінің өркендеуінде діннің ерекше қызметіне иек артып отырғаны мәлім. Қоғамдағы дін туралы көзқарастың оң бағытта өзгеруінде, оның рухани-имандылық және мәдени-ағартушылық тұрғыдан өркендеуіне қажетті фактор болып табылатынын ұғындыруда және мұндай игілікті істерді көпшілік қауымның ой-санасына дұрыс жеткізіп, орнықты пікір қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі ерекше екендігі – еш дәлелдеуді қажет етпейтін шындық.

Бұрынғы кеңестік кезеңдегі ондаған жылдар бойы діни сенім, ар-ождан бостандығына қойылып келген шектеулер, әсіресе, ислам іліміне ерекше салқынын тигізгені белгілі. Қазан төңкерісі жүзеге асқан соң-ақ, діндарларға қарсы аяусыз күрес ашылды.

Жергілікті өкімет басына келген белсенділер қызыл отаудың жанынан құдайсыздар (атеистер) үйін, үйірмелер мен қоғамдар ашып, ауылдағы шаласауатты молдалардан бастап, ғұлама ғалым, иманды имам, есімі елге мәшһүр діни қайраткерлер мен зиялылардың бастарына әңгір таяқ ойнатты. Абақтыға тоғытты, жер аударды. Аталмыш науқанға, тіпті, алақан жайып бата жасағандар мен мешіт табалдырығын аттаған қарапайым жандар да ілікті.

Небір зәулім мешіттер мен сәулетті ғимарат-ғибадатханалар қиратылды, аман қалғаны әдейі мал қораларға не қоймаларға айналдырылды. Тек құран ғана емес, иісі арабша жазылған рухани құндылығы мол жазба мұралар, түрлі көне әдебиеттер діни кітаптар ретінде өртелді.

Коммунистік идеологияның шектеу шеңберінен шығып, діни сенімдерге кең жол ашылған кейінгі демократиялық кезеңде, ел тәуелсіздігі тұсында халқымыздың дінге деген көзқарасы едәуір өзгеріп, елдің оған деген құрмет сезімі қалыптасты. Соған сәйкес діннің мәртебесі мен абырой-беделі артып, қоғамдық-әлеуметтік қызмет аясы өсті. Жылдан-жылға діни бірлестіктер мен діндарлардың саны артып келеді. Соның нәтижесінде, елімізде дәстүрлі (ислам және христиандық-православиелік) діндер мен Қазақстанда бұрын-соңды болмаған дәстүрлі емес жаңа діни ағымдарды, діни ұйымдарды қамтыған көпдінді рухани кеңістік пайда болды. Бұлармен қатар діннің атын жамылған түрлі ағымдар, секталар, миссионерлік қозғалыстар, діни фундаменталистік, экстремистік топтар да бой көрсете бастады. Дінді кейде саяси-идеологиялық күрестің қолшоқпары ретінде пайдалануға тырысатын жайттар да байқалады. Бұл – әрине, заңға, елдік мұраттарға, мемлекеттік мүдделерге қайшы келетін әрекеттер болып саналады. Міне, осы секілді көріністерге орай, қазіргі таңда қоғам мен діннің арақатынасын белгілеп алу, конфессиялараралық қатынастарды, діннің қоғамымыздағы және даму тарихымыздағы әлеуметтік орнын айқындау, халықтардың рухани және мәдени тұрғыда өркендеуіне, діндердің өзара келісіміне, ынтымақтастығына, сабырлылық пен тағаттылығына баса назар аудару айрықша маңызды.

Дінге саналы көзқарас қалыптастыруда, оны халықтың, әсіресе, жас ұрпақтың игілігіне тиімді пайдалануда мемлекетіміздің ұстанып отырған бағыты көңіл аударарлық. Мұны біз күнделікті өмірімізде көріп те келеміз. Қазіргі кезеңде діни бірлестіктер жаңа қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға сәйкес қайта тіркеуден өтіп жатыр. Бұл жұмыс 2012 жылдың қазан айында аяқталды. Жаңа заңның талабына орай конфессиялар мен діни бірлестіктердің саны біраз қысқарды. Елімізде соңғы жиырма жылда діни бірлестіктердің саны үш есеге артты, ал, конфессиялардың саны екі есеге көбейді. Осы өткен онжылдықтың өзінде еліміздегі діни кеңістіктің құрылымы, шеңбері анағұрлым өзгерді, кеңейді. Кешеге дейін елімізде 46 діни конфессияның басын құрайтын 4,5 мыңнан астам діни бірлестіктер жұмыс істеді.

Қазақстанда еліміз азаматтарының құқықтары мен сенім-наным бостандықтарын құрметтеу, қоғамдық және діни мақсат-мүдделердің тепе-теңдігін сақтау, ынтымақтастық қарым-қатынас пен өзара түсіністікке қол жеткізу, демократиялық ұстанымдарға негізделген мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы байланыстың өзіндік үлгісі қалыптасты. Мұнда жаңа саяси-қоғамдық жағдайдағы мемлекеттің діни ұйымдармен қарым-қатынасын ретке келтіру қажеттілігіне, ұлттық қауіпсіздігіміз бен ішкі саяси тұрақтылықты, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету мүмкіндіктеріне мән беріледі

.

Қазақстандағы діндарлардың 93-95 пайызын құрайтын негізгі екі діни конфессияны (ислам мен православиелік-христиандық бағыт) үлкен діни орталықтар – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орыс православие шіркеуінің үш аймақтық епархиалдық басқармасы басқарады. Бұдан басқа католиктер шіркеуі, Інжіл христиан баптистері, Лютерандар, Жетінші күн адвентистері, Иегова куәгерлері, Елуліктер, т.б. діни құрылымдар жұмыс істейді. Қазақстанда «Нұр-Мүбарак» Мысыр ислам мәдениеті университеті, Имамдар біліктілігін жетілдіру институты, Орыс православие шіркеуінің Алматы епархиалдық діни училищесі, Алматы пресвитериандық діни академиясы, Рим-католик шіркеуінің Жоғары епархиалдық діни семинариясы, «Жарық» атты інжіл институты секілді т.б. оқу орындары бар. Бұл оқу орындары дін мамандарын даярлайды.

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік-діни саясат мынадай ұстанымдарға негізделген:

– мемлекеттің зайырлылығы, білім беру мен тәрбиелеудің мемлекеттік жүйесі;

– адамдар мен азаматтардың ешқандай діни айырмашылықтарына қарамай құқықтық тепе-теңдігі әрі бостандығы;

– заң алдында діни бірлестіктердің жауапкершіліктерінің теңдігі бірдей екендігі;

– мемлекеттің ішкі қызметіне діни ұйымдардың араласпауы;

– діни бірлестіктердің заңдылықтарды сақтауына мемлекеттік бақылау;

– діни бірлестіктер мен мемлекеттің айқын белгіленген қызметтер негізінде ынтымақтастығы;

– ұлттық-мәдени салт-дәстүрлерді, кейбір жергілікті тұрғындар топтарының менталитетін құрметтеу;

– ұлттық дәстүр-салттардың дінмен өзара байланысын ескеру;

қоғамдық тәртіпті, діни сенім саласындағы заңдылықтарды, қауіпсіздікті, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын, өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында шектеулер қою.

Біздің еліміздің зайырлылығы мен діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлінгендігі дегеніміз – діни ұйымдар мен бірлестіктердің мемлекет ісіне араласпауы, олар ешқандай мемлекеттік қызметтер атқармайтындығы, саяси жұмыспен, саясатпен айналыспайтындығы.

Сондай-ақ, діни негіздегі саяси партиялар құруға тыйым салынады. Діни дәстүр-салттарды, т.б. діни іс-шараларды мемлекеттік орындарда атқаруға, оларды мемлекеттік қызметтермен байланыстыруға болмайды. Діни бірлестіктер мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Қысқасы, мемлекет және діни бірлестіктер әрқайсысы өз ауқымында дербес әрі өзара тығыз байланыста қызмет етеді.

Діни-радикалдық көзқарастар туралы айтқанда, оның пайда болуы мен таралуына ең алдымен жергілікті жерлердегі ресми діни ұйым басшылары, діни қызметкерлер тосқауыл қоюлары қажет деп ойлаймыз. Өйткені, олар өздерінің абырой-беделімен, ықпал-әрекетімен кез келген діни ауытқушылықтарға, фанатизмге, экстремистік бағыттарға қарсы тұрып, рухани-ағартушылық насихат тұрғысында іс-қимыл көрсетуі, ата дәстүрді, діни құндылықтарды қорғауы тиіс. Мұнда олар ұлттық мәдени, қоғамдық бірлестіктерді, олардың жетекшілерін, диаспора басшыларын ұтымды пайдаланып, елдің береке-бірлігін, ынтымағын, бейбіт өмірді қамтамасыз еткені абзал. Қазір елімізде осындай сындарлы саясаттың арқасында ұлтаралық келісім мен сыйластық сақталып отыр. Мұны бұдан былайғы өмірде де асқан ыждаһаттылықпен, үлкен жауапкершілікпен жүргізген жөн. Бүгінде біздің өмір сүріп отырған жаңа қоғамымызда діни ұстанымдардың рөлі мен мәртебесінің өзгергені жалпы діни құбылыстың мемлекет пен қоғамға қарай бетбұрыс жасауынан көрінеді. Ол өзінің табиғаты жөнінен мемлекеттік емес қоғамдық институт ретінде өмір сүріп келеді. Сондықтан, діннің шын мәніндегі өркениетті ізгі қасиеттерін, демократияны ұлықтайтын игі тұстарын таныту, оны тарату – халқымыздың рухани кемелдігін қалыптастырудың кепілі, ел қауіпсіздігінің алтын арқауы болмақ.

Бізде ислам дінін ұстанушылар – халық санының шамамен 70,2 пайызын құрайтын 27 этникалық топ. Республика халқының 66 пайызы қазақтар және оларға қоса ұйғыр, татар, өзбек, түрік, күрд, дүнген, шешен, әзірбайжан, башқұрт, ингуш, балкар сияқты т.т. бауырлас халықтар түгелдей ислам дінін және оның ішінде бірді-екілісінен басқасы, яғни барлығы дерлік ежелден, сан ғасырлар бойы сүнниттік жолды ұстанады. Тек, әзірбайжан мен күрд халықтарының бір бөлігі мен шағын ирандық топ шиға, яки шииттік жолды тұтынады. Қазақстандағы екінші орындағы дін – христиандықтардың бүгінгі ахуалы исламмен салыстырғанда өзгеше. Христиандардың басым көпшілігі славяндық православие бағытында. 1956 жылы республика көлемінде 55 православие жамағаты (приход) болса, бүгінгі күні 250-ден астам діни бірлестік, 10-ға тарта монастырь жұмыс істеп келді. Қазақстандағы Орыс православие шіркеуі – тікелей Мәскеу Патриархаттығына және оның Қасиетті Синодына бағынатын митрополиттік деңгейдегі үш епархиялық басқарманы біріктірген жүйелі құрылым. Христиандықтың еліміздегі екінші тармағы – католиктік бағытты ұстанатын шағын топ. Олардың өзі екі топқа бөлінеді: Рим католик шіркеуі және Грек католик шіркеуі. Бұл екі шіркеу негізінен Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында жұмыс істейді. Республика көлемінде католиктік жамағаттардың діни бірлестіктерінің саны 100-ге тарта. Шетелдердегі католик шіркеулері, әсіресе Ватикан және АҚШ-та орналасқан католик ұйымдары Қазақстанда миссионерлік іс-әрекеттерді белсенді түрде жүргізіп келеді. Бұған бүгінгі күні елімізде материалдық жағынан қамтамасыз етілген 150-ден астам шетелдік католик миссионерлердің (ресми тіркелгендері ғана) тоқтаусыз үгіт-насихат жұмыстарымен шұғылданып жатқанын айтсақ та жеткілікті. Сонымен қатар, католиктердің Қарағанды, Астана, Павлодар қалаларында діни оқу орындары мен басылымдары бар.

Христиандардың ішінде саны аз болғанымен ең көп тармаққа бөлінген тобы – протестанттар

. Олардың 500-ден астам шіркеуі жұмыс жасайды. Қазақстандағы негізгі протестанттық шіркеулер – Евангелиялық христиан-баптистер, Жетінші күннің адвентистері және Лютерандар. Еліміздегі баптистер саны 10-15 мың адам шамасында, олардың жамағаттарының саны 300-ден асады. Лютерандардың орталығы Астана қаласында орналасқан. 70-тей діни жамағаттары бар, олар негізінен немістер арасында көп тараған. Адвентистердің де орталығы Астана қаласында. Осы аталған протестанттық конфессиялар елімізде тек өткен ғасырда ғана пайда болғаны, олардың Кеңес билігі кезінде (1917-1991) күштеп қоныс аударушылар арқылы Қазақстанға келгені белгілі. Жаңа елордамыз Астананың діни орталық ретінде таңдалуы осы шіркеулердің орталық және солтүстік аймақтарда етене жұмыс жүргізуіне қолайлы мүмкіндік жасап келе жатқаны айтпаса да түсінікті.

Протестанттық христиандық бағыттың жаңа түрлері Елуліктер, Методистер (Біріккен методистер шіркеуі немесе «Бірігу шіркеуі» – АҚШ, Флорида штаты), Меннониттер, Пресвитериандар (АҚШ), Жаңа апостолдар шіркеуі (АҚШ), Әлемдік Қырман Шіркеуі (АҚШ, Колорадо штаты), Қожайындар шіркеуі (АҚШ, Флорида штаты), Агапе, Жаңа өмір шіркеуі, Ізгі хабар, Иегова куәгерлері (АҚШ) т.т. миссионерлік іс-қимылдарымен бірсыпыра азаматтарды өздеріне үгіттеп үлгерді. Елімізде протестанттық бағыттың 20 шақты сектасы және мыңнан астам діни бірлестіктері мен қоғамдары қызмет етіп келді. Соңғы кездері, дәстүрлі емес діни ағымдар қатары да бой көрсете бастады. Олардың қатарында «Саентология шіркеуі», Бахаизм, Қадианий (Ахмадия), Кришна қоғамы, Шайтаншылдар қоғамы, Виссариондықтар, т.б. шіркеулерді атауға болады.

Қазақстан – демократиялық, зайырлы, құқықтық-әлеуметтік қоғам орнатқан мемлекет. Бұл, жоғарыда атағанымыздай, Ата заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясында, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда арнайы бекітілген. Салалық заңда азаматтардың тұтынған діни ағымдарына арналған діни бірлестіктер құруына бірдей құқықтық мүмкіндіктер жасалған. Алайда, мемлекет халықаралық қауымдастықтар қабылдаған діни үдерістерді құқықтық-саяси реттеудің негізгі нормаларына сәйкес діни бірлестіктердің ішкі жұмысына араласпайды, қол сұқпайды. Бірақ, бұл дін мемлекеттен тыс өмір сүреді деген сөз емес. Қайта, керісінше, дін діни-прогрессивтік іс-шараларды мемлекеттің қолдап-қуаттауымен, оған қажетті жағдай жасауы арқылы іске асыра отырып қызмет етеді. Мұны айтып отырғанымыз, кезінде Үлкен үйде Дін істері жөніндегі Кеңестің жауапты хатшысы қызметін атқарып жүргенімізде, кейбір діндарлар мен діни бірлестіктер басшыларының «біз, яғни, діни бірлестіктер, мемлекеттен бөлінгенбіз» дегенді сылтау етіп, «мемлекет біздің ісімізге араласуға хақысы жоқ» деген тұрғыдағы жаңсақтықтарға ұрынғанын, сөйтіп ашықтан-ашық заңсыздықтарға барғанының куәсі болдық.

Сондай-ақ, бәзбір әкімқараларымыз бен кейбір басшы қызметкерлеріміз «Дін – мемлекеттен бөлінген» дегенді жамылғы етіп, жалпы дін атаулыдан ат-тонын ала қашты. Олар, тіпті, оны біздің санамыздан тыс өмір сүретін ерекше дербес дүние, мемлекет ішіндегі бөлек мемлекеттей көрді. Өздерінің діндарлармен бір қоғамда, бір елде тұрмыс-тіршілік ететінін, Ата заң мен республикамыздың басқа да нормативтік-құқықтық құжаттары бәрімізге ортақ екенін ескере бермеді. Сондай салғырт көзқарастың салдарынан барып бақылаусыздық орын алды.

Мұндай жәйт «Өзі де зытайын деп тұрған киік еді, «бір жеріне» таяқ тиіп еді» дегеннің кері сияқты, онсыз да біздің қисын-қағидаларымызға пейілсіз кейбір діндарлардың өз білгенін жасауына, биліктің бишігін ұстаған әкімсымақтарымыздың заңсыздықтарға жол беруіне жағдай жасады. Мұны жасыратыны жоқ, әсіресе, басқа келімсек кірме діндерді уағыздаушылар өз мүдделеріне мейлінше ұтымды пайдаланды. Әрине, жетістіктеріміз өз орнымен. Дегенмен, алдағы уақытта кейбір кемшіліктерімізге көңіл бөлген абзал болар еді. Осы ретте игілікті шараларды, жақсы жайттарды айта отырып, оқырманмен мынадай мәселелерде ой бөліскенді орынды санаймыз. Біздің мемлекетіміз тәуелсіздік алғалы бері жиырма жылдан астам уақытта еліміздің «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктері туралы» алғашқы заңы жетілдіріліп, толықтырылып қызмет етіп келді. Өткен жылдан бастап, мүлде жаңаша бағыттағы заң қабылданып, қолданысқа енді. Ол жоғарыда аталғандай Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы деген жаңа атауға ие болды. Рас, бұл заңнамалық құжаттың жетістіктері мол. Алайда, өмір үнемі даму үстінде болатындықтан, заманның өскелең талаптарына қарай бұл заңға да алдағы уақытта өзгерістер, толықтырулар енгізілетіні сөзсіз. Қолданысқа енген жаңа заңды жасауда еуропалық елдердің (американдық, ағылшындық, француздық т.т.,) үлгілері назарға алынғаны байқалып тұр. Өйткені, мұнда баяғы әдетпен берілетін кеңестік кезеңдердегі қисын-қағидаттардан, одан кейінгі Ресей заңнамаларынан кейбір мәселелердегі айырмашылықтар, алшақтықтар бірден көзге түседі. Айталық, миссионерлік қызмет орыстардың заңында арнайы аталмайды да. Ал, біздің заңымызда бұл мәселеге 7 тармақтан тұратын арнайы (8-ші) бап жеке берілген. Бұл бапта «Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар миссонерлік қызметті тіркеуден кейін жүзеге асырады», – деп арнайы бекітілген. Мұның өзі елді алатайдай бүлдіруге ашылған мүмкіндік демеске еш әддің жоқ. Ондай «жарылқағыш» қызметтің біздің елімізге, ұлтымызға қаншалықты қажеттілігін мен өз басым түсіне алмаймын. Бұл, негізінен, қазақтардың көпдінді ұлтқа айналуына жол ашады деген сөз. Қалай ойласаңыз, олай ойлаңыз, «көпдінді ұлт», «көпдінді мемлекет» деген атаулар мақтанатындай нәрсе емес. Миссионерлік қызметті ресейліктер өз заңдарында арнайы бап етіп бермеуінде үлкен мән жатқан сияқты. Кезінде Кеңес Одағы секілді алып мемлекеттің өзі миссионерлердің Америка, Азия, Африка халықтарын отарлауда, жаулап алуда, ашық және жасырын белсене ұйымдастырған үгіт-насихат, мәдени-ағарту, медициналық көмек жұмыстарын сынай отырып, «оны (миссионерлік қызметті – Б.С.) өз дінін басқа діндегілерге таратушы ретінде идеологиялық үстемдік етудің, басып алудың, отарға айналдырудың, әлсіз елге билік жүргізудің кеңінен тараған түрі», – деп қатты қауіптенді, оларды жолатпады. Бұл да ойланарлық жағдай. Мәселен, қазір бізде бір үйде, бір отбасында бірнеше дін өкілін кездестіруге болады. Бір мысал. Менімен университетте араб тілін бірге оқыған курстас қыз бар еді. Сол Алматыда қолында тұратын, елдегі ағасының христиан-баптистердің дінін қабылдаған студент ұлын «ислам дініне қайтарамын» деп үгіт-насихат жасап, арпалысып жүріп өзі керемет діндар, нағыз намазхан болып кетті. Ал, әлгі студент бауыры тауық басып шығарған үйректің балапаны секілді жат діннің «айдынында» жүзіп, сол бойы қалды. Екінші мысал. Қыздар университетінде тарих-филология факультетінің деканы қызметінде жүргенімде, біздің факультетте үздік оқитын студент қыз болды. Өзі зиялы отбасынан-ақ шыққан. Әкесі қазақтың қаламгер-журналисі. Солар бүкіл отбасымен христиандық діннің бір тармағына өтіп кеткен болып шықты. Діндар-студент райынан еш қайтпай қойды. Өйткені, отбасы түгел сол дінде. Дәл осылайша, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында үздік оқитын 3 курс студенті болды. Ақын, сазгер, әнші, әдеби-мәдени кештерді тамаша жүргізуші (конферансье) жанып тұрған талантты жас-тын. 3-4 студент құрбыларын үгіттеп, елуліктер (христиандық) дініне өтіп кеткен. Үгіт-насихат, тәрбие жұмысының арқасында оның жанындағы өзге студенттер кері қайтты. Ал, оларды ұйымдастырып жүрген әлгі үздік студентіміз алған бетінен қайтпай қойды. Бұл екі жайттан да байқайтынымыз – жат дінді насихаттаушы миссионерлерге керегі біздің жақсыларымыз, үздіктеріміз, маңдайалды ұл-қыздарымыз, онан соң олардың болашақ қазақ тілі мен әдебиеті маманы екендігі болды.

Иманы саламат болғыр, журналист-педагог, марқұм Мұхтар Әбділдабеков деген аға-досым тірі болса биыл 70 жастан асар еді. Нағыз патриот – ана тілінің, ата дініміздің жалынды жанашыры болатын. Сол кісі бірде, сол кездегі «Саяхат» автобекеті маңайындағы Раскова көшесіндегі 42-ші үйде орналасқан Қазақ христиандарының шіркеуіне барып, 9 қандасымыздың шоқындырылғанын «Ана тілі» газетіне (Жарылқап Бейсенбайдың бас сарашылығы тұсында) жазды. Осылайша, қой аузынан шөп алмайтын момын халқымыздың арасынан қазақ кришнаидтері, қазақ христиан-баптистері, қазақ иегово куәгерлері, қазақ пресвитериандары... тағы қандай келімсек дініңіз бар, бәріне молынан орын берілді. Бұл жөнінде «Экспресс К» газеті кезінде (15.12.95) орынды мәселе көтеріп, дабыл қақты да. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сондықтан, бұл – ойланатын жағдай. Екінші бір назар аударатын жайт. Ресейдің «Ар-ождан бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңы бойынша Ресейде он бес жыл заңды тұлға ретінде тіркеліп жұмыс істеген діни ұйымдарды ғана қайта тіркеуден өткізіп, олардың діни қызмет етуіне рұқсат береді. Мұндай талап біздің заңнамада жоқ. Заңнамамызда мұндай талаптың жоқтығы, сөз жоқ, мемлекеттік қауіпсіздікке орны толмас нұқсан келтіретіні айдан анық. Мұндай аса маңызды мәселеге дереу назар аудармасақ түбінде опық жейтініміз айқын. Сосын, Ресей аумағында кемінде елу жылдан астам заңды негізде қызмет еткен діни ұйымдарға ғана мемлекеттік тіркеу кезінде «Ресей», «Ресейлік», «Орыс» деген секілді сөздерді анықтауыш ретінде қосуға (жазуға) рұқсат етіледі (8 бап, 5 тармақ). Ал, бізде кезінде «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ахмадия мұсылмандары жамағаты», «Қазақтың Ұлттық христиандық хоры» т.т. секілді атауларды қалағанынша оңды-солды тіркеп, пайдалана беруге мүмкіндік берілді. Бұл да, әрине, түбірлей дұрыс емес. Біздің тәптіштеп айтып отырғанымызды атам қазақ баяғыда-ақ «Төріңе шығарсаң да, төбеңе шығарма» деп төрт-ақ сөзбен түйіп кеткен. Сондықтан, мұндай мәселелер біз үшін жазылмайтын заң, айтылмайтын сыр ретінде елжандылық сезіммен, патриоттық көңілмен орындалса керек-ті.

Кез келген ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты екені аян. Адамы азған қоғам тез тозады, тұңғиыққа кетеді. Қандай да бір ұлт өз алдына дербес өмір сүруден қаларда, ең алдымен, тілінен, ділінен, дінінен, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен, соның салдарынан бітім-болмысынан, жүріс-тұрысынан, тіпті, жейтін тамағынан, ішкен сусынынан, әнінен, жырынан, аңыз-әңгімелерінен, күйінен, биінен, ұлттық музыкалық аспабынан жерігендей нышан танытады. Қазақ жұрты осының біразын қысыммен, біразын еліктеу арқылы, біразын жеңіл ойлылықпен, әсіре науқаншылдықпен ұмыта бастағанын көріп келе жатырмыз. Бір кездері батырларымызды, хандарымызды, билерімізді ашық айтқызбады. Тарихтың тағы бір бұрылысында Алаштың аймаңдай азаматтарының аты өшті. Одан кейінгі жерде олармен алысқандардың өзі де өмірден озды. Әліпбиіміздің өзі үш рет ауыстырылды. Бұдан, жасыратыны жоқ, ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан рухани құндылықтардың тіні – арқауы сетінеді. Бұл – ащы да болса шындық.

Қазіргі кезеңде мұхиттан соққан дауылдай жағалауды дамылсыз ұрғылап, жер-жаһанға жылжып келе жатқан жаһандану дүлейі біздің елімізді де шарпымай өтуі мүмкін емес. Ол – әлем халықтарын ұлттық салт-дәстүрлерінен, мәдениетінен, тілінен, ділінен, жалпы, ұлттық ерекшеліктерінен, халықтық руханиятынан айыратын, олардың ұлт ретінде өмір сүруін тежейтін, тіпті жойылып кетуіне бастайтын ғаламдық қауіп.

Жаһандану үрдісіне өзінің ұлттық менталитетін, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын, тілін, дінін, ділін сақтай білген халық қана төтеп бере алады. «Сақтансаң сақтаймын» дегендей, бүкіл ел болып, халық болып сақтансақ қана жаһанданудың дүлей күшінен аман қалатынымыз айдай ақиқатқа айналып отыр. Ар-ұяттан, адамгершілік асыл қасиеттерден жұрдай тәні жалаңаш, тек ақша мен табыс табуға негізделген батыстың «озық мәдениетіне» бой алдырмау үшін біз әуелі жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға, мәдениетке, ата-бабамыздың көнеден келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарына, адамгершілік қасиеттеріне, ұлтын сүйетін ұлтжандылыққа, елі мен жері үшін күресетін патриотизмге тәрбиелеуіміз керек.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе»,

– дейді ұлы суреткер М.Әуезов. Олай болса, жаһанданудың дүлей толқындарына жұтылып кетпей қазақ болып қаламыз десек, тілімізді, дінімізді, ұлттық болмысымызды сақтап қалуымыз керек. «Дін – тәрбие діңгегі» демекші, бұл арада төл дініміздің, өз мәзһабымыздың баға жетпес рухани құндылықтарын орнымен пайдаланғанымыз абзал. «Маскүнем мұжықтан шоқынған қазақ қауіпті» деген афоризмнің терең мәніне үңілгеніміз жөн. Өйткені, қазіргі таңда шоқынып, басқа дінге еніп жатқан қандастарымыз бізді алаңдатпай қоймайды. Азын-аулақ ақшаға алданып, бөтен діни ағымдарға ілесіп жүрген азаматтар «ұлттық қалпын сақтап қалады, Отанын, елін сүйеді» дегенге сену қиын. Жастарымыз жаппай әртүрлі діни ағымның шылауында кете берсе, түбі ұлт болып қалуымыз да екіталай болады. Олай болса, жастар арасында ұлттық тәрбиені өрістету үшін, діни тәрбиені жолға қоюымыз жөн. Бүгінде біздің дін саласының бұқара арасында діни тәрбиені өрістетуде дәрменсіздік танытып отырғаны – ащы да болса шындық. Мәселе халықты жаппай жүз пайыз намазға жығуда емес, әңгіме төл дініміз – Исламның ізгілікті қағидаттарын қалың бұқараның санасына сіңіріп, тазалыққа, адамгершілікке, имандылыққа, мейірімділікке баулу, күндердің күнінде ғайыптан тайып келіп мемлекет ішінде әр қилы бөгде ықпалдар салдарынан алауыздық тумауын алдын ала ойлау болып табылады.

Әр ұлттың ғасырлар бойы жинақталған өмір сүру салты, тарихи тұрғыда қалыптасқан өзіндік моральдық құндылықтары болатыны белгілі. Сол рухани байлық қоғамның құқықтық құжаттарында, діни сенім-нанымдарында, әдеби-мәдени мұраларында көрініс тауып, мемлекеттік мүддеге қызмет атқарады... Егер де, ұлт тәрбиесінде имандылық иірімдеріне көңіл бөлсек, онда өскелең өмір ауаны бүгінгі біздің алдымызға қойып отырған интеллектуалды ұлт, жастардың қазақстандық патриотизм сезімдерін қалыптастыру міндеттерін жүзеге асыру қиынға соқпайды. Өйткені, имандылық қасиеттер – интеллектуалды ұлт тәрбиелеудің, елжандылық қасиеттерді меңгертудің бірден-бір негізгі жолы.

Сондықтан

ана тіліміз, ата дініміз, ұлттық тәрбие – ұлттық мүддеге, мемлекеттік игі мұраттарға, байтақ еліміздің ең үлкен байлығы саналатын көпұлтты халқына, олардың береке-бірлігіне, ырысты ынтымағына қызмет ететін рухани құндылықтар. Олай болса, осындай маңызды мәселелерге көңіл төрінен орын берген жөн.

434 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз