• Келелі кеңес
  • 01 Сәуір, 2013

ЗАҢДАРДЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ДАЙЫНДАП, ҚАБЫЛДАЙТЫН УАҚЫТ ЖЕТКЕН СИЯҚТЫ...

Арықбай АғыбаевАрықбай Ағыбаев, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасы демократиялық зайырлы, әлеуметтік, құқықтық мемлекет. Құқықтық мемлекеттің негізгі атқаратын қызметі қоғамдық өмірдің барлық салаларын заң, әділетті құқық нормасымен ретке келтіру, басқару, қызмет көрсету салаларында заң талаптарын басты басшылыққа ала отырып, адам, қоғам, мемлекет мүддесіне адал қызмет атқару болып табылады. Өйткені, құқықтық норма – әділет жолы, адам, қоғам, мемлекет мүддесінің үйлестірушісі, заңдылық пен демократияның даму негізі. Осыған орай, Президенттің биылғы жылғы халыққа Жолдауында Қазақстанның өркендеуі, гүлденуі, дүниежүзінде алдыңғы қатарлы мемлекет санатында көріну үшін құқықтық сауаттылықты, тәрбиені, сананы жетілдіру қажеттілігіне басты назар аударылғаны баршаға аян. Еліміздің әрбір азаматы өз құқығын, бостандықтарын, міндеттерін білуі тиіс, әрбір азамат құқық нормаларын, заңдылық талаптарын берік ұстануы керек. Сонда ғана мемлекетіміз саяси, экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан дамып, тәртіп нығаяды. Құқықтық сана, құқықтық мәдениет және құқықтық тәрбие әрбір азаматтың қалыптасуының, өсіп-жетілуінің басты қағидасы екені ақиқат.

Құқықтық сана дегеніміз – тұлғаның қолданыстағы немесе қабылданатын құқық нормаларына деген көзқарастары мен сезімдерінен, оларға тиісінше баға беру мүмкіндіктерінің жиынтығы болып табылады. Бұдан құқықтық сананың негізі құқықтық психология және құқықтық идея екендігін көреміз.

Құқықтық психология қолданыстағы құқық нормаларын жетілдіруге, жаңа құқықтық нормаларды қабылдау қажеттілігінің деңгейін, сезімін білдірсе, құқықтық идея құқықтық сананың өз дәрежесіне көтерілуінің нәтижесінде адам, қоғам, мемлекет мүддесі үшін қажетті құқық нормаларының қабылдану қажеттілігін айқындайды.

Құқықтық сана сезімнің басты мақсаты – адам, қоғам, мемлекет мүддесіне сәйкес келетін, олардың мүдделерін қанағаттандыратын құқықтық нормаларды ортақ игілік үшін қабылдау қажеттілігінің негізгі бастамашысы болып табылатындығында. Құқықтық мәдениет басқа заң құқық нормаларын білу, толық түсіну, оларды басшылыққа ала отырып адамзаттың ортақ мүддесіне қызмет істеуді білдіреді. Ол құқықтық сана сезіммен тығыз байланысты және содан негіз алып дамиды, жетіледі. Субъектінің өзінің күнделікті іс-әрекетінде құқық нормаларын басшылыққа алуы оның құқықтық мәдениетінің деңгейін, дәрежесін білдіреді. Құқықтық тәрбие-қоғам мүшелерінің құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін қалыптастырудағы мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың іс-әрекетінің көрінісі болып табылады. Мемлекет неғұрлым құқықтық тәрбиеге ерекше мән берсе – құқықтық сана, құқықтық мәдениет, құқықтық білім биік дәрежеден көрініс табады. Өйткені, құқықтық сана, мәдениет, құқықтық білім – тәртіптің қайнар көзі, бастауы. Тәртіп барлық жетістіктердің қайнар көзі, негізі.

Президент Жолдауындағы осы айтылған идеяларды жүзеге асыру үшін не істеуіміз керек деген сұрақ туындайды. Ол үшін – отбасында, бала бақшада, орта мектепте, жоғары оқу орындарында құқықтық тәрбие, білім беруді заман талабына сай жетілдіру қажет. Әрбір отбасы бала тәрбиесінде дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының тиімді жақтарын ұрпақтар санасына сіңіріп, оларды заңды құрметтеуге, әділеттілікке, турашылдық жолға түсетіндей етіп тәрбиелеген жөн. Бала бақшаларда – еліміздің Ата Заңы Конституцияда көрсетілген – адамның, азаматтың басты құндылықтары – құқықтары мен бостандықтары туралы айқындалған түсініктердің мазмұнын мемлекеттің, мемлекетіміздің рәміздерін маңызын, мемлекеттік құрылысының негізгі ұғымдарын түсіндіру қажет.

Орта мектепте оқылатын құқық негіздері пәнін қайта сапалы түрде дайындап, Қазақстанның негізгі заңы Конституциясына негіздеп шығару керек, осы пәнге бөлінген сағат санын көбейтіп, бір жүктемеге толтырып, дәріс беретін пән мұғалімінің арнаулы заң білімі болуына талап қойған жөн. Өйткені, білім сапасы ұстаздың мамандығына, білгірлігіне тікелей байланысты. Жоғары оқу орындарында қазіргі кезде «Мемлекет және құқық негіздері» пәні балама пән ретінде оқытылады. Яғни, студенттердің қалауы бойынша оқу жоспарына енгізіледі. Бұл дұрыс емес. Мемлекет және құқық негіздері пәні барлық жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасында міндетті түрде оқытылатын пән болуы қажет.

Президент дәрісінде, сондай-ақ, Президенттің жалпыға бірдей еңбек қоғамның 20 қағидалары атты мақаласында да құқық негіздері оқулығын даярлау, жоғары білімді оқу орындарын бітірген жастардың құқықтық білімді меңгеру қажеттілігі нақты көрсетілген. Осыған, орай осы аталған пән бойынша жаңа оқулық дайындау қажеттілігі өзінен-өзі туындап отыр.

Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Парламентінде белсенділік танытып, елімізде құқықтық білім және тәрбие мәселесіне арналған арнайы заң қабылдаса, мұндай заңның құқықтық мемлекетіміздің өркендеп, дамуына зор үлесі болар еді.

Құқықтық білімді жетілдіру саласында бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы да ерекше. Осыған орай құқықтық сауаттылықты насихаттайтын арнаулы телехабар арнасы да қажет.

Осындай телехабар арнасынан Парламент депутаттары жиі көрініп, қабылданып жатқан жаңа заңдарға түсініктеме берсе немесе заңдарға енгізіліп жатқан толықтырулармен өзгертулердің қандай қажеттіліктерден туындағанын бұқараға түсіндіріп берсе, құқықтық білім мен сана сезімнің артуына ерекше ықпал етер еді.

Жалпы, біздің мемлекетіміздің Парламенті егемендік алған уақыттан бері 2000-ға жуық заңдар қабылдапты. Бұл әрине оңай жұмыс емес. Парламентте қабылданған осы заңдарға бұқара халыққа тиісінше түсініктемелер беретін арнайы Парламенттік журнал болса дұрыс болар еді.

Парламентте қабылданған заңдардың жобасын негізінен үкімет дайындайды. Дегенмен, заң жобаларын дайындап, оны ұсынуға Парламент депутаттары да құқылы ғой. Бірақ, осындай заң жобасын дайындап, көзге түскен Парламент депутаттарының аты әзірге халыққа беймәлім.

Мемлекетке қажетті заңдар даярлау ғылыми тұрғыда талқылауда ғылыми практикалық конференциялардың маңызы да ерекше екендігі белгілі. Осы салада Парламент әртүрлі заңдардың жобасын талқылауға, осы саланың тәжірибелі қызметкерлерін қатыстыра отырып, ғылыми кеңестер, бас қосулар өткізіп тұрса, қабылданған заңдардың сапасыда тиісінше жоғары сатыға көтерілер еді. Жалпы, Парламент жанында заң жобаларын әзірлейтін ғылыми зерттеу институты болса дұрыс болар еді. Біздің еліміздің Парламентінде мемлекеттік тілде дайындалған, қабылданған заңдар жоқ сияқты. Содан болу керек, мемлекеттік тілге аударылған заңдар мәтінінде әртүрлі терминологиялық қателіктер, сөз қайшылықтары кездесіп жатады. Тәуелсіздік алғанымызға 21-жыл болды. Заңдарды мемлекеттік тілде дайындап, қабылдайтын уақыт жеткен сияқты. Парламент депутаттарының сайлаушыларының кездесуі, оның өткізілу мерзімі, талқыланатын заң жобаларының тізімі күні бұрын ақпарат құралдары арқылы жұртшылыққа хабардар етілсе, бұқара халықтың кездесуге, сұрақ қойып, жауаптар алуға ынтасын арттырар еді деп ойлаймын.

Қазір кезде ауыл тұрғындарына заң көмегін беретін мамандар жоқ. Ауыл тұрғындары нотариялдық қызмет адвокаттық көмек, заң кеңесін алу үшін алыс аудан орталықтарына, қалаларға баруға мәжбүр. Осы мәселенің заң жүзінде өз шешімін табуы да Парламент құзыретінде. Жалпы, мемлекетіміздің дамуы, өркендеуі үшін мемлекеттік тілдегі қажетті заңдардың, оларға берілген түсіндірмелердің, заң білімін жетілдіретін өзекті бағдарламалардың қабылдануына басты назар аударылса. Бұл істе де Парламент құзыреті ерекше.

405 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз