• Ұлттану
  • 26 Сәуір, 2013

«Ғылым барлық уақытта шындықты іздейді»

Мұрат ЖҰРЫНОВ,
ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Президенті, ҚР Премьер министрінің кеңесшісі,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

– Бір сұхбатыңызда ғылым даму үшін тазалану керек депсіз. Сонда, сіздіңше ғылымдағы тазалық деген не?
– Ғылым деген – шындықты іздеуге бағытталған адамзаттың еңбегі. Соңғы зерттеулер бойынша адам баласы 80-85 мың жыл бұрын пайда болған. Ең алғашқы адамның сүйегі қазіргі Оңтүстік Африка Республикасынан табылған. Содан ұзаған сайын сүйектердің жасы азая береді. Демек, ғалымдардың айтуынша «гомо сапиенс» деген адамның ең соңғы адами түрі сол жерден алғаш басталғанын білуге болады. Міне, осыдан бері адамзат ізденісте келеді. Ғылым нені іздейді? Ол барлық уақытта шындықты іздейді. Табиғатты, адамды, хайуанаттарды зерттесе де іздейтіні бір-ақ нәрсе, ол – шындық. Сондықтан, ғалымдардың қоғамы тазалану керек. Шынайы болуы тиіс. Әсіресе, гуманитарлық, қоғамдық ғылымдарда, экономика, саясаттану, педагогика деген сынды өте қиын тексерілетін салаларда бірінен-бірі көшіру, яғни, плагиат көп. Ресейден, Франциядан шыққан материалдарды қазақшалап, соны жаңалық етіп ашқандай диссертация қорғайды. Осындай келеңсіз нәрселер ғылымда болмауы керек.


– Ғылымды дамытуға үлес қосқан Нобель сыйлығының лауреаттары айтатын мынадай қағида бар: «Ғылым саясаттан бөлек тұру керек. Саясат шындықты ізде­мейді, ол өзіне қойған мақсатты іздейді» деген. Сондықтан, бұл екеуінің табиғаты әртүрлі. Мына демократия, авторитарлық жабық қоғамға енген кезде, онымен бірге жүретін «серіктері» де келеді. Олар – мафия, коррупция, анархия, наркомания, жезөкшелік, парақорлық және т.б. қоғамға жағымсыз проблемалар. Олардың қайсысының қаншалықты ауыздықталуы басшыға және сол ұжымдағы қалыптасқан атмосфераға байланысты. Сондықтан коррупцияны ғылым әлемінен ығыстырып шығару керек. Бұл күрестің ең тиімді жолы – ашықтық, жариялылық. Қазір осы жолды ҚР ҰҒА академигі Б.Т.Жұмағұлов басқарған Білім және Ғылым министрлігі, электронды жүйе құру арқылы жақсы нәтижелермен іске асырып жатыр. Мен әр уақытта ғылымдағы тазалық деп осыны меңзеймін. Мысалы, Францияда Ғылым академиясы мемлекет құрамына кірмейтін дербес мекеме. Бірақ, оның пікірі Франция президентіне жетеді, оларды тыңдайды. Олар жыл сайын Президентке тікелей Ұлттық баяндама жолдайды. Онда Францияға, оның ұлттық экономикасына, географиялық өзгешеліктерін ескере отырып, ғылымның қай саласын дамыту тиімді деген сынды мәселелер қозғайды. Біз де осы жолмен жұмыс жасаймыз.
– «Инновациялық Қазақстан – 2020» бағ­дарламасы аясында еліміздің Президенті салааралық ғы­лыми-техно­логиялық жоспар шең­берінде ғылым мен өндірісті интеграциялау, өнеркәсіптің ғылымға тікелей тап­сырыс беруіне жағдай жасау туралы нұсқау берді. Бұл істе Ұлттық ғылым ака­демиясы мен қоғамдық ака­де­мия­лар белсенді болу керек сынды?
– Бұл пікір дұрыс. Кеңес өкіметі тұсында да осындай қағида ұстанғанбыз. Өйткені, ғылымның негізгі мақсаты – нәтижеге қол жеткізу. Ғылыми зерттеу теориядан басталады. Кейін тәжірибеге ұштасуы керек. Сөйтіп, ол өндіріске енеді, бұл процесс қолданбалы техника ғылымдарына тән. Ал, қоғамдық ғылым салаларында зерттеудің жолы бір басқа. Тарих, әдебиет сынды гуманитарлық салаларға өндірістің еш қажеті жоқ. Олар әр түрлі басылымдардан, ескі жазбалардан мәліметтер жинап, оларды сараптап зерттейді. Ал, жаратылыстану, яғни - физика, химия, математика, биология салаларындағы жаңалықтарды өндіріске жақындату керек. Ғылымдағы журналдарда жарияланған, яғни, тексерістен өткен, жаңалықтарының бәрі де Ғылым академиясының орталық аппараты-Президиумының назарында. 2003 жылдан бастап біз мемлекеттік органдардан тыс, республикалық-қоғамдық бірлестік болып құрылып, жылда президенттің, үкіметтің атына ғылым саласынан Ұлттық баяндама жазуға кірістік. Одан басқа, сегіз ғылыми журнал шығарамыз. Олар 1946 жылдан бастап күні бүгінге дейін шығарылып келеді. Олар 73 мемлекеттің Ұлттық кітапханаларына тарап отыр. Қазақстанның ғалымдарының жұмысын дүниежүзіне паш етуде бұл журналдардың көмегі зор. Қазір біз ол журналдарды Халықаралық SCOPUS тізіміне өткізуге дайындап жатырмыз. Ғылымда шынайы ғылыми жетістіктер болса, Қазақстан ғылымының беделі өседі. Ғылымды қолға алғаннан бастап бағытымызды айқындап алған жөн. Себебі, ғылымның барлық саласын АҚШ, Ресей, Қытай мемлекеттері сияқты Қазақстан дамыта алмайды. Оған қаржы жетпейді. Бірақ, бұрыннан келе жатқан ғылым салаларын және Қазақстанға пайдасы бар ғылымды біз дамытуымыз керек. Мысалға, біз ғарышпен, мұхитпен шұғылдана алмаймыз. Қазақстанда мұхит жоқ, тіпті бізде теңіз де жоқ. Теңіз деп жүрген Каспий де, Арал да - көл болып саналады. Жерімізде қазба байлықтары көп. Сондықтан, геологияны, тау-кен ісін, өндірістік химияны, мал шаруашылығын және ол саладағы селекция мен генетиканы дамыту керек. Жер астынан шығатын минералдарды зерттеп, керегімізді алуымыз қажет. Сонымен қоса, ҚР ҰҒА-сы басқа салалық ғылым академияларымен, әсіресе ҚР Ұлттық инженерлік академиясымен бірлесе отырып жұмыс істейді.
– Дегенмен, ауылдағылар қалаға ұм­тылып жатқан мына шақта генети­калық ғылымды дамыту мүмкін бе?
– Ауылдан қалаға көшудің екі түрі бар: бірі – урбанизация, ол қала дамып, көптеген зауыт-фабрика, тұрғын үйлер салынып, жұмысшыларға қажеттілік артқан сайын адамдарды ауылды жерлерден шақырып, жинайды. Өз тұрмысын жақсартқысы келе­тіндер, жақсы табыс іздеушілер сонда барып орналасып жағдайын реттейді. Екінші түрі – миграция, ол ауылдағы жұмыс­сыздық пен ауыр әлеуметтік жағ­дайға байланысты қалаға қарай ығысу. Әлеуметтік жағдай жақсарған сайын миграция баяулай береді де тұрғылықты қалыпқа түседі. Солай болып та келе жатыр біздің елімізде.
– Ғылымды өндіріске жақындату жолдары қандай болмақ?
– Ғылымды өндіріске жақындатудың ең қолайлы жолы кеңес дәуірінде анықталған. Ғылымның дамуы мемлекеттің қандай қоғам құрғанымен байланысты емес. Қандай қоғам болмасын ол өз жолымен жүреді. Кеңес дәуірінде ғылымды «ғылым– жоғары білім – өндіріс» деген схемамен дамытты. Ғылыми зерттеу институттары жоғары оқу орындарымен бірлесіп, жаңалықтарын ашып, өндіріске ендіретін. Ал, лабораториядан шыққан нәтижелерді өндіріс ешуақытта тікелей қабылдамайды. Олардың ортасында жартылай өндірістік қондырғылар мен шағын тәжірибелік цехтар болу керек. Лабораторияда граммен алатын нәрсені ондай цехтарда килограммен алады. Соның нәтижесін ірі өндірістерге жіберіп, тонналарға ауыс­тыруға болады. Осы механизмді барлық елдер қолданады. Қазақстанда да осы тәсілді қолдануымыз керек. Кеңес одағы тұсында жартылай өндірістік цехтар ірі зауыттардың қарамағында болды. Өкі­нішке орай, ол зауыттар Қазақстанға бағынбайтын, Мәскеудің меншігі болып саналды. Кейін Кеңес одағы құлаған шақта сол ірі зауыттар қаржыландырусыз қалып, әсіресе шағын өндірістік цехтары бірте-бірте жабылды. Кейбірі жекеменшікке, енді бірі шетелдік компаниялардың қо­лы­на өтіп кетті. Сондықтан да, бізде жар­­тылай өндірістік цехтар жоқтың қа­сы. Оны қайтадан құру туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз баяндамаларында атап өтті. Лаборатория мен өндіріс арасындағы алшақтықты жақындату үшін жобалау институттары мен жартылай өндірістік цехтарды құрып, жұмыстарын жүзеге асыру керек. Одан қалды конструкторлық бюролар да жоқ, қазір енді-енді қолға алынып, құрылып жатыр. Осыларды реттесек ғылыми жетістіктер осы көпірлер арқылы өндіріске енеді.
– Бүгіндері екінің бірі доктор, екінің бірі ғылым кандидаты. Сол ғылыми атақты иеленген азаматтар ғалым деген атқа лайық па?
– Бұл жүйе тоқтады ғой. Бұл жерде Білім және ғылым министрі, Б.Т.Жұмағұловтың еңбегі мен профессионалдық тапқырлығын ерекше атап өтуіміз керек. Қазір Ресей ғалымдары осы мәселе бойынша біз­ден үлгі алып жатыр. Бірақ, бұрынғы бағ­дар­ламамен ғалым атанып кеткен небір жалған ғалымдар өздерін әлі де «академик» деп жүр. Осының салдарынан ғылымның беделі төмендеді. Жалған докторлар мен кандидаттардан ғылымға еш пайда келмейді. Саңырауқұлақ сияқты көбейіп кеткен кейбір академияларға мүше болып алып, өздерін «академик» деп жариялайтындар көбейіп кетті. Өзінің қандай академияның академигі екенін көрсетпейді, жасырады. БАҚ корреспонденттері де тойдағы тамадалар сияқты осындай «академиктерден» оны сұрамайды, бас салып мақтай береді. Ондай академияларға елу доллар төлесең болды, академиктің кітапшасын үйіңе әкеліп береді. Мен өзімнің әріптестеріме БАҚ-қа мақала жазғанда немесе интервью бергенде «ҰҒА академигі, ҰҒА корреспондент-мүшесі екендеріңізді көрсетіп, жазыңдар» деп ылғи өтініп отырамын. Өйткені, ғылым әлемінде ҚР ҰҒА-сына мүше-корреспондент болу – көптеген «академиктерден» әлдеқайда жоғары бағаланады.
– Егер ғылымға жемқорлық келіп араласпағанда кандидаттық, докторлық атақтар қорғайтын диссертациялық кеңестер жабылмайтын. Сонымен қоса, жалған ғалымдардың да саны артпас еді. Батыс Европа, Жапония, АҚШ, Қытай сынды ірі мемлекеттер дер кезінде сондай кеңестерді де, ондай ғылыми атақтарды да жауып тастады. Ал, қазір бізде ғылыммен шұғылданатын ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындарында ғылыммен айналысып жүрген адамдар ғана ғылыми дәреже алатын болды. Бұрыңғы ғылым кандидаты философия докторы (PhD) деген атаққа теңгерілді Қазіргі профессор деген атақ әрі ғылым докторы, әрі профессор болып саналады.
– ХХ ғасырдағы ғылым мен ХХІ ғасыр­ды жалғайтын ғылымдағы жастар буыны жоқтың қасы. Ғалым десе көз алдымызға алпыс-жетпістегі қария елестейді. Олар кеткен соң ғылымның орны ойсырап қалмай ма?
– Жас буын жоқ дегенге мен қосылмай­мын. Олар бар. Ғылымды жасарту керек дейді. Ол дұрыс. Бірақ, мұндағы ғылымды жасарту – тек қана туған жылына, куәлігіне қарап жасарту деген сөз болмауы керек. Сайыс, бәйге арқылы жастардың ең талапты, ең күштілері ғылымға келуі керек. Газеттерге хабарландыру беру арқылы ғылыми-зерттеу институттарына конкурсқа шақырамыз. Сондағы қатысушыларды ең бірінші жалақы мөлшері қызықтырады. Елу мың айлыққа кім келеді? Білімі орташа, қабілеті шамалы біреулері болмаса, өз қалауымен келетін нағыз талантты мамандар аз. «Орташалардан» қандай ғалым шықсын? Мәселен, денсаулығы келмейтін адамдарды ғарышқа алмайды. Сол сияқты ғылымға да сондай талап қою керек. Ғылымға келетін адамдар талаптанып, құлшынып келуі тиіс. Олардың ынтасын арттыру үшін жағдай жасау қажет. Елу мың айлықпен ғылыммен шұғылданғанша, екі жерге қарауылдық жұмысқа орналасып ақшаны күреп таппай ма?
Ұлттық ғылым академиясына да жас буын ғалымдар керек. 2012 ж. маусым айында ғылым академиясында мүше-корреспондент атағын беру үшін сайлау өткізіп, елу жасқа дейінгі ғылым докторларын қатыстырдық. Содан нағыз ірі ғалым деген атқа лайық қырық төрт ғалым ҚР ҰҒА академиктерінің құпия дауыс беруі арқылы сайланды. Ал, жақында олардың жастарына шектеу қоймай, жалпы сайлау өткіздік. Елімізге белгілі 66 ірі ғалым (210 үміткерлердің ішінен) ҚР ҰҒА-сына мүше-корреспондент болып сайланды. Бұл сайлау да демократиялық жағдайда өтті. Ол туралы БАҚ-та жақсы материалдар басылды. Өкінішке орай, сол өте алмай қалғандардың біреуі сары басылымдарға қарсы пікір ұйымдастырыпты. 1992-1995 жылдар­дан бастап еркінбіз деп, кез келген өті­рік­ті жариялап, жаман әдеттерге барып, қоғам бұзыла бастады. Қазақстан - демократиялық мемлекет. Бірақ, біз еуропалық демократияға дайын емес едік. Кез келген қоғамда өзгеріс орнату бірте-бірте эволюциялық жолмен жүзеге асу керек. Революциялық жол барлық уақытта қиыншылыққа толы болады. Мысалы, 1917 жылы Ресейге коммунистер келіп революция жасады. Ол Ресейдің қаншама мәдениетін, ғылымын күйретіп кетті. Өйткені, пролетариат «Бәрін қира­тып, кейін қайта құрамыз» деген ұран тастады. Ресей елу жылға кейін кетті. 1939 жылғы финдермен болған соғыста Кеңес өкіметінің масқарасы шығып, жеңіліп қала жаздады. Сол кезде ғана И.Сталин мемлекетті ғылымсыз, білімсіз, көзі ашық адамдарсыз дамыту мүмкін емес екеніне көзі жетті. Қараңғы пролетариймен ешқайда бара алмайтынын ұқты. Со­дан соң, түрмеде жатқан генералдарды босатып, әскерге шақыра бастады. Ғалымдарды бостандыққа жіберіп, ғылым мен мәдениетті қайта қолға алуға кірісті. Ұлы Отан соғысы кезінде сол ғалымдардың көмегімен жаңа қару-жарақтар, «Катюша», «Калашников» автоматы, жаңа танктер мен ұшақтар шығарылды. Металлург ғалымдар танктер мен ұшақтарды оқ тесіп өте алмайтын болат сортынан бронь жасап шығарды. Сол соғыста жауынгерлермен қатар ғалымдардың да еңбегі орасан болды. Соғыс барысында, 1945 жылға дейін ең мықты техника Кеңес әскерінде болды. Соны ескере отырып, Сталин 1943 жылы комиссия шақыртып алып: «Ғалымдарды шақырсам, ауырып қалды, дейді. Мен шақырған ғалымдар неге осы ауырып қалғыш» деп сұраса, комиссиядағылар: «Оны тексердік. Олар – жасы келген адамдар. Күні-түні жұмыс істейді. Бірақ, алған айлықтары не тамағына, не киіміне жетпейді. Содан ағзалары нашарлап ауырып қала береді», – дейді. Сосын Сталин: «Ғалымдар ғылымнан басқа ештеңемен айналыспаса да, алатын айлығы тамағына, киіміне, бала-шағасына толық жетуі үшін оларға қанша айлық беруіміз керек?», – дейді. Арнайы комиссия оны есептеп: «Ғалымдардың жалақысын алты есе көбейтсеңіз ештеңеге мұқтаж болмайды», – дейді. Сонда, Сталин 6 деген санды белінен қызыл қаламмен сызып тастап, оның орнына 100 деп жазады. Жүз есе көбейту тура сол 1943 жылы жүзеге аспаса да, кейін 1949 жылы орындалды. Ең көп жалақы алатын ғалымдар болды. Олардың қоғамдағы орны мен мәртебесі өте жоғары болды. Сол қалып Кеңес Одағы құлап, тарқағанша тұрды.
Осындай қолдауға ғылым немен жауап берді? Ешқандай мемлекеттің жәрде­мінсіз (КСРО жабық мемлекет болды), өз ғалымдарының күшімен 1946 жылы атом бомбасын жасап шығарып, АҚШ-тың мысын басып тастады. Ал 1949 ж. олардан асып, сутегі бомбасын шығарды. Содан кейін тіпті озып кетті. Мәселен, бірінші жер серігі, тұңғыш ғарышкер, бірінші айға қонып-қайтқан автоматтық станция, бірінші атомдық мұзжарғыш және т.б. Бұл жетістіктер – ғылымға келген ең тәжірибелі зерттеушілер мен жас таланттардың еңбектерінің жемісі еді.
– Жақында Ғылым академиясында өткен сайлау туралы еліміздің ірі газет-журналдарында жақсы баға берілгені рас. Дегенмен, бір-екі басылымда белгісіз бір автор Сізді осы өткен сайлауға байланысты сынға алды. Бұған не айтасыз?
– Бастан-аяқ шылқыған өтірік. Оған ҰҒА Президиумының атынан тиісті жауап берілді. Бұл сайлауда 150-ге жуық ғалым сыртта қалып қойды. Конкурстың аты – конкурс. Оған құпия дауыс беру арқылы әділетті жағдайда сайланады. Академияда бастық деген түсінік болмайды, ешкім ешкімге бағынбайды, бәрі тең құқылы. Сайлауда мықтының мықтысы өтеді. Өте алмай қалғандардың ішінде белгілі ғалымдар да аз емес. Олар академиктердің шешімін түсіністікпен мойындады. Әлгі мақаланы ұйымдастырып жүрген, естуімізше, ғылы­ми жұмыстары түкке тұрмайтын бір алаяқ адам. Мен ондай жалақорларға, олардың іштарлықтан, қызғаныштан туған жиіркенішті, лас тірліктеріне мән бермеуге тырысамын. Өз мінезім де тез қызып, тез басылатын адаммын, табиғатым сондай, кек сақтамаймын. Ол үшін ата-анама рахмет. Жас кезімде әкем, жолға аттанарымда батасын беріп тұрып, ылғи «...бәле-жаладан сақтай гөр...» – деп жиі айтушы еді. Оның толық мағынасын кейін қызметте жүргенде түсіндім. Сәл алға шықсаң болды, аяғыңнан шалады. Қайтесің енді. «Ит үреді, керуен жүреді» – деген сөз ойыңа оралады. Сол сөздермен және «Құдайға шүкір, еліміз тыныш, бала-шағамыз аман ғой» деп өзімді-өзім жұбатамын.
– Кеңес заманында ғылыми қызмет­кердің мамандығы ең беделді кәсіп саналатын. Ал, қазір ғалымдардың атағы неге өз деңгейінде ескерілмейді?
– Кеңестік дәуірде дүниежүзі бойынша ғалымдар ең беделді адам саналды. КСРО Ғылым академиясының президентінің айлығы КОКП Бас хатшысы Л. И. Бреж­невтің жалақысынан артық болды. 1949-1950 жылдардағы ірі ғалымдардың, акаде­миктердің айлығы 1991 жылы Кеңес Одағы құлағанша өзгерген жоқ. Себебі, оны әрі қарай өсіруге партия қызметкерлерінің өздері де қарсы болды. Ал, баскалардың айлығы әр бес жыл сайын өсіп отырды. Ғалымдардың айлығы сол баяғы қалпында қала берсе де, бәрінен көп болып тұрды. Мен өзім 1985-1991 жылдары Ғылым ака­демиясының мүшесі, институт директоры қызметін атқардым. Сондағы менің айлығым, сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысыныкінен екі есеге жуық көп болды. Ал, қазір ше? Ғалымдарға берілетін айлық АҚШ, Ба­тыс Еуропа елдерінен бірнеше есе төмен, ТМД бойынша 5-6-орында. Мұқтаждықта жүрген осындай адамда ғылыми жаңалық ашуға деген ынта бола ма? Ондай адамда бедел де қалмайды. Сол себепті, барлық елдерде ғалымдардың айлығы басым. Бізге де ол жағдай келе жатыр. Материалдық қызығушылық барлық уақытта адамның ойында тұрады. Себебі, адамның жаратылысы сондай.
– Тәуелсіздігіміздің жиырма жылды­ғына қарсы ел Президенті ғалымдармен форум өткізді. Онда қандай мәселелер талқыланды?
– Елбасымыз жиырма жылдыққа байланысты да, оның алдында 2009 жылы 4 қыркүйекте де ғалымдарды жинап мәжіліс өткізді. Онда ғылым қалай даму керек, ғылымға не жетіспейді деген мәселелер қаралды. Президентіміз: «Ғылымға бөліне­тін қаржыны ғалымдардың өздері шешу керек. Кімге берілу керек, кімге жоқ екенін өзара анықтаулары тиіс», – деп айтқан болатын. Міне, бұл бірте-бірте жүзеге асып келеді. 2001 жылмен салыстырғанда Қазақстанның ғылымға бөлетін қаржысы он есеге артты. Ғалымдардың да айлықтары өсіп, аспиранттар мен докторанттарға берілетін шәкіртақы ұлғайды. Ғылымға бөлінетін қаржы Қазақстанда ЖІӨ-нің 0,5%-ына тең, стратегиялық бағдарлама бойынша 2015 жылы – 1,0%, 2020 жылы – 2,0% болуы керек. Бұл көрсеткіш Батыс Еуропада 3,0%-ға жуық, Швецияда – 4,0%, Ресейде – 1,4%, Украина мен Беларуста – 1,0%-ға жуық, АҚШ-та 2,5%, бірақ бұл пайыздың көлемі 450 млрд. АҚШ долларын құрайды. Бұл сома барлық елдер бөлетін қаржының жартысына жуық.
– Ғылым – интеллектуалды өмір қоғамының бір компоненті. Онсыз ірі мемлекеттер өмір сүре алмайды. Кеңестік дәуірде ғылым керек екенін үкімет жақсы білді. Сол үшін оны өз қарамағына алды. Ал, бүгінде мем­лекеттің ғылымды қаржыландыруға арналған бюджеті қалай бөлінеді?
– Біз қаржыны конкурс арқылы ұтып аламыз. Бюджеттің ақшасы Ұлттық ғылыми кеңестің шешімі арқылы беріледі. Мысалы, газет-журналдарда, баспада, құрылыста барлық жерде – тендер. Сол сияқты ғой. Бірақ, менің айтпағым, егер, ғылым мекемесі мемлекетке керек бол­са, оның бюджетін толық беруі керек. Конкурстан бөлек. Ал, оның үстіне ол мекеменің ғалымдары өздерінің ғылыми жаңалықтарын іске асырып, қосымша қаржы тауып жатса, оған құба-құп деу керек. Осылайша ғылыми мекемелер бір-бірімен жарысуы тиіс. Бірақ, жарыс кімнің қанша қаржы алғанына емес, ол мекеменің өндіріске, экономикаға қандай пайда (эффект) келтіргеніне байланыс­ты болуы қажет. Қазір, «Ғылым туралы» жаңа заң бойынша конкурстан тыс базалық қаржыландыру жүзеге асып жатыр. Бұл да қазіргі министр Б.Жұмағұловтың азаматтық ісі болды. Қазір институттардың жағдайлары әжептеуір жақсарып қалды. Меніңше, бұны әрі қарай дамытып, мемлекетке қажетті мекемелер ғана қаржы­ландырылуы керек. Қажеті, пайдасы бол­маса, санын көбейтпей, кейбір аты бар да заты жоқ мекемелерді жапқан жөн. Егер, жемқорлық елімізде ушығып тұрмаса, олар нарық экономикасының талабымен өздері-ақ жабылар еді. Мәселен, АҚШ-та баяғыдан бері келе жатқан жекеменшік университеттер бар – Гарвард, Стенфорд және т.б. Жекеменшік болғанымен оларға мемлекет қаржы бөледі. Неге? Өйткені, олар сол Американың экономикасын көтеретін мамандар дайындап шығарады. Ол мамандар Америкаға қызмет етеді. Ондағы ғылыми-зерттеу институттарында жасалып жатқан ғылыми жұмыстар да Америка үшін қажет. Сондықтан, оларға да қаржы бөлінеді. Бұл – түсінікті нәрсе. Ал, бізде жекеменшік мекеме құрылса, ол мемлекеттің жауы сияқты көрінеді. Бұл дұрыс емес. Бір кездері жекеменшік жоғары оқу орындары көбейіп кеткенде соларды жаптық. Себебі, олардың не базасы, не маманы жоқ. Олардың кейбіреулері 5 бөлмелі пәтерде ұйымдастырылған еді. Күйеуі – ректор, зайыбы – проректор, қызы – декан... 1995 жылы мен Білім министрі болып тұрғанымда, 55 жекеменшік университеттердің 30-ын жаптым. Қанша шу болды, олардың сө­зін Премьер-министрдің орынбасарына дейін құптап отырды. Бірақ, мен тұңғыш Президентіміз Н. Ә. Назарбаевтың нұсқауларын бұлжытпай орындадым. Қалған 25 университеттің ректорын жинап алып: «Сіздер шулағанды доғарып, одан да мемлекеттік университеттердің деңгейіне жетуге тырысыңыздар. Енді 5 жылға дейін жекеменшік университет ашпаймыз», – дедім. Министрліктен мен кеткеннен кейін жыл аяғына дейін (9 ай ішінде) 70, ал, келесі жылы 100-ден аса жекеменшік университет ашылды. Соларды әлі осы уақытқа дейін жабумен келе жатырмыз. Әр жыл сайын «университет жабу керек» деп ұран тастаумен келеміз. Неге бұл мәселені бір жылда шешіп тастауға болмайды? Осы ұранмен он бес жыл бойы келе жатқанымыз ұят емес пе? Басқа елдер университет ашумен мақтанса, біз оларды жабумен мақтанамыз. Бұл үрдіс ушыға берсе, жақын арада мектеп, кітапхана, театр жабуға да көшуіміз мүмкін. Дамыған отыз мемлекеттің қатарына осылайша ілігеміз бе? Мұны тоқтату керек. Нашар мамандар дайындайтын университеттерге ешкім бармайды, нарық экономикасының талабына сай олардың өздері-ақ жабылады. Солай болып та жатыр. Одан бері он бес жыл өтті, солардың ішінде әжептәуір күш алған жекеменшік оқу орындары да бар. Олар кейбір мемлекеттік университеттерден жоғары тұр, сондайларға көмектесу қажет. Жекеменшік университеттерде еліміздің елу-алпыс мың студенттері білім алуда. Егер, осы оқу орындары болмағанда, соншама жас тентіреп кетер еді ғой. Не білімі, не жұмысы жоқ адамдардың саны көбейсе, әлеуметтік мәселелер ушығады. Бұл – қоғам дамуының аксиомалық заңы. Бұны бәріміздің білгеніміз жөн.
– Бірақ, жекеменшік оқу орында­рының ашылуын құптаймыз деп жүр­генде, «саны бар, сапасы жоқ» маман­дар көбеюіне жол беріп қоймаймыз ба?
– Ия, олай да болуы мүмкін. Бі­рақ, алдымен, оқу орындарының білім дең­гейін, сапасын, базасын, мамандарын тексеруіміз керек. Бүгінде мемлекеттік университеттердің ішінде де сапасыздары бар. Мәселен, барады да сессиясын ақша төлеп жаба салады. Қазір «разводит» деген сөз шыққан. Ақшаның көмегімен, небір білімсіз жастар мемлекеттік оқу орындарының түлегі атанып жатыр. Ал, одан бізге қандай пайда келмек? Оның қасында жекеменшік оқу орындарында ақшамен баға сатып алу деген әлдеқайда аз. Оның басшысы өзінің жекеменшік университетінің жаман атқа ие болмауы үшін мұны қатаң қадағалайды. Себебі, ондай жаман аты шыққан университетке оқуға кім түскісі келеді дейсің?! Ал, мемлекеттік оқу орындарындағы ректорлар ештеңеден қорықпайды. Тіпті, жабылады-ау деген үрей ойына да кіріп-шықпайды. Білімді жастар өзінің жолын тауып, ауылға барса да, әйтеуір, жолын тауып жұмыс көзін ашады. Ештеңе білмейтін адам не ашады. Міне, қоғамды дамыту деген осы. Білім – адам ресурсын жоғарылатады.
– Патшалы Ресей үкіметі тұ­сын­да да, кешегі кеңестер одағы ке­зінде де ғылыми жетістіктің бірі – «ғылыми мектеп» болатын. Онда ұлы ғалымдар шәкірттерді ғылым жолында машықтайтын. Сөйтіп, ғылым аясында ұрпақтар сабақтасып жататын. Ал, қазір ше?
– Ең негізгі ғылымды дамытудың жо­лы – ғылыми мектеп. Жеке адам қазіргі за­манда ғылымды ойдағыдай дамыта алмайды. Бұрындары әл-Фараби, Баласағұн, Яссауидің кезінде жалғыз адам бір өзі – бір мектеп сияқты болып көрінетін. Олардың энциклопедиялық білімі болған. Әрі ақын, әрі жазушы, әрі математик, әрі дәрігер мамандықтарын алып жүре алатын. Қазір ғылымда бәйге үлкен. Жеке адам бір өзі көп нәрсе істей алмайды. Сондықтан, ғылым деген – бұрындары жеке-дара ғалымның ісі болса, қазір ол – ғалымдар бастаған зерттеушілер ұжымының ісі. Бізде кеңес дәуірінен бері қарай келе жатқан әлемге белгілі ғылыми мектептер бар – геология, химия, математика, физика, биология салалары бойынша. Олардың басты мақсаты – жас буындар мен аға буындардың сабақтастығын жалғау, әрі қарай сол ғылым саласын адамзат үшін дамыту.
– Еуропа мен Азияның капита­листік елдерінде ғылым кәсіпорындардың қол­дауымен дамып келеді. Ірі кәсіп­орын­дардың бай қорлары өздеріне қатысты ғылым саласына инвестиция құяды. Ал, біздің ел үшін осындай үлгімен ғылымды дамыту тиімді ме?
– Қазақстанда «Самұрық-Қазына» қоры және инновациялық қор, т.б. жаңа бизнес институттары бар. Оларды нақты инвестор деп айта алмаймын. Бірақ, бұл институттар ғалымдармен тікелей байланыста жұмыс істейді. Арнайы келі­сім­шарт жүзінде ғалымдармен бірігіп, өндіріске енгізуге көмектескісі келіп тұрады. Бірақ, өндіріске өтудің жоғарыда айтылған себеп­тері бар. Оларды шешпей ештеңе болмайды. Атом өндірісі, мұнай компаниясы осындай келісімшарттар арқылы жұмыс істейді. Тәжірибелік маңызы бар ғылыми жұмыстар оларды, әрине, бірінші кезекте қызықтырады. Бірақ, ғылымды дамытудың негізгі заңын естен шығарып алмауымыз керек. Фундаменталдық ғылым жақсы дамымай, қолданбалы ғылым да, инновация да дами алмайды. Бұл сүт өндірісін дамытпай тұрып, сүттен алынатын сары-май шығаруды ұлғайтайық деген күлкілі ұранға ұқсайды.
– Бұрындары жас бөбектерден өс­кенде кім боласың деп сұрағаныңда: «ғалым боламын, ғарышкер боламын» деген жауап еститінбіз. Ал, бүгінгінің бүлдіршіндері «министр боламын, сот немесе бизнесмен боламын» деп мақсат қояды. Қоғамның бұлай өзгеруіне не себеп деп ойлайсыз?
– Жаһандану деп жүріп, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өттік. Бұл – жаңа дәстүр. Оған өту үшін отыз, тіпті, кейде елу жыл керек. Бір буынның ішінде толық нарықтық экономикаға көшсек, онда ол жақсы. Кейде келесі ұрпаққа кетіп қалып жатады. Бұл іске қоса салатын зауыт емес қой. Қоғамға өзгеріс ендіру уақытты талап етеді. Міне, осылайша әр заманның құндылығы мен заңы басқа болады. Қоғамда кім беделді болса, «сондай болсақ» деп армандайтынбыз. Хан, патша боламын деп ешкім айтпайтын. Себебі, ол мұрагерлікпен берілетін. Бұрын бай боламын, ақын, жырау боламын дейтін. Кейін кеңес үкіметі кезінде ғалым, ғарышкер, ұшқыш болғысы келді, яғни, қоғамда қай маман иесі беделді, жастар соған ұмтылады. Қазір қоғамда бизнесмендер беделді. Астында қымбат көлік, котедж үйі бар. Тұрмысы жақсы. Оны көрген жастар «сондай болсам» деп армандамағанда қайтсін? Айлықтан айлыққа әрең жетіп отырған ғалымдарды көріп отырып, кім ғалым болғысы келеді? Міне, адамның қарны тоқ, киімі көк болмай ештеңеге ынтасы да болмайды. Бұның бәрін мен «сын түзелмей, мін түзелмейді» – деген қазақ атамыздың даналық сөзіне байланысты айтып отырмын. Мына жастарға біз айтпасақ кім айтады?
Қазақстанның болашағы жарқын. Жеріміз кең, жер астығы, байлығы, Құдайға шүкір, өте мол. Халқымыз – сауатты, жастарымыз – білімді. Ғылымымыз да Азия құрлығында ешкімнен кем емес. Тәуелсіздік алысымен тұңғыш Президентіміз, «Ғасыр ғұламасы» атағы берілген академик Нұрсұлтан Назарбаев жаңа қоғам, жаңа Қазақстан құруға кірісті. Міне, өркениетті озық 50 елдің ішіндеміз. Ал, енді 2050 жылға дейін бірінші қатардағы 30 елдің ішіне кіруге – ұлы мақсатқа қол жеткізуге кірістік. Енді сол көкжиекте көрініп тұрған жарқын болашағымыз үшін аянбай қызмет етуіміз керек.
Сұхбатты жүргізген
Мөлдір МОЛДАХМЕТ

1035 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз